Талқылауға арналған жоба
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
ЕЛ БІРЛІГІ ДОКТРИНАСЫ
Астана, 2009 ж.
Мазмұны
1.
|
Жалпы ережелер ……………………………………......
|
3
|
2.
|
Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар және ел бірлігін нығайтудың өзектілігі …...…………………
|
4
|
3.
|
Ел бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың мақсаты, міндеттері мен принциптері ….….........................................................
|
10
|
4.
|
Доктринаны іске асырудың негізгі
бағыттары.....................................................................
|
13
|
4.1.
|
Этносаралық өзара іс-қимыл институттарын нығайту саласында ……………………..........................
|
13
|
4.2.
|
Тіл саясаты саласында …………………………...........
|
16
|
4.3.
|
Білім беру мен тәрбие саласында …………………....
|
18
|
4.4.
|
Рухани-мәдени салада …………………………............
|
19
|
4.5.
|
Ақпараттық салада ……………………………..............
|
21
|
4.6.
|
Құқық және құқық қорғау
саласында ………………………………………………...
|
22
|
4.7.
|
Конфессияаралық қатынастар саласында ……….....
|
23
|
5.
|
Қорытынды бөлім...………………………………........
|
25
|
1. Жалпы ережелер
Этносаралық және конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті қамтамасыз ету Қазақстан дамуының, елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңғыруының маңызды шарты болып табылады.
Ел бірлігі доктринасы (бұдан әрі – Доктрина)
2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Қазақстан Республикасы Президенті берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
Доктрина Конституцияның, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның және өзге де нормативтік- құқықтық актілердің ережелеріне, сонымен қатар, аталған саладағы халықаралық құқық нормаларына негізделген.
Доктринада ұлттық саясаттың мақсаттары, міндеттері, ұстанымдары, сондай-ақ оны іске асырудың негізгі бағыттары баяндалған.
Доктрина қоғамды әрі қарай ұйыстыруға қолайлы шарттарды қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болып табылады.
2. Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар және ел бірлігін нығайтудың өзектілігі
Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесінде 140 этнос пен 40 конфессия өкілдері қазақтармен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлі этностардың ұзақ уақыт қатар өмір сүруі қоғамда төзімділіктің орнықты дәстүрлерін қалыптастырды.
Тәуелсіздікке ие болған алғашқы күннен бастап қазақстандық қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқықты өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлттық саясатының іргелі бағыттарына айналды. Өтпелі кезеңнің күрделі жағдайында мемлекеттің мақсатты және дәйекті саясатының арқасында Қазақстанда этносаралық негіздегі қақтығыс, тұрақсыздық пен қоғамдағы жіктелу бола қойған жоқ.
Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланды. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екендігін уақыт көрсетіп берді.
Қазіргі таңда Қазақстанда әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған этносаралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасты.
Этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді нормативтік құқықтық және тұжырымдамалық негіздері құрылды. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерінің қорғалуына кепілдік берді. Негізгі заңның нормалары барлық этностық топтар арасында сенім және өзара құрмет негіздерін қалады.
Этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің басымдықтары Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қоғамның идеялық ұйысуы Қазақстан прогресінің басты шарты» атты бағдарламалық еңбегінде, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, ҚР мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасында көрсетілген. Бұл тақырып Мемлекет басшысының «Тарих тоғысында», «Сындарлы он жыл» кітаптарында, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларындағы баяндамаларында және өзге де сөйлеген сөздерінде жан-жақты көрсетілген.
Сонымен қатар, ел Президентінің тапсырмасымен Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімге арналған стратегиясы (2011 жылға дейін) және басқа да құжаттар қабылданды.
Ұлттық саясаттың басты құралдарының бірі 1995 жылы құрылған, 818 этномәдени бірлестікті қанатының астына жинаған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) болды. Олардың басшылары ҚХА-ның, сондай-ақ және аймақтық ассамблеялардың құрамына кіреді. 46 этностың өз этномәдени орталықтары бар.
2007 жылы конституциялық реформалардың аясында Ассамблея Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, этностық топтардың Парламентте өкілдік етуінің конституциялық тетігі енгізілді. 2008 жылы әлемде ешбір баламасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды.
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты теңгерімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Конституцияға сәйкес, қазақ тілі - мемлекеттік тіл болып табылады, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамытуға жағдай жасайды.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің, оның бәсекелестігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда іс қағаздарын жүргізуді кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшіру жүзеге асырылуда. Елдің барлық өңірлерінде 60-тан аса қазақ тілін оқыту орталықтары жұмыс істейді, 2009-2011 жылдары олардың санын 120-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта қазақстандық оқушылардың 61%-і, студенттердің 48%-і қазақ тілінде білім алуда.
Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын өзге этностардың тілін дамыту қамтамасыз етілуде. 1673 мектепте оқыту орыс тілінде жүргізіледі. Таза өзбек, тәжік және ұйғыр тілдерінде білім беретін 81 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте Қазақстанның 22 этносының тілі өз алдына өтіледі. Арнайы мамандандырылған 195 этнолингвистикалық орталық ашылып, оларда балалар мен ересектер 30 этностың тілін оқып-үйренуге мүмкіндік алды. Ана тілдерін оқытуға арналған жексенбілік мектептерге бюджеттен қаржы бөлінеді.
Мәдени және ақпараттық салардардағы саналуандылықты дамытуға үлкен назар аударылуда. Мәселен, қазақ және орыс театрларымен қатар, 4 ұлттық (этностық) театр - өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істейді. Олардың үшеуі ТМД аумағындағы бірден-бір театр.
Газеттер мен журналдар 15 тілде шығады, 8 тілде радиобағдарламалар, 11 тілде телебағдарламалар беріледі, 19 этнос БАҚ-тарының қызметін қолдауға мемлекет қаржы бөледі, ал олардың саны 33.
Жыл сайын Наурыз, Масленица бұқаралық халықтық мейрамдарын өткізу дәстүрге айналды, Құрбан айт және Проваславиялық Рождество діни мерекелері демалыс болып жарияланды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда діннің нақты қайта өркендеуі жүзеге асты. 18 жыл ішінде діни бірлестіктердің саны 6 есеге өсіп, 1991 жылғы 671-ден 2009 жылы 4200-ге жетті. Қазіргі уақытта 3200-ге жуық мешіт, шіркеу, ғибадатханалар жұмыс істейді.
2003 жылдан бастап біздің елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіліп, оларға көрнекті діни қайраткерлер мен түрлі конфессиялар өкілдері қатысады.
Осылайша, Қазақстанда түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін ұлттық саясаттың бірегей тәжірибесі жинақталған. Бұл ретте, этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі нәтижелілігінің басты факторы - ешкімнің артықшылығына да, ешкімнің құқығына қысым көрсетуге де жол бермейтін, елімізде тұратын этностық топтар мүдделерінің теңдігін сақтау болып табылады.
Дегенмен, этносаралық ахуалға теріс ықпалын тигізетін бірқатар факторлар да жоқ емес.
Атап айтқанда, бұл әлемнің түрлі бөліктеріндегі, соның ішінде кейбір көрші елдердегі этно-діни қайшылықтардың күшеюі. Қазақстанға сырттан этно-діни экстремизм мен радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі әлеуетті қауіп туғызады. Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік және тұрмыстық жергілікті проблемалар да этностық рең алып кетуі мүмкін. Жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысында жіберілген қателіктер көпэтностық Қазақстан халқының этносаралық және мәдениетаралық төзімділік дәстүріндегі сабақтастықтың бұзылуына қауіп туғызуы мүмкін.
Осы және өзге аспектілер мемлекеттің де, сондай-ақ бүкіл қоғамның да тарапынан жіті назар аударуды талап етеді.
Жалпы алғанда, көпэтностық қоғамда ел бірлігін қалыптастыру және нығайту мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етудің, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы стратегиялық басымдықтарды іске асырудың негізгі шарты болып табылады.
Қазақстанның алдында жаңа индустрияландыру, елдің ХХІ ғасырдағы инновациялық-технологиялық серпілісін қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларын жүзеге асыру міндеті қойылып отырған жағдайда қазақстандық қоғамды тұтастыру және ұйыстырудың өзектілігі арта түседі.
Осыған байланысты ел бірлігін қамтамасыз ету жұмысын мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді стратегиялық басымдығы деңгейіне көтеру қажет. Осы Доктринаның негізгі ережелері Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енуі тиіс.
3. Ел бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың мақсаты, міндеттері мен принциптері
Осы Доктринаның мақсаты қоғамдағы азаматтық сәйкестілік, патриотизм, рухани-мәдени қауымдастық, тұрақтылықты сақтау, этносаралық және конфессияаралық келісім негізінде Қазақстандағы ел бірлігін қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.
Ел бірлігі деп этностық қоғамдастықтардың біртұтас мемлекет құрамында өмір сүру бүтіндігі, ел азаматтарының өзін Қазақстан Республикасымен, қалыптасқан құндылықтар және мұраттар жүйесімен сәйкестендіруінің жоғарғы деңгейі түсініледі.
Қазақстандық қоғамның ел бірлігінің негізі қазақстандықтардың басым көпшілігінің жанына жақын және қоғамды бірегей тұтастыққа ұйыстырушы құндылықтар ортақтығы болып табылады.
Біздің ортақ тарихымыз қазақстандықтардың барлық ұрпағын біріктіруші бастау алар көзі және лайықты мақтаныш нысанасы болып табылады.
Тәуелсіздікке ие болғаннан кейінгі кезеңде өз тағдырыңа еркін таңдау жасау, жаңа мемлекет құруға қатысты екеніңді сезіну, елдің және оның азаматтарының болашақ ұрпағының тағдырына бірлесе жауап беру Қазақстан халқының ортақ құндылықтарына айналды.
Қазақстандықтарға барлық этнос, конфессиялар, әлеуметтік топтар өкілдерінің өмір сүру салтына, дәстүріне, сезімдеріне, пікірлеріне, идеялары мен сенім-нанымына төзімділіктің жоғары деңгейі тән.
Сонымен қатар, елдегі этностық мәдениеттердің саналуандылығы мен үндестігі барша қазақстандықтардың тұрақты кемелденуі мен дамуының қайнар көзі болып табылады.
Қазақстандық қоғамда адамгершілік құндылықтар, үлкенді сыйлау, отбасы институтын құрметтеу, қонақжайлылық қасиеттері берік қалыптасқан.
Осының бәрі әртүрлі этностық және діни ерекшелікке ие азаматтардың өзара түсіністігі мен достығын нығайтуға септігін тигізеді.
Доктринада қойылған мақсаттарға жету үшін мемлекет пен қоғамның күш-жігерін мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағыттау қажет:
жалпықазақстандық сәйкестілікті нығайту, қазақстандық қоғамның негізін құрайтын құндылықтар бойынша келісімді қолдау;
этносаралық, конфессияаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімді жүйесін қалыптастыру;
Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілді дамыту;
қазақстандық этностардың этномәдени, тілдік өзіндік ерекшелігін сақтау мен дамытуға жәрдемдесу;
экстремизм және радикализм көріністеріне қарсы іс-әрекет ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу.
Этносаралық саладағы мемлекет саясатының базалық нұсқауларының, қағидаттары мен бағдарларының жиынтығын білдіретін және ел бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған осы Доктринаны жүзеге асыру мынадай принциптер негізінде құрылады:
нәсілдік, этностық ерекшелігіне, дінге, әлеуметтік топтар және қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі;
әлеуметтік, нәсілдік, этностық, тілдік немесе діни ерекшелігіне қарамастан азаматтардың құқықтарын шектеудің кез-келген нысанына тыйым салу;
әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни алауыздықтар тудыруға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұсқан келтіруге бағытталған іс-әрекеттің жолын кесу;
мемлекеттік тілге және оның қоғамдағы рөліне құрмет;
ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, этностық мәдениеттер мен тілдерді дамытуға жәрдемдесу;
әрбір азаматтың өзінің ұлттық, діни ерекшелігін айқындау және көрсету немесе көрсетпеу құқығы;
қайшылықтар мен әлеуметтік дау-жанжалдарды уақытында және бейбіт жолмен шешу;
Қазақстан Республикасы аумағының біртұтастығы және бөлінбестігі;
Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін оның аумағынан тыс жерлерде қорғау, шетелде тұратын отандастарға ана тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауда және дамытуда, олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуда қолдау көрсету.
4. Доктринаны іске асырудың негізгі бағыттары
Жоғарыда аталған мақсаттар мен міндеттерге сүйене отырып, Доктрина мемлекеттік ұлттық саясаттың мынадай негізгі бағыттарын көздейді.
4.1. Этносаралық өзара іс-қимыл институттарын нығайту саласында
Мемлекеттің осы саладағы қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктер мен басқа да азаматтық қоғам институтарының мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға тиімді қатысуын, сондай-ақ осы жұмысты жүргізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мына шараларды іске асыру көзделеді:
ҚХА және оның аумақтық құрылымдары жұмысының ұйымдық құрылымы мен тетіктерін жетілдіру;
ҚХА жанындағы ғылыми-сараптық кеңестің базасында этносаралық қатынастарды жүйелі және мақсатты зерттеу жөніндегі талдау-зерттеу орталығын құру;
ҚХА жанынан жұмысы жастар арасында этносаралық келісім мен этномәдени төзімділікті насихаттау жөнінде ұсыныстар тұжырымдауға бағытталған жастардың консультативтік кеңесін құру;
мемлекеттің ұлттық саясатының ғылыми-қолданбалы базасын қамтамасыз ететін зерттеу мекемелерінің жүйесін дамыту;
- мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылының, оның ішінде патриоттық тәрбие, азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуі саласындағы өзара іс-қимылының тетіктерін жетілдіру;
- мемлекеттік қызмет жүйесіне түрлі этнос өкілдері қатарынан тиісті біліктілік пен қабілетке ие азаматтарды тарту тетігін жетілдіру. Бұл ретте мемлекеттік тілді еркін меңгерген этностық топтар өкілдерін мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жауапты лауазымдарға қою тәжірибесін жүзеге асыру маңызды болып табылады;
этномәдени бірлестіктерді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тарапынан тұрақты қаржыландыру;
этномәдени бірлестіктер қызметінің құқықтық базасын жетілдіру;
үкіметтік емес ұйымдарды қоғамды ұйыстыру және қазақстандық патриотизмді насихаттау, рухани бірлік идеясын, Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті туралы білімді тарату, оның тарихи мұраларын сақтау процесіне кеңінен тарту;
этносаралық, конфессияаралық қатынастардың дамуына теріс әсерін тигізуге қабілетті әлеуметтік проблемалар кешенін алдын-ала шешуге байланысты мемлекеттік құрылымдар мен ҮЕҰ-дардың өзара іс-қимылын, тиімді бірлескен жұмысын жолға қою;
қазақстандық қоғамда төзімділік және мәдени сан алуандылық негізінде ымыралық пен зорлық жасамау мәдениетін қалыптастыруға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді кеңінен тарту.
Аталған шаралар этносаралық өзара іс-қимыл институттарының тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтарының аталған саладағы ынтымақтастығын нығайтуға септігін тигізуі тиіс.
4.2. Тіл саясаты саласында
Тіл саясаты елде үйлесімді әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құруға бағытталып, халықты біріктіру факторына айналуы тиіс. Ол мемлекеттік тілдің әлеуметтік және коммуникативтік функцияларын кеңейту мен нығайтуға; орыс тілінің сөйлесу функциясын сақтауға; басқа этностық топтардың тілдерін дамытуға бағытталуы тиіс. Аталған бағытта мынадай шаралар қабылданатын болады:
орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жүргізілетін іс қағаздарында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жұмысын қамтамасыз ету;
мемлекеттік тілді қолданудың құқықтық базасын дамыту, оның ұйыстырушы рөлін нығайту;
терминологиялық және онамастикалық жұмыстар жүргізу арқылы мемлекеттік тілді әрі қарай дамыту;
қазақ тіліндегі телерадиотаратудың үлесін ұлғайту, мемлекеттік тілдегі интернет-сайттарды дамыту;
іс-жүргізу, көркем және өзге де әдебиетті қазақ тіліне аудару жұмыстарын кеңейту;
ҚР азаматтығын алуды қалайтын иммигранттарға мемлекеттік тілді игеру жөнінде арнайы талаптар белгілеу, олар үшін тілдік дайындық жүйесін құру;
қала және аудан деңгейінде, жоғары оқу орындары мен басқа да мекемелерде, оның ішінде жекеменшік оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жүйесін кеңейту;
жастарды қазақ тілін терең меңгеруге ұмтылдыру жүйесін қалыптастыру, жас қазақстандықтарды қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне бейімдеу;
қазақ тілін оқыту әдістемелерін жетілдіру;
қазақ тілін мектепке дейінгі мекемелерде, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту сапасын жақсарту;
«үштұғырлы тіл» мәдени бағдарламасын бұдан әрі кезең-кезеңімен іске асыру, көптілді білім беруге көшу;
этномәдени бірлестіктерді мемлекеттік тапсырыс тетігін пайдалана отырып, мемлекеттік тіл бағдарламаларын іске асыруға тарту;
мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қолданылатын тіл ретінде орыс тілінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
этностық топтар өкілдерінің ана тілін үйренуіне мемлекеттік қолдау көрсету;
мәдениет және БАҚ саласында этностық топтар тілдерінің жұмыс істеуіне жәрдемдесу және жағдай жасау.
Қазақ тілін меңгеру әрбір азаматтың табиғи ұмтылысына айналуы тиіс. Алдағы жылдары барлық қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ, мемлекеттік тілді меңгеруі қажет.
Мемлекеттік тілді білу азаматтың жеке бәсекелестікке қабілеттілігінің, мансаптық жылжуы мен қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызды факторына айналуы тиіс. Мемлекет мемлекеттік тілді оқып-үйренуге барлық жағдайды жасауы тиіс.
4.3. Білім және тәрбие беру саласында
Мемлекеттегі ел бірлігін қамтамасыз етудің маңызды факторының бірі білім беру және қазақстандықтардың жас ұрпағын төзімділік пен келісім құндылықтарына тәрбиелеу болып табылады. Осы бағытта бірқатар шаралар қабылданатын болады:
үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне арналған Этномәдени білім беру бағдарламасын әзірлеу;
мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында этномәдени төзімділікке оқытудың, өзге мәдени орта өкілдеріне қатысты орнықты оң стереотиптер қалыптастырудың интерактивтік әдістерін енгізу;
өскелең ұрпақтың дін мәселелеріндегі мағлұматы мен білімінің деңгейін көтеру мақсатында мектептерде «Дінтану негіздері» міндетті оқу курсын жүргізу үшін жағдай жасау;
педагогтардың біліктілігін арттыру және оларды рухани келісім, төзімділік негіздері және этносаралық қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу мәселелеріне қатысты әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету;
этностық топтар жинақы шоғырланған жерлерде оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу мен алуға, мерзімді және баспа басылымдарын таратуға, олардың тілдерінде теле- және радиохабар беруге көмек көрсету;
Қазақстан халқының тарихи, соғыс және еңбек даңқы мектеп мұражайларының жүйесін дамыту;
этномәдени тәрбие беру, жас өспірімдердің азаматтық ұстанымдарын, этносаралық келісім төзімділігі және мәдениетін қалыптастыру жөніндегі сыныптан тыс іс-шаралар өткізу арқылы мектеп пен оқушылар ата-аналарының өзара іс-қимылын кеңейту;
Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған және қазақстандық қоғамды ұйыстыруға, қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталған «Менің елім» атты халықтық-патриоттық акцияларды жыл сайын өткізуге бастамашылық ету.
Аталған шаралар өскелең ұрпақ арасында этностық және діни төзімділік идеялары мен дәстүрлерін әрі қарай нығайтуға негіз болуы тиіс.
4.4. Рухани-мәдени салада
Этносаралық ықпалдастықты нығайтуға барлық этностардың мәдени ерекшелігін сақтаған жағдайда, азаматтарды біртұтас рухани-мәдени құндылықтар мен қазақстандық қоғамның дәстүрлеріне жұмылдыруға бағытталған шаралар ықпал етуі тиіс. Бұл үшін:
әрбір этностық топтың мәдениеті мен тілін сақтаудың және дамытудың құралы ретінде жексенбілік мектептер және ұлттық жаңғырту мектептерін ұйымдастыру нысандарын жетілдіру;
қазақстандық отбасы институтын, оның тәрбиелік рөлін, оның ішінде, ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту, жастар арасында Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдени дәстүрлеріне, тілі мен құндылықтарына деген төзімділік пен құрметтеушілік көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасау;
ұлттық (этностық) театрлар мен шығармашылық ұжымдардың дамуы мен қызметіне қолдау көрсету;
қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтауға, Қазақстан этностарының мәдениетін әрі қарай өзара байытуға бағытталған мәдени-ағарту мекемелердің жұмысын жандандыру;
Қазақстан этностарының тарихы мен мәдениеті туралы білімді кеңінен таратуға жәрдемдесу;
Қазақстанның әрбір этносының мәдениетін, тарихи мұрасын, дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтауды қамтамасыз ету;
қазақ диаспорасы тұратын елдермен, сондай-ақ, қазақстандық этностардың тарихи отаны болып табылатын елдермен мәдениетаралық үндесу мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту қажет.
Осы шараларды жүзеге асыру Қазақстанның этномәдени саналуандылығын сақтау мен дамытуды, «Саналуандылық арқылы - бірлікке» формуласын әрі қарай іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
4.5. Ақпараттық салада
Маңызды бағыттардың бірі этностық БАҚ-тарға қолдау көрсету, іске асырылып жатқан ұлттық саясатты тарату мақсатындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу, патриотизм және этномәдени төзімділікті нығайту болып табылады. Бұл үшін:
этностық БАҚ-тарды дамытуға, оларда қазақстандық сәйкестілік, патриотизм, этномәдени және конфессияаралық төзімділік тақырыбына арналған материалдардың шығу тәжірибесін кеңейтуге қолдау көрсету;
рухани-адамгершілік құндылықтар мен жалпыұлттық мұраттарды насихаттап, қоғамдық санаға сіңіретін оң бағыттағы ақпараттық өнімдерді (телебағдарламалар, шоу, фильмдер, жарияланымдар, роликтер және т.б.) шығаруға жәрдемдесу;
жұртшылықтың бойында Қазақстанға қатыстылық пен тағдырластық, мемлекетке деген патриоттық қатынасты дамыту, Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, өзін қазақстандық деп сезіну қасиеттерін қалыптастыратын рәміздерді
БАҚ-та қолдануды кеңейту;
журналистердің этносаралық және конфессияаралық қатынастарды көрсету мәселелерінде этикалық нормалар мен кәсіпқойлық дағдыны сақтауы;
қолданыстағы заңнама шеңберінде БАҚ-та елдегі этносаралық жағдайды тұрақсыздандыратын материалдар шығуының алдын-алу мен жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейту;
БАҚ-та этностық тақырыпқа байланысты ұғымдар мен терминдердің қолданылуын реттеу.
Ұсынылған шаралар қоғамдық санада этносаралық және конфессияаралық мінез-құлықтың орнықты оң үлгісін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.
4.6. Құқық және құқық қорғау саласында
Осы саладағы шаралар ұлттық саясат саласындағы заңнаманы жетілдіруге, этностық және діни төзбеушіліктің кез-келген нысанының алдын-алу мен жолын кесуге жәрдемдесуі тиіс. Оларда көзделетіндер:
нәсілдік, этностық және діни ерекшелігіне қарамастан Қазақстан азаматтарының тең құқығын, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларды әрі қарай дамыту;
этносаралық қатынастар саласында халықтың саяси-құқықтық мәдениетін көтеру, ксенофобия, экстремизм және тұрмыстық ұлтшылдық көріністерінің кез келген нысаны мен түріне төзбеушілік қатынасын қалыптастыру;
құқықтық жүйені және этносаралық қатынастар саласына қатысты теріс үрдістер мен қауіп-қатерді анықтау, алдын-алу және жою жөніндегі құқық қорғау қызметін жетілдіру;
этносаралық қатынастарды саясаттандыруға, азаматтарды этностық, нәсілдік, конфессиялық және өзге де уәждермен кемсітуге жол бермеу;
этностық рең алып кетуі мүмкін әлеуметтік және өзге де сипаттағы қайшылықтар мен дау-жанжалдардың пайда болуын күні бұрын айқындаудың тетіктерін құру және нығайту, сондай-ақ мұндай дау-жанжалдарды шешу жүйесін әзірлеу;
этносаралық сала мәселелері бойынша ұғымдық аппаратты қолданудың бірыңғай заңдық стандарттарын әзірлеу;
көші-қонды реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру.
Мемлекеттік ел бірлігі саясаты этносаралық және конфессияаралық қайшылық алғышарттарының пайда болу мүмкіндіктерін болдырмайтын заңнамалық және құқықтық тетіктермен берік қамтамасыз етілетін болады.
4.7. Конфессияаралық қатынастар саласында
Діннің біріктіруші бастау алар көзіне сүйену, этносаралық қарым-қатынастар жағдайына діни фактордың теріс әсерінің алдын-алу ел бірлігін нығайтудағы маңызды бағыт болуы тиіс. Бұл үшін:
дінаралық үндесу мен өзара түсіністікті дамыту, қоғамның тұрақтылығын нығайту мақсатында мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы әріптестік қатынасты дамыту;
қоғамдағы адамгершілік бағдарларды нығайту, отбасының рөлін көтеру, нашақорлықпен, маскүнемдікпен, балалар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен панасыздықтың таралуымен күрес секілді әлеуметтік міндеттерді шешудегі мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің ынтымақтастығы, бірлескен жұмысы;
қоғамның моральдық-адамгершілік негіздерін нығайту, халықтың діни сауаттылығын арттыру үшін дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын қолдану;
экстремизм және радикализмді таратуға қарсы тұру мақсатында халықпен, әсіресе, жастармен, жүйелі ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізу;
қызметі халықты жалған діни бірлестіктер туралы хабардар етуге, ондай бірлестіктердің құрбаны болғандарға психологиялық, құқықтық және заңнамалық көмек көрсетуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдарды қолдау керек.
Аталған шаралардың нәтижесі қоғамда адамгершілік құндылықтардың дұрыс жүйесін, төзімділік, бірлік және келісім идеяларын нығайтуға жәрдемдесуі тиіс.
* * *
5. Қорытынды бөлім
Ел бірлігін қамтамасыз ету демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты болып табылады.
Елдің экономикалық өсуі, әлеуметтік прогресс пен демократиялық дамуы тек қазақстандық қоғамның ұйысуы мен бірлігін сақтаған кезде ғана мүмкін.
Осы міндетті шешу үшін тәуелсіз, егемен және барша әлем таныған мемлекет ретіндегі Қазақстанда барлық қажетті экономикалық, әлеуметтік және саяси ресурстар бар.
Доктрина халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған заңдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік-басқару шараларының біртұтас жүйесін құруға негіз болады.
Доктрина Қазақстанды жедел дамыту мақсатында елдің адами, интеллектуалдық мүмкіндігін жандандыру мен жұмылдыруға, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүру деңгейіне жетуге, Республика Конституциясы кепілдік берген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғауға бағытталған.
__________________________
Достарыңызбен бөлісу: |