Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 24 ақпанда
№ 928 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беру»
мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты
1. Жалпы ережелер
1. «Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беру» мемлекеттік қызметтер көрсетудің осы стандарты (бұдан әрі – Стандарт) мемлекеттік қызметтер көрсету (бұдан әрі – мемлекеттік қызметтер) тәртібін айқындайды.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызметтер «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережесінің 3-бөлімі негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) көрсетеді.
5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің аяқталу нысаны (нәтижесі) тіркеу куәлігін беру болып табылады.
6. Мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының резиденттері – заңды және жеке тұлғалар (бұдан әрі – тұтынушы) валюталық операцияны жасаған кезде оларға көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі уақыт бойынша шектеу мерзімдері:
1) мемлекеттік қызметтер тұтынушы құжаттардың толық пакетін ұсынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде көрсетіледі;
2) қажетті құжаттар пакеті кезек күтпестен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының
әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қызметкеріне не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлғаға осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша тапсырылады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салынады);
3) тіркеу куәлігін тұтынушыға (сенімхат негізінде оның сенім білдірілген тұлғасына) кезек күтпестен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының жауапты орындаушысы осы Стандарттың
1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша береді.
8. Мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.
9. Тіркеу куәлігін беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында тұтынушылар үшін қолжетімді орында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) орналастырылған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтер көрсететін аумақтық филиалдары бөлімшелерінің мекенжайлары және байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.
10. Құжаттарды қабылдау және беру демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін күн сайын көрсетіледі.
Құжаттарды қабылдау және беру кезек күтпестен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
11. Мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарының ғимараттарында осы Стандарттың
1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша көрсетіледі. Аумақтық филиалдардың ғимараттары шектеулі мүмкіндіктері бар адамдарға қолжетімді болуы үшін пандустары бар кіру есіктерімен жабдықталған.
Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде кезектіліктің болмауына байланысты күту залы көзделмеген.
2. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі
12. Тіркеу куәлігін алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
1) осы Стандарттың 2-қосымшасына сәйкес өтініш;
2) валюталық шарттың тігілген және қол қойып (жеке және заңды тұлғалар үшін) және мөрмен (заңды тұлғалар үшін) расталған көшірмесі;
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (валюталық операцияны жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);
4) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (заңды тұлғалар үшін);
5) салық төлеушінің мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттың көшірмесі;
6) валюталық шарт бойынша міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшірмелері.
Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылады.
13. Тіркеу куәлігін алуға арналған өтініштің нысанын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсынан (www.nationalbank.kz) және/немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалынан осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша алуға болады.
14. Құжаттар қабылдауды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қызметкері не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлға осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекен-жайлар бойынша жүзеге асырады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салынады).
Тіркелгеннен кейін құжаттарды әкімшілік-шаруашылық бөлімнің қызметкері не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының басшылығына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалының жауапты бөлімшесіне бұдан әрі қарауға жіберу үшін ұсынады.
15. Құжаттар пакетін қолына тапсырған жағдайда тұтынушының қолына осы Стандарттың 3-қосымшасына сәйкес құжаттардың алынғаны туралы талон беріледі.
Талонды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жауапты орындаушысы не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлға осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жазады.
Құжаттар пакетін хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшік арқылы тапсырған жағдайда құжаттардың алынғаны туралы талон берілмейді.
16. Тіркеу куәлігін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарының жауапты орындаушысы тұтынушыға не оның сенім білдірілген тұлғасына (сенімхат болған кезде) жеке басын куәландыратын құжатын ұсынған кезде тіркеу куәліктерін беруді есепке алу журналына қол қойғыза отырып береді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтер көрсететін аумақтық филиалдары бөлімшелерінің мекенжайлары және байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.
17. Егер:
1) шынайы емес ақпарат ұсынылған не Заңға сәйкес талап етілетін ақпарат ұсынылмаған;
2) жүргізілетін операция Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген жағдайларда тіркеу куәлігін беруден бас тартылады.
Тіркеу куәлігін беруден бас тарту себептері көрсетілген дәлелді жазбаша жауап өтініш беруші барлық қажетті құжаттарды ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі. Жауап почта бойынша жіберіледі не тұтынушыға не оның сенім білдірілген тұлғасына (сенімхат болған кезде) қолын қойғыза отырып қолына беріледі.
3. Жұмыс қағидаттары
18. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы тұтынушыға қатысты басшылыққа алатын жұмыс қағидаттары:
1) әдептілік;
2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы толық ақпарат;
3) мемлекеттік қызметтердің уақтылы көрсетілуі;
4) тұтынушының қарауға ұсынған құжаттарының сақталуы;
5) тұтынушы құжаттарының мазмұны туралы ақпараттың қорғалуы және құпиялылығы;
6) тұтынушы құжаттарды алу үшін келмеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзімде олардың сақталуы.
4. Жұмыс нәтижелері
19. Тұтынушыларға мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелері осы Стандарттың 4-қосымшасына сәйкес сапа және қолжетімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.
20. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалының жұмысы бағаланатын мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапа және қолжетімділік көрсеткіштерінің мақсатты мәндерін арнайы құрылған жұмыс тобы жыл сайын бекітеді.
5. Шағымдану тәртібі
21. Тұтынушы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы уәкілетті лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тиісті аумақтық филиалының басшылығына осы Стандарттың 5-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша шағым жасай алады.
Егер тұтынушы қабылданған шараларға қанағаттанбайтын болса немесе мәселені жоғары тұрған сатының қарауы талап етілсе, тұтынушы шағымды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының атына не оның орнындағы тұлғаға жазбаша түрде жолдай алады.
Іс-әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) шағым жасау және шағымды дайындауға жәрдемдесу тәртібін түсіндіруді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті аумақтық филиалының жауапты орындаушысы осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жүзеге асырады.
22. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының не оның орнындағы тұлғаның атына берілетін мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі шағымдар почта бойынша жазбаша түрде немесе мына мекенжай бойынша: 050040, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы, 21-үй, қолмен қабылданады.
23. Қабылданған шағым жеке (заңды) тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында тіркеледі. Шағымның қабылдануын растайтын құжат оның екінші данасы не оның көшірмесі болып табылады, онда шағымды қабылдайтын тұлға шағымды қарау мерзімін және қарау барысы туралы байланыс деректерін көрсетеді.
Шағымдарды тіркеу, есепке алу және қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.
Шағымдарды қарау нәтижелері туралы тұтынушыға жазбаша түрде хабарланады.
6. Байланыс ақпараты
24. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары басшылығының қабылдауы осы Стандарттың 5-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті аумақтық филиалында тұтынушылар үшін қолжетімді орынға орналастырылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы басшылығының жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
_______________________
Достарыңызбен бөлісу: |