Қазіргі өркениет концепциясының философиялық ерекшеліктері Б. Б. Арынғазиева



Дата08.07.2016
өлшемі128.86 Kb.
#184525
ӘӨЖ 130.2 (574)

Қазіргі өркениет концепциясының философиялық ерекшеліктері
Б. Б. Арынғазиева – филос.ғ.к., доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы


Резюме

В статье рассматриваются современные концепции цивилизации ХХ века, их различие и действенность в контексте трансформации культуры.


Summary

In the article authos consider modern, various civilization’s concepts of XX conture, its difference and actuality in the context of cultural transformation.


«Өркениет» ұғымы ғалымдар тарапынан берілген сансыз анықтамалармен қатар, оларды бағалауда көп мазмұндылыққа жол берілген. Өркениет пен мәдениетке ғылыми тұрғыдан анықтама беруден қазақ философтары да тысқары қалмады. «Өркениет – сыртқы дүние, ноосфера, біздің қолымыздан жасалған қоршаған орта: машина, ғимарат, қондырғы, зымыран, ұшақ, киім-кешек, ішіп-жем және т.б. Ал, мәдениет – адамның ішкі дүниесі, сезімі, көзқарасы, жан-сыры, рухани тіршілігі, яғни, «сіз» бен «бізі». Қазіргі Еуропадағы ғылым деңгейі екеуін осылайша қабылдайды» [1, 16]. Өркениетке берілген анықтамалардың мән-мағынасын сан-алуандылығы және олардың философиялық тұрғыдан зерделенуі бұл мәдени феноменнің күрделілігін байқатады. Мысалы, американдық ғалым Самьюэл Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы, жеңіс мәдениет майданында анықталады» атты еңбегінде былай деген: «Адамзат баласына төнген дау-жанжалдардың басты көзі де, негізгі себепкері де мәдениет» [2.19] – дейді. Оның пікірінше, жаңа ғасырдың бет-бейнесін өркениеттер арасындағы қақтығыстар айқындайды және мұндай қанды қақтығыстар христиандық және мұсылмандық өркениеттер арасында орын алатындығына шүбә келтірмейді. Жалпы, өркениеттер қақтығысы жайындағы пікірлер сан-алуан болып келеді. Мысалы, С.Хантингтон өркениеттік қақтығыстарды мәдениет саласынан күтсе, ал, өз кезегінде Ф.Фукуяма өркениеттер қақтығысын «тарихтың ақыры» [4, 41] – деп санаған. Хантингтонның ойынша, тарихи дамудың басты элементі болып табылатын өркениет мәдени дәрежесіне байланысты айқындалатын бірлестіктердің жоғарғы сапалы түріне жатады. Ал, оның «егер, үшінші дүниежүзілік соғыс туындай қалса, бұл қақтығыстар өркениеттер арасында өтеді және болашақта біртұтас өркениет болмақ та емес» [2, 101] – деген. Менің ойымша, «тарихтың ақырын» насихаттауда өзара үндестік тапқан бұл идеялар «дос-жау», «жеңуші-жеңілуші» сияқты қарама-қарсылық сипаттағы парадигмаға сүйенгендіктен және қазіргі заманда орын алған қақтығыстарды діндерге аудара салуға тырысқандықтан жаңа дәуірдің символына айнала да алмайды (Б.А.).

А.Тойнбидің «өркениеттер типологиясы туралы ілімінің маңызы зор. Әсіресе, оның «Тарихты игеру» атты еңбегінде өркениеттер мен мәдениеттерге мәдени-философиялық тұрғыдан жан-жақты талдау жасалынуы, дер кезінде айтылған пікір болды. Дегенмен, оның идеяларының құндылығын мойындай отырып, ғалымның еуроорталықтық көзқарастардың шылауында қалғандығын ескермеске болмас. Оған дәлел: скиф-сақ, ғұн, Орта Азия өркениеттерін назардан мүлде тыс қалуы және «көшпелілер мәдениетін» эскимостар, полинезиялықтар және Осман түріктерімен қоса кешеуілдеп қалған өркениеттер қатарына қосуы. Тойнбидің ойынша, Ұлы Дала төсінде көшіп-қонып жүрген көшпелілердің басқа өркениеттермен байланысы да болмаған. Бірақ, олардың көзге ұрып тұрған жетістіктерін мойындамасқа шарасы қалмаған ғалым былай деп жазады: «Құрғақ даланы тек бақташы ғана игере алады, бірақ, сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ал, бұл жағдайда ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қажет етеді және соларды қалыптастырады» [5,184].

Адамзат тарихы – ол өркениеттер тарихы болып табылады. Адамзаттың дамуын өркениеттен бөліп алып елестету мүмкін емес. Бүкіл тарих ағымында адамдар үшін өркениет, ең жоғарғы идентификация деңгейіне жатады. Өркениеттердің түп негізін, пайда болуын, дамуын, қарым-қатынасын, жетістіктерін, құлдырауын және өшуін нәтижелі түрде атақты тарихшылар, философтар, социологтар және антропологтар зерттеді. Бұл зерттеуші ғалымдардың қомақты ғылыми еңбектері жарық көрді. Олар негізінен өркениеттерді салыстырмалы түрде төмендегідей етіп талдады:



Біріншіден, көп өркениеттің «біреуі» және «жалғыз өркениет» деген ұғымдарды қабылдауда айырмашылық бар. ХҮІІІ ғасырдың француз философтары өркениет идеясын зерттей келе, оны жабайылық концепциясына қарама-қарсы қойған. Сол себептен, өркениетті болу «жақсы», өркениетсіз болу «жаман» деген пікір қалыптасады. XIX ғасырда еуропалықтар өркениет концепциясының стандартын бекітті, олар ол арқылы қоғамды бағалады және еуропалыққа жатпайтын қоғамдарды жеткілікті түрде өркениеттендіруге тырысты. Бірақ, дәл сол уақытта ғалымдардың көпшілігі өркениетті көпше түрде айта бастаған еді. Ол дегеніміз, өркениетті тек жалғыз идеал немесе идеалдардың бірі ретінде көруден бас тарту және өркениеттіктің тек бір ғана стандарты бар деген ойдан алшақ болу.

Екіншіден, «өркениет» дегеніміз, ол мәдени бірегейлікті білдіретін ұғым. Өркениет те, мәдениет те халықтың өмір сүру салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Бұл екі ұғым да өздеріне тән құндылықтарды, нормаларды, менталитет және заңдарды өздерінде қамтиды. Атақты француз тарихшысы Фернан Бродель бойынша, «өркениет – ол мәдени кеңістік, мәдени көрсеткіштердің жиынтығы және феномені» [3 47]. Валлерстайн оны «дәстүрдің ерекше комбинациясы, қоғамдық структура мен мәдениетті, тарихи бірегейлікті қалыптастыратын басқа да өзі сияқты феноменмен тіршілік етеді» [3 52] – деді. Даусон болса, өркениетті «белгілі-бір халықтың мәдени-шығармашылығындағы ерекше қайталанбас процесс» [3 59] – деп есептеді. Ал, Дюркгейм және Моссаға – ол рухани орта секілді болып, кейбір ұлттардың санын қамтыды. Мұнда жеке ұлттың мәдениеті жалпы форманың көрінісі ғана болды. Жалпы, «өркениет» туралы тақырыптардың барлығы мәдениетке апарады.

Өркениетті анықтайтын негізгі мәдени элементтер антикалық дәуірде афиндықтармен қалыптастырылған болатын. Оның көрінісі афиндықтардың спарталықтарды парсыларға сатпайтындығы туралы уәде берулерінен бастау алады. «Оған себеп бар, олар күшті және көп, біздерге ортақ нәрселер бар. Ең біріншісі, ол отқа өртеніп қиратылған мүсіндер мен құдайлардың мекені; жаман істерді жасағандармен мәмілеспей кегімізді алуымызға тиіспіз. Екіншіден, эллиндік халықтардың қандары бір және тілдері ортақ; біздер ғибадатханалар соғып бәрімізге ортақ құдайларға құрбандықтар шаламыз; дәстүрлеріміз де ұқсас. Сондықтан, афиндықтарға мұның бәрін сатып кетулеріне болмайды» [3. 72] .

Қан, тіл, дін, өмір сүру дағдылары – осының барлығы да гректерде ортақ болды және парсылардан, грек еместерден оларды ажыратып тұрды. Өркениетті анықтайтын барлық объективті элементтерден ең негізгісі дін болып есептеледі және дәл осыған афиндықтар арқа сүйеді. Адамзат тарихында негізгі өркениеттер, көбінесе, әлемнің ұлы діндерімен байланыстырылды. Ливанда, бұрынғы Югославияда, Үндістанда орын алғандай, адамдардың этникалық жақындастығы және ортақ тілдері болғанымен, діндері бөлек болса олар қан-төгіс, өлтірушілік, қатыгездік соғыстар жүргізе берулері мүмкін екендігіне көзіміз жетті. Сондықтан, өркениеттер мен нәсілдер арасында теңдік белгісін қоюымызға болмайды. Бір нәсілдің адамдары әртүрлі өркениеттерге бөлінулері мүмкін, әртүрлі нәсілді адамдарды бір өркениет біріктіруі мүмкін. Мысалы, миссионерлік ислам және христиан діндері көптеген нәсілдерді біріктіруде. Адамдар тобының арасындағы айырмашылықтарының түп-төркіні бойында, басының көлемінде және терілерінің түсінде емес, олардың, құндылықтарында, сенімдерінде, дәстүрлерінде және әлеуметтік институттарында жатқан секілді.

Үшіншіден, Мелконың пікірінше, өркениеттерге «белгілі-бір деңгейде интеграция тән» [3 42]. Егер, өркениет мемлекеттерден тұрса, бұл өркениетке кірмейтін елдерге қарағанда ондай мемлекеттерде тығыз қарым-қатынастардың орнау мүмкіншілігі жоғары болады. Сондықтан, «өркениетті ең жоғарғы мәдени бүтіндік» деп білеміз. Мысалы, Италияның оңтүстігіндегі ауылдарының мәдениеттерінен Италияның солтүстігіндегі ауылдарының мәдениеттерінің айырмашылықтары болғанымен олар екеуі де Итальяндық жалпы мәдениетті бөліседі. Бұл мәдениет оларды неміс ауылдарынан өзіндік айырмашылығын көрсетеді.

Еуропа қоғамдастығы өз кезегінде қытайлық әлде үнділік қоғамдастықтан өзінің жалпы мәдени келбетімен ерекшеленеді. Өркениет адамды басқа биологиялық түрлерден ажыратады, сонымен бірге, ол адамдардың ең жоғарғы мәдени қауымы мен өте кең деңгейлі мәдени идентификациясы болып табылады. Оны объективті элементтермен, оның ішінде тіл, тарих, дін, дәстүр, әлеуметтік институттар арқылы және адамдардың субъективті самоидентификациясымен анықтауға болады. Адамды идентификациялаудың мынадай бірнеше деңгейі бар: Рим тұрғыны өзін белгілі-бір деңгейде римдік, итальяндық, католик, христиан, еуропалық және батыс тұрғыны деп сезінуі мүмкін.



Мәдени тұрғыдан алғанда өркениет – ол өте үлкен «біз». Әрқайсысы өздерін үйіндегідей сезініп және өздерін, басқалардың бәрінен бөліп ажыратады. Өркениеттер Қытай тәрізді өте көп адамдардан тұруы мүмкін, немесе Кариб теңізі аралдарының англотілді тұрғындары секілді өте аз болулары мүмкін. Өркениетті зерттеген кезде оны көлемі жағынан негізгі және аймақтық, маңыздылығы жағынан басшы және артта қалушы әлде, үзіліп қалған өркениеттер деп бөлуге болады.

Төртіншіден, өркениеттердің ақырғы өшуі болғанымен, өте ұзақ өмір сүреді. Олар эволюцияланады, бейімделеді және адам ассоциацияларының ішіндегі ең шыдамдысы екендігі күмән тудырмайды. Олардың ерекше және қайталанбас табиғатының мәні тарихи үздіксіз сабақтастығында. Шындығына келгенде, өркениеттердің өмірі тарихта ең ұзағы болып есептеледі. Империялар көтеріледі және қирайды, үкіметтер келеді және кетеді, ал, өркениеттер қалады, сөйтіп, олар саяси-экономикалық және идеологиялық дағдарыстарды да басынан кешіреді. Уақыттың қатаңдығына шыдап келе жатып өркениеттер эволюция жолынан өтеді. Олар өсу мен құлауды біледі, олар бірігіп кетеді де қайта бөлінеді; сонымен қатар, олар жоқ болып кетеді де, нәтижесінде, оларды уақыт құмы көмеді. Олардың эволюциялық фазасын әр түрлі етіп келтіруге болады. М.С.Каган өркениеттің өтетін мынадай 7 деңгейін көрсетті: а) аралас, ә) пісіп жетілу, б) экспанциялау, в) шиеленіс уақыты, г) жалпы империя, ғ) құлау, д) жауланып алу [3, 94]. Өзгерудің басқа жалпы моделін Мелко ұсынады: кристалды түрде тазартылған мемлекеттік жүйеден – мемлекеттік жүйенің өтпелі кезеңінен – кристалды түрде тазартылған империялық жүйеге дейін [3, 96]. Ғалымдардың пікірінше, бұл теорияларда айырмашылықтар болғанымен олардың ұқсастықтары да бар. Өркениеттің өзінің эволюция барысында дүрбелең уақытты, әлде қақтығысты, кейіннен біріккен мемлекеттің құрылуын және соңында құлау немесе құлдырау процесінен өтетіні бәріне ортақ болатындығында дау жоқ.

Бесіншіден, өркениет саяси емес мәдени бірегейлікке жатқандықтан, олар өздері тәртіпті қадағалаумен, әділеттілікті орнатумен, салық жинаумен, соғыс жүргізумен, одақтар құрумен және үкімет істейтін жұмыстармен айналыспайды. Әртүрлі өркениеттердің саяси құрылымдары бір-біріне ұқсамайды. Бұл құрылымдар қала- мемлекеттер, империялар, федерациялар, конфедерациялар, ұлттық мемлекеттер, көп ұлтты мемлекеттер болуы мүмкін және олардың әрқайсысының басқару тәсілдері әртүрлі болулары мүмкін. Өркениет уақыт өте келе эволюцияға ұшырау салдарынан, оны құрайтын құрылымдарының табиғаты мен саны өзгеріске ұшырайды. Кейбір жағдайларда саяси бүтіндік пен өркениеттің ұқсастығы болады. Люциан Пай айтқандай, «Қытай ол – мемлекет дәрежесіне жетуге ұмтылған өркениет. Жапония – мемлекет болып есептелетін өркениет» [3, 102]. Көптеген өркениеттердің құрылымында бір мемлекет болуы мүмкін. Бірақ, қазіргі әлемде көптеген өркениеттердің құрамын екі немесе одан да көп мемлекеттер қамтиды.

Тарихымызда өмір сүрген немесе өмір сүріп жатқан өркениеттердің санына байланысты ғалымдарда түрлі көзқарастар қалыптасқан және олар әр қилы. Каганның пікірінше, нақты өркениеттер санын 16 деп және оған 8-ін қосады. Тойнби басында өркениеттердің санын 22 десе, кейінірек, оны 23-ке дейін жеткізді. Шпенглер болса негізгі 8 мәдениетті бөліп алып көрсетті. Макнил болса адамзаттың барлық тарихында 9 өркениет болғанын айтады. Бродельдің пікірінше, 9, ал, Роставани болса қазіргі замандағы 7 негізгі өркениетті көрсетті [6, 71].



Бұл әрқилы айырмашылықтардың туындауының себептері қытай мен индустық мәдени топтарды бірегей тарихи қалыптасқан өркениет деп есептеу керек пе, әлде, бірі екіншісінен бөлініп шыққан бір-біріне ұқсас өркениеттер қатарына жатқызуымыз қажет пе деген сауалдан туындайды. Өркениеттер әдебиеттерін зерттей келе, Мелко келесідей ой қорытындыға келеді: «Саналы келісім» бойынша 12 өркениет бар, бірақ, оның қазіргі таңға дейін 7-еуі жойылып кеткен (месопотамиялық, египеттік, криттік, классикалық, византиялық, орталық-америкалық, андтық), ал, 5-еуі болса өмір сүрулерін жалғастыруда (қытайлық, жапондық, индуистік, исламдық және батыстық). Ол 5-еуіне Самюэль Хантингтон «православтық, латын америкалық, және африкалық өркениеттерді қосуымызға болады» [2, 84] деген пікір айтады. Атап көрсетсек:

Синдік өркениет б.з.д. 1500 жылы Қытайда пайда болған немесе бір-бірін ауыстырған екі Қытай өркениетінің өмір сүргенін ғалымдардың барлығы мойындауда. Самюэль Хантингтон Ғоreign Affairs журналына берген өзінің сұхбатында «өркениетті – конфуциандық» деп атады. Бірақ, нақтырақ әлем мойындаған термин бойынша атайтын болсақ, оны «синдік өркениет» дейміз. Конфуциандық Қытай өркениетінің бастауында тұрғанымен Конфуций ілімін толығымен қытай өркениеті деп айтуымыз қиын. Көптеген ғалымдар пайдаланатын «синдік» термин, жалпы, қытай мәдениетін және Қытайдан сырт жерлерде Оңтүстік-Шығыс Азия, сонымен қатар, мәдениеттері туыстас Вьетнам, Кореяны жақсы бейнелейді. Жапондық өркениеткейбір ғалымдар жапондық және қытайлық мәдениетті біріктіріп Қиыршығыстық өркениетке жатқызуға тырысады. Бірақ, ғалымдардың көпшілігі олай ойламайды. Олар, «Жапонияны б.з. 100-400 жылдар аралығында Қытайдан бөлініп шыққан өркениет» [3, 42] – дейді.

Индуистік өркениетбірінің орнын бірі ауыстырған Индуистік өркениет жоқ дегенде б.з.д. 1500 жылы пайда болғаны бәрімен мойындалған. Бұл жердегі өркениеттердің барлығы үнділік, индустік немесе индуистік деп аталады. Бірақ, қазіргі өркениет теориясында соңғы термині басымырақ деп есептелінеді. Үндістан түбегінде индуизм үнді өркениетінің мән-мағынасын құрап әлеуметтік жүйеден немесе діннен жоғары тұрды. Үндістанның өзінде басқа ұлттардың мәдени өкілдері және қомақты мұсылман қауымы болғанымен индуизм өз рөлін жоғалтқан жоқ.

Ислам өркениеті – «өркениет» мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың барлығы ислам өркениетінің бар екендігін мойындайды. Араб түбегінде б.з. VІІ-ші ғасырында пайда болған ислам Солтүстік Африка, Периней жарты аралы және Орталық Азия, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азияға тез арада таралды. Соның нәтижесінде, исламның ішінде көптеген бөлек мәдениеттер мен субөркениеттер пайда болды. Оларға арабтық, түркілік, парсылық және малайлықты жатқызуымызға болады.

Православтық өркениеткейбір ғалымдар орталығын Ресей деп алатын православтық өркениетті жеке бөліп алуды ұсынады. Олар ең алдымен оның батыс христиандықтан айырмашылығын тарихының Византиямен сабақтастығында, қайта өрлеудің, реформацияның және Батыста орын алған басқа да маңызды оқиғалардың бұл өркениетке аз көлемде ықпалы болғанын негізге алады.

Батыс өркениетіБатыс өркениетінің қалыптасуын б.д. 700-800 жылдарына апарады. Ғалымдар оны 3-ке бөліп қарастырады. Олар: Еуропа, Солтүстік Америка және Латын Америкасы.

Латын Америкалық өркениетЛатын Американы Батыстан ерекшелейтін өзіне тән бір қасиеті бар. Латын Америка Еуропа өркениетінің жалғасы болғанымен ол, Еуропа және Солтүстік Америкаға ұқсамайтын жолмен эволюцияланған. Мәдениет онда авторитарлық және рулық болды. Еуропада болса ондай дәстүр әлсіздеу көрінісін тапты ал, Солтүстік Америкада мүлдем болмады. Еуропа мен Солтүстік Америка Реформацияның ықпалын сезініп өздерінде католиктік және протестанттық мәдениеттерді біріктірді. Латын Америкасы болса тарихи тек қана католиктік бағытты ұстанды. Солтүстік Америкада жойылған және Еуропада болмаған жергілікті мәдениеттерді Латын Америкасы толығымен ассимиляцияландырды. Солтүстік Америка мемлекеттеріндегі саяси эволюциясы мен экономикалық дамулары Латын Америка елдеріндегі моделдерден ерекшеленді. Латын Американың кейбір тұрғындары: «Я, біз – Батыстың бір бөлшегіміз» десе, басқалары: «жоқ, бізде басқаларға мүлдем ұқсамайтын ерекше өзіміздің мәдениетіміз бар» дейді. Ал, Солтүстік Американың және Латын Американың жазушылары болса өздерінің мәдениеттерінің ұқсамайтындығын айтуда. Латын Американы Батыс өркениетінің ішіндегі субөркениетке немесе Батысқа кірер кірмесін шешпеген, оған жақын, бірақ, жеке өркениет ретінде қарастыра аламыз. Сонымен, Батыс өзіне Еуропаны, Солтүстік Американы және Еуропа мемлекеттерінен шыққан тұрғындары бар Австралияны, Жаңа Зеландияны жатқызады. Тарихының ұзақ уақыт кезеңінде американдықтар өздерін еуропалықтарға қарама-қарсы қойды. Америка теңдігі басым, бостандық елі болса, Еуропа иерархиялықтың, артта қалушылықтың, топтық шиеленістің айқын көрінісі болды. Тіпті, Американы бөлек өркениет деушілер де табылады. Бұл Америка мен Еуропаның текетіресінің басты себебі, ХІХ-шы ғасырдың аяғына дейін Америка Батыстық емес өркениеттермен қарым-қатынасының шектеулігінде еді. Алайда, Американың әлемдік сахнаға шығуының нәтижесінде, оларда Еуропамен үлкен бірегейленушілік сезімі пайда болды. ХІХ-шы ғасырдың Америкасы өзін Еуропаға қарсы қойылғандай болып сезінсе, ал, ХХ-шы ғасырдың Америкасы өзін Еуропаның бір бөлігі және Батыстың жетекшісі ретінде сезінді. Бүгінде, «Батыс» деген терминінің қолданылуы бұрынғының «христиандық батыс» дегеніне дәлме-дәл келіп тұрған секілді. Бұндай идентификация ол өркениетті оның тарихи, географиялық және мәдени контекстінен ажыратқандай болады. Тарихи Батыстық өркениет Еуропалық өркениет болып есептелінді. Қазіргі дәуірде Батыстық өркениет еуроамерикалық немесе солтүстік америкалық өркениетке айналды. Еуропаны, Американы, Солтүстік Атлантиканы картадан тауып алуға болатын болса, ал, Батысты таба алмаймыз. «Батыс» деген атау сонымен қатар, «вестернизация», «жаһандану» концепцияларының туындауына мүмкіншілік берді. Жалпылама түрде Еуро-Американдық өркениет «Батыстық өркениет» деп аталуда. Самюэль Хантингтонның пікірінше, «бұл терминде дәл сәйкестік аз болса да біз осыны қолданамыз» [2, 316] – дейді.

Африкалық өркениеткөптеген бетке ұстар ғалымдар Бродельден басқалары жеке африкалық өркениетті мойындамайды. Африка континентінің солтүстігі мен оның шығыс жағалаулары ислам өркениетіне кіреді. Эфиопия тарихы бойынша, өзі өркениет болған. Континенттегі басқа елдерінің барлығына еуропалық империализм батыс өркениетінің элементтерін енгізді. «Оңтүстік Африкаға Голандиядан, Франциядан және кейіннен Англиядан көшіп келген тұрғындар өздерімен мазайкалық еуропалық мәдениетін алып келді. Сахараның оңтүстігінен ары еуропалық империализм, континенттің үлкен бөлігіне хрисиандықты да тарата бастады. Африканың көп бөлігінде тайпалық идентификация әлі де қатты болып отыр. Бірақ, африкалықтардың арасында, африкандық идентификация сезімдері бой алып келуде. Сахараның төменгі жағындағы Африкада орталығы Оңтүстік Африка Республикасы болып есептелінетін жаңа өркениеттің бой көтеруі әбден мүмкін» [2, 119] – дейді Самюэль Хантингтон.

Мақаланы қорытындылай келе, өркениеттің түп негізін анықтауда діннің рөлі ерекше екенін айта кеткен жөн. Макс Вебер әлемдік 5 діндерінің төртеуін – исламды, христианды, индуизм мен конфуциандықты негізгі өркениеттермен байланыстырды. Бесіншісі – буддизм, оның байланысы жоқ. Неліктен олай болды деген сұрақ туындауы мүмкін. Ислам және христиандық секілді буддизм де екі ағымға бөлінеді. Христиан діні секілді өзінің жаралған жерінде тіршілік ете алмады. Б.з. І-ші жүз жылдығынан бастап буддизмнің бір ағымы махаяна Қытайға, одан кейін Кореяға Вьетнамға және Жапонияға экспортталды. Шри-Ланкада, Бирмада, Тайландта, Лаоста және Камбоджада «буддизмдік өркениет» деп атауымызға болатындай жағдай қалыптасқан. Буддистік өркениеттің екінші аймағына махаянаның ламайстік түрін қабылдаған Тибет, Манғолия және Бутанды жатқыза аламыз. Үндістанда қабылданған буддизмнің Қытайдағы мен Жапониядағыдан үлкен айырмашылығының бары даусыз. Бұл дегеніміз буддизм әлем діндерінің бірі болғанымен әлемдік өркениеттердің бірде-біріне сүйеу бола алмады.


Пайдаланған әдебиеттер:
1. Байтенова Н.Ж. Қазіргі замандағы әлем онтологиясын өркениеттік тұрғыдан зерттеу // DA Қазақстан. -2005. -№ 19 . -14-18 бб.

2. Хантингтон С. Столкновение цивилизации. – М.: Издательство АСТ, 2009. -603 с.

3. Каган М.С. Мир общения: Проблема межсубъектных отношений. -М., 2012. -315 с.

4. Турчин В.Ф. Феномен науки. Кибернетический подход к эволюции. -М., 2011. -234 с.



5. Тойнби А. Постижение истории / Пер. с англ. -М., 2011. -748 с.

6. Шпенглер О. Закат Европы. -Минск, 2008. -488 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет