Қазақтың қайсар Қайымы



Дата10.06.2016
өлшемі42.19 Kb.
#126385
Cіләмова Зиза

А.С. Пушкин атындағы облыстық

кітапхана өлкетанушысы.


Қазақтың қайсар Қайымы

(Абайтанушы, ғалым, аудармашы, жазушы Қ. Мұхамедхановтың туғанына 95 жыл)


Жыл сайын А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана «Туған өлке –тұнған тарих» атты дәстүрлі өлкетану кездесуін өткізіп тұрады. Мақсаты - өлкемізде өмір сүріп, артына өшпестей із қалдырған танымал тұлғалардың есімін жас ұрпаққа жаңғыртып жеткізу, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Қызмет барысында бүгінгі ұрпақ өкілдерінен қарт Ертістің жағасына ізі қалған қандай танымал тұлғаларды білесің, мәселен Қайым Мұхамедхановтың есім таныс па деген сауалнама қойып байқап едік, мардымды жауап болмады. Туған өлке топырағында, ел тарихында артына өлмес мұра қалдырған асыл азаматтардың бір де болса бірегейі Қайым Мұхамедхановтың туғанын биыл 95 жыл толуына орай аз да болса өмір жолынан сыр шертуді жөн көрдік.

Ғабдулқайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласындағы Ертістің сол жағалауы - Заречная Слободкада туған. Бұл жағалау 1917 жылы Алаш қаласы деп аталған екен. Өйткені мұнда қазақ зиялылары ұйым құрып, газет-журналын шығарған. Кейіннен Алаш атын өзгертіп, Жаңасемей атанды. Алаш бас, орта, аяқ деп үш жатаққа бөлінген. Әкесі Мұхамедхан орта жатақтағы ( қазіргі Тінібай мешітінің маңы) ең дәулетті адам болған. Көп оқыған, аса білімдар қолы ашық адам болған. Ауқатты әке үкіметтің ұзын құрығына ілініп, 1928 жылы кәмпескеге түседі. Әкесі бар кездегі бақытты балалық шақпен ерте қоштасқан Қайым 31 жылдың аштығын, 37-нің саяси қырғынын басынан кешірді. Әкесін 37 жылы халық жауы деп алып кетті де, үштіктің шешімімен үш күннен соң, яғни 27 қарашада атып тастаған. Қайымды бай –манаптың баласы деп оқудан шығарып жібереді. Ешбір мектеп оқуға алмай қойған. Күнкөріс қамымен қара жұмысқа түседі. 33-34 жылдары мұғалімдік курстарды бітіріп алған, Алғаш рет Абай есімін әкесі –Мұхамадхан Сейітқұлұлынан естіген. Абай өлеңдерін жатқа айтып, «Абайды оқыған, Абайды қадірлеген, Абайға тоқтаған адам қор болмайды Оның әр сөзі көкірекке шапағатын төгіп, сәулесін түсіріп тұрады. » деп отырады екен. Алаштың ардақты азаматтары Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлихан, Міржақыптар ат басын бұрып жиі келіп тұрған. Мұхамедхан соларға рухани қолдау жасап, материалдық көмек көрсетіп отырған екен. «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының шығуына қаржылай көмек көрсеткен. Мұхтар Әуезовпен өте жақын арласып, туыстай болып кеткен. Осы аралса –құраластың бәрі жас Қайымның өмір жолын үлкен әсер етіп, бойындағы талантын ұштауға ықпал еткен адам Мұхтар Әуезов.

Отызыншы жылдардың соңында-ақ Қайым есімі ауызға іліне бастайды. 1940 жылы «КССО жазушылар Одағының мүшесіне» қабылданады. Абайдың туғанына 90 жыл толуына орай М.Әуезовтың басшылығымен, ұсынысымен Семейде Абай мұражайы ашылады. Мұражайдың ашылуына Қайым көп еңбек сіңірді. Аға ғылыми қызметкер бола жүріп, Абай мұраларын терең зерттеумен шұғылданды. Неше мәрте мұражай директорлығына ұсынылып, партия қатарында болмағандықтан өтпей қалды. 1947 жылы Абай мұражайы республикалық Ғылым Академиясының құзырына өткеннен кейін ғана ғалыс Қ. Сәтбаевтың ұсынысымен мұражайға директор болып бекиді. Үш –төрт жылда өндірте жазып, жүзден астам әдеби-ғылыми зерттеу мақалаларын жазды. 1951 жылы Мұхтардың жетекшілігімен «Абайдың әдебиет мектебі» деген тақырыпта кандидаттық дисертация қорғап шықты. Алайда осы ғылыми еңбекті «ұйып тұрған ұлтшылдық Абай мектебі дегенді Әуезов ойдан шығарып жүр. Ондай мектеп болған емес» - деп үлкен дау тудырғандар да болды. Осы диссертациядан соң көп ұзамай «ұлтшыл, бай-манаптың жоғын жоқтаушы» деп айып тағып 25 жылға айдап жібереді. Қайта қараған сот үкімі тағы бес жыл қосып беріп абзал азамат нақақтан сотталып кете барған. Карлаг пен ГУЛАГ-тың азабын басынан кешіре отырып адамгершілік ар –ожданын жоғалтпаған. Абай үшін қандай мехнат тартып, азап шексе де, ұлы ақынға деген сүйіспеншілігін еш қорқыту мен үркіту, күш көрсетудің алуан түрі өшіре алмады...

1945 жылы Орталық Комитет Қазақ ССР-інің Гимніне үлкен жабық бәйге ұйымдастырып, ондаған адам талпыныс жасады. Екі- үш жылдың ішінде қаншама өлең талқыға түсті. Алматыда жүрген Қайымға М. Әуезов осы конкурсқа қатысып көруді ұсынады. Гимн дегеннің не екенін, оның халық өміріндегі орны қандай екенін тәптіштеп түсіндіреді. Елге келген соң ойын жинақтап гимн мәтінін жазады да Алматыға конкурсқа жібереді. Конкурстық сараптау кезінде өлеңі жеңіп шығады. Қазақстанның 20 жылдығына арналған салтанатта қазақ киносының негізін қалаған режиссер Ш. Айманов жұрт алдына шығып, «Өмірге қазақ халқының Гимні келді, Гимн авторлары Қ. Мұхамедханов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Мүсірепов» деп жариялаған. Гимннің «Ер қазақ еркіндік аңсаған деп басталған өлең жолын «ойбай ,пәлеге қаламыз, «ер» деген сөзді алып тастап, «біз» деп жазайық» - деп Орталық Комитетке ұсыныс айтылған ғой. Сөйтіп Қайым ағаның авторлығына Әбділдә ақын мен жазушы Ғ. Мүсіреповты қосақтап жіберген екен. Әнін жазған М. Төлебаевтың қасына Латиф Хамиди мен Евгений Брусиловскийді атын тіркеген. Дәуір көші өткенмен ақиқат ещкім қиянат жасай алмайды. «Алмас пышақ қын түбінде жатпас» дегендей, бүгінгі ұрпақ өкілі қазақтың алғашқы гимнінің авторы Қ. Мұхамедханов екенін білді.

Ақпан айында біздің кітапханада «Туған -өлке –тұнған тарих» атты өлкетану кездесуі аясында Қ. Мұхамедхановқа арналған шығармашылық кеш өткізілмек.

Кітапхана өлкетанушылары Қайым ағаның ұрпақтарымен хабарласып тұрады. Ғалым аға артына өзіне лайық ұрпақ қалдырғанын айта кеткен жөн. Жұбайы Фархинұр екеуі он бала тәрбиелеп өсірсе, олардың бесеуі әке жолын қуып педагог мамандығын таңдаған. 1990 жылы қызы Дина Ленинград қаласында педагогика ғылымының кандидаттығына диссертациясын сәтті қорғап, одан кейін АҚШ дағы Бостон университетінде оқып, ғылым магистрі атағын алды. Келіні Алмагүл - доцент, тарих ғылымының кандидаты. Семей педагогика институтының проректоры.

Бүгінде профессор Дина Қайымқызы «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығының» директоры, әке мұрасын насихаттауда орасан зор жұмыстар

атқаруда. Ұлы ғалымның өмірі мен қызметі туралы отбасылық фотосуреттер мен деректер жіберіп, кітапхана қорын толықтыруға ықпалын тигізуде.

Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы да қазақ халқы үшін атқарған еңбегі де тәуелсіз Қазақстанның елжанды ұландарын арлы, намысты етіп тәрбиелеуге көмектесетін бірден бір үлгі, бірден бір жол.



Абайтану ғылымына бар өмірін арнаған, басына келген небір нәубетке шыдап, ұлы ақынға деген сезіміне сызат түсірмеген, ұстаздардың ұстазы, үлкен адамгершілік иесі, Тәуелсіз Қазақстанның ұлы перзенті Қайым Мұхамедхановтың екінші нұрлы ғұмырын бүгінгі ұрпаққа түсіндіру, ұғындыру, үлгі ету – біздің парызымыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет