Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет4/12
Дата13.06.2016
өлшемі287 Kb.
#134126
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

32-бап


Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн шектелуi мүмкiн.

33-бап


1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.
2. Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ қатысуға құқығы бар.
3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
4. Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және белгiленедi.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284.

34-бап


1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әркiм Республиканың құрметтеуге мiндеттi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N Заңымен.

35-бап


Заңды түрде салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.

36-бап


1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
2. Республика азаматтары белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

37-бап


Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет қорғауға мiндеттi.

38-бап


Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.

39-бап


1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
2. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс.
Ескерту. 39-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2007.05.28 Қаулысымен.

III бөлім
ПРЕЗИДЕНТ

40-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.

41-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентiн сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.
2. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
3. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
3-1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
4. алып тасталды
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 41-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1998.10.09, 41-баптың 1 және 3-тармақтарына түсініктеме берілді - 2005.08.19 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N, 2011.02.02 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

42-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.
2. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң қатысуымен өткiзiледi. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi.
3. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
4. алып тасталды
5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N, 2007.05.21 N Заңдарымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет