Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайларды және
өнеркәсіптік қауіпсіздікті
мемлекеттік бақылау комитетінің
2008 жылғы «20» тамыздағы
№ 33 бұйрығымен
келісілген
Қазақстан Республикасының мысколчедан рудниктерінде профилактикалық батпақтау және жерасты эндогендік өрттерін сөндіру жөніндегі әдістемелік ұсыныс
Кіріспе
Осы әдістемелік ұсыныс өрт қауіпі бар кен орындарында жерасты кен жұмыстарын жүргізгенде, сондай-ақ жаңадан барланған сульфид кендері мен өздігінен жануға бейім қойнау жыныстары кездесетін кен орындарының рудниктерін жобалауда басшылыққа алуға арналған.
1-тарау. Жалпы талаптар
1. Кен орындарын қазу барысындағы өрттер туындау себептері бойынша:
1) эндогендік-сульфид кендері мен қойнау жыныстарының тотықтануы нәтижесінде өздігінен жануынан туындайтын;
2) экзогендік-сыртқы жылу көзінің әсерінен жанғыш материалдардың тұтануынан туындайтын өрт болып бөлінеді.
2. Кен орындарындағы эндогендік өрттер қазым кеңістігінде құлату жүйесінде, кендер қатталған камераларда, сондай-ақ бұзылған діңгелер мен төбелерде туындайды.
3. Сульфид кендері мен қойнау жыныстарының тотықтанушы компоненттері сульфид минералдары болып табылады: пирит, марказит, мельниковит-пирит, пирротин, халькопирит, ковеллин, сфалерит және тағы басқа.
4. Сульфид кендері мен жыныстардың тотықтануы кен атмосферасынан оттегін үздіксіз сіңіруінен және нәтижесінде белгілі бір көлемде жылу бөлуі арқылы жүреді. Әсіресе кен мен жыныстардың ылғалдылығы 1-4 % болғанда тотықтану процестері қарқынды бола түседі.
5. Эндогендік өрт кезеңіне жеткізетін тотықтану процестері тазалау жұмыстарын жүргізу барысында дамиды және бұл жұмыстардың толтырмамен немесе профилактикалық батпақтау жүйесін қолдану арқылы жүргізілгеніне байланысты болмайды, яғни, тазалау кенжарында кеннің уақытша қатталуы мүмкін болатын қазу жұмысының кез келген жүйесінде туындай береді.
6. Қоршаған ортамен жылу алмасу нашар болғанда жылу қазым кеңістігінде жиналады да өздігінен қызу көздерінің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Кен мен жыныстар қызғанда олардың химиялық белсенділігі температура әр 10оС-ге көтерілген сайын оттегіне қатысты 1,5-2,0 есеге арта бастайды.
7. Тазалау камералары мен даярлық қазбалардан қазылған кен массасын шығару қарқынсыз болған кеніштерде тотықтану процестерінің дамуына жайлы мүмкіндік туады. Қазбалардың қабырғаларын мен қазылған кен массасының тотықтануы нәтижесінде пайда болатын жылу кеніш ауасының температурасын арттырады және терең кеніштердің тазалау камералары мен ұңғылау кенжарларында жұмыс жасау жағдайын қиындатады. Бекімеген кен қазбаларының бетінен бөлінетін орташа жылу 25-52 ккал/м сағат.
8. Мыс-колчедан кен орындарын қазуда жерасты эндогендік өрттерінің туындау себептерін қазіргі зерттеулер нәтижесі мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді-қазым кеңістігінде ағаштың болуы эндогендік өрттердің анағұрлым жылдам туындап әрі қарқынды жүруіне әсер етеді, себебі сульфид кені 350-5000С температурада ғана өздігінен тұтанады, ал гидролизделген ағаштың тұтану температурасы 180-2000С.
9. Жерасты эндогендік өрттері туындауы анағұрлым ықтимал жерлер:
1) құлаған жүйелерде-сөндірілген жанданушы және кен түсірілетін аудандар, сондай-ақ құлаған кеңістік;
2) құрғақ толтырма қолданылған жүйеде-сөндірілген толтырылмаған жанданушы және кен түсірілетін аудандар, сондай-ақ қазылып жатқан кен қазбаларымен немесе жер бетімен байланыс бар толтырылмаған бос бөліктер;
3) кен қатталған жүйеде-уатылған кенде.
10. Тотықтану процестерінің даму белгілері келесідей:
1) тазалау кенжарларында оттегі азайып, көміртегі артуымен сипатталатын кеніш ауасы құрамының өзгеруі;
2) кенжарлардағы ауаның, уатылған кен мен су температурасының артуы;
3) кеніш суында бос күкірт қышқылының біртіндеп артуы (0,2-0,3 г/л жоғары).
Кен орындарын қазу барысында жерасты эндогендік өртінің белгісі-тазалау кенжарларында жергілікті желдеткіштерді әр 3-4 сағат тоқтатқанда алынған кеніш ауасының құрамында екі тәулік бойына көміртек тотығы 0,01 % және одан да жоғары немесе күкірт газы 0,001 % және одан да жоғары, егер бұл газдардың болуы қопару жұмыстарымен байланысты емес болса. Жерасты өрті кезінде кен қазбаларында бақылау мүмкін болатын жерлерде аталған газдың екеуі де немесе екеуінің бірі ғана болады.
2-тарау. Өрт қауіптілігі дәрежесі бойынша кендер мен кен орындарын топтамалау
11. Кен орындарының төрт типін бөліп атауға болады:
1) бірінші типі-кендері өздігінен тұтануға бейім кен орындары, қойнау жыныстары өздігінен тұтанбайды. Бұл түрдің әдеттегі өкілдері колчедан және мыс-никель кен орындары;
2) екінші типі-кендері мен қойнау жыныстары өздігінен тұтануға бейім кен орындары;
3) үшінші типі-кен орындарындағы кендер өздігінен тұтанбайды, ал қойнау жыныстары өздігінен тұтануға бейім;
4) төртінші типі-кен орындарындағы кендер мен қойнау жыныстары өздігінен тұтанбайды.
12. Сульфид кендері мен қойнау жыныстарының тотықтануға бейімділігі әр түрлі және заттық (минералогиялық) құрамы мен текстуралық-құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты. Өздігінен тұтануға бейімділік дәрежесі бойынша сульфид кендері мен қойнау жыныстары 3 класқа бөлінеді:
1-ші класс-өздігінен тұтануға бейімді;
2-ші класс-өздігінен тұтануға аз бейімді;
3-ші класс-өздігінен тұтануға бейімді емес.
Кен орындарын пайдалану барысында олардың өрт қауіптілігіне тау-кен геологиялық жағдайлар әсер етеді.
13. Сульфид кендері мен қойнау жыныстарының өздігінен тұтануға бейімділік дәрежесі мен орналасуының тау-кен геологиялық жағдайы (кен денесінің қуаты мен құлау бұрышы) бойынша класына байланысты кен орындары 3 типке бөлінеді:
1-ші тип-өрт қауіпті кен орындары;
2-ші тип-өрт қауіпі аз;
3-ші тип-өрт қауіпсіз кен орындары.
Кен орындарының топтамасы 1-кестеде берілген.
1-кесте
Кен орындарының өрт қауіпсіздік дәрежесі бойынша топтамасы
Кен орнының
типі
|
Геологиялық факторлар
|
Кен класы
|
Кен орындарының өрт қауіпсіздік дәрежесі
|
Кен денесінің
қуаты, м
|
Құлау
бұрышы, градус
|
1
|
2
|
3
|
4
|
5
|
1-ші тип
|
шектелмеген
|
0-90
|
І класс
кендері
|
өрт қауіпті
|
2-ші тип
|
5 және одан жоғары
|
0-90
|
ІІ класс
кендері
|
өрт қауіпі аз
|
3-ші тип
|
шектелмеген
|
0-90
|
ІІІ класс
кендері
|
өрт қауіпсіз
|
3-тарау. Өрт қауіпті кен орындарын қазу жүйесін таңдау
14. Өздігінен тұтануға бейім І класс кендері бар кен орындарын жерасты әдісімен қазғанда қазым кеңістігін қатқыш толтырмамен толық жабу жүйесі қолданылады. Мұндайда уатылған кеннің кенжарда (камерада) болатын мерзімі 5-7 күннен аспайды.
15. І класс кендерін қазғанда кенді құлату әдісі (қабаттық, қабат астылық, қабатталған құлату) қолданылмайды, сондай-ақ кен орындарын қазудың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайындықтан профилактикалық батпақтау мен қаттау жүйесі де қолданылмайды.
16. ІІ класс кендерін жерасты қазғанда тау-кентехникалық жағдайына байланысты:
1) қатқыш толтырмалы жүйені;
2) профилактикалық толтырумен бірге қабаттық, қабат астылық, қабатталған құлату жүйелерін;
3) кейін толтыру арқылы кенді қаттау жүйесін (құрғақ толтыруды қолданғанда артынан міндетті түрде балшық ерітіндісімен батпақтандырылады);
4) блоктарды әзірлеудің аралас жүйесін қолдануға рұқсат етіледі, ондайда камералар қабат астылық қуақазылар құрғақ толтырма мен оны артынан батпақтау жүйесімен қазылады, одан кейін камера аралық целиктер профилактикалық батпақтаумен бірге қабатталған немесе қабат астылық құлату жүйесімен қазылады.
4-тарау. Өртке қарсы-профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудың жалпы мәселелері
17. Сульфид кен орындарын, сондай-ақ қойнау жыныстары өздігінен тұтануға бейім келетін өзге кен орындарын қазуды жобалау кезеңіне дейін аталған кендер мен қойнау жыныстарының өздігінен тұтануға бейімділік класын анықтау үшін лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Зерттеуді белгіленген тәртіпте бекітілген әдістеме бойынша ВНИИ ЕМК институты жүргізеді.
18. Негізгі өртке қарсы шаралар кен орындарын қазу жобасында қаралады.
Оларға эндогендік өрттердің алдын алу жөніндегі өртке қарсы профилактикалық шараларды әзірлеу жүйесі мен кешенін таңдау жатады.
Қабылданған әзірлеу жүйесіне байланысты жобада көзделеді:
1) қазым кеңістігін қатқыш толтырмамен толтырғанда:
тиісті өнімділігімен бетон өткізгіштері бар бетон қалау кешенін салу;
қазым кеңістігін толтырудың толықтығын қамтамасыз етуді ескеріп, толтырма қазбаларын орналастыру;
2) құлату жүйесін қолданғанда (профилактикалық батпақтауды міндетті түрде қолдану арқылы):
тиісті қуатты және магистралдық өткізгіштері бар балшық зауытын салу;
қажетті бұрғылау жабдықтарын алу;
сапалы профилактикалық батпақтау жүргізуді көздейтін кен орындарын дайындау сызбасын қолдану.
19. Әрбір кеніште құлату жүйесін қолданғанда профилактикалық батпақтау жүргізудің уақыт бойынша кезегі анықталады. Бұл үшін жылдық жоспарлар мен кестелер жасалады, онда профилактикалық батпақтау жүргізу мерзімі, батпақтауға қажетті балшық мөлшері, орнатылатын ұңғыма саны мен ұңғыма және далдалар орнату орындары көрсетіледі.
20. Кеніштердің геологиялық-маркшейдерлік қызметі өз құжаттамасында келесі мәліметтерді көрсетеді:
1) блоктарды қазудың басталған және аяқталған уақыты;
2) пайдалы қазбаны алып шығудың толықтығы;
3) блоктарды қазу барысында болған құлау мен діңгелерді қалдыру жағдайлары;
4) толтырылмаған бос жерлер;
5) одан басқа, аталған қызмет кен жұмыстарының жоспарында профилактикалық батпақтауға немесе өртке байланысты батпақтауға ұшыраған барлық бөліктерді белгілеп шекарасын, батпақтау көлемі мен мерзімін көрсетеді.
21. Профилактикалық жұмыстардың жылдық жоспарларында белгіленген мерзімдерге сәйкес профилактикалық батпақтауға жататын бөлікке (блокқа) кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы бекіткен жоба жасалады.
Профилактикалық батпақтаудың жобасына:
1) түсіндірме жазба;
2) қазылған учаскенің (блоктың) графикалық бөлігі;
3) пульпаұстаушы далдалар орнату орындары;
4) пульпа беру және суды дренаждауға арналған ұңғыманы орнату орындары;
5) қазбалар бойынша пульпа өткізгіштерін жүргізу сызбасы;
6) пульпа ұстаушы далдалар құрастырмасының паспорты мен есебі.
Түсіндірме жазбада:
1) учаскенің тау-кен техникалық сипаттамасы;
2) учаскені (блокты) қазу мерзімі мен алдыңғы батпақтау уақыты;
3) қазудың басы мен аяғындағы кен және ауа температурасы;
4) атмосфера мен кенжарда оттегінің, көміртегі тотығының, көмірқышқыл газының, күкірт газының құрамы;
5) батпақтануға қажет балшық мөлшері (діңгеде);
6) пульпа консистенциясы (Т:Ж);
7) далдаларға және ұңғымаларға пульпа беру кезегі;
8) су мен сұйық балшықтың жиналуын және олардың қолданыстағы қазбаларға өтуін болдырмайтын батпақтанатын учаскені дренаждау жұмысын сипаттау;
9) батпақтану жұмысын жүргізгенде қауіпсіздік техникасының мәселелері.
22. Учаскені (блокты) пульпа ұстаушы далдалармен оқшаулау жұмысы мен ұңғымалар ды бұрғылау, сондай-ақ батпақтау үшін пульпаны беру тазалау жұмыстары аяқталған соң бірден жүргізіледі.
23. Батпақтау жұмыстары мен суды дренаждау аяқталған соң кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы жетекшілік ететін комиссия батпақтанған блокты (учаскені) қабылдайды және батпақтанған учаске мен онымен көршілес блоктарда тазалау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін анықтайды және тиісті акт жасайды.
5-тарау. Тотықтану процестерінің дамуын
байқауды ұйымдастыру
24. Әрбір кеніште тотықтану процестерінің дамуын, тау-кен қазбаларында газ-температуралық түзімнің және су қышқылдығының өзгеруін жүйелі түрде байқау ұйымдастырылады. Байқау үздіксіз автоматтық бақылау жүйелерін қолданумен жүргізіледі, ондай жүйелер болмаса-учаскенің күшімен жүргізілетін желдету және ВАСО ауа құрамындағы көміртек тотығын, күкірт газы мен өзге өрт индикаторлы газдарды талдау жүргізу үшін кезең сайын іріктеп алу арқылы. Алынған ауаға талдау жылжымалы газанализаторларын қолдану арқылы экспресс-әдіспен де, ВАСО лабораторияларында да жүргізіледі.
25. Ауаның, судың, кеннің температурасын кеніштің (шахтаның) желдеткіш қызметінің немесе эндогендік өрттердің алдын алу жөніндегі арнайы учаскенің жұмысшылары өлшейді. Ауа бөлігін алу және оны талдау, сондай-ақ қазылатын кен температурасын бақылап өлшеуді ВАСО жүргізеді. Өлшеу мен талдау нәтижелері арнайы журналға енгізіледі (1-қосымша) және кеніштің (шахтаның) кен қазымдарында газ-температуралық түзімнің, су қышқылдығының және тотықтану процестерінің өзгеру сипатын анықтау үшін және эндогендік өрттердің алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдау үшін қолданылады.
Кеніштің (шахтаның) газ-температуралық түзімінің мәліметтерін талдауды кеніштің (шахтаның) желдеткіш қызметінің немесе эндогендік өрттердің алдын алу жөніндегі арнайы учаскенің жұмысшылары жүргізеді. Жалпы басшылық етуді, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты барлық мәселелерді үйлестіруді ұйымның көлеміне қарай кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы немесе оның орынбасары атқарады.
26. Тазалау жұмыстарын жүргізгенде тотықтану процестерінің дамуын бақылау:
1) қазылып жатқан учаскелерде (блоктарда) уатылған кеннің температурасын өлшеумен;
2) тазалау кенжарларындағы ауаның бөлігін іріктеу және талдаумен;
3) су қышқылдығын анықтаумен (бос күкірт қышқылы мен РН құрамы) жүргізіледі.
27. Қазылған кеңістіктегі газ-температуралық түзімді бақылау үшін қазылған кеңістіктегі далдалардың артынан немесе жер бетінен бұрғыланған бақылау ұңғымалардан немесе жерасты қазымдарынан температура өлшемдері мен ауа бөлігі іріктеліп алынады.
28. Массивтегі кен температурасын өлшеу қопаруға бұрғыланған ұңғымаларда жүргізіледі. Эндогендік өрттердің алдын алу мақсатында массивтегі кен мен жыныс температурасын өлшеу әдістемесі 2-қосымшада берілген.
29. Тазалау кеңістігінде адамдардың болуына рұқсат етілетін қазу жүйелерінде (қатталатын жүйені қоспағанда) блоктағы тотықтану процестерінің дамуын бақылау кенжар жабындысының жұмысшы қабатында өлшеу жүргізу кезінде жергілікті желдеткішті тоқтатып, температураны өлшеу мен ауа бөлігін алу арқылы жүргізіледі.
30. Тазалау кеңістігінде (қабат астылық, қабаттық құлату және тағы басқа) адамдардың болуына рұқсат етілмейтін қазу жүйелерінде блоктағы тотықтану процестерінің дамуын бақылау тиеу қуақазына шығарылған кеннің температурасын өлшеу арқылы жүргізіледі.
31. Кенді қаттап, артынан толтырмамен жабатын қазу жүйесінде уатылған кеннің температурасын камера өсі бойынша бірдей қашықтықта орналасқан кеміне төрт нүктеде өлшейді.
32. Өздігінен тұтануға бейімділік дәрежесі бойынш І класты кендерді қатқыш толтырманы қолданып қазу жүйесінде уатылған кеннің және ауаның температурасын, сондай-ақ кеніш атмосферасын талдау тотықтану процестерінің даму белгілері байқалған жағдайда жүргізіледі.
Уатылған кендегі температураны өлшеу кен үйіндісінің бетінен 0,3 м кем емес тереңдікте жүргізіледі.
33. Байқау орындары, талдауға ауаның, судың бөліктерін алу және су, ауа, кен (жыныс) температурасын өлшеу саны мен жиілігін нақты жағдайларға байланысты кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы белгілейді.
34. І класты кендерді қазғанда уатылған кеннің температурасы + 350С және одан да жоғары екені анықталса, оның температурасын өлшеу және күкірт газын тексеруге алу тәулігіне бір реттен кем емес жүргізіледі.
35. Ауа талдауға тазалау жұмыстарында кен температурасы өлшенетін жерлерден алынады. Қышқылдануды анықтау үшін кеніш суы ескі жұмыс орындарының су шыққан кез келген жерлерінен, сондай-ақ байқалатын учаскеде негізгі тасымалдау қуақазындағы өзекшелерден талдауға алынады. Су тазалау кеңістігі жабындысының барлық жерінен тамшылап тұрса, талдауға шамасынша бүкіл блокты қамти алынады.
36. Тазалау кеңістігінде адамдардың болуына рұқсат етілетін қазу жүйелерінде (қатталатын жүйені қоспағанда) ауа температурасы 38-400С көтерілгенде және тазалау кеңістігінде (кенді дүкенге қаттау жүйесінде) адамдардың болуына рұқсат етілмейтін қазу жүйелерінде шығарылатын кен температурасы 500С дейін артқанда тазалау жұмыстары тоқтатылады және өздігінен қызуды басу бойынша әзірленген шараларға сәйкес жедел түрде өрттің алдын алу шаралары (біріншіден-кенді қарқынды қызу ошағынан алып шығу) қабылданады.
6-тарау. Құламалы қазу жүйесіндеөртке қарсы
алдын алу шаралары
37. Өрт қауіпі бар кен орындарын құламалы қазу жобасына қазым кеңістігін балшық пульпамен профилактикалық батпақтау шаралары енгізіледі.
38. Қуаты 30 м дейінгі кен орындарында мүмкін болатын өрттердің алдын алу мен жоюды ұйымдастыру мақсатында жатқан бүйірден өрістік даярлық қолданылады, одан артық қуат үшін-жататын және ілінетін бүйір бойынша өрістік даярлық қолданылады.
39. Әрбір қазылатын блок тұрақты жеке желдетумен қамтамасыз етіледі.
40. Қазылған блоктар қолданыстағы кен қазбаларынан мұқият оқшауланады.
41. Қазылған блоктарды сапалы батпақтау үшін және пульпаның қолданыстағы тазалау блоктарына өткізбеу үшін мөлшері 15-20 м созылатын өртке қарсы бөгеу діңгелері қойылады, олар бір қабатқа қалыңқырап алынып отырады.
Ал, кен денесінің қуаты 15 м аспайтын болса, өртке қарсы бөгеу діңгелері кен орнының ұзындығы бойынша әр 100 м сайын қойылады;
кен денесінің қуаты 15 м асатын болса, өртке қарсы бөгеу діңгелері қабат астының (блоктың) қазылған бөлігін толық батпақтау мүмкіндігі ескеріліп, жобаға сәйкес қойылады.
42. Төменде орналасқан қабат астындағы кесінді жұмыстар дайындалған қабат астына балшықтың бұзып шығу мүмкіндігін болдырмайтындай жағдайда жүргізіледі.
43. Қаттық және қабат астылық құлату жүйесінде профилактикалық батпақтаумен тазалау жұмыстарын жүргізгенде профилактикалық батпақтау арасындағы кезеңде тазалау жұмыстары 15 м төмендегенде қазылған кеңістік толығымен батпақтанады, ал тазалау жұмыстары 15 м артық төмендегенде 15 метрден кем емес биіктік батпақтанады. Кезекті батпақтану аралығындағы кезең ІІ класты кендер үшін 12 айдан және III класты кендер үшін 20-24 айдан аспайды. Батпақтауға қажетті балшық мөлшері батпақтанатын көлемнің 20-25 % есебімен алынады.
44. Қабат астылық және қабаттық құлату жүйелерінде профилактикалық батпақтаумен тазалау жұмыстарын жүргізгенде тазалау жұмыстарының профилактикалық батпақтаумен кезектесіп отыруы қатаң ескеріледі. Қопарудан кейін бірден уатылған кенді шығару басталады. ІІ класты кендерді шығаруда кенді шығару кезеңі 10-12 айдан, ал III класты кендерді шығаруда-18-20 айдан аспайды.
Батпақтауға қажетті жалпы балшық мөлшері шығарылған кен көлемінің 20-25 % мөлшерінде анықталады және қазу тереңдігі артқан сайын қойнаудағы жыныстардың борпылдану коэффициентіне байланысты нақтыланады.
45. Қазым кеңістігін толтыру жүйесін қолданғанда:
1) бос кеңістікті толтыруға жанбайтын материалдар қолданылады;
2) бос кеңістікті толық және тығыз толтыру қамтамасыз етіледі, бос жер қазымның жабындысына дейін жабылады;
3) кен түсірушілер, жүрістер, жанданушы және өзге де қазымдар толтырылады;
4) құрғақ толтырма қолданылғаннан кейін ол балшық пульпамен батпақталады.
46. Қазылған блоктарда газ-температуралық түзім қалыпты болған жағдайда батпақтаудың жылдық жоспарында белгіленген профилактикалық батпақтау мерзімін ауыстыру айрықша тәртіпте ғана және пайдалы қазбаны толық шығару мақсатында ғана рұқсат етіледі. Мерзімді ауыстыру кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы бекіткен хаттамамен ресімделеді.
7-тарау. Қатқыш толтырмамен қазу жүйесінде
өртке қарсы алдын алу шаралары
47. Қатқыш толтырмамен қазу жүйесін қолданғанда:
1) уатылған кенді қазудың ең аз кезеңінде аса қарқынды тиеу. Өздігінен тұтануға бейім І класс кендерін қазғанда бір мезетте қопарылатын кен мөлшері оны 5-7 тәулік ішінде тиеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
2) толтырма жасау алдында барлық кенді шығару;
3) кенді шығарар кезде кенжардағы және блоктан шығатын ауа ағысына 33, 34 тармақтарға сәйкес газ-температуралық бақылау жасау;
4) кен шығару аяқталған соң 10 күннен кейін толтырма құюды бастау;
5) қазудың жобадағы кезегін қатаң сақтау және кесіктер жасауға жол бермеу;
6) толтырманы толық жасау (жабындыға дейін);
7) массивтегі толтырманың толық және сапалы болуын бақылау қамтамасыз етіледі.
48. Толтырма жұмысы аяқталып, толтырма қатқанда және бақылау бұрғылау нәтижесі алынған соң толтырма салынған камера акт бойынша қабылданады.
49. Толтырма салынған камерадағы толтырма толық қатпайынша және жобада белгіленген шамада тығыздыққа жетпейінше сабақтас камераларды қазуға жол берілмейді.
50. Камералар құлағанда бос кеңістіктерді барлау және толтыру шаралары қабылданады.
51. Камералар ұрғылау кезінде құласа, сабақтас камераларда кенді ұрғылаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кенді шығарған соң құлаған тау-кен массасына цемент ерітіндісімен инъекция жасалады.
52. Иньекция үшін келесі құрамдық қатынаста күрделі цемент ерітіндісі ұсынылады: цемент, қазандық шлагы, құмды балшық, су 1:1, 5:0, 7:3,3 (немесе 1:2, 5:1, 0:3,4).
Ерітіндінің құрамы мен бөліктерінің қатынасы өзгеше болуы мүмкін, алайда инъекция жасалған тау-кен массасының тығыздығы 28 күндік мерзімде 24-30 кг/см болу шарты сақталады.
53. Инъекциялық ерітінді далдалар мен ұңғымалар арқылы қысым мен беріледі. Мұнда, ерітінді құлаған қазым төменнен жоғарыға қарай толтырылатындай, яғни, көтерілу бағытымен беріледі.
54. Құлаған камерада инъекция жасалып, толтырма тағы толықтырылған соң камераның биіктігі бойымен оның тығыздығы тексеріледі.
55. Құлаған камерада (блокта) инъекция жасау және оның сапасын тексеруге арнайы жоба жасалады.
56. Инъекция жұмыстары аяқталған соң инъекция жасалған блокты қабылдайды.
57. Комиссия инъекция жасалған камераны қабылдағанға дейін сабақтас камераларда тазалау жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
8-тарау. Профилактикалық батпақтауды ұйымдастыру,
құламалы қазу жүйесінде оны қолдану шарттары және параметрлері
58. Құламалы қазу жүйелерінде өрт қаупі бар кен орындарын қазатын әрбір кеніш (шахта) батпақтау жұмыстарын жүргізу үшін эндогендік өрттердің алдын алу учаскесін ұйымдастырады, ол жерасты өрттерінің алдын алу және сөндірумен байланысты барлық жұмыстарды жүргізеді.
59. Профилактикалық батпақтау келесі әдістермен жүргізіледі:
1) жер үстінен бұрғыланған ұңғымалар арқылы;
2) жер асты қазымдарынан бұрғыланған ұңғымалар арқылы;
3) жер астындағы пульпа өткізгіштері арқылы пульпаны еңістегі және кендегі қазымдарда орнатылған далдалар арқылы жіберу;
4) батпақтаудың аралас әдістерімен (1, 2, 3 әдістерінің комбинациясы).
60. Батпақтау әдісі тау-кен жұмыстарының батпақталатын учаскесінің тау-кен техникалық жағдайларына байланысты таңдалады.
61. Жер үстінен бұрғыланған ұңғымалар арқылы батпақтау әдісін қолданудың ұсынылатын шарттары:
1) кен денесінің қуаты, құлау бұрышы және ұзындығы шектелмейді;
2) жұмыс тереңдігі-100 м дейін;
3) кен денесін пайдалануға дайындау-өрістік қазымдармен.
62. Жер үстінен бұрғыланған ұңғымалар арқылы батпақтауда пульпа «төменнен жоғарыға» әдісімен беріледі.
63. Жер асты қазымдарынан бұрғыланған ұңғымалар арқылы және жер астындағы пульпа өткізгіштері арқылы пульпаны еңістегі және кендегі қазымдарда орнатылған далдалар арқылы жіберу арқылы батпақтау әдістерін қолдану шарттары:
1) кен денесінің қуаты ұңғымаларды бұрғылау мен кен денесінің екі жағынан батпақтағанда 75-80 м-ден аспайды, жататын немесе ілінетін бүйірінен бұрғылап батпақтағанда 35-40 м-ден аспайды;
2) кен денесін пайдалануға өрістік қазымдармен дайындау.
64. Жер асты қазымдарынан бұрғыланған ұңғымалар арқылы батпақтағанда негізгі әдіс ретінде ұңғыма су жоғалғанға дейін бұрғыланатын батпақтау әдісі қабылданған, одан кейін оған балшық пульпасын толтырып нығыздайды, кейін ұңғыма тазартылады, шаятын су жоғалғанға дейін тағы тереңдетіледі де қайтадан пульпамен нығыздалады.
65. Жер астындағы пульпа өткізгіштері арқылы далдалардың артын тікелей батпақтау қазылып болған жекелеген қабат астарында жүргізіледі. Қысым астында пульпамен толтыру қазылған қабат астының (қаттың) төменгі бөлігінде орналасқан өрістік және кен қазбаларында орнатылған далдалар арқылы жүргізіледі.
Қабаттық мәжбүрлеп құлату жүйесінде батпақтау орттарда (қуақаздарда) орнатылған далдалар арқылы жүргізіледі.
66. Жер үстінен бұрғыланған ұңғымалар арқылы профилактикалық батпақтауда оларды торға орналастырады. Тор көлемі тау-кен жағдайына байланысты таңдалады: кен денесінің қуаты мен қазу уақыты (2; 3 кесте).
Ұңғыма торының тік төртбұрыш жақтарының көлемі, ш. м
2-кесте
Тазалау жұмыстарының аяқталуы мен батпақтауды бастауға
дейінгі кезеңнің ұзақтығы, жыл
|
0,5 дейін
|
0,5 – 1
|
1 – 2
|
а
|
в
|
а
|
в
|
а
|
в
|
13,5-12
|
9-8
|
12-11
|
8-7,5
|
9-8
|
6,5-6
|
Ескертпе: а-созылым бойынша,
В-созылымға қиғаш
Бір ұңғымада батпақтау алаңы, ш.м
3-кесте
Тазалау жұмыстарының аяқталуы мен батпақтауға
дейінгі кезеңнің ұзақтығы, жыл
|
0,5 дейін
|
0,5-1
|
1-2
|
120-100
|
100-80
|
60-50
|
67. Жер үстінен бұрғылағанда батпақтау ұңғымалары тік және көлбеу болады.
68. Жер асты қазымдарынан бұрғылауда ұңғымалар жататын немесе ілінетін бүйірінен немесе екі жағынан да көлденең немесе көлбеу болып келеді.
69. Тау-кен ұңғылау жұмыстарын қысқарту мақсатында ұңғымалар көлденең бетте де, көлбеу бетте жайылып орналасады.
70. Жер асты қазымдарынан бұрғылағанда батпақтау ұңғымалары тор көз бойынша орналасады, олардың параметрлері кен денесінің қуатына, құлау бұрышына және блоктағы тазалау жұмыстарының аяқталу уақытына байланысты анықталады (4-кесте).
Батпақтау ұңғымалары торының жерасты қазымдарынан бұрғылауда қажетті көлемі, м
4-кесте
Кен денесінің қуаты, м
|
Құлау бұрышы, градус
|
Тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейінгі кезең ұзақтығы, жыл
|
0,5 дейін
|
0,5 - 1
|
1 - 2
|
а
|
в
|
а
|
в
|
а
|
в
|
5 және одан жоғары
|
40 - 90
|
15 - 13,5
|
10 - 9
|
13,5 - 12
|
9 - 8
|
10, - 9,5
|
7,5 - 6,5
|
Ескертпе:
1. Тор көлемі: а-тігінен; в-көлденеңінен.
2. Тор жақтарының кішкентай көлемі ұңғыманың тік және көлденең жазықта 15-200-қа дейін ауытқу бұрышында алынады.
71. Жер үстінен де, жер асты қазымдарынан да ұңғыма бұрғылау жоба бойынша жүргізіледі. Мұндайда кен денесінің созылуына қиғаш кескіндер жасалады, оларға ұңғымалардың жобалық және нақты тереңдігі жазылады.
72. Ұңғымалар міндетті түрде түтіктермен қоршап қою арқылы бұрғыланады.
Ұңғымаларды түтіктермен қоршау ұңғыма кенжарына 2-3 м қалғанда тоқтатылады.
73. Егер ұңғыма жобаланған тереңдікке жеткенде су жоғалмаса, ұңғыма су кеткенге дейін тереңдетіле түседі, алайда жер үстінен бұрғылағанда берілген блоктағы жұмыстар белгісінен төмен болмайды немесе жер асты қазымдарынан бұрғылағанда қазым кеңістігінің қарама-қарсы қабырғасынан әрі кетпейді.
74. Пульпаны ұңғымаға енгізер алдында судың көмегімен оның қабылдауыш қабілеті тексеріледі.
75. Пульпаны ұңғымаларға немесе пульпа өткізгіштері бойынша далдалардың артына нығыздау 18-20 атмосфералық қысымда жүргізіледі.
76. Ұңғыма балшық пульпасын қабылдаудан бас тартқанда, ол барлық тереңдігі бойымен тазаланады. Тазалағаннан кейін пульпа қабылдаудан бас тарту осы ұңғыма ауданында батпақтау қажетті көлемде жүргізілгенін білдіреді.
77. Батпақтаушы материал ретінде келесі қасиеті бар балшықтар ұсынылады (5-кесте). Батпақтау мақсатында балшық таңдағанда жеке бөліктер алынып, олардың гранулометриялық құрамы, құмның, балшық бөліктерінің пайыздық құрамы, орташа салмағы, пластика саны мен класы, MgO бойынша коллоидты кешен, ылғалдануы, шекті концентрация (Гердов бойынша) анықталады. Балшықтың ұсынылған сорттарын қолдану судың жылдам қайтарымын және толтырылатын жерге пульпа өткізгіштері арқылы жеңіл тасымалды қамтамасыз етеді.
Альбитофирлердің ұшуынан пайда болған
балшықтардың физикалық-коллоидты қасиеттері
5-кесте
Балшықтың
қасиеттері
|
Балшықтың
класы
|
І класс
|
ІІ класс
|
ІІІ класс
|
Пластикалық саны
|
15
|
15 - 7
|
7
|
Салмағы
|
2,5 - 2,7
|
2,7 - 3,0
|
2,7 - 3,0
|
Құмдылығы, %
|
20 - 30
|
25 - 35
|
35 - 50
|
Балшық бөлігі, %
|
80 - 70
|
75 - 65
|
65 - 50
|
MgO бойынша коллоиды кешен
|
30 - 35
|
25 - 30
|
23 - 27
|
Ылғалдануы, минут
|
4,5 - 5,0
|
3,5 - 5,0
|
4,0 - 4,5
|
Гердов бойынша шекті концентрациясы, кг/м
|
350 - 450
|
400 - 450
|
450 - 500
|
78. Балшық кластары батпақталатын кеңістіктің сипаттамасына байланысты таңдалады:
1) құлаған кеңістікте орасан бос орын болғанда балшықтың анағұрлым қалың сорттарын (ІІІ класс), батпақталатын кеңістіктің тығыздығы қатты болғанда-балшықтың жұқа сорттарын (I-II класс) қолданады;
2) құламаған кен қазбаларын толтыру және камераларды қайта толтыру үшін балшықтың қалың (құмды) сорттарын (ІІІ класс) қолданады.
79. Профилактикалық батпақтауда Т:Ж 1:1,2-ден 1:1,5-ке дейінгі қатынаста пульпа қолданылады.
80. Қазылған кеңістікті оқшаулау үшін цемент ерітіндісінде бетонды немесе чуракты далдалар қолданылады. Әр далдаға паспорт жасалып, кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы бекітеді. Профилактикалық батпақтауда оқшаулайтын далдалардың түрлері батпақтау жұмысының белгіленген көлеміне, батпақтау әдістері мен күтілетін ағынға қарай таңдалады.
81. Жер асты қазымдарынан бұрғыланған немесе жер астындағы пульпа өткізгіштері арқылы далдалардың артындағы ұңғымалар арқылы жекелеген қабат астылық профилактикалық батпақтау барысында, сондай-ақ осы екі әдісті араластырып қолданғанда оқшаулау жұмыстары қалыңдығы 0,8-1,0 м цемент ерітіндісінде чуракты далдалар арқылы жүргізіледі.
82. Далдалар құлауға бейім емес және пульпаның бұзып шығуына жол бермейтін жыныстар мен кендерде салынады.
83. Пульпа ұстаушы далдалардың барлығы үшін қазбалардың бүкіл периметрі бойынша үңгілер орнату көзделеді. Үңгі тереңдігі жыныстың немесе кеннің беріктігіне және батпақталатын аймақтың жоғары шекарасына қатысты далданың орнына байланысты 0,3-тен 1,0 м-ге дейін болады.
84. Бетонды далдалар салғанда бетон 1:3:4 (цемент, құм немесе ұсатылған шлак, құмтас) қатынасында қолданылады.
85. Суды дренаждау және тазарту, сондай-ақ бұрғылау мен профилактикалық мақсатта батпақтау кезінде қауіпсіздік шаралары осы нұсқаулықтың 91-99 тармақтарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
86. Профилактикалық батпақтау бойынша барлық жұмыстарға техникалық құжаттама жасалады, оған:
1) бұрғылау батпақтау ұңғымаларының паспорттары (1-қосымша);
2) балшық зауыты жұмысының тіркеу журналы (2-қосымша);
3) тоқсандық және жылдық есептеме (3-қосымша)
4) графикалық материалдар (бұрғылау батпақтау ұңғымалар жолдары бойымен кескіндер, бұрғылау ұңғымалары көрсетілген жер бетіндегі және кен жұмыстарының бірлескен жоспарлары) енеді.
9-тарау. Жерасты эндогендік өрттерді сөндіру
87. Кеніште эндогендік өрттер туындағанда апаттық жағдай енгізіледі. Мұндайда қолданылатын шаралар апатты жою жоспары мен апатты жою жөніндегі жұмыстарды басқарушының шешімдерінде белгіленеді.
88. Өрт қауіпі бар кен орындарын қазу жағдайында жерасты эндогендік өрттерді жоюдың негізгі әдістері келесідей:
1) құламалы жүйелерде-өрт учаскелерін балшықты пульпамен батпақтау;
2) қатқыш толтырма жүйелерінде-қазым кеңістігіне цемент ерітіндісін (толтырма қоспасын) нығыздау;
3) қаттау жүйесінде-уатылған кенді шығарып, артынан толтырмамен жабу.
89. Тұрғызылатын далдалар профилактикалық батпақтау кезінде салынатын далдалар түрі тәрізді.
90. Өрттерді жер үстінен немесе жер асты қазымдарынан бұрғыланған ұңғымалар арқылы балшық пульпасының көмегімен сөндіргенде олар тор көз бойымен әр ұңғымаға 25-30 ш.м есебімен орналасады.
91. Құламалы жүйелерде эндогендік өрттерді құлауы ықтимал жерлерде жер үстінен сөндіру жұмыстары айрықша тәртіпте кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы бекіткен және бақылаушы органмен келісілген жоба бойынша жүргізіледі.
Жобада барлық қажетті қауіпсіздік шаралары көзделеді, оның ішінде:
1) жұмыстар құламайтын аймақта бекітілген тростармен тартылған арнайы жабдықталған алаңдарда ұйымдастырылады;
2) адамдардың алаңда болуы қауіпсіздігі үшін арқандармен бекітілген және арқан жиектері бар траптар қондырғысы көзделеді;
3) алаңдардың барлық құрастырмалары, трос тартымдары, бекіткіш элементтер және тағы басқалардың төзімділік шегі ескеріліп есептеледі.
92. Құламалы аймақта жұмыс жүргізгенде бақытсыздық жағдайларын болдырмау және еңбектің қауіпсіздік жағдайын жасау мақсатында келесі шаралар көзделеді:
1) жұмыс жүргізілетін аудан шегінде құламалы аймақты үнемі қарау және жиектерін көмкеру;
2) құламалы аймақтың жылжуын маркшейдердік бақылау;
3) адамдардың тек өз жұмыс орындарында болуы.
Жұмыстар басшының тікелей жетекшілік етуімен және бақылаушы тұлғаның қатысумен жүргізіледі.
93. Жойылғанға дейін үлкен бос кеңістіктері бар учаскелердің үстінде ешбір жұмыс жүргізуге, сондай-ақ батпақталып жатқан учаскенің астында тазалау жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.
94. Бұрғылау жабдықтарын орнатуға арналған камералар батпақтау ұңғымаларын жер асты қазымдарынан бұрғыланғанда құлауы ықтимал аймақтан тыс орнатылады.
95. Өртті батпақтау арқылы сөндіруде батпақталатын учаскелерден су дренаждалады, ол келесі әдістермен жүзеге асырылады:
1) дренаждау ұңғымаларының көмегімен;
2) далдаларға салынған су құйғыш құбырлардың көмегімен;
3) кен массивтері мен қойнау жыныстарының жарықшалары бойынша суды дренаждау.
96. Тазартылған су енгізетін далдалар арқылы суды дренаждағанда ысырмалы, қажет болғанда қышқылға төзімді құбырлар салынады. Құбырлар саны мен олардың далда биіктігі бойынша орналасуы нақты жағдайларға байланысты анықталады.
97. Дренаждау ұңғымаларының диаметрі 50 мм-ден кем емес, кенжарлардың өзара ара қашықтығы тігінен-5-10 м, көлденеңінен-50-75 м.
98. Далдалар артындағы кеңістікте қауіпті судың жинақталуына және оның қолданыстағы кен қазымдарына бұзып шығуына жол бермеу үшін кенішке келетін және шығарылатын су көлемі есепке алынады. Мұнда:
1) кеніштің жеке учаскелері мен жалпы шахтаға тәулік ішінде келіп түсетін табиғи ағыны;
2) кеніш пен учаске бойынша тәулік ішіндегі жалпы ағын (табиғи ағын, бұрғылаудан, батпақтаудан келген су және тағы басқа);
3) тәулік ішінде шығарылған су көлемі;
4) далдалар артындағы судың қалдығы ескеріледі.
99. Батпақтау кеңістігінде дренаждалмаған су жинақталған жағдайда қосымша дренаждау ұңғымалары бұрғыланады.
10-тарау. Өрт учаскесін ашу
100. Егер сульфидтер мен қойнау жыныстарының қарқынды тотықтану процестері тоқтаса, эндогендік өрт жойылды деп саналады. Мұның негізгі көрсеткіші өрт учаскесіндегі кеніш атмосферасында көміртек тотығы мен күкірт газының болмауы болып табылады.
Өрттің жойылғаны туралы ВАСО ұйымының өкілдері акт жасайды, оны кеніштің (шахтаның) техникалық басшысы бекітеді. Бұл актіде өрт болып жатқан және онымен көршілес учаскелерде жұмысты қайта жалғастыру мүмкіндігі көрсетіледі.
101. Эндогендік өртті жою актісіне:
1) өрт учаскесінің қысқаша тау-кен техникалық сипаттамасы;
2) өрт туындау алдында учаскенің газ-температуралық жағдайы;
3) өртті жою бойынша жобаланған және нақты көлем;
4) өрт жойылған соң учаскенің газ-температуралық жағдайы;
5) эндогендік өртті жою туралы және тау-кен жұмыстарын қайта жалғастырғанда қауіпсіздік шаралары туралы қорытынды көрсетіледі.
102. Актіге өрт учаскесі бойынша келесі графикалық материалдар қоса беріледі:
1) өрт учаскесі бойынша маркшейдерлік жоспарлардың көшірмесі;
2) ұзын проекциясы және анағұрлым тән көлденең кескіндер.
Оларда:
1) барлық далдалар;
2) ұңғымалар және бақылаушы ұңғымалар;
3) ауа, су, кен мен жыныстар температурасын өлшеу орындары, сондай-ақ талдауға ауа мен су бөліктерін алу орындары;
4) құйылған балшықтың немесе қатқыш толтырманың көлемі белгіленеді.
103. Өрт учаскесін қазымдар арқылы ашқанда үңгілеу алдыңғы ұзындығы 5 метрден кем емес ұңғымаларды қолдану арқылы жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |