Бағдарламасы туралы нұсқаулық



Дата07.07.2016
өлшемі35 Kb.
#183611
Наралиева Рахила Турсыновна

Оқу бағдарламасы туралы нұсқаулық
Жалпы білім беру жүйесінде оқу бағдарламасының негізгі үш түрі қолданылады. Базистік, типтік және оқу жоспары болып бөлінеді. Оқу бағдарламасы Мемлекеттік білім беру стандартына сай әзірленеді. Оқу бағдарламасы дегеніміз – білім беру кеңістігінде оқу үдерісіндегі әрбір пән бойынша білім алуышының меңгеруге тиісті білімнің деңгейін, ептілік пен машықтардың мазмұны мен көлемін анықтап көрсететін құжат. Оқу пәні мен мен оқу бағдарламасы өзара тығыз байланыста болады. Оқу жоспарында теориялық деңгейде көрсетілген білім беру жұмысының мазмұны оқулықтар мен оқу құралдарында, оқу үдерісінде, оқу пәндерінде, курстарында нақтыланып, жүзеге асады.

Оқу пәні – бұл білім алушылардың өзінің жас ерекшеліктеріне, физикалық және психологиялық ерекшеліктеріне сай танымдық мүмкіндіктеріне сәйкес белгілі бір білімнің, ғылым-ілімнің, мәдениет пен өндірістің, еңбектің негізін игеруге себепкер болатын практикалық жаттығулар мен машықтардың, іліми-ғылыми жүйесі болып табылады. Ал оқу жұмыс бағдарламасы – нақты оқу пәні бойынша берілетін білімнің мазмұнын, дағдылар мен ептілігін, қабілетін ашып көрсететін, ұсынылған тақырыптардың бірізділігі мен дүниетанымдық ой-пікірлердің негізін үйрететін логиканы, оқып-үйренуге кететін уақыт мерзімін мөлшерлейтін нормативтік құжат. Бағдарлама пәнді оқытудың әдістемесін, жалпы ғылыми маңыздылығы мен рухани тұтастай бағыт-бағдарын, теориялық құндылығын анықтайды. Бағдарламада оқу жылына сәйкес оқу материалдарының құрылымы көрсетіледі. Оқу үдерісінің тиімділігі мен табыстылығы білім алушылардың оқу бағдарламасын толық та жемісті меңгерумен айқындалады. Осы оқу бағдарламасын толық меңгеру білім алушылардың ептілігі мен қабілетіне, дағдыларына және оқу үдерісінің ұтымды ұйымдастырылуына тікелей байланысты.



Оқу бағдарламасы типтік, жұмыстық немесе авторлық болуы мүмкін. Типтік бағдарламалар мемлекеттік білім беру стандартынынң талаптарына сай белгілі оқу пәнініне саласына бағытталып жасалынады. Типтік оқу бағдарламалары ҚР Білім және ғылым Министрлігімен бекітіледі және ұсыныстық сипаттамада болады. Типтік бағдарламаның негізінде оқу жұмыс бағдарламалары жасалынады. Оқу жұмыс бағдарламасы кафедраның әдістемелік кеңесінде талқыланып, факультеттің әдістемелік кеңесінде бекітіледі. Оқу жұмыс бағдарламалары да мемлекеттік білім беру стандартқа сай жасалынады, типтік бағдарламадан ерекшелігі ұлттық-аймақтық сипатта компонентке ие болуында, сонымен қатар оқу үдерісіне қажетті ақпараттық, әдістемелік, техникалық, көрнекілік құрал-жабдықтарды сипаттап көрсетеді және оқу жұмыс бағдарламасы білім алушының білім деңгейіне лайықталып құрастырылады. Ал авторлық оқу бағдарламасы дегеніміз не? Авторлық оқу бағдарламасы да, әрине, мемлекеттік білім беру стандартын басшылыққа ала отырып, мемстандарттың талаптарына сәйкес жасалынады. Алайда бағдарламаның құрылымында автордың көзқарасы мен инновациялық сипатына байланысты оқу пәнін құрастыру логикасында ерекшелік болады. Оқу үдерісінде оқытылатын, берілетін теориялық білімді өз әдістемесіне көзқарасына сай қарастырып, түрлендіріп ұсынуы мүмкін. Авторлық оқу бағдарламасы осы пән саласының ғалымдарының сын-пікірі, пән оқытушыларының, педагогтердің, психологтердің, әдіскерлердің сын-пікірлері оңды болған жағдайда, кафедраныі әдістемелік кеңесінде талқыланып, факультеттің әдістемелік кеңесінде бекітіледі. Авторлық оқу бағдарламалары білім алушылардың таңдауы бойынша міндетті пәндерді оқыту барысында да, қосымша факультативтік курстарды оқыту үдерісінде кең қолдануға болады. Оқу бағдарламасы екі түрлі әдіспен жасалынады. Біріншісінде – концентрлік әдісте – оқу материалдарының мазмұнын ашып көрсету барысында бағдарлама бөлімдері білім алушының жас ерекшелігі мен білім деңгейіне сәйкес әртүрлі сатыда алуан түрлі көлемде, мазмұнда беріледі. Концентрлік жүйенің өзіндік кемшілігі бір материалды толық меңгерту үшін білім алушыларға сол бір материалдың өзін бірнеше кезеңге бөліп оқытып, қайталап оқытуды қажет етеді. Мысалы, қазақ тілінің фонетика саласын алсақ, бірінші сыныпта мектепте тек дыбыстардың дауысты және дауыссыз екендігін оқытса, кейінгі кезеңдерде дыбыстардың неге дауысты, дауыссыз болып бөлінетіндігін, содан кейін олардың дыбыстық классификациясын (өзара жіктелуін) меңгертеді. Ал оқу материалдарының мазмұнын сызықтық (линиялық) әдіспен ашып көрсету барысында оқу материалдары бірізділікпен, жүйелі түрде: жеңілден – ауырға, оңайдан – қиынға қағидасын басшылыққа ала отырып өршімелі (жоғары көтеріліп келе жатқан) бір сызық бойымен беріледі де, жаңа материал бұрынғы, таныс оқу материалдарымен тығыз байланыста ұсынылады. Сызықтық оқу бағдарламасы уақытты үнемдеуге септігін тигізеді және ересек білім алушылар дәрісханасында оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл екі әдіс бір-бірінен өте алшақ жатқан екі түрлі дүние емес, керісінше өзара бірін-бірі толықтырып отыратын жүйе.
Типтік оқу бағдарламасының басты мақсаты – нақты пән бойынша білім алушыға кешенді, жан-жақты білім беру, сапалы білімді саналы тәрбие ісімен ұштастыра жүргізуге мүмкіндік беретін, шәкірттердің бойына пән бойынша мазмұнды, мағыналы білім берумен қатар, олардың дүниетанымын кеңейтіп, отансүйгіштік қасиетті қоса қалыптастыру. Оқу бағдарламасының практикалық тарапы білім алушылардың сапалы білім алу деңгейі мен табысты нәтижеге қол жеткізуін қамтиды. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оралман тыңдаушыларға қазақ тілі пәні бойынша арнап құрастыратын оқу бағдарламасы модульдік жүйеде, пәннің грамматикасы саласы бойынша бірізділкпен жасалынады. Әуелі қазақ тілінің дыбыстық жүйесімен таныстырып, меңгерту мақсатында фонетика саласын толықтай игерту үдерісі жүзеге асырылады. Сауатты оқып, сауатты жазу жұмысы ағымдағы оқу жылы бойында қазақ тілі сабағы барысында әртүрлі тіл ұстарту арналған жаттығулар, тапсырмалар арқылы пысықталып отырады.
Біздің кафедраның оқыту жүйесінің өзіндік ерекшелігі елімізге оралған қандас бауырларымызды қысқа мерзімде мемлекеттік тілде қарқынды оқыту жүйесі бойынша білім беріп, мемлекетіміздің жоғары оқу орындарына оқуға түсу кешенді тест сынағын тапсыруға дайындау болып табылады.

Оқу бағдарламасының жалпы құрылымына басты үш элемент тән болып табылады. Біріншісі – түсініктеме жазба, бұл жазбада оқу пәнінің негізгі мақсат, міндеттері белгіленеді: оқу пәнінің негізгі мазмұнының құрылымына енетін негізгі, жетекші ғылыми пікірлермен қатар тәрбиелік мәнін қамтитын материалдар беріледі. Екінші элементінде білімнің мазмұны: тақырыптық жоспар, тақырыптар мен мәтіндердің мазмұны, оларды оқып-үйрену тәсілдері мен жолдары, қабілеті, ептілігі мен машық-дағдылары, негізгі түсініктер мен ұйымдастыруға болатын сабақтың түрлері айқындалып белгіленеді. Үшінші жазбада қабілеті мен машық-дағдыларын, білім деңгейін бағалайтын әдістемелік нұсқаулықтар беріледі.




  1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. 2-басылуы. Алматы, 1978;

  2. Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. Педучилищелерге арналған. 2-басылуы. Алматы,1982;

  3. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992;

  4. Бектұров М., Серғалиев М.С. Қазақ тілі. Дайындық бөлімдеріне арналған. Алматы,1994;

  5. Бектұров Ш.К, Қазақ тілі. Алматы «Атамұра», 2006;

  6. Кәтенбаева Б., Нұрпейсов Б. Қазақ тілінен дидактикалық материалдар. 5-класқа арналған. Алматы «Мектеп», 1983;

  7. Қасабек Қ., Күзембаева А. Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту әдістемесінің практикалық және зертханалық жұмыстары. Алматы,1999;

  8. Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. Қазақ тілі. Оқыту әдістемесі. Жалпы білім беретін мектептің 5-сынып мұғалімдеріне арналған. Алматы «Атамұра», 2000;


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет