«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты


Сара Алпысқызы Назарбаева



бет6/29
Дата08.06.2016
өлшемі2.41 Mb.
#122994
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы Қызылжар селосында дүниеге келді. 1962 жылы Н.Ә. Назарбаевқа тұрмысқа шықты, үш қызы, немерелері, шөберелері бар. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы ЖТОО аяқтады, экономист, ҚазМУ–дың құрметті профессоры (2000 ж.).

1992 жылғы ақпан айынан бастап — «Б.» республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті. Қор өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді шешу, балаларға адамгершілік–рухани білім мен тәрбие беруде қоғамға нақты көмек көрсетеді. «Б.» қоры республиканың барлық аймақтарында жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардың балаларына қолдау және көмек береді. Сара Алпысқызы 1994 жылғы шілде айынан бастап — «SOS — детские деревни Казахстана» қорының президенті («Киндердорф Интернациональ» Австрия қорының филиалы). 1999 жылғы наурыздан бастап — «Демография» қайырымдылық қоры қорғаншылық кеңесінің төрайымы.

Сара Алпысқызы Назарбаеваның жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау саласында талмай еңбек еткені үшін марапаттары: I дәрежедегі Достық Ордені (желтоқсан 2001 жыл); «Алтын жүрек» халықаралық сыйақысының лауреаты (мамыр 2006 жыл); Өзін–өзі тану философиясына және оқу мәдениетіне зор үлес қосқаны үшін — Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медаль (қараша 2003 жыл); БҰҰ–ЮНИСЕФ балалар қорының естелік медалі (желтоқсан 2007 жыл); Ихсан Дограмачи атындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысы; Жетім балалардың мәселелерін шешуде ерекше еңбегі үшін — «СОС–Киндердорф» халықаралық қорының Алтын медалі (1999 жыл); «Unity» халықаралық сыйақысы; дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысының, өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани қалыптасуы, қайырымдылық және денсаулықты сақтау саласында жемісті еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйақысының лауреаты; Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері; «Звезды содружества» мемлекетаралық сыйақының лауреаты (2010 жыл).


Әдебиет: “Қазақ Энциклопедиясы”, II–том.
БҰҚАРАЛЫҚ мәдениет (ағыл. mass culture – бұқаралық мәдениет) — ХХ ғасырда Батыс елдеріне тән мәдени тип. Б.м. ұғымында қазіргі өркениетті елдерді қамтыған төмендегідей құбылыстар көрініс тапты: ақсүйектік (элитарлық) мәдениеттен оның бұқаралық бітіміне ауысу, бұқаралық ақпарат бұлақтарының жан–жақты дамуы, мәдени өнімдерді тұтынудың индустриал.–нарықтық түрлерінің үстемдік етуі, адамның рухани өмірін стандарттау және оны жарнама арқылы реттеу, адамдардың көңіл–күйі мен бос уақытын нарықтық мақсаттарда қолдану т.б. Б.м. адам тіршілігіндегі жалғыздық пен көпшілдік, руханилық пен пендешілік, сезім мен парасат сияқты түбегейлі парадигмаларды шешуге бағытталған. Ондағы қойылып отырған тағы бір мәселе – ұйқы мен жұмыс арасындағы бос уақытты қалай өткізу туралы. Егер постиндустриалдыққа дейінгі қоғамда тек азын–аулақ ақсүйектердің қолы бос болса, қазіргі Б.м. бұл деңгейге халықтың көпшілігі жете алды және оны қызықты өткізуге мүмкіндіктер туды. Б.м. тағы бір ерекшелігі оның жазу мәдениетінен экрандық өркениетке өту заңдылықтарымен байланыстылығында. Интернет жүйесімен тұтастырылған Б.м. ұлттық мемлекеттік шектен шығып әмбебапты жалпыадамзаттық сипатқа ие бола бастады, мәдени сұхбатты бір стильге келтіру оның қарым–қатынастық мүмкіндіктерін арттырды. Алайда Б.м. ішкі қайшылықтарға толы және оны барлық ұлттық мәдениеттерге үлгі ретінде ұсыну дұрыс емес. Мәдени құндылықтарды конвейерлік тәсілмен өндіру олардың тұлғалық шығармашылық мазмұнын кемітіп, адамдық жатсынудың жаңа формаларын қалыптастырады. Тек пайданы көздеу, ұлттық дәстүрлі мәдениетке жат әсіре сексуалдылықты, зорлық–зомбылықты, нәсіпқұмарлықты, арсыздықты, руханисыздықты дәріптеуге әкеп соғады. Б.м. үлгілері қазақ халқының ұлттық құндылықтар сүзгісінен өтуі қажет.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
БІРЛІК –әлеуметтік бүтіннің құраушы элементтері арасындағы өзара қарым–қатынасты, өзара ықпалды байланысты талдауға негізделе отырып, қоғамдық өмірдің дамуының бүгіні мен ертеңін анықтауды көздейтін әлеуметтік философиялық категория. Б – қоғамның ішкі тұтастығы мен тұрақтылығын, оны құраушылардың өзара үйлесімділігі мен жарасымдылығын, қауымдық ынтымақтастық пен татулықты, әлеуметтік бүтіннің мықтылығы мен қуаттылығын анықтайтын және оларға негіз болатын тұғырнамалық мазмұн. Б. әлеуметтік мәселе ретінде ежелгі дәуірлерден бергі Шығыс пен Батыс философиясында әлеуметтік философия шеңберінде қарастырылып отырды. Ежелгі Үндідегі буддизм әлеуметтік Б. мәселесін “Нирвана” концепциясы шеңберінде қарастыра отырып, төзімділік, тазалық, тақуалық, адамдар арасындағы сүйіспеншілік, бауырмалдылық сияқты адамгершілік нормаларын Б–ті сақтау қағидалары ретінде қарастырады. Жайнизм философиясы Б. идеясын “арылу” концепциясы аясында қарастырып, тірі жанға қиянат жасамау (ахимса), ұрлық жасамау (астейя), шыншылдық (сатья) дейтін ұстанымдарға негізделе отырып, адамдарға дұрыс мінез бен ұстамды қимыл жасауды уағыздау арқылы көрсетті. Жайнизмнің Б. ілімі бойынша, жива (жан, рухани бастама) – адамдардың бірлесе бірлікте өмір сүруінің басты дәнекері болып табылды. Ньяя әлеуметтік философиясы Б. көзін адамның жеке менін жетілдіруден көрсе, Йога жүйесі сабыр (яма) концепциясына негіздей отырып, адамды психофизиологиялық тәрбиелеу тәсілдері арқылы қарастырады. Ежелгі Қытай философиясы шеңберінде әлеуметтік Б–ке негіз болған Даосизм заңы – халықтың әлеуметтік ынтымағы мен ауыз бірлігінің маңыздылығын адамның дао жолына түсуі арқылы көрсетті. Оның басты ұстанымы: адамның рухани тепе–теңдікке жетуі, өнегелікке бет бұруы, өзімшілдіктен арылуы, осылар арқылы қанағатшылдыққа, шүкіршілікке, кісілік мінезге шақыру, адамның ішкі қуат күшін тәртіпке келтіру. Даосизм әлеуметтік үйлесім мен әділеттілікті Б. тірегі ретінде қарастырды. Конфуций әділетті мемлекеттегі Б. үлгісін адамның адамгершілік образын жасау, яғни “ли” (қоғамдық өмірдің моральдық негіздері) және “жэнь” (мейірімділік, адамдармен қарым–қатынаста қажетті адамгершілік қасиеттердің жиынтығы) ережелерін құрастыру арқылы көрсетті. Легизм ілімі әлеумет Б–гін қатаң заңмен бекітсе, моизм Б. феноменін “Аспан – патшаға үлгі, адамның адамсүйгіштігі аспанға үлгі болуы керек” деген қағидаға негіздеді. Ежелгі Грекиядағы әлеуметтік философия аясында Б. мәселесін “жеті даналар” дүниетанымынан көре аламыз. Олар өздерінің қысқа айтылған нақыл сөздерінде әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік–саяси қарым–қатынаста өзара ымыраға келіп, саяси бірлікті сақтау қажеттілігі сияқты зиялы әрі рационалды саяси–этикалық тұжырымдар қалдырды. М., Хилон мен Солон мықты Заңды – бірлік тірегі ретінде қарастырды. Пифагоршылар заңға бағыну арқылы орнайтын “реттілік пен гармония” Б – кепілі деп таныса, Сократ әділ заңды Б. өлшемі ретінде мойындады. Платонның “ізгілікті мемлекет” концепциясы әлеуметтік Б. идеалы болып табылса, Аристотельдің “политиясының” мәні саяси–әлеуметтік Б. арқылы анықталды. Ежелгі Римдегі Б. туралы ойлар Лукреций Кардың мемлекет – адамдардың өзара келісім–бірлігінің нәтижесі дейтін тұжырымы арқылы, ал Цицеронның Б – адамдардың туа біткен табиғи қасиеті деген ұстанымы арқылы көрініс тапты.

Ортағасырдағы әлеуметтік Б. туралы көзқарастар негізінен діни философиялық ұстанымдарға сүйеніп құрылды. Батыстағы ортағасырлық әлеуметтік философияның өкілінің бірі – Аврелий Августин Шіркеу заңын әлеуметтік Б. кепілі ретінде мойындады, Фома Аквинский әлеуметтік–саяси Б–ті ақылға негізделетін адам еркінің моральдық жауапкершілігінің көрінісі деді. Мұсылмандық шығыстағы ортағасырлық ойшылдар, әсіресе, әл–Фараби әлеуметтік Б.–ке жету жолын “ізгілікті қала тұрғындары” концепциясы арқылы, айқындап яғни адамдар арасындағы Б. адамның әлеуметтік мәнінің қалыптасу мүмкіндігі деп көрсетсе, әл–Маари өз заманындағы тирандық үдерісті сынай отырып, халықты Б.–ке шақырды. Әл–Ғазали имамат теориясын жасай отырып, әлеуметтік Б. символы ретінде халифаттағы сұлтанат пен имаматтың өзара бірлігін көрсетті. Сұлтанатты мемлекеттің қуаттылығын, беріктігі мен бірлігін қамтамасыз етуші күш ретінде таныды. Осыған байланысты әл–Ғазали сұхбаттасу, достық коцептісін әлеуметтік Б–ті іске асыру механизмі, ал әділдікті Б. ұстанымы ретінде ұсынады. Ибн Рушд әлеумет Б–гін қамтамасыз етуде дана адамдардың азаматтарды тәрбиелеудегі рөлін жоғары қояды. Ибн Халдун қоғамның пайда болуын адамдардың бірігу қажеттілігінен туындағанын негіздей отырып, әлеуметтік Б–ті сақтауды – мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі қызметінің бірі ретінде көрсетеді.



Түркілік Б. философиясына зейін аударсақ, Орхон–Енисей жазбаларында Тоныкөктің (646–731 жж.) түркі қағанатының ішкі тұтастығын ел Б–не тиянақтағанын байқауға болады. Оған жазбадағы: “…Менің ақылгөй Тоныкөктің ой–пікірін тыңдады да айтты… Мен оған ақылдылық ағайын және даңқ ағайын ретінде бағындым” –деген жолдар кепіл. Күлтегін (684–731 жж.) де түрік қағанатындағы “інілі–ағалының дауласқанын, бекті халықтың жауласқанын” көріп күйзеліп, өзіне: “Біз не үшін күрестік? Мемлекетіміздің құрып бара жатқанын көру үшін бе?” –деп сұрақ қойып, түркі халқының бірлігін сақтап, тату–тәтті болып Б–те өмір сүруге шақырады. Білге қаған (шамамен 681–734 жж.): “Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым”, –дей келе, халықпен қарым–қатынас жасау әдісін өзгерткендігін айтады: “Сонша құрап, біріккен халықтарды от пен су етпедім, олармен тіл табысуға ұмтылдым. Әлемнің төрт бұрышындағы халықты бейбітшілікке шақырдым, жауластырмадым, олардың бәрі маған бағынды”. Бұл оның бірлік пен ел ынтымағы үшін күрескенінің дәлелі. Білге қағанның ұлы – Йоллығтегін бүкіл түркі халықтарының Б–ін армандап, Күлтегін ескерткіштерінде: “Үстіңнен тәңірі баспаса, астында жер айырылмаса, түркі халқының ел–жұртын кім құртады” –деп сөз қалдырған. Ортағасырдағы түркілік ойшыл Махмуд Қашқари: “Жанжал шықса, ағайын ақылдасар… Әр бір күнің өтер деді хақ Мұстапа, үмбет болсаң қауымдасып бірге жаса” –деп халықты қай кезде де ұйымшыл, бірлікте болуға үндеп: “Жердің бастырығы тау, елдің бастырығы бек” –деп ел татулығындағы бектердің рөлін анықтай түседі. Жүсіп Баласағұн адамдардың Б.–гі мен ынтымағын бақытты, құтты қоғам құрудың басты мақсаты деп танып, өз “Құтты білік” дастанында әлеумет Б–гі негізіне ізгілік, адамгершілік, әдептілік, салауаттылық сияқты моральдық құндылықтарды салды. Елді басқару ілімінің түркілік нұсқасын қалыптастыра отырып, ел басының негізгі қасиеті – әділеттілік деп белгілейді. Ел басқарған әкімдерді жамағат Б–гін бұзатын күншілдік, ашкөздік, қатыгездік, кекшілдік сияқты жағымсыз мінездерден сақтандырды. Ислам дінінде қоршаған ортада бірлік пен ынтымақ басты ұстаным, ал оларды сақтау әр адамның азаматтық парызы, міндеті және борышы деп есептелінеді. Сопылық философияның өкілі Қожа Ахмет Йассауи өзінің “Диуани хикмет” (Ақыл кітабы) атты поэмасында әлеумет Б–гін төрт – шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат – ұстанымдарына негіздеді. Ортағасырлық түркілік философия өкілі Сүлеймен Бақырғани да бұл тұста өзінің әлеумет Б–гі туралы ойларын адамның өзін–өзі тану арқылы болатынын және менмендік, сараңдық, қызғаншақтық, көрсеқызарлықтан арылған, ұрыс–керістен тазарған, рухани азаттыққа қол жеткізген адам ғана Б. тірегі дегенді уағыздайды. Ахмед Йүгінеки “Ақиқат сыйы” атты еңбегінде адамзаттың Б.–гін уағыздап, оған жеткізетіндерді анықтап және нұқсан келтіретіндерден сақтандырған. Рухани жетілу – Б. тамыры, қоғамның рухани мазмұндылығының негізі ретінде мойындалған. Б–ті бұзатындар – нәпсі, жаман мінездер, жақсылық та, жамандық та тілден келеді деп есептеген. А. Йүгінеки: “Тегің асыл – деп біреулер мақтанар, мен айтатын тура жауап сақтанар. Бұл халықтың ата–анасы, тегі бір – арасында айырма жоқ сақтанар” –деп адамзаттың өзінше біртұтас әлем болатындығын жырлаған. Мұсылман үшін қоғамнан бөлініп, ел ішінде бүлік шығару үлкен күнәлардың бірінен саналады. Алла Тағала қоғамда бүлік шығарудың қаншалықты күнә екенін мына аятпен білдіреді: “Бүлік шығару (фитна) адам өлтіргеннен де бетер” (Бақара сүресі, 217–аят). Сондықтан өзі өмір сүріп отырған қоғамды қандайда бір бөлінушілікке, жікшілдікке, бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын істерге жол бермеу әр мұсылманның парызы болып саналады. Ол мына аятта бекітілген: “Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бір–біріңнен бөлінбеңдер” (Али Имран сүресі, 103–аят). Мұсылманның айғағы Құран хадис болғандықтан, Әз Пайғарымыздың хадисінде: “Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан (қауымнан, көпшіліктен) бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады” (Муслим Имара –54) –деп келтіреді. Әлеуметтік бірлікті сақтау арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға бағытталған заңдар мен ережелер, қағидалардың болуын ислам мойындаған және оларға бағыну мұсылманға міндет етілген. Мыс., Құран Кәрімде: “Ей иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарына және сіздерден шыққан әмір иелеріне бой ұсыныңдар” (Ниса сүресі, 59–аят) –көрсетілсе, Пайғамбардың хадистерінде: “Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады, кім әміршіге итағат етсе, маған тиағат еткені, кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені. Мұсылман адамның ұнатпаған нәрсесі болса да араларыңда әміршілеріңді тыңдау және оған итағат ету уәжіп (міндет). Егер күнә …істерді әмір ететін болса, мұндай жағдайда қарсы шығуға болады” (Муслим Имара, 32–33, 38) –деп айтылады.

Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік Б. философиясы аясында Н. Макиавелли мемлекеттегі тұрақтылық пен әлеумет бірлігін сақтауда басшының билікті игере алу қабілетіне үміт артады. Т. Мор өзінің “Утопиясында” әлеумет Б.–гі туралы идеясын ортақ қоғамдық меншік, адамгершілік концепциясына негіздеп жасады. Ж. Боден өзінің Б. туралы көзқарасын монархиялық билікті күшейтумен байланыстырады және әлеуметтік қауымдастық бірлігі негіздерін (заң, жанұя және т.б.) құрастырды. Т. Кампанелла ұжымдық тұтастықты әлеуметтік Б. тұтқасы ретінде қарастырды. Жаңа замандағы әлеуметтік философия бойынша, Т.Гоббс әлеумет тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз етуде монархиялық билікке үміт артса, Джон Локк өзінің “Басқару туралы екі трактат” деген еңбегінде әлеуметтік Б.–ті адамдардың мемлекетке бірігу мәжбүрлігінен болатындығын айта отырып, былай деп жазады: “…адамдардың мемлекетке бірігулері мен өздерін сол үкімет билігінің қол астына берулерінің ұлы да басты мақсаты – өз меншіктерін сақтап қалу болып табылады”. Француз ағартушысы Ш.Л. Монтескье “Заңдар рухы” атты еңбегінде тәрбие заңдары мен билік түрін сәйкестендіру арқылы Б.–ті зайырлы қауым адамдарының бекзаттық, шынайылық, әдепті, абыройлы мінездеріне негіздейді. Ж.–Ж. Руссо қоғамдық келісім теориясын жасай отырып, адамдардың бірігіп өмір сүруге мәжбүр болатындығын мойындайды. Ол әлеуметтік Б.–ті: “Біздің әрқайсысымыз жеке басымызды және барлық күшімізді ортақ игілікке және жалпы ерікті жоғары билеушіге береміз, оның нәтижесінде біздің бәріміз үшін әрбір мүше тұтастықтың бөлінбес бөлігіне айналады” –деген қоғамдық тұтастық идеясы арқылы көрсетеді.



Б. – қазақ халқының өмірлік әлеуметтік философиясындағы маңызды моральдық–аксиологиялық ұғымдардың бірі. Б. адам мен адам, адам мен әлеумет, әлеуметтік қабаттар мен топтар арасындағы өзара үйлесімді байланыстың үлгісі болатын ынтымақтастықтың, бауырмалдықтың, жарасымды татулықтың көрінісі, біртұтас ел болудың белгісі. Ол белгілі бір әлеуметтік топтың, әлеуметтік қабаттың, ұжымның, халықтың, жалпы адамзат баласының мақсат, мұрат, мүдделерінің тоғысынан туындайды. Қазақ даналығы Б.–тің әлеумет тіршілігіндегі орны мен маңызын “жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі алады”, “бірлігі жоқ ел тозады”, “айырылған азады”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлігі күшті ел озады, бірлікті ел бұзылмас”, “қосылған озады”, “ел бірлігі – ел теңдігі”, “бірлік түбі – береке” дейтін ұстанымдармен тұйықтаған. Б.–ті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, ішітарлық, көреалмаушылық, араздық, алауыздық деп тауып, жамағатты мұндай жағымсыз мінездерден бойын алыс ұстауға шақырды. Б. бүтін елдіктің, ұлт болып ұйысудың, жұдырықтай жұмыр жұрт болудың басты кепілі саналған. Сондықтан елдің билік тізгінін ұстаған азаматтары – ақсақалдар, билер, батырлар, хандар мен данагөй–шешендер ел ішіндегі өрбіген дау–дамайларды, ушыққан жанжалды тоқтау айтып басып, шешім қабылдап тиым салған, ел бірлігіне сызат түспеуін жіті қадағалап отырған. Қазақ қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы әлеуметтік Б.–ті би–шешендер, ең алдымен, бір типті көшпелі өмір салтпен, біртекті шаруашылық түрімен, ортақ дала кеңістігімен, сонан соң қазақ дейтін ұлы атаумен, мұсылмандыққа тән ұстанымдармен түсіндірді, осының бәрі қазақ қауымы үшін рухани Б. болмысын қалыптастырды. Б.–ке рухани тірек – “адамның күні адаммен” дейтін ұстаным болды.. Қазақтың дәстүрлі бірлік философиясында әрбір субъект әлеуметті біріктіруші қызметін атқару мәртебесіне ие болып, әлеумет тоғыстырушы тұлғаға айналады. Олардың әрқайсысы өзімен қатынасқа түсуші субъектілерді үнемі өзіне теліп, өзіне қатысты етілген жағдайда топтастырды. Осы орайда “Жақынның бәрін жатсынған, туысқан қайдан табады” (Майқы би), “Іздеп келер інің бар болса, бақытың барын сонда біл. Аңсап келер ағаң бар болса, ардағың барын сонда біл” (Төле би), “…Үлкен сөзін тыңдау ізет, үндемеу парыз, кішінің жолы” (Айтуар би), “Ағасы ұрар болар, інісі көтерер болар… Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі деген…” (Бөлтірік шешен), – деген сөздердің әлеуметтік Б. тұрғысындағы маңызы зор.
ГАРМОНИЯ, үйлесімділік (грек. harmonіa – сәйкестік, келісім, үндестік) — белгілі бір тұтастықтың бөліктері мен элементтерінің бірегейлігі, бірге әрекет етуі, өзара үндестігі. Адамдық сезім және мағыналықпен толықтырылған үйлесімділікті әсемдік деп атайды. Г. хаос, ретсіздік, жүйесіздік ұғымдарына қарсы бағытталған. Жалпы тіршілік пен адамзаттың қалыптасуын хаостан Г–ға өту деп бағалауға болады. Антикалық мәдениетте Г. әлемдік әмбебапты дүние құрастырушы принцип түрінде қабылданады. Натурфилософтар макроғарыш пен микроғарыштың (адамдық әлемнің) үйлесімдігін басты ұстанымға айналдырған. Платон бойынша, үйлесімділік ізгілік пен әсемдіктің негізгі белгісі болып табылады. Гераклит үйлесімділік арқылы қарама–қарсылықтар бірігеді деген. Жалпы антикалық мәдениетте адам мен полис, тән мен жан, адам мен табиғат арасындағы Г–ны жоғары бағалау тән. Қайта өркендеу мәдениетінде Г. гуманизм аясында қарастырылды. Лейбниц бүкіл әлемге тән үйлесімділік туралы жазды. Қазіргі мәдениеттануда Г. принципі жалпы адамдық мәдениетті бейнелеуде кең қолданыс тауып отыр.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
ГЕНЕАЛОГИЯ – туысқандық қатынастарға негізделген, шыққан арғы тектен бастау алатын ұрпақтар сабақтастығын білдіретін ұғым. Г. жай хронология немесе ата–бабалар аттарының жалаң тізімі емес, ол нақтылы адамдардың тек өзінің жақын тегін біліп қана қоймай, сонымен бірге бүкіл этноспен табиғи байланысын және рухани тұтастығын сезінуге бағытталған. Г. тек адамдардың туысқандық–тектік бірлестіктерін ғана сипаттамайды. Мыс., тілдік байланыстарда “Г. ағашы” тәсілі қолданылып, тілдік шоғыр, топ, бөліктер айқындала алады. Айталық, қазақ тілі Алтай тіл шоғырындағы түрік тобы, қыпшақ бірлестігіне жатады. Г. принципі қазақтың дәстүрлі мәдениетінде кең қолданыс тапқан. Жеті аталық үрдіске негізделген туысқандық қатынастар бүкіл этносты біріктірген (“қарға тамырлы қазақ”). Қазақ мәдениетіндегі Г–лық принцип әрбір адамды қауыммен тұтастырып тұрған әлеуметтік тетік қызметін атқарған. Г–ның қазақ өміріндегі нақтылы көрінісіне шежірешілдік жатады. Шежіре, әдетте, “Г. ағашы” принципі бойынша құрылып, онда бүкіл этностың арғы тектері анықталған. Орталық Азия халықтарының ең белгілі шежірелеріне жататындары: “Түрік шежіресі”, “Моңғолдың құпия шежіресі”, “Әбілғазы–Баһадүр–ханның шежіресі”, Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресі”, Ш. Құдайбердіұлыны” “Түрік, қырғыз–қазақ һәм хандар шежіресі” және т.б. Ислам діні қуат алғаннан кейінгі қазақ арасындағы шежірелерде арғы текті Адам атадан бастау да дәстүрге айналды. Сонымен қоса қазақ мәдениетінде субъмәдениеттерге қатысты Г–лық құрылымдар да кездеседі: Үш жүздің шежіресі, қожаның шежіресі, төренің шежіресі, төлеңгіттің шежіресі, сунақтың шежіресі, ноғайдың шежіресі т. б.
ГЕНОЦИД (грек.genos тек, қауым, лат. Caedo өлтіремін) — нәсілдік немесе этностық басымдылық пен жеккөрушілікті желеу етіп, адамдық бірлестіктерді жою әрекеттері. Нәсілдік Г. адамзат тарихында ақ нәсілдің айрықшалығы және үстемдігіне негізделген ұстанымдарды басшылыққа алып, Американың байырғы тұрғындары үндістердің бірталай бөліктерін құртып жіберу әрекеттерінде, негрлерді құлдыққа сатып, оларды туған жерлерінен аластату қимылдарында, Гитлердің “арийлік нәсілдің” үстемдігін орнату мақсатындағы еврейлерді қудалауында т.б. көрініс тапты. Г–тің негізі – этностарды “адамдар” және “адамсымақтардан” құралған деген принцип бойынша алалау. Этникалық Г–тің мысалдарына қазіргі заманда да кездесетін әртүрлі “этникалық тазартулар” мен ұлтаралық соғыстар жатады. Г. этникалық емес негізде де жүзеге асуы мүмкін. Мыс., Камбоджадағы пол–потшылардың халықты өлтіру зұлымдықтары. Қазақ халқы да өз тарихында бірнеше Г–тік зұлымдықтарды басынан өткізді (18 ғ., 20ғ–дың 30 ж–нда). Г. қазіргі әлем мәдениетіндегі басты құндылықтардың бірі болып есептелетін күш көрсетпеу принципі бойынша қатты айыпталады.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ГИПЕРМӘТІН (грек. hyper – жоғары, ар жағында) — мәтіндер иерархиясында, жүйеге айналған, сонымен қоса мәтіндердің көптігін білдіретін арнаулы құрылым. Г–нің қарапайым мысалына сөздіктер мен энциклопедиялар жатады: ондағы әрбір мақала осы сөздіктегі басқа мақалаларға сілтеме береді. Осындай мәтінді әр түрлі оқуға болады: Г–дік сілтемелерді ескермей, қажетіне қарай, бір мақаладан екіншісіне; сілтемелерді ескере отырып, мақалаларды басынан аяғына дейін; немесе, бір сілтемеден келесісіне ауысып, Г–дік саяхат жасау кездеседі. В. Рудневтің “Қазіргі мәдениет сөздігі осы үшінші тәсілмен құрастырылған. Айталық Г. мақаласын оқу үшін гипершындық, виртуалдық шындық, сананың өзгерілген түрлері сияқты мақалаларымен міндетті түрде танысу қажет. Г. әдетте, тізбектік сипатта болады және ол түзу сызықты емес ой лабиринтіне ұқсас. Оған бір енгеннен кейін, қайта шығу қиындық туғызады.

Мыс., “Көк шалғынды кесуші” фильмінде кейіпкер компьютерлік виртуалды шындықтармен танысқан соң, парасаты мен денесі күшейіп, әлемдік билікке ұмтыла бастады, бірақ компьютерлік Г–ге түскеннен кейін одан шыға аламай қалды, өйткені, ол өз паңдығының қақпанына түсті. Мыс., Адам белгілі бір Г–ді қабылдайды: нақтылы бір тілдік ойындарды, қарым–қатынас шеңберін, ойлау тәсілдерін, әдеттегі кітаптарды т.б. Енді ол осы өзін жалықтырған дүниеден кетейін десе, оны қалыптасқан Г. ережелері ұстап тұрады. Олардан шығу үшін үлкен ырық қажет. Бірақ, ол адамды ырықсыз билей алады. Г. адаммен ойын ойнағандай болады.


Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.
ГИПЕРШЫНДЫҚ —гипермәтін және виртуалды шындық ұғымдарына жақын, француз философы Жан Бодрийар ұсынған ұғым. Г–ты түсіну үшін шындықты мәтінмен қоса алу керек те, мәтінді гипермәтін ретінде қабылдау қажет, сонда Г. түсінігі шығады. Бодрийар пайымдауынша біз осы Г–та өмір сүріп тұрмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары, толассыз ақпарат ағын адам санасын мүлдем билеп алған. Адам дауыл кезіндегідей кеменің үстінде бір шетінен екіншісіне домалай береді. Мыс., 1991 ж. Ирак пен АҚШ–тың арасындағы соғыс шындық мағынасында болған жоқ. Бұл компьютерлер дисплейімен видеопроекторлар экранына “отырғызылған” гипермәтіндік соғыс болды. Бұл ешқандай мистика емес, ол Г. метафизикасы, ояу түс. Тіпті, компьютерлік көркем әдебиет және оның, тым болмаса, бір классигі белгілі. Оның фамилиясы да – Джойс, бірақ есімі Джеймс емес – Майкл және ол “Улиссті” емес, компьютерлік роман “Тал түсті” жазды. Бұл романды тек компьютер дисплейінде ғана дәл оқуға болады. Ол Г. түрінде құрастырылған. Клавиштерді басу арқылы оны соңынан басына дейін де, эпизодтарын ауыстырып та оқи беруге болады. Г–та уақыт пен кеңістік жасанды болып шығады: кеңістік – прагматикалық, ал уақыт болса – сериалды. Мыс., Г–та қазіргі оқиғаны суреттей келе, тарихтың терең қойнауларына кетіп қалуға болады, одан болашаққа жету үшін бір кнопка жеткілікті. Г. – адамдық мәдениеттің ерекше бір тілдік бітіміне жатады.
ГОБЕЛЕН – қолмен тоқылатын суретті, түксіз кілем. Тар мағынада Парижде 1662 ж. құрылып, бояушы Гобелендер есімімен аталған мануфактура өнімдерінің жалпылама атауы. Кейін дербес суретшілік өнер түріне айналған Г–нін бөліктері түрлі түске боялған жібек не жүн жіптерден тоқылып, бір–бірімен тігіліп біріктіріледі. Г. дербес суретшілік өнер туындысы ретінде алғаш Франция, Италия, Испания, Германия елдерінде дамып, кейін Ресей, Балтық бойына, Кавказға кең тараған. Қазақстан бейнелеу өнерінде Г. тоқу 20 ғ–дың 70–жылдарынан бастап күрт өркендеді. Оның дамуына үлес қосқан суретшілер: Қ.Тыныбеков, И.Ярема, Б.Зәуірбекова, Ә.Бапанов, С.Бапанова, Л.А. Анисимов, К.Жұбаниязова, Е.П. Николаева, Б.Өтепов, Ш.Қожаханов, т.б. 80–жылдардан бастап Г. қоғамдык орындарды безендіруге кеңінен қолданылды. Алматыдагы "Қазақстан" мейманханасының салтанат залын әсемдеуге арналған "Қазақстан" Г–і үшін (ауд. 100 м2) суретшілер Ярема, Зәуірбекова және Тыныбековке (қайтыс болғаннан соң) 1980 ж. Қазақстан Мемл. сыйл. берілді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ГРАФИКА (грек. gгарһіке, gгарһо – жазамын) – бейнелеу өнерінің бір жанры. Г–да сызықтар, штрихтар, ашық және қара (қоңыр) дақтардың арақатынасы шешуші рөль атқарады. Сондай–ақ, заттардың ең негізгі белгілері таңдап алынады. Г–ға гравюраның барлық түрлері (литография, линогравюра, ксилография), плакаттық, сатиралық сурет түрлері жатады. Бейне қарындашпен, көмірмен, бормен, қаламұшпен тікелей қағазға түсіріледі немесе арнайы өңделген тақталарға (гравюра) немесе таска (литография) бедерленіп, қағазға содан басылады, кейде баспалық–мех. әдіс арқылы көбейтіледі. Бейнелеу кұралдарының карапайымдылығымен әрі көп таралыммен басып шығаруға ыңғайлылығымен Г. бұқаралық байланыс, ақпарат саласында (плакаттар, пошта маркалары, экслибристер, газет–журналдар), кітаптарды, әдеби шығармаларды безендіру үшін, әр түрлі тақырыпқа карикатура, шарж, жалпы нобай, композиц. эскиздер салу үшін, т.б. заттарды көркемдеуде кеңінен қолданылады. Г–да акварель, гуашь, пастель пайдаланылады. Қазақстандык Г–лық суреттердің ежелгі (палеолит дәуірі) үлгілеріне Балқаш, Түркістан, Маңғыстау, т.б. жерлерде жартастарға салынған суреттер жатады. Қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнеріндегі Г. 1930–50 жж. аралығында қалыптасты. Ә.Қастеев ("Қазақстан", пейзаждар сериясы 1930–60), В.И. Антощенко–Оленев (І.Жансүгіровтің пор–треті, 1958), Е.А. Говорова ("Тау тасқыны", 1959); Қ.Қожықов ("Тал түс",1960); Е.М. Сидоркиннің автолитограф. сериялары ("Қазақтын ұлттық ойындары", 1963); М.Қисамединовтың "Махамбет" (1973), "Құрманғазы" сериялары, т.б. суретшілер шығарм. Қазақстан Г–сының дамуына елеулі үлес қосты.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ГУМАНДЫЛЫҚ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) — тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін жүзеге асыру құндылығын мойындау, адам игіліктерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. тармағында — орта ғасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам екендігін мойындаудан бастау алады. Г–тың теориялық тұжырымы ретінде И. Канттың мына ойын келтіруге болады: “Мен мынаны айтамын: адам және кез келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет”. Теориялық ілім ретінде Г–тың негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда, ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл–камили әл–инсаний) Ислам Ренессансының өкілдері (әл–Кинди, әл–Фараби, суфийлер, парсы–тәжік ақындары) жан–жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте Г. идеясы “басқаға деген махаббат” және “жақынға деген махаббат” түсініктері арқылы берілген. Егер біріншісінде адам өзін және жақындарын адамзатқа деген абстракты сүйіспеншілік үшін құрбандыққа шалуға тиіс болса, онда екіншісі нақтылы адамға бағытталған. Г. негізінде алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес, адамды қастерлеу идеясы жатыр.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005.
«ГҮЛДЕР» – республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі. 1969 ж. Қазақстанның халық артисі Гүлжихан Ғалиеваның ұйымдастыруымен құрылған. Қазір ансамбльді белгілі сазгер–әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы басқарады.

Ансамбль құрылған күннен бастап көрермендер жүрегінде ерекше орын алды. Ансамбльдің негізін эстрада–цирк студиясын бітірген жас талантты әншілер мен бишілер құрады. 1973 жылдың өзінен бастап–ақ ансамбльге Оңтүстік–Шығыс Азия елдерінде концерт беру ұсынылды. Бұл сол кездегі жас ансамбльге артылған зор міндет еді, әйтсе де коллектив бұл концерттерді үлкен абыроймен орындап қайтты. Әрі қарай Кубаның астанасы Гаванада өткен XI студент жастар фестивалінің лауреаты атағын алып келгеннен кейін ансамбльге нағыз танымалдық келіп жетті. Ансамбль қазақстандық көрермендер мен жастардың нағыз сүйіктісі мен мақтанышына айналды.

Ансамбль еліміздің эстрада жұлдыздарының барлығына дерлік, үлкен өмірге жолдама беретін өнер алаңы болды. Оның дәлелі — Гүлжан Талпақова, Сара Тыныштығұлова, Рамазан Елебаев, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Құдайберген Сұлтанбаев, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев, Асан Мақашев, Гүлнәр Сиқымбаева, Нағима Есқалиева, Бақтияр Тайлақбаев, Мақпал Жүнісова, Майра Нұркенова, Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова және тағы басқа көптеген өнер майталмандары осы ансамбльдің түлектері.

Бүгінгі күні ансамбльде «Г–дің» ірге тасы қаланғаннан бастап, қазақ әндерінің қаймағын бұзбай халыққа жеткізіп жүрген әнші, домбырашы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, Шәкизада, Жанна Орынбасарова, Жұбаныш Жексенұлы, Бейбіт Қорған, «Азия» тобы, дуэт «KZ» «Алтын–ай» таңғажайып шоу, домбырашы күйші Олжас Сүлейменов, сонымен қатар басқа да Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары атанған жас әншілер мен репертуарында әлем халықтарының 27 түрлі биі бар мың бұралған «Г.» бишілер тобы жұмыс істейді. Жетекші–балетмейстер ҚР мәдениет қайраткері — Раушан Бегжанова. Би труппасы Үндістан, Монғолия, Болгария, Қытай, Куба, Израиль, Германия, Жапония, Оңтүстік–Шығыс Азия, Түркия және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, халықтың зор ықыласына ие болды.

Ансамбль көптеген өкілеттік шараларда, Елбасылары кездесулерінде және үкіметаралық іс–жиындарда жиі өнер көрсетіп тұрады. Еліміздің мәдениетіне, өнеріне «Г.» ансамблі өзінің үлесін барынша қосып келе жатыр. Республикамыздың түкпір–түкпірінде және шет елдерде көрсетіп жатқан концерттерге көрермендер асыға жиналып, ансамбльді үлкен ықыласына бөлеуде.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©dereksiz.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет