Құрылысы. Өңеш шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшық етті және адвентициальды қабықшадан тұрады.
Шырышты қабықша мен шырыш асты негіз өңеште оның саңылауына орналасқан 7-10 бойлай қатпарларды түзейді.
Өңештің шырышты қабықшасы эпителийден, меншікті және бұлшық етті табақшадан құралған. Шырышты қабықшаның эпителийі көпқабатты жазық мүйізденбейтін, бірақ егде адамдарда оның үстіңгі жасушаларының мүйізденуге ұшырауы мүмкін. Эпителий қыртысының құрамында 20-25 жасушалық қабат болады. Адам өңешіндегі эпителийдің үстіңгі қабатының жазық жасушаларында кератогиалиннің аздаған мөлшері анықталады.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге еніп тұратын дәнекер тіндік бүртіктерді түзейді. Онда шырышты без өзектерінің айналасында лимфоциттердің үлкен шоғыры орналасып, тіпті жекелеген лимфа түйіндерін де құрайды. Меншікті табақшада өңештің кардиальды бездері орналасқан. Олар екі топ түрінде көрінеді.
Бездердің бірінші тобы – көмейдің сақиналы шеміршегі мен кеңірдектің 5-ші шеңберінің деңгейінде, екінші - өңештің төменгі бөлігінде, асқазанға ұласар жерінде қоныс тебеді. Құрылысы жағынан бұл бездер асқазанның кардиальдық бездерін еске салады, бұл жағдай оның атауының себебі болып табылады. Өңештің кардиальды бездері құрылысы бойынша қарапайым тармақталған түтікшелі. Өндіретін өнімдерінің химиялық құрамы бойынша бездер серозды-мукоидты. Олардың аяққы бөлімдері түйіршікті цитоплазмасы бар, кей кезде муцинге реакция беретін текшелі және призмалық эпителиоциттерден құралған. Кардиальдық бездердің бірқатар аяққы бөлімдерінде хлоридтерді өндіретін париетальдық жасушалар бар. Сонымен қатар бездің аяққы бөлімінде серотонин өндіретін эндокриноциттер де болады. Өңештің кардиальдық бездерінде негізінен аяққы бөлімдерде, сондай шығарушы өзектерде орналасатын эндокриндік жасушалардың көп мөлшері бар. Цитохимиялық ерекшеліктері жағынан бұл жасушалардың үш түрін ажыратады. Алғашқылардың асқазан-ішек жолының серотонинді (ЕС) түзейтін энтерохромаффиндік жасушаларына сәйкес келеді. Екіншілері асқазанның шырышты қабықшасына тән энтерохромаффин тәрізді жасушаларды (ЕСL) еске түсіреді. Үшіншілердің табиғаты анықталмаған.
Өңештің кардиальдық бездерінің құрылысы мен қызметі дәрігер үшін маңызды, өйткені олардың орналасқан жерінде дивертикулалар, сарысу, жара және ісіктер пайда болуы мүмкін. Өңештің бойында табиғи үш тарылу аймақтары ажыратылады. Біріншісі жұтқыншақтың өңешке ұласқан жерінде, екіншісі шамамен мүшенің ортасында — өңештің қолқаға жанасқан аймағында, үшіншісі диафрагмадан өтер тұсында болады.
Бөлікшеаралық шығару өзектері кеңейген үлкен өзектерге бірігеді. Өзектердің эпителийі призмалық болып келеді. Ол асқазан шұңқырларының шырышты эпителийіне ұқсас және муцинмен өзіне тән реакция береді. Кей кезде кардиальдық бездердің орналасқан жерінде өңештің шырышты қабықшасы асқазанның шырышты қабықшасы сипаттас болады. Өңештің кардиальдық бездері оның көпқабатты эпителийінен әлдеқайда бұрынырақ пайда болады.
Өңештің шырышты қабықшасының бұлшық етті табақшасы эластикалық талшықтардың торымен қоршалған жазық бұлшықет жасушаларынан тұрады. Бұл табақша жекелеген шағын шоғырлар түрінде көмейдің сақиналы шеміршегінің деңгейінде басталып, одан әрі өңеш бойында бұл қабаттың қалыңдығы артады да, асқазан маңында 200 – 400 мкм-ге жетеді. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы тамақтың өңеш арқылы өтуінде және оның ішкі қабатын үшкір денелердің зақымдануынан сақтауда үлкен қызмет атқарады. Өңеш қабырғасының астың қатқыл түйірінен тітіркенуі бұлшық етті табақшаның тонусының төмендеуін тудырып, бұл шырышты қабықшаның сәйкес аймақтарының кеңеюіне әкеледі. Осылайшы, құрамында қатқыл түйірлері бар астың өтуі жеңілдейді. Өңештің шырыш асты негізі шырыш асты қабықшаның қозғалғыштығын қамтамасыз етеді. Шырышты қабықшамен бірге ол тамақты жұту кезінде жазылатын көптеген бойлық қатпарларды құрайды. Шырыш асты негізінде өңештің меншікті бездері орналасады (11 сурет).
11 сурет. Өңештің шырышты қабықшасы және шырыш асты негізіндегі альвеолярлық-түтікшелі бездер.
Достарыңызбен бөлісу: |