Беттік керіліс екі фазаның (дененің) бөліну бетінің



Дата09.10.2024
өлшемі15.85 Kb.
#504488
Беттік керіліс


Беттік керіліс — екі фазаның (дененің) бөліну бетінің термодинамикалық сипаттамасы. Өлшем бірліктері Дж/м² немесе Н/м. Беттік керілісті бөліну беті сұйықтық болған жағдайда, бет нобайының ұзындық бірлігіне әсер ететін және фазалардың берілген көлемдерінде бетті ең кіші шамаға (минимумға) дейін жиыруға ұмтылатын күш ретінде де қарастыруға болады. Конденсацияланған екі фазаның шекарасындағы Б.К., әдетте, фазааралық керіліс деп аталады. Жаңа бетті түзетін жұмыс заты молекулалары дене көлемінен беттік қабатқа ауысу кезіндегі молекулааралық ілініс күшін жеңуге жұмсалады. Беттік қабаттағы молекулааралық күштердің тең әсерлі күшінің шамасы дене көлеміндегідей нөлге тең болмайды әрі ол ілініс күштері көбірек болатын фаза ішіне қарай бағытталады. Демек, Б.к. беттік (фазааралық) қабаттағы молекулааралық күштердің теңгерілмеуінің өлшемі болады. Жылжымалы Б.к. — еркін беттік энергияға тепе-тең шама. Сыртқы әсер болмаған жағдайда сұйықтық беттік керілістің салдарынан шар пішіндес (бет мейлінше кіші және еркін беттік энергияның мәні барынша аз) болады. Егер фазалардың көлемдері молекулалардың өлшемдерімен салыстырғанда неғұрлым үлкен болса, онда Б.к. беттің шамасы мен пішініне тәуелді болмайды. Б.к. температураның жоғарылауынан, сондай-ақ беттік белсенді заттардың әсерінен азаяды. Сұйықтық пен газдың (будың) немесе сұйықтық пен сұйықтықтың жылдам жылжымалы шегіндегі беттік керілісті әр түрлі жолмен анықтау оңай. Молекулалары (атомдары) еркін орын ауыстыра алмайтындықтан, қатты дененің беттік керілісін тәжірибе арқылы анықтау қиын. Анизотропия салдарынан кристалдың әр қырындағы Б.к. әр түрлі болып келеді. Қатты дене үшін Б.к. және беттік энергия ұғымдары-ның мәні бірдей емес. Өйткені оған кристалдың әсері тиеді. Қатты дененің беттік керілісін, әдетте, молекулааралық және атомаралық өзара әсерлерді негізге ала отырып, жанама жолмен есептейді. Беттік керілістердің шамасы мен өзгерісі көптеген беттік құбылыстарға байланысты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет