Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасынан Лауазымды қызметкердің өз қызметтік міндетіне кіретін іс-әрекет жасағаны үшін пара алғаны алаяқтық деп дәрежеленбейді, лауазымын пайдаланып пара алу деп сараланады



Дата26.02.2016
өлшемі28.2 Kb.
#26718
Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының қадағалау алқасынан

Лауазымды қызметкердің өз қызметтік міндетіне кіретін іс-әрекет жасағаны үшін пара алғаны алаяқтық деп дәрежеленбейді, лауазымын пайдаланып пара алу деп сараланады
(істен үзінді)
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 2004 жылдың 30 қаңтарындағы үкімімен Айсаров, Қабдолданов, екеуі де бұрын сотталмаған, ҚК-нің 311-бабы 4-бөлігінің “б” тармағымен әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталған. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы, қадағалау алқасы және Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы сот үкімін күшінде қалдырған.

Сот үкімімен Айсаров пен Қабдолданов, Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің аға учаскелік және учаскелік инспекторлары лауазымды қызметтерін пайдаланып, алдын ала келісіп Ибрагимовадан 10 000 теңге пара алғандары үшін айыпты деп танылған.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры сот үкіміне қадағалау тәртібімен наразылық келтірген. Наразылықта сотталғандарға шығарылған сот үкімін өзгерту, яки Айсаровтың әрекетін ҚК-нің 177-бабы 2-бөлігінің “а, в” тармақтарына, 28-бабының 4-бөлігіне, 312-бабының 2-бөлігіне ауыстырып дәрежелеу; Қабдолдановтың әрекетін ҚК-нің 177-бабы 2-бөлігінің “а, в” тармақтарына ауыстырып дәрежелеу, яғни олардың іс-әрекеттерін алаяқтық пен пара беруге мәжбүрлеу белгілері бар деп бағалап, екеуін де 2 жылдан бас бостандығынан айыру, Қабдолдановты ҚК-нің 63-бабының негізінде 1 жылға сынақ мерзімімен шартты түрде соттау жөнінде мәселе қойылған.

Бас прокурордың орынбасарының наразылықты қолдаған пікірін тыңдап, наразылықта келтірілген уәждермен танысып, іс құжаттарын қарап, қадағалау алқасы төмендегі тоқтамға келді.

Наразылықтағы сотталғандардың әрекеттерінде алаяқтық белгілері бар, оған қоса, Айсаров пара беруге мәжбүрлеген деген уәждер негізсіз, өйткені олар лауазымды қызметкерлер ретінде, өздерінің қызметтік міндеттеріне кіретін іс-әрекеттер жасағаны үшін пара алған.

Ал Айсаров пен Қабдолдановтың лауазымды қызметкерлер ретінде топ болып, алдын ала келісіп пара алған қылмыстық әрекеттері ҚК-нің 311-бабы 4-бөлігінің “б” тармағымен дұрыс дәрежеленген. Сөйте тұра, наразылықтағы сотталғандардың әрқайсысының жеке басының жағдайын, қылмыстық әрекетке қатысу дәрежесін және жауапкершілікті жеңілдететін өзге де мән-жайларды ескеру керек деген уәждер орынды. Өйткені іс құжаттарынан көрінгендей, Айсаров пен Қабдолданов бұрын сотталмаған, қызмет орнында жақсы мінезделеді, жұмыстағы жетіс-тіктері үшін бірнеше мәрте марапатталған, екеуі де үйленген, екі-екіден жасөспірім балалары бар, бұрын-соңды теріс мінез-құлық көрсетпеген және аталмыш әрекеттерінің қандай да бір ауыр зардабы болмаған. Бұған қосымша, Айсаров Қазақстан Републикасы ІІМ-нің еңбегі сіңген учаскелік инспекторы атағын алған.



Сондықтан іске қатысты нақты мән-жайларды, әрқайсысының қылмыстық әрекетті іске асырудағы ролін, жауапкершілікті жеңілдететін, сөйтіп олардың әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін айтарлықтай төмендететін жағдайларды ескеріп, оларға ҚК-нің 311-бабы 4-бөлігінің “б” тармағында көзделген жазадан жеңілірек, яки ҚК-нің 55-бабында белгіленген жазаны қолдануға болады, бұл орайда Қабдолдановтың қылмыстық әрекеттегі қосалқы ролін назарға алған жөн.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, ҚІЖК-нің 467-бабы 6-бөлігінің 2-тармағын, 468-бабын басшылыққа ала отырып, қадағалау алқасы Айсаров, Қабдолдановқа қатысты Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімін, Алматы қалалық сотының қылмыстық алқасы мен қадағалау алқасының қаулыларын, Жоғарғы Соттың қылмыс-тық істер жөніндегі алқасының қаулысын өзгертіп, ҚК-нің 311-бабы 4-бөлігінің “б” тармағымен белгіленген жазаны ҚК-нің 55-бабына сәйкес төмендетіп, А.Айсаровты 2 жыл 6 айға, А.Қабдолдановты 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға қаулы етті. Сот қаулыларының басқа бөліктері өзгеріссіз қалдырылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет