Оғыз мемлекеті. VIII ғасыр орта кезінде түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын. IX ғасырдың бас кезінде оғыздардың көсемдері қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, қанғар-печенег бірлестігін күйретеді де, Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірі даласын басып алады. IX ғасыр соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қол астына қаратады.
Печенегтермен ұзақ уақытқа созылған күрес-тартысы олардың саяси бірлігін күшейтіп, тайпалардың оғыздық одағын құруға себепші болады. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын ілкі замандардан мекен етіп келе жатқан тайпалар кірді. Оғыздардың этникалық қауымдастығының құрылуы ұзақ және күрделі процесс болды. Әуел баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерінің көшпелі және жартылай отырықшы халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады.
IX ғасыр аяғы мен XI ғасыр бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең аумақты мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері ЬІрғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдариялық Қаратау баурайлары мен Испиджаб шегіне дейін жайылып, шашырап жататын. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, Арал өңірі мен Шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепкен-ді. Тіпті Орталық Қазақстанға дейін де жеткендігін археологиялық ескерткіштер (Аяққамыр, Басқамыр, т.б. қалалар, Домбауыл кесенесі, т.б.) нақты дәлелдеп отыр. Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Орал мен Төменгі Еділ бойына дейін жететін. Оғыздар отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауераннахрмен және Хорасанмен шектесіп жататын.
X ғасырда сонау Хазарияға дейін созылып жататын ұланғайыр дала, сол сияқты Солтүстік Каспийдің құла түзі, Орталық Қазақстан, Оңтүстік-шығыс Қарақұм шөлі мен Арал аймағының Кызылқұмы Оғыз даласы деп аталатын. Демек осы өңірлер белгілі бір кезеңдерде оғыздарға түгелдей дерлік қараған болатын.
Орта Азия мен Шығыс Еуропаға және Орталық Азияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жерінде жатқан Янгикент қаласы X ғасырда оғыз мемлекетінің астанасына айналады. «Жабғы» атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болған.
Оғыздар мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды рөл атқарады. 965 жылы олар Киев Русымен одақтасып, Хазар қағанатын талқандайды. X ғасыр орта кезінде хазарлар шекарасы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жиегіне жеткен еді. 985 жылы оғыз жабғысы орыс кінәздарымен бірлесіп, Еділ Бұлғариясын ойрандайды. Осының бәрі оғыз мемлекетінің саяси күш-қуатының өсуіне жол ашқан еді.
Достарыңызбен бөлісу: |