Қазақстан Республикасында еркін экономикалық аймақтардың іс-әрекетін мемлекеттік реттеу мәселелері
С.Т. Қарғабаева, экономика ғылымдарының кандидаты
Халықаралық Бизнес Академиясы, Алматы қаласы, K_Sauleshka@mail.ru
Экономиканы мемлекеттік реттеу қажеттілігі айқын болып табылады, себебі нарық тиімді ұзақ мерзімді экономикалық дамуды, қайта өндірілмейтін ресурстарды орналастыруды, маңызды ғылымдарға, экологияға және т.б. қаржы салымдарын ынталандыруды қамтамасыз етпейді. Мемлекет, қоғам қажеттілігіне сәйкес экономика құрылымын қалыптастыруда жүйелі макрореттеуді және пайдаланытын экономикалық механизмдерді қамтамасыз ету керек [1].
Экономиканы мемлекеттік реттеу ерекшеліктері және спецификасы әлемдік экономикалық дамудың қазіргі кезеңінде берілген елде басымды нарықтық шаруашылықтың моделімен анықталады.
Нарықтық механизмнің даму дәрежесіне және мемлекет қатысуының масштабына байланысты нарықтық экономиканың екі негізгі моделін бөлуге болады: либералдық және әлеуметтік бағытталған.
Осы модельдердің негізгі сипаттамаларын келтірейік:
Либералды:
-
жеке меншіктің үстем болуы, нарық субъектілерінің еркіндігі, мемлекеттің араласпауы;
-
мемлекеттік реттеу макроэкономикалық процестерде шоғырланған;
-
мемлекет халықтың өмір сүру мәселелерін шешуде шеттелген.
Әлеуметтік бағытталған:
-
маңызды мемлекеттік секторда аралас экономика;
-
мемлекеттік және жеке құрылымдар үшін нарық алаңында мемлекет ойын ережелерін белгілейді;
-
макроэкономикалық процестерді ғана емес, сонымен қатар шаруашылық субъектілердің іс-әрекетін де мемлекет тарапынан реттеу;
-
белгіленген деңгейде халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, мәдениет, баспана қажеттіліктерін мемлекет қамтамасыз етеді;
-
жұмыссыздықты барынша төмендету бағдарында халықтың жұмыс бастылығын реттеу;
-
халықтың табысын мемлекеттік реттеу [2].
Нарықтық экономика шарттарында мемлекетттік реттеу тікелей (инвестициялар, дотациялар, субвенциялар, бағалар) және жанама (несие, амортизациялық, фискалды саясаты) әдістерімен пайдаланып, халық шаруашылығының дамуына басқару органдары арқылы әсерін тигізу, экономиканың мемлекеттік, жеке және аралас секторларында макроэкономикалық мақсаттарды іске асыруға бағыттайды.
Әдетте, мемлекеттік реттеу үш негізгі элементтердің бар болуын талап етеді:
1. Экономиканың мемлекеттік секторы, яғни мемлекеттік реттеудің тікелей объектісі (қорғаныс өнеркәсібі, мемлекеттік пайдаланылатын жерлер, көліктің магистральды түрлері, коммуникациялар, әртүрлі салаларда меншіктің аралас түріндегі объектілер).
2. Ұзақ мерзімді жалпы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, мемлекет тапсырыстары және салық жеңілдіктері арқылы техникалық қайта жабдықтауға кепілденген нарықтың жасалуы, капитал сыйымды өндірістерді дамытуға пайдаланатын ұлттық табыстың маңызды үлесін бюджет арқылы дамыған қайта тарату жүйесінің болуы.
3. Экономикалық үрдістерді реттеуге, оларды нақты уақыт масштабында жобалауға және бақылауға мүмкіндік беретін, кешенді дамыған байланыс және ақпаратты өңдеу жүйесі.
Мемлекетік реттеу стратегиясын іске асыру механизмі экономиканы монополизациядан айыру үрдістеріне тиімді әсер ету тетіктерімен қамту керек. Мұнда маңызды принцип тауар және қызмет өндірушілер арасында нақты бәсекелестің пайда болуы, ол деген құрылымды ақша-несие саясатымен қатар инфляцияны тоқтатуға, бағаны төмендетуге және сонымен бірге қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ұлттық валютаны күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекетік реттеу жүйесі деп, біздің ойымызша, тек қана әсер ету әдістерін ғана емес, сонымен қатар ұйымдастыру құрылымдарды, құқықтық құжаттарды (заңдар, қаулылар және т.б.), оларды қабылдау, келістіру және бақылау рәсімдері, яғни халық шаруашылығын реттеу үрдістерін жүргізу үшін шарттар жасайтын элементтерді түсіну.
Мемлекеттік реттеу механизмінің негізгі элементтеріне жататындар:
- макроэкономикалық жоспар-жобаларды (индикативтік жоспарлау), оларды орындау механизмдерін әзірлеу;
- халық шаруашылығы құрылымына қатысты шешімдерді қалыптастыру (орталықтандырылыған инвестицияларды таратып бөлу, мемлекеттік тапсырыстар, тиімсіз салаларды тұқырту бағдарламаларын әзірлеу);
- тікелей мемлекеттік бақылау саласына кірмейтін (салықтар, дотациялар, кеден ережелері, ақша-несие саясаты және т.б.) үрдістер үшін реттеу жүйесін әзірлеу [3].
Мемлекеттік реттеудің мәселелеріне жоғарыда келтірілген әдістер экономиканың барлық салаларында қолдануға болады, солардың ішінде еркін экономикалық аймақтар үшін және еркін экономикалық аймақтарды мемлекеттік басқарудың жалпы принциптерін анықтауға мүмкіндік береді:
1. Халық шаруашылығын дамытудың жалпы стратегиясын іске асыру позициясынан еркін экономикалық аймақты жасау, дамыту сұрақтарын дәлелдеу.
2. Еркін экономикалық аймақтың басқару механизмін қалыптастыруда мемлекеттік реттеудің ықпал ету саласын шектеу, құзыреттерді, қызметтерді және мақсаттарды нақты бөлуде, олардың өзара іс-әрекеттерінің үйлесімді механизмін іздестіру маңызды рольге ие.
3. Еркін экономикалық аймақты жасаудың және дамытудың мақсатын таңдағанда басымды тек қана сыртқы экономикалық мәселелерді шешу емес, сонымен қатар жалпы экономиканы тұрақтандыру, ғылымның және өндірістің келешегі бар бағыттарды дамыту, жалпы шаруашылық және әлеуметтік мақсаттарды да шешу болып табылады.
4. Басқа әдістермен қоса еркін экономикалық аймақтың іс-әрекетін реттеуде ең алдымен экономикалық әдістерді қолдану, атап айтқанда салық, қаржы-несие, кеден саясаттары.
Мемлекеттік басқару жүйесінде жергілікті үкімет органдары үдеуші рольге ие. Бұл еркін экономикалық аймақты басқаруға орынды, себебі, біріншіден, олар территориялық құрылым болып табылады, екіншіден, еркін экономикалық аймақты басқару бойынша өкілеттіліктің маңызды бөлігі жергілікті үкімет құрылымдарына беріледі.
Еркін экономикалық аймақ өңірлік саясаттың объектісі болып, жергілікті басқару органдырының реттеу саласына тап болады.
Шетел және отандық зерттеулерде аймақтық саясаттың ендігі құралдыары жиі қарастыралады:
Меншікті басқару, соның ішінде:
-
жаңа мемлекеттік кәсіпорындарды орналастыру немесе бар фирмаларды келелі мәселелелі аймақтарға ауыстыру;
-
мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру, жеке меншік фирмалардың акцияларын сатып алу.
Мемлекеттік және аймақтық субсидияларды және инвестицияларды өндірістік, әлеуметтік, көлік, экологиялық және басқа да инфрақұрылымдарға салу.
Салық саясаты (соның ішінде өндірісті ынталандыру мақсатында әртүрлі жеңілдіктер беру немесе салықтан толық босату).
Негізгі құралдардың амортизация мерзімін заң арқылы реттеу, атап айтқанда жылдам амортизацияға құқық беру.
Жеке меншік фирмалардың өнімдеріне және қызметтеріне мемлекеттік тапсырыстар беру.
Әкімшілік шаралар, соның ішінде:
-
әкімшілік ғимараттардың және өндіріс объектілердің құрылысына тыйым салу, рұқсат, лицензиялар, сертификаттар беру және бақылаудың басқа да құралдары;
-
ресуртардың бөлек түрлерін ұтымды тұтыну, нормалау (мысалы, құрылыс материалдары);
-
келелі мәселелелі аймақтарға мәжбүрлі мемлекеттік келісім шарттар арқылы тапсырыс беру.
Әлеуметтік сипатты шаралар:
-
аймақтық ерекше жұмысбастылық бағдарламалары, кәсіби дайындық, үй құрылысы, қоршаған ортаны қорғау және т.б.
-
халықтың және өндірістің икемділігін ынталандыратын шаралар (мысалы, қоныс аударушыларға миграциялық субсидиялар немесе сыйақылар).
Жермен пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және басқа салаларда құқықтық нормалар.
Макроэкономикалық реттеудің құралдары сияқты аймақтық саясаттың құралдары және шаралары, әдеттегідей, ынталандырушы және шектеуші, тікелей және жанама, белсенді және енжарлы болып бөлінеді.
Жоғарыда айтылған аймақтық саясаттың құралдары еркін экономикалық аймақта да қолданады. Еркін экономикалық аймақтың ерекшелігіне байланысты жергілікті басқару органдары экономикалық, әкімшілік, әлеуметтік және басқа да реттеу шараларымен қолданады, олар еркін экономикалық аймақтың дамуына байланысты жетілдіріледі.
Жергілікті деңгейде еркін экономикалық аймақтың басқару жүйесінің негізгі принциптері және элементтері ендігідей болуы мүмкін:
1. Өңір өз жерінде еркін экономикалық аймақты жасай отырып жалпы өңірдің дамуын, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды және міндеттеді көздейді.
2. Еркін экономикалық аймақтың мақсаттарын және міндеттерін іске асыру үшін өз құзыретінің шегінде басқару органдары реттеудің барлық құралдарымен және әдістерімен пайдаланады.
3. Еркін экономикалық аймақты жасауды және дамытуды жоспарлау өңірді дамытудағы әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды қалыптастырудың маңызды элементі болып табылады және индикативті сипатқа ие.
4. Басқару органдары еркін экономикалық аймақтың шаруашылық субъектілерінің іс-әрекеттерін өңір мүддесіне қарай бақылау жүргізеді.
Еркін экономикалық аймақты жасаудың және дамытудың жоспарлауын жетілдіру жиынтықта еркін экономикалық аймақтың басқару жүйесінің элементі ретінде сыртқы экономикалық ортаны қалыптастыратын, ең алдымен ғылыми-техникалық, әлеуметтік, сыртқы экономикалық және басқа да мемлекеттік саясаттарын дәлелдеу деңгейін көтеруге бағыттау керек.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 Горбунов Э. Структурная политика в условиях эволюционного перехода к рынку // Экономист- 1992. - №9. – С.161
2 Орлов В., Уваров Ю. Рынок, но какой? // Известия, 1992. – 1 декабря.
3 Мырзалиев Б.С. Государственное регулирование экономики. //Алматы: Нұр-пресс, 2007.- С.522
Резюме к статье
В статье рассматриваются проблемы государственного управления свободных экономических зон и предлагаются рациональные пути их решения.
The resume to article
In article problems of the government of free economic zones are considered and rational ways of their decision are offered.
Еркін экономикалық аймақты мемлекеттік реттеу құралдары
С.Т. Қарғабаева, экономика ғылымдарының кандидаты
Халықаралық Бизнес Академиясы, Алматы қаласы, K_Sauleshka@mail.ru
Мемлекет фискалды, қаржы, сыртқы сауда, әкімшілік және әлеуметтік шараларды пайдаланып, ынталандыру жүйесі арқылы нақты аймақта экономиканы дамыту және қойылған мақсаттарға жету үшін жағымды шарттар жасайды.
Еркін экономикалық аймақты мемлекеттік реттеу құралдарының бірі жеңілдетілген мемлекеттік несиелер және инвестициялар, жалдауға және коммуналдық қызметтерге төмен бағалар жүйесі, т.б. қамтитын қаржы шаралары болып табылады.
Еркін экономикалық аймақтағы жеңілдіктер мен ынталандырулар жүйесін тиімді жасау – болашақта оның ойдағыдай дамуының кепілі. Дәл осыдан инвесторларды тартудан түскен пайда мен салық және кеден жеңілдіктерінің берілуінен болған бюджеттік шығындар ара қатысы тәуелді. Жалпы жеңілдіктер, мұндағы жоқ даму факторларының өтемақы механизмы емес, берілген аймақтың салыстырамлы басымдылықтарды іске асыруда қосымша құрал қызметін атқаруы тиіс. Мемлекет рөлі тек осындай оңтайлы жүйені қалыптастыруда ғана емес, сонымен бірге оның орнатылған жеңілдіктерді және преференцийлерді сақтау үшін тұрақты түзетулер мен бақылау жасауда да маңызды.
Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтарда қаржы іс-әрекеті еркін экономикалық аймақтардың Әкімшілік кеңесі қаржы қорын немесе еркін экономикалық аймақтың шекарасы әкімшілік-территориялық бірліктің шекарасымен тура келгенде бюджетті қалыптастыруды қарастырады. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы, «Астана-жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы әкімшілік-территориялық бірліктің шекарасында орналасқан себебінен, олардың бюджеттері бір мезгілде сәйкес Ақтау және Астана қалаларының бюджеті болып табылады. Оңтүстік облысындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында, Алматы қаласының Медеу ауданының Алатау кентінде орналасқан «Ақпараттар технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында қаржы қоры қалыптасады.
Арнайы экономикалық аймақтардың қаржы қорының немесе бюджетінің табыс құрамына еркін экономикалық аймақта салық төлеуші ретінде тіркелген заңды және жеке тұлғалардың төлейтін жергілікті және жалпы мемлекеттік салықтары кіреді. Сондай-ақ, заңмен қарастырылған арнайы қорларға төлемдер қаржы қорынының (бюджеттің) қалыптастыру көзі бола алмайды. Зерттеу көрсеткендей, арнайы экономикалық аймақтардың қаржы қорының (бюджетінің) табыс бөлігін қалыптастыруда қаржы қорына салықтарды есепке қосу тәртібінде ескертілген ерекшеліктер бар. Арнайы еркін экономикалық аймақтың қаржы қорының (бюджетінің) жоғары тұрған бюджетпен өзара байланыстар арнайы экономикалық аймақтың қаржы қорына (бюджетіне) түсетін табыстарының жалпы соммасынан бөлінген сомма ұзақ мерзімді тұрақты норматив арқылы анықталады. Әр арнайы экономикалық аймақ бойынша сәйкес Ережелерде бөлінген сомманың нақты нормативтері анықталған, бұл деген тек аймақтың дамуына ғана емес, сонымен қатар жалпы өңірдің дамуына да ықпалын тигезеді.
Қаржы бойынша арнайы экономикалық аймақтарды мемлекеттік реттеуде арнайы экономикалық аймақтың Әкімшілік кеңесі мақсатты қаржы қорларын құра алады деп қарастырылған, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтың экономикалық және әлеуметтік даму қоры. Ондай қор Қазақстан Республикасының барлық арнайы экономикалық аймақтарында құрылған.
Арнайы экономикалық аймақтардың мақсатты қаржы қорлары бос бюджет құралдары, салықтық сипатты емес төлемдер, сауда жүргізгеннен табыстар, аймақтық лотереялар, заңдық және жеке тұлғалардың еркін салымдары, сондай-ақ заңға қарсы келмейтін басқа көздер арқылы да құрылады.
Арнайы экономикалық аймақта салық салу Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес реттеледі, онда арнайы экономикалық аймақта тіркелген шаруашылық субъектілерге жеңілдетілген салық салу тәртібі қарастырылған. Заңдық тұлғалардан табыс салығы 20% мөлшерінде алынса, арнайы экономикалық аймақ тәртібі орнатылмаған басқа жерлерде 30% мөлшерінде алынады.
Аймақтарда заңдық тұлғалардан табыс салығына жеңілдіктен басқа басымды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеңілдіктерді қарастырған «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша ендігі түрде жеңілдіктер берілген [1]: мемлекеттік заттай гранттар; келісім шартты жасағаннан бастапқы 5 жыл мерзімге 100% негізгі мөлшерге дейін табыс салығы, жер салығы және мүлікке салығы мөлшерін төмендету, әрі қарай 5 жылға дейін 50% негізгі мөлшерге дейін табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы мөлшерін төмендету. Берілген жеңілдіктер инвестициялар бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комитетімен беріледі, сондықтан еркін экономикалық аймақтағы басымды инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында бұл жеңілдіктер еңгізілген.
Қазіргі уақытта «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жойылғанына байланысты бұл тәртіп 2003 жылы 8 қантарда қабылданған «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледі [2]. Бұл Заңға сәйкес жоғарыда айтылған мемлекеттік заттай гранттар беріледі.
Арнайы экономикалық аймақтарға табыс салығы бойынша заңдық тұлғалардан орнатылған 20% жеңілдік «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заңымен қолданатын жеңілдетілген тәртіппен бәсекеге түсе алмайды, себебі инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақтарға қарағанда басқа өңірлерде жағымды. Сондықтан, табыс салығы бойынша жеңілдік 10% аспау керек.
Қазақстан Республикасының қаржы-несие және салық жүйесінде болып жатқан өзгерістерді және шетел тәжірибесін (мысалы, Қытай) ескеріп арнайы экономикалық аймақта салық тәртібін жетілдіру және арнайы экономикалық аймақтар шарттарында салық бойынша көптеу жеңілдіктерді орнату қажет.
Еркін экономикалық аймақты құру және оның жұмыс істеу тәртібін анықтайтын нормативтік құжаттарды Қазақстан Республикасының кедендік бірлестік Кеңесінің мүшесі болып табылатынын ескере отырып, тиісті халықаралық келісімдер мен конвенциялардың негізінде құру керек (кіру уақыты – 1992 жыл, шілде айы).
Еркін экономикалық аймақтар іс-әрекеттеріндегі кедендік салу мәселелері республиканың шексіз құқығы болып табылады, ол аймақ кәсіпорындарының сыртқы экономикалық операцияларға кедендік баждары мен салықтарының жеңілдік деңгейін белгілейді. Мемлекет аймақ шекарасындағы (ішкі және сыртқы) кедендік бақылауды жүзеге асырады.
Аймақта тұтыну үшін және де қайта өңдеу үшін, жинау және келесі қайта экспорттау үшін еркін экономикалық аймақ аумағына шетелден келген өнімдер кедендік салықтан және импорттық салықтан босатылады. Еркін экономикалық аймақтарда бажсыз әкелінген импорттық материалдарды қолдану мен өндірілген аймақтың дайын өнімдерін республика аумағына жеткізу жағдайларында бұл өнімдерге импорттық компонент құнының бөлігінде баж салынуы мүмкін.
Еркін экономикалық аймақта өндірілген экспорт өнімге экспорттық баждар, экспорттық салықтар салынбайды, лицензиялауға және квоталауға түспейді. Қайта өңдеуге түспеген, еркін экономикалық аймақ арқылы жүзеге асырылған экспорт өніміне белгіленген тәртіпте экспорттық баждар мен экспорттық салықтар салынады. Мұндай өнімге тиісті республика аумағында қабылданған лицензиялау және квоталау тәртібі жүреді.
Арнайы экономикалық аймақта кедендік реттеу Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен реттеледі. Арнайы экономикалық аймақтың жері Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жер ретінде қарастырылады. Берілген тәртіп өндіріс операцияларын орындауға қажетті, сырттан кіретін жабдықтаулар, шикі зат, материалдар және басқа да тауарлар кедендік баждардан, салықтардан және экономикалық саясаттың шаралырмен қолданудан босатуды қарастырады [3].
Арнайы экономикалық аймақта қайта өңделген тауарлар шығуда кеден баждарынан босатылады. Арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорынға бажсыз жабдықтауды және шикі затты кіргізуге, бажсыз дайын өнімді шығаруға болады. Басқа тауарларға, шыққан еліне байланысты, арнайы экономикалық аймақтардан Қазақстан Республикасының басқа жеріне баруында кеден баждары салынады.
Арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін шаруашылық субъектілердің салық жеңілдіктері бар екенін ескеріп, арнайы экономикалық аймақта кеден тәртібі өндірісті, экспортқа бағытталған өнімді шығаруды ынталандырады деп айтуға болады.
Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтарының қызмет ету тәжірибесін зерттеу көрсеткендей, арнайы экономикалық аймақтарды тиімді мемлекеттік реттеу мақсатында арнайы экономикалық аймақтың құқықтық базасын жетілдіру қажет.
Біріншіден, арнайы экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімін ұзарту қажет, себебі ірі компаниялардың жобалары капитал сыйымды және оларды өтеу мерзімі 8-10 жылға созылады.
Екіншіден, арнайы экономикалық аймақта, біздің жағдайда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында іс-әрекеттердің басымды түрлерінің тізімін кеңейту қажет:
-
көлік логистикалық орталықтың іс-әрекеті үшін көмекші және қосымша көлік іс-әрекетін кеңейту;
-
шекарамен шектес орталығының іс-әрекеті үшін агенттер арқылы көтерме саудасын кеңейту;
-
қосалқы аймақтар оператор-компаниялардың іс-әрекеті үшін:
-
жылжымайтын мүлікпен операцияларды, жалға беруді және тұтынушыларға басқа да қызметтер көрсетуді кеңейту;
-
электроқуатын, газды және суды таратуды кеңейту.
Арнайы экономикалық аймақтар туралы мәселелер бойынша қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының, оның субъектілерінің және муниципалды құрылымдардың жалпы даму мүддесіне жауап беретін Заң қабылдау қажет. Әлемдік тәжірибені негізге алып, Қазақстанға қажетті арнайы экономикалық аймақтардың түрлеріне, олардың мамандануына, мөлшеріне, жасалу, қаржыландыру және басқару тәртібіне ерекше көңіл бөлу керек. Арнайы экономикалық аймақтың шаруашылық іс-әрекеті тәртібін анықтағанда осы аймақтарда шетел және қазақстандық кәсіпкерлерге берілетін салық, кеден, бюджеттік және т.б. жеңілдіктер мөлшерін және нақты түрлерін заңда келтіру қажет.
Нормативтік актілерге қосымшаларды және өзгерістерді еңгізу арнайы экономикалық аймақтардың қызмет ету тәртібін реттеуді жақсартуға ықпалын тигізеді және берілген өңірлердің жылдам экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Арнайы экономикалық аймақты мемлекеттік басқару халық шаруашылығын дамытудың жалпы стратегиясын іске асыру шеңберінде, осы стратегияның басқа бағыттарымен өзара байланыстырып жүргізеді. Нарықтық экономикалық шарттарында арнайы экономикалық аймақты мемлекеттік реттеу арнайы экономикалық аймақты дамытуда басқару органдарының тікелей (инвестициялар, дотациялар, субвенциялар, бағалар) және жанама (несие, амортизациялық, салық, кеден саясаты) реттеу әдістерін қолданып, экономиканың мемлекеттік, жеке және аралас секторын макроэкономикалық мақсаттарды іске асыруға бағыттайды. Арнайы экономикалық аймақтың басқару механизмін қалыптастыруда мемлекеттік реттеудің ықпалын тигізу саласын және нарықтың барлық деңгейінде шектеу ерекше рөлге ие, құзыретін, қызметін және мақсаттарын нақты шектеуде олардың өзара іс-әрекетінде оңтайлы механизмді табу қажет.
Еркін экономикалық аймақтар үшін мемлекеттің іс-әрекеті макроэкономикалық саясатты әзірлеуде және іске асыруға шоғырлану қажет, басымды нарықтық тетіктерді пайдалану және кәсіпорындардың, салалардың, өңірлердің шаруашылық іс-әрекетінде әкімшілік ықпал жасау әдістерін шектеу қажет.
Арнайы экономикалық аймақтың жасау және дамыту жоспарын жетілдіру мемлекеттік саясаттың дәлелдік деңгейін көтеруге бағытталған, яғни ғылыми-техникалық, әлеуметтік, сыртқы экономикалық және т.б., жиынтықта арнайы экономикалық аймақтың басқару элементі ретінде сыртқы экономикалық ортасын қалыптастырады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. // Егемен Қазақстан, 1997.
2 «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы // Егемен Қазақстан, 2003.- 11 қантар
3 Мұстафаев С.Т. Қазақстан Республикасының Кеден құқығы (заң факультетінің студенттеріне арналған лекциялар курсы). – Оқу-әдістемелік құрал. –Түркістан: «Тұран» баспаханасы, 2004. 96 б.
Резюме к статье
В статье рассматриваются механизмы управления свободных экономических зон, государственная политика совершенствования развития специальных экономических зон.
The resume to article
In article mechanisms of management of free economic zones, a state policy of perfection of development of special economic zones are considered.
Достарыңызбен бөлісу: |