Жарыстардың түрлері:
Біріншіліктер (чемпионаттар) – жауапкершілігі жоғары жарыстар (нәтижесінде мектептің, қаланың, ауданның, облыстың, республиканың чемпионы атағы беріледі). Мұндай жарыстар жыл сайын өткізіледі. Қатысушылар алтын, күміс, қола медальдармен марапатталады.
Кубок үшін жарыс – спорттық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер т.б. мекемелер арасында өткізіледі. Бұл жарысқа көп адам қатыса алады. Әртүрлі дайындықтағы командалар қатысып, жеңімпаз тез анықталады.
Теңестіру (уравнительные) жарыстары – ұжым ішінде командалар арасында әртүрлі дайындықтағы топтар қатыса алады. Спортқа қызығушылықты арттыру үшін командалардың күштері теңестіріледі. Ең әлсіз команда кездесу басталғанға дейін фора (ұпайлар жиынтығын) алады. Фора түрлі болуы мүмкін, командалардың ерекшелігіне байланысты болады.
Классификациялау жарыстары – командалардың спортттық дайындық деңгейін анықтау мақсатында өткізіледі. Іріктеу жарыстары үлкен жарыстарға қатысу үшін мықты командаларды, ойыншыларды анықтау мақсатында өткізіледі.
Матчтық кездесулер – спорт жарыстарының күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Және бұл дәстүрлі болады. Бұған екі немесе одан да көп командалар қатысады. Олар кіші ұжымнан үлкен масштабты көлемде өткізіледі. Әлемдік матчтық жарыстар кең таралған. Бұл әр елдің дайындығын, достық қарым-қатынасын айқындайды, деңгейін көрсетеді.
Бақылау кездесулері – жауапты жарыстарға дайындығын бақылайтын жарыс түрі. Көрсеткіштік кездесулер спорт ойындарын жарнамалау, кең тарату, шеберлігін көрсету мақсатында өткізіледі. Және ең үздік топтар қатыса алады.
Жолдастық кездесулер – күнтізбе бойынша ресми түрде өткізілмейді. Бұл тек жеке командалардың келісімі арқылы өткізіледі. Бұл жарыс түрі де дайындық есебінде жүргізіледі. Қатал тәртіп, ереже бұл жарыс барысында сақталмайды (футболда қақпашылар мен ойыншыларды ауыстыру, т.б.)
Қысқартылған жарыстар (блицтурнир) – бір күн ішінде бірнеше командалардың қатысуына болады. Уақытты қысқарту үшін кездесудің ұзақтығын азайтады (волейбол, футбол, қол добы, волейбол, т.б.). Мұндай жарыстар маусымның ашылуы қарсаңында, оқу жылының басталуына орай, даталы мерекелік күндерде өткізіледі.
Жарыстар туралы ереже:
Барлық деңгейде өткізілетін жарыстардың арнайы ережесі мен бағдарламасы болады. Бұл ережелер командаларға жарыс басталғанға дейін таратылып беріледі. Ереже төмендегідей бөлімдерден тұрады:
1. Жарыстың мақсаты мен міндеттері (волейболды насихаттау, спорттық шеберлікті дамыту мен арттыру, үздік ойыншыларды іріктеу, мектеп (ЖОО) құрама командасын жасақтау және т.б.)
2. Жарысты өткізуге басшылық ету (спорт клубтары, дене тәрбиесі кеңестері. Негізгі басшылықты төрешілер алқасы жасайды).
3. Жарыстың өткізілу орны мен мерзімі (жарыс өткізілетін орын, күні, сағат – бәрі көрсетілуі тиіс).
4. Жарысқа қатысушылар (кімдердің жіберілетіндігі және жарысқа қатысушыларға қандай құжаттар керек екендігін көрсетеді).
5. Жарысты өткізу жүйесі (ұсыныс білдірген командалардың санына байланысты өткізіледі).
6. Қаржылық шығындар (сыртта болатын немесе алыс қалалардан командалар шақырылатын жарыстар үшін: орналастыру, тамақтандыру және жол қаражатын кім көтеретіні көрсетіледі).
7. Қарсылық (шағым) көрсету тәртібі (өткен ойын туралы шағымдар ойын біткеннен кейін 24 сағат ішінде берілуі керек. Жаттықтырушы (команда капитаны) төрешілер алқасына ойын біткеннен кейін 20 минут ішінде жазбаша шағым қалдыруы қажет. Шағым бас төрешінің басшылығымен, сол кездесуге төрешілік жасаған төрешілер тобының және шағым түсіруші команда өкілдерінің қатысуымен келесі тур басталғанға дейін қарастырылады).
8. Жеңімпаздарды анықтау және марапаттау (жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қандай сыйлықпен марапатталатындығы көрсетіледі: ауыспалы кубок, дәрежелі дипломдар, үздік ойыншыларды аталымдар (номинациялар) бойынша марапаттау, т.б.).
9. Тапсырыстар жіберу мерзімі (төрешілер алқасын өткізу орны мен уақыты).
Жарысты өткізуші ұйым бекіткен бас төрешілер алқасы жарыстар өткізу туралы негізгі құжатты басшылыққа алады.
Ойындарды ереже бойынша өткізу, жарыс өтетін орынның санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы, төрешілер алқасының жұмысы, төрешілерді тағайындау, ойыншыларды жарысқа жіберу сияқты іс-әрекеттердің барлығы бас төрешінің жауапкершілігіне түседі. Ол қатысушылардың құжаттарын, тапсырыс қағаздарын, дәрігер келісімі бар рұқсат ету қағазын тексереді.
Бас хатшы тиісті құжаттарды дайындап, хаттамалардың дұрыс толтырылуын тексереді, жарыс нәтижелерінің кестелері мен ойын күнтізбелерін жасайды.
Егер жарыстар бірнеше залда (алаңда) өткізіліп жатса және бас төреші барлық ойынға қатыса алмайтындай жағдай болса, онда әр залда аға төреші тағайындалады.
Егер ойын үш кезеңнен өткен жағдайда келесі ұпайлар санына қарай беріледі:
- жеңіс үшін – 2;
- жеңіліс – 1;
- қатыспағаны үшін – 0 ұпай беріледі.
Егер ойын бес кезеңнен өткен жағдайда келесі ұпайлар санына қарай беріледі:
- жеңіс үшін – (3:0, 3:1) үш ұпай беріледі;
- жеңіс үшін – (3:2) екі ұпай беріледі;
- жеңіліс – (0:3, 1:3) 0 ұпай беріледі;
- жеңіліс – (2:3) 1 ұпай беріледі;
- қатыспағаны үшін – 0 ұпай беріледі;
Екі немесе одан да көп командалардың ұпайы бірдей болған жағдайда:
- барлық кездесулердегі кезең айырмасы;
- барлық кездесулердегі доп айырмасы;
- командалардың жеке кездесуі.
Жарыс өткізу жүйесі
Жарыс өткізудің үш жүйесі бар: айналма, шығару амалы және топтық.
Айналма жүйесі – жарыста көп қолданылатын түрі. Ол барлық қарсыласпен кездесуге және осының нәтижесінде күштердің тең емес екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, оны өткізу үшін өте көп уақыт керек. Бұл жүйе топтық жарыстарды, біріншілік, турнир ойындарын өткізуде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |