254-бап. Мiндеттерiне адал қарамау
Коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, –
белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
10-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ҚАУIПСIЗДIККЕ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТIПКЕ ҚАРСЫ
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
255-бап. Терроризм актісі
1. Терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де әрекеттер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған әрекеттердi дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру, –
мүлкі тәркіленіп, алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) бiрнеше рет;
2) азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiруі мүмкін қаруды не қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданып жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивтi материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерін төндірумен және жаппай уландыруды, эпидемияны немесе эпизоотияны таратуды, сол сияқты адамдарды жаппай қырып-жоюға әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттердi жасаумен немесе жасау қатерін төндірумен ұласса;
2) абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, –
мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан он жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалған, адам өмiрiне қол сұғу, сол сияқты дәл сол мақсаттарда, сондай-ақ мемлекет немесе қоғам қайраткерiнiң мемлекеттiк немесе өзге де саяси қызметiн тоқтату не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған оның өмiрiне қол сұғу не халықаралық қорғауды пайдалантын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, адамды кепiлге алумен, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, жылжымалы темiржол составын не өзге де қоғамдық көлiктi айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өмiрiне қол сұғу –
мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Терроризм актiсiн дайындауға қатысатын адам, егер ол мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертуiмен немесе өзге тәсiлмен терроризм актiсiн болғызбауға ықпал етсе және егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 255-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |