ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
Ойшыл ретіндегі Мұхаммед Хайдар Дулатидің дүниетанымдық
көзқарасы туралы сөз қозғағанда, оған әсерін тигізген негізгі екі
рухани арнаны айтуға болады. Оның біріншісі ортағасырлық түркі-
көшпенділердің дәстүрлі дүниетанымы болса, екіншісі – қазақ хал-
қының рухани дамуына өркениеттік ықпалын тигізген ханифиттік
бағыттағы ислам діні мен сопылық бағдар.
Жалпыадамзаттық рухани мәдениетке ортағасырлық түркілер-
дің қосқан мәдени үлесі орасан зор. Бұл тұрғыдан алғанда тарихы
терең қойнауға сүңгитін Орталық Азияны әлемдік мәдени антро-
погенездің ошақтарының біріне жатқызуға болады. Еліміздегі
философия ғылымының көрнекті өкілдері болып табылатын
Ә. Нысанбаев пен Н. Аюпов жалпы түркі мәдениетінің, оның ішінде
түркі фәлсафасының мынадай ерекшеліктерін атап өтеді:
- Батыс пен Шығыс мәдениеттерін жалғастырып саудамен қатар,
рухани өзара алмасуды жүзеге асырып тұрған керуен жолдардың
бойына орналасқан орталықазиялық мәдени ареалдың ашықтығы
және әмбебаптылығы;
- табиғат философиясымен, өмір философиясымен, дүниета-
нымның әлеуметтік-этикалық сипатымен, экзистенциалдық сипаты-
мен ерекшеленетін, батыстық мәдениеттегі линиялық бағытпен
салыстырғанда, уақыттың циклдік (айналмалы) сипатымен ерекше-
ленетін түркі фәлса-фасының дәстүршілдігі;
- дүниетанымдық идеялар мен философиялық ойлардың сан
ғасырлар бойы «қорытпа қазаны» болып келген түркі мәдениетінің
қалыптасуы мен дамуының жағымды бір қыры ретіндегі синкретизм;
- ұлттық ерекшелік пен архетипикадан басқа шектеулік пен
жабықтыққа төзбейтін, ұжымдық-халықтық санаға терең бойлайтын
түркі фәлсафасының халықшылдығы; батыстық дәстүрде философтар
мен данышпандар қуғындалса, түркі мәдениетінде халық даналығын
бойына жинап қорыта білген ойшылдар үлкен құрметке ие болды:
- түркітілдес халықтардың философиялық ойындағы діни
синкретизм және дүниетанымдық бағдардағы діндарлықтың басым-
дылығы. Түркілерде тәңірішілдік алдыңғы орында тұрғанымен,
олардың мәдени тарихынан зороастризмнің де, буддизмнің де,
манихейліктің де іздерін аңғаруға болады. Қатаң монотеистік ислам
дінінің өзі бұл аймақта таза ортодоксалды күйінде тарала қоймады.
Түркі халықтарының діни дүниетанымының дәстүршілдігі, оның
жоғары синкреттілігі исламның түркілік реңге боялуына ықпал етті;
- түркітілдес халықтарда философия Батыстағыдай универси-
теттік типте емес, эпикалық дастандарда, көркем прозада, даналық
және өсиет кітаптарында, поэзия мен фольклорда бой көрсетеді;
|