6 Волейбол сабағында техника қауіпсіздігін сақтау
- қауіпсіздіктің міндеттері мен мазмұны;
- қауіпсіздік ережелері;
- волейболда қауіпсіздік ережелерін сақтау ережелері.
Қауіпсіздіктің міндеттері мен мазмұны. Мұғалім дене шынықтыру сабағында құрал-жабдықтармен жаттығулар орындау барысында кездесетін кез-келген зақымға жауап береді. Зақымдануға жол бермеу үшін, сабақты дұрыс ұйымдастыру керек екенін есте сақтау қажет. Қауіпсіздендіру кең мағынада алғанда бірсыпыра ескертпе шараларды үнемі жүргізіп отыру деген сөз. Мұндай алдын алу шараларына мыналарды жатқызуға болады: оқушыларды үнемі дәрігерлік бақылаудан өткізіп тұру, сауыққаннан кейін сабаққа қайта қатысқан оқушыларға мұқият көңіл бөлу, дене жаттығуларын (оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай) дұрыс іріктеп бөлу және ол жаттығуларды жүргізудің дұрыс әдістемесін қолдану; қарапайым жаттығудан күрделі жаттығуға, жеңілден қиынға көшуді жүйелілікпен жүргізу, оқушыға түсетін күшті шамалау, құрал-жабдықтардың сапасын үнемі тексеріп отыру, сабақ өткізілетін орынның әзірлігін (залда-тазалық, жарық, желдеткіштің болуын, алаңда – шыны сынықтарының, қатты кесектердің болмауын, су себілуін, тазалықты, т.б.) мұғалім тікелей өзі қарап шығу, жаттығуды орындау барысында оқушыға (мұғалімнің көмегімен) өз қауіпсіздігін жасауға, өзін-өзі қауіпсіздендіруге үйрету, жаттығуды орындау барысында көмектесу, т.б. жатады.
Оқушының бір жері зақымданып қалғанда оның асқынып кетпеуі үшін дәрігер келгенше мұғалім оған алғашқы көмек көрсетудің әдістерін білуі керек.
Қауіпсіздік ережелері. Қауіпсіздік шараларын жаттығуларды дұрыс орындамау салдарынан құлауды немесе басқа қауіпті жағдайды болдырмау үшін қолданады. Спорт үйірмесіне алғаш келген балалармен, орындалатын жаттығу түрлері қарапайым болғанымен, олардың кейбіреуін орындағанда зақым алып қалуы мүмкін. Мұндай жаттығуларға допты беру, қағып алу, бұрылу, тоқтау, т.б. дене жаттығуларын жатқызуға болады. Қауіпсіздікті мұғалім жүзеге асырады. Қауіпсіздік оқушының жаттығуды орындауына кедергі келтірмеуі, оның әрбір қимылына қажетсіз қамқорлық жасауға айналмауы тиіс. Мұғалім спортпен енді шұғылдана бастаған балаларды шын мәніндегі зақымданудан (бір жерін қатты соғып алудан, құлап қалудан, т.б.) сақтап қалуға үнемі дайын тұруы керек. Сонымен бірге, оқушының жаттығу немесе ойын ережелерін дұрыс орындамауы салдарынан құлап қалғанына, жеңіл соғып алғанына орынсыз жалпақтап тұра ұмтылмауы тиіс. Керісінше, техникалық жағынан дәл, дұрыс орындалып жатқан жаттығудың өзінде мұғалімнің орынсыз араласып, қажетсіз қамқорлық жасауы – оқушының сақтық сезімін азайтады, ол барлық жағдайда қауіпсіздік шараларының әзір екеніне сеніп кететін болады. Жақсы қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін тәжірибе керек. Ал мұндай тәжірибеге сабақ кезіндегі қауіпсіздендіру тәжірибесі арқылы жетуге болады. Сабаққа әзірленіп, сабақтың мазмұнын іріктей отырып, мұғалім сонымен бірге қауіпсіздендірудің де әдістерін таңдап алуы тиіс және бұл әдістерді сабақ үстінде қолдануға дайындалуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |