Баспасөз парағЫ «Қазақстан және ғарыш» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы



Дата25.02.2016
өлшемі38.51 Kb.
#21470
БАСПАСӨЗ ПАРАҒЫ

«Қазақстан және ғарыш»

халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

1 шілде 2014 жыл Астана қаласы
Бүгін Астана қаласында Тәуелсіз Қазақстан ғарышкері Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшуының 20 жылдығына арналған «Қазақстан және ғарыш» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Осы ғарыш сапарында ел тарихының жаңа беттері ашылды: Талғат Мұсабаев ашық кеңістікке шыққан тұңғыш қазақ азаматы болды, біздің еліміздің ғарыштық зерттеулері мен тәжірибелерінің екінші ғылыми бағдарламасы орындалды, адамзат тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының туы, қазақ елінің бір уыс топырағы мен мұсылман жамағатының киелі «Құран» кітабы ғарышқа көтерілді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Б.Ә.Сағынтаев сөз сөйлеп, конференцияны ашып берді. Ол өз сөзінде: «Тәуелсіз Қазақстан ғарышкерінің алғашқы ұшуы егемен еліміздің даму тарихында мәңгілік орын алды және ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып қалады»,-деді.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының ресми тұлғалары, Ресей, Украина, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Голландия, Румыния елдерінің ұлттық ғарыш агенттіктері мен жетекші ғарыш компанияларының басшылары мен мамандары, ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық өкілдер, отандық ғарыш саласының мамандары қатысты.

Іс-шараның құрметті қонақтарының арасында Т. Мұсабаевпен бірге ұшқан танымал ресей ұшқыштары – Юрий Маленченко, Юрий Батурин, ресейлік Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының басшысы, ғарышкер Юрий Лончаков, КСРО ұшқыш-ғарышкері Анатолий Арцебарский және басқалар болды.

Пленарлық отырыстың шеңберінде Қазғарыш пен Агенттікке ведомстволық бағынысты ұйым («Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ) басшыларының, Қазғарыш серіктестері – шетелдік ғарыш компаниялары (EADS Astrium - Франция, SSTL - Ұлыбритания, IABG - Германия, «Южное» КБ - Украина) өкілдерінің, сондай-ақ, П.П. Ширшов атындағы ҰҒА Океанология институтының және «Ғарыштық аспап жасау ғылыми-зерттеу институты» ААҚ ресейлік әріптес-ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

Конференция қатысушылары ғарыш қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының қол жеткен жетістіктері мен даму перспективаларын, әлемдік ғарыш қауымдастығында әрі қарай ықпалдасу мәселелерін талқылады, сондай-ақ ғарыш саласының ғылыми жетістіктері мен тәжірибе алмасты.

Іс-шараның соңында, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев өзінің қорытынды сөзінде халықаралық конференция жұмысына көңіл бөліп қатысқандары үшін барлығына алғыс білдірді: «Елімнің басшылығының, әсіресе Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының арқасында Тәуелсіз Қазақстан ғарышкерінің алғашқы ұшуы жүзеге асты. Мен өзімнің атымнан біздің Елбасымызға және барша Қазақстан халқына еліміздің мүддесін әлемдік ғарыш қауымдастығына танытудағы және іс жүзінде отандық ғарыш қызметінің дамуына көрсетіп жатқан жоғары қолдауы үшін алғысымды білдіремін».

Сонымен қатар, конференция шеңберінде Т. Мұсабаевтың алғашқы ұшқанынан бастап, агенттіктің ағымдағы қызметіне дейінгі аралықты қамтитын Қазақстанның ғарыш саласының даму жолын көрсететін арнайы фотокөрме, сондай-ақ Қазғарыштың қарамағындағы ұйымдардың жетістіктері мен қол жеткізген табыстарына арналған көрме ұйымдастырылды.

Бұдан басқа, конференция жұмысына қатысумен қоса, шетелдік қонақтарға ведомство қызметін таныстыру мақсатында Астанада салынып жатқан Ұлттық ғарыш орталығына бару мүмкіндігі берілген болатын, оның ішінде ертең Ақкөл қаласындағы Ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешеніне бару да жоспарланған.



Анықтамалық ақпарат:

1) 1994 жыл, 1 шілде – 4 қараша – тәуелсіз Қазақстан Республикасының ғарышкері Т.Мұсабаевтың борт инженері ретінде «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен ғарышқа алғашқы ұшуы. Т.Мұсабаев 126 тәуліктік ұшу уақытында жалпы ұзақтығы 11 сағат 7 минутқа ашық кеңістікке екі рет шықты. «МИР-НАСА» ресей-американ бағдарламасы мен «Полет-М» қазақстандық ғылыми бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеулердің, медициналық және техникалық эксперименттердің бағдарламасы орындалды.

2) 1998 жыл, 29 қаңтар – 25 тамыз –Т. Мұсабаевтың «Мир» орбиталық кешенінің және «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің халықаралық ресей-қазақстан-американ-француз экипажының командирі ретінде екінші ұшуы. 208 тәуліктік ұшу уақытында жалпы ұзақтығы 30 сағат 8 минутқа ашық кеңістікке бес рет шықты. «МИР-NASA» бағдарламасының, Еуропа ғарыш агенттігінің және қазақстандық «Полет-М2» бағдарламасының шеңберінде эксперименттер жүргізілді.

3) 2001 жыл, 28 сәуір – 6 мамыр – ғарышкер Т. Мұсабаевтың халықаралық ғарыш станциясына «Союз ТМ-32» және «Союз ТМ-31» кемесінің командирі ретінде үшінші ұшуы. Бұл ұшудың ерекшелігі – әлемде алғаш рет үшінші экипаж мүшесі ретінде ғарыш турисі – АҚШ азаматы Деннис Титоның ұшуы еді. Бұл ұшу ғарыш туризмінің бастауына жол ашты.

4) 2014 жыл, 28 сәуір – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-3» үшінші қазақстандық байланыс және хабар тарату спутнигі ұшырылды.

5) 2014 жыл, 30 сәуір – Француз Гвианасындағы «Куру» ғарыш айлағынан Жерді қашықтықтан зондтаудың кеңістіктегі қабілеті жоғары «KazEOSat-1» бірінші қазақстандық спутнигі ұшырылды;

6) 2014 жыл, 20 маусым – Орынбор облысындағы (Ресей) «Ясный» ұшыру базасынан «КazEOSat-2» Жерді қашықтықтан зондтаудың орташа қабілетті екінші қазақстандық спутнигі ұшырылды.


Қазғарыштың баспасөз қызметі

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет