Азаматтық құқықтағы шарт мәселелері



Дата13.06.2016
өлшемі44.5 Kb.
#131895
Азаматтық құқықтағы шарт мәселелері
Шарттың ұғымына анықтама беретін болсақ азаматтық заңдарда белгіленгендей екі немесе одан да көп адамның азаматтық құқықтар мен міңдеттемелерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі шарт деп танылады.

Шарт термині азаматтық заңнамада әртүрлі мәнде қолданылады: өзінен міндеттеме туыңдайтын заңдық факты; сол шарттық міңдеттеменің өзі; шарттық міндеттемені ресімдеген құжат.

Шарт - құқықтық қатынастың туыңдауына, өзгеруіне немесе тоқтауына негіз болатын заңдық факт. Сондықтан да, шарт азаматтық құқықтар мен міндеттемелерді туындататын негіздердің бірі болып саналады.

Жалпы ҚР азаматтық кодексіне жүгінсек 148-баптың 1-тармағына сәйкес мәмілелер бір жақты және екі немесе көп жақты (шарттар) болуы мүмкін. Сол себепті, шарт мәміле болып табылады және шартқа екі және көп жақты мәмілелер туралы (373-баптың 2-тармағы), атап айтқанда, мәміленің формасы және оны тіркеу туралы, мәмілені заңсыз деп тану туралы және т.б. ережелер қолданылады. "Бір жақты және көп жақты мәмілелер" ұғымын "бір жақты және өзара шарттар" ұғымынан ажырату керек. Бір жақты мәміле шартқа жатпайды, себебі мәмілені жасау үшін тараптардың келісімі керек емес, бір жақтың ерік білдіруі жеткілікті. Шарттың басқа мәмілелерден және басқа заңдық фактылардан айырмашылығы сол, шарт дегеніміз тараптардың келісімі. Сондықтан, азаматтық кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес, шарт жасасу үшін екі тараптың (екі жақты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көп жақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет болып табылады [1].

Шарттардың басым көпшілігі екі жақты мәміле болып табылады, себебі шарттан, әдетте, міндеттемелік құқық қатынастары туындайды, ал міндеттеме үшін мүдделері қарама қарсы екі тарап болуы керек: біреуіңде талап ету құқығы (несие беруші), екіншісінде — сол құқыққа икемделген міңдет (борышкер) болады [2].

Бірлескен қызмет туралы шарт көп жақты мәмілеге мысал бола алады ол ҚР АК-ның 228-бабында айқындалған.

Бұл шарттың ерекшелігі сонда, оның тараптары ортақ шаруашылық мақсатқа қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет жасауға келіседі және осы қызметтің нәтижесінде ортақ меншік пайда болады. Бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарттың "Міндеттемелік құқық" туралы бөлімде емес, меншік құқығына арналған бөлімде, ортақ меншік туралы тараудан кейін орналасуы бекерден бекер емес.

Көп жақты шарттарға, әдетте, шарт туралы жалпы ережені қолдануға болады. Дегенмен, көп жақты шарттардың жоғарыда айтылған ерек-шеліктеріне байланысты кейбір нормаларды қолдануға болмайды. Атап айтқанда, жария шарт туралы (387-бап), үшінші жақтың пайдасына шарт туралы (391-бап) ережелерді көп жақты шартқа қолдануға бола қояр ма екен, шарт жасасу туралы нормаларды қолдануда да қандай да бір ерекшелік болуға тиіс.

"Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкін" деген ережені Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне кіргізу елеулі жаңалық болып табылады. Бұл ереже бұрынғы заңнамада болмаған. Ол ТМД-ға мүше басқа елдердің Азаматтық кодекстерінде кездеспейді.

Азаматтық-құқықтық шартты, әдетте, міндеттемелік құқық қатынас-тарымен байланыстырады. Көбіне солай да. Бірақ, міңдеттемелік құқық катынастарының ауқымына зорға сиатын құқықтық қатынастар да бар. Мысалы, бірлескен қызмет туралы шарттан ортақ меншік объектісін бірлесіп иелену және пайдалану жөнінде оның қатысушылары арасында қатынастар туындайды, ал олар міндеттемелік емес заттық салыстырмалы құқық қатынастары болып табылады (ортақ меншіктің қатысушылары мен барлық басқа адамдар арасында болатын заттық абсолюттікке қарағанда) [3].

Шарттан авторлық қатынастар (бірлескен авторлар арасында), өнертапқыштық қатынастар (бірлескен өнертапқыштар арасында) және т.б. туындаған жағдайда осылай бағалауға болады.

Құқықтық қатынастар кешені (заттық және міндеттемелік) заңды тұлғаның пайда болуына негіз болатын құрылтай шартынан туындайды.

Шарттан туындайтын міңдеттемелерге міндеттемелер туралы жалпы ереже қолданылады (268-377-баптар), себебі АК-ның шарттар туралы жалпы ережеге арналған 22-тарауының баптарында және шарттардың АК-да керсетілген кейбір түрлері жайындағы ережеде (379-баптың 2-тармағы) өзгедей көзделмеген.

ҚР АК-ның 379-бабының 2-тармағы міндеттеме тек шарттан ғана емес, басқа заңдық фактылардан да туындайды дегенге сүйенеді. Сондықтан, шарттық міндеттемелерге міндеттемелер туралы жалпы ережені қолдану АК-ның шарттар туралы нормаларымен шектелуі мүмкін. Мысалы, талапқа көну және борышты аудару туралы кейбір ережелер (339-348-баптар) шарттардың кейбір түрлерінде (лизинг, факторинг) басқаша шешіледі. Демек, шарттардың осы түрлері туралы нормалар қолданылады. АК-ның 379-бабының 3-тармағына басқа формула енгізілген: шарттан (бірлескен қызмет туралы шарт, құрылтай шарты, авторлық шарт және басқа) туындайтын заттық, авторлық немесе өзгедей (міндеттемеліктен басқа) құқықтық қатынастарға, егер заңнамадан, шарттан немесе құқықтық қатынастардың мәнінен өзгедей туыңдамаса, онда АК-ның 22-тарауының баптары яғни шарт ұғымы және оның ережелері қолданылады.

Мысалы, бірлескен қызмет туралы шарттың немесе құрылтай-шартының мәнінен шарт жасасумен, оны өзгертумен және бұзумен байланысты көптеген ерекшеліктер туындайды, олар ҚР АК-ның 2 және 12-тарауларында немесе шартта АК-ның 22-тарауына қарағанда басқаша шешіледі.

ҚР АК-ның 379-бабы заттық, авторлық немесе шарттан туындайтын өзгедей құқықтық қатынастарға міндеттемелер туралы ережелерді қолдану туралы мәселені шешпейді, мұны АК-дағы елеулі олқылық деп санауға болады. Заңнамада немесе шартта тікелей реттелмеген мәселелер бойынша мұндай құқықтық қатынастарға заңның ұқсастығы бойынша міңдеттемелер туралы ережелер қолданылады (5-баптың 1-бабы).

Шарт еркіндігі. Азаматтар мен заңды тұлғаларға шарт жасасуда еркіндік берілген. АК-да, заң құжаттарында немесе өз еркімен қабылдаған міндеттемеде, шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағаңда, шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді (АК-ның 380-бабының 1-тармағы).

Шарт еркіндігі туралы норма ҚР АК-ның 8-бабының азаматтар мен занды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды өз қалауынша пайдаланады деген ережесіне негізделген.

Шарт еркіндігі АК-да бекімін тапқан кәсіпкерлік қызмет еркіндігімен және тұтынушылардың тауарлар иеленуге, жұмыстар мен қызметтер пайдалануға шарт жасасу еркіңдігіне құқығымен үйлестікте болады.

Егер ҚР АК сүйенетін болсақ онда 380-баптың ережесі мүлде жаңа, себебі жоспарлы-бөлу экономикасында шарт еркіндігі болмады, барлығын жоспарлы қорлар мен бөліп тарату анықтады, соларға сәйкес шарттар жасалыңды. Шарттарда формальдық сипат болды, ең басты маңыздылық жоспарлық актілерге берілді. Мұның барлығы заңнамада, оның ішіңде Азаматтық кодексте мұқият реттелді.

Қазір шарт жасауға мәжбүрлеу айрықша жағдайларда ғана болуы мүмкін. Міндетті түрде шарт жасасу туралы жалпы ережелер АК-ның арнайы бабында (АК-ның 399-бабы) жинақталғанын көреміз.

Шарт жасасу міндеті АК-да, егер мұндай шарт жария шарт болса, коммерциялық ұйым үшін көзделген (387-бап).

Сатып алу-сату шартын жасасу міндеті жекешелендіру туралы жар-лықтың 14-бабының 6-тармағында және Мемлекеттік сатып алу туралы Заңның 23-бабында бекімін тапқан. Мемлекеттік мүлікті сатушы мен мемлекеттік мүлікті сату жөніндегі ашық сауданың жеңімпазы осындай шарт жасасуға міндетті.

Шарт жасасу міндеті еркімен қабылдаған міндеттемеден туындайтын жағдайларға алдын ала шарт жасасу жатады.

ҚР АК-ның 306-бабының 1-тармағына сәйкес, кепіл ұстаушыға оның иеленуіне берілген кепілге салынған мүлікті сақтандыру міндеті шартпен немесе заң актілерімен жүктелуі мүмкін. Кепіл берушінің пайдалануында қалатын кепіл мүлкін сақтандыру кепіл берушіге жүктеледі.

Шарт еркіндігі принципі тараптардың заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алатындығынан көрініс табады ҚР АК-ның 380-баптың 2-тармағын қараңыз. АК-ның Ерекше бөлімі баптарының басым көшпілігі заңнамада көзделген шарттарға арналған. Айта кететін бір жағдай — 380-баптың 2-тармағында әңгіме заң актілері жайында емес, заңнама жайында, сондықтан шарттардың жаңа түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және ондай құқық берілген мемлекеттік оргаңдар белгілей алады. Ондай шарттардың мысалы ретінде толлинг операцияларын жүргізу туралы шартты алуға болады [4].

Тараптар занда көзделмеген шарттарды да жасаса алады. Бұл ереже туындайтын жалпы ережеде "азаматтық құқықтар мен міндеттер заңнамада көзделген негіздерден, сондай-ақ, азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерінен пайда болады, өйткені ол әрекеттер азаматтық заңнамада көрсетілмегенімен, олардың жалпы негіздері мен мәні азаматтық құқықтар мен міндеттерді тудырады" делінген.

Бұл ереже азаматтық құқықтың жалпы бастауына негізделген, ол жаратылысынан диспозитивті және бар қатынастарды да, болашақта болуы мүмкін қатынастарды да реттеуді көздейді.

Бұл қазіргі Қазақстан экономикасының өтпелі кезеңі үшін аса маңызды, себебі күніге бір жаңа шарттың пайда болатынын көріп отырмыз. Негізінде азаматтық құқықтың принципі болып табылатын шарт еркіндігі өзінің негізгі қызметін сақтап қала бермек. Өйткені бұл (шарт еркіндігі) әрбір азаматтың өзіне тиесілі сбьективтік құқығы болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі




  1. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы. Ғ.Төлеуғалиев.-Алматы: ҚазМЗА, 2001

  2. Гражданское право (общая часть). Учебное пособие. Под ред. Диденко А.Г., Алматы, 2003

  3. Гражданское право ч. 1 Под ред. Сергеева А.П., Толстого Ю.К., М.., Проспект, 2007

  4. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (жалпы бөлім). Комментарий. Жауапты ред. М.К. Сүлейменов, Ю.Г. Басин. Алматы, Жеті жарғы 2000.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет