Белоруссиядан берлинге дейін



Дата01.07.2016
өлшемі432 Kb.
#169903

БЕЛОРУССИЯДАН БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН


Өзіңнің бауырларың мен өзіңнің Отаныңды қорғап немесе тіпті өз Отаныңның мүддесін қорғап, өміріңді құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ” дейді орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский. Сол айтқандай, өткен ғасырда батыстан төнген неміс басқыншыларымен болған Ұлы Отан соғысында қаншама адам өз жанын пида етіп, майданға аттанды. Солардың қатарында мың­даған қазақстандықтардың бол­ғаны да тарихтан белгілі. Әсі­ресе, сол соғыста елін, же­рін жаудан қорғауға аттанып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қа­зақ азаматтары аз болған жоқ. Олардың көбі сол алапат со­ғыста қыршын кетті. Аман қал­ғандарының өзі түрлі жарақат алып, соғыстың зардабын кәдім­гідей-ақ тартып өтті. Осындай ау­ыртпалықты жерлесіміз бүгінде тоқсанның төріне шыққан Жең­сікбай Нәлібаев ақсақал да бастан өткерді. Жаумен болған шайқаста ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңіспен елге оралған Жеңсікбай ақсақал бейбіт өмірде де халық шаруашылығын өркендетуге де үлес қосты. Өмірдің небір ащысы мен тәттісін көрген ақсақал біз­бен болған әңгімесінде өзінің өмірі жайлы былайша тарқатып ай­тып берген еді.

Атасы Құтымбеттен әкесі Нә­лібай мен оның інісі Тәжібай та­раса, әкесі Нәлібайдан Таңсық­бай және Жеңсікбай туады. Жи­ыр­масыншы ғасырдың ең ала­пат қырғыны екінші дүние­жү­зілік соғыс басталғанда бұл он жетідегі бозбала еді. 1942 жылдың күзінде, әскерге ша­қы­рып, Алматыда үш ай қыс әс­кери училищеде дайындықтан өт­кізеді. Сол жерде “сержант” ше­нін алады. Соғыстың қызып тұр­ған шағы. Алматыдан жорыққа аттанған халықтың санында шек жоқ. Күніне 4-5 эшелон толы сол­даттар кетіп жатыр. Бұлар мінген эшелонға “Орынбор-Таш­кен” темір жолында жол бо­самай, батысқа Сібір темір жо­лы бағытымен Новосибирск ар­қылы аттанды. Бір вагонда 47 адам. Көбісі 19 бен 25 жас ара­лығындағы жастар.

– 1943 жылдың наурызында 138 атқыштар полкі құрамында Мәс­кеуден өтіп, 3-Беларусь май­данына келіп түстік. Қолбас­шы­мыз Малиновский. Радиодан кө­семіміз Сталиннің даусын алғаш сол жерде естідім. Ол әскерлерге рух беріп, ел үшін, Отан үшін жан аямай соғысу кеңес әскерлерінің борышы екендігін айтып, жауды жеңеміз деп жауынгерлерге жігер беріп тұр екен. Сол келген күннің түнінде соғысқа кірдік. Кімнің кім екенін танып болғыссыз қараңғы. Әйтеуір, ұран, айқаймен алға ба­сып, жүгіріп келеміз. Таң қылаң бере, бір қаланың шетіне аяқ ілік­тірдік. Сәл тыныстаған әскер қайтадан жөңкіле, алға ұмтылды. Жүгіріп келеміз. Соңымда бір жас баланың еңкілдеп жылап “Кө­ке, біз өзі қайда бара жатыр­мыз?” – дегені. Қарасам, кішкен­тай қазақ баласы, иығында мыл­тық, дүмбісі жер сызып жүр. Бай­қаймын, шамасы он төрт-он бес жасар бала. Семейдікі екен, шешесі комсомол қатарына ер­терек өткіземін деп құжатына екі жас қосқызған болып шықты. Ар­тынша соғыс басталып, әс­кер­ге алыныпты. Әудем жерге ыс­қырып келіп жарылған снаряд жарықшағы тиіп, байғұс бала тіл тартпай кетті. Еліне хат жаздым. Сол соғыста адам көп қырылды. Үстіңнен себіліп жатқан пулемет оғынан өліктерді қалқан етіп қорғандық, – дейді кешегі сұра­пыл күнді көз алдынан қайта өткізген қария.

Соғыстағы ең қиын сәт Днепр­ден өту болды. Осы өзеннен өте­міз деп біраз адам қырылды. Ар­тынша тягач деген танкінің бір тү­рі өзен үстіне келіп, тұра-тұра қалды да соған мінгені мініп, қал­ғаны сал жасап, арғы бетке түн ортасында әупірімдеп өтті.

Днепрден өтіп, жауды ба­тыс­қа тықсырып бара жатқа­ны­мызға бірнеше айдың жүзі бол­ған. Қай жер екені дәл есім­де жоқ, Еуропаның бір елін­де­міз. Блиндажда жатқан бізге түн­­де ілгері басуға команда бе­рілді. Қалың орман ішінде бір батальон солдат келеміз. Ай жарық болғанымен орман іші ала көлеңке. Бір кезде арты­мыз­дан “тоқтаңдар” деген бұйрық бе­рілді. Алдымызға қарасақ, қапта­ған неміс қаумалап келіп қалған екен. Жанымдағы үлкен қарағайға жабысып тұра қалдым. Немістер байқамай жанымнан өтіп кетті. Кеткеннен кейін артыма қарасам, біздің адамдардың ешқайсысы жоқ. Ауыр пулеметтерді бей-берекет тастап қашып кетіпті. Өз пулеметімнің затворын алып, біз­дің шептің окобына келіп құ­ладым. Әлгі қашып кеткен жі­гіт­тердің барлығы осы жерде екен. Содан генерал шақырды. Мен болған жайды бастан аяқ айтып, өзімнің қаруды жалғыз жеткізуге шамам келмеген соң затворын алып келгенімді айттым. Олар кі­тапшаны ашып, мен әкелген зат­вордың нөмірін тексерді. Сөзімнің ақи­қаты дәлелденді.

Менен кейінгі кезек батальон ко­мандиріне келді. «Шегінуге кім бұй­рық берді? Неге қаруларды тастап кеттің?» – деген сұрақтарға жауап бере алмаған оны, сол жерде табанда атып тастады. Маған «екі сағатта пу­леметтерді тауып әкелесің» деген бұй­рық берілді. Блиндажға келіп, мұндағы жігіттерге болған жайды жеткізіп, тастап кеткен қаруларды қалай да алып келу керек екендігін айттым. Барсақ қарулар жоқ. Келіп командирге айттым, ол “ертең сөй­ле­семіз, боссың” деді. Енді мені де ата­ды деп көз ілмей жатырмын. Таң ата окоптан шығып немістер жаққа қарадым. Мүлгіген тыныштық, еш­кім көрінбейді. Сәл отырып, тағы қа­рағаным сол белімнен тартқан сол­даттың “өлдің сорлы” дегені. Сөйт­сем, көкірегімнен оқ тиіпті. Үс­тім қызыл ала қан. Алты күн сан­частьта жатып, жетінші күні қай­та соғысқа кірдім. Бұл бірінші жа­ра­лануым еді. Екінші рет неміс же­рінде бомба жарықшағынан аяқтан жараландым. Адамның жаны сірі екенін сонда көрдім. Жараланып ар­бада жатырмын, үлкен жолмен жү­ріп келеміз. Сол жолдың жиегінде арқасында жол қапшығы бар екі аяқ, екі қолдан жұрдай, тірі неміс жатыр. Тісімен арқасындағы қапшықтың аузын ашқысы келеді. Сірә, ішінде нан бар-ау деймін, қарны ашып, соны жегісі келіп жатқан сияқты…

Ардагердің естелігінен сонау бір сұрапыл жылдар суреті кино­лен­тадай сырғып өтіп жатыр. 1945 жыл да келді. Тамақ бірде бар, бірде жоқ. Германияға қалай кір­ді, солай тамаққа тойынды. Бер­линге жақындап қалған кезде әс­кер­ге “тоқтаңдар” деген бұйрық бе­рілді. Сөйтсе, соғыс бітіпті. Он күн­нен кейін “Жапонияға қарсы со­ғысқа аттанамыз” деген хабар жет­ті. Белоруссияның астанасы Мин­с­кіге дейін жаяу барып, сол жерден эшелонға отырып, Жапо­нияға жүресіңдер деген тапсырма түсті. Ендігі бағыт Минск қаласы. Тоқтаусыз тартып келеді. Польшаға келгенде қатты науқастанып қал­ған Жеңсікбайдың қасына бір лей­тенантты қалдырып, сол жердегі бір госпитальға тастап кетті. Поль­шаның дәрігерлері тамағына опера­ция жасап, мұны әурелеген баспаны алып тастайды. Дәрігерлердің Орта Азия халықтары жайлы хабары аз екен. Содан түр­кістандықпын де­гені сол, бірден та­нитын болды. По­льшалықтардың де­ні кеңес әскер­лерін қуанышпен қар­сы ала қойған жоқ. Қайта қастандық жасап, реті келсе, жалғыз жарым солдаттарды өлтіріп кетіп жатты.

– Содан Польша емханасынан шы­ғып, қайтадан Германияға ке­ліп, әскери комендатурада екі ай кү­зетте болдым. Сол жерде күзет қыз­метінен 17 адам, ішінде мен де бармын, іріктеп алып Нюрнберг қа­ласының шығысындағы үлкен тас жолдың жанындағы 1-ші нөмірлі 27 мың адамдық концлагерге алып келді. Бұрын адам қамалған ла­герде біз келгенде ешкім жоқ екен. Бәрімізді осы жерге тастап кетті. Ішіміздегі лейтенант лагермен та­ныс­тырып жүр. Ол 10-15 гектар жер­дің аумағын алып жатыр. Ішінде адам қамайтын 17 барак бар. Содан бізге басшылыққа майор Садиков де­ген орыс пен капитан Нұржанов де­ген қазақ келді. Әлгі капитан қазақ екеуміз бір бөлмеге жайғастық, – дей­ді ақсақал.

Бір күні күзге салым қазан айы болса керек, майор Садиков “тұт­қындар келеді, соларды қабыл­дай­мыз” деді. Сол қыс ортасына жет­пей лагерь неміс тұтқындарымен тол­ды. Тұтқындар арасында әске­ри офицерлер мен немістің бай ку­лактары көп еді. Алғашқыда олар­дың жағдайы жаман болған жоқ. Сол қыста аптасына 40-қа дейін тұт­қын жантәсілім етіп, әлгі орға тас­талып, өртеліп жатты. Кейін олар­ды тамақтан қысты. Ақыры лаге­рьдегілердің барлығы аштан өлді.

Кезінде немістердің тұтқынын­да болған біраз кеңес солдаттары сат­қын деген айыптан қорқып, Анг­лияға өтіп кетіпті. Кейін сол жақтан келген өзіміздің адамдарды қайта қабылдап, оларға үкімет тарапынан ешқандай қысым жасалмайтынын айтып, эшелонға тиеп елге жібердік. Сол адамдардың ішінен бұрынғы тұтқын қазақтарды кездес­тірдім. Олар Мұстафа Шоқай жайлы біраз әңгімелер айтты. Көптеген мұсыл­мандар сол кісінің арқасында аман қалыпты. Әлгі қазақтар «бізді қайда жібересіңдер? Шындығын айт» – дейді. Мен оларға “ештеңе білмей­мін” деп жауап бердім. Олар маған қарап қайта-қайта бастарын шайқап кетіп қалды. Сөйтсек сол қазақтар Англияға қайта өтіп кетіпті.

Екі жыл Германияда болып, та­лай нәрселерді көрген ақсақал аме­рикалық солдаттармен де дәм-тұздас болыпты. Метроға аңдаусызда мі­ніп, Франциядан атып шыққаны да бар адасып жүріп. Сол Еуропадан 1947 жылы ақпанда елге оралды. Елге келген соң жұрт қатарлы егін егіп, мал бақты. 1947 жылы дәм-тұзы жарасып Әзиза Егенова есімді анамызбен отау құрды. Мұнан кейін жиырма жыл қой бақты. Сөйтіп мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты. Әрі оның небір ыстық-суы­ғын бастан өткерді. Әсіресе, төрт түліктің ішінде қой малын бағып күту оңай еместігі бесенеден белгілі. Жылдың қыс мезгілінде “Қалмен тамын” қыстап, жаз Сарысу бойын жайлады. Ал 1967 жылдан бастап қолына кетпенін алып, егін егуге шықты. Сөйтіп, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевпен бірге күріш егіп, сол кісінің звеносында үш жыл жұмыс жасады. Күш атасы атанған Қажымұқанды да көріп, онымен дәмдес болғаны бар. Бұл жай­ында Жеңсікбай ақсақалдың бы­лайша еске алады.

– Соғыстан кейін Шиеліге Қа­жы­мұқан келеді. Сонда колхоз бас­­ты­ғы темір жолдың арғы бетін­дегі Ақбалтан деген әйелдің үйі­не палуан түсті, “соған екі мес қымыз жеткіз” дегені. Бардым, әлгі әйел екеуміз месті көтеріп, ішке кіргізгенде көргенім палуан анау айтқандай үлкен емес домалақ қара кісі екен. Содан амандасып, жөн сұ­расып, қасында біраз отырдым. Көз алдымда бір керсен қымызды тау­ысты.

Иә, өмір зулап өте шығыпты. Ке­шегі күндер бүгін адам айтса нан­ғысыз ертегі сияқты. Бір әулеттен соғысқа аттанған екеуі де құдай сақтап елге аман-есен оралыпты. Мар­құм ағасы Таңсықбай да соғыс­тың басынан аяғына дейін қатысып, дін аман елге келді.

Иә, жиырмасыншы ғасырдың ала­­пат соғысын бастан өткерген Жең­­сікбай ақсақалдың өмір жолы осындай. Жаумен болған қиян-кес­кі шайқастарда көрсеткен оның ер­лігі ескерусіз қалған да жоқ. Сол ерлігі үшін оның алған орден, меда­ль­дарын тізбектеп шығудың өзі мүм­кін емес. Бейбіт өмірдегі еңбегі де лайықты марапатталғаны өзінше бір бөлек.



“Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба” дей­ді қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы. Сол айтқандай, елін жаудан қорғауда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Жеңсікбай Нәлібаев ақса­қал халық шаруашылығын дамытуға да зор еңбек сіңірді. Сонымен қатар ол кісі бүгінде үлкен отбасының ота­ғасы атанып отыр. Отанасы Әзи­за анамыз өмірге он бір баланы дү­ниеге әкелді. Бүгінде олар сол ұл­дарын ұяға, қыздарын қияға қон­ды­рып, не­мере-шөбере сүйіп, ұла­ғат­ты отбасы атанып отырған жайы бар. Өмірдің небір қиын-қыс­тау ке­зеңдерін бастан өткерген ақ­са­қал қазіргі өміріне шүкіршілік ете­ді. Жалпы Ұлы Отан соғысын Бело­руссиядан бастап Берлинде аяқтаған Жеңсікбай ақсақалдың жеңіс жолы осылай өрнектеледі.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет