http://www.egemen.kz/2013/02/01/357145/
Жұма, 1 ақпан, 2013
Бекіре акватехнология бойынша өсіріледі
Бүгінде дәмі тіл үйірген бекіре балығы мен уылдырығы, оның бал татыған сорпасы өзге өңірді айтпағанда Жайық өзенінің жағасында қоныстанған тұрғындардың да тек түстеріне кіретін болды. Өйткені, мұндағы бекіре тұқымдас балық түрлері мүлдем құрып кетудің, сөйтіп, қызыл кітапқа кірудің аз-ақ алдында тұр. Оның себептерін тізбелесек әңгімемізді ұзартып алармыз. Айтайын дегеніміз, бүгінгі басты міндет – күннен-күнге жоғалып бара жатқан осы бекіре балығы түрлерін сақтап қалу болып отыр.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университеті ғылыми-зерттеу орталығы мен «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» АҚ бірлесіп әзірлеген инновациялық жоба осы көкейкесті мәселенің шешімін табуға арналған. Осыған орай бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің акватехнологиясын іске асыру көзделген. Сондай-ақ, аталған акважоба бүгінгі қолдағы бар мүмкіндіктер мен жағдайларға сәйкес айтарлықтай орасан зор шығын шығармайтын тиімді технологияға негізделген. Инновациялық жобаны толық жүзеге асыру мерзімі екі кезеңнен тұрады.
Бүгінде оның бірінші кезеңі аяқталды деуге толық негіз бар. Соған сай аталған университет базасында аквамәдени ғылыми-зерттеу зертханасы ғимараты бой көтерді. Бұған қоса өндірістік-тәжірибелік нысан құрылысы да мәреге жетті. Бұл іске «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі 900 миллион теңге көлемінде инвестиция бөлді. Мұнда бекіре балығының бағалы түрлері, оны жабық кешен жағдайында өсіріп, көбейтудің жолдары зерттелмек. Екінші кезеңге сай бүгінгі күні зауыт құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу ісі де аяқталды. Ендігі жерде бұған дейін қабылданған үкімет қаулысына сай осы құрылысты бастау жөніндегі міндет тұр. Қазір бұған қажетті қаражат мәселелерін шешумен жобаның операторы «Парасат» ұлттық холдингі» АҚ айналысуда.
Жайық өзенінің орта ағысы тұсындағы Орал қаласында салынатын тұйық жүйелі су кешенінің өзге балық өсіретін зауыттардан айырмашылығы – шабақтар уылдырықтан алынады. Осы тәсіл арқылы тауарлы қара уылдырық пен бекіре балығы еті өндіріледі. Ихтиолог-ғалымдардың мәлімдеуінше, өзге емес, нақ осы бекіре балығы табиғи ортамен салыстырғанда жабық кешенде екі есе жылдам өседі екен. Жоба ғылыми негізде іске асатындықтан өнімнің сапасы да жоғары болады, дейді жобаның жетекшісі, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Нұрлан Серғалиев.
Кешенде өсірілген шабақтардың белгілі бір бөлігін қажетті салмақ қосқаннан кейін Жайыққа жіберу белгіленген. Сонда олар судағы жыртқыш балықтарға жем болмай өсіп-өнеді. Сонымен бірге, мұндай қадам Жайық өзені маңында қалыптасқан экологиялық түйткілдерді реттеуге, ондағы балық қорының көбеюіне ықпал етеді, дейді университеттің ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері.
Мұндағы мамандармен әңгімелесіп, ой-пікір алысқан кезде акватехнология бойынша жылына 8 тонна қара уылдырық және 65 тонна бекіренің етін өндіруге болатынын білдік. Аталған жоғары оқу орны ихтиолог мамандарды өздері әзірлейді. Сондықтан, өндірістік тәжірибелік орталықта кадр тапшылығы болады деуге ешқандай негіз жоқ. Ал өнімді өткізу мәселесіне келсек, еш кідіріс болмайтыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Өйткені, бекіре балығы мен оның уылдырығына деген сұраныс қай кезде де бәсеңдемей келеді. Алдағы уақытта да дәл осылай болатыны айдан анық. Уақыты келгенде зауытта өндірілген өнімге қойылатын баға «қара базардағыдан» төмен болатынына да күмән келтіру қиын. Айталық, қазір Оралға Атыраудан жеткізіліп, жасырын жолмен сатылатын қара уылдырықтың мың грамы 150 мың теңге шамасында болса, қызыл балық етінің әр килосы 4-5 мың теңгенің төңірегінде.
Түйіп айтқанда, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен «Парасат» ұлттық холдингі бірлесіп қолға алған акважобаға баға жетпейді. Бұл – расында да, елімізде баламасы жоқ, айрықша, ерекше жоба. Ең бастысы, жоғарыда айтылғандай, бұл бағыт Жайық өзені бассейніндегі бүгінгі күрделі жағдайлардың шешімі табылуына, мұндағы бекіре тұқымдас балық түрлерінің сақталып қалуына септігін тигізе алады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Достарыңызбен бөлісу: |