13.12.2012 13:01 oraloniri Общество Орал өңірі
Оралда тауарлық қара уылдырық пен бекіре балығы еті өндірілетін болды. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдинг» АҚ-мен біріге отырып, «Бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің аквамәдени технологиясын дайындау және құрал-жабдықтарды жасау» жөніндегі инновациялық жобаны іске асыруда.
Алдымен университет базасында өндірістік-тәжірибелік участок ғимараты салынады. Бұған «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» АҚ 900 млн. теңге инвестиция бөлді. Нысанның құрылысы биылғы маусым айында басталды және ол жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарланған. Бұл участокта балықтың бағалы түрлері өсіріледі, зерттеледі. Ал зауыттың құрылысы келесі жылдан басталады. Қазір оның жобалық-сметалық жобасы жасалуда.
Жайық жағасындағы елді мекендердің тұрғындары 25-30 жыл бұрын бекіре балығын аулап, дастарқаннан оның уылдырығы мен бал татыған сорпасын үзбейтін. Табиғатта түпсіз, мәңгілік ештеңе жоқтығын ескермей, есепсіз аулау мен экологиялық өзгерістердің салдарынан қымбатқа бағаланатын балық түрі азайып, Қызыл кітапқа енді. Өзен жағалай қонған ел-жұрт бүгінде Жайықтан қызыл балықты емге таппай отыр. Өзге де балық түрлерінің жағдайы мәз емес.
Оралда салынатын тұйық жүйелі су кешенінің өзге балық өсіретін зауыттардан басты айырмашылығы, мұнда шабақтар уылдырықтан алынбақ. Соны өсіру арқылы тауарлық өнім алу жоспарланған. Ғалымдардың айтуынша, бекіре табиғи ортамен салыстырғанда жабық кешенде екі есе жылдам өседі. Жоба ғылыми негізде жүзеге асырылатындықтан, өнімнің сапасы да жоғары болмақ. Кешенде өсірілген шабақтардың 10-15%-ын салмағы 150-250 грамм тартқанша өсіріп, жыл сайын Жайыққа жіберетін болады. Сонда олар судағы жыртқыш балықтарға жем болмай, өсіп-өнеді. «Мұндай шара өз кезегінде өңірдегі экологиялық түйткілді шешуге, Жайықтағы балық қорының ұлғаюына оң ықпал етеді», - дейді университет ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері. Олар жеті жыл бұрын ыңғайластырылған орында бекіре тұқымды балық өсіру жұмыстарын қолға алып, жолға қойған. Орталықтың директоры Нұрлан Серғалиев Ресей, Голландия, Германия елдерінде болып, балық өсіру шаруашылықтарының жұмыстарымен жете танысып, тәжірибе жинақтаған. Сөйтіп, үйренгенін, көргенін Оралда іске асыруға тырысты. Бүгінде олар тауарлық бекіре балығын өсіру және одан қара уылдырық алу жобасын іске асыруға қол жеткізді. Өткен жылы зауыт құрылысын бастау жөнінде Үкіметтің қаулысы шығып, жобаның операторы болып «Парасат» холдингі белгіленді.
Жобада балық өсірудің тиімділігін арттыруға қатысты жергілікті ғалымдардың ғылыми жобалары пайдаланылады. Неміс мамандарымен бірге жергілікті жағдайға икемделген сметалық-жобалық құжаттамалары жасалуда. Аквамәдениет зауытында жылына
8 тонна қара уылдырық, 65 тонна бекіренің еті өндірілетін болады. Университетте ихтиолог-мамандар даярланады, сондықтан өндірістік-тәжірибелік участок пен зауытта кадр тапшылығы болмайды. Содан соң өнім өткізуде еш қиналыс болмайтыны тағы аян. Қазір облыс аумағына қара уылдырық пен қызыл балық еті көршілес Атыраудан әкелінеді. Негізінен базарларда ғана сатылады. Бірақ оларды сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Өйткені қара уылдырықтың келісінің бағасы 140-150 мың теңге шамасында болса, қызыл балық етінің келісі 4-5 мың теңге төңірегінде.
- Елбасымыз айтып жүргендей, ғылым өндірісті, елімізді индустриаландыруға қызмет етуі тиіс. Бұл университеттің ғылыми-зерттеу орталығының бірінші жобасы, одан кейінгі кезекте құрылыс материалдарын өндіруге, ауыл шаруашылығы малының битехнологиясына (эмбрионды трансплантациялау) қатысты өзге де тартымды жобаларымыз бар. Таяуда Гарвард университетінен келген профессор еліміздегі ғылымға жасалып жатқан қамқорлық жайында: «Сіздерде ғылым саласында «тыныш» революция жүріп жатыр екен», - деп сүйсінді. Қазір кез келген ғалым, университет жобаны қаржыландыру үшін мемлекеттік грантқа тапсырыс бере алады. Бұрынғыдай субъективтік фактордың әсері жоқ. Бүгінде университет бойынша 36 жобаға 200 млн. теңге шамасындағы мемлекеттік грант қаржысы бөлінген, - дейді Нұрлан Серғалиев бізбен әңгімесінде.
Аквамәдени орталықта сазан балықтың түрлері көбейтіліп, өсірілуде. Жыл сайын өсірілген балықтың миллион жарымы Жайыққа, су қоймаларына жіберіледі. Биыл «Каркула» шаруа қожалығының пайдаланымындағы су қоймасына 500 мыңға тарта сазан (карп) жіберілді. Аква орталықта бекіре балығының жойылып бара жатқан түрлерін сақтап қалуға көңіл бөлінген. Онда орыс бекіресі, сібір бекіресі, пілмай бекіресінің жас шабақтары, бестер және өзге де жергілікті балық түрлері өсірілуде. Бұлардың бірқатары Англиядан, Германиядан, көршілес Ресейден әкелінген.
- Неміс мамандарымен құрал-жабдық, технологиялық шешімдер бойынша жұмыстанудамыз. Бірақ негізгі биологиялық міндет тұрғысынан өз еліміздің ғалымдарының әлеуеті күшті. Жұрттың көбі Еуропа дамыған, өркениетті десіп жатады. Негізі бұлай деу дұрыс емес, тек әр елдің техникалық дамуы, ғылыми әлеуеті түрлі деңгейде, - дейді Нұрлан Серғалиев.
Бүгінде республикадағы өзге оқу орындарының өкілдері де ат арытып келіп, БҚАТУ-дың жобасымен танысуда. Ғылыми-зерттеу орталығының зертханаларына аса қымбат тұратын құрал-жабдықтар алынған. Мұнда балықтарды өсіру жұмыстарына байланысты зерттеулер, ДНК негізінде селекциялық жұмыстар осы заманауи жабдықтар көмегімен жасалады.
Биыл екі жігіт Ресейдің Новосібір мен Самара қалаларында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Жастарды ғылымға тартып, жөн сілтеп жүрген Нұрлан Серғалиев өз қарамағындағы 37 маман жөнінде: «Олардың ішіндегі ең үлкені - менмін, өзге 37-сі жас ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейді», - дейді. Онысы шындық, алайда сондай білімпаз, жан-жақты ұжымға басшылық етіп отырған өзі де осал емес. Мәскеудің Тимирязев академиясын қызыл дипломға бітіріп, аспирантурада оқып, сонда кандидаттығын қорғады. Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институтын Оралдың университетіне айырбастады. Ректораттың қолдауымен аква мәдениет орталығының жұмысын жолға қойды. Енді, міне, жаңа жобаны іске асыру жолында тынымсыз еңбектеніп жүр.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
Достарыңызбен бөлісу: |