Сұрақтар мен тапсырмалар
Күн тәртібіндегі сауықтыру шараларына не жатады?
Ертеңгілік гимнастика дегеніміз не? Ертеңгілік гимнастиканың маңызы, міндеттері қандай?
Ертеңгілік гимнастика жаттығуларын іріктеп алу және оны құру схемасы туралы түсіндіріңіз.
Ертеңгілік гимнастиканы музыкамен сүйемелдеудің тиімділігі.
Әр жас топтарындағы ертеңгілік гимнастика мазмұны.
Ертеңгілік гимнастиканы өткізу әдістемесі (әр жас топтары үшін).
Ертеңгілік гимнастиканы өткізу үшін қажетті жағдайлар.
17-дәріс. Мектеп жасына дейінгі балаларды шынықтыру
Дәріс жоспары
Шынықтырудың бала денсаулығы мен дене дамуындағы маңызы.
Шынықтыру шаралары.
Шынықтырудың маңызы.
Шынықтыру принциптері мен әдістері.
Шынықтыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптар.
Негізгі әдебиеттер:
Кенеман А.В., Хухлаева Д.В. «Мектеп жасына дейінгі балалар дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі».
А.Ж.Сисенбердиева «Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі». Оқулық. Алматы. 2011
Уанбаев Е.К. «Дене тәрбиесінің негіздері». Алматы. Санат. 2000
«Балалар бақшасындағы дене тәрбиесі». Осокина. 1982. Мектеп
Қосымша әдебиеттер:
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік бағдарламасы, 2016 жыл
Жұмабекова Ф.Н. «Мектепке дейінгі педагогика» Астана, 2008
ЖМББС «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»
"Шынықтыру" деген сөздің негізгі мазмұны мен мағынасы адам ағзасының өзін қоршаған ортаның кейбір тиімсіз, әсіресе денсаулығына әсер ететін жағымсыз құбылыстардың зардабына қарсы тұра білетін дененің сарқылмас күш-қуаты. "Шынықтыру" - дене жаттығуларымен айналысудағы сауықтыру жұмыстарының ең алғашқы бастамасы - күнделікті өткізілетін бой жазу жаттығулары. Шынықтыру дегеніміз - аз күш жұмсай отырып күш-қуатымызды жан-жақты арттыруымыздың негізгі құралы. Балалық шақта бұл нәрестенің үйлесімді дамуына жақсы әсерін тигізетін, болашақта тәрбиелі және үйлесімді дамыған адам болып жетілуіне жол ашатын құдіретті күш. Жаттығуларды орындаудың мақсаты - бала ағзасын алдынала жұмысқа дайындау, ынтасы мен қабілетін арттыру. Жаттығулар бастапқыда балалардың орындауына жеңіл, қарапайым болса, кейін күрделендіріледі. Қайталау санын бірте-бірте көбейтіп, жүктемені арттыра түскен жөн. Қайталанатын жүктеме артып отырған сайын реакцияның жауап қайтаруы да дами түседі. Осы тұрғыдан алып қарағанымызда шынықтыру сыртқы орта жағдайына үйлесімді қалыптаса білудің бірден-бір тиімді процесі деп қарағанымыз дұрыс болады. Шынықтыруды тек суық пен ыстыққа ғана емес, басқа да кез-келген жағдайға: денеге түсетін ауырлық пен ақыл-ой жүктемесіне, атқарылатын жұмысқа қарама-қайшы келетін жүктемеге төзе білуді тәрбиелеу деп қарағанымыз жөн. Мектепке дейінгі мекемелерде балаларды шынықтыру мақсатында ауа ванналары, су процедуралары (ысқылау, шайыну, душ, шомылу), күн сәулесі ванналары пайдаланылады. Оларды кешенді (ауа, су, күн) қолдану неғұрлым тиімдірек болады. Tабиғат факторларын кешенді қолдану балалардың бойында қоршаған ортаның әртүрлі қолайсыз ықпалдарына (дымқыл ауа, жаңбыр, жел, қапырық) төзімділік қабілетін қалыптастырады. Қандай да бір процедура бала организмінің толық шынығуын жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ете алмайды (мысалы, балалардың денесін күн сайын ысқылау, сонымен бірге олардың жеткілікті дәрежеде далада болмауы). Дене жаттығуларымен ұштастырылған шынықтыратын процедуралар неғұрлым тиімді болады. Бұлшық еттердің ширақ жұмыс істеуі жылу реттеу процесін жетілдіруге, сол арқылы организмнің қоршаған сыртқы ортаға бейімделуіне көмектеседі. Шынықтыру процесінде организмнің терең өзгеруі іске асады, ал егер бала ширақ болса, ол өзгеріс табиғи әрі қарапайым жүзеге асады. Балалар үшін қызықты дене жаттығуларымен, ойындармен ұштастырылған шынықтыру шаралары эмоциялық өрлеуді туғызады, жоғары жүйке орталықтарының қызметін жақсартады, ішкі органдардың жұмысы мен зат алмасуды реттейтін вегетативтік жүйке жүйесіне жақсы ықпал жасайды. Шынықтыру күрделі шартты рефлекторлық процесс ретінде жүйелілікті талап етеді. Жүйелілік болмай, күн тәртібі бұзылса, уақытша байланыстар жойылады, ал баланың организмі табандылықты, әртүрлі қолайсыз ықпалдарға қарсы тұруды қалыптастырған, қоршаған ортаның жағдайына бейімделу қабілетін жоғалтады. Шынықтыру процесі сан алуан: бір жағынан, ол дәрігер белгілеген арнайы шараларды (ауа, су, күн), екінші жағынан, күн тәртібінде белгіленген жағдайдың қатаң тұрақтылығын (жүйелі түрде бөлмені желдету, фрамугаларды ашып қою, балалардың костюмі мен аяқ киімін жеңілдету, серуендеудің белгіленген ұзақтығын және балалардың қимыл ширақтығын сақтау, терезелері ашық верандада ұйықтау) қамтиды. Бұлардың бәрі организмді шынықтырудың толық пайдалылығын қамтамасыз етеді (жүйке жүйесінің жағдайы мен қызметін, алмасу процестерін, қан құрамын жақсартады, тыныс алуды тереңдетеді, психикалық эмоциялық-жағымды күйді туғызады), баланың жағдайы мен мінез-құлқын осы жағдайға стереотиптендіреді. Сөйтіп, баланы сәби кезінен және мектепке дейінгі жасынан шынықтыру адамның одан әрі қалыпты тіршілік әрекетінің, оның жоғары жұмыс істеу қабілетінің, шат көңілінің негізі болып табылады.
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасы» өмірге келген алғашқы жылдан бастап, барлық жастағы топтарда шынықтыру процедурасын қолдануды көздейді: шынықтыру түрлері, оларды өткізу уақыты, ұзақтығы белгіленген, дәрігердің ұсынысына сәйкес әркімнің жеке басының ыңғайына қарау міндеттелген. Бағдарламада гигиеналық және шынықтыру шаралары үшін арнайы уақыт белгіленіп күн тәртібінде көрсетілген. Қимыл кезіндегі ауа ваннасы балалардың қимыл-әрекеті процесінде жалаңаш терінің сыртына ауаның тікелей ықпал етуін қамтамасыз етеді. Мұндай ауа ваннасының неғұрлым тиімді әрі табиғи түрі ертеңгілік гимнастика болып табылады. Оның үстіне ауа ваннасын балалар дене шынықтыру сабағы кезінде, көбінесе ересектер мен мектепке даярлық топтарында дәрігердің белгілеуімен қабылдайды. Дене шынықтыру сабақтарының, сондай-ақ ертеңгілік гимнастиканың ауа ваннасы ретінде өз ерекшеліктері бар. Оларды өткізу кезінде әрбір 2-3 күнде балалардың костюмін біртіндеп жеңілдету арқылы бөлме ішіндегі ауаның температурасы біртіндеп төмендетіледі. Бұл балалардың денсаулық жағдайын ескеру, олардың жеке басының ыңғайына қарау арқылы дәрігердің нұсқау беруімен жүзеге асырылады. Қолда бар зерттеулер, балабақша жұмыстарының тәжірибесі мұндай жүйелі сабақтардың нәтижелерінің жоғары екендігін дәлелдейді: балалардың денсаулығы күшейеді, суық тиіп ауыру мен жұқпалы аурулар азаяды; организм шынығады, белгілі төзімділік қалыптасады.
Су процедуралары - ысқылау, шайыну, душ, шомылу (бассейнде, өзенде, көлде, теңізде). Балалардың жеке бастарының ерекшелігі, денсаулық жағдайын ескеру дәрігердің бұл процедураларды белгілеуі үшін негіз ретінде қызмет етеді. Су процедуралары процесінде баланың өзін ширақ ұстауы тиімді әрі қажет.
Бірінші кішкентайлар тобында белсенділік, негізінен, баланы қимылға ынталандыратын үлкен адамнан басталады. 3 жастан бастап бала өз бетінше әрекет етуге үйренеді. Сонымен, мысалы, жеңіл (массаждайтын) қимылмен байланысты шеттен ортаға қарай бағытта ысқылау кезінде сығылған қолғаптың көмегімен балалар өздері ысқылай алады. Шеңберде немесе жартылай шеңберде тұрып олар бәрі бір мезгілде кеудесін, иықтарын, қолдарын ысқылайды, ал одан кейін артына қарай кері айналып, қолғаптарын артында тұрған балаға береді, ал олардың әрқайсысы өзінің жолдасының арқасын ысқылайды. Сөйтіп, ысқылау процесінде бала қимыл үстінде болады, тоңбайды, тәрбиешінің басшылығымен қажетті өмірлік дағдыларға бейімделеді. Шайыну баланың организміне өзінің әсер етуі жөнінен өзіне дейінгілерден әлдеқайда күштірек. Судың ағыны денені сергітеді, бұлшық еттердің тонусын көтереді, олардың жұмысын жандандырады, жүйке жүйесін қоздырады, сергектік туғызады. Бала жоғарыдан ағып тұрған суға арқасын, кеудесін, қапталын, қарнын, қолдарын тосып бұрылады. Оның үстіне ол денесін судың ағысына байланысты жеңіл ысқылап, шалпылдатып, қимыл жасауы мүмкін. Шара аяқталғаннан кейін барлық балалар тәрбиешінің бақылауымен денесін жақсылап сүртеді. Балабақшалардың ең озық тәжірибелері жүйелі түрде шынықтыруды баланың сәби жасынан бастап, балалар мекемелерінде болатын соңғы күндеріне дейін жалғастыру керек екендігін, сонда ол үйреншікті сипатқа ие болатынын дәлелдейді. Бұл орайда педагогикалық, медициналық, техникалық қызметкерлердің келісімі, сондай-ақ ата-аналармен қарым-қатынас орнату негізгі шарт болып табылады. Көптеген балалар мекемелерінде жүйелі түрде шынықтыру кезінде дәрігердің ұсынысымен ертеңгілік гимнастикадан кейін белдікке дейін баланың үстінен су құю (көбіне дайындық топтарында) практикасы қолданылады. Балалар өздері үстерінен суды құйып, мойын, кеудесін, иықтарын, қолдарын ысқылайды, одан кейін денесін жақсылап сүртеді. Белдікке дейін үстінен су құю - әртүрлі жағдайдағы ең қолайлы процедура, сондықтан балаларды оған үйрету тиімді.
Шомылу - күнделікті жүйелі процедура ретінде (хауызда, өзенде, көлде, теңізде) сауықтырудың, балалар организмін шынықтырудың тамаша құралы. Ультракүлгін сәулелермен ұштасқан салқын су, таза ауа баланың организміне, оның жүйке жүйесіне, эмоционалдық жағдайына ерекше жақсы әсер етеді. Алайда бұл процедураның тиімділігіне қарамастан оған балаларды абайлап алдын ала жүйелі түрде ысқылау, судың температурасын біртіндеп төмендетіп, оларды душтың астында тұрғызып үстерінен су құю жолымен апару керек. Жоғарыда аталып өткеніндей, бала организмінің ерекшеліктерінің бірі - терморегуляторлық функциясының жергілікті дәрежеде толыспағандығы және осыған байланысты тері арқылы қоршаған ортаға жылуды көп бөлуі. Сондықтан балалардың шомылу кезіндегі ширақтығы міндетті түрде қажет. Тәрбиешінің шағын топтармен (6-8 адам) ұйымдастырған қарапайым көңілді ойындары балалардың бойында жағымды эмоция туғызады, ал бұлшық ет қимылдары жылылықты күшейтеді. Осының арқасында бала өзін жақсы сезінеді, тоңбайды, судан қорықпайды. Шынықтыру мақсатымен шомылдыру «Бағдарламада» естиярлар, ересектер және даярлық топтарына ұсынылады. Суға үйретуді практика көрсетіп отырғанындай 1,5-2 жастан бастау тиімді. Суда тар жерден жүру, тастарды теру, ойыншықтармен ойнау, шалпылдату өздері бұрын көрмеген суға үйренісуіне көмектеседі, жағымды эмоция туғызады, батылдыққа тәрбиелейді. Шомылатын орынды мұқият тексеру, ересектердің жіті бақылауымен суда бір мезгілде 3-4 баладан көп болмауы, дәрігердің барлық нұсқауларын сақтау - бұл процедураны өткізудің міндетті шарты. Әрбір жастағы топтар үшін суға шомылу уақытының ұзақтығын балалар мекемелерінің дәрігері белгілейді. Бұл орайда метеорологиялық жағдай (ауаның, судың, желдің температурасы, шуақты немесе бұлыңғыр ауа райы) және барлық балалардың организмінің қол жеткен шынығу дәрежесі ескеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |