Бержанова жанар зайдулдаевна



бет1/2
Дата09.06.2016
өлшемі342.5 Kb.
#125441
  1   2


ӘӨЖ37.01.:371.8:34:008 Қолжазба құқығында

БЕРЖАНОВА ЖАНАР ЗАЙДУЛДАЕВНА


Сыныптан тыс тәрбие жұмыстары негізінде

оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру

6М010300 – Педагогика және психология

мамандығы бойынша білім магистрі академиялық дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация жұмысының

РЕФЕРАТЫ

Қызылорда,2012ж.

Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті музыка-педагогикалық факультетінің «Педагогика» кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі:

педагогика ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор А.Б.Табулова






















Ресми оппонент:

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Р.Н.Наурызбаева






Магистрлік диссертация 2012 жылдың «___» маусымында сағат ____ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемелекеттік университетінің (мекен-жайы: 120014, Қызылорда қаласы, Төле би, 36 А, №7 оқу ғимараты, Музыка-педагогикалық факультеті, №____ дәрісхана) диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.

КІРІСПЕ
Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста сыныптан тыс тәрбие жұмыстары негізінде оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі тұтастай зерттелініп отыр. Жастардың әлеуметтенуі, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда құқықтық тәрбие мен білімнің орны, олардығ сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында пайдалану ерекшеліктері, Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының кейбір өзекті мәселелері қарастырылады.

Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі заман адамдарға жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді, себебі Қазақстанның даму деңгейі қоғам өмірінің барлық саласына терең өзгерістер енгізуде. Елеулі өзгерістердің бірі — демократиялық-құқықтық мемлекет құру. Сол себептен қазіргі заман адамы сана-сезімі жоғары, өз іс-әрекетіне жауапты, әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделе алатын, өз шешімін қабылдай алатын азамат болуы тиіс.

Мемлекеттің саясатының негізгі құрамдас бөлігі — адамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру. Себебі, құқықтық мемлекетке азаматтардың жоғары саяси және құқықтық білімділігі, құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу қабілеттілігі, мемлекеттің заңымен өмір сүру дағдысы қалыптасуы тиіс.

Қазақстан Республикасының әрбір азаматы бойына құқықтық құндылықтарды сіңіріп, құқықтық сананы қалыптастырумен бағаланады. Қоғам үшін ең қымбат қазына – ол адам, адамның бостандығы мен өмірі. Бүгінгі жастар осы қымбат қазынаны бағалай білуі тиіс. Сол себептен құқықтық мәдениетті қалыптастыру тәрбиенің негізгі мақсаты. Оқушы кезеңінен мемлекет заңдары мен қоғамда өмір сүру ережелерін құрметтеуге, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзбеушілікке, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу – құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаты. Осы сапалар болашақ қоғам азаматының құқықтық мәдениетінің мәнін құрайды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына аса назар аударып былай деген: «Өркениетті қоғамда құқықтық мәдениет әр адамның жалпы мәдениетінің қажетті бөлшегі, әрбір лауазымды адамға қойылатын кәсіби талап болып табылады. Тиісті құқық тәртібін орнықтырмайынша, біздің экономиканы реформалауымыз, қоғам өмірінде демократиялық қалыпты өлшемдерді бекітуіміз неғайбыл».

Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде маңызды шаралар жүзеге асырылды. Солардың бірі жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды іске асыруда нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету болды. Мәселен:


  • 1989 жылы 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдады. 1994 жылы Қазақстан Республикасында Конвенция ратификацияланды.

  • 2002 жылы 8 тамызда ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы; 2004 жылы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасын-дағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы және осы жылы 9 шілдеде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың және балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

  • Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпандағы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды ерекше атап өтті.

Дегенмен, оқушының құқықтық мәдениетін қалыптастыруға байланысты кемшіліктер де жеткілікті. Соның бірі мектепте бүгінгі таңда құқықтық мәдениетті қалыптастыру ісіне әлі де қажетті назар аударылмауы кездеседі.

Зерттеу барысында мәселеге қатысты әдебиеттерді зерделеу нәтижесі жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі әр кезеңде де өзекті болғанын көрсетеді. Мәселен құқықтық мәдениет мәселелері философ-ойшыл, ағартушылар Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев және т.б. ойшылдардың еңбектерінде әр қырынан көтерілген.

Ал психологиялық-педагогикалық тұрғыда құқықтық мәдениетті қалыптастыруды В.Г.Баженов, Л.К.Керімов, В.В.Трифонов, Л.А.Байсеркеев, М.В.Лукьяненко, Ә.Табылдиев, Г.П.Давыдов, В.М.Обухов, Р.Р.Бирюшев, Г.М.Дайрабаева, Д.Р.Жарықбаевалар зерттеген.

Соның ішінде біздің зерттеу тақырыбымызға жақын зерттеулер қатарына: Г.П.Давыдовтың «Құқықтық тәрбие берудің тәрбиелік аспектілері туралы», В.Г.Баженовтың «Мектеп оқушыларының құқық бұзушылығының педагогикалық алдын-алудың теориясы мен әдістемесі», Л.К.Керімовтің «Қиын жасөспірімдерді жеке дара қайта тәрбиелеу теориясы мен практикасы», Л.А.Байсеркеевтің «Жалпы білім беретін мектеп оқушыларына адамгершілік-құқықтық тәрбие берудің педагогикалық негіздері», Г.М.Дайрабаеваның «Жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектердің құқықтық мәдениетін тәрбиелеу», Б.Ш.Тұрғанбаеваның «Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары», А.О.Бейсембаеваның «Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері» атты еңбектерді жатқызамыз. Демек аталмыш мәселе әр кезеңде де әр қырынан біршама жақсы зерттелген деген қорытындыға келуге болады.

Дегенмен, жалпы білім беретін мектептердегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру жеткілікті зерттелген, оның тиімділігін көтеруге қажетті педагогикалық жағдайлар туғызудың шарттары мен тетіктері анықталған деп айта алмаймыз.

Оқушының әлеуметтік-құқықтық тәжірибесін қалыптастыру проблемасы мектеп практикасында әлі терең шешімін таба қойған жоқ десе де болады. Жеке тұлғаның мінез-құлқын, іс-әрекет ауқымын анықтайтын заңды құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін білу оқушылар үшін үстірт, әрдайым маңызды болып есептеледі. Өйткені бұл білімдерді оқушылар өмірде қолдана алмайды, берілген құқықтары мен бостандықтарын пайдалана алмайды, кейде олардың өздерінің міндеттерімен табиғи байланысы барын көрмейді.



Мектеп практикасында оқушылардың өзіндік белсенділігін тежейтін репродуктивті іс-әрекет кең таралған, құқықтық тәрбие берудің сабақтан тыс түрлері нашар дамыған, оқушылардың сабақтағы және сабақтан тыс іс-әрекеттерінің байланысы жоқ деуге болады, білімнің рөлі жоғары қойылып, жасөспірімдердің практикалық өмірі жете бағаланбайды, бұл жеке тұлғаның тәжірибесінің дамуына кері әсер етеді. Педагогикалық-психологиялық және әдістемелік әдебиеттерді, ғылыми зерттеулерді, жалпы орта білім беретін мектептердің тәжірибелерін зерттеу нәтижесінде біз:

  • қазіргі қоғамның белсенді, заңды құрметтеуші азаматтарға мұқтаждығының артуы мен халықтың, оның ішінде жастардың құқықтық құзырлылығы мен құқықтық мәдениет деңгейінің төмендігі;

  • мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру үрдісінің тиімділігін арттыру мен осы саланың теориялық және әдістемелік қырларының әлі де жеткілікті зерттелмеуі;

  • оқу-тәрбие үдерісінде жоғары сынып оқушыларының құқықтық тәрбиені қалыптастыру қажеттіліктері, мүмкіндіктері мен жалпы білім беретін мектептерде педагогикалық кадрларды даярлауды жүзеге асырудың жеткіліксіздігі;

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қазіргі сұраныстың өзектілігі мен оны ұйымдастырудағы педагогикалық ұжымның дайындығының төмендігі мен оны жетілдіру жолдарының толық айқындалмағандығы арасында қарама-қайшылықтардың әлі де бар екендігі белгілі.

Аталған қайшылықтар жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесін қалыптастыру мәселесінің өзектілігін дәлелдейді. Сол себептен, ғылыми-зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: «Сыныптан тыс тәрбие жұмыстары негізінде оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру» деп таңдадық.

Зерттеу нысаны: жалпы орта білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үдерісі.

Зерттеу пәні: мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Зерттеудің мақсаты: оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды ғылыми-теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу, оны оқу-тәжірибе үдерісінде, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беру.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-теориялық негізін зерделеп, оның ғылыми–әдістемелік негізі жасалса, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың көрсеткіштері мен деңгейлері айқындалса, зерттеу мәсе-лесі бойынша әдістемелік нұсқаулар жасалып, тәжірибеде жүзеге асырылса; онда оқушылардың құқықтық мәдениетінің артуы негізінде оқушылардың құқықтық сана-сезімі молайып, жауапкершілігі жоғары, құқық бұзушылыққа төзімсіздікпен қарайтын жеке тұлға қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Зерттеудің міндеттері:

  • «құқық»,«құқықтық мәдениет», «құқықтық тәрбие» ұғымдарының мәні мен мазмұнын анықтау;

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлерін анықтау;

  • оқу-тәрбие үдерісіне құқықтық білім мазмұндарын кіріктірудің әдістемесін дайындау;

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды тәжірибеде тексеру, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беру.

Зерттеу әдістері: Зерттеу мәселелеріне қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, мәдениеттану бағытындағы әдебиеттерге талдау жүргізіп, педагогикалық ғылыми зерттеу тақырыбына байланысты теориялық-әдістемелік тұрғыдан қарастыру, жалпы орта білім беретін мектептегі оқу-тәрбиелік құжаттарды саралау, оқу-тәрбие үдерісін бақылау, сауалнама жүргізу, әңгімелесу, оның нәтижелерін талдау арқылы өңдеу және қорытындылау.

Зерттеу ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздері анықталды;

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктері нақтыланды;

  • оқушылардың құқықтық тәрбиелілігінің деңгейлері белгіленді;

  • оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру әдістемесі ұсынылды;

  • оқушыларға құқықтық тәрбие беруде сыныптан тыс жұмыстарының бағыттары белгіленді.

Зерттеудің практикалық маңыздылығы:

  • зерттеу мәселесіне байланысты оқу әдістемелік кешендер жасалып, практикаға ендірілді;

  • ғылыми – теориялық талдаулар негізінде жасалған тұжырымдар мен қорытындылары, ұсынылған таңдау курсының бағдарламасы оқу мекемелерінде пайдалануға болады;

  • оқушылардың психологиялық мінездемесін анықтайтын педагогикалық картасы жасалынды оны практика жүзінде пайдалануға болады.

Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының Ата Заңы, Бала құқығы туралы Конвенция, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқығы туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдары, «Оқушы жастарға құқықтық білім беру тұжырымдамасы», Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары, Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің кешенді бағдарламалары, зерттеу мәселесі бойынша отандық және шетел ғалымдарының (философтардың, заңгерлердің, саясаттанушылардың, педагог-психологтардың) еңбектері жалпы білім беретін мектептердегі озық тәжірибелер және автордың жеке педагогикалық іс-тәжірибесі.

Диссертацияның құрылымы мен көлемі: кіріспеден, 4 бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу мақсаты, міндеттері, нысаны, пәні, әдіснамалық негізі, зерттеу әдістері, қорғауға ұсынылған басты тұжырымдары, жұмыстың сыннан өтуі ғылыми болжамы, практикалық мәні, тәжірибеге енгізілуі, құрылымы мен көлемі көрсетілген.

«Оқушыларға құқықтық тәрбие берудің теориялық мәселелері» атты бірінші тарау үш тараушадан тұрады.

Бірінші тарауша «Құқық», «құқықтық мәдениет», «құқықтық тәрбие» ұғымдарының мәні мен мазмұны» деп аталады. Жалпы құқық теориясында құқықтық мәдениет мәселесі әртүрлі аспектілерде қарастырылып жүрген өте ауқымды мәселе. Себебі, құқықтық мәдениетті бір түсініктің аясында толығымен ашып көрсету мүмкін емес.

Ғылыми зерттеу жұмысымыздың түйінді ұғымдарының бастысы «құқықтық мәдениеттің» шығу, қалыптасу тарихына тоқталмас бұрын, құқық және құқықтық тәрбие ұғымдарына тоқталған жөн. Өйткені, құқықтық мәдениет жүйелі жүргізілген құқықтық тәрбиенің жемісі екені түсінікті. Ал құқық ұғымының мәнін әр қырынан түсініп алмай, құқықтық тәрбиені жүргізу мүмкін емес.

Зерттеушілердің пікірінше, құқық мемлекетпен бірге пайда болған. Құқықтың пайда болуының бірнеше негіздері бар: әлеуметтік негізі — адамдар мінез-құлқы мен психологиясындағы өзгерістерге байланысты. Экономикалық негізі — бірте-бірте өнеркәсіп пен сауда айналымының өсуі алынған өнімді жеке иелену тәжірибесін дүниеге әкелді, яғни жеке меншік пайда болды. Жеке меншіктік қатынастарды реттеудің ең икемді құралы ретінде құқық дүниеге келді. Өйткені моральдық, діни нормалар мен дәстүр өз табиғатында жеке меншіктік қатынастардан аулақ болды. Саяси негізі — қоғамдық қатынастардың дамуы өмірге мемлекет, әлеуметтік топтар және т.б. адамдардың ұйымдасу құрылымдарын әкелді. Нақты басқару жүйесі бар мемлекет бір қалыпты жүйеге түсірілген мінез-құлық ережелерін бекітті. Құқықтың саяси негізі осылайша қаланды.

Заң ғылымында «құқық» термині бірнеше мағынада қолданылады: - біріншіден, құқық – ресми түрде танылған жеке және заңды тұлғалардың заңға сүйене отырып, әрекет жасау мүмкіндігі. Мысалы, азаматтардың еңбек ету бостандығы, білім алу, меншік иесі болу, кәсіпкерлікпен шұғылдану құқығы. Бұл субъективтік мағынада қолданылуы деп түсінеміз; - екіншіден, құқық дегеніміз құқық нормаларының жүйеге келтірілген жиынтығы. Бұл объективтік мағынадағы құқық, себебі олардың жасалуы жеке адамның еркіне байланысты емес;- үшіншіден, құқық термині оқу пәнін білдіретін ұғым ретінде қолданылады. Құқық пәндері түрлі салаларға бөлінеді: конституциялық құқық, әкімшілік құқық, еңбек құқығы, отбасы құқығы, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, қаржылық құқық т.б.;- төртіншіден, «құқық» термині тұлғалық құқық пен объективтік құқықтың жиынтығы ретінде де қолданылады. Осыған байланысты «құқық жүйесі» деген түсінік бар. Мысалы, қазіргі жағдайда елімізде Қазақстанның құқық жүйесі қалыптасуда.

Сонымен, «құқық — мемлекет бекітіп, жүзеге асырылуын қадағалайтын, жалпыға міндетті тәртіп ережелерінің жиынтығы және қоғам өмірінде тұлғалардың заңға сүйеніп әрекет етуінің көрсеткіші» деген анықтама ұсынамыз.

Оқу-тәрбие үдерісінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек оқушыларды құқықтық білім және түсініктермен қаруландыруды ғана білдірмейді, сонымен қатар іс-әрекетте жүзеге асатын күнделікті заңды мінез-құлық дағдылары, біліктері мен әдеттері негізінде құқықтық салада белсенді ұстанымдарын тәрбиелеуді білдіреді. Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру дегеніміз — олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, құқықтық мәдениет элементтерін қоғамдағы шынайы құбылыс ретінде қабылдатуды мақсат ететін, арнайы ұйымдастырылған педагогикалық әрекет.



Екінші тарауша «Құқықтық тәрбиенің қоғамдағы рөлі мен маңызы» деп аталады. Құқықтық тәрбиелеу тұлғаның заңды білуіне, құқықтық нормаларды сыйлауына, ерікті түрде заң талабын орындауына және оны қорғауға ықпал етеді. Құқықтық тәрбие қызметін сапалы пайдалану үрдісінде дамыған мемлекеттің заңды қатынасын дұрыс ұғындырып, қалыптастырған жөн.

Құқық жүйесі сияқты құқықтық тәрбие жүйесін де демократияның белгілі бір бөлімі ретінде ғана қарастыруға болады. Құқықтық тәрбие заң жүйесін жазалау құралы негізінде емес, қоғамдық қатынастарды ешқандай қақтығыссыз шешу әдісі ретінде қолданады. Адамның құқықтық санасы мен заңды жүріс-тұрысын қалыптастыра келе, құқықтық тәрбие құқықтың негізгі қызметін жүзеге асырады. Нақтырақ айтсақ, өзінің қоғамдық парызын білетін, заң талаптарын орындайтын және құқық пен заң нормаларын қорғайтын саналы, әрі заңға бағынышты азаматты тәрбиелейді.

Құқықтық тәрбиелеу үдерісінде көптеген мәселелер кешені қамтылады. Олар жайында 1995 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің №2347 «Қазақстан Республикасында жалпылай құқықтық білім беру шараларын ұйымдастыру туралы» Қаулысында құқықтық білім берудің бағдарламалары мен міндеттері ретінде көрініс алған. Құқықтық тәрбиелеудегі қамтылған мәселелер кешеніне: жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті мен санасын қалыптастыру; саналы құқықтық білім беру; құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жатқызуға болады. Н.С.Марьенконың пікірі бойынша «Білім беру мен тәрбиелеу үрдістері өзара тығыз байланысты: білім беру үрдісі – тәрбилеуші, ал тәрбие үдерісі – білім беруші болып табылады» [18.28-31]. Яғни, білімді адам тәртіпсіз, моральға қатыссыз, заңға қарсы әрекеттердің тигізетін залалы мен зиянын ұғынып, біледі. Ал құқықтық білімді тұлғаның құқықтық санасы мен мәдениеті жоғары дәрежеде болатындығы анық.

Құқықтық білім беру жүйелі, мақсатты, құнды, оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған болуы, құқықтық мәдениеттің өзі тұлғаның дамуының деңгейі ретінде қаралуы керек. Біз оқушылардың жақсы құқықтық білімді меңгеруі, оны әлеуметтік құндылық ретінде қарастыруы және тұлғаның құқықтық тәртібі шеңберіне бағытталған әлеуметтік-құқықтық қалыптасуы ретінде қабылдауы үшін талпынуымыз керек [22.23].

Құқықтық тәрбиенің мақсаты тұлғаның құқықтық санасы мен мәдениеті ғана емес, сондай-ақ барлық құқықтық қызметінің негізгі бағыттарын анықтай отырып, осы үдерістің сапалы жүзеге асуына негіз болады. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Ата Заңының 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» айтылып негізделгендей мемлекеттің үлгілі азаматына тән тұлғаны қалыптастырып, жетілдіру құқықтық тәрбиенің көкейкесті мақсаты [6].

Қазіргі заман талабына сай құқықтық тәрбие үдерісі келесі мақсаттарды көздейді:



  • жасөспірімнің құқықтық білімін жақсарту (құқықтық ұғыну, өз құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін білу, заң күшіне сену т.б.);

  • тәрбиеленушінің құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, дамыту (заң нормаларына қарсы әрекеттер жасамау, құқықтық білімін жетілдіру, басқа азаматтар мен адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, заңды міндеттерін орындау).

Үшінші тараушада «Жастар және құқықтық тәрбие» мәселесі қарастырылады. Жастарымызға қазіргі өмірдегі қоғамның қарым–қатынас заңдылықтарын терең ажырататын құқықтық сана, құқықтық мәдениет қажет. Тәлім – тәрбиелік мәселелердің барша табиғатына үңілсек, тіршіліктегі сан алуан қолданбалы мәні зор әлеуметтік нормаларды – тарихи құқықтық жүйенің қайнар көзі немесе құқық ғылымының негізі деуге болады.

Мұнда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, ұрпақтан – ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, стетикалық еңбек, т.б. әлеуметтік нормалар мен принциптердің алар орны ерекше. Жалпы әлемдегі даналардың, кемеңгерлердің, шешендердің тіпті өзіңнің ата-анаңның да айтқан ұлағатты сөздерінің бәрі құқықтық әлеуметтік мәнге ие.

Құқықтық тәрбие сан қырлы күрделі процесс, бұл жалпы және арнаулы шаралардың тұтас бір жүйесін қамтиды. Жастарды қоғамдық пайдалы тәртіпке, құқықтық санаға негізделген әлеуметтік белсенділікке жетуін қамтамасыз ету мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты болуы тиіс. Жастық шақтың басты белгісі — адамның жаны мен тәнінің сапалық, сандық жағынан елеулі өзгерістерге түсуінде. Осы жаста адамның қоғамдық белсенділігі артады, сана-сезімі өседі, психикасы шыңдалып, нығая түседі. Ол қоғамнан өз орнын табуға тырысады, өзін қоршаған ортаға сын көзбен қарай бастайды. Бұл жастағыларда өзін-өзі бағалауға ынталану, рухани өмірге қызығу, қоғам мен жеке бас турасындағы ойлар адамгершілік идеялар кемеліне келе бастайды. Осы кезде мұның өзі адамның күшті, епті, ширақ, оңтайлы болып өсуіне және оның түрлі әдіс-тәсілдерді, арнаулы құқықтық ережелерді бұзбай, кедергілерді жеңіп үйренуімен де тығыз байланысты.

Жастарға құқықтық тәрбие беру, қоғамдық қарым-қатынастағы заңдық және әлеуметтік мәселелердің саяси мәнін жан-жақты, әрі терең түсінуіне негіз жасайды. Бұл тәрбиеленушінің көзін жеткізуге сендіруді көздейтін мақсатты қызмет. Құқықтық құбылыс, құқықтық ұғым және құқықтық категория жастардың заңдық негіздегі құқықтық сауаттылығын ашу үшін, арнаулы оқу-әдістемелік құралдарын мектеп жасынан, 6-7-ші сыныптардан бастап, мектепті бітіргенше қажет екенін қазіргі өмірде орын алып отырған әр алуан келеңсіз қоғамдық құбылыстар-ақ көрсетіп отыр. Өйткені, мектепті бітірушілердің 20 пайызға жетер-жетпесі ғана өз білімдерін әрі қарай жоғары оқу орындарында жалғастырады. Құқықтық пәндер бір семестр оқытылады. Бұл аздық етеді. Ал бұған 80-ге жуық пайыз жастарымыз мемлекетіміз қабылдап, бекіткен заңдардағы өз құқықтарын дұрыс пайдалана білмеуі дәлел. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда өткен жылы кәмелетке толмағандар қолымен 5400-ден астам қылмыс жасалынған. Жастардың жыл өткен сайын қатыгездене түсуі, ауыр және аса ауыр қылмыстарға еш қымсынбай баруы жан түршіктіреді. Тек 2010 жылы жастардың 78 адам өлтіру оқиғасы тіркелген [32.10-14]. 2009-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс көрсеткіштері төмендегідей:
















1-сурет. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс көрсеткіштері
Жастарды тәрбиелеуде қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін көтеру, құқық бұзушылыққа қарсы тұра білетін, саналы, қабілетті, құқықтық білімділігі заманға сай болып тәрбиелеуге бағытталуы тиіс [22.21-25].

Жұмыстың екінші тарауы «Мектеп оқушыларымен жүргізілетін құқықтық тәрбие жұмыстарының жүйесі» деп аталады. Бұл бөлім үш тараушадан тұрады.



Бірінші тараушада «Оқушыларға құқықтық тәрбие берудің негізгі жолдары» қарастырылады. Тұлғаны жан-жақты үйлесімді тәрбиелеу саласының бірі — құқықтық тәрбие. Ол қоғамның әрбір азаматының мемлекеттік заңдарды аса жауапкершілікпен орындап отыруы талаптарымен тығыз байланысты. Әсіресе оның елімізде жүріп жатқан жариялылық, құқықтық және зайырлы қоғам орнату үдерісімен байланысының маңызы ерекше. Мектептегі құқықтық тәрбиенің мақсаты:

  1. Оқушыларға мемлекет, құрылым және құқық, құқықтық нормалар жайында жан-жақты білімдерді меңгерту. Бұл бағытта мектеп Жарғысы, оқушыларға арналған мінез-құлық ережелері құқықтық білімнің алғашқы негізін қалайды. Онда оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар бар.

  2. Мемлекет пен мемлекеттік заңдарға құрметпен қарау сезімдерін тәрбиелеу. Мұндағы маңызды мәселе – бүгінгі таңда елімізді қайта құру кезеңінде Парламентте қабылданып жатқан заңдарды таныстыру, олардың қоғамдағы демократияны дамытып, әділдікті баянды етуде атқаратын қызметі мен ерекшеліктеріне көңіл бөлу, соның негізінде оқушылардың сана-сезімін қоғам, заң алдындағы жауапкершіліктерімен тәрбиелеу.

  3. Жеткіншектердің мінез-құлықтары мен жүріс-тұрыстарын заң талаптарына сай қалыптастырып, адамгершілікті әдет-дағдыға айналдыру.

  4. Біздің қоғамымыз гуманист-ұжымшыл, ол халық үшін қызмет жасайтын жан болуы керек. Ата Заңның 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп атап көрсетілген [6]. Олай болса адам баласы Қазақстан Республикасының азаматы болған жерде бір-біріне қамқор болып, ел байлығын халық игілігіне жұмсауға атсалысуы тиіс. Ол үшін құқықтық тәрбиенің міндеті — жасөспірімдерді адамзаттық белсенділігіне қалыптастыру, заңды бұзушылыққа қарсы күресу. Әртүрлі әлеуметтік-құқықтық маңызы бар жұмыстарға қатыстыру.

Құқықтық тәрбиенің нәтижелі болуы үшін оқушылардың жасын әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін, әр баланың жеке басының қасиеттерін ескеру қажет. Сол себептен де құқықтық тәрбие беру жұмысы бірнеше сатыдан тұрады: 1-4 сыныпта (бастауыш мектеп); 5-7 сыныпта; 8-9 сыныпта; 10-11 сыныптар аралығында. Сатыдан сатыға көшкенде құқықтық тәрбие күрделеніп, тереңдей береді. Оқушылардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруда бір сатыда қол жеткен табыс келесі сатыда баянды етіліп, молая беруі тиіс. Тәрбиенің негізі мектепте оқу болса, оқушыларға оқу пәндерінің құқықтық тәрбие берудегі қызметі айрықша. География, табиғаттану, зоология пәндерін оқытқанда балаларға қоршаған ортаны сақтап, тиімді пайдалануға, қорғауға арналған заңдар туралы мәлімет беруге болады. Ата Заңның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» - деп атап көрсетілген [6].

Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде сыныптан, мектептен тыс жұмыстардың да алатын орны ерекше. Осы бағыттағы жұмыстарға жататын тәрбие берудің жолдары мыналар:



  1. Мораль мен құқық мәселелеріне арналған лекциялар мен әңгімелер өткізу;

  2. Сот, әділет, прокуратура, полиция, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесу ұйымдастыру;

  3. Құқық мәселелеріне арналған кештер, конкурстар, олимпиадалар ұйымдастыру;

  4. Құқықтық үйірмелер, білім мектептерін, университеттерді ұйымдастыру;

  5. Оқушылар конференциялары, айтыстары, адамгершіілк және құқық тақырыптарына байланысты арнаулы және көркем әдебиеттерді талқылау;

  6. Құқықтық тақырыптарға арналған деректі және көркем фильмдерді талқылау;

  7. 16 жасқа толып, куәлік алған оқушыларды құрметтеп, құттықтау;

  8. Мектептегі құқық сақтау жұмысының хал-жағдайы туралы қабырға газет, бюллетень шығару;

  9. «Жас заңгер» клубын ұйымдастыру;

  10. Ай сайын «құқықты насихаттау мен құқық бұзушылықтың алдын алудың бірыңғай күндерін» жүргізу.

Екінші тараушада «Мектептегі құқықтық тәрбиенің негізгі факторлары» сараланады. Жалпы тәрбие — баланың өміріне және әрекетіне қолайлы жағдайлар туғызып, баланың бойына біткен мүмкіншіліктерді ақиқатқа айналдыру жолында әрекет етіп, баланың әрекеттерін ұйымдастырып, басқарып, оларға дұрыс бағытын беріп, жетекші болып отырады. Құқықтық тәрбиенің маңыздылығына адамдар ерте бастан-ақ ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік құқық жүйесінің тарихы туралы сөз еткенде ежелгі заң ретінде Вавилонның «Хаммурапи заңы», Үндінің «Ману заңы», көне Римнің «ХІІ кестесі» заңдары айтылады.

Жастарға құқықтық тәрбие беруде орта білім беру мекемелері жетекші орын алады. Онда жастарды құқық туралы ғылым негіздерімен қаруландырады, адамның іс-әрекетіне қоғамның қоятын талаптарымен таныстырады, нені жасауға болады, нені болмайды, қандай іс, қылықтары заңды, әділетті, қандайы заңсыз екенін түсіну, алған білімдерін практикалық өмірде пайдалана білу дағдыларын, жамандық пен заңсыздықпен күресте қажет болатын психологиялық қасиеттерін қалыптастырады.

Мектептердің құқықтық тәрбие берудегі жоғарғы рөлі бірнеше факторлармен анықталады. Олар педагогикалық технологиямен қаруланған кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орта білім беретін мекемелерде тәрбиелік ықпал ету жинақтылық сипатқа ие. Онда тәрбие беру ісін ағарту ісімен біріктіретін тамаша мүмкіндіктер бар. Мектептердегі тәрбие беру ісі бұл тек оқушыларды құқықтық біліммен байыту, құқықтық жағдайларға оқыту ғана емес, сондай-ақ баланың мектепке алғашқы қадамынан басталып, колледж, лицейді бітіргенге дейін жалғасатын қоғамдық ұзақ әсер етудің түрі. Сонымен қатар орта білім беру мекемелерінің бай ғылыми әдістемелік базасы бар. Олар құқықтық тәрбие берудің түрлері мен әдістерінің бай қорын игерген.

Бүгінгі күннің талабына сай оқушыларда құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін, орта білім беру мекемелеріндегі құқықтық тәрбиенің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Себебі оның қазіргі жағдайы қоғамда үлкен алаңдатушылық туғызып жатқаны да жасырын емес. Мектептегі құқықтық тәрбие жұмысы. Бірінші сыныптан бастап, белгілі бір жүйелілік пен ұйымдастырылған түрде оқуды бітіргенге дейін жүргізілуі қажет. Әрине, құқықтық тәрбие тиімді нәтиже беру үшін оқушылардың жасын, әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін, әр адамның жеке басының қасиеттерін ескеру абзал. Тікелей құқықтық тәрбие беру — арнайы жүргізілетін сабақтар, әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Осы жұмысты жүргізуге арналған пәндер «Құқық негіздері», «Адам және қоғам», «Жанұя өмірінің этикасы мен психологиясы».

Құқықтық тәрбиенің міндеттерін бөліп көрсететін болсақ, ол төмендегідей болады:


  • қоғам мүшелерінің бойына құқықтық білімді сіңіру;

  • құқыққа сай жүріс-тұрысты әдетке, дағдыға айналдыру;

  • құқықтық іске белсенді араласу қабілетін ояту;

  • қоғам мүшелерінің заңда белгіленген құқықтары мен мүдделерін қорғай және пайдалана алуға машықтандыру;

  • құқықтық сананы қалыптастыру.

Үшінші тарауша «Құқықтық тәрбиенің негізі тұлғаға құқықтық нормаларды танытуға» арналған. Құқық нормалары мен ережелері адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін талап етеді. Сондықтан да осы талаптарға сай өмір сүру, еңбек ету және т.б. әрекеттерге бару үшін, оларды білу әрбір азаматтың борышы, міндеті.

Олай болса, оқушы жастарға құқықтық білім беріп, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруда мектептегі құқықтық тәрбиенің мақсаты:



  1. Өскелең жас ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындау және оларды сыйлау рухында тәрбиелеу.

  2. Мемлекет пен қоғам ісіне саналы түрде белсенділікпен қатысып, өз Отанын қорғауға әрқашанда дайын болуға жаттықтыру.

  3. Өз елінің материалдық және рухани байлығын сақтап, оны молайтуға қабілетті, іскер адамдарды тәрбиелеу.

Бұл бағытта мектеп Жарғысы, оқушыларға арналған мінез-құлық ережелері құқықтық білімнің алғашқы негізін қалайды. Онда оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар бар. Міне, осы қарапайым құқықтық нормалар төменгі сыныптан бастап жоғары сыныптарға дейін оқу тәрбие процесінің барлық құрылымында түсіндірілуден, білім беруден, оқытудан басталады. Ол үшін құқықтық тәрбиенің міндеті – жасөспірімдерді адамзаттық белсенділігіне қалыптастыру, заңды бұзушылыққа қарсы күресу. Әртүрлі әлеуметтік-құқықтық маңызы бар жұмыстарға қатыстыру.

Құқықтық тәрбие құқық нормасын алдымен жазалау құралы емес, қоғамдық қатынасты ешқандай қақтығыссыз реттеуші ретінде қолданады. Адамның құқықтық санасы мен тәртібін қалыптастыра отырып, құқықтық тәрбие заң нормаларына бағынатын, өз міндеттерін орындайтын, тәртіп нормаларын бұзбайтын саналы азаматты тәрбиелеу арқылы құқықтың негізгі қызметін жүзеге асырады.

Ғалым заңгерлердің теориясы бойынша құқықтық тәрбиені іске асыру, оны орындау механизмі төрт бөлімнен тұрады [65.24-27]:


  1. Қоғамдық құқықтық сана;

  2. Құқықтық норма жүйесі;

  3. Құқықтық тәрбие жұмысының нысаны және әдіс-тәсілдері;

  4. Тәрбие жұмысымен қамтылған адамдардың құқықтық сана сезімі.

Жастардың ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы өзіндік көңіл бөлуді қажет етеді. Жастардың құқықтық санасының қалыптасуына ата-анасының, жұртшылық пен мектеп үлкен ықпал етеді. Кәмелетке толмағандардың психологиясы ерекше. Оларды қандай да болмасын әрекеттерге жұмылдыру оңай. Сондықтан да ата-анамен тығыз байланыс орнатып, мектепте және мектептен тыс әңгіме, сұхбат өткізіп, кеңес беріп отыру қажет.

Жұмыстың үшінші тарауы «Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастырудың әдістемелік мәселелері» деп аталады. Бұл бөлімде сынып, мектеп көлемінде өткізілетін тәрбие сағаттары, кештер, дебаттар, конференциялардың жоспары және ұйымдастыру әдістемесі көрсетілген. Бұл бөлім үш тараушаны қамтиды.

Бірінші тараушасы «Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жүйесі» деп аталады. Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеру ісі кешенді шараларды шешуді талап ететіндігін біз жоғарыда байқадық. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие берудің мақсаты — еліміздің заңдары мен тәртіп ережелерін сыйлау, оны орындау, жастарды азамат ретінде Отаншылдыққа баулу, еліміздің материалдық және рухани байлығын үнемді пайдалануға, оны байытуға, адал еңбек етуге тәрбиелеу, айналамыздағы адамдарға қиянат, зорлық-зомбылық, қылмыс жасамауға үйрету, бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізгілікке бағыттау.

Адамның саяси және адамгершілік көзқарасы мен ішкі нанымы құқықтық мәдениетінің «іргетасы» саналады. Төмендегі аталған жағдайлардың іргетасының қалай қаланғанына байланысты болады:



  • құқықтық білімнің сапасы және оны қолдана алу;

  • заңға қатыстық сипат (заңды сыйлау сезімі, заңдылықты сезіну);

  • құқықтық норманы орындауға дайын тұру;

  • заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуд белсенділік көрсету.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізу барысында мыналарға мән беру керек:

  • жастар демократия негіздерін оқып-үйренулері тиіс;

  • олар өз құқықтары мен міндеттерімен танысып қана қоймай, бостандық, тұлға, құқықтық мемлекет деген ұғымдармен таныс болуы керек;

  • қайырымдылық және зұлымдық, әдемілік және талғамсыздық, т.б. құқық нормасымен байланысты елестетіп отырулары қажет;

  • құқықтық тәрбие адамгершілік және эстетикалық тәрбиемен байланысты болуы міндетті;

  • заң туралы аса қызыға білгені дұрыс. Өйткені құрғақ ақпарат оқушылардың миына жетпейді, жүрегін елеңдетпейді. Жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың құқықтық жаңаруы мақсатында әр түрлі шығармашылық нысандарды қолдану қажет.

Мектепте құқықтық тәрбие беру үдерісін кезең-кезеңмен өткізген жөн. Оқушылар 1-4 сыныптарда алғашқы құқықтық ұғымдармен танысады, адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлінеді. Содан кейін әркімнің өз істеген ісіне жауапкершіліктің болатыны түсіндіріледі. Мысалы, олар мектептің өздеріне бұрын беймәлім ішкі тәртібін меңгереді, міндеттерін ұғынады, алғашқы қоғамдық тапсырмаларды орындайды (кезекшілік, т.т.). осы әрекеттер барысында олардың сынып, мектеп алдында жауапкершілік сезімдері қалыптасады. 5-8 сыныптарда бастауышта алған құқықтық білімді жетілдіреді. Қазақстан Республикасы заңдары туралы жалпы мағлұмат алады, азаматтардың негізгі құқықтары және міндеттерімен танысады, қоғамдық жерлердегі ережелерді түсініп, талқылап, сақтайды. Оқушылардың саналы әрекеті қалыптасады. Тәртіп бұзушылыққа төзбеуді үйреніп, жеке жауапкершіліктері қалыптасады. Қоғам алдындағы жауапкершіліктері артып, құқық бұзушылық салдарынан арнайы мектептерге мәжбүрлеп жіберу мүмкіндігін сезінеді.

10-сыныпта «Құқықтық мәдениеттің қалыптасуы» атты арнайы курсын ұйымдастырдық. Бұл курсты жалпы және арнайы пәндерден кейін оқыту көзделеді. Оқушылар арнайы курсты оқып-үйрену барысында «Құқық» пәнінің оқыту әдістемесінен алған білімдеріне сүйенеді және бұл арнайы курс жоғары сынып оқушыларының құқықтық мәдениетін дамытуда өз үлесін қосады деп ойлаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет