Бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілі сөз тіркесін оқытуда коммуникативтік қҰзыреттілікті қалыптастырудың педагогикалық негіздері



бет1/2
Дата11.07.2024
өлшемі26.11 Kb.
#502930
  1   2
Мырзағалиева А. мақала


БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАЗАҚ ТІЛІ СӨЗ ТІРКЕСІН ОҚЫТУДА КОММУНИКАТИВТІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Мырзағалиева Айнұр


Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі

Бүгінгі таңда еліміздегі жалпы орта білім беру Тұжырымдамасында: «Қазақстан мектептеріндегі өзекті мәселелердің бірі өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын, айналасындағы шынайы өмірге белсенді қатынасын байқатып, оны жақсартуға ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты жеке тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы орынға шығады: креативтілік, белсенділік, әлеуметтілік жауапкершілік, ой-өрісінің кеңдігі, жоғары деңгейдегі сауаттылық, танымдық әрекетке қызығушылықтың арттырылуы» [1, б. 23], - деп ерекше аталып өткен. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын жас ұрпақтың бәсекелестікке бейімділігін дамытуда осындай заманауи талаптарға сай жетілдірілген білім беру жүйесінің бір бағыты – бастауыш мектеп сатысының тұлғалық-интеллектуалдық әлеуетін көтеруге басымдылық берудің орны ерекше. Сондықтан қазіргі уақытта бастауыш сыныбынан бастап оқушының бойында елжандылық рухтың, елдік сананың, дара тұлғалық біліктіліктердің іргетасы қаланатын бастауыш мектептегі оқу пәндерінің сапалық деңгейін көтеру міндеті өткір қойылып отыр.


Тәуелсіз еліміздің білім беру саласы дамудың жаңа сатысына көтеріліп отырған қазіргі уақытта әлемдік білім кеңістігіндегі жаңа тенденцияларды саралап алу, оқыту үдерісінде білім алушының тұлғалық қабілеттерін дамыту арқылы олардың өмірлік дағдыларын жетілдіруге басымдылық беруі, тұлғаның бойында құзыреттіліктерді қалыптастыруға ден қою отандық педагогика ғылымының алдына жоғары міндеттер қойып отыр. Оны шешу үшін білім сапасы мен тұлғаның сапалық көрсеткіштері арасындағы байланыстың негізін табу, оны жүзеге асырудың ұстанымдарын айқындау, жаңа технологиялық бағдарларын белгілеу, оқытудың әдіс-тәсілдерін жүйелеу қажеттігі туындауда. Жаңа талап жаңа ізденістер нәтижесінде отандық ізгі дәстүрлер мен әлемдік озық тәжірибелерді ұштастыру арқылы өзіндік жол табуды қажет етеді.
Өзінің жекепәндік мақсаты тұрғысынан да, жалпыпәндік қызметі жағынан да оқушының дүниетанымын, оның айналасындағы ортамен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Қазақ тілінің» оқу үдерісіндегі жетекші ролі күннен күнге артып келеді. Өйткені бұл пән – оқушының тыңдаған, естіген ақапарттарды түсініп қабылдау, оқығанынан ой түю, түйген ойларын басқалармен бөлісу, өзгелермен пікірлесу секілді қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастыратын, тұлғаның әлеуметтенуін жүзеге асыратын бірегей пән. Тіл оқушының өзгелерді тануына, өзін танытуға мүмкіндік береді. Тілсіз адамның биік нәтижелерге жетуі, рухани дамуы мүмкін емес. «Тіл арқылы оқушы дүние туралы білім алып, өз көзқарасын қалыптастырады, алдыңғы ұрпақтың өлшеусіз өмір тәжірибесін үйренеді, ұғым-түсінігін кеңейтеді., тек тіл арқылы көңіл-күйін, ішкі сезімін білдіруді үйренеді. Осының бәрі де қатысымдық сауаттылыққа, мәдениетке, құзыреттілікке келіп саяды» [2, б. 3].
Бүгінгі күн талабы тұрғысынан қарағанда, оқушылардың қатысымдық, ақпараттық, мәдени-танымдық және проблеманы шешу құзыреттіліктерін меңгеру арқылы қалыптасатын функционалдық сауаттылығы білім берудің түпкі нәтижесі болып отыр. Ол оқушы меңгеретін білімнің практикалық, қолданбалық сипатын арттыру жолымен жүзеге асады. Ал, оқушы сауаттылығының негізі бастауыш сыныптан қалыптасатыны сөзсіз. Оған осы сатыда оқытылатын барлық пәндер бірдей, өзара бірлікте атсалысады. Дегенмен, оқушының жоғарыда аталған құзыреттіліктерін қалыптастыруда «Әліппе», «Қазақ тілі» пәндерінің атқаратын қызметі бөлекше. Мектептің бастауыш сатысындағы «Қазақ тілі» пәні бойынша білім берудің мақсаты – оқушының қатысымдық сауаттылығын қалыптастыру: тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым, тілдесім дағдыларын меңгерту. Мұнда оқушының келесі негізгі мектеп сатысында теориялық терең білім алуы мен мәдениетті қатысымға қажетті әдеби тіл нормаларын меңгеруіне керекті дағдылар игертіледі. Олай болса, бастауыш сатыдағы күтілетін білім нәтижесі оқушының сауаттылық мәдениеті деп белгіленеді. Сол себепті сауаттылыққа ерекше ден қойылады. Бастауыштағы пәндер бүтін мәдениеттің бөлшегі ретінде меңгертіледі. Мәселен, қазақ тілі пәнінде ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа қажетті орфографиялық, орфоэпиялық дағдыларды дамытуға басымдылық беріледі, ауызша сөйлеу, жазу сауаттылығын қалыптастыру міндеті қойылуы тиіс. Сол себепті сөз тіркесін оқытудың да түпкі нәтижесі оқушыға қатысымдық құзыреттіліктерді меңгерту бағытында олардың сөйлеу әдебі мен мәдениетін дамыту болып саналады.
Егер «тілдің тіршілігі, дамуы оның қатынас құралы болу қызметіне байланысты болса, тілді адам өзін қоршаған қауымынан, өмірден үйренеді» [3, б. 21]. Демек, тіл қарым-қатынас болған жерде ғана өмір сүреді. Тілдің ең басты қызметі – қатысымдық қызметі. Яғни, тіл – қатысымдық бірліктерден құралған крделі құбылыс. Сондықтан ғалымдар «тіл қоғамдық, сондықтан әлеуметтік құбылысқа жатады. Мұнда адамдар қауымдастығының жинаған білімі мен тәжірибесі жатыр. Сондықтан тіл – адамдардың бір бірімен қарым-қатынасқа түсуінде маңызды рөл атқарады. Бұл мәселе де білім алушының қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруда, алдымен, тілдік құзыреттіліктерге ден қою қажет», - дейді [4, б. 57].
Білім беру дерісінде қалыптасқан қағида бойынша оқыту мен оқушыны дамыту үнемі біртұтастықта қаралып отыруы тиіс. Бұл талап мемлекеттік идеология мен білім беру саласының арасындағы өзара сабақтастыққа қарай жетілдіріліп отырады. Оқытуды жаңарту жағдайында білім мен талаптың бірлігі туралы Ж.Аймауытовтың мына пікірінің құндылығы жоғары. Ғалым баланың өз ортасында қалыптасып дамитынын айта отырып: «Тәртіп пен оқыту жақындасып айқасу керек. Жақсылықтың не екенін білу аз, жақсы істі ете алатын ерлік керек. Бұл - оқыту мен тәртіптің істері. Бала әлеуметтік рухында тәрбиеленуі керек. Шәкірт көңілі соққан нәрсеге емес, істеуге міндетті нәрсеге үйретілуі керек. Ол мектеп ережесін құрметтей біліп, әлеумет, мемлекет тілегіне өз тілегін бағындырып үйрену керек», - дейді [5, б. 34]. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларына сөз тіркесін оқыту үдерісінде олардың қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық негіздерін айқындауда да еліміздің білім беру жүйесіне қойылып отырған талаптар үнемі назарда болады.
Бастауыш мектептегі қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін жан-жақты зерделеген ғалым С.Рахметова қазақ тілі сабақтарында қолданылатын оқу мәтіндерінің оқушыларды тәрбиелеудегі міндеттерін жан-жақты таратып көрсетеді:

  • Идеялық-саяси, адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру;

  • Дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру;

  • Балаларды, жас өспірімдер мен үлкендердің үлгілі, ерлік істерімен, еңбектерімен таныстыру арқылы қоғам игілігіне адал ниетпен еңбек етуге, адамгершілікке, бір-бірін сыйлаушылыққа, адалдық пен шыншылдыққа, кішіпейіл болуға тәрбиелеу;

  • Отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты жайлы материалдармен танысу арқылы табиғатта кездесетін өзгерістер мен құбылыстарды байқай біліп, теңдесі жоқ сұлулық пен көркемдікті бағалай білуге, елін, жерін қадір тұтып, сүюге тәрбиелеу;

  • Балалардың алған білімдері мен оқу дағдыларын, шеберліктерін жетілдіру, тілін онан ары дамыта түсу;

  • Халықтардың бостандық, бейбітшілік үшін жүргізген қаһармандық күрестерімен таныстыра отырып, отанды сүю, бейбітшілік пен халықтар достығы рухында қалыптастыру;

  • Саналы тәртіпке, дұрыс мінез-құлық нормаларына үйрету;

  • Еңбекке қызығуға, еңбекқорлыққа тәрбиелеу» [6, б. 24].

Демек, бастауыш мектепте қазақ тілі сабақтарында сөз тіркестерін оқыту үдерісі әрі тіл туралы білім беруге, әрі оқушылардың адамгершілік, инабаттылық, эстетикалық, отаншылдық және т.б. қасиеттерін дамытуға бағыттала жүргізіледі. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында сөз тіркестерін оқыту арқылы оқушылардың қатысымдық құзыреттілігін меңгерту жұмыстарының мақсаты білім мен тәрбиенің бірлігіне сүйеніп, түпкі нәтижеде оқушының әртүрлі қабілеттерін мақсатты түрде дамытудан тыс бола алмайды.
Бұл мақсатқа жету үшін сөз тіркесін оқытуда төмендегі бағыттар бойынша жаттығу жұмыстары мен тапсырмалар орындату тиімді:
1. Оқушылардың танымдық ойлау қабілеттерін арттыру бойынша:
а) сөз тіркестері туралы ақпараттарды өз сөзімен түсіндірту, қарапайым кестелер құрату;
б) сөз тіркестерін басқа тілдік және қатысымдық бірліктермен, атап айтқанда, тұрақты тіркестермен, атаулы сөздермен, күрделі сөздермен салыстырту;
в) нақыл сөздерді, шешендік сөздердегі сөз тіркестерін талдата отырып, оқушылардың сөз мәдениеті, ұтқыр сөйлеу, мәнді сөйлеу туралы түсініктерін жетілдіру.
2. Оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту бойынша:
а) сөз тіркестерімен байланысты ережелерді қолдандыру мақсатында түрлі логикалық тапсырмалар, интеллектуалды ойындар ұйымдастыру;
б) ғылыми пайымдау қабілеттеріне қажетті қарапайым ойлау, ой қорыту дағдыларын дамыту үшін қарапайым жоба жұмыстарын орындату;
в) тақырып бойынша ақпараттар іздеу, табу, одан өзіне қажеттісін талғап алуға баулу арқылы зерттеу жұмыстарының әліппесін игерту.
3. Оқу материалдары арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту бойынша:
а) тілі жеңіл, мазмұны қызықты тақпақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштарға сүйеніп, қалаған сөз тіркестерін қолданып, өздігінен өлең шумақтарын құрауға үйрету;
б) тосын сөз тіркестерін қолданып, шағын мәтіндер құрату;
в) ұсынылған тақырыптар бойынша нақты сөз тіркестерінің негізінде әңгіме айтқызу, қызықты жағдаяттарға диалог құрғызу.
Жоғарыда аталған жұмыстарды орындату үдерісінде бастауыш сынып оқушысының білімі тереңдейді, теориялық материалды саналы ұғынады да, сол білімді практикалық тұрғыдан өз бетінше қолдануға төселеді. Мысалы, сөз тіркестерімен байланысты ережелерді қолдандыру мақсатында әртүрлі логикалық тапсырмалар іріктеліп алынып, олар оқушының өз пікірін айту, серігінің сұрақтарына жауап беру, оған сұрақ қою, пікірлерін талдау және т.б. дағдылары жетіледі. Ал, мұғалім шебер ұйымдастырған жағдайда интеллектуалды ойындар бала тілін дамытуда ерекше рөл атқарады. Ал шығармашылық жұмыстардың қай қайсысы да баланың сөйлеу тілін дамытуда, сөйлесім қабілеттерін арттыруда баға жетпес жұмыстар болып саналады. Ұсынылған тақырыптар бойынша нақты сөз тіркестерінің негізінде әңгіме айтқызу, қызықты жағдаяттарға диалог құрғызу соның білім мен тәрбиені ұштастырудағы басты әдістер деп саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет