АзаттықтыҢ өшпес рухы Нұрғожай батырдың Естеліктері ЖӘне оспан батыр



бет8/38
Дата09.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   38

Жауға берілген алғашқы соққы

Осы қалың жауға үш төбеден атыс бердік. Бірінші жағы қара жолдың құйғанындағы қыратпен болды. Оған Оспан Шамғұн 300 әскермен жүріп кетті. Ал Алаайғыр шоқысына Ырысхан, Ләтіп, Сүлеймен батыр 300 адаммен кетті. Кәмел басшылығындағы 300 адам болса Жінгі мен Үлкен Қайыртының арасындағы тұмсықтың астына жөнелді. (38) Онда қытай армиялары түскелі төрт күн болған еді. Атыс ұяларының барлығы қытай қолында болса да, биік таулардың барлығы біздің қолымызда еді. Жау екі үлкен зеңбірек әкеліп орнатты. Әр күні 5-6 айырплан орман іштерін келіп атқылап, бомбалап тұрды. Орман қалың болғандықтан бомба көп зиян қыла қоймайды. Төрт күн соғыстық. Бесінші күні үш жақтағы партизандар жаудың ішіне кіруге уәделестік.

Оспан, Шамғұн жақтағылар төбеге жақын келдік. Таң атуын тостық. Бір бірлеп шалғын шөптің арасымен орманға келіп кіріп алдық. Төбенің бауырын жағалап жаттық. Төбенің бауыры үлкен кең қойнау еді, әрі үлкен үңгір бар еді. Жау төбенің үстінде тұрды. Бір қытай бізге қарап сигенде атып қалдық. Адам жығылып қалды. Сол мылтықты барып алам деп Найман Жақыпбек деген жігіт оққа ұшты. Мен үңгірдің аузына шыға келгенімде бір жау әскері желкемнен жетіп келіп “мәлыкіби” деп айтуға мүмкіндік болмай алыса кеттік. Қойындасып барып көк шөппен бірге бірнеше жерге дейін домаланып кеттік. Бір уақытта үстіне шығып алып буындырып талдырып барып қылышымды қолыма алып шауып өлтірдім. Артымнан Сүлеймен келді. Бұл жаудан құтылып тоғай арасына кіріп кеттік. Екінші жақтан Кәмел батыр пулеметті атып тұрған қытаймен бірге ат үстінен жұлып әкетті. Ол пулемет атқан қытайды сүйреп алып өлтіргенде 300-дей адам ұран салып қытайға келіп кірді. Шердиманды тауып алған Оспан екеуміз екінші бір атыс беріп тұрған жау әскерінің сыртынан келіп атып 6-7 адамды өлтірдік. Содан кейін Оспан екеуміз акопқа жақындап келіп ішіне 50-ден астам гранат тастап жібердік. Акопта бұғып жатқан қытайдың көбі қырылып, қалғаны сайды құлдай қашты. Арғы жағынан Сүлеймен, Шамғұн әскері, алдыңғы жағынан Кәмел басшылығындағы Айтуғандар ұран салып кіргенде мыңнан астам қытай мылтығын лақтырып жіберіп тасып жатқан өзенге түсіп кетті.23 (39)

Ырысхан шыққан төбе аса қауіпті болды. Ол жақтағы жау әскерлері орман ішіне кіріп алды да, Ырысхан адамдары жалаңаш тақыр төбеде қалды. Сүлеймен сол жаққа барды. Оған еріп мен де барып көмек бердік. Сүлеймен сығалап атып жауды түсіріп отырды. Сүлеймен әсте бір оқты бір адамға зия қылмайтын. Ол Мұса мерген сияқты “бір оғым үш қытай” деуші еді марқұм. Дүрбі салып

- Бір қытай тұр. Осыны атам, - деді.

Соны дәлдеп атып еді. Әлгі қытай қарауылдан ұшып акоптың бір жақ алдына келіп түсті. Оның дүрбісіні барып алам деп Самарқан шәйіт болды. Сол түні Ырысхан жағындағы партизандар ұран салып келіп кіріп еді. Қытай түнімен суға түсіп қырылды. Қалғаны Көктоғайға қарай қашты. Қытай сайдың ішінде жайрап қалды. Ал суға мылтығымен түсіп өлген қытайда сан болмады. Ол кезде су тасулы, әрі лай еді.

Осы соғыс қорытындысында Ырысхан “жаудан түскен олжаны кім түсірсе сол алсын” деп бұйрық жариялады. Соңғы кездердегі соғыстарда, жоғарғы соғыс қолбасшылары ұйымдастырса да, ұйымдастырмаса да әркім талқанды майға араластырып тақыр тұлыпқа салып алып ру-руымен кете беретін болды. Қарауыл жұмыстары да жақсы реттелді. Әр ру өзі отырған жақтағы қарауылды өзі мойнына алды. Алтай, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл аудандарының бәрінің айналасы Монғолиямен шекара және қытай әскерлерінің келетін жолдары болғандықтан, сол жолдардың бәрі тізімге түсіліріп қарауылдары маңындағы руларға жүктелді.

Осы жолғы жаудан 1.500 бесатар, 40 маузер, 50 дүрбі түсті. Ат түйелер мыңдап түсті. Ат пен түйе барлығы төменгі Алтайдағы елдің түйесі, елдің аты еді. Ырысхан маузер мен дүрбілерді ел елді ұйымдастырып жүрген ел бастықтарына берді. Онан соң ерекше еңбегі сіңген Сүлеймен батыр, Оспан батыр, мен [Нұрғожай батыр], Ақтайлақ батыр, (40) Ителі Сәли ақын қатарлы ауытқымай ерекше еңбек сіңірген адамдарға таратып берді де “мұнан соңғы олжаларды түгелімен түсірген жеке адам өзі алсын” деп бұйрық жариялады. Бір дүрбіні маған, бір дүрбіні Үмітбайға, бір дүрбіні дәулетін аямады деп Қарақас Құсайынбайға сыйлады. Үлкен мылтықтарды семья санына қарап руларға берді. Ауыр соғыс құралдары атақты батырлардың қолына өткерілді. Әскери соғыс азығы ру-рулардың өзіне жүктелді. Жау қатты қиратылғаннан кейін біздің адамдарымыз қатты көңілді болды. Ұсақ қарауыл соғыстарын жүргізіп жол-жолдарға аңду қарауылы қойылды да армияның көп бөлімін Ырысхан демалысқа орналастырды. Ел жайлаудан көшіп Таршатының аузына келіп қондық. Нығмет Ырысханды қонаққа шақырып түстеніп жатқанымызда

- Жау келді. Жер қайысып келе жатыр. Бұл жолы Көктоғай Шіңгіл қазағының ұрқын құрыту үшін Ресейден орыс армиялары да келе жатыр екен. Армияның барлық саяси комиссарлары Ресейдің бұрын Шың Сысай тұсында Көктоғай, Шіңгіл жерлерінде тұрған, жер сырын білетін адамдар екен, - деп дүр дүр ете түсті.

Оның үстіне Көктоғайдағы кен районын тексеруге келе жатқан орыс генералы Баненкені Ушаның ішінде Сүлеймен батыр атып тастаған болатын. Генерал Баненкенің құнын да, өшін де аламыз деп Генерал Розбаров деген орыстың батыр генералі келеді деген суық хабар да дүңкілдеп кетті.

Ырысхан бәріміз сол үйден тамақ ішіп шығып Соғыс Комитетіне, ел бастықтары мен батырларға бірін қалғанға дейін және ақтық сертке жеткенше, жан бойдан шыққанша соғысуға бұйрық берілді. Қандай адам бас тартса, сатқындық қылып жауға хабар беретіндер болса, қолға түскен жерде атып таста деп бұйрық шығарылды. Осыған дейін Сүлеймен батыр мұғалім болып жер - жерде шпион болғандардан он екі адамды атқызып тастап ел ішін тазалап алған болатын. (41)

Жер қайысқан 3.000 қарулы армия Сауысқандының жолымен жүріп Тұранды Бұлақтың басынан өтіп Қуқарағайдан асып Қу Үйге келіп түсті. Сүлеймен әскерімен Таршатының аузынан шығып алып жау армиясымен әрі бері соғысқанда панасыз жердегі жау армиясы жайрап қалды. Қытай тамақ ішуге уақыт таба алмай Қуүйдің ішіне қарай кіріп кетті. Жер сырын білмеген дұшпан тағы да Тақыр төбеге шығып “мен міне атсаңдар” деп жап жалаңаш болып еді. Сүлеймен армиясы орман ішіне кіріп кетті.

Біз де жоғарғы жағынан келіп жауды ықтатып атып орманды бекіністі қолға түсірдік. Жауды Қу Үйден қуғанда мергендер 50 неше елу атар пулеметпен ат үстінен атқылады. Олар пулеметті ер тоқымының алдына мінгізіп қойып, өздері ердің артына мініп “Жәнібек, Жәнібек” деп ұран салып лап қойды. Елу пулемет бір құйғанда-ақ мыңдаған жау әскерлері қырылып бірінің үстіне келіп бірі түсті. Сол күні соғыс түстен бастап таң атқанша дамылсыз жалғасып қанды қырғын болды. Әйел әскерлердің барлығы сыртқы қарауылда қалды. Шығын бізде де көп болды. Мәсәли молланың Ерғазы, Серғазы деген екі ұлы бірдей шәйіт болды. Елге жау әскерлерін кіргізбей елді аман алып қалдық. Мыңдаған әйелдер қолына қару алып елді, малды күзетіп тұрды. Қытай шегініп базасын тастап қашып сол сайдың аузына барып кірді.

Ертеңінде әскер күшін және толықтап шәйіттердің орнына таңдаулы адамдар алып қытайды артынан қуып кеттік. Күн әдеттегідей жаумай, күн күркіреп жай түсіп ерден қонақтай ақ бұршақ толассыз жауды. Алтай жақтан келген 3.000-нан астам жауға жәрдемге Көктоғайда жұмысшы деген атпен жасырын жатқан орыс армиясы көмектесті. 2.000-нан астам қарулы орыс әскері келіп жау армиясының (42) өлгендерінің орнын толтырып қойыпты. Жауды Ақбұлақтан бір бөлім армия, Қу Үйден бір бөлім армия жол сайдан басынан да, аяғынан да қоршап алдық. Ырысхан:

- Осы жолғы соғыс ең шешуші болсын. Қыс келе жатыр. Күннің жылы уағында әккі жаудың әкесін танытып жіберіңдер. Біз қытайдың жеріне барып соғыс ашып адам өлтіріп отырғанымыз жоқ. Қытай бандиттері біздің жерлерімізді жаулап алып оның үстіне баса билік жүргізіп бізді өлтіріп жатыр. Қытай бандиттерін өлтірсеңдер қазы боласыңдар, өлсеңдер шәйіт. Егер, осы қытай бізді бізді опықтай жеңеді екен. Онда біздің бұл өңірде жасауымыз қиынға түседі, - деп баса көрсетті.

Алғашқы шайқаста мыңнан астам жау армиясын күйреттік. Бірінші жолғы шайқаста Ақтайлақ батыр, Зиядан батыр бастаған отыз адам қаза болып кетті. Соғыс қыза қыза жер дүние көл болып селдер жүрсе де біз төрт жақтан “Жәнібек” деп ұран салып жаумен араластық.

Екі сағаттық шайқаста, атап айтқанда шоқпармен, қылышпен, автоматпен кіргенде қытайлар бір шетінен Табынбелшірден аса Қара Суды бойлап қашты. Біздің Күртідегі қарауылға елу мергенімен 300 адам жіберілді. Алғашқы қылыштасуда жаудың 2.000-нан астам адамы жайрады. Су қатты тасыды. Қытайлар ат көліктен түгел айрылды. Қай жерде ат тұрса, оны атқылап өлгенін өлтіріп өлмегінін қашырып жинап алып жаттық. Қашқан әскерлерді тұс тұстан атқылап қырып отырдық.

Сүлеймен батыр, Кәмел батыр үшеуіміз қашқан жауды Қара Судың аузынан тосқан едік. Бізге жаудың алды жеткенше жол ортада (43) партизандар бөліп-бөліп алып қалыпты. Сонда оның тамтығы бізге әрең жеткен екен. Бұл жаудан тіл құтқармадық. Жау әскерлері Қара Су аузындағы қарауылға қатты таласты. Біздің адамдарымыз бұл қарауылды бұрын алғандықтан жау жеңілуге мәжбүр болды. Бір қытай командирі төбеге пулеметті қойғызып ең алдымен төбеге шыға келді. Бір бұрымнан мен де шыға келдім. Екі арамызда бір топ үшқат бар еді. Ол атып қалғанда оның оғы жанамалап қабырғамның сыртынан өтіп кетті. Сонымен екеуміз ат үстінде алыса кетіп аттан құлап түстік. Сайға қарай домалап бара жатқанымызда артымнан Сүлеймен келіп қытайды атып мені құтқарып қалды. Қытай маған найза ұрды. Бұл найза киген барқыт шапанымнан өтіп емшегімнің үстіне барып тоқтап, етін жыртып кетті. Қытайдың қара санынан атып тірідей қолға түсіріп байлап қойдық. Сүлеймен аты мен ер тоқымын сұрады. Мен оны Сүлейменге бердім. Бұл Шақабай Сүлейменнің жүйрік қарасұр аты екен.

3.700-ден астам түрлі қару-жарақ, 500 жәшік оқ түсті. Елді аман жаудан айырып қалдық. Елді Қияқты сай, Жебеті, Қу Үй, Томар бұлақ, Шолақ Бұлақ, Қадыраты, Табынбелшір, Шібленге түсіріп орналастырдық. Қарақас Тоқтағанның Нәби деген баласының қытай тілін білетін ұлы бар еді. Оны Сарсүмбеге тіл әкелуге жібердік. Ол барды да қайтып келді.

- Орыс, қытай қатты ашу шақырып жатыр екен. Тағы да 3.000 қызыл армия келе жатыр, - деді.

Сонымен бірге “бүкіл елдің мергендерінен сұрыптап 1.000 адамды төрт тарапқа дайындаған. Бұл армия өте таңдаулы сібе, солаң, монғол, орыс, манчулардан сайланған” деген лақап тарап жатты. Патшасынған бандит Шың Сысай өз армиясына “Көктоғайды бүтіндей тазалап қолға аласыңдар. Кері келуге рұқсат жоқ”, - деп қатал бұйрық берген екен. Осы армия әскерлері атқан оғы жерге түспейтін мыңнан бірі делініп (44) суреттеліп жатты.

Ырысхан 400 адаммен Шіңгілге кетпек еді. Бұл тоқтады да Табынбелшірдегі Сарт Бейітінде жиын ашып ақыл құралды. Бұл жолғы жауды Алтайдың ең қиын жері Ышқытыдан тосып соғыс беруге қарар алдық. Жол бойы қарауыл қойылды да жау армиясын Таңбалыдан өткізіп жіберіп онан соң алдан соғыс беріп қаша-қаша жауды Ышқытыға түсірудің жоспары жасалды. Бұл арада “Үрімжіде жатқан Шың Сысай жарлығы бойынша, орыстың осы армиясына бір батальон әскермен 1.700 түйе киім-кешек, ақ тәтті мен күріш келе жатыр” деп Қарашардан хабар келді. Осы жүкті түсіру үшін Сүлеймен батыр 14 адам беріп Оспанды жіберді. Жау армиясының жолын бақылауға Тілеуге жіберілген жау әскерлері Мезім сайымен жүріп, Бала Ертістен келіп өтіп Қияқты сайды өрлеп Таңбалы тастың жолымен шығып Тұлтының құйғанына келіп түсті. Біздің қарауылдан “жауды алдынан азырақ атыс беріп қарсы алдық” деген хабар келді.

Ішінде өзім де бар, Сүлеймен, Ырысхан, Шамғұн әскерлері Ышқынтының солтүстік жағындағы бұйра-бұйра қыраттарды алды. Таңбалы Тас жағындағы қарауылды Кәмел батыр әскерлері, Айтуған мен Қарақас әскерлері алды. Жау армиялары Ышқынтының екі қыратын иелеп алды. Осы замандық қарулармен әбден қаруланған қызыл армия екен. Бір қыратта біздің әскерлер орналасқан. Осы маңда үш күн, үш түн атыстық. Жау санының молдығы мен қарауылдарының зордығына сүйеніп зеңбіректермен толассыз атқылап, кейбір орманды жерлерді алып көзді ашып жұмғанша жайпап жіберген еді. Пулеметтер зіркілдеп сағат сайын емес, минут сайын миллиондаған ажалды бізге қарай төгіп жатты. Бұл кезде табиғат та нөсер құйып, күн күркіреп, нажағай түсіп, жер сілкініп өзгеше суық мінез көрсетіп тұрды. Бір тұлып талқан тауып алып немесе бір тұлып ақ ірімшік, қызыл (45) ірімшікті тұлыпқа салып алып соғысып жүрген қазақтар үшін де табиғаттың осы мінез-құлқы жақсы болмады. Оның үстіне әр күні дамылсыз 6-7 самолет бізді бомбалап тұрды. Осы соғысқа орыс азаматы Сендиков батыр алты жолдасымен қатысқан еді. Бомбадан мал көп өлді. 50 неше адам өлді. Төрт күн, төрт түн соғыстық. Екі жақ бірдей шаршадық. Соғыстың созылуынан пайдаланып қытайлар акоп жасап көп бекіністі бекемдеп алды. Акоптағы қытайларды сырттан келіп соғу планы жасалды. Бір бөлім адам қосқа жіберілді. Олар азықтанды, азырақ ұйықтап демалды. Олардың жау армиясына сыртынан баратын жолдары белгіленді.

Қарауыл бытыранды жаудың ұстап отырған жерінде кеңірек болып күштердің барлығы теңсіз орында тұр еді. Сүлеймен, Келес, менің әкем Молдажан төрт адам қарауылда қалған болатын. Біз окопты бұзып аламыз деп өрлей-өрлей жауға жақын қалған едік. Қарсы алдымызда бір мерген отыр деп отырғанда, менің әкемнің алдындағы тасқа оқ тиіп тас бытырап келіп әкемнің бетіне тиіп, әкем азырақ жаралы болып қалды. Ол адамның жарасын орап әлгі жау әскерінің өзіне Келес барып оқ ата бергенде оқ Келестің қуыс кеудесінен өтіп кетті. Сөйтіп екі адам жаралы болды. Жаралы адамдар қайтарылып жіберілді. Маған сол қарауылдың солтүстік жағы бос тұрғандай, егер сол жерге барсақ осы қарауылды алғандай сезіліп тұрды. Осы төбені Сүлейменге айтып едім.

- Мен де сол төбені алуға лайық көріп тұрмын, - деді.

Орманның ішімен жүріп отырып сол сайдың баурына жетіп бардық. Сол сайды ақырын өрлеп басына таяп барып атымды байлап қойдым. Қытай Сүлейменге қарап атып жатыр екен. Жердің ахуалын көрдім де қайтадан Сүлейменге мәлімдедім. Сүлеймен:

- Түнде түс көріп едім. Бұл жауды біз аламыз. Сен өз адамыңнан он адам ал, мен он адам таңдап алайын. Жиырма адаммен баралық, - (46) деді. Қайтып қосқа келіп тамақ іштік. Адамдарды іріктеп алдық. Мен Сайпыл, Сөкей, Қалиасқар қатарлы он жігіт алдым. Сүлеймен қасына келсем екі адаммен Кәмел келген екен. Кәмел тұрып тау басындағы дүрбі тартып еді.

- Ол төбеге барып қайтқан кім? - деп сұрады.

- Барған мен, - дедім.

Сонымен 25 адам сол төбені алатын болып жүріп кеттік. Бірден-бірден барып төбенің баурындағы жыраның ішіне түсіп алдық. Сайды өрлеп келіп басына таяғанда төбе баурына атты байлап қойып, 25 адам төбеге келіп шықтық. Бізге “әр қайсыларын демалмай бір қатар бестен атыңдар” деп бұйрық берілді. 25 адам бірдей бұйрық бойынша атып-атып жібердік. Жау қорғанысының сыртқы жағы иен жатқандықтан, жау әскері қапыда қырылды да, қалғаны акопты тастап қашты. Орнына екі пулемет, екі елу атарды тастап кетті. Атқа мініп алып жауды қуа жөнелдік. Төрт ауыр зеңбірек қалыпты. Сайды бойлап қытайды біз қудық. Қыратты бойлап Сүлеймен қуды. Қытайлар қашты, біз қуа соғыстық. Қытайлар жолда жаралы болып түсіп қалып соғысуда. Сайыпбай оққа ұшты. Алдымыздан қашып 16 қытай келеді екен. Бір ғана автоматпен жайратып тастадық. Олар алты түйе алып келе жатыр екен. Түгел жүгі бар. Оның ішінде үш түйенің жүгін ақ бұлмен жауып қойыпты. Енді аз жүрсек қытай қырылып қашып қор артып келген 2.000 түйе бірақ иен қалыпты.

Қарақас Жанымхан кезігіп еді. Бір мылтық сұрады. Оған бір мылтық бердік. Ақ бұл жапқан жүктер түгел қару-жарақ екен. Қалған түйелер бұл, шай екен. Маған 20 түйе үлес тиді. Үш түйе оқ, дәрі, мылтық тиді. Мылтықтың көбін басқаларға бөліп бердім де, өзімде 16 мылтық қалды. Соғыс комиссарларына мылтық, оқ, дәрі, ат, түйе апарып бердік. Қайтып қосқа келдік. Шамғұн да келген, олжаны оларға бердім. Біздің әскерден Рақадыл, Сайыпбай қатарлы (47) 20 адам шәйіт болды.

Ал бізден басқа Ышқынтыға басып кірген үш қарауылдан да адам шығыны аз болмады. Тек соңғы нәтиже біз де қалды. Төрт ай ішінде үлкенді кішілі 4724 рет соғыс болыпты. Оның ішінде үш реткі шайқас жан түршігерлік болып жау армияларынан жеті мыңнан астам адам өлтіріп 4.000 түйе, 7.000 ат, 7.000-нан артық әртүрлі қару-жарақ олжаладық. Қазақ қазақ болғалы жүргізілмеген соғыс болды. Оспан 14 адаммен Қарашора қарауылында 1.700 түйені жүгімен бірақ түсіріп, жаудың бір батальон армиясын бірақ жойды. Орыс армиясына әкеле жатқан азық түлік біртұтас түсірілді. Орыс армиясының қалғаны азығы жоқ болып тау-таумен Сарсүмбеге қашып кетті.




Каталог: kitaplar


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   38




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет