k-20-1u,k-19-1,3keshen. kazak adebi tilinin tarih zhane dialektologiyas
Дәріс №4 Орта ғасырлық түркі ескерткіштерінің тілі – қазақ әдеби тілінің қайнар көздерінің бірі. Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының дамуына әсер еткен факторлар.
Орта ғасырлардағы жазба әдеби нұсқалар.
ХI-XII ғасырлар түркі халықтары үшін өте маңызды әлеуметтік оқиғаларға толы ғасырлар болды. Олардың әрқайсысы жеке-жеке халық ретінде қалыптаса бастады, өз алдына отау тікті. Бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі: баршаға ортақ түркі тілінен бөлініп, дербес тілдер қалыптаса бастады. Бұған халықтардың әлеуметтік даму дәрежесі, орналасқан географиялық ортасы, тіл дербестігі, діни нанымдары т.б. қозғаушы күштері себепші болды. Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының дамуына да осындай факторлардың үлкен әсері болды. Осы тұрғыдан қарасақ түркі тілдерінің дамуындағы Х-ХҮ ғ. аралығын екіге бөлуге болады:
1) қараханидтер (Х-ХІІ ғасыр)
2) моңғолдар (ХІІІ-ХҮ) дәуірі.
Орта ғасыр жазба ескерткіштері жазылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді: 1.Әдеби-діни ескерткіштер. 2.Тілдік грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б). 3.Тарихи кезеңге арналған ескерткіштер (хандар шежіресі, жалпы шежірелер, қолбасшылар мен батырлар, жорықтар туралы және т.б.
Бұл дәуірден біздің заманымызға келіп жеткен ірі ескерткіш – Жүсіп Баласағұнның жазған «Құтадғу біліг»(«Бақытқа бастайтын білім») еңбегі. Ғылыми маңызы жоғары екінші бір еңбек – Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрк» («Түркі тілдерінің сөздігі»). Мұнда сол кезеңдегі түркі халықтарының тілі туралы лингвистикалық мағлұмат берілген.
Қараханид дәуіріне қатысты қарастырылып жүрген үшінші ескерткіш – Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» («Ақиқат сыйы») атты еңбегі.
Қарахан дәуірінің жазба ескерткіштерінің тілінде ең құндысы да, көлемдісі де Жүсіп Баласағұнның «Қутадғу билиг» атты еңбегі.
«Қутадғу билиг» - он үш мың жолдан тұратын дидактикалық дастан. Жүсіп Баласағұнда туған, терең білімді, асқан ойшыл, зерделі ақын, білікті қайраткер.Ол «Қутадғу билигті» жасы елуден аса бергенде (1069-1070ж.) жазып бітірген. Бұл еңбек – түркі тілінде жазылған ең көлемді бірінші көркем шығарма.
«Қутадғу билиг» қолжазбасы Наманганнан ХІІ ғасырда, Каирден ХІҮ ғасырда, Гераттан ХҮ ғасырда табылған және бұлардың арасында айтарлықтай өзгерістер жоқ екендігі дәлелденген.
ХХ ғасыр басында Й.Хаммер-Пургшталь (1774-1856) көптеген түркі қолжазбаларымен бірге «Қутадғу билигті» Императорлық сарай кітапханасына алып келіп тапсырған. Бұл кісі ол кезде Константинопольде елшілікте қызмет істеген австриялық шығыстанушы болатын.
Ол араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбаларды каталогке енгізіп, соның ішінде «Қутадғу билигке» айрықша аннотация жазып қосады да, «осы қолжазбаға француз ориенталистерінің көңіл аударуын талап етемін» деп жазады.
1825 жылы П.А.Жобердің «Ұйғыр әрпімен жазылған түрік қолжазбасы туралы мақаласы» француздың «Азия журналында» жарық көрді. Ғалым, саясаткер П.А.Жобер сол кезде Еуропадағы шығыстану ғылымының үлкен орталығы болып есептелетін College de Francege парсы, түрік және араб тілдері кафедрасының меңгерушісі еді. «Қутадғу билиг» көптеген ғалымдардың назарын өзіне аударады. Шығарманың өзі өлеңмен жазылса да, кіріспесі қара сөзбен жазылған. Атап айтқанда Г.Флюгель, И.Н.Березин, Н.И.Ильминский өз еңбектерінде аталған ірі мұраға тоқ-талмай кетпеген.
1870 жылы венгр шығыстанушысы Г.Вамбери «Қутадғу билигтің» мәтінін басып шығарды. Г.Вамберидің бұл кітабы кіріспе, негізгі мәтін, сөздіктен тұрады. Автор «Қутадғу билигтің» ұйғыр тіліндегі алфавитіне сипаттама бере отырып, осман, шағатай тілдерінің сөздіктерін якут, моңғол, венгер т.б. түркі тілдерімен салыстырады.
Академик В.В.Радлов өзінің ширек ғасырлық өмірін «Қутадғу билиг» еңбегін зерттеуге сарп еткен. Ол ең алдымен Венадағы «Қутадғу билигтің» түпнұсқасы бойынша транскрипция жасап, баспаға толық әзірлеген.
Ғалым дастанды неміс тіліне аударған. Осы кезде неміс арабисі Эдуард Захау «Қутадғу билигтің» Каир кітапханасында тағы бір нұсқасы сақталғандыған хабарлайды.
В.В.Радлов Каирдегі сол нұсқаны көріп, өзіндегі материалмен салыстырып зерттеуді мақсат етеді. Ортада жүргізілген келісім сөздер бойынша Каир өкіметі кітапханасының директоры, араб тілінің зерттеушісі, профессор Беригару Мориц «Қутадғу билигтің» толық көшірмесін жібереді.
1900 жылы «Қутадғу билигтің» транскпипциясы мен аудармасының бірінші басылымы жарық көреді де, толық аяқталуы 1910 жылға дейін созылады.
В.В.Радлов Вена нұсқасының факсимилесін ұйғыр жазуымен көшіреді, соңынан тексті манжур жазуымен байланыстырады.
В.В.Радлов аудармасы ұйғырластырылған, алтайластырылған деген пікірлер пайда болады. С.Е.Малов былай деп жазған: В.Радлов жасаған ұйғыр мәтінінің транскрипциясы қазіргі кезде тарихи маңызға ие, оның аудармалары ғылымда әлі де таптырмайтын мұра болып қала береді. Ұлы ғалымның артына өшпестей қалдырған мәңгілік ізі – «Қутадғу билигті» барша түркі әлеміне, соның ішінде Сібір түркілеріне паш етуін атауға болады.
В.Радловтың «Түркі тілдері сөздігін жасау тәжірибесінде» «Қутадғу билигтен» 1200-ден артық «көсем сөздер» берілген.
В.Радлов «Қутадғу билигті» сол кездегі түркі тілдеріне, неміс тіліне толық аударып қоймай, оның фонетика-лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін де зерттеген. Ол өзінің түркі тілдеріне жасаған классификациясында осы ерекшеліктерді еске ала отырып «Қутадғу билигтің» тілі ескі шығыс түркі диалектісіне жақын екендігін дәлелдейді.
А.Йүгінеки өз дәуірінің ғылыми мәдениетіне тән ойы бар, жоғарғы дәрежедегі интеллектуал ойшыл. Ғасырлар тереңінен еміс-еміс жеткен деректер Ахмедтің көзі көрмейтін зағип болғанын, өзінің зерек, зерделілігінің арқасында ғана ізденіп, білім жиғанын, түркі тілдерін, араб тілін меңгергенін, өз кезінің ең білімдар адамдарының бірі болғанын мәлімдейді.
«Йүгінек» деген жер аты Орта Азияның әр тұсында-ақ бар көрінеді. С.Е. Малов араб тілінде жазылған материалдардың ізімен В.В. Бартольдтің мәліметтеріне сүйене отырып, «Йүгінек» қыстағы Самарқан маңайында болу керек деп ескертеді. Өзбек ғалымы Н.М. Маллаев «Югнак» деген жер аты Ферғана өлкесі мен Түркістан аймағында да бар деп көрсетеді. Қазақ ғалымы Р.Бердібаев былай дейді: «Кейбір деректерде ол (Ахмет Юғнақи) Түркістан төңірегіндегі Жүйнек деген жерде туып өскен делінеді».
Әдиб Ахмед ибн Махмуд Йүгінекидің өмір тарихы туралы мәлімет жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, ол ХІІ ғасырдың аяғында, ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген болса керек. Оның еңбегін де осы ХІІ ғасырға жатқызуға болады деп есептейді С.Е. Малов.
«Ақиқат сыйы» еңбегі мораль, этика, адамгершілік тақырыбына арналған. Негізгі мақсаты – ақыл-кеңес беру, үгіт-насихат айту. Ғылымда дастанның алты нұсқасы белгілі.
1.Стамбул қаласындағы Айа София кітапханасында 4012 нөмірмен сақтаулы. Мұны Самарқантта белгілі каллиграф Зейнул-Абидин бин Султан Бахт Джурджаний Хусейни 1444 жылы ұйғыр жазуымен көшірген. Бұл көшірме ескерткіштің біздің заманымызға келіп жеткен нұсқалардың ең ескісі болып есептеледі. Сырты былғарымен қапталып, өз алдына жекеше кітапша болып түптелген. Өте сапалы қағазға жан-жағы әшекейленіп, ұқыпты көшірілген. Тақырыптары мысалға келтірілген аят, хадис, бәйіттер араб тілінде араб жазуымен берілген. Көшірменің бір беті жоғалған.
2.Екінші нұсқа да Стамбул қаласындағы Айа София кітапханасында 4757 нөмірмен сақталады. Мұны сол қалада Шейхзада Абдур-Раззақ бахши 1480 жылы көшірген. Үлкен бір жинақтың бас жағына түптелген. Сыртқы құрылысы бірінші нұсқаға ұқсайды, бірақ ұйғыр жазуы араб жазуымен жолма-жол транскрипцияланған. Соңында екі жол бәйіт қалдырылып кеткен.
3.Бірыңғай араб жазуымен көшірілген. Бұл Стамбул қаласындағы Топ-Қапы сарайындағы кітапханада 35552 нөмірімен сақталған. Қашан, кім көшіргені белгісіз. Бұл нұсқада 18 жол бәйіт қалып кеткен. Ғалымдардың жобалауынша, ХІУ ғасырдың аяғында не ХУ ғасырдың басында көшірілген.
4.Сейіт Али деген кісінің жеке кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етілген. Бірақ кейіннен жоғалып кеткен. Бұл нұсқа жайында жекелеген зерттеушілердің мақалалары ғана бар.
5.Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған. Араттың айтуына қарағанда, бұл нұсқаның төрт-ақ беті сақталып, өзгесі жоғалып кеткен. Мұнда белгілі бір жүйелілік байқалмайды, ұйғыр әліппесінің ара-арасына «Һибат-ул хақайиқтан» үзінділер келтірілген.
6.Берлиндегі Пруссия Ғылым академиясында Т.І.ТМ 287 шифрмен ұйғырша жазбалар арасында сақталған бір ғана парақ қағаз. Үзінді ұйғыр жазуымен көшірілген.
«Ақиқат сыйы» дастаны түрколог ғалымдар тарапынан едәуір зерттелген. Бұл ескерткішті ғылым дүниесіне бірінші рет танытқан түрік ғалымы Неджип Асым. Ал, М.Көпрүлү, В.Радлов, Т.Ковальский, Й.Дени ерекше көңіл бөліп, бірнеше құнды мақалалар жазған.
«Ақиқат сыйы» еңбегіне кеңес ғалымдары да назар аударған. Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов, Э.Н.Наджип, Ә.Құрышжанов сынды ғалымдар аталмыш ескерткіштің зерттелу барысын сипаттаған.
Дастанмен арнайы шұғылданған өзбек ғалымы – Қ.Махмудов. Ол осы ескерткіш негізінде кандидаттық диссертация қорғаған. Ғалымның бұл еңбегінде ескерткіштің фонетикасына, морфологиясына сипаттама берілген. Текст араб жазуымен транслитерацияланған және өзбекше аудармасы жасалған.
А.М.Щербак Шығыс Түркістанның Х-ХІІ ғасырлардағы жазба мұраларының тілі жөнінде грамматикалық очерк жазған. Мұнда құнды ғылыми пікірлер айтылып, тұжырымдар жасалынған.
Қазақ ғалымдарынан Ә.Құрышжанов еңбектің поэтикалық көркем аудармасын ұсынып, тұңғыш қазақ тіліне аударылуына септігін тигізді.
«Ақиқат сыйына» қазіргі қазақ тілі тұрғысынан келелі ой ұсынып, біршама еңбектенген ғалым Б.Сағындықұлын ерекше атап өткен жөн. 1985 жылы ғалымның аудармасымен, алғы сөзімен, түсініктемесімен «Һибат-ул хақайық» деген атпен еңбек басылып шықты. Б.Сағындықұлының қазақ ғылыми жұртшылығы үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ғалым Б.Сағындықұлы аталмыш ескерткіштің «Арабша-орысша-қазақша», «Парсыша-орысша-қазақша», «Түркіше-орысша-қазақша» сөздіктерін және «Сөз қолданысының кері алфавитті жиілік көрсеткішін» жасаған. Осының негізінде бүгінде жас ғалымдар ескерткіштің көптеген қырларын ашуға талпынып жүр. Мәселен, Р.Досжанова, Г.Ж.Баялиева, К.Қоңырбаева, Б.Р.Құлжанова, Ұ.Исабекова т.б. сынды ғалымдар ескерткіштің өзекті мәселелерін қозғап жүр.
Қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, ғылымының дамуының бір қайнар көзі – орта ғасыр мұралары. Орта ғасырда жазылған, бүгінге дейін сақталып отырған жазба мұрағаттарды тану, ондағы таным-түсінік, сөз қолданысы мен тілдік жүйесі, сөзден өрілген дәстүрі мен салтын бағамдап, таразылау арқылы қазақ халқының бүгінгі ой мен дәстүрі, салты мен санасының қалыптасу қалыбы мен шыққан тегін, биігі мен білігін байқап шамалауға болады.
Әрбір халықтың, жекелеген ұлттардың өз тілі, тарихы, мәдениеті мен ішкі саясаты болады. Орта ғасыр жазбалары барша түркі тілдеріне ортақ қазына болғанымен, қазақ халқының төл мұрасы.
Алдыңғы қатарлы озық мәдениеттің өзінен кейін кенже дамыған мәдениетке тигізетін ықпалы туралы ғажайып фактілер мен дәлелдер тарихта мол сақталған. Соның бірі Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мәдениетіне шығыстың да, батыстың да игі ықпал еткені, терең із қалдырғаны бізге тарихтан аян. Сондықтан Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өзара жақындығының тарихы өте әріден басталады. Олардың даму тарихына үңілсек, әріден келе жатқан Орхон- Енисей, Талас жазба ескерткіштері негізгі мұра бола алады. Бұл біздің түркі халықтарының әдеби және мәдени мұраларымыздың алғашқы кезеңі болса, жазба тіліміздің негізі араб басқыншылығынан кейінгі кезеңде қалыптасты. Бұл тарихта Қараханид кезеңі деп аталады. Қараханид мемлекеті басқарған кезеңі деп аталатын кезең Х-ХІІ ғасырларды қамтиды.
Қараханид кезеңінде жазылған шығармалардың тілі бірдей бола бермейді. Оны Орта Азия түріктерінің тілін зерттеуші ғалым А.Н.Самойлович ХІ-ХҮІ ғасырларға жататын жазба нұсқалардың тілін Орта Азиялық түркі әдеби тілі деп қарап,оны негізгі үш кезеңге бөліп көрсетеді. Онда «Орталығы Қашғар болған Қараханид кезеңі»,-деп тек ХІ ғасырды көрсетсе, ХІІ-ХҮІ ғасырлар «Шағатай ұлысындағы шағатай кезеңі»,-деп көрсетуі тарихи деректерге сәйкес келеді.
Ал академик В.В.Радлов түркі тілдерінің классификациясын жасағанда түркі тілдерін үш диалектіге бөліп қараған. Ол Шығыс Түркістан жазба тілін көне ұйғыр тілімен байланыста қарайды. Екінші жағынан, бұл жазба әдеби тіл басқа түркі ру-тайпалары тілдерінің әсерінен өзгеріп отырғанын көрсетеді. Бұл пікір «әдеби тіл – диалекті негізінде пайда болды»,-дегенге дұрыс келеді.
Э.Н.Наджиптің «бұл кезеңдегі шығармалар әр түрлі тайпа диалектілердің негізінде қалыптасқан әдеби тілдердің барлығын көрсетеді»,-деген тұжырымы айқын дәлел бола алады. Ғалымның айтуынша бұл кезеңде жазылған шығармалар тілінде екі түрлі тілдің де ерекшелігі орын алғанын айта келіп, бұл жайлы кейінгі кезеңдерде ХІҮ-ХҮ ғасырлар әдеби тілдерінен байқалады деген тұжырымды пікір айтады.