11-дәріс
Тақырыбы: «Сандар нумерациясы» мазмұндық-әдістемелік желісінің материалдарын оқыту технологиясы
Терiс емес бүтiн сандардың нумерациясы – математиканың бастауыш курсының аса маңызды мәселелерiнiң бiрi. Терiс емес бүтiн сандардың нумерациясы – сандардың оқылуы, жазылуы, сандар құрамы, санның натурал сандар қатарындағы орны, сандарды салыстыру, санды разрядтарға және разрядтық қосылғыштарға жіктеу. Терiс емес бүтiн сандардың нумерациясы 4 концентрге бөлiнiп қарастырылады: ондық, жүздiк, мыңдық, көп таңбалы сандар.
«10 көлемiндегi сандардың нумерациясы» тақырыбын өту барысында оқушылар негiзгi математикалық ұғымдармен (сан және цифр ұғымдары) танысады. Сандарды шығарып алудың тәсiлдерiн (санау арқылы, қандай да бiр арифметикалық амал орындаудың нәтижесiнде және шаманы өлшеудiң нәтижесi ретiнде) үйренедi, сандардың натурал сандар қатарындағы орнымен, сандар құрамымен танысады.
Сандардың ауызша нумерациясы мен жазбаша нумерациясы қатар қарастырылады. Қазiргi бағдарлама бойынша сандар қатары мынандай ретпен құрастырылады: 1,2,0,3,4,5,6,7,8,9. Алғашқы үш санды шығарып алудың өзіндік ерекшеліктері бар: 1 және 2 сандарын шығарып алу үшін көп заттың ішінен қандай да бір белгісіне (түсіне) қарай сәйкесінше бір немесе екі затты бөліп алу қажет, ал 0 санын шығарып алу үшін азайту амалы орындалады.
100 көлемiндегi сандар 2 кезеңге бөлiнiп қарастырылады:
1) толық ондықтар
2) кез-келген екi таңбалы сандар.
«100 көлемiндегi сандар нумерациясы» тақырыбын өтуде оқушылар «бiр таңбалы сан», «екi таңбалы сан», «бiрлiк», «ондық» терминдерiмен танысады. Толық ондықтардың атауларын есте сақтауды, екi таңбалы сандардың айтылуын, жазылуын, разрядтық қосылғыштарға, разрядтарға жiктелуiн үйренедi.
Қазiргi бағдарлама бойынша «1000 көлемiндегi сандар» тақырыбы 2-сыныптың соңына қарай оқытылып үйретiледi. Оқушылар жолақшалардың көмегiмен алдымен 100-дi шығарып алады да, келесi разряд «жүздiк» терминiмен, «үш таңбалы сандар» ұғымымен танысады. Алдымен толық жүздiктердi шығарып алу, атаулармен танысқаннан кейiн оқушылар кез-келген үш таңбалы сандардың аталуын, жазылуын, разрядтар мен разрядтарға жiктелуiн үйренедi. Кез-келген үш таңбалы санға сипаттама бередi. Мысалы: 321 саны.
Бұл-үш таңбалы сан, 3,2,1 цифрларының көмегiмен жазылады.
320 мен 322 сандарының ортасында келедi немесе көршiлерi 320 және 322 сандары, 320 –дан кейiн, 322-ге дейiн келедi.
321- 3 жүздiк, 2 ондық, 1 бiрлiктен құралған.
321=300+20+1 (разрядтық қосылғыштарға жiктеу)
«Көп таңбалы сандар» тақырыбымен қазiргi бағдарлама бойынша оқушылар 4-сыныпта танысады. Ол бiрнеше кезеңге бөлiнiп қарастырылады.
Сандардың разряд ұғымы қайталанып, оқушылар «класс» ұғымымен танысады (бiрлiктер, мыңдықтар, миллиондар, миллиардтар класы).
Бiрлiктер класы жоқ көп таңбалы сандар, мысалы, 8000, 17000, 215000, 3418000 т.б. Көп таңбалы сандарды оқуда соңынан бастап, үш-үштен бөлiп алу (себебi, үш разряд бар) керек және алдымен сан айтылады, сонан соң кластың аты айтылатыны үйретiледi.
Кез-келген көп таңбалы сандардың айтылуы, жазылуы, разрядтар мен разрядтық қосылғыштарға жiктелуі қарастырылады.
Нумерациялық материалдарды оқып-үйрену соңында оқушылар кез-келген (бүтiн) сандардың оқылуын, жазылуын, құрамын, разрядтар мен разрядтық қосылғыштарға жiктелуiн, натурал сандар қатарындағы орнын, 0-дiң орнын, терiс емес бүтiн сандар мәселесiн бiлулерi тиiс.
Достарыңызбен бөлісу: |