Бабалар тарихына көз жіберсек Адайлар қандай ел? «Адайдың көшінің алдынан шықпа, тоқтаса жеріңді тоздырады, қонса көріңді қаздырады»



Дата08.09.2023
өлшемі31.41 Kb.
#476917
Бабалар тарихына көз жіберсек-1.




Бабалар тарихына көз жіберсек
Адайлар қандай ел?
«Адайдың көшінің алдынан шықпа, тоқтаса жеріңді тоздырады, қонса көріңді қаздырады» деген жазылмаған қағида қалыптасқан. Қалың ел қаптаған көш, ызы-қиқы шулаған мал, кімнің еккен егіні мен шапқан шөбіне қарасын, тапап өткен. Жауар бұлттай торлаған, қаптаған қалың елден ығысып, жергілікті ел әр кез көшкен. Адайлардың жолын босатып, жұртын аударып отырған. Күнмен түнге қарамай көшкен елді басқа рудың қулары «ауық-ауық айқай шығады, Адайдың көшін білемін» деп қалжыңдайтыны сондықтан.
Көп елден көптеген жақсы да ,жайсаңы да, жүгенсіз асау да, тентек те шығады ғой. Адайлардың абыройының асып, талабының тасып, күрессе жығып, ат қосса озатынын көре алмайтындар, күле кіріп, күңірене шығатын сорлы байғұс елдер бар ғой. Өзінің қолынан ештеңе келмесе де қайыршының күнін кеше жүріп, сыпсыңдап артыңнан өсек айтатын бетпақтар, күншілдіктің көлеңкесінен шыға алмай жүр емес пе? Мұндайлар жер жаратылып, су аққалы адамзат жаратылып, екі аяққа мінгелі, күн шығып, көлеңке түскеліден бері бар нәрсе.
Адай деген не қылған ел? Адайлар өзгелерден бөлек жаратылған алабөтен халық. Қаймығуды білмейтін, еңкейіп иілмейтін, омыртқасы тік жаратылған, туысынан тарпаң аңқылдаған аккөңіл, сенгіш, өтірік көлгірсуді білмейтін ел ғой бұл. Асыра мақтай бермейін, бұл жерде мен Сүйіндік атадан тараған ұрпақтар туралы, оның ішінде Дәуітбай, Төлеміс аталардан тараған ұрпақтар туралы сөз қозғағалы қалам тербеп отырмын.
Мәселен, Кіші жүздің негізін Он екі ата байұлына кіретін рулар құрайды. Оның ішінде үлкендері және көп тарағандардың бірі- Сегіз арыс Адай. Адайдан Құдайке, Келімберді деген екі ұл туған.Құдайкеден Қосай мен Тәзіке туған. Келімбердіден 6 ұл туған. Келімбердінің алты баласына Қосай мен Тәзікені қосып 8 арыс Адай деп атайды. Бірақ Адайдың қарашаңырағы деп Келімбердінің ұлы Мұңал ата аталады.Себебі Адай атамыз Мұңалдың шаңырағынан шықса керек.
Қосай атамыздан: Байбол, Әйтей, Бегей, Тіней, Бәли, Сүйіндік деген 6 ұл туған. Жалпы Қосай, Тәзіке туралы 2005 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Адай», А.Қартбаевтың 2007 жылы шыққан «Қосай-Тәзіке» атты кітаптарында тарихи деректер берілген. Жалпы Ер қосай, Сүйіндік және олардан өрген ұрпақтар туралы терең зерттеп жазған адам Қарақалпақстанның халық жазушысы Өмірзақ Қалыбаев ақсақал еді,бірақ ол ақсақал бұл өмірден өтті.1999 жылы Өмірзақ ақсақал менің бір жазған мақаламды оқып, қайдан алғанын білмедім, риза болып хат жазған еді. Онда: «Айнам, Қамза інім, сен Адайдың шежіресіне көңіл аударған екенсің, соған риза болып өзіңе хат жазып отырмын. Қосай атамыз бен Оғалмеңлі анамыздың мүрделері Нөкістен 24 шақырым жерде, Қосай Төрткүл деген төбеде жатыр. Басына жақсы мазар тұрғызылған, қасында екі жүз адам сиятын түнек орыны да бар. Жылда тамыз айының 19-да атаның басына барып дұға бағыштайтындар көп болып жиналады. Сонда түнеп шығады, соған сені шақырамын. Кел екеуміз әңгімелесейік, мен саған Адай ата туралы, оның ішінде Ер Қосай ұрпақтары туралы тарихи деректерді берейін. Өйткені мен қартайдым, ауырып, оң қолым жұмыс істемейді, саған хатты да сол қолыммен әрең жазып отырмын»,-депті.
Бірақ қалалық ұстаздардың тамыз мәслихаты өтетін болғандықтан бара алмай қалдым, қазір соған қатты өкінемін. Кейін Маңғыстауға Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болған жылдарында Өмірзақ ақсақалды Жаңаөзенге көшіріп әкеліп үй берген, сол жерде дүние салды. Қ.Көшербаев Ер Қосайдың 500 жылдығын, Адайдың 1000 жылдығын ұйымдастырған шараға Өмірзақ ақсақал келді. Бірақ әңгіме айтуға шамасы келмеді. Көшербаев ақсақалға темір тұлпар сыйлады. Мен кейін Қосай атамыздың басына екі рет барып түнедім.
Мен бала кезімде Ер Қосай, Сүйіндік ата туралы әңгімелерді өзімнің атам Аманжолұлы Ғабдолланың аузынан талай рет естігенмін. Атам өте әңгімешіл, аталықты жақсы ажырата білетін, тілге жүйрік және естігенін еш уақытта ұмытпайтын өте ақылды дана адам еді.
1964 жылы 94 жасында өмірден өтті. Жақсы адамның өмірден өткені де жақсы дегендей атамыз бала-шағасына ауырып бейнет көрсетпей, өзі де қиналмай немересі Сәлимаға бір кесе сүт алдырып ішіп, келіні Лизама екеуін қасына шақырып алып бір жақсы әңгіме айтып жатып: «Қарақтарым, сендер қорықпаңдар, мен қазір екеуіңнің алдында жан тәсілім болып жатсам, мына ақ орамалмен былай етіп жағымды байларсыңдар, өйткені қартайған адаммын ғой, аузым ашылып қалмасын, мына ақ орамалмен бетімді жабарсыңдар, ал мына орамалмен екі аяғымның басын қосып байларсыңдар,-» деп жатып, иманын айтыпты да, жүре беріпті. Неткен дана адам десеңізші?!
Бірақ жас кезімізде атамыздың айтқан әңгімелерін түбінде керек болар-ау деп есімізде сақтау үшін жазып алуды да керек деп санамаппыз ғой. Сол атам айтып отыратын: «Қосай атамыз ертерек заманда көшіп келе жатқанда Амударияның мұзы ойылып кетіп, бүкіл мал-мүлкі, бала-шағасы түгелдей суға кетіп, өзі жауға мінетін ақбозатымен әрең дегенде аман қалыпты. Бұл 1650 жылдар шамасы болса керек. Сол кезде 70 жаста екен дейді. Ал тарихи деректер бойынша Қосай шамамен 1490 жылы туған. Содан жалғыз қалған Ер Қосай інісі Тәзікенің үйіне келіп бірге тұрады. Біраз уақыт өткесін інісі Тәзіке ағасына: - Аға, өзіңізге үйлесетін, бабыңызды таба білетін жас адам кездесіп жатырса, үйленсеңіз қайтеді? Шүкір, ағайын-туғандар бармыз ғой, барлығымыз жиналып, үстіңізге үй тігіп, алдыңызға мал салып берейік дегендей, -деп әңгіме қозғай бастаса керек. Сонда Ер Қосай: «Әй, шырағым, маған жаның ашығандықтан айтып отырсың ғой, ендігі жерде маған сенен топырақ бұйырса жарайды. Жетпіске келген шалға кім қызын бергісі келіп, дайын отыр дейсің»,- деп қарсылық білдіріпті. Бірақ Тәзікенің әйелі «Қайын атаның әлі бір әйел алуға тұрарлық қауқары бар, сенбесең қайын ағаның таң намазы алдында дәрет алу үшін түзге отырған орнын қарап көрші, сонда көзің жетеді»,- деп Тәзікені мазалап қоймапты. Бір жайғасып отырған кезінде Тәзіке келінінің айтқанын ағасы Қосайға айтса керек. Ер Қосай ойланыңқырап отырып: «Әурелеп қоймадыңдар ғой, сендердің айтуларыңда дұрыс шығар. Олай болса, менің Түркіменде батыр досым бар. Жаугершілікте бір-бірімізге қол ұшымызды беріп, көмектескен жан жолдасым, өте ақылды адам еді, соның тұрмысқа шықпай отырып қалған Оғалмеңілі деген қызы болатын. Менің атымнан сәлем айтып адам жіберіңіздер. Менің сөзімді жерге тастамас деп ойлаймын. Не десең де қанды көйлек досым ғой. Жолға тек аузы дуалы, аталы сөз айта білетін кемінде үш адамды сайла. Бірі менің ақбоз атыма отырсын, әйтпесе,нанбай жіберген адамдарыңды жазым етуі мүмкін»,-депті.
Ағасының келісімін алғаннан кейін Тәзіке бірін Қосайдың ақбоз атына отырғызып, үш елшіні Түркімен батырының ауылына аттандырыпты. Үш елші күн екіндіге таянғанда түркімен батырының ауылына таяп қалады. Екінді намазын оқу үшін дәрет алуға шыққан батыр үш салт аттыларды көріп: «Апыр-ай, күнбатыс жақтан суыт жүрісті үш салт аттылар келе жатыр. Ортадағысының мінгені Қосайдың ақбозаты ғой, бірақ үстіндегі жарбиған біреу. Қосайға бірнәрсе болмағай еді», - деп ішке хабар берген екен. Шамасы Ер Қосай өте тұғалы ірі адам болса керек. Жолаушылар үйге кіріп, жайғасып, барлық жай-жапсарды сұрап білгеннен кейін батыр біраз тұнжырап отырып барып сөз бастаған екен.
-Қосай жұтқа ұшырап, жалғыз қалды дедіңдер. Тағдырдың ісіне не шара, маңдайына жазғаны сол шығар, бұндай жағдай кімге кездеспес дейсіз. Екеуміз жақсы дос, жолдас едік. Мен жаугершілікте екі рет жау қолына түскен кезімде арашалап аман алып қалып еді. Ондай батыр, досқа деген ниеті таза, адамгершілігі мол азамат ілуде біреу туады. Қосай дара туған ер ғой. Сондай досым жұтқа ұшырап, бүкіл мал-мүлкі, бала-шағасынан айрылып жалғыз қалып жатырғанда, Сіздердей азаматтардан сәлем айтып, менің қызымды қалыңдыққа сұрауға батылы жетіп жібермесе, ол Қосай батыр бола ма? Сондай досымның қиналған кезінде тілегін орындауға жарамасам мен Түркіменнің батыры боламын ба? Сіздер бүгін жақсылап демалыңыздар, ертең қызым Оғалмеңіліні алып қайтуларыңа рұқсатым мен батамды беремін,-депті.
Үй ішінде батырдың айтқанына қарсы уәж білдірілмепті. Сөйтіп, Ер Қосай атамыз інісі Тәзікенің себептесуімен 70 жасқа келгенде түркімен батырының қызы Оғалмеңіліге үйленіп, өз алдына үй тігіп, алдына мал салып, қайтадан атқа мінген екен. Алла тағала берейін десе рақымшылығы мол ғой. Сол түркімен анамыздан Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндік атты алты ұл дүниеге келіпті. Сондықтан атам Ғабдолла «Шырақтарым, шын тілесеңдер Алла жарылқайды. Алладан шын тілесең бүйірің шығады, адамнан сұрасаң жаның күйеді»,-деп бекерге айтылмаса керек. Қашанда Алланың дегені болады, адамның дегені болмайды», - деп отыратын еді.
Жас кезімізде әңгіменің мәнісіне түсіндік пе? Сол Қосай атамыздың кенже ұлы Сүйіндік атамыздың өмірге келгендігі туралы да ел аузында лақап сөздер баршылық. Ол туралы мен «Ары таза, өмірі өнеге» деп аталатын кітапта «Жаман Адай және Бопай ханым туралы аңыз әңгімелер» деген тақырыпта жазған едім.
Қосай атамыз қартайған шағында, яғни 82 жасында көрген баласы болған соң жұрт арасында сенімсіздік туады, әртүрлі қаңқу сөздер айтылады. Содан Қосай өзі Сүйіндіктің атын азан шақырып қойып жатқанда аузы жеңіл бір адам:
-Осы бала мына шалдың өзінікі ме, әлде алғыр жеңешеміздің шалға тартқан олжасы ма екен,-депті.
Сөз Қосайдың құлағына жетіп:
-Әкел баланы маған,-деп баланың қалтасын қарапты да, бұрынғы көнекөз қарттардың айтулары бойынша қарт кісіден туған баланың қалтасы жұқа, жылтырауық болады деуші еді. Мына баланың қалтасы дәл сондай екен,-деп көзіне жас алыпты да, демек, ол менің өз нәсілім болғаны, тек тірі болып, аман өссінші. Тірі болса Адайдың бірі болар, жақсысы болмаса жаманы-ақ бола қойсын,-депті.
Қосай секілді әрі батыр, әрі аузы дуалы адамның айтқан сөзі далаға кете ме? Сол күннен Сүйіндік Қосайдың жаман Адайы атанады да, кейін өмір өте келе Жаман Адай деген ру атына айналып кетіпті.
Сүйіндіктен ерген ұрпақтардың Жаман Адай деп аталуы жөнінде Ғабдолла былай деп айтып отыратын: «Ертеде жігіттер түйемен жалданып жолдағы үйлердің біріне қонып, біріне түстене базарға барады екен. Сондай базаршылар көктемде базарға кетіп бара жатырғанда жолда кішкентай тігулі қараша үйге кезігеді. Қараса, босағасында қоянның сирағы байлаулы тұр. Үш айдан кейін әлгі базаршылар қайтып келе жатырса, қара үй сол ескі орнынан қозғалмайды. Босағасында байлаулы қоянның сирағы да сол күйінде. Жолаушылардың біреуі «Япыр-ай, мынау не адамдар, үш айда жазда тіккен үйлерін бір қозғамай, тозған жолдың үстінде отырған десе, екіншісі руы Адай көрінеді»,- депті. Содан базаршылар, Адай болса нағыз жаманы болар,-депті. Содан Жаман Адай аталып кетіпті.
Ал заманымыздың әйгілі жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Елең алаң» романында басқаша жазылыпты. Онда Кіші жүздің жас сұлтаны Әбілқайыр бір соғыста тиген найзаның жарақатынан талма ауруға ұшырап, бір қолының семіп қалу қаупі туған. Сүйіндіктің Бопай атты жалғыз қызына 14 жасында аруақ қонып, науқастарды емдеп жаза бастаған кезі болса керек. Сол Бопай апамыз Әбілқайыр сұлтанды емдеп жазыпты. Кейін Әбілқайыр мен Бопай үйленеді де, Бопайдың туғандары Әбілқайырдың айналасына жақындайды. Тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген бар. Қыс қатты болып, малдан көп шығын болады. Бірақ көктем ерте келіп, қыстан қалжырап шыққан шаруалар аман қалған малдарын көкке тез тойдыру үшін жеті бөлшек болып, қоныс, жайылым жер іздеп көшеді. Соны естіп-білген жоңғарлар күтпеген жерден қазақтарға шабуыл жасап, малдарын тартып алып, өздерін өлтіріп, әбден жауратады.
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшке еріп бір тайлақ бос келеді.
Туған жерден айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.- деген өлең осы кезде айтылған қазақтардың көз жасын, қалжыраған жай-күйлерін баяндайтын өлең. Осыдан кейін Әбілқайыр сұлтан:
-Ағайындар, біздер, қазақтар, жоңғарлармен 42 жыл соғысып келеді екенбіз. Әбден қалжырап біттік, әрі қарай соғысар жағдайымыз жоқ. Сондықтан, алысқа Нарынның кең даласына көшейік. Жоңғарлар ол жерге бара алмайды, аттарына су керек, өздеріне тамақ керек. Оған өте шыдамдылық керек. Жоңғарлар ондайға шыдай алмайды. Біздер, қазақтар бейнетке де, аштыққа да шыдамдымыз десе керек.
Содан Бопайдың туыстары Нарын құмына үдере көшкен кезде, көптеген адайлар «күйеуге кеткен қыздың артынан ере көшкен жаман адайлар»,-деп ренішін білдіріп, ермей қалыпты. Содан бері сүйіндіктен өрген ұрпақтар «Жаман адайлар» деп аталып келеді екен.
Ал өмір бойы ұстаздық жұмысымен қоса шығармашылықпен де айналысқан әуесқой ақын, немере ағам Хафиыз Әбуов өзінің «Жаман адай» деген поэмасында жоғары да айтылған әңгімені толықтай расқа шығарады. Белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбаевта мал шаруашылығымен айналысқан, күнкөрістері соған байланысты болғандықтан, шөбі шүйгін жайлауда қоныс аудармай, бір орында отыра бергендіктен солай аталған болуы керек деген болжам айтады.
Кейбір деректерде Бопай Келімберді Тотыштың қызы, Әбілқайырға жар болған деседі. Енді бір деректерде Бопай есімді Кенесарының қарындасы болған делінген.
Хафиыз ағамыз «Жаман Адай» деген поэмасының соңында былай деп жазыпты.
Бұл өмір болған десе де бір қалыпты,
Әр адамға әртүрлі бақ дарыпты.
Сүйіндік деген атамызды айтса-дағы,
Жаман Адай деген ат сақталыпты.

Атаның сыйы ма әлде, осы бізге,


Қалдырған артындағы ұрпақ ізге.
Қанша атаның аттары ұмыт болды,
Жаман Адай деген ат сақталыпты.
Негізінде Нарынның жазира даласын Әбілхайырмен бірге көшіп келген Сүйіндік ұрпақтары: Дәуітбай, Төлеміс, Көпе деген аталарымыз жайлаған. Ол 1725 жылы болса керек. Жаманауыз деген атамыз өте сөйлегіш адам болыпты. Ол ханға барып, Тұщықұдық құмындағы Қомбыр құдық шағылы деген жерді біздің атамызға сұрап алып берген екен. Жалпы Тұщықұдықта біздің аталарымыз: Алдоңғар – Талас ауылы, Аманжол-Таңатар ауылы аталып, Тұщықұдық пен Мыңтөбенің арасында көшіп-қонып өмір сүрген екен. Қазір сол аталардан өрген, өздерін Сүйіндікпіз дейтін ұрпақтар саны төрт жүзге жетеді. Барлығы өздерін бір туысқан ағайындармыз деп санайды. Ең қуаныштысы қазір сол жастар биыл төртінші жыл 14-ші наурыз күні бір жерге жиналып, Наурыз тойын бірге өткізуді әдетке айналдырып келеді. Сол Дәуітбай, Төлеміс аталардан өрген ұрпақтардың үлкендері Салхаден деген ағамыз 92 жаста, мен 81 жастамын, қалғандары әлі жетпіске жетпеген жастар. Бірақ барлығы бірауыз, бір жас үлкендерін «аға» деп сыйлайды. Ең бастысы абысын-келіндердің татулықтары мықты, тек көз тимей осылай жалғаса бергей. Қазақта «Ағайыны көпті жау алмайды» деген бар ғой, ағайын басыңа ауыр іс түскенде қайғыңды бөліседі, қуанышты жағдайда қуанышыңды бөліседі. Қалай десең де ағайынға жететін ешкім жоқ қой, тек болашақ жастарымыз осыны түсініп өссе дейміз .
Біз қазақтар ешқашан өзіміз біреуге тиісіп, соғыс ашып көрмеппіз, тек шапқыншылардан жерімізді, мал-мүлкімізді, отбастарымызды қорғау, аман сақтау үшін соғысқан екен.
Әбілхайыр сұлтан Абылайханмен ақылдаса отырып, қазақ жігіттеріне екі жыл соғыс ісін үйретіп, енді жоңғарларға өздері соғыс ашуға дайындапты. Ақтөбе жерінде «Қалмақ қырған» деген жер бар, «Аңырақай» деген тау бар. Бұл былай болған, 1727 жылы 80 мың қолмен жоңғарлар Ақтөбеге қарай бет алып келеді деген хабар жетеді. Осы хабарды жіберген Аралда тұратын руы Әлім-Кете Көккөз деген Әлімнің батыры, әрі биі болған. Сол батыр жоңғарлардың қай шамада жететінін шамалап, болжап, Абылай мен Әбілқайырға хабаршы жібереді. Онда: Сендер мынадай күні таңғы жарық түсе бастаған кезде Ақтөбеге 20 мың қолмен жетіп болыңдар. Олар Ақтөбеге түн ішінде жетеді, ал менің 10 мың шамасында жігіттерім бар, мен жоңғарлардың армиясын Сіздер жеткенше айламен өткізбей кідірте тұрамын,-деп хабаршы жібереді де, өзі жау армиясы келеді деген бағыттағы ойпаң жерлердің барлығына нар қамысты шаншытып, бетін сабан шөптермен жаптырып тастайды. Қараңғыда адам тегіс жер деп ойлайды. 10 мың қолын мың адамнан әр жерге бөліп орналастырады. Жоңғарлардың армиясы қараңғыда тегіс жерден нарқамысқа шаншылып жан-жаққа бытырай бастайды. Қай жаққа бұрылса да алдарынан қарсы тұрған жігіттерге тап болады. Таң ата 20 мың қолымен Әбілхайыр сұлтан да жетеді. Сөйтіп, жоңғар армиясын тас-талқан етіп жеңеді. 80 мың адамнан 10-11 мыңдай адам әрең дегенде аңырап таудан асып әрең қашып құтылады. «Аңырақай тауы» деген атақ содан шыққан екен. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл Сұлама» аталған қырғында елім-айлатып қазақтарға көрсеткен қорлығын жоңғарларға көрсетіп, солай таудан аңырап қашуларына мәжбүр жасаған екен. Абылай хан өте ақылды адам болған. Ол Әбілхайыр сұлтанға: «Біз бүгін жеңісімізге мақтанбаймыз. Жоңғарлар кісі жейтін нағыз хайуандар. Бір-екі жыл демалып, қайта шабуылдамасына кім кепіл. Сондықтан қазақ жігіттерін шынықтырып, екі жыл дайындап, 1729 жылы өзіміз шабуылға шығып, жоңғарларға бет қаратпастай етіп екінші рет соққы берейік»,- депті.
Әбілхайыр сұлтан бұл ұсынысты қабыл алып, жоңғарларға қазақтар екінші рет соққы береді. Осыдан кейін Абылай Әбілхайырға бізге бұлай жеке өзіміз қамсыз отыра беруімізге болмайды, біз Ресей секілді бір алып мемлекеттің құрамына кірейік деп ұсыныс білдіреді. Ресей патшасы екі рет ұсыныстарын қабылдамай, үшінші кезегінде, яғни 1731 жылы қазақ халқын Ресейдің құрамына алу туралы келісімге қол қойыпты. Қазір кейбір білгішсымақ тарихшылар Ресейге қосылу Әбілхайыр мен Абылайдың үлкен қателігі болды. Егер Ресейдің құрамына кірмегенімізде Қазақстан баяғыда-ақ үлкен дербес қуатты мемлекет болатын едік деп өздерін білгір саясаткерлер етіп көрсетуге тырысады. Сол кезде Ресейдің құрамына енбеген жағдайда қазіргі қалмақтардың күйін кешіп отыруымыз әбден мүмкін еді.
Содан бері қанша заман өтті. Сары орыстың да қазақтарға жасаған қысымшылығына да шыдап көрдік. Орыстар қазақтарды Жайыққа жақындатпай шөл далаға айдап салды. Бірақ, төбелесіп жүріп күн көрдік. Көптеген алғыр азаматтарымыз орысша оқып, білім алып, қазақтардың көзін ашты. Орыстармен алыса жүріп күн көруге болатындығын түсіндірді. Кезінде қазақтың бір ханы Қытай елімен екі ортаға достық көпірін салайық. Ресейден гөрі Қытайдың қол астына барғанымыз дұрыс деген екен. Сонда Асанқайғы атамыз: олай болмайды, қара Қытай құмырсқаша жыбырлаған жер жүзінің халқының үштен біріне тең. Егер қара Қытайға бағынсақ, аяғыңа қыл бұрау салар, ал сары орысқа бағынсаң аяғыңа кең тұсау салар,-деген екен. Олай болса, сол сары орыспен күні бүгінге дейін араласып, бірге өмір сүріп келе жатырмыз. Асанқайғы атамыздың айтқаны дұрыс болған екен...
Ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мың өліп, мың тірілген қазақпыз» деп жазғанындай қазақ халқы өте батыр, өте төзімді, өміршең халық жасай береді. Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асып барады. Қазір бүкіл дүние жүзі танитын, білетін мемлекетке айналдық. Өмірі ұзақ болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дейік.
Қазақтың дархан даласы дәстүрге де бай, айтқыш, сөзге шешен, ел басқарған азаматтары да аз болмаған. Дәуітбай, Төлеміс аталарымыздан өрген ұрпақтар ішінде Аманжол атамыз 40 жыл правитель болған, Мақаш Шолтырұлымен 24 жыл бойы жұмыстас болыпты. Оның сегіз жылында Мақаштың бас кеңесшісі болған, 16 жыл Бөкейлікте старшина болған. Аманжол жөнінде ел аузында жақсы әңгімелер, аталы сөздер, өнегелі өсиеттер өте көп. Аманжол атамыз бір сөзді, жалған сөйлеуді білмейтін, халыққа қамқорлығы да жетерлік, мақтаншақтықты сүймейтін адам болыпты. Аманжол айтыпты деген сөзге бүкіл ел тоқтайтын болған. Ал Алдоңғар атамыз өте ауызша есепке мықты адам болған.
Мақаш правитель соны естіп, Алдоңғар атамызды өзіне шақыртыпты. Сонда сұрағаны шетелдік азаматтарға, орыстарға өзіне кеңсе салдырып жатса керек, орыстардың: «Осы қазақтар не халық? Ештеңені түсінбейді, надан, білімсіз, жабайылар» дегендерін құлағы шалып қалса керек. Алдоңғар атамызға: Алдеке, Сізді ауызша есепке өте мықты дейді. Мен мына орыстарға өзіме кеңсе салдыру үшін, Гурьевтен алдырып едім, солардың қазақ халқы дым білмейтін жабайылар дегендерін естіп қалып, қаным қайнап кетті. Осы кеңсені салуға қанша тас, қанша шеге, ағаш, тақтай, сазбалшық кеткендігін есептеп шығарып бере аласыз ба? Оған қанша уақыт керек,-деп сұраса керек. Алдоңғар атамыз:- Мақашжан, оған екі-үш күнде жетіп жатыр ғой, -депті. Үш күннен кейін келіп:
-Мақашжан орыстарыңды шақыр, мына құрылысқа қанша материал кеткендігі туралы қағаздарын алып келсін, салыстырып көрейік,- дейді.
Орыстар сметалық құжаттарын алып келіп салыстырса ,екеуі бірдей шыққан екен. Сонда барып Мақаш орыстарғы: «Мен Сіздердің қазақтар туралы айтқан сөздеріңізді естіп, мына ақсақалды шақыртып едім. Бұл кісі оқымаған, сауатсыз адам, қалай үш күнде барлығын дұп-дұрыс есептеп шығарды»,- деп орыстарды ұялтып, Алдоңғар атамыздан кешірім сұрауға мәжбүр еткен екен.
Аманжол атамыз жақсы адам о дүниеге де керек дегендей, бар болғаны 50 жасында 1889 жылы өмірден өтіпті.
Ал Дәуітбай, Төлеміс аталарымыз қайдан шықты дейтін болсақ: (шежіреде толық көрсетілген) Сүйіндіктің бір баласы Тышымамбеттен туған 4 баланың үлкені Айтуғаннан Шынтемір, Беке деген екі бала туған. Ал Шынтемірден Дәуітбай, Төлеміс, Есенаман, Боздақ туған. Ал Дәуітбай, Төлеміс аталарымыздан өрген ұрпақтардың Тұщықұдық пен Мыңтөбе қоныстарын жайлағаны ілгеріде айтылды. Бұл екі ата ұрпақтары құдайға шүкір, күні бүгінге дейін бір-бірлерінен ажырап көрген жоқ. Өте ұйымшыл бірауызды.
Дәуітбай, Төлеміс аталарымыздан өрген ұрпақтар туралы «Ғибратты ғұмыр» атты кітапта тарихи деректерге сүйеніп жазылған. Оны қайталап жаза берудің қажеті болмас. Тек болашақ ұрпақтарымыз ата-баба дәстүрін ұмытып қалмай жалғастыра бергей деген тілек.


Аманжол немересі Қамза Ғабдолла

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет