Иманбаева С.Т., Майгаранова Ш., т.б. Т рбие ж мысыны теориясы м (1)
10.2.Тұлғаның өзіндік үдерістерін қолдау (өзін-өзі тану, өзін-өзі байқау, өзін-өзі талдау, өзін-өзі болжау, өзін-өзі іс жүзінде көрсету және т.б.)
Тұлғаның өзіндік үдерістерін қолдауда өзін-өзі тану, өзін-өзі байқау, өзін-өзі талдау, өзін-өзі болжау, өзін-өзі іс жүзінде көрсету және т.б. негізгі орын алады.
Педагогикалық қолдауда өзін-өзі тану оқушыларға қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің қатыстылығын саналы сезінуге, қоршаған ортаға өзінің көзқарасын жалпы адамзаттық құндылық өзінің өмірлік ұстанымын анықтауға көмек беру үшін қажет.
Философ Ж.Ж.Молдабеков “адамгершілікті қалыптастыратын игілікті адам алдымен ана тілі арқылы қабылдайды, бағалайды. Адамның өзін танудың, өзгемен теңесудің өтімді құралы деп атап көрсетеді.
Ғалымның нақтылауы бойынша адамгершіліктің қалыптасуы адамның өзін-өзі тануында екенін тоқтала келе, өзін-өзі танудың негізгі ұстанымдарын атап көрсетеді:
Өзін тану–адамның өзімен - өзі сұхбаттасуы арқылы шындыққа талпынуы, адамның өмірдегі өз орнын іздестіруі, адамның өн бойындағы қабілет – қасиетті көрсетпек әрекеті.
Өзін тану – адамның өзін өзгемен салыстыра пайымдауы, бағалауы және бір тоқтамға келуі. Ол – адамның өзі туралы сауатын ашуы, білімін үнемі жетілдіруі.
Өзін тану – адамның өмірі туралы өз көзқарасын дәлелдемек ынтасы, өзін - өзі тәрбиелеудің жолы мен бағыты. Ол болмыстағы бар мен болатын нәрсенің арасын дәйектейтін кезең.
Өзін тану – адамның қабілет–қасиетін құндылықтың да, игіліктің де жоғары түріне балау, соған теңестіру. Жан – тәннің тазалығы және оның іс - әрекетке қабілеттілігі. Ол адамдар арасындағы мәдениеттіліктің белгісі мен кәмелетті көрінісі.
Өзін тану – адамның қол жеткеніне қанағаттануы, діттеген міндет – мақсатқа ұмтылуы. Мақсат адамның киелі қасиетіне, кісілігіне жол ашу.
Өзін тану - өзгені тыңдай білу, түсіне білу, қолдай білу өнерін үйренбек ниеті, сол шешімге жетпек ізденісі. Ол – тіл тану және тіл табысу мәдениетінің құралы мен кезеңі, әрбір адамның жарасымдылыққа, жақындасу мен бауырласуға деген ұмтылысы.
Өзін тану – адамның өзін тұлға ретінде қалыптастыру мен жетілдірудің тізгіні, азаматтыққа жетудің үзеңгісі, тұлғалық пен азаматтыққа лайық жағдай жасауға талпыныс. Кәсібімен нәсібін ұзартқандар қолдағыға қанағаттанады, өзгеге шапағатын тигізеді.
Өзін тану – жалғандық пен зұлымдыққа бармау, соқыр сенімге ұрынбау, керіағарлық көріністерге бей-жай қалмай, өзі күйзелер, өзгені қобалжытар күйде ширату. Өзін ізгі іс пен бастамаға ұйымдастыра алу. Өзіндік істе тану мен табысу, жарасу мен жарысу бір – бірімен қабаттасып жатады. Бойдағы күш қуаттың еркін көрінісіне және қолдануына мүмкіндік іздейді, жағдай жасайды.
Өзін тану - әркімнің өз шаруасының бастамасы, өз шеңберлігінің көрінісі мен қызметі. Сол бағытта адамның өзіне деген талапты күшейтуі, әлеуметтік кәмелеттілікке ұмтылуы”,-деп ұсынған тұжырымдары педагогикалық қолдауда негізгі ұстаным болып табылады.