Бірнеше жыл бойында Е. Ы. Бидайбеков Абай атындағы ҚазҰпу-дағы 13. 00



Дата14.10.2022
өлшемі21.71 Kb.
#462729
1Қолдау хат Бидайбеков Е.Ы.


ҚОЛДАУ ХАТ
(ұсыным)


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
Ғылыми кеңесі (хаттама №2, 04.09.2022) мемлекеттік ғылыми стипендияға
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері халықаралық зертхана меңгерушісі
Бидайбеков Есен Ықласұлының
ғылыми-шығармашылық жұмысын ұсынады

Қазақстан Республикасы білім беру үздігі, ҚР білім берудің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ресей білім беруді ақпараттандыру академиясының академигі, профессор, Қазақстан Республикасы халыққа білім беруді компьютерлендіруді бастаушы, информатика және білім беруді ақпараттандыру саласындағы, сонымен қатар математикалық физиканың кері есептер саласындағы белгілі ғалым Бидайбеков Есен Ықласұлы 1984 жылдан бастап қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-де жұмыс істейді. Алғашқыда есептеуіш математика және дифференциалдық теңдеулер кафедрасының доценті болды, ал 1985 жылдан бастап информатика және қолданбалы математика болып өзгертілген осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. 2010 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ Магистратура және PhD докторантура Институтында кейінен информатика, математика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасында, сосын қайтадан құрылған информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі болды. 2014 жылдан 2020 жылға дейін Математика, физика және информатика институты информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасын меңгеріп келді. 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері халықаралық зертхана меңгерушісі қызметін атқарып келеді.


Бірнеше жыл бойында Е.Ы. Бидайбеков Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы 13.00.02- оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (информатика) мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін құрылған диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Аспиранттар, докторанттар мен ізденушілердің ғылыми жетекшісі болды. Оның жетекшілігімен 15 докторлық диссертация, оның ішінде 4 PhD докторлық диссертация және 31 кандидаттық диссертация қорғалды, олардың 4 – математика мамандығы, ал қалғандары 13.00.02 «Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (информатика)» мамандықтары бойынша. Қазіргі уақытта информатиканы оқыту әдістемесі және білім беруді ақпараттандыру бойынша бірқатар PhD докторанттардың диссертациялық жұмыстарына жетекшілік жасайды, сонымен қатар 6D011100-Информатика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру үшін диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық Кеңестің төрағасы болып табылады.
Е.Ы. Бидайбеков Мәскеу, Красноярск, Омск, Новосибирск және ТМД-ның басқа қалалары мен Қазақстан Республикасының бірқатар қалаларының университеттерімен тығыз байланыста болып және сол қалалардың университеттерінде үнемі ғылыми баяндамалар жасап отырады. Ол Республикалық және Халықаралық дәрежедегі ғылыми семинарлар мен конференцияларға белсенді түрде қатысып, «Білім берудегі ақпараттық технологиялар» (Мәскеу қаласы) конференция Конгресінің тұрақты қатысушысы болып табылады. Өзінің ғылыми жұмыстарын халықаралық (орталық) ғылыми басылымдарда және Қазақстан Республикасының, ТМД елдерінің және алыс шет елдердің жинақтарында жариялайды. Есен Ықыласұлының 600-ден астам жарияланған ғылыми еңбектері бар, оның 70-ін монографиялар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды құрайды. Оның 24 ғылыми мақалалары импакт-факторы жоғары рейтингтік журналдарда (Scopus хирша – 4, Web of Science хирша- 2) жарияланған.
Е.Ы. Бидайбеков Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кешенді цифрландыру тұжырымдамасының авторларының бірі болып табылады. Оның бастамасымен Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының жанында «Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы», «Педагогикалық STEM-парк», сонымен қатар әл-Фараби білім беру орталығы ашылып, қазіргі таңда табысты жұмыс жасауда.
Оның қызметі білім беруді ақпараттандыру және цифрландыру саласында тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де белгілі және кең танымалдылыққа ие болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-де білім беруді цифрландыру жағдайында педагогтарды даярлаудың инновациялық жүйелерін әзірлеу және талдау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Информатика және білім беруді цифрландыру саласында педагогтарды оқыту мен даярлаудың әзірленген әдістемелері орта білім беруді, ТжКБ, ЖОО-ларды даярлаудың және біліктілікті арттырудың үздіксіз жүйесінің практикасына енгізілуде.
Осы жоба бойынша ғылыми зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім беруді ақпараттандыру және білім беру технологиялары мәселелері халықаралық ғылыми зертханасының қызметкерлерімен басталды, ол 2019-2021 жылдары «Қоғамды цифрландыру жағдайында оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуге педагогтарды даярлау жүйесін әзірлеу» ЖОО-ның ішкі жобасы шеңберінде жүргізіледі. Бұл жобада Қазақстан Республикасында қоғамды цифрландыру жағдайында педагогтарды даярлау жүйесін әзірлеу, талдау бойынша жұмыстар басталды, педагогтің цифрлық дағдылары зерттелуде, бірақ бұл жобада қоғамды цифрландыру жағдайында информатиканы оқыту ерекшеліктері қарастырылмайды, төртінші революцияның жаңа жағдайларында пән саласындағы мектеп курсын оқыту қалай жүзеге асырылатыны, осы курс қандай болуы тиіс және осы жаңа курсқа мектеп оқушыларын дайындау қажеттілігі бар-жоғы зерттелмейді. Осыған байланысты, аталған жоба бойынша мәлімделген ғылыми зерттеу жұмысы Қазақстанның білім беру жүйесі мен қоғам үшін өзекті болып табылады. Ол қоғам мүшелері мен мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын қалыптастыруға, сондай-ақ білім беру мен қоғамды цифрландыру жағдайында оқытуды жүзеге асырудың біртұтастығы мен құзырлылығын қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасында мұндай міндеттерді шешу үшін негізінен шетелдік педагогтардың тәжірибесі пайдаланылады, ал отандық инновациялық әдістемелерді әзірлеу сөзсіз өзекті. Күтілетін нәтижелер Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесі үшін Жаңа болады және инновациялық отандық бағдарламалар мен оқу курстарын әзірлеуге, сондай-ақ білім беру мен қоғамды цифрландыру жағдайында мұғалімдерді даярлауға негіз болады. Мұғалімдерді даярлау мен информатиканы оқытудың инновациялық жүйесі әзірленетін болады, ол бағдарламалар мен әдістемелерді таңдаудың жеткілікті үлкен еркіндігіне ие болады.
Профессор Е.Ы. Бидайбековтың жетекшілігімен бірнеше жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстары әл-Фарабидің математикалық мұраларын зерттеуге және оларды қазіргі математикалық білім беру жүйесіне ендіруге арналған. Есен Ықыласұлы ҚР БҒМ қаржыландыратын «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты ғылыми жоба жетекшісі болды.
Есен Ықласұлы қазіргі таңда білімді цифрландыру жағдайында Әл-Фарабидің математика, физика және педагогика салаларындағы ғылыми мұрасын заманауи білім беруге енгізу бойынша зерттеуді жалғастыруда.
Әл-Фарабидің математика-физика, жаратылыстану бағыттарындағы мұрасын зерттеулерінің бірегейлігі (уникальность) ретінде математикалық бағыттағы мәселелерді шешуде алгоритмдік тәсілді, ал физика мен жаратылыстану бағытында эксперименттік тәсілді пайдаланып, зерттеулердің қолданбалық бағдарда жүргізілуін атап өтуге болады. Осы тәсілдердің қолданылуы мен зерттеулердің қолданбалық бағдарда жүргізілуі Фараби бабамыздың зерттеулерін оқып зерттеу мақсатында электрондық оқытудың дидактикалық құралдарын жасауға мүмкіндік беріп, оқушыларды заманауи оқытуда үлкен жетістіктерге жеткізуі әбден мүмкін.
Өйткені, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде алгоритм ұғымы жатса, ал эксперименттік тәсілдер, оларды тікелей іске асыру арқылы ( бұл күрделірек), басқаша жаңа технологияларды, оның ішінде ақпараттық технологияларды, комьютерлік-математикалық модельдеу, виртуальды модельдеуді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал, қарастырылып отырған әл-Фараби мұрасының қай бағыты болмасын, оларды білім беруге ендіруде бізді заманауи білім беру технологияларын цифрлық технологияларды пайдалануға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнде әл-Фарабиді зерттеу тұрғысынан ҚР ҒМ Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлім Әбу Насыр әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде.
Осыған қарамастан, жас ұрпақты ілім-білімге, ғылымның жауһарларына қызықтырып, оларға, рухани, патриоттық білім-тәрбие беру мақсатында әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқу бағдарламаларына енгізіп, оқу құралы ретінде пайдалану сияқты игілікті ғылыми-әдістемелік зерттеулер мен шаралардың жоққа тән екендігін айта кеткен жөн.
Не дегенмен, осындай игілікті бағытта біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты жоба бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізіліп, ақпараттық технологиялар негізінде жасалынған білім беру технологиялары көмегімен алынған зерттеу нәтижесі бойынша педагогикалық ЖОО-ның студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің 1 оқу құралы тәржімеленіп құрастырылды, 3 оқу-әдістемелік құрал шығарылып, 1 авторлық куәлік алынды. Халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарында, журналдарда - 43, соның ішінде, Scopus базасында индекстелген импакт-факторлы журналдарда 3 мақала жарық көрді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық көлемде жүлделі орындарға ие болып, бір докторант PhD докторлық жұмысын қорғады. Осы айтылған істің нәтижелілігі мен зерттеу барысындағы жиналған тәжірибе әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқытып тәрбиелеуде пайдаланудың қажеттігіне сенім ұялатады.
Бұл жетістіктерге қарамастан, әл-Фарабидің өз жіктеуі бойынша математикалық мұрасына жататын математикалық бағыттағы сфералық тригонометрия мен астрономиясы, музыканың математикалық теориясы, сол сияқты оның физика саласы бойынша еңбектері заманауи білім берудегі өз орнын табатындай дәрежеде зерттеуді күтуде.
Әл-Фарабидің педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығы белгілі. Ол – шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты. Сондықтан да бабамыздың педагогикалық бағыттағы мұрасы заманауи білім беруде көрнекі орын алатындығына талас жоқ.
Ал, қарастырылып отырған әл-Фараби мұрасының қай бағыты болмасын, оларды білім беруге ендіруде біз заманауи білім беру технологияларын цифрлық технологияларды пайдалануға дейін жеткізуді көздейтін боламыз.
Жоғарыда келтірілген пайымдаулар қарастырылып отырған жұмыстың өзектілігін білдіретіндігіне күмән келтірмейді.
Бұл жұмыстың мақсаты – Әл-Фарабидің математика-физика, педагогика бағыттарындағы мұрасын заманауи білім беруге ендіру. Жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері бойынша оқытып тәрбиелеу мақсатында оның ғылыми мұрасын заманауи білім беру жүйесіне ендірудің ғылыми-әдістемелік негіздерін жасап, жүзеге асыру.
Осыған орай білім беруді әл-Фарабидің еңбектерімен байланыстырып, білім беру мазмұнын байыта, жастардың бойында патриоттық сезімді оята отыра, оларды ғылыми-әдіснамалық зерттеулерге қатысуға жұмылдырудың өте маңызды екенін атап өткен жөн.
Оның үстіне, бүгінгі таңда Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниетанымы мен идеяларын қамтитын мұралары аса өзекті және бүкіл адамзатқа жаһандық рухани дағдарысты жеңуге және заманауи ізгілікті қоғам құруға көмектесе алады. Ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «...адамдар мен халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады» дегені баршамызға белгілі. Мұнымен қоса, Шығыс пен Батыс философиясы, ғылым мен білімін байланыстырушы әл-Фараби мұраларының терең зерттелуі мен насихатталуы – академиялық ортаны жаһандық мәселелерді шешу жолдарын іздестіру мақсатына біріктіруге мүмкіндік береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа шындығы: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында қазақстандықтардың жас буыны арасында құндылық бағдарларын қалыптастырудың әл-Фарабидің рухани мұрасымен тығыз байланыста болуына ерекше назар аударуды нық айтқан еді.
Күтілетін нәтижелердің ғылыми және қолданбалы маңыздылығы бойынша Thomson Reuters және Scopus базасындағы журналдарға мақала беруді, Қазақстандық және шетелдік ғылыми конференцияларда баяндама жасау жоспарланып отыр.
Сонымен, 2022 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендияға үміткердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының оңды нәтижелері мен ғылыми зерттеулері болашағының зор екендігін ескере отырып, Бидайбеков Есен Ықласұлын мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға лайық деп есептеймін.


Абай атындағы ҚазҰПУ,
Басқарма төрағасы – Ректор Д. Билялов

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет