Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы Қазақстан республикасындағы мемлекеттік ономастикалық ЖҰмыс тұжырымдамасы туралы



Дата30.06.2016
өлшемі123.55 Kb.
#168557
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОНОМАСТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы мақұлдансын.

Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.



Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

2005 жылғы 21 қаңтар

№ 45

Қазақстан Республикасы Үкіметінің



2005 жылғы « 21 » қаңтардағы

45 қаулысымен

мақұлданған
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОНОМАСТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ



  1. Кіріспе


1.1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасында пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасында (бұдан әрі – Тұжырымдама) мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

ономастика - жалқы есімдерді, олардың қалыптасу және түрлену тарихын зерделейтін тіл білімі бөлімі;

топонимика - географиялық объектілердің атауларын, олардың қалыптасу, өзгеру, жұмыс істеу заңдылықтарын зерделейтін ономастика бөлімі;

антропонимика - адамдардың (жалқы) есімдерін зерделейтін ономастика бөлімі;

оним - жалқы есім;

топоним - онимнің түрі, географиялық атаулар;

гидроним - топонимнің түрі, су объектілерінің атаулары;

ороним - топонимнің түрі, таудың, қыраттың, шоқының атаулары;

ойконим - топонимнің түрі, елді-мекендердің (ауыл, кент, қала) атаулары;

хороним - топонимнің түрі, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары;

зооним - онимнің түрі, жануарлар мен хайуанаттар атаулары;

фитоним - онимнің түрі, өсімдіктердің атаулары;

космоним - онимнің түрі, галактика мен ғарыш денелерінің, жұлдыздар мен жұлдыз шоғырларының атаулары;

этноним - онимнің түрі, халықтың, ұлттың атаулары.




    1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыстың қазіргі жай-күйін талдау

Қазіргі уақытта ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи ғана емес, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға да ие болып отыр.

Қоғам дамуының кез келген кезеңінде ономастикалық атаулардың тарихи маңызы зор болды. Адам қоғамдастығының бір де бірі, бір де бір мемлекет өзінің даму процесінде өзінің антропонимдері мен топонимдерінің жинағынсыз өмір сүрген емес. Сондай-ақ, қазақстандық қоғамдастықтың да ежелгі тарихи дәуірде қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйесі бар. Қазақстанның көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады және патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейіннен кеңес жүйесінің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Отаршылдық пен тоталитарлық режимдердің идеологтары ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудің саяси құралына айналдырды. Нәтижесінде қазақ ономастикасының өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігіне, әсіресе оның топонимикалық және антропонимикалық жүйелеріне орасан зиян келтірілді. Қазақстан картасы едәуір бұрмалауларға ұшырады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен және халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде қалыптасуымен ұлттық ономастика әлемдік кеңістікке белсене араласа бастады. Қазіргі кезде ономастикалық бірліктер халықаралық ресми құжаттарда белсенді түрде көрініс тауып келеді.

Қазақстанның ономастикалық кеңістігінде қамтылған Түркістан, Астана, Байқоңыр, Қарашығанақ және басқалары тәрізді атаулар Қазақстанның экономикасымен, тарихымен, мәдениетімен өзара тығыз байланыста бола отырып, атаулы функцияны алып қана қоймай, сонымен қатар өзіне күшті ұлттық әлеуетті шоғырландырған жоғары ассоциациялық семиотикалық белгілер де болып табылады.

Сонымен қатар, ұлттық ономастиканы дамытудың өзекті міндеттерін іске асыру жөніндегі шаралардың өнімділігі олардың нормативтік құқықтық қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты. Қазіргі кезде ономастикалық жұмыстың нормативтік құқықтық базасы Қазақстан Республикасы Конституциясының тиісті ережелеріне, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы № 3186 өкімімен мақұлданған Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасына, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 21 сәуірдегі № 368 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы туралы ережеге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысымен бекітілген ұйымдарды, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскипциясын өзгертудің тәртібіне негізделеді.

Еліміздегі демократиялық қайта құруларға сәйкес келетін ономастика саласындағы жұмысты жүйелендіруді және үйлестіруді одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыстың тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туындады.

Бұл ұлттық ономастика проблемаларын мемлекеттік деңгейде қарауға әкеледі.




  1. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

Осы Тұжырымдаманың мақсаты – тарихи негіздерге сүйене отырып, өткеннің жинақталған ғылыми проблемаларын шешудің жолдарын табу, сондай-ақ ұлттық ономастика жүйесінің одан әрі даму бағыттарын анықтау.

Ономастикалық жұмыстың негізгі міндеттері:

республикадағы ономастикалық қызметті реттеудің негізгі ғылыми негізделген бағыттарын айқындау;

ұлттық ономастика жүйесін одан әрі дамытудың негізгі қағидаттарын айқындау;

ономастикалық жұмыстың құқықтық негіздерін, қолданылу тетігін және іске асыру нысандарын әзірлеу болып табылады.




  1. Тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері

Тұжырымдаманы мынадай бағыттарда іске асыру көзделеді:

ғылыми-талдамалық және ғылыми-практикалық қызмет;

Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи географиялық атауларды қалпына келтіру;

Қазақстан Республикасының ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын және жалқы есімдерін реттеу;

көрнекі ақпараттар мен жарнамалық мәтіндерді ресімдеуді біріздендіру, үйлестіру және бақылау;

нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру.
3.1. Ғылыми-талдамалық және ғылыми-практикалық қызмет
Тарихи негіздерге сүйене отырып, өткен кезеңнің жинақталып қалған ғылыми проблемаларын шешу үшін осы жоба мынадай іс-қимылдарды жүзеге асыруды болжайды:

қолда бар топонимикалық қордың негізінде топонимдердің ұлттық лексика-графикалық базасын және Қазақстанның ономастикалық кеңістігінің секторлары бойынша компьютерлік қорды қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;

Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіргенге дейін және кіргеннен кейін, сондай-ақ коллективтендіру кезеңіндегі белгілі асыра сілтеулер, идеологиялық қысымдар, жеке басқа табынушылық, тың жерлерді игеру, «қайта құру» мен өзге де тарихи кезеңдер нәтижесінде Қазақстан картасында пайда болған географиялық, әкімшілік-аумақтық объектілердің, жергілікті жерлердің тарихи атауларының өзгеру фактілерін табу және тіркеу, іздестіру әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру;

Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің, жергілікті жерлерінің, елді мекендерінің, физика-географиялық және басқа да объектілерінің тарихи атауларының өзгеруінің нақты фактілерін талдау жөніндегі жұмысты жалғастыру;

байырғы қазақ топонимдерін одан әрі есепке алуды және жүйелеуді жүргізу, қазақ топонимдерінің қолданылу жиіліктерін зерделеу.

Ғылыми-талдамалық және ғылыми-практикалық қызметті қамтамасыз етудің негізгі құралдары:

ономастиканың өзекті проблемалары бойынша ғылыми зерттеулерді теориялық сияқты, практикалық та бағытта мынадай нақты бөлімдері бойынша дамыту: антропонимия, топонимия (гидронимия, микротопонимия, орономия, посессивтік атаулар), этнонимия, эргонимия, космонимия, зоонимия, фитонимия, спелеонимия, хоронимия, ойконимия және басқалары;

ономастика жөніндегі деректер базасын тұрақты негізде қолдау, жетілдіру, толықтыру, компьютерлік бағдарламалардың жаңа технологиялары мен әзірленімдерін қолдану жолымен физика-географиялық атаулар мен ойконимдер каталогын қажетті материалдармен жабдықтау;

ономастикалық жұмыстың өзекті проблемаларының теориялық және практикалық аспектілері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу;

ономастика саласындағы әлемдік қоғамдастықтың тәжірибесін зерделеу және есепке алу, БҰҰ жанындағы географиялық атауларды стандарттау жөніндегі комиссияның Мәскеудегі ТМД бойынша өкілдігімен өзара іс-қимылды үйлестіру;

республикадағы іргелі ономастиканың және өзге де ономастикалық қызметтің ғылыми - фактологиялық базасын одан әрі жетілдіру.

ономастика мәселелері бойынша қажетті және уақтылы шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін ақпаратты жинау және талдаудың озық технологияларын әзірлеу және пайдалану;

нормативтік құқықтық базаны жетілдіру және оның іске асырылуы жөніндегі қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау;

ежелгі халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға республика халқының құрметпен қарауын қалыптастыру мақсатында халықпен түсіндіру жұмыстарын, әңгіме өткізуді үйлестіру, мерзімді баспасөзде материалдар жариялау, теледидар мен радиодан хабарлар ұйымдастыру;

ономастиканың көкейтесті проблемалары бойынша әдебиеттер шығару жөніндегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу.
3.2. Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және

тарихи географиялық атауларды қалпына келтіру
Әкімшілік-аумақтық бірліктерге республикаға айрықша еңбегі сіңген және оның тарихына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан адамдардың аттарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің және әлемдік ауқымдағы ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің есімдерін беру және оларды қайта атау кезінде мынадай қағидаттар ескеріледі және сақталады:

қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға бұдан былай адам аттары берілмейді;

бір есімнің көп дүркін қайталануына және көбейіп кетуіне жол бермеу мақсатында олар республика бойынша үштен аспайтын және олардың қайтыс болған күнінен бастап бес жыл өткен жағдайда ғана беріледі;

объектілерге есімдер беру ат берілген (өзгертілген) күнінен бастап он жыл өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

Жергілікті өкілді және атқарушы органдарға мыналар ұсынылады:

1) қаладағы аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, орамдарға, парктерге, скверлерге, көпірлерге және қаланың басқа да құрамдас бөліктеріне ат қою және оларды қайта атау туралы, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде:

республикаға айрықша еңбегі сіңген және оның тарихына, ғылымына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан адам аттарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің және әлем деңгейіндегі ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің есімдерін әрбір облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана үшін екіден аспайтын және олардың қайтыс болғанына бес жыл толған жағдайда ғана беру;

көзі тірі адамдардың атын бермеу;

объектілерді қайта атауды ат берілген (өзгертілген) күнінен бастап кемінде он жыл өткен жағдайда ғана жүзеге асыру;

2) мемориалдық тақталарды орнату туралы шешімді қабылдау кезінде мұндай шешімдерді Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігімен келісу.

Осы бағытта мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделеді:

ежелгі халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға халықтың құрметпен қарауын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру және қалыптастыру, түрлі объектілердің: әкімшілік-аумақтық және аумақтық-өнеркәсіптік бірліктердің, елді-мекендердің, сондай-ақ көшелердің, алаңдар мен мекемелердің тарихи атауларын сақтау;

әкімшілік-аумақтық және аумақтық-өндірістік бірліктердің, сондай-ақ көшелердің, алаңдардың атауларын, мекемелердің атауларын шектен тыс идеологияландырудан арылу; тарихи топонимдерді қайта атау практикасынан, топонимикалық жүктемесі жоқ атауларды қолданудан бас тарту.
3.3. Қазақстан Республикасының ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын және жалқы есімдерін реттеу
Бұл бағыттағы жұмысты жүргізу үшін мынадай іс-шараларды жүзеге асыру көзделеді:

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, республиканың азаматтық хал актілерін жазу органдарымен бірлесіп, қазақ антропонимиясы бойынша сөздіктер мен анықтамалықтар шығару жөніндегі үйлестіру және ұйымдастыру жұмыстарын жолға қою;

қазақ тілінің фономорфологиялық нормаларына сәйкес ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын және жалқы есімін индексациялауды жүргізуді, дұрыс ресімдеуді және басқа тілдерге транслитерациялауды үйлестіруді жүзеге асыру;

антропонимиялық белгілеулерді бірдейлендіру жөніндегі және олардың қазақ тілінде жазылуын, оларды басқа тілдерге транслитерациялаудың біртұтас ережелерін белгілеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру.


3.4. Көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін ресімдеуді біріздендіру, үйлестіру және бақылау
Бұл бағытта мынадай іс-шаралар көзделеді:

ведомстволық объектілерді, ақпараттық-қабырғалық жарнамаларды, коммерциялық құрылымдардың маңдайшаларын, шетелдік өкілдіктерді және басқаларын көркемдеп безендіру кезінде тіл мәдениетін жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;

жарнамалық қабырғалардағы, ұйымдардың, мекемелердің, меншік нысанына қарамастан кәсіпорындардың атауларында тілдік нормалардың сақталуын бақылай отырып, мемлекеттік тілдегі мәтінінің болуын тексеру жөнінде ономастикалық объектілердің атауларын реттеуді жүргізу.
3.5. Нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру
Ашық азаматтық қоғамға сәйкес келетін ономастика саласындағы жұмысты жүйелеу және үйлестіруді одан әрі дамыту мақсатында осы саладағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру жұмысын жалғастыру қажет. Осыған байланысты Қазақстанның дамуының қазіргі кезеңінде мынадай шараларды қабылдаған орынды:

ономастикалық жұмыстың сараптамасын жүргізу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның ережелеріне сәйкес келмейтін жарнамалық мәтіндердің көрнекі ақпаратын ресімдеу үшін жауаптылық мәселесі бойынша тиісті құжат әзірлеу;

географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу және оларды орыс және басқа да тілдерде транскрипциялау ережелерін әзірлеу;

мемлекеттік тілде антропонимиялық белгілеулерді бірдейлендіру мен жазу жөніндегі және оларды басқа тілдерге транслитерациялаудың біртұтас ережелерін әзірлеу;

мүдделі министрліктер және ведомстволармен бірлесе отырып, Мемлекеттік тілдің фономорфологиялық нормаларына сәйкес ұлты қазақ азаматтардың тегін, әкесінің атын, жалқы есімін индексациялауды, дұрыс ресімдеуді және басқа тілдерге транслитерациялауды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу;

нормативтік құқықтық кесімдерге ономастикалық жұмыстың құқықтық негіздеріне және Мемлекеттік ономастика комиссиясы бекіткен атауларды пайдалануға қатысты бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

қазақ ономастикасын жүйелендіру жөніндегі қызметтердің жұмысын реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу.


3.6. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері
Тұжырымдаманы кешенді іске асыру мемлекеттік басқарудың орталық және жергілікті органдарының отандық ономастиканы одан әрі дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді меңзейді.

Мәдениет және тіл саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органының функциясына мыналар енгізілген:

Мемлекеттік ономастикалық комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

ономастикалық жұмысты үйлестіру;


4. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Жаһандану қарқынының ұлғая түсуі, Қазақстанда нарықтық қатынастардың күшеюі республиканың ономастикалық кеңістігін қалыптастыруға өз түзетулерін енгізді. Осыған байланысты ұлттық ономастикадағы өзгерістер мен жаңалықтардың әр түрлі үрдістерін реттеу жөніндегі міндеттер бір жолғы науқан болып табылмайды, керісінше тарихи қашықтығы бар, ұзақ мерзімді және мемлекеттік деңгейде қолдауды талап ететін, материалдық қамтамасыз етуге сәйкес келетін және ғылыми, терең мәдениетті, ұлттық және әлеуметтік маңызы бар аса маңызды ұжымдық шығармашылық ретінде бағалануға тиіс.

Осы Тұжырымдама республикадағы ономастикалық қызметті үйлестірумен, реттеумен қатар, ұлттық өзіндік болмысты, жалпы адамзаттық мәдениет пен оның құндылықтарының өзара байланысын қорғау мен сақтау тәрізді гуманитарлық мақсаттарды да болжайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет