Қазақстанның жер ресурстары/ Земельные ресурсы Казахстана. – 2012. - №5. – С. 14-15
Нұржанов Р. (Университет баспасөз орталығының қызметкері).
Берік негізі бар білім ордасы
С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агроуниверситетіне – 55 жыл
Қазақстан - өзге мемлекеттер арасында ірі аграрлы елдер қатарында қалуды мақсат тұтқандықтан да, айтулы саланы дамытудың бірден-бір жолы озық технологияны меңгеріп, өндіріске енгізе білетін білімді де білікті, сапалы маманға байланысты екендігі мәлім. «Елу жылда - ел жаңа...» деп, дана халқымыз айтпақшы, бұл салада құрылғанына 55 жыл толып отырған байырғы жоғарғы оқу орыны Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің осы жылдар ішінде атқарған істері айтарлықтай.
Журналымыздың осы санында еліміздегі байырғы жоғарғы оқу орындарының бірі, әрі бірегейі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрылғанына 55 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық материалдарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Кешегі Қараөткел елді мекені, одан Ақмола, Целиноград атауын иеленген шағын қала, бүгінде Астана атанған алып шахарда осыдан тура 55 жыл бұрын, яғни 1958 жылдың 1 қыркүйегінде тұңғыш қоңырау соғылған жоғарғы оқу орыны «Целиноград ауыл шаруашылығы институты» аталған тарихи жылнамасы осылайша бастау алды.
Бүгінде іргелі жоғарғы білім ордасына айналған Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жоғары деңгейдегі, көп салалы білім ордасы болып табылады: ауылшаруашылық және техникалық бағыттағы мамандықтардан басқа білім беру, өнер, қызмет көрсету, әлеуметтік игілік және бизнес бағытындағы мамандар даярлайды.
Университеттің өзіндік ғылыми мектебі бар, сол мектептің негізінде қазіргі профессорлық-оқытушылар құрамы қалыптасқан. Ол - біртұтас еуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға негіз болатын Университеттердің Ұлы Хартиясының тең мүшесі болып табылады. Өткен елу бес жыл ішінде 50 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланып, олар ерен еңбектерімен ел экономикасын дамытуға лайықты үлестерін қосып келеді.
Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ауылшаруашылығы институтының алғашқы оқу ғимараты қазіргі агрономия факультетінің орнында, бір қабатты сабаннан салынған үйде орналасқан екен. Ақмола облыстық атқару комитетінің 1958 жылғы шешімімен оқу-тәжірибелік жұмыстарына 2 700 га. жер, 38 сиыр мен 500 қой бөлінген. Бұдан бөлек оқу орынының балансында, сонымен қатар он шақты сабан үй мен астық қоймасы да болған.
Қазірде университет құрамында 9 факультет жұмыс істейді. Олар: агрономия, ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы, архитектура, жерге орналастыру, компьютерлік жүйелер және кәсіби оқыту, техникалық, энергетикалық, экономикалық және гуманитарлық факультеттер. Ал, 43 кафедра, сегіз факультетте 33 мамандық бойынша жалпы саны сегіз мыңнан астам студент білім алуда. Оларға дәріс беретін 652 оқытушының 267-сы ғылым кандидаты, 57-і ғылым докторы. Жоғарыда атап өткеніміздей, тоғыз фаультеттің бірі, агрономия факультетінде топырақтану және агрохимия, экология және орман ресурстары, орман шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, егіншілік және өсімдік қорғау кафедралары бар. Ал, сәулет өнері факультетінің құрамына сәулет өнері мен дизайн кафедрасы енген. Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінде ветеринарлық медицина кафедрасы, ветеринарлық санитария, морфология, микробиология және биотехнология, аңшылықтану және балық шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу технологиясы секілді кафедралар жұмыс істейді.
Жерге орналастыру факультетінде геодезия және кадастр, жерге орналастыру және бағалау кафедралары бар. Өзге де факультеттерде заманауи білім беру талаптарына сай жүйе қалыптасқан.
Бұлардан бөлек университете сырттай оқыту бөлімі мен әскери кафедра жұмыс істейді.
Университетте білім алғысы келетін талапкерлердің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, бұрнағы жылдарды айтпағанда, бакалавриат, күндізгі және сырттай оқу бөліміне 7 мыңнан астам студент қабылданды.
Соңғы үш жыл бойы мемлекеттік білім гранттары бойынша оқуға түскендердің саны арта түсуде: егер 2009 жылы мемлекеттік грант бойынша - 613 талапкер қабылданса, 2011 жылы ол - 868 студентке жетті. Олардың арасында мемлекеттік тілде оқитын азаматтар үлесі де артып келеді. 2009 жылы қазақ бөліміне грантпен 301 студент қабылданса, 2011 жылы олардың саны 474-ке жетті.
2011-2012 оқу жылы 35 мамандық бойынша 2031 студент диплом алды. Олардың 1 467-сі күндізгі, 564-і сырттай оқу бөлімін аяқтады. Күндізгі оқу бөлімі түлектерінің 245-сі, сырттай оқығандардың бесеуі оқу үздігі атанып, қызыл дипломмен бітіріп шықты. Түлектердің алтауы төрт мамандық бойынша қосымша диплом алса, қызыл диплом алған үздіктердің қатарында ветеринария және мал шаруашылығы технологиясының үлесі - 27%, жерге орналастыру - 20%, агрономия факультеті -15%.
Арада өткен жарты ғасырдан астам тарихын сараласақ, түлектердің жалпы есебі - 56 505 адам, олардың 273-сі магистратураны аяқтаған.
2011-2012 оқу жылдар аралығында күндізгі оқу бөлімінде 7 027 студент оқыса, сырттай қашықтықтан оқыту бөліміне 2 349 студент қабылданған. 2 919 студент мемлекеттік білім беру гранты негізінде қабылданса, осы грант иегерлерінің 1 442-сі мемлекеттік тілде дәріс алады.
Биылғы мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу барысында университетке 1223 грант бөлінді, оның ішінде 1169 күндізгі оқу бөліміне, 52 грант қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша және екі грант сырттай оқу бөлімінің қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша берілді.
2012 жылдың 25-ші тамызындағы статистикалық деректер бойынша 2 472 студент бакалавриат бойынша қабылданған. Студенттердің 1295-і мемлекеттік грант бойынша, 1237-сі ақылы оқу бөліміне қабылданған. Бұларға сапалы білім беретін ұстаздар құрамына тоқталар болсақ, бүгінде 1290 оқытушылардың ішінде 57 ғылым докторы, 267 ғылым кандидаттары мен доценттер дәріс береді.
Осылайша, жарты ғасырдан астам тарихы бар, еліміздің негізінен ауылшаруашылық мамандарын дайындауда берік негізі қаланған білім ордасының заман көшімен ілесе, ел ертеңі үшін әлі де атқаратын істері, алға қойған мақсаттары айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |