«Кім алыс лақтырады». Қатысушылар 3-4 топқа бөлінеді де, қатарға (бірінен соң бірі) тұрады. Бірінші қатардағы әр ойыншының қолында шағын нығыздалған доп бар. Төрешілер лақтыру сызығы жанында болады. Бірінші қатардан 2 м орналасқан лақтыру сызығында лақтыру сызықтары белгіленген: 10 м қашықтықта - бірінші, 12 м қашықтықта - екінші т.с.с. Белгі бойынша бірінші қатар ойыншылары кезекпен бір қолмен төменнен не жоғарыдан доп лақтырады. Төрешілер әр лақтыруды ұпаймен бағалайды. Бірінші сызыққа лақтырған допқа - бір ұпай, екіншіге - екі ұпай т.с.с.
Нұсқа: лақтыру белгілі биіктікке керілген (2-3 м) арқан арқылы орындалады. Әр ойыншы екі рет лақтырады.
«Дәл тастау». Ойын алдында екі команда волейбол алаңының екі сызығы сыртында қатарға тұрады. Тордың екі жағы бірнеше шеңберге бөлінген. Әр шеңберде осы шеңберге түскені үшін есептелетін ұпайларды көрсететін сан бар. Командалардың бірінші ойыншысы допты алып, санды атайды да, допты алдын ала белгіленген тастау әдісімен шеңберге лақтырады. Егер доп дәл аталған шеңберге түссе, ойыншы сәйкес ұпай алады. Егер ол басқа шеңберге түссе, ойыншы бір ұпай алады. Егер доп торға тисе немесе ойыншы доп беру сызығын басып кетсе, ұпай саналмайды. Ойыншы доп беруді орындап, өз легінің соңына барып тұрады. Доп тастау командалармен кезекпен жүргізіледі. Әр қатысушы бір немесе екі рет доп тастаған соң, ойын қорытындысы шығарылады. Ұпайлар жиыны жеңімпаз команданы анықтайды.
3.Психологиялық дайындық
Психологиялық дайындық дене және техникалық даярлықпен бірлесіп жүзеге асырылады. Волейболға жоғары эмоция мен зиялылық тән. Волейболшылардың эмоциялық хал ақуалы олардың ойынына өте күшті әсер етеді. Өзін-өзі ұстай білу мен эмоциялық төзімділік волейболшыға қозғалыс дәлдігін, тактикалық ой айқындығын сақтауға көмектеседі. Жоғары эмоциялық өрлеу мен жақсы ерік-жігер дайындығы күшті қарсыласты жеңуге ықпал етеді. Волейболшылардың ерік-жігері қиындықтарды жеңуде айқындалады.
Табандылық көп мақсатқа жетуге ұмтылуға, спорттық шеберлігін арттыруға, еңбекқорлыққа жетелейді. Төзімділік, батылдық және өзін-өзі ұстай білу жағымсыз эмоцияларды жеңуге көмектеседі.
Табандылық пен тәртіптілік дұрыс шешімдер қабылдау, қиын ойын жағдайында жауапкершілікке батыл болу, өз әрекеттерін ұжым міндеттеріне бағындыра білумен айқындалады.
Волейболшылардың психологиялық дайындығы ойын қимылдары мен жарыс ерекшеліктері сипатымен анықталады. Ойынның көптеген тәсілдерін орындау реакция шапшаңдығы, қозғалыстың бір түрінен екіншісіне тез ауысу, алаңда дұрыс бағдарланумен байланысты.
Ойын қимылдарының күрделілігі, тәсілдердің бүкіл арсеналын, жылдамдығы мен сипатын, тіптен әр түрлі жағдайларда және біріктіріп қолдануға тура келеді. Волейболшы ойын уақытына өте зәру жағдайында, жауап қимылдар орындаумен байланысты, сондықтан да одан тез қимылдау дер кезінде жауап қимылдар жасау талап етіледі.
Техника-тактикалық қимылдардың тиімділігі көп жағдайда волейболшылардың жақсы көретіндігі, оларда зерденің жоғары деңгейде дамуымен байланысты. Мысалы, ол доптың ұшуын қадағалайды, сосын оны қабылдайды, бір мезглде доп және серіктестің арақашықтығын анықтап, өз ойыншылары мен қарсылас команда ойыншыларының қалай қозғалғанын қадағалайды.
Допты ойынға қосудан бастап шабуыл жасау, ойыншының артқы сызықтан торға шабуыл ұйымдастыруға шығуы, қорғаныс және шабуыл қимылдардың әр алуан нұсқаларын ұйымдастыру-осының бәрі волейболшыларға жоғары талаптар қояды. Оларға ойын жағдайында серіктері мен қарсыластардың қимылдарын тез және дәл бағдарлай және бағалай білуі, өз бетімен тиімді тактикалық шешімдер қабылдау, қарсыластың ниетін білуі қажет. Волейболшылардың тактикалық қимылдарында олардың шығармашылық ойы, зердесі, болжамы іске асырылады.
Волейболшылардың қимыл-қозғалыс қызметінің маңызды психологиялық ерекшеліктерінің бірі-дәл және сараланған кеңістік, уақытты түйсіне білу.
Сонымен, жас волейболшыларды психологиялық дайындаумен байланысты жаттығулар оқу-жаттығу үдерісінде басты орындардың бірін алуы тиіс.
Сонымен бірге, психологиялық дайындық – бұл спортшыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге, оның ерік-жігер қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық үдеріс. Мінез-құлық пен дене қабілеттерінің дамуы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Ерік-жігер бұлшық еттер тәрізді қозғалыс қызметтерін қалыптастыру үдерісінде объективті және субъективті қиындықтарды жеңу нәтижесінде дамиды. Бұл қиындықтар ойын техникасының күрделі әдістерін меңгеруде, шаршағандықты жеңуде, эмоционалды көңіл-күйді жүйеге келтіруде, спорттық қарама-қарсы жағдайларда жоғары еңбекқорлықты сақтап қалу кезінде туындайды. Мінез-құлықты қалыптастырудың басты құралы – дене жүктемесі болып табылады. Ерік-жігер қасиеттерінің ерекшелігі – оның даму барысында пайда болатындығында. Сондықтан да, мінездің күшті жақтары батылдық, сенімділік, қажырлылық, тұрақтылық, шешім қабылдағыштық сияқты қасиеттерді қалыптастыру үшін жағдай тудыру қажет. Балалар эмоционалды ояну салдарынан өз-өздеріне нашар бақылау жасайды, кейде асығыс шешім қабылдап жатады. Бұл негізінде техникалық және ойын дайындығының жеткіліксіздігінен болады. Өзін-өзі бақылау мен ойлаудың тездігі жоғары жүктемеде тапсырманы орындау үдерісінде кездеседі.
Психологиялық дайындық үдерісі жалпы дайындық (қиындықтарды жеңу, қозғалыс әрекеттерін меңгеру, жүйелі дайындалуға тәрбиелеу) және жарыстарға дайындық (яғни, жарыстарға жоғары психологиялық тұрғыдан дайындалу) болып екіге бөлінеді.
Жалпы психологиялық дайындық міндеттеріне спортшылардың жеке басының және өзара қатынастарын қалыптастыру, спорттық ойларын дамыту, арнайы психикалық қызметтерді және психомоторлы қасиеттерді дамыту кіреді.
Әрбір ойыншының және тұтас команданың психологиялық дайындық үдерісінде арнайы моральдық-психикалық қасиеттер қалыптасады. Оларға спортқа тұрақты қызығушылық, жаттығу ережелерін қадағалау тәртібі, жаттықтырушы және ұжым алдындағы міндетті сезіну, дайындық жоспарын орындау үшін жауапкершілікті сезіну және жарыстар нәтижесі, еңбексүйгіштік және ұқыптылық жатады.
Жаттықтырушы спортшылар бойында көпшілдік, жолдастарын сыйлау, жаттықтырушыны және команда мүшелерін құрметтеу, басқаларға және өзіне-өзі талап етушілік, спорттық намыс және өзін-өзі тәрбиелеуге тырысу қасиеттерін қалыптастырады.
Спортшыларды жарысқа психологиялық тұрғыдан дайындай отырып, жаттықтырушы оларға жарысқа қатысудың мақсаты мен міндетін, жарыс алдындағы дайындықтың шарттары мен мазмұнын, жарысқа дайындықтың жоғары деңгейінің маңызын, жаттығу жүктемелерінің жүйелілігін, ойыншылардың техникалық жай-күйін жақсарту үшін амалдар дайындауды, маусымның негізгі жарыстарының шарттарын жасауды түсіндіреді. Өзін-өзі басқарудың мазмұны мен маңызы туралы айтады, өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі реттеудің тәсілдеріне және оларды жаттықтырудың жүйелілігіне үйретеді.
Ерік-жігер қасиетіне тәрбиелеу – бұл өз-өзіне сенімділік, ұжымшылдық, патриоттық (отансүйгіштік), батылдық, тұрақтылық, шешім қабылдай білу, т.б. қасиеттерді қалыптастыру үдерісі.
Балалармен жұмыс барысында қиындықтарды жеңуге бағытталған жүйелі жаттығу сабақтарының маңызы зор. Күнделікті түсіндіру жұмысы, нақты мысалдармен негізделген жұмыстар жақсы нәтиже береді. Бала үшін ерік-жігерді дамытудың басты құралы – қиындықты жеңу жаттығулары, көңілсіздікпен күрес, сонымен қатар, оқу-жаттығу ойындары, жарыстар, яғни, табындылық, тұрақтылық, шешім қабылдауға бейімділікті қалыптастыру мақсатындағы жаттығулар болып саналады.
Баланың батылдығы мен тез шешім қабылдағыштығы эмоционалдық сәттермен сипатталады және баланың интенсивті сезім нәтижесінде пайда болады. Кейде жаттығу - дайындық кезінде орындауға жүрексінген әдіс-тәсілдерді жарыс үстінде эмоционалды көңіл-күй әсерінен жақсы орындап шығады. Сондықтан да, жаттықтырушы жас спортшыларды даярлау кезінде оларға сеніммен қарау қажет және ойындарды талдау барысында сезімталдықты көрсету керек.
Тәжірибеде психологиялық дайындық келесі әдістер арқылы жүзеге асады:
1) қиындықтарды жеңуге бағытталған жаттығулар әдісі;
2) қажетті психикалық көңіл-күйге арналған жаттығулар әдісі;
3) идеомоторлы жаттығулар әдісі;
4) психожүйеге келтіруге даярлық әдісі.
Балаларды ерік-жігер қасиеттеріне тәрбиелеуге байланысты негізгі ұсыныстар:
1) күш-жігерді қалыптастыруға бағытталған міндеттер нақты, анық қойылуы тиіс, әрқашан айналысушылардың жас мүмкіндіктеріне сәйкес болу қажет;
2) тапсырманың сапалы және өз уақытында орындалуына жеткізу;
3) сабақтарда дене жүктемесін орындауға белсенділікті қалыптастыру – жарыстарда нұсқаудың нақты орындалуына жеткізу;
4) дене және техникалық-тактикалық дайындықта жетіспеушіліктерді жою мақсатында жұмыс жасауға айналысушыларды баулу, еңбек және демалыс тәртібін сақтауға үйрету;
5) дайындықта алға қойған жоспарлардың орындалуына бар күш-жігерлеріне сенуге баулу.
Балалар ұжымына өткізілген ойынды талдау өте маңызды. Талдауды демалыстан соң немесе басқа күні жаттықтырушының талдауынан кейін балалардың өз іс-әрекеттеріне сын көзбен қарап, эмоционалдық ояну сезімі азайған соң жүргізуге болады. Талдауда барлық спортшының түгел болуын қамтамасыз ету керек. Қатыспаған бала туралы сын ескертпе айтпаған жөн. Барлық пікір іскерлік қалыпта, тілектестік мақсатта айтылуы тиіс. Жетекшінің наразылығы немесе негізсіз кінә тағуы, енді бастап келе жатқан спортшыға соққы әкелуі мүмкін және оның ерік-жігер қасиеттерін дамытуға кері әсерін тигізеді. Талдауды жоғары сынып оқушыларына жиі өткізу міндетті емес.
Теориялық дайындық – бұл жаттығу сабақтарының құрылымының заңдылықтары, өзін-өзі бақылау, физиологиялық, гигиеналық, ойынның психикасы мен тактикасы негіздері бойынша білім алу үдерісі. Бұл білім – шығармашылық ойлауының негізі болып табылады және спортшыға волейбол ойынында өзін-өзі ашуға көмектеседі. Теориялық дайындық спортшыға өзінің дайындық үдерісін жоспарлауға қатысуға, жарыстардағы қатысуы мен өзінің дайындық нәтижесін жаттықтырушысымен бірге талдауға мүмкіндік береді. Мұндай дайындық үшін дәрістер, әңгімелер, көрсетілімдер, бейнефильмдер, жазбалар, техника мен тактика бойынша теориялық сабақтар, талдау, т.б. пайдаланылады.
Ойын дайындығы – волейболшылардың спорттық дайындығының ерекше түрі болып табылады. Ол күресті жүргізу ептілігін жетілдіруге бағытталған. Ойын дайындығының негізгі амалы – арнайы ұйымдастырылған, жаттықтырушылармен басқарылатын екі жақты үйрену ойыны. Үйрену ойынындағы волейболшылардың негізгі міндеті – нәтижеге жету ғана емес, сонымен бірге күрес жүргізе білуді меңгеру.
Ойын дайындығының міндеттері:
1. Күшті бөлу ептілігін жетілдіру, ол өз күші мен мүмкіндіктерін шегіне жеткенше жұмылдыру мен шиеленіскен қимыл-қозғалыс әрекеттері мен әлсірету кезеңдерін үйлестіру ептіліктерін қалыптастыруды ұйғарады.
2. Жеке әрекеттер мен командадағы серіктестердің өзара әрекеттерін жетілдіру, бұл ойынның жасалынған жоспарының немесе жаттықтырушының шұғыл тапсырмасының орындалуын жүзеге асырады.
3. Меңгерілген тактикалық жүйелердің, қисындастырудың және олардың нұсқаларының қолдану кезеңіндегі жетілдірілуі.
4. Ойын дайындығын басқару үшін бақылау тапсырмаларын орындауда ойын жағдайларын біршама жеңілдету, уақыт пен кеңістікті жасанды шектеу, волейболшылардың ойын тапсырмаларын орындауын, сапа жағынан бақылау және олардың сәтті орындалғандарына мадақтаулар ұсыну.
Ойын дайындығының тиімділігін көтеру үшін әдістемелік тәсілдердің жинағын қолданған орынды:
1. Оқу-жаттығу ойынына ойын жүргізудің таңдалған үлгісін немесе кедергі факторларды жеңу іс-әрекеттерінің жоспарланған жүйесін міндетті түрде іске асырумен байланысты тапсырмаларды кіргізу.
2. Болашақ негізгі қарсыластардың болуы мүмкін тактикалық жоспары бойынша әрекет етуші серіктестерімен оқу-жаттығу ойынын өткізу.
3. Жалпы командалық ойын міндеттерін шешуге көмектесуші спортшыларға нақты тапсырмалар беру.
4. Берілген тактикалық тапсырмаларды дұрыс орындауларын талап ете отырып, команданың негізгі құрамына қосалқы ойыншыларды кіргізіп тұру.
5. Бір тактикалық нұсқадан басқасына алдын-ала ескертілген белгі бойынша ауысуды қолдану.
6. Шешуші күшті қолдану. Бұл тәсіл ойыншыларға жарыстың шешуші кезеңдерінде барлық күшін салу, жеткен табыстарын баянды ету үшін өз күшін қайталап тез жұмылдырып және әлденеше рет барынша күш салуды қайталау ептіліктерін қалыптастыруға бағытталған.
Жарыс дайындығы – қазіргі уақытта ойыншыларға тәжірибе жинақтау үшін өте жоғары мәнге ие болып отыр. Жарыс жағдайында спортшы ағзасының жұмыс күші біршама толық қолданылады. Үлкен жүктемелерге үйренуге ерекше тиімді жағдайлар пайда болады. Тек басқа қомандамен жарысқанда ғана өз күштерін соңына дейін жұмылдыру және оларды үнемді жұмсау, өз сезімін игере алу және өз мүмкіншіліктерінен жоғары көтерілу қабілеттері дамуы мүмкін.
Дайындық жетістігі, көбінесе, жарыс тәжірибесіне байланысты. Әрбір жарыс өзіне тән ерекше өтеді: оның сипаты өткізу жағдайларымен, ойыншылардың жеке ерекшеліктерімен және қарсылас команданың ойын сипатының ерекшеліктерімен анықталады. Егер ойыншылар әркез өздеріне белгілі қарсыластармен ойнаса, онда оларда ойын жүйесінің бір сарынды түрі пайда болуы мүмкін, ондай жағдайда жаңа қарсылас пайда болса, олар жеңіліс табады. Сондықтан, жарыс дайындығында әр түрлі командалармен жолдастық кездесулер өткізу қажет.
Жарыс дайындығы команда дайындығының бір жылдық негізгі жарыстағы және көп жылдық айналым дайындығының шарықтау шегіндегі үдерісін қорытындылайды. Дайындық жүйесіндегі мақсатына байланысты жарыс командалары бақылау, қорытындылау және негізгі болып бөлінеді. Бұл кездесулердің дифференциалды міндеттері аттарымен анықталады, олардың жүргізілуінде жаттықтырушы команданың және ойыншылардың жарысқа дайындығының әртүрлі жақтарын тексереді.
Бір жылдық айналымда Қазақстан біріншілігіне қатысқан ұлттық және жоғары лига командалары 50-55 ойын өткізеді, олардың ішіндегі 8-10 ойын бақылау, 8-12 жарысты қорытындылау және 30-35 ойын Қазақстан біріншілігінде өткізіледі.
Тәжірибесі, шеберліктері төмен командаларда жарыс дайындығының көлемі біршама төмендейді. Жарыс жүктемелерін төмендету, негізінен, негізгі жарыстарда ойындарды төмендету есебінен өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |