Қазақстан республикасы денсаулық сақтау министірлігі



Дата17.07.2016
өлшемі0.63 Mb.
#205846


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТІРЛІГІ
ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ

К.Т. Нурсейтова

Жүрек, қан тамырлар жүйесіНІҢ ГИСТОЛОГИЯСЫ
оқу құралы

Қарағанды 2009

ӘОЖ 616.1-018.

КБЖ 28.86 я 7

Н 83
ПІКІРСАРАПШЫЛАР:

А.А. Кикимбаева, АҚ «Астана» медицина университетінің гистология курсының профессоры, биология ғылымдарының докторы
С.К. Джумабаева, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің гистология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты
Ә.О. Омарханов, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің анатомия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты
Н 83 Нурсейтова К.Т. Жүрек, қан тамырлар жүйесінің гистологиясы.- Оқу құралы. – Қарағанды. – 2009 - 36 б.

КБЖ 28.86 я 7

Оқу құралында жүрек, қан тамырлар жүйесі мүшелерінің гистофизиологиясы қарастырылған.

ҚММА Әдістемелік кеңесінде бекітілді

11.11. 2009 № 3 Хаттама
ҚММА Ғылыми Кеңесінде бекітіліп ұсынылған

26.11. 2009 № 4 Хаттама



© К.Т. Нурсейтова, 2009ж.




Мазмұны
Кіріспе 4

Жүрек, қан тамырлар жүйесі 5

Қан тамырлары 5

Қан тамырларының жалпы сипаттамасы мен жіктелуі 5

Артериялар 6

Эластикалық артериялар 6


Бұлшық етті артериялар 8


Бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар 10

Микроайналым арнасы 11

Артериолалар 12

Капиллярлар 12

Капиллярлардың жіктелуі 13

Венулалар 15

Веналар 15

Жүрек 17

Білім деңгейін тексеруге арналған тестілер 20

Бақылау сұрақтарының үлгісі 31

Оқиғалық есептер 31

Жүрек, қан тамырлар жүйесі бойынша тапсырмалар

картасы және орындау негіздері 32

Тестілердің жауаптары 34

Оқиғалық есептердің жауаптары 34

Қолдануға ұсынылған әдебиеттер 35



Кіріспе

Жүрек, қан тамырлар жүйесі ағзада қоректік және биологиялық белсенді заттарға, газдарға, метаболизм өнімдеріне бай қан мен лимфаның тасмалдануын қамтамасыз етеді. Жүрек, қан тамырлар жүйесі мүшелерінің қалыпты жағдайдағы дамуын, құрылысын және қызметін білу, осы жүйелердің сырқаттарын алдын алу және емдеу үшін барлық мамандар үшін қажет. Қазақ тілінде «Гистология-2» пәнінен оқулықтар осы күнге дейін жеткіліксіз болғандықтан, бұл оқу құралы 2006ж. типтік бағдарламасы бойынша медицина салаларында қазақ тілінде оқитын студенттерге ұсынылады. Төменде жүрек, қан тамырлар жүйесі гистологиясы модулі бойынша өтетін дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың жоспарының үлгісі берілген. Студенттер бұл оқу құралында осы тақырыптар бойынша қажетті материалды таба алады.



Дәрістердің тақырыптары:

  • Жүрек гистологиясы. Балалардағы ерекшеліктері. 1 сағат.

  • Эластикалық, эластикалық-бұлшық етті, бұлшық етті артериялардың гистологиялық құрылысы. Балалардағы ерекшеліктері. 1 сағат.

  • Микроайналым арнасы. Веналар: бұлшық етті және талшықты веналардың қабырғасының құрылысы мен тіндік құрамы. Веналардың қақпақшалық аппаратының ерекшеліктері. Адамның жасына байланысты ерекшеліктері. 1 сағат.

Тәжірибелік сабақтардың тақырыптары:

  • Жүрек: дамуы, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. Жүректің жиырылғыш жүйесінің морфофункционалдық ерекшеліктері. 3 сағат.

  • Артериялар: дамуы, жіктелуі, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. Қан тамырларының мүшелерде орналасуына байланысты ерекшеліктері. 3 сағат.

  • Микроайналым арнасы тамырлары. Капиллярлардың қабырғасының құрылысы, жіктелуі. Веналар: дамуы, жіктелуі, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. 3 сағат.

Студенттердің өзіндік жұмысының тақырыптары:

  • Жүректің өткізу жүйесінің морфофункционалдық ерекшеліктері.

  • Жүрек, артериялар мен веналардың құрылысының адамның жасына байланысты ерекшеліктері.



Жүрек, қан тамырлар жүйесі

Жүрек, қан тамырлар жүйесі- құрамында қоректік және биологиялық белсінді заттар, газдар, метаболизм өнімдері бар қан мен лимфаның ағзада таралуын қамтамасыз етеді.



Қан тамырлары

Қан тамырлары диаметрі әр-түрлі тұйықталган түтікшелер. Олар тасмалдау қызметін атқарады, мүшелердің қанмен қамтамасыз етілуін, қан мен тіндер арасындағы зат алмасуды реттейді.



Дамуы. Алғашқы қан тамырлары эмбрионалдық дамудың 2-3 аптасында сары уыз қапшығының қабырғасында мезенхимадан және хорион қабырғасында қан аралшықтарының құрамында пайда болады. Аралшықтың шетінде орналасқан мезенхималық жасушалар орталық бөлікте орналасқан жасушалармен байланысын жойып, сопақшаланып алғашқы қан тамырларының эндотелиоциттеріне айналады. Аралшықтың орталық бөлігіндегі жасушалардың пішіні дөңгелектеніп, дифференцияланып, қан жасушаларына айналады. Қан тамырларының сыртында орналасқан мезенхималық жасушалардан кейінірек жазық бұлшық ет жасушалары, перициттер, адвентициальды жасушалар, фибробласттар дифференцияланады.

Құрсақішілік дамудың 3-ші аптасының соңында ұрық денесінің тамырлары ұрықтан тыс мүшелердің тамырларымен байланысады. Қан тамырларының қабырғасының кейінгі өсуі қан айналымы басталғанда гемодинамиқалық жағдайларға (қан қысымына, қан ағымының жылдамдығына) байланысты дамиды.


Қан тамырларының жалпы сипаттамасы мен жіктелуі

Қан тамырлары артерияларға, артериолаларға, гемокапиллярларға, венулаларға, веналарға, артериоловенулярлық анастомоздарға бөлінеді. Артерия мен веналардың арасында микроайналым арнасы болады.

Артериялар бойынша қан жүректен мүшелерге қарай ағады. Бұл қан оттегіне қанық болады, өкпе артериясы венозды қан тасмалдайды. Веналар бойынша қан жүрекке келеді. Гемокапиллярлар артериальды және венозды тамырлар жүйесін байланыстырады, тек ғажайып торды құрайтын гемокапиллярлар аттас тамырлардың арасында орналасады (мысалы, бүйректе артериялар арасындағы тамырлы шумақ)

Барлық тамырлардың қабырғасы 3 қабықшадан тұрады:



  1. ішкі (tunika intima немесе interna)

  2. ортанғы (tunika media)

  3. сыртқы (tunika adventitia немесе externa)

Олардың қалыңдығы, тіндік құрамы мен қызметтік ерекшеліктері әр-түрлі болады.

Артериялар

Жіктелуі. Құрылысының ерекшеліктеріне байланысты артериялардың 3 түрін ажыратады:

1. Эластикалық артериялар

2. Бұлшық етті артериялар

3. Аралас (бұлшық етті-эластикалық) артериялар
Эластикалық артериялар

Эластикалық артериялар ортаңғы қабықшаларында эластикалық құрылымдардың (мембраналар, талшықтар) жақсы дамуымен ерекшеленеді. Оларға ірі артерияларды жатқызуға болады. Мысалы, қолқа және өкпе артериясы. Бұл тамырларда қанның ағу жылдамдығы (0,5-1,3 м/с) мен қысымы (120-130 мм.с.б.б.) жоғары. Ірі калибрлі артериялар тасмалдау қызметін атқарады. Эластикалық элементтердің көп болуы (мембраналар, талшықтар) бұл тамырларға жүректің систола кезінде созылуына, ал диастола кезінде қалпына келуіне мүмкіндік береді. Эластикалық артерияларға мысал ретінде қолқаның құрылысы қарастырылады.



Қолқаның ішкі қабықшасы 3 қабаттан тұрады:

1. эндотелий (endothelium);

2. эндотелий асты қабаты (субэндотелий) (stratum subendotheliale);

3. эластикалық талшықтардың өрімі (plexus fibroelasticus).



Эндотелий базальды мембранада орналасқан пішіні және көлемі әр түрлі жасушалардан тұрады. Олар көбінесе бір ядролы болып келеді, бірақ көп ядролы жасушалар да кездеседі. Эндотелиоциттерде түйіршікті эндоплазмалық тор нашар дамыған. Митохондриялары көп (200-ден 700-ге дейін) және көлемі мен пішіндері әр-түрлі, микрофиламенттері жақсы дамыған.

Эндотелий асты қабаты тамыр қабырғасының қалыңдығының 15-20% құрайды, борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Дәнекер тінінің ішінде жеке жатқан жазық миоциттер кездеседі. Жасушааралық зат фосфолипидтер мен гликозаминогликандарға бай болады. Негізгі аморфты заттың физико-химиялық жағдайы тамырдың қабырғасының өткізгіштігіне әсер етеді. Орта және егде жастағы адамдарда жасушааралық затта холестерин мен май қышқылдары кездеседі. Бұл қабаттың астында эластикалық талшықтардың өрімі орналасады. Қолқаның ішкі қабықшасы жүректен шыққан жерде үш «жарты ай тәрізді» қақпақшалар түзеді (1 сурет).

Ортаңғы қабықша басқа қабықшалардың эластикалық элементтерімен бірге эластикалық каркас құрайтын ойықты эластикалық мембраналардан (50-70) және эластикалық талшықтардан тұрады. Мембраналардың арасында жекелеген жазық миоциттер орналасады. Ойықты эластикалық мембраналар, эластикалық, коллаген талшықтары және жазық миоциттер гликозаминогликандарға бай негізгі аморфты затта орналасады. Ортаңғы қабықшаның мұндай құрылысы қолқаға серпімділік береді, жүректің сол жақ қарыншасы жиырылған кезде тамырға шыққан қанның соққысын жұмсартады және диастола кезінде тамырдың қабырғасының тонусын қамтамасыз етеді.

1 сурет. Эластикалық артерияның құрылысы

А. Эндотелий

Б. Эндотелий асты қабаты

В. Ойықты эластикалық мембраналар жүйесі

Г. Борпылдақ талшықты дәнекер тіні

Д. Тамыр тамырлары
Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Оның құрамында бойлай бағытталған жуан эластикалық және коллаген талшықтары болады. Қолқаның ортаңғы және сыртқы қабықшаларында тамыр тамырлары (vasa vasorum) және жүйкелік элементтер (nervi vasorum) өтеді. Сыртқы қабықша тамырды шектен тыс созылудан және жыртылудан сақтайды.

Бұлшық етті артериялар


Бұлшық етті артерияларға (aa. myotypicae) орта және ұсақ калибрлі тамырлар жатады. Бұл тамырлардың қабырғасында көп мөлшерде жазық бұлшық ет жасушалары орналасады, олар мүшелерге қанның келуін реттеуге қатысады.

Ішкі қабықшаның құрамына эндотелий, эндотелий асты қабаты және ішкі эластикалық мембрана кіреді ( 2 сурет).

2 сурет. Бұлшық етті артерияның құрылысы

(И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша)


А. Эндотелий

Б. Ішкі эластикалық мембрана

В. Жазық миоциттер

Г. Сыртқы эластикалық мембрана

Д. Тамыр тамырлары

Эндротелий жасушалары базальды мембранада орналасады. Эндотелий асты қабаты борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, жіңішке эластикалық және коллаген талшықтары бойлай орналасқан. Кейбір артериялардың (жүректің, бүйректің, аналық жыныс бездерінің, жатырдың, өкпенің) ішкі қабықшасында бойлай орналасқан жазық миоциттер кездеседі. Эндотелий асты қабатының негізгі аморфты затында гликозаминогликандар болады. Бұл қабатт ірі және орта калибрлі артерияларда жақсы, ал ұсақ артерияларда нашар дамыған. Эндотелий асты қабатының сыртында онымен тығыз байланысқан ішкі эластикалық мембрана орналасады (membrana elastica interna). Ол ұсақ артерияларда өте жұқа болып келеді. Ірі бұлшық етті артерияларда эластикалық мембрана жақсы дамыған (гистологиялық препараттарда иректелген жарқырауық эластикалық табақша тәрізді көрінеді).

Ортаңғы қабықша айналмалы орналасқан жазық бүлшық ет жасушаларынан тұрады. Олардың арасында дәнекер тінінің жасушалары мен коллаген және эластикалық талшықтар болады. Коллаген талшықтары жазық миоциттерге тіректік каркас құрайды. Артерияларда коллагеннің I, II, IV, V түрлері анықталды. Бұлшық ет жасушаларының айналмалы орналасуы жиырылу кезінде тамырдың көлемінің кішіреюін және қанның жылжуын қамтамасыз етеді. Ортанғы және сыртқы қабықшалардың арасында сыртқы эластикалық мембрана орналасады.

Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, оның талшықтары қиғаш және бойлай бағытталған. Бұл қабықшада тамырдың тамырлары мен жүйкелік элементтер өтеді.

Бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар

Құрылысы және қызметтік ерекшеліктері бойынша бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар (aa. mixtotypicae) бұлшық етті және эластикалық артериялардың аралық түрі болып табылады. Оларға ұйқы және бұғана асты артериялары жатады. Ішкі қабықшаның құрамына эндотелий, эндотелий асты қабаты және ішкі эластикалық мембрана кіреді.



Ортаңғы қабықша тең мөлшерде жазық бұлшық ет жасушаларынан және айналмалы бағытта орналасқан эластикалық талшықтар мен ойықты эластикалық мембраналардан тұрады. Жазық бұлшық ет жасушалары мен эластикалық элементтердің арасында аз мөлшерде фибробласттар мен коллаген талшықтары орналасады.

Сыртқы қабықшада екі қабатты ажыратады: ішкі қабаты жекелеген жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан, ал сыртқы қабаты бойлай және қиғаш орналасқан коллаген және эластикалық талшықтарының шоғыры мен дәнекер тіндік жасушалардан тұрады. Бұл қабықшада тамырдың тамырлары мен жүйкелік элементтер өтеді.

МИКРОАЙНАЛЫМ АРНАСЫ

Микроайналым арнасына артериолалар, гемокапиллярлар, венулалар мен артериоловенулярлық анастомоздар жатады. Қан тамырларының бұл қызметтік кешені қоршаған лимфалық капиллярлар, лимфалық тамырлармен және дәнекер тінімен бірігіп мүшелерге келетін қанның мөлшерін, зат алмасу үрдісін реттеуге қатысады, қанның қоймасы қызметін атқарады (3 сурет).



3


А. Венула

Б. Капилляр

В. Артериола

Г. Бұлшық етті артерия

сурет. Микроайналым арнасы тамырлары (И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша)

АРТЕРИОЛАЛАР

Артериолалар ең ұсақ бұлшық етті артериялар, диаметрі 50-100 мкм. Олар бір жағынан артериялармен байланысса, екінші жағы біртіндеп капиллярларға жалғасады. Артериолалардың қабырғасы да үш қабықшадан тұрады, бірақ артерияларға қарағанда жұқа болып келеді. Ішкі қабықшасы базальды мембранада орналасқан эндотелиоциттерден және жұқа эндотелий асты қабаты мен ішкі эластикалық мембранадан тұрады. Ортаңғы қабықша айналмалы бағытта орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының екі қабатынан тұрады. Прекапиллярлық артериолаларда жазық бұлшық ет жасушалары жеке-жеке орналасады. Артериолаларда эндотелийдің базальды мембранасы мен ішкі эластикалық мембранада үзілген аймақтары байқалады. Ол арқылы эндотелиоциттер мен жазық бұлшық ет жасушалары өз ара тығыз байланысады. Мұндай байланыстар ақпараттың тікелей эндотелиоциттерден жазық бұлшық ет жасушаларына өтуіне ықпалын тигізеді. Мысалы, бүйрек үсті безі қанға адреналин бөліп шығарғанда, эндотелий жазық бұлшық ет жасушаларының жиырылуына әсер ететін фактор бөледі. Бұлшық ет жасушаларының арасында аз мөлшерде эластикалық талшықтар орналасады. Сыртқы эластикалық мембрана болмайды. Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады.



КАПИЛЛЯРЛАР

Капиллярлар ең көп және әрі жіңішке тамырлар, бірақ олардың да саңылаулары әр түрлі болады. Мысалы, ең жіңішке капиллярлар ( диаметрі 4, 5-6-7 мкм) көлденең-жолақты бұлшық ет тінінде, өкпеде және т.б. болады, диаметрі 8-11 мкм капиллярлар-теріде және шырышты қабықшаларда, ал ірі диаметрі 20-30 мкм капиллярлар-қан түзуші және иммундық қорғау мүшелерінде, ішкі секреция бездерінде, бауырда орналасады. Олар синусоидты капиллярлар деп аталады.

Капиллярлардың қабырғасы 3 қабаттан тұрады:


  1. Ішкі қабаты-эндотелий.

  2. Ортаңғы қабаты – базальды мембрана мен оның екіге ажыраған жерінде орналасқан перициттерден тұрады.

  3. Сыртқы қабат - адвентициальды жасушалардан және аморфты затта орналасқан жіңішке коллаген талшықтарынан құралады.

Эндотелий жасушалары базальды мембранада орналасқан, қанға қараған беті гликопротеидтермен жабылған (параплазмолеммалық қабат). Бұл қабат эндотелийдің атромбогендік, тосқауылдық қызметтерін қамтамасыз етеді. Эндотелиоциттердің ішкі және сыртқы беттерін бойлай пиноцитоздық көпіршіктер мен кавеолалар орналасады.

Перициттер дәнекер тіндік жасушалар, көп өсінділі, базальды мембрананың екіге ажыраған жерінде орналасып капиллярларды себет тәрізді қоршап тұрады. Кейбір капиллярлардың перициттерінде эфферентті жүйкелік аяқтамалар орналасады, олар капиллярлардың диаметрінің өзгеруін реттеуге қатысады.

Адвентициальды жасушалар-аздифференцияланған. Олар ішінде орналасқан жіңішке коллаген талшықтары бар дәнекер тінінің аморфты заттымен қоршалған.

КАПИЛЛЯРЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Капиллярлардың үш түрін ажыратады:



  1. Соматикалық- эндотелий мен базальды мембранасы тұтас орналасқан.

  2. Фенестрлі-эндотелий жасушаларының цитоплазмасының жұқарған аймақтары немесе фенестрлері бар.

  3. Синусоидты (саңлаулы)-базальды мембрана мен эндотелий қабаттарында үзіктер пайда болады ( 4 сурет).

Соматикалық капиллярлар жүрек және қаңқа бұлшық ет тіндерінде, өкпеде, орталық жүйке жүйесінде және т.б. мүшелерде кездеседі.

Фенестрлі капиллярлар ішкі секреция бездерінде, бүйрек денешегінің капиллярлар шумағында, ішек бүрлерінде, қоңыр май тінінде кездеседі.



4 сурет. Капиллярлардың үш түрінің сызбасы (Ю.И. Афанасьев бойынша)

А. Соматикалық капилляр

Б. Фенестрленген капилляр

В. Саңлаулы капилляр

1. Эндотелий

2.Перицит

3. Эндотелиоцит пен перициттің байланысы

4. Базальды мембрана

5. Адвентициальды жасуша

6. Фенестр

7. Саңлаулар

Синусоидты гемокапиллярлар қан түзуші және иммундық қорғау мүшелерінде, бауырда кездеседі.

Фенестрлер мен саңлаулар капиллярдың қабырғасы арқылы макромолекулалар мен корпускулярлық заттардың өтуін женілдетеді. Капиллярлар қан мен тіндердің арасындағы зат алмасу және газ алмасу процестерін қамтамасыз етеді. Оған капиллярлардың қабырғасының жұқа болуы, тіндермен байланысатын аумағының үлкендігі (6000 м2), қан ағымының баяулығы (0,5 мм/с), қан қысымының төмендегі (20-30 мм с.б.б.) әсер етеді.
ВЕНУЛАЛАР

Венулалардың үш түрін ажыратады (venulae): посткапиллярлық, жинақтаушы және бұлшық етті. Посткапиллярлық венулалар (диаметрі 8-30 мкм) құрылысы бойынша капиллярлардың веноздық бөлігіне ұқсас, бірақ қабырғасында капиллярларға қарағанда перициттер көбірек болады. Жинақтаушы венулаларда (диаметрі 30-50 мкм) жекелеген жазық бұлшық ет жасушалары пайда болады және сыртқы қабықшасы жақсы дамыған. Бұлшық етті венулаларда (диаметрі 50-100 мкм) ортаңғы қабықшасында жазық бұлшық ет жасушалары бір-екі қабат болып орналасады және сыртқы қабықшасы жақсы дамыған.


Веналар

Бұл тамырлардағы қанның ағу жылдамдығы төмен, қан қысымы да аз (15-20 мм с.б.б.) болғандықтан эластикалық компоненттері нашар дамыған. Қанның ағымының жылжитын бағытына байланысты венаның қабырғасындағы бұлшық ет тініде әр түрлі дамиды. Кейбір веналарда қақпақшалар болады. Олар қанның бір бағытта ғана жылжуын қамтамасыз етеді.

Веналар: 1. бұлшық етті,

2. бұлшық етсіз (талшықты) деп 2-ге бөлінеді.

Бұлшық етсіз немесе талшықты веналарға бас миының жұмсақ және қатты қабықшаларының, көздің торлы қабықшасының, сүйектердің, көк бауырдың және плацентаның веналары жатады. Бұл тамырларда қан өз салмағының ауырлығы арқылы ағады.

Бұлшық етті веналардың өзін 3 топқа бөледі:



  1. бұлшықеті нашар дамыған,

  2. бұлшықеті орташа дамыған,

  3. бұлшықеті жақсы дамыған.

Бұлшықеті нашар дамыған веналардың диаметрі әр-түрлі. Оларға дененің жоғарғы бөлігінің, беттің және мойынның бұлшық етті артерияларымен қатар жүретін ұсақ және орта калибрлі веналар (1-2 мм), ал ірі тамырлардан жоғарғы қуысты вена жатады. Бұл тамырларда эндотелий асты қабаты нашар дамыған және ортаңғы қабықшасында жазық бұлшық ет жасушаларының мөлшері аз болып келеді. Бұлшықеті орташа дамыған веналарға иық венасы, бұлшықеті жақсы дамыған веналарға сан венасы жатады.

Веналарда да 3 қабықшаны ажаратуға болады: ішкі, ортанғы, сыртқы. Ішкі қабықшасында келесі қабаттарды көруге болады: 1.эндотелий,



2.субэндотелий

Қақпақшалар осы ішкі қабықшаның туындысы, тек құрамында жазық миоциттер болады.



Ортаңғы қабықшасы айналмалы бағытта орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан тұрады. Ішкі және сыртқы эластикалық мембрана жоқ, сондықтан келесі қабықшаны құрайтын дәнекер тін бұлшықетпен тіке байланысты.

Сыртқы қабықша ортаңғы қабықшадан 2-3 есе үлкен болады. Құрамында бойлай орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры болады.

Жасқа байланысты өзгерістері. Тамырлардың құрылысы адамның өмірі барысында өзгерістерге ұшырап отырады. Тамырлардың қызметіне байланысты дамуы шамамен 30 жасқа қарай аяқталады. Кейін артериялардың қабырғасында дәнекер тінінің өсуі, оның тығыздалуына әкеледі. Басқа артерияларға қарағанда бұл үрдіс эластикалық артерияларда басымырақ болады. Барлық артериялардың ішкі қабықшасында 60-70 жастан кейін коллаген талшықтарының ошақтық тығыздалуы байқалады, оның нәтижесінде ірі артериялардың ішкі қабықшасы көлемі бойынша ортаңғы қабықшаның көлеміне дейін өзгереді. Ішкі эластикалық мембрана біртіндеп жұқарып, жойылады. Ортаңғы қабықшаның бұлшық ет жасушалары семуге ұшырайды. Эластикалық талшықтар ыдырап, фрагменттерге бөлінсе, коллаген талшықтарының мөлшері көбееді. Бұл өзгерістермен қатар егде шақта ішкі және ортаңғы қабықшаларда липидтердің жинақталуы мен әктенуі өтеді, олардың мөлшері адамның жасы ұлғайған сайын арта түседі.

Веналардың қабырғасында дамитын өзгерістер артериялардағы өзгерістерге ұқсас. Бірақ, веналардың қабырғасында өзгерістер өмірдің алғашқы жылдарынан басталады. Адам туар адында сан венасы мен аяқтың тері асты веналарының ортаңғы қабықшасында айналмалы орналасқан бұлшық ет жасушалары ғана болады. 1 жастың соңына қарай бойлай орналасқан бұлшық ет жасушаларының шоғыры дамиды. Ересек адамдарда веналардың диаметрі артерияларға қарағанда үлкен 2:1, балаларда 1:1.


Жүрек


Жүрек қанды тамырлардың бойымен жылжытушы мүше. Оның қабырғасында 3 қабықшаны ажыратады:

  1. ішкі-эндокард (endocardium),

  2. ортаңғы-миокард (myocardium),

  3. сыртқы-эпикард (epicardium).

Эндокард-жүрек камералары мен қақпақшаларын қаптап жатады. Оның қалындағы жүректің әр болігінде әр-түрлі. Эндокард 5 қабаттан тұрады:

  1. эндотелий,

  2. субэндотелий,

  3. бұлшық етті-эластикалық,

  4. сыртқы дәнекер тіндік.

Эндотелиоциттер - базальды мембранада орналасқан полигональды жасушалар. Оның астында дәнекер тінінен тұратын субэндотелий қабаты орналасады. Одан тереңірек бұлшық етті-эластикалық қабат бар. Эластикалық талшықтар қарыншаларға қарағанда жүрекшелерде көбірек болады. Бұлшық ет жасушалары қолқаның жүректен шыққан жерінде жақсы дамыған. Эндокардттың ең терең қабаты борпылдақ дәнекер тінінен тұрады. Оның құрамында жуан эластикалық, коллаген және ретикулярлық талшықтар бар (5 сурет).

5 сурет. Жүрек құрылысы (И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша)

А. Эндотелий

Б. Жазық миоциттер

В. Пуркинье жасушалары

Г. Жиырылғыш кардиомиоциттер

Д. Мезотелий
Миокард - жүректің көлденең-жолақты бұлшық ет тінінен тұрады. Құрылымдық-қызметтік бірлігі кардиомиоцит. Оның екі түрін ажыратады: жиырылғыш және өткізгіш.

Жиырылғыш кардиомиоциттердің пішіні цилиндр тәрізді, ұзындығы 50-120 мкм-ге дейін жетеді. Ортасында орналасқан 1-2 ядросы болады. Миофибриллалары көп, ұзына бойына орналасқан. Бір-бірімен олар ұштары арқылы тізбектеле байланысып, бұлшық ет талшықтарын құрайды. Біріккен жерлерінде ендірме дискілер орналасады. Интерстициальды дәнекер тінінің құрамында көптеген гемо, -лимфокапиллярлар болады. Әрбір кардиомиоцит 2-3 капиллярлармен байланысты болады.

Өткізгіш жүйенің құрамына синустық түйін, атрио-вентрикулярлық түйін, Гисс шоғары, Пуркинье талшықтары жатады. Өткізгіш кардиомиоциттер домалақ пішінді, үлкен көлемді. Миофибриллалары аз, жасушаның шетіне қарай орналасқан, сондықтан цитоплазмасы ашық түсті болып көрінеді. Өткізгіш кардиомиоциттердің 3 түрін ажыратады:


    1. Пейсмекер жасушалары,

    2. өтпелі жасушалар,

    3. Пуркинье жасушалары.

Эпикард – борпылдақ дәнекер тіні мен мезотелийден тұрады.

Жасқа байланысты өзгерістері. Онтогенез барысында жүректің гистологиялық құрылымдарының өзгеруін үш кезеңге бөледі: дифференциялану кезеңі, тұрақтау кезеңі, инволюция кезеңі. Бірінші кезең 16-20 жасқа қарай аяқталады. Кардиомиоциттердің дифференциялануына және қарыншалардың морфогенезіне сопақша тесік пен артериальдық өзектің жабылуы әсер етеді. Ол кіші қан айналу жүйесінде қан қысымының төмендеп, үлкен қан айналым шеңберінде оның көтерілуіне әкеледі. Сонымен қатар, оң жақ қарыншаның физиологиялық семуі мен сол жақ қарыншаның физиологиялық гипертрофиясы байқалады. 20-30 жас араларында адам жүрегі тұрақтау кезеңінде болады. 30-40 жастан жоғары миокардтың стромсында дәнекер тінінің мөлшері өседі.

БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТІЛЕР
1. Эластикалық артерияларға жатады:

A). сан артериясы

B). өкпе артериясы

C). ұйқы артериясы

D). бұғыны асты артериясы

E). мықын артериясы


2.Эластикалық артерияларға жатады:

A). мықын артериясы

B). сан артериясы

C). ұйқы артериясы

D). қолқа тымыры

E). бұғыны асты артериясы


3. Бұлшықет-эластикалық артерияға жатады:

A). мықын артериясы

B). өкпе артериясы

C). ұйқы артериясы

D). қолқа тамыры

E). сан артериясы


4. Бұлшықет-эластикалық артерияға жатады:

A). қолқа тамыры

B). сан артериясы

C). мықын артериясы

D). өкпе артериясы

E). бұғана асты артериясы


5. Бұлшықетті артерияның ішкі қабықшасының құрамында болмайды:

A). эндотелий

B). миоцит

C). фибробласт

D). базальдық мембраналар

E). эластикалық мембраналар


6. Эластикалық типті тамырлардың ішкі қабықшасының құрамында болмайды:

A). эластикалық талшықтар

B). коллаген талшықтары

C). тамырдың тамырлары

D). эндотелий

E). фибробласт



7. Бұлшықетті артерияның ортаңғы қабықшасының құрамында болмайды:

A). бұлшықет жасушалары

B). эластикалық талшықтар

C). фибробластылар

D). коллаген талшықтар

E). бұлшықет талшықтары


8. Бұлшықетті артерияның ортаңғы қабықшасының құрамында болмайды:

A). коллаген талшықтары

B). бұлшықет жасушалары

C). эластикалық талшықтар

D). адвентициальдық жасушалар

E). бұлшықет талшықтары


9. Эластикалық артерияның құрамында болмайды:

A). ойықты эластикалық мембрана

B). эластикалық талшықтар

C). коллаген талшықтары

D). бұлшықет жасушалары

E). бұлшықет талшықтары


10. Артериоланың қабырғасында болмайды:

A). сыртқы эластикалық мембрана

B). эндотелий асты қабаты

C). ішкі эластикалық мембрана

D). эластикалық талшықтар

E). коллаген талшықтар


11. Бұлшықетті артерияның сыртқы қабықшасының құрамында болмайды:

A). жүйкелік талшықтар

B). коллаген талшықтары

C). эластикалық талшықтар

D). бұлшықет талшықтары

E). тамырдың тамырлары


12. Эластикалық артерияның сыртқы қабықшасының құрамында болмайды:

A). тамырдың тамырлары

B). жүйкелік бағандар

C). коллаген талшықтары

D). эластикалық талшықтар

E). бұлшықет талшықтары



13. Ішкі қабықшаның эндотелий асты қабаты келесі тамырда өте жақсы дамыған:

A). артериолада

B). қолқада

C). сан артериясында

D). кіндік артериясында

E). бұғана асты артериясында


14. Бұлшықетті артерияның препаратында ішкі эластикалық мембрана келесі құрылым түрінде анықталады:

A). иректелген табақша

B). фенестрленген табақша

C). тесікті табақша

D). бұлшықет табақшасы

E). дұрыс жауабы жоқ


15. Микроайналым арнасының құрамына кірмейді:

A). артерио-венулярлық қосылыстар

B). гемокапиллярлар

C). лимфалық тамырлар

D). венулалар

E). артериолалар


16. Келесі капиллярдың қуысы ең үлкен болады:

A). синусоидтық

B). жіңішке

C). кең

D). лакуналар

E). дұрыс жауабы жоқ


17. Диаметрі 4.5-7 мкм болатын жіңішке капиллярлар кездеседі:

A). теріде

B). бұлшықетте

C). көкбауырда

D). шырышты қабықшаларда

E). бауырда


18. Диаметрі 8-11 мкм болатын кең капиллярлар кездеседі:

A). бұлшықетте

B). бауырда

C). өкпеде

D). көкбауырда

E). теріде



19. Диаметрі 20-30 мкм болатын синусоидты капиллярлар кездеседі:

A). қызыл жілік майында

B). бұлшықетте

C). теріде

D). шырышты қабықшаларда

E). өкпеде


20. Капиллярдың қабырғасының ішкі қабаты тұрады:

A). адвентициальды жасушалардан

B). миоциттерден

C). эндотелиоциттерден

D). текшелі эпителийден

E). перициттерден


21. Капиллярдың қабырғасының ортаңғы қабықшасы тұрады:

A). адвентициальды жасушалардан

B). эластикалық мембранадан

C). коллаген талшықтарынан

D). базальды мембранадан

E). эндотелийден


22. Капиллярдың қабырғасының сыртқы қабаты құралған:

A). адвентициальды жасушалардан

B). эндотелийден

C). перициттерден

D). базальды мембранадан

E). миоциттерден


23. Капиллярдың құрамындағы қанмен тіндердің арасындағы зат алмасуды мынадан басқаның бәрі қамтамасыз етеді:

A). капиллярдың қабырғасының жұқалығы

B). жазық миоциттердің жиырылуы

C). қан ағымының баяулығы

D). төмен қан қысымы

E). тіндермен байланысты аумағының үлкендігі


24. Соматикалық капиллярлар мынадан басқа жерлерде орналасады:

A). жүректі бұлшықетінде

B). өкпеде

C). бауырда

D). қаңқалық бұлшықетте

E). бас миында




25. Фенестрленген капиллярлар мынадан басқа жерлерде орналасады:

A). өкпеде

B). ащы ішектің қабырғасында

C). аденогипофизде

D). бүйректе

E). бүйрек үсті безінде


26. Саңылаулы капиллярлар мынадан басқа жерлерде орналасады:

A). көкбауырда

B). бауырда

C). бүйректе

D). қызыл жілік майында

E). сары жілік майында


27. Бұлшықетсіз веналарға жатады:

A). бауыр венасы

B). көк бауыр венасы

C). бүйрек венасы

D). өкпе венасы

E). жүрек венасы


28. Бұлшықеті нашар дамыған веналарға жатады:

A). иық венасы

B). жамбас венасы

C). сан венасы

D). астыңғы қуыс вена

E). бет венасы


29. Бұлшықеті орташа дамыған веналарға жатады:

A). бет венасы

B). иық венасы

C). жамбас венасы

D). сан венасы

E). тізе венасы


30. Бұлшықеті жақсы дамыған веналарға жатады:

A). көк бауыр венасы

B). плацента венасы

C). мойын венасы

D). кеуде венасы

E). сан венасы



31. Микроайналым тамырларының құрамына кірмейді:

A). артериялар

B). венулалар

C). гемокапиллярлар

D). анастомоздар

E).лимфокапилярлар


32. Эластикалық типті артериялардың қабырғасында жоқ:

A). жазық миоцит

B). эластикалық мембрана

C). эластикалық талшық

D). көлденең-жолақты миоцит

E). фибробласт


33. Капиллярдың қабырғасында базальды мембрананың саңылауында орналасады:

A). миоцит

B). перицит

C). фибробласт

D). адвентициальды жасуша

E). липоцит


34. Микроайналым арнасының тамырлары келесі қызметті атқармайды:

A). зат алмасу

B). қанның мөлшерін реттеу

C). қанды жинақтау

D). тіндік сұйықтықты өткізу

E). қанның иондық құрамын сақтау




35. Артериоланың қабырғасында жоқ:

A). эндотелий

B). ішкі эластикалық мембрана

C). перицит

D). жазық миоцит

E). борпылдақ дәнекер ұлпа


36. Қолқаның қабырғасында болмайды:

A). эндотелий

B). субэндотелий

C). ойықты эластикалық мембрана

D). ішкі эластикалық мембрана

E). жазық миоцит




37. Қан капиллярының қабырғасында болмайды:

A). эндотелий

B). базальды мембрана

C). перицит

D). адвентициальды жасуша

E). бекітуші филаменттер


38. Бұлшықетті артерияның қабырғасында болмайды:

A). эндотелий

B). ойықты эластикалық мембрана

C). ішкі эластикалық мембрана

D). субэндотелий

E). жазық миоцит


39. Қан тамырларының эндотелийі қандай қызметті атқармайды:

A). атромбогендік

B). тамыр тонусын реттеу

C). трофикалық

D). тосқауылдық

E). зат алмасу


40. Бұлшықетті артериялардың ортаңғы қабықшасында көбінесе келесі құрылым басым болады:

A). жазық бұлшықет жасушасы

B). ретикулярлық талшықтар

C). окситаландық талшықтар

D). эластикалық талшықтар

E). коллагенді талшықтар


41. Эластикалық артериялардың ортаңғы қабықшасында келесі құрылым басым болады:

A). коллагенді талшықтар

B). эластикалық ойықты мембраналар

C). эластикалық талшықтар

D). окситаланды талшықтар

E). жазық бұлшықет жасушалары


42. Аралас артериялардың ортаңғы қабықшасында келесі құрылымдар шамамен бірдей болады:

A). көлденең-жолақты бұлшықет талшығы және эластикалық мембраналар

B). эластикалық және коллагенді талшықтар

C). жазық бұлшықет жасушалары және фибробластылар

D). жазық бұлшықет жасушалары және ойықты эластикалық мембраналар

E). коллагенді және окситаланды талшықтар


43. Капиллярлардың орталық қабатын құрайды:

A). базальдық мембрананың ішіне орналасқан перициттер

B). коллаген талшықтарының шоғыры

C). жазық бұлшықет жасушалары

D). көлденең-жолақты бұлшықет талшықтары

E). ретикулярлық талшықтар


44. Капиллярлардың сыртқы қабатын құрайды:

A). перициттер және эластикалық талшықтар

B). фибробластылар және эластикалық талшықтар

C). адвентициальды жасушалар және аморфты заттың ішінде орналасқан жіңішке ретикулярлық коллагенді талшықтар

D). ретикулярлық және жазық бұлшықет жасушалары

E). көлденең-жолақты бұлшықет талшықтары


45. Келесі тамырлардың үш қабықшасында да жазық бұлшықет жасушалары көп болады:

A). бұлшықетті артерия

B). эластикалық артерия

C). бұлшықеті орташа дамыған бұлшықетті вена

D). бұлшықеті жақсы дамыған бұлшықетті вена

E). лимфалық капилляр


46. Эндотелиінде саңылаулары, базальды мембранасында үзіктері бар гемокапиллярлар орналасады:

A). бұлшықетте

B). бүйректе

C). бауырда

D). ұйқы безінде

E). көкбауырда


47. Тамырдың ортаңғы қабықшасында көптеген ойықты эластикалық мембараналар бар, олардың арасында жазық бұлшықет жасушалары орналасқан. Тамырдың түрін анықтаңдар:

A). сан венасы

B). сан артериясы

C). қолқа

D). төменгі қуыс вена

E). кеуделік лимфалық өзек


48. Эндотелий фенестрленген, базальдық мембранасы тұтас гемокапиллярлар орналасады:

A). бұлшықетте

B). бүйректе

C). көкбауырда

D). ұйқы безінде

E). бауырда


49. Тамырдың ортаңғы қабықшасы жазық бұлшықеттен тұрады, олардың арасында аздаған коллаген және эластикалық талшықтар бар. Эластикалық талшықтар сыртқы және ішкі қабықшалардың шекараларында эластикалық мембрана құрайды. Тамырды анықтаңдар:

A). қолқа

B). санның көк тамыры

C). кеуделік лимфатикалық өзек

D). сан артериясы

E). өкпе артериясы


50. Қандай мүшеде саңылаулы капиллярлар орналасады:

A). қызыл жілік майында

B). бүйректе

C). жүректің бұлшықетінде

D). қаңқалық бұлшық етте

E). аденогипофизде


51. Фенестрленген капиллярлар қандай мүшеде орналасады

A). көкбауыр

B). қызыл жілік майы

C). аденогипофиз

D). жүректің бұлшықеті

E). қаңқалық бұлшықет


52. Тамырлардың тамырлары орналасады

A). артерияларда

B). веналарда

C). лимфа тамырларында

D). веналарда және лимфа тамырларында

E). бүкіл тамырларда


53. Эндокардтың құрамына кірмейді:

A). эндотелиальды

B). субэндотелиальды

C). бұлшықет эластикалық

D). өткізу жүйесінің кардиомиоциттерінің қабаты

E). дәнекер ұлпалық


54. Миокардта болмайды:

A). өндірме дискілер

B). жасушалардың анастомоздары

C). көп мөлшерде капиллярлар

D). жасушаның ортасында 1-2 ядро

E). каридиомиоциттердің арасындағы қалың дәнекер тінінің қабаттары


55. Эндокардта жоқ:

A).эндотелий

B). қан тамырлары

C). бұлшықет-эластикалық қабат

D). сыртқы дәнекер ұлпалық қабат

E). субэндотелий


56. Қан тамырлары дамиды:

A). мезодерманың сомиттерінен

B). энтодермадан

C). эктодермадан

D). мезенхимадан

E). спланхнотомның периетальды және висцеральды жарықшаларынан


57. Қан тамырларының ішкі қабықшалары қапталған:

A). өтпелі эпителиймен

B). бір қабатты призмалық эпителиймен

C). бір қабатты текшелі эпителиймен

D). көп қабатты жазық эпителиймен

E). эндотелиймен


58. Миокардта болмайды:

A). жасушалардың арасындағы қалың дәнекер тінінің қабаттары

B). өндірме дискілер

C). жасушалардың арасындағы капиллярлар

D). жасушалардың аностомоздары

E). кардиомиоциттер


59. Артериялар мен веналардың эндотелий асты қабаты келесі тіннен құралған:

A). тығыз дәнекер

B). эпителиальды

C). ретикулярлық

D). борпылдақ дәнекер

E). май ұлпасы


60. І-ші типті кардиомиоциттер (Пейсмекер) қай жерде орналасқан:

A). атриовентрикулярлық жүйе

B). синустық түйінде

C). аортаның клапонында

D). Гис шоғырының аяғында

E). Жүрек-қарынша шоғыры (Пуркинье)



61. Орталық қабықшасында аздаған жазық бұлшықет жасушаларының шоғыры бар тамырлар:

A). бұлшық еті нашар дамыған бұлшықетті вена

B). бұлшық еті жақсы дамыған бұлшықетті вена

C). бұлшық еті орташа дамыған бұлшықетті вена

D). бұлшықетті артерия

E). аралас артерия


62. Жүректің өткізу жүйесіне жатады:

A). адвентициальды жасушалар

B). перициттер

C). фибробластылар

D). өткізгіш кардиомиоциттер

E). жиырылғыш кардиомиоциттер


63. Жиырылғыш кардиомиоциттер қызметтік талшықты бір-бірімен келесі құрылымның көмегімен бірігу арқылы құрайды:

A). негізгі заттың

B). коллагенді талшықтың

C). ендірме дискінің

D). эластикалық талшықтың

E). окситаланды талшықтың


64. Миокардтың даму кезі:

A). эктодерма

B). мезодерманың спланхнотомының париетальды жапырақшасы

C). энтодерма

D). мезенхима

E). миоэпикардиальды табақша


65. Сан венасы жатады:

A). талшықты

B). бұлшықеті нашар дамыған

C). бұлшықеті орташа дамыған

D). бұлшықеті жақсы дамыған

E). эластикалық


66. Беттің, мойынның венасы жатады:

A). талшықты

B). бұлшықеті нашар дамыған

C). бұлшықеті орташа дамыған

D). бұлшықеті жақсы дамыған

E). эластикалық



Бақылау сұрақтарының үлгісі

1. Артериялардың жіктелуі

2. Қолқа тамырының қабырғасының құрылысы

3. Бұлшық етті артерияның қабырғасының құрылысы

4. Тамырлардың гемодинамикасы мен құрылымының өз-ара ықпалы қалай байқалады?

5. Қан тамырларының мүшелердегі құрылысының мүшеге тән ерекшеліктері туралы түсінікке, адамның жасына байланысты өзгерістеріне сипаттама беріңдер

6. Веналардың жіктелуі

7. Бұлшық етті және талшықты веналардың қабырғасының құрылысы

8. Капиллярлардың жіктелуі, олардың қабырғасының құрылысы

9. Артериолалардың және венулалардың қабырғаларының құрылысы

10. Жүрек қабықшаларының құрылысы

11. Жүрекше мен қарыншалардың жұмыскер кардиомиоциттерінің сипаттамасы.


ОҚИҒАЛЫҚ есептер

1. Тамырдың бірінші препаратында ішкі қабықшаның құрамында ішкі эластикалық мембрана, ал ортаңғы қабықшасында жазық миоциттер жақсы жетілген. Екінші тамырдың препаратынында ішкі эластикалық мембрана жоқ, ортаңғы қабықшада жазық миоциттер бар, бірақ мөлшері аздау. Ұсынылған препараттардың қайсысы веналарға және оның қандай түріне жатады?

2. Препаратты зерттеу барысында сәулелік микроскопта орсеинмен боял-ған бұлшық етті артерия мен аттас вена анықталды. Тамырлардың қандай құрылымдық элементтері боялады? Артерияны қандай белгілеріне қарап ажыратуға болады?

3. Венаның қабырғасы 3 қабықшадан тұрады. Бір қабықшаның сипаттама-сында оның құрамында тамырдың тамырлары бар екені көрсетілген. Бұл қандай қабықшалар?

4. Қан тамырлардың және жүректің қабырғасында бірнеше қабықшаларын ажыратады. Жүректің қандай қабықшасы гистогенезі және тіндік құрамы жағынан қан тамырының құрылысына ұқсас?

5. Гематоксилин және эозинмен боялған препаратта екі ірі вена көрсетіл-ген. Біреуінің қабырғасында орталық қабықшаның құрамында аздаған жазық бұлшық жасушалары табылды. Екіншісінің қабырғасында жазық бұлшық ет жасушалары барлық үш қабықшада да табылды және сыртқы қабықшаның құрамында бойлай бағытталған жазық бұлшық ет жасуша-ларының шоғыры бар. Бұл қандай тамырлар?

6. Препаратта диаметрі 20 мкм болатын артериолалар мен қан капилляр-лары берілген. Артериоланы қандай белгісіне қарап ажыратуға болады? Капиллярлар қандай типке жатады?


Жүрек, қан тамырлар жүйесі тақырыбы бойынша

тапсырмалар картасы жӘне орындау негіздері
1.Тапсырма. Бұлшық етті артерияның қабырғасыныңморфологиялық құрамын зерттеу

Гематоксилин және эозинмен боялған артерияның көлденең кесін-дісінде микроскоптың кіші өлшемінде оның ішкі, ортаңғы, сыртқы қабық-шаларын табыңдар. Үлкен өлшемде әрбір қабықшада оларды құрайтын морфологиялық қабаттарды анықтап, суретін салыңдар. Ішкі қабықшаның құрамында базалды мембранада орналасқан эндотелий қабатын, оның ас-тындағы субэндотелийді, иректелген, боялмаған ішкі эластикалық мембра-наны ажыратыңдар. Ортаңғыда жалпақ, айналмалы бағытта орналасқан жазық миоциттерден тұратын қабатты, иректелген ашық жолақ түрінде сыртқы эластикалық мембрананы табыңдар. Сыртқыда – құрамында тамырдың тамырлары бар дәнекер тіннен тұратын қабатты ажыратыңдар. Суретін салып, қабықшаларды, қабаттарды белгілеңдер.



2 тапсырма. Эластикалық артерияның қабырғасының морфологиялық құрамын анықтау

Қолқаның орсеинмен боялған көлденең кесіндісінде микроскоптың кіші өлшемінде тамырдың қабықшаларын табыңдар. Үлкен өлшемде қабықшалардың құрамын зерттеп, суретін салып келесі белгілерді қойыңдар: 1-ішкі қабықша, 2-ортаңғы қабықша, 3-ойықты эластикалық мембраналар, 4-сыртқы қабықша, 5-тамырдың тамырлары.



3.Тапсырма. Жүрек қабырғасының морфологиясын зерттеу

Гематоксилин және эозинмен боялған жүректің қабырғасының препаратында эндокард, миокард және эпикардты табыңдар. Эндокардтың қабаттарын жоғарыдан төмен қарай жылжи отырып анықтаңдар. Жүректің ішкі қабықшасы эндокардтың құрамындағы жазық жасушалардан тұратын 1-эндотелийді, дәнекер тіннің қабатынан құралған 2-эндотелий асты қаба-тын, дәнекер тіннің ішінде орналасқан жазық миоциттерден құралған 3-эластикалық-бұлшық ет қабатын, 4-сыртқы дәнекер тіндік қабатты анық-таңдар. Орталық қабықшада 5-өткізгіш кардиомиоциттерді, 6-жиырылғыш кардиомиоциттерді, 7-ендірме табақшаларды табыңдар. Миокардтың сыр-тында сыртқы қабықша дәнекер тіннен құралған – 8-эпикард орналасқан. Жүрек қабырғасының суретін салып аталған белгілерді қойыңдар.



4 тапсырма.Артериолаларды, капиллярларды, венулаларды анықтау

Мидың жұмсақ қабықшасының гематоксилин және эозинмен боял-ған тұтас препаратында микроайналым арнасының тамырларын табыңдар. Үлкен өлшемде құрамында жазық миоциттердің көптеген ядролары көрі-нетін прекапиллярларды (артериоланы), жазық миоциттердің ядросы аз байқалатын посткапиллярларды (венуланы) табыңдар. Осы тамырлардың арасында гемокапиллярларды анықтаңдар. Тамырлардың суретін салып, келесі белгілерді қойыңдар: 1-артериола, 2-капилляр, 3-венула.



5 тапсырма. Бұлшық етті венаның құрылысы.

Микроскоптың кіші өлшемінде гематоксилин және эозинмен боял-ған венаның қабырғасы препаратында эндотелиймен қапталған қақпақша-ны тауып, суретін салып, келесі белгілерді қойыңдар: 1) қақпақша, 2) жа-зық миоциттері бар эндотелий асты қабаты, 3) ортаңғы қабықша, 4) бойлай орналасқан бұлшық ет жасушалары бар сыртқы қабықша


Тестілердің жауаптары

  1. – В 18. – Е 35. – С 52. - Е

  2. – D 19. - А 36. – D 53. - D

  3. – С 20. – С 37. – Е 54. - Е

  4. – Е 21. – D 38. – В 55. - В

  5. – В 22. – А 39. – С 56. - D

  6. – С 23. – В 40. – А 57. - Е

  7. – Е 24. – С 41. – В 58. - А

  8. – D 25. – А 42. – D 59. - D

  9. – Е 26. – С 43. – А 60. - В

  10. – А 27. – В 44. – С 61. - А

  11. – D 28. – Е 45. – D 62. - D

  12. – Е 29. – В 46. – Е 63. - С

  13. – В 30. – Е 47. – С 64. - Е

  14. – А 31. – А 48. – В 65. - D

  15. – С 32. – D 49. – D 66. - В

  16. – D 33. – В 50. – А

  17. – В 34. – Е 51. – С


ОҚИҒАЛЫҚ есептердің жауаптары

        1. Екінші препаратта бұлшықеті орташа дамыған вена берілген

        2. Орсеинмен эластикалық элементтер боялады. Артерияларда ішкі және сыртқы эластикалық мембраналары жақсы дамыған.

        3. Бұл сыртқы қабықша.

        4. Эндокард.

        5. Бұлшықеті орташа және жақсы дамыған веналар.

        6. Артериоланың қабырғасы үш қабықшадан тұрады, ортаңғы қабықшасында жазық бұлшықет жасушалары болады. Капиллярлардың синусоидты түрі, қабырғасы жұқа, үш қабаттан тұрады.



Қолдануға ұсынылған Әдебиеттер
1. Афанасьева Ю. И., Юрина Н. А. Гистология. Учебник - М.: Медицина, 2004. – 768с.

2. Абильдинов Р.Б., Аяпова Ж.О., Юй Р.И. Гистология, цитология и эмбриология: атлас для студентов медицинских ВУЗов. - Алматы, 2006. -416с.

3. Аяпова Ж.О. Цитология, эмбриология және гистология (оқу құралы). -Алматы, 2007. – 288б.

4. Улумбеков Э.Г., Челышев Ю.А. Гистология, эмбриология, цитология + CD. 3-е изд., перераб. и доп. учебник. – М., 2007.

5. Быков В. Л. Частная гистология человека.- СПб: Sоtis, 2000. – 300с.

6. Қазымбет П., Рысұлы М., Ахметов Ж.Б. Гистология, цитология және эмбриология атласы. Медицина жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. -Астана, 2005. - 400б.

7. Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н. Гистология, цитология и эмбриология. Учебник-М.: ООО «Медицинское информационное агентство», 2007. - 600с.

8. Кузнецов С.Л., Челышев Ю.А. Гистология. Комплексные тесты: ответы и пояснения, уч. пос. -М., 2007.

10.12.2009 ж. басуға қол қойылды

Көлемі 2 есепті-баспа табағы

100 дана
ҚММУ- баспаханасында басып

Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі,40





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет