342.725 (574.54):376.7:316.74:81 Қолжазба құқығында
БОДЫҚОВА ӘСЕЛ АМАНТАЙҚЫЗЫ
Қызылорда қаласының тілдік жағдаяты:
әлеуметтік лингвистикалық мәселелері
6М020500 - Филология мамандығы
бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі академиялық
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
рефераты
Қызылорда, 2012 ж.
Диссертациялық жұмыс Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің филология факультетінде орындалды.
Ғылыми жетекшісі: Филология ғылымдарының кандидаты,
А.М.Абасилов
Ресми оппонент: Филология ғылымдарының кандидаты,
доцент С.Асанбаева
Диссертация 2012 жылы «__» маусымда сағат 9.00-де Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі, 61. №1 оқу ғимараты, Филология факультеті, 133-дәрісхана) қорғалады.
Диссертациямен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.
Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының хатшысы,
филология ғылымдарының кандидаты Оралова Г.
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгелі мемлекеттік тіліміздің және өзге ұлттардың тілі мен мәдениетінің дамуына, өсіп-өркендеуіне мүмкіншілік туды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп, тілдерді дамыту мақсатында кешенді бағдарламалар жасалып, олар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Осыған орай, елімізді мекен ететін түрлі ұлттар мен этностардың, олардың ана тілінің қоғамдағы әлеуметтік қызметін айқындау саласында тіл мамандары мен ғалымдардың іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми тұрғыда талдаулар жасауына тура келеді және оларға артылар жүк те аз емес.
Еліміздегі мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі, жалпы алғанда, баршаға аян. Оның қызметінің Қазақстанның әр түкпірінде әр түрлі екені және белгілі. Алайда мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қай жерде қанша көлемде және қай салада қандай дәрежеде екені басшылық органдарына анық та нақты деп айта алмаймыз. Кейбір басқару органдары мамандарына белгілі болуы да мүмкін, бірақ оны ескере бермейді. Республика бойынша белгіленген шаралар сол нақты фактілерге негізделмей, жалпылама сөзге құрылады, ал бұл тілдердің жер-жерде тиісті дәрежеде дамуын қамтамасыз етпейді. Қазақстанда тілдердің, әсіресе мемлекеттік тілдің дамымауының бір себебі - осы. Не істеу керек? Тіл саясатының жергілікті жердегі жүзеге асу жайы зерттелуі шарт, сол бойынша нақты іс-шара белгіленіп, оның өмірге енгізілуі бақылауға алынуы тиіс.
Тілдің мемлекеттік мәртебесі нақты жүзеге асуы үшін үкімет тарапынан білікті басқару қажет, басқару білікті болуы үшін жергілікті тілдік жағдаятты (языковая ситуация) білмей болмайды. Бұл, әсіресе, жер аумағының көлемі бойынша әлемде алғашқы ондыққа енетін елдің санатындағы Қазақстан үшін әлеуметтік лингвистикалық зерттеу жүргізілуі шарт, тіл құрылысы тізгінін ұстап отырған басшылар соны социолингвистикалық ұсыныстарға зәру. Демек, қазақ тілінің елімізде мемлекеттік мәртебеге лайық қызмет атқаруы үшін алдымен оның қоғамдағы нақты жағдайын анықтап, сол жағдайды жөндейтін жолдарды іздестіру қажет.
Әлемдік тәжірибеде белгілі болғандай, тілдің қоғамдық қызметін дамытудың дұрыс жолын анықтайтын - социолингвист, ал қолданатын - үкімет. Зерттеудің өзектілігі, міне, осындай әлеуметтік қажеттілікте.
Кең байтақ еліміздің жергілікті жерлеріндегі тілдік жағдаяты әртүрлі. Бірсыпыра облыста жағдай бірсыдырғы көңіл жұбатарлық деңгейде болып келсе, көптеген облыста ол мейлінше өткір күйде сақталуда, ал бұл ұлтаралық қатынасты, белгілі дәрежеде ұлтішілік жағдайын да ширату орнына шиеленістіріп отыр. Міне, осындай жағдай мемлекеттік тілді дамыту мәселесін басқару біліктілікпен жүргізілмей отырғандықтан, атап айтқанда, жалпылама қойылғандықтан болып отыр.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тұтастай республика көлемінде жүзеге асыру үшін оны жергілікті жердің жағдайын зерттеуден бастау қажет. Ал осындай асқаралы мақсатқа жету үшін оны жергілікті тілдік жағдаят пен оған әсер ететін түрлі факторлар ескерілетін аймақтық іс-шаралар жүзеге асуы тиіс. [1, 5]
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметін арттыруды жергілікті тілдік жағдаяттарды ескере отырып жүзеге асырудың, сол зерттеулердің нәтижесі бойынша бағдарламар дайындаудың қажеттігі туындап отыр, бұл мәселенің ғылыми-теориялық тұрғыда талданбауы салдарынан қарама-қайшылықтар орын алып отырғаны байқалады. Қарама-қайшылықтар бізге зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты «Қызылорда қаласының тілдік жағдаяты: әлеуметтік лингвистикалық мәселелері» деп таңдауымызға себепші болды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда республикадағы тілдік жағдаят, тіл саясаты, оның өзіндік бағыттары біршама зерттелді. Бұл бағытта Б.Хасанұлы, М.М.Копыленко, А.Е.Карлинский, М.К.Исаев, З.К.Ахметжанова, С.Т.Саина, Э.Д.Сүлейменова сынды ғалымдармен қатар, А.М.Құмарова, Г.А.Досмұхамбетова, А.М.Абасилов, С.А.Асанбаева т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Б.Хасанұлы 1976 жылы жарық көрген «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» еңбегінде көпұлтты Қазақстандағы тілдік жағдаятқа мінездеме берді. Қазақстан халқы тілдерінің араласуын, орыс, ұйғыр, қырғыз, өзбек, тәжік, корей, неміс т.б. Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың ауызша және жазбаша тіліндегі қазақшылықтың кездесуіне талдау жасады. Кеңес кезіндегі орыс, ұйғыр, дүнген, корей және неміс тілдерінің Қазақстандағы қызметіне тоқталды [2,172].
Онан кейін ғалымның 1987 жылы «Казахско-русское двуязычие (социально-лингвистический аспект)», 1989 жылы «Национальные языки: поиски и перспективы» еңбектері жарық көрді. Бұларда орыс-қазақ қостілділігінің шығу жолдары, қазақтардың екі тілді еркін меңгеру ерекшелігі нақты сөз болады. Сондай-ақ Қазақстандағы халықтардың тіл меңгеру тәжірибелері нақты статистикалық зерттеулерге сүйене отырып беріледі. Мұнда біртілділік, қостілділік, үштілділік, төрттілділік ұғымдары сипатталып, осындай құбылыстардың әлеуметтік лингвистикалық сипаттамасы көрсетілген. Қостілді, үштілді және төрттілді ұлт өкілдерін нақты мысалдармен дәлелдеп береді.
1990 жылы жарық көрген А.Е.Карлинскийдің «Основы теории взаимодействия языков» еңбегінде тілдердің бір-біріне әсер ету мәселесі, қостілділік, оның пайда болуы және қоғамдағы орны, табиғи және жасанды билингвизм, тілдік бірлік, интерференция, оның типтері, интеркаляция типологиясы т.б. мәселелер қамтылған [3, 5-22]
Қазақстандағы тілдік саясат мәселесіне қатысты «Языковая политика в Казахстане и пути ее реализации» атты жинақ 1990 жылы, қостілділік мәселесін талдаған М.М.Копыленко мен З.К.Ахметжанованың «Психолингвистический аспект двуязычия. Проблемы национально-русского двуязычия» еңбегі 1991 жылы жарық көреді. 1992 жылы шыққан Б.Хасанұлының «Ана тілі - ата мұра» еңбегінде ана тілінің әлеуметтік-лингвистикалық сипаты, қостілділік, оның әлеуметтік-лингвистикалық мәні, Қазақстанның тілдік жағдайы және тілдік реформа жылдарындағы ана тілінің даму барысы т.б. көптеген әлеуметтік-лингвистикалық мәселелер жан-жақты қарастырылады.
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстандағы тілдік жағдаят мәселесіне қатысты бірқатар докторлық, кандидаттық диссертациялар жазылып, қорғалды. Б.Хасанұлының «Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан» тақырыбындағы докторлық диссертациясында қазақ тілінің Қазақстандағы қызметінің әлеуметтік лингвистикалық мәселелері, тілдік жағдаят, тіл мен қоғамның байланысы, көпұлтты мемлеккеттердегі тілдердің қарым-қатынасы мен дамуының жалпы теориясы, Қазақстандағы көптілділік және қостілділік мәселелері қаралды. С.Т.Саина «Казахкско-русское двуязычие в городах Казахстана (социально-лингвистическое исследование)», Г.С.Суюнова «Речевое поведение казахов-билингвов», Б.Ж.Құрманова «Социально-лингвистические проблемы функционирования государственного языка в западном регионе Республики Казахстан» тақырыптарында кандидаттық диссертациялар қорғады.
А.М.Құмарова «Социально-лингвистические проблемы формирования казахской языковой среды в Республике Казахстан» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында қазақ тілінің қазіргі таңдағы қызметіне, әлеуметтік-лингвистикалық сипатына, тілдік ортасының қалыптасуы және орнығуы мәселелеріне тоқталған [4, 3-9].
А.М.Абасиловтың «Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы қызметі: социолингвистикалық проблемалары, оларды шешу жолдары» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы Қазақстан Республикасының солтүстік аймағының әлеуметтік-коммуникативтік жүйесіндегі мемлекеттік тілдің орнын айқындап, оны дамытудың теориялық, практикалық мәселелерін зерттеуге арналған.
Жалпы Қазақстанның этнолингвистикалық және тілдік жағдаяты, оның жекелеген аймақтардағы әлеуметтік лингвисткикалық мәселелері біршама зерттелді. Бірақ Қызылорда қаласының тілдік жағдаяты өз алдына жеке зерттелген жоқ.
Зерттеудің нысанасы. Диссертация Қызылорда қаласының этнолингвистикалық және тілдік жағдаятын анықтау, әлеуметтік лингвистикалық мәселелерін зерттеуге арналған.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты Қызылорда қаласының этнолингвистикалық және тілдік жағдаятын зерттей отырып, оның проблемаларын шешуді аймақ бойынша нақтылы жоспарлауға ұсыныс жасау.
Диссертация белгіленген мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- мемлекеттік тіл, оның өзіндік мәні мен қоғамдағы қолданыс аясына талдаулар жасау, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі бүгінгі ахуалына шолулар жүргізу;
- Қызылорда қаласындағы этностар және олардың қызметтік жүктемелеріне талдау жасау, олардың өлкемізге келіп орналасу тарихына, қазіргі кездегі ұлттық мәдениетінің дамуы мен тілдік қарым-қатынасына зерттеу жүргізе отырып, тілдік саясатты қолдану жолдарын ұсыну;
- Қызылорда қаласының тілдік жағдаятына сипаттама бере отырып, ондағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын, меңгерілу дәрежесін анықтау, мәселелердің шешілу жолдарына нақты ұсыныстар беру;
- Қызылорда қаласындағы қостілділік, көптілділік мәселелеріне талдау жасау.
Зерттеудің деректі көздері. Аталған мақсат пен міндеттерге жетуде бұрынғы одақтық ғалымдардың (Ю.Д.Дешериев, В.А.Аврорин, Л.Б.Никольский, А.Д.Швейцер, М.Н.Губогло, В.Г.Гак, Ә.О.Орысбаев т.б.) социолингвистикалық тұжырымдары мен идеяларына сүйендік. Және қазақстандық ғалымдардың (А.Байтұрсынов, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ш.Ш.Сарыбаев, Р.Ғ.Сыздықова, С.Исаев, Н.О.Оралбаева, Ғ.Қалиев, З.К.Ахметжанова, Э.Д.Сүлейменова, Б.Х.Хасанов т.б.) идеялары мен пікірлері қолданылып, басты назарға алынды.
Қызылорда қаласының этнолингвистикалық және тілдік жағдаятын зерттеуде қазақ тілі мен тіл білімі бойынша ғылыми еңбектер, мерзімді басылымдар, халық санағының мәліметтері, жыл сайынғы демографиялық, статистикалық материалдар пайдаланылды.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Қызылорда қаласындағы тілдік жағдаят пен оның қалыптасу, даму деңгейін анықтау үшін мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасалып, одан анықталған мәліметтер мен нәтижелерді қорыту, саралау, талдау тәсілдері қолданылды; әрбір этнос арасында тілдік жағдаяттарды анықтау мақсатында социологиялық сұрау әдісі; мемлекеттік тілдің қаламыздың қоғамдық өміріндегі қызметіне бақылау жасау тәсілдері пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі. Отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық еңбектеріне, социолингвистикадағы зерттеудің әдістеріне сүйене отырып, тілдің қоғамдық қызметі, оның қоғаммен байланысы, ұлттар мен этностар тілі және мәдениетінің бір мемлекетте өмір сүруі, әлеуметтік және тілдік құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы туралы ілім зерттеудің әдістемелік негізі болып табылады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қызылорда қаласының этнолингвистикалық және тілдік жағдаяты тұңғыш рет магистрлік диссертация көлемінде зерттеу нысанасы болып отыр. Осы орайда мынадай мәселелер ғылыми шешімін тапты:
- Қазақстандағы мемлекеттік тіл қызметі және әлемдік тәжірибедегі тілдік қызметтің көрінісіне талдау жасалынып, социолингвистикалық тұрғыдан зерттеу жүргізілді;
- Қызылорда қаласындағы тілдерді, оның ішінде мемлекеттік тілді дамытуды аймақтық тұрғыдан нақтылы жоспарлаудың жолы ұсынылып, аймақ бойынша дамытудың негіздемесі мен қағидаттары (принциптері) ұсынылды;
- әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан Қызылорда қаласының тілдік жағдаяты сипатталып, ондағы қазақ тілінің өмір сүру формалары мен қолданылу салаларына зерттеу жүргізілді, проблемалары анықталды;
- мемлекеттік тілді және өзге тілдерді дамытудың Қызылорда қаласы бойынша бағдарламасын құруға және оны жүзеге асыру тетіктерін (механизмін) жасауға ғылыми-практикалық ұсыныстар жасалды.
Зерттеудің теориялық құндылығы. Зерттеудің нәтижелері Қызылорда қаласында мемлекеттік тілді қоғамның қажетті салаларына енгізу және дамыту мәселелері бойынша жүргізілген зерттеулерді толықтырып, тереңдете түседі. Тіл дамытуда қала бойынша халықты этностарға топтастыру, олардың тілдік жағдаят түрін (типін) анықтау, оған әсер ететін факторларды айқындау социолингвистиканың ұғымдық аппаратының одан әрі дами түсуіне үлесін қосады.
Зерттеудің практикалық маңызы. Диссертацияда келтірілген мәліметтер мен талдау нәтижелері Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласының тіл саясатын нақтылауға, әсіресе, жергілікті жердің өзіне, ондағы мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандарына, басшыларына көмекші құрал бола алады. Диссертацияның негізгі мазмұны әлеуметтік лингвистика саласы болғандықтан, осы пәнді игеруде студенттер мен магистранттарға әдістемелік құрал ретінде пайдалануға келеді. Диссертацияның Қызылорда қаласының тілдерді дамыту жөніндегі бағдарламасын жасауда маңызды ғылыми деректер базасы ретінде көмегі маңызды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
1) мемлекеттік тілді қоғам өміріне орнықтыру мен дамытуды халықаралық құжаттар деңгейінде, мемлекеттік қамқорлық пен бақылау арқылы, жалпыхалықтық түсіністік тұрғысында жүзеге асыру;
2) қазақ тілін ана тілі ретінде, республиканың мемлекеттік тілі мәртебесінде дамытуды Қызылорда қаласы бойынша жоспарлау. Бұл – қаланы ұлтқа немесе тілдерге бөліп тастау емес, қайта жекелеген аймақ бойынша жүзеге асыру арқылы нақтылы шешімдер қабылдау;
3) Қызылорда қаласының тілдік жағдаятын сипаттап, оған әсер ететін әлеуметтік факторларды көрсету, тілдік жағдаят түрін анықтау, ондағы мемлекеттік тілдің орнын белгілеу. Бұл тілдік құрылысты білікті басқару үшін қажет;
4) мемлекеттік тіл мен өзге тілдерді дамытудың жергілікті бағдарламасы мен оны жүзеге асырудың тетігін (механизмін) жасау. Бұл – Қазақстанда, соның ішінде Қызылорда облысында, тіл дамытудың жалпымемлекеттік стратегиясын жүзеге асырудың, тиімді, оңтайлы ұсыныстары әрі нәтижелі жолы.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары мен нәтижелері кафедрада, ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланған. Жұмыс нәтижелері бойынша ғылыми басылымдарда екі мақала жарияланды: 1. Қызылорда облысындағы тілдер: қазіргі жағдайы, ерекшеліктері мен проблемалары // «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы. №3, 2012ж., 63-66 б. 2. Мемлекеттік тілді меңгеру - уақыт талабы, қоғам сұранысы // Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанынан шығарылған жас ғалымдардың ғылыми еңбектерінің жинағы. Қызылорда, 2012ж. (баспада).
Жұмыстың құрылысы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және зерттелу деңгейі, зертеудің нысанасы, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, деректі көздері, әдістері мен тәсілдері, теориялық-әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы айқындалады. Зерттеу жұмысының теориялық практикалық маңыздылығы көрсетіліп, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануының барысы баяндалады.
Зерттеу жұмысының «Қызылорданың этнолингвистикалық жағдаяты» деп аталатын бірінші бөлімі үш тараушаға бөлінген. «Қызылорда қаласы: тарихы, әкімшілік-аумақтық құрылымы» деп аталатын бірінші тараушада Қызылорда қаласының тарихы, әкімшілік-аумақтарға бөлінуі және қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы баяндалады. Қала тарихына қатысты мәліметтер «Сыр елі» атты Қызылорда облысының энциклопедиясынан, Қызылорда қаласының 180 жылдығына арналған «Қызылорда» және «Қазыналы Қызылорда» сияқты қала тарихы туралы жазылған еңбектерден алынып, зерттеу жұмысының мақсатына орай қысқаша берілген. [5,6,7,8].
Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің оң жағалауының төменгі сағасында орналасқан. Қала аумағы 2,4 мың шаршы км, немесе облыс аумағының 1,1 % - ын құрайды. Қаланың әкімшілік-аумақтық құрамына 2 кент және 7 ауылдық округтері кіреді. Атап айтар болсақ, Қызылжарма, Ақжарма, Ақсуат, Талсуат, Қосшыңырау, Қызылөзек, Қарауылтөбе ауылдық округтері және Белкөл мен Тасбөгет кенттері қаланың әкімшілік-аумақтық құрамына кіреді. Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, Қызылорда қаласындағы халық саны 284248 адам, яғни облыс халқының 41,9 пайызын құрайды.
Қызылорда қаласы – облыстағы экономикалық тұрақты дамудағы өңір болып табылады. Соңғы бірнеше жылда қалада әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өзгерісінің оң динамикасын қамтамасыз ететін қолайлы экономикалық ахуал қалыптасты,
Қызылорда қаласы экономикасының негізін өнеркәсіп құрайды. Жалпы облыстық өнеркәсіптік өнімдер өндірісі көлеміндегі қала үлесі 2009 жылы 95,3%–ды құрады. Тұтастай алғанда өнеркәсіп бойынша нәтижелерді қалыптастыруға кен өндірісі саласы елеулі ықпал етіп отыр.
Қызылорда қаласы сапалы күріш өсіретін өңір болып саналады. Қалада құрылыс материалдары, тігін бұйымдары, жиһаз және т.б шығарылады.
Бүгінде таңда қаладағы шағын және орта бизнес кең қанат жайып келеді деп айтуға толық негіз бар. Шағын және орта бизнес халықтың жұмыспен қамтылуының, тауар мен қызметтің кең профилінің қалыптасуының, салықтың елеулі үлесінің бюджетке түсуінің едәуір пайызын қамтамасыз етеді. Қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері қарқынды динамиканы көрсетеді.
2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қызылорда қаласында қазіргі уақытта 1485 сауда нысандары жұмыс істейді, олардың ішінде 988 тұтыну тауарларын сататын сауда кәсіпорындары, 71 дәріханалар желісі, 259 сауда дүңгіршектері, 153 сауда қоймалары, 14 сауда базары халыққа қызмет көрсетеді. Осы мәліметтерді беру арқылы қазақ тілінің осы салаларда қолданылу ауқымы көрсетіледі. Осы аталған өндіріс орындары мен өнеркәсіптерде жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі қазақтар. Демек, бұл - сол жердің барлығында да қазақ тілі қолданылады деген сөз. Бұл - қазақ тілінің сол сала, сол өнеркәсіп, сол өндіріс тілі ретінде дамуына, ондағы ғылыми терминологияның қалыптасып, жүйеленуіне жағымды әрі игілікті ықпал етеді деген сөз.
«Қызылорда қаласындағы жалпы тілдік ахуал: мемлекеттік тіл және өзге тілдердің қолданылуы мен даму барысы» деп аталатын екінші тараушада жалпы Қызылорда облысындағы және қаладағы мемлекеттік тіл және өзге тілдердің бүгінгі таңдағы қолданылу барысы жайы баяндалады.
Ана тіліміз қилы-қилы кезеңдерді басынан кешірді. Өткен тарихымызға көз салсақ, Ресейдің отарында болғаннан кейін осы күнге дейін іс-қағаздар орыс тілінде жүргізіліп келгендігі бәрімізге мәлім.
Дегенмен, қазіргі таңда еркіндік алып, егемендігімізді жариялағанымыздан кейін тәуелсіз ел екенімізді танытатын өз тіліміз бар. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Көпэтносты мемлекет үшін мемлекеттік тіл қажет. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл - көпұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Қазақстанда өмір сүретін барша ұлт өкілдері де біздің ана тілімізге үлкен жауапкершілікпен қарап, тіліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда.
Қазіргі таңда облыс көлемінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатында Қызылорда облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Тілдерді үйретудің өңірлік орталығы мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы жүйелі түрде «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» басшылыққа ала отырып жұмыстар жүргізуде.
Ана тіліміздің кең қанат жаюына байланысты біздің мемлекетімізде тұратын басқа ұлт өкілдеріне арналған Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен Тіл комитететі құрылды. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту республикалық орталығы» құрылған уақыттан бері өз мақсат-мұраттарына сай мемлекеттік қызмет жүйесінде қазақ тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» мен «Тіл - құралынан» басталған қазақ тілінің қамы қазіргі уақытқа дейін еш күн тәртібінен түскен емес. Әрбір зерттеуші, тілші-ғалым мемлекеттік тіліміздің өз мәртебесіне сай қоғамдық- әлеуметтік қызмет етуін қамтамасыз етуге ат салысса және ол істі өз туған өлкесінен бастаса, еңбегі жемісті болары сөзсіз.
«Қызылорда қаласындағы этностар және олардың тілдерінің қызметтік жүктемелері» деп аталатын үшінші тараушада Қызылорда қаласының ұлттық құрамы, ана тілі бойынша бөлінісі туралы нақты мәліметтер беріліп, этностардың тілдерінің қызметтік жүктемелері сараланады. Қызылорда қаласының этнолингвистикалық жағдаятын сипаттауға жалпылай және нақтылай қатысы бар қолдағы мәліметтерді есепке алсақ, одан жалпы Қазақстанның және оның өзге де қала, облыстарындай көпэтносты екендігін көруге болады. 2009 жылғы халық санағының мәліметі бойынша Қызылорда облысындағы барлық халықтың саны 678794 адам болса, Қызылорда қаласының халқының саны 284248 адам, яғни облыс халқының 41,9 пайызын құрайды. Оның ішінде 138006 ер адам, яғни қала халқының 48,55 пайызын құраса, 146242 әйел адам, қала халқының 51,45 пайызын құрайды [9,8].
Қала халқының этникалық құрамына келетін болсақ, 2009 жылғы санақ бойынша Қызылорда қаласының халқы 284248 адам. Мұндағы ұлт өкілдерінің үлесі төмендегідей: қазақтар 259327 адам, орыстар 12894 адам, өзбектер 1104 адам, украиндар 346 адам, ұйғырлар 121 адам, татарлар 1534 адам, немістер 122 адам, кәрістер 6773 адам, түріктер 250 адам, әзірбайжандар 195 адам, дүнген 1 адам, курдтар 9 адам, тәжіктер 79 адам, поляктар 11 адам, шешендер 414 адам, қырғыздар 117 адам болса, 867 адам басқа ұлт өкілдері болып табылады. Жынысы бойынша жекелей тоқталсақ, Қызылорда қаласындағы 138006 ер адамдардың 126364-і қазақтар, 5838-і орыстар, 558-ін өзбектер, 163-і украиндар, 61-і ұйғырлар, 665-і татарлар, 51-і немістер, 3280-і кәрістер, 151-і түріктер, 117-і әзірбайжандар, 37-і белорустар, 1-і дүнген, 7-і курдтар, 42-і тәжіктер, 2-і поляктар, 225-і шешендер, 59-ы қырғыздар, 385-і басқа ұлт өкілдері. Ал қаладағы 146242 әйел адамдардың 132963-і қазақтар, 7056-ы орыстар, 546-ы өзбектер, 183-і украиндар, 60-ы ұйғырлар, 869-ы татарлар, 71-і немістер, 3493-і кәрістер, 99-ы түріктер, 78-і әзірбайжандар, 47-і белорустар, 2-і курдтар, 37-і тәжіктер, 9-ы поляктар, 189-ы шешендер, 58-і қырғыздар, 482-і басқа ұлт өкілдері болып табылады.
Соңғы халық санағының мәліметінде Қызылорда қаласындағы халықтардың ішінде саны біршама көп 69 этностың саны мен олардың қала халқының ішінде алатын орны, өз ана тілін және өзге тілдерді меңгеру мәліметтері берілген. Олардың ішінде аймақ көлемінде өтіп жатқан әлеуметтік және тілдік процестерде қомақты рөл атқаратын этностар бар. Бұл қала тұрғындарының 91,23 пайызын құрайтын қазақтардың өзі, 4,54 пайызын құрайтын орыстар және үлес салмағы 2,38 пайызға жететін кәрістер. Қала тұрғындарының қалған бөлігін әр түрлі этностар құрайды. Олардың ішінен сандық үлесі жағынан алағашқы бестікке кіретіндерге: татарлар (1534 адам), өзбектер (1104 адам), шешендер (414 адам), украиндар (346 адам), түріктер (250 адам) жатады. Қала тұрғындарының қазақтардан өзгесінің барлығы бұрынғы одақтық республикадан келгендер, ал кейбіреулері сырт елдердегі ірі және аз санды халықтардың өкілдері болып табылады.
Қазақстандық социолингвист ғалымдар Қазақстан Республикасындағы тілдерді сөйлеушісінің саны мен атқарып келе жатқан қоғамдық қызметінің көлеміне қарай шартты түрде үш топқа бөліп көрсетеді [10, 159]:
1) қоғамдық қызметінің ауқымы кең тілдер;
2) қоғамдық қызметінің ауқымы тар тілдер;
3) қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер.
Бұл біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Қызылорда облысына, оның ішінде Қызылорда қаласына да тән. Қызылорда қаласындағы қоғамдық қызметінің ауқымы кең тілдерге қазақ және орыс тілдері жатса, қоғамдық қызметі біршама дамыған, дегенмен тар ауқымды қамтитын тілдерге корей, украин, татар тілдерінен басқа өзге этностарға қарағанда үлесі көптеу өзбек, түрік, шешен т.б. этнос тілдерін айтуға болады. Бұл тілдердің қай-қайсысы да қаладағы этносішілік тіл ретінде ұлттық мәдениетте қолданылады.
Қызылорда қаласындағы сөйлеушісінің саны мен қоғамдық қызмет ауқымы жағынан үшінші топқа жататындар - сөйлеушісі санаулы болып келетін, өзіндік жазуы жоқ, тек қана жанұя ішінде, өз ұлысы өкілдері арасында, ауыз әдебиетінде ғана, соның өзінде шектеулі қолданатын тілдер. Мәселен, Қызылорда облысында әр жерде бір кездесетін санаулы ғана адам сөйлейтін қарашай, қарайым, лак, осетин, хакас, черкес т.б сияқты тілдер.
Қызылорда қаласының көпэтносты екенін жоғарыда айттық. Осы орайда Қызылорда қаласында бүгінгі таңда түрлі ұлттық мәдени орталықтар құрылған. Атап айтар болсақ, «Понтийцы» деп аталатын гректердің қоғамдық ұйымы, Қызылорда облыстық түрік қоғамдық мәдени орталығы, Қызылорда облыстық татар қоғамдық мәдени орталығы, «Вайнах» деп аталатын Қызылорда облыстық шешен ұлттық мәдени орталығы, «Lev ami» деп аталатын Қызылорда облыстық еврейлер ұлттық мәдени орталығы, Қазақстанның кәрістері ассоциациясының Қызылорда филиалы – қоғамдық ұйымы, Қызылорда облыстық өзбектер қоғамдық – мәдени орталығы, «Wiedergeburt» деп аталатын Қызылорда облыстық немістердің қоғамдық мәдени орталығы, «Славян» қоғамдық мәдени орталығы, «Қазақстанның орыстар қауымы» Қызылорда филиалы, Қызылорда облыстық қырғыздар қоғамдық – мәдени орталығы сияқты ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істейді.
Магистрлік диссертацияның екінші бөлімі «Қызылорданың тілдік жағдаяты» деп аталады. Онда «тілдік жағдаят» және «этнолингвистикалық жағдаят» ұғымдарының мәні айқындалып, бұл екі ұғымның өзара байланысы мен ерекшелігі, тілдік жағдаятқа әсер ететін обьективті және субьективті факторлар сөз болады. Қызылорда қаласындағы мемлекеттік тілдің өмірдің әр түрлі салаларындағы қолданыс аясы, меңгерілу дәрежесі, орыс тілі мен өзге этнос тілдерінің қолданылуы мен дамуы, меңгерілу жағдайы және Қызылорда қаласындағы қостілділік, көптілділік мәселелері баяндалады.
«Қызылорда қаласындағы мемлекеттік тіл: өмір салаларындағы қолданыс аясы, меңгерілу дәрежесі» деп аталатын бірінші тараушасында «мемлекеттік тіл» ұғымының мәні сараланып, оның өмірдің әр түрлі салаларындағы қолданыс аясы және Қызылорда қаласындағы мемлекеттік тілдің меңгерілу дәрежесі нақты мәліметтер арқылы жан-жақты талданады.
«Мемлекеттік тіл» ұғымы жаңадан пайда болған түсінік емес, ол - күллі әлемдегі елдерде ғасырлар бойында қолданылып келе жатқан бұрыннан бар ұғым. Мемлекеттік тіл - кез келген мемлекет үшін қажетті құбылыс. Демек, қандай да бір мемлекеттің өзіне қызмет ететін негізгі тілі болуы заңды құбылыс.
Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы дамуы мен қызмет етуін зерттеген ғалым А.Абасилов өзінің диссертациясында мемлекеттік тілдің жалпы сипаттамасын беруде мынадай мәліметтер береді: «Жалпы әлемдегі тілдік процеске назар аударсақ, онда «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» дегендер өзара синоном сөздер ретінде ұғындырылады. Әрине, «ресми тіл» терминінің «мемлекеттік тіл»терминінен бөлектеніп қолданылатын сәттері де кездеседі. Мұндайда ол бір мемлекеттен тысқары елдер, мемлекеттер арасындағы келісілген тіл қызметінде қолданылуы мүмкін. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс тілі деген сияқты т.б. [1, 15] Бұл екі терминнің бір мемлекет аумағындағы қолдануына келсек, әлемдегі көптеген елдерде әлеуметтік маңызы зор салаларда қолдануы үшін заңдастырылған негізгі тілді көбінесе «ресми тіл» деген атаумен беру қалыптасқан. Мысалы, Энциклопедиялық заң сөздігінде оған мынадай анықтама беріледі: «Государственный язык. см. Официальный язык» [11,87] Официальный язык - основной язык государства, используемой в законодательстве и официальном делопроизводстве, судопроизводстве, обучение и т.д.» [11,303]
Ал біздің елімізде қазақ тілінің Конституциядағы мемлекеттік мәртебесіне байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігінде мынадай анықтама берілген: «Мемлекеттік тіл - тұрғылықты халықтың және Қазақстан Республикасы азаматтарының басым көпшілігінің тілі» [12, 67]. Дегенмен, мемлекеттік тілді мемлекеттің негізгі ресми тілі, тұрғылықты халықтың және басым көпшіліктің тілі деп анықтау жеткіліксіз. Өйткені мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған тілдің сол елдің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесінде өзіндік орны мен ролі болуы қажет. Сондықтан оған Б.Хасанов: «Государственный язык - основной компонент социально-коммуникативный системы определенного государства, выделенный в официальное положение - в ранг государственного», являющийся обязательном к использованию всем населением на всей территории страны и в различных сферах жизни», - деп анықтама беріп, толықтырады [13, 36].
Әлеуметтік лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірін тілдің қоғамдық қызметін зерттеу құрайды. Тілдің қызмет ету тәжірибесі ақуалының обьективті көрсеткішіне мынадай социолингвистикалық белгілер: тілдің қоғамдық қызмет көлемі, қызметтік аясы және тілдің қолданылатын салалар саны жатады. Осыған орай, Ю.Д.Дешериев тілдердің қызмет ету жағынан дамуын зерттеу - тілдерді қарастырудың ең жоғарғы деңгейі болып саналады, өйткені бұл деңгей тілдерді қоғамның материалдық және рухани өмірдегі барлық салаларының дамуымен ажырамас байланыста зерттеуге жағдай туғызады дей келе: «Судьба любого языка, его роль и значении в жизни общества, перспективы его функционирования зависят от его общественных функций», - деп атап көрсетеді [14, 26].
Тілдің қоғамдық өмірдің нақты бір саласында қолданылуы оның нақты қызметі де, ал оның қолданылатын орындары бойынша саралануы қоғамдық қызметі болып табылады. Қоғамдық өмірдің саласы мейлінше көп. Олардың көпшілігі белгілі бір тұрақтылықта бола бермейді, керісінше, обьективті өзгерімпаздыққа ие. Мұны бүгінгі өмір шындығымен дәлелдеуге болады. Айталық, шаруашылықтың нарықтық тетігіне өту мынадай салалардың: банкілік қызмет, маркетинг, менеджмент т.б. дамуына түрткі болды. Бұл салалардың пайда болуы соларға сәйкес қатынас түрлерінің қарқынды дамуын туғызуда. Демек, уақыт өткен сайын бүгінгі күнде зерттелді деп танылған өмір салаларының саны мен мазмұны не азаяды, не ұлғаяды. Ол қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына байланысты. Сондықтан оны қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық даму деңгейіне оның толық санын көрсету мүмкін емес. Десек те, социолингвист ғалымдар тарапынан тілдің қоғамдық қызмет аясын анықтауда әр саланың іштей сала-салаға бөлінетіндігін ескере отырып, негізгі өмір салалары санын көрсетіп жүр. Айталық, Л.Б.Никольский тіл қолданылатын салаларды алтыға [15,20], В.А.Аврорин он екіге [16, 75], Ю.Д.Дешериев жиырма екіге бөлсе [17, 5-14], Ә.Орысбаев 13 негізгі сала мен 65 қосымша саланы атады [18, 142-145]. Ал Б.Хасанов қазақ тілінің Қазақстанда өмірдің 15 негізгі саласы мен 57 қосалқы саласында (подсфера), яғни небәрі 72 салада қолданылатынын көрсетті [10,177]. Сондай-ақ орыс тілінің қазақ халқының әр түрлі әлеуметтік топтары (слой) арасында қолданылуын М.М.Копыленко мен С.Т.Саина қарастырды [19]. Жұмыста біз осыларды негізге ала отырып, Қызылорда өңіріндегі қазақ тілінің азды-көпті қолданылатын негізгі салалардағы қызметін қарастырып, оларға мемлекеттік тілді толығынан енгізудің жолдарына ұсыныстар жасадық.
Қазақ тілін мемлекеттік мәртебе беру арқылы дамыту идеясын қазақстандық қоғамның басым бөлігі қуаттады және соның арқасында қазақ тілі жиырма жылдан астам тарихи отанында заң жүзінде бірден-бір ие мемлекеттік тіл ретінде қызмет етіп келеді. Шынында да, мемлекеттік егемендік алғаннан бері қазақ тілінің әлеуметтік-саяси маңызы артып, оның проблемалары алдыңғы қатарға шығарылып келеді. Бұл - қоғамның тіл дамытуға деген саналы әрекеті деген сөз.
Халық мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойды және оны күнделікті өмірде нақты қолданады деп айтуға әбден болады. Өйткені бүгінгі таңда Қазақстан халқының 74,0 пайызы (8988520 адам) мемлекеттік тілді меңгерген. Соның ішінде соңғы халық санағының мәліметі бойынша Қызылорда облысындағы 15 жас және одан жоғары жастағылардың 97,6 пайызы (464778 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін десе, соның ішінде 94,7 пайызы (450662 адам) еркін оқи аламын, 93,4 пайызы (444718 адам) еркін жаза аламын деп көрсетеді. Мұнан әрбір үш адамның екеуі мемлекеттік тілді меңгерген, біреуі нашар болса да біледі деген тұжырым жасауға болады. Бұл - бәстесуге болмайтын нақтылы факт, басқаша айтқанда, мемлекеттік тілдің еркін қанат жайып, өз мәртебесінде қызмет етуінің нақтылы көрінісі.
Соңғы 2009 жылғы халық санағының мәліметі бойынша облыстағы 15 жас және одан жоғары жастағы тұрғындардың ішінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша саны жағынан басым этнос өкілдері: қазақтар - 446623 адам (99,2%) , түріктер - 1034 адам (97,7%), татарлар - 1385 адам (89,8%), кәрістер - 4467 адам (68,5%), орыстар - 8195 адам (61,9%)
Мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша облыстағы ең аз санды этностар:
Бір адамы ғана меңгерген этностар: авар, кабардин, адигей, алтай, шор, араб, венгер, дүнген, румын, славян, фин, хорват, чех, монғол.
Бес адамына дейін меңгерген этностар: қарашай – 2 адам, қарайым – 2 адам, қырым татарлары – 2 адам, сығандар – 2 адам, үнді – 2 адам, парсы – 2 адам, лак – 3 адам, осетин – 3 адам, хакас – 3 адам, американдық – 3 адам, ауған – 3 адам, болгар – 3 адам, латыш – 4 адам, лезгин – 4 адам, черкес – 3 адам, қалмақ – 5 адам, коряк – 5 адам, қытай – 5 адам.
Мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша ең аз үлесті көрсететін этностар: Чехтар - 33,3%, арабтар - 33,3%, ингуштар - 50%, грузиндер - 56,3%, украиндар - 58%, белорустар - 66,3%
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыруда барынша ат салысып, тікелей көмекті қазақ халқына туыстас этнос өкілдері көрсетеді. Олардың ішінде бірінші кезекте қарақалпақтарды (100%), қырғыздарды (98,3%), түркімендерді (96,3%), түріктерді (97,7%), өзбектерді (93,9%), башқұрттарды (92,9%) айтуға болады.
Жоғарыда айтылғандарды негізге алар болсақ, облыс халқының барлығы дерлік мемлекеттік тілді меңгерген деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен, мемлекеттік тілді білмейтін немесе нашар меңгергендер облыс халқының 2,4 пайызын (11328 адам) құрайды. Оны облыстағы жүзден астам ұлт өкілдеріне бөлер болсақ, әр этностан шамамен 80-90 адамнан болады екен.
Өз ұлтының тілін меңгеру – бұл ұлттық сана-сезімнің өсу деңгейінің көрсеткіші және әрбір адамның қасиетті борышы. Ал өзге ұлт тілін меңгеру және күнделікті өмірде қолдану әлеуметтік қажеттілікті байқатады. Қызылорда облысындағы этнос тілдерінің меңгерілуі әр алуан. Жалпы жағдай мынадай: өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтындар барлық тұрғындардың 98,3 пайызын құрайды. Ал өзге ұлт тілін ана тілім деп санайтындары – 1,7 пайыз.
Өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтындардың ең көп үлесін төмендегі этностар алады: қазақтар (99,8%), орыстар (96,6%), түріктер (95,2%). Ал керісінше өзге этнос тілдерін ана тілім деп санайтындар ішінде көп үлес алатындар: белорустар (78,6%), украиндар (72,3%), кәрістер (72,0%). Бұлардан басқа өзге ұл тілін ана тілім деп санап, өз ұлтының тілінен мүлдем айырылған кейбір аз санды этностар да (мысалы, аварлар, осетиндер, қарашайлар, хакастар, монғолдар т.б.) бар. Бұлардың басым көпшілігі қазақ тілін, не орыс тілін ана тілім деп санайды.
«Қызылорда қаласында орыс тілінің қолданылуы мен дамуы, меңгерілу жағдайы» деп аталатын екінші тараушада Қызылорда қаласы бойынша орыс тілінің қазіргі таңдағы қызметі, қолданылуы және орыс тілінің меңгерілу дәрежесі қарастырылады. Орыс тілі - тұтынушылар саны бойынша славян тілдерінің ішіндегі біршама ірі тілдердің бірі. Ол үндіевропа тілдер семьясының славян тобындағы шығыс славян тармағына жатады. Орыс тілі - орыс ұлтының тілі және ТМД мен кезінде КСРО құрамына енген өзге де мемлекеттерде өмір сүрген көптеген халықтардың ұлтаралық қатынас құралы. Орыс тілі БҰҰ-ның, ЮНЕСКО-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың ресми және жұмыс тілдерінің бірі болып табылады.
Ресей Федерациясының Конституциясына сәйкес орыс тілі оның барлық аумағында мемлекеттік тіл болып табылады. Қазіргі ұлттық орыс тілі бірнеше формада өмір сүреді. Солардың ішінде жетекші орынды әдеби тілі алады. Әдеби тілден бөлек аймақтық және әлеуметтік диалектілері бар. Әдеби тіл екі түрде: жазбаша, ауызша формада.
Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан қарағанда Қазақстандағы орыс тілі Ресейдегі орыс тілінен ерекшеленеді. Орыс тілі үшін бізде керек жағдайдың бәрі жасалған. Өзінің этникалық отанынан кейін орыс тілінің қоғамдық қызметінің дамуына ең қолайлы жағдай халықтың төрттен бір бөлігін құрайтын Қазақстанда жасалған.
Қазақстандағы орыс тілі тарихи-қоғамдық категория. Орыс тілі елдегі ішкі этникалық және ұлтаралық қарым-қатынас қызметін атқарады. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзін басқару органдарында үш формада: ауызша, жазбаша, элоктронды түрде қазақ тілімен тең дәрежеде ресми түрде қолданылады.
Сонымен қатар қазақ тілімен қоса Қазақстанның шетелдері мен халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасауда қолданылады. Бұл тұрғыда орыс тілі Қазақстанда «мемлекетүстілік тіл» болып табылады.
Орыс тілі халық өмірінің барлық салаларына нық енген, сондықтан ұлттық-орыс тілі қостілділігі кеңес өкіметі кезіндегідей қарқынмен дамып келе жатыр. Қазақстандағы орыс тілінің күйін орыс ұлттық тілінің аумақтық нұсқасы деп қарауға болады. Басқаша айтқанда орыс тілінің әлемдегі қызметі мен жағдайымен салыстыра келе, лингвистикалық объект тұрғысынан ұлттық орыс тілінің қазақстандық нұсқасы деп анықталады.
Ал енді Қызылорда тұрғындарының орыс тілін меңгеру деңгейіне келер болсақ, соңғы 2009 жылғы халық санағының мәліметінде облыс халқының 15 жас және одан жоғары жастағыларының 88,5 пайызы орыс тілін ауызша түсінемін десе, соның ішінде еркін оқимын дегені - 77,9 пайыз, оның ішінде 71,8 пайызы орыс тілін еркін жаза аламын деп көрсетсе, қала халқының 93,3 пайызы орыс тілін ауызша түсінемін, 87,0 пайызы еркін оқи аламын, 83,6 пайызы еркін жаза аламын деп мәлімдеген (-кестені қараңыз). Көріп отырғандай, ауыл халқы мен қала тұрғындарының арасындағы айырмашылық соншалықты көп емес. Бұл - Қазақстанда, оның ішінде қазақы тілдік орта болып табылатын Қызылорданың өзінде орыс тілінің қолданылуы мен дамуы өз деңгейінде деп айтуға толық негіз бар деген сөз.
Орыс тілі ел тұрғындарының қарым-қатынасында сонау кеңестік заманнан кеңінен қолданылып, әбден мықтап орныққан. Сондықтан да республиканың қай өңірі болмасын ұлттық-орыс қостілділігі әлі де кеңестік замандағыдай даму қарқынында. Міне, осындай жағдай қазақстандық орыстардың басым көпшілігінің біртілді күйінде қалуына, тек өз этносының тілін ғана меңгеріп, өзге тілге, соның ішінде мемлекеттік тілді білуге ықылас танытпауына себепші болып отыр. Айталық, еліміздегі орыстардың небәрі 14,9 пайызы ғана мемлекеттік тілді меңгерсе, 0,9 пайызы ағылшын тілін, 0,4 пайызы неміс тілін біледі екен. Ал қазақтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысында бұл сең бұзылған деп сеніммен айтуға болады. Өйткені соңғы халық санағының мәліметінде (2009) қызылордалық орыстардың 15 және одан жоғары жастағыларының 61,9 пайызы (8195 адам) қазақ тілін ауызша түсінемін десе, оның ішінде 18,4 пайызы (2442 адам) еркін оқи аламын, 14,7 пайызы (1942 адам) еркін жаза аламын деп көрсеткен (17-кестені қараңыз). Ал орыстардың ішінде ағылшын тілін білетіндері 15,5 пайызды құрайды.
«Қызылорда қаласындағы өзге этнос тілдері, олардың қолданылуы мен дамуы» деп аталатын үшінші тараушада Қызылорда қаласындағы қазақ тілі мен орыс тілінен басқа халқының саны біршама көп және аймақ көлемінде өтіп жатқан әлеуметтік және тілдік процестерде қомақты рөл атқаратын кәріс, татар, түрік, өзбек, шешен, украин, неміс, қырғыз, белорус этностарының тілдеріне сипаттама беріліп, олардың қолданылуы мен даму жағдайы баяндалады.
Қызылорда облысындағы аталған тілдер, әлеуметтік лингвистикалық көзқарас тұрғысынан қарағанда, олардың негізгі отанындағы тілдерінен ерекшеленеді. Бұл тілдерді осы ерекшелік тұрғысынан алғанда ұлттық тілдердің бір түрі деп қарауға болады. Басқаша айтқанда, аталмыш ұлттық тілдердің қазақстандық варианты деп қарауға толық негіз бар.
Этнос тілдері Қазақстанның лингвистикалық егемендігі жағдайында өздерінің негізгі этникалық қауымынан жырақта Қазақстандағы тіл саясатының аясында және диаспоралық қоғамдарының көмегімен дамуда.
Қазақстанда тұратын барлық өзге этнос өкілдерінің басым көпшілігі сол тілдің әдеби формасында сөйлейді. Кейбір облыс, аудандарда диалектілері қолданылуы мүмкін. Бірақ бірде-бір диалекті әмбебаптық қарым-қатынас құралы болып табылмайды. Сондай-ақ, қазақстандық этностарға сол тілдердің тарихи отандарындағыдай қалалық сөйлеу тілі де тән емес.
Қазақстандық, оның ішінде қызылордалық диаспоралар тілінде қазақ сөздері молынан ұшырасады. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы диаспоралар тілі олардың тарихи отанындағы және әлемнің басқа да елдеріндегі тілдерінен ерекшеленеді. Бұл, алдымен, сол тіл көрініс табатын тақырып әр алуандығынан, қоғамдық қызмет көлемінен, көптеген типтегі қостілтілік және көптілділік түрлерімен, кейбір әр алуан деңгейдегі ішкі құрылымдық ерекшеліктерімен, сөздік құрамымен, лексика-семантикалық және стилистикалық ерекшеліктерімен, түрлі сөйлеулердегі қазақ сөздерінің грамматикалық тұлғаларымен, сол тіл мәтіндеріндегі қазақ сөздерінің грамматика-фонетикалық жазылымдарымен (Алматы, Астана, Қызылорда, мажилис, аким, тиын, теңге т.б.) ерекшеленеді.
«Қызылорда қаласындағы қостілділік, көптілділік мәселелері» деп аталатын екінші бөлімнің төртінші тараушасында қостілділік ұғымының мәні жан-жақты талданып, Қызылорда қаласындағы қостілділік, көптілділік мәселелері қарастырылады.
Қоғамның қоғам болып танылуы үшін оның мүшелерінің ортақ тілі (немесе тілдері) болуы шарт. Осы әлеуметтік қажеттілік негізінде қостілділік (көптілділік) пайда болып қалыптасады және қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет. Олай болса Қазақстан сияқты көпэтносты ел үшін қостілділікті насихаттау, әсіресе, бір сыңары мемлекеттік тілдегі қостілділікті дамыту – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Алайда мұндай типтегі қостілділік туралы, оның мәні мен анықтамасы жөнінде әртүрлі сыңаржақ пікірлер бар. Мұндай пікірлердің тууына О.С.Ахманованың қостілділікке «екі тілді де бірдей жетік меңгеру» деген анықтамасы себеп болып отыр [20,125]. Бұл мәселені белгілі социолингвист-ғалым Б.Хасанұлы өз еңбектерінде жақсы талдап түсіндіреді. Ғалым «қостілділік» дегенді біріншіден, тіл меңгеру емес, оны қолдану фактісі, процесі дей келіп, екіншіден, екі тілді де бірдей жетік меңгеру деген өте қисынсыз, мұндай бұрын болмаған, болмайды да деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, қостілділікті екі мемлекеттік тіл дегенмен шатастырмау керек, біріншісі – процесс, екіншісі – мемлекеттік акт, бұл қостілділікке емес, біртілділікке апарады. Қазақстан үшін пайдалысы ана тілі мен мемлекеттік тіл қатысқан қостілділік деген қорытынды жасайды [10, 308].
Қазақстан - бір сыңары (компоненті) қазақ тілінен тұратын қостілділіктің пайда болып, қалыптасуының қайнар көзі. Республикадағы әр түрлі этникалық қауымдастықтар өкілдерінің жергілікті қазақтармен күнделікті қарым-қатынасының негізінде әр жерде азды-көпті көлемде жүзден аса ұлттық-қазақ қостілділік түрлері пайда болды. Олар: курд-қазақ, ұйғыр-қазақ, корей-қазақ, неміс-қазақ, өзбек-қазақ, қырғыз-қазақ, тәжік-қазақ, чечен-қазақ, қарашай-қазақ, түрік-қазақ, әзербейжан-қазақ қостілділігі т.б.
Жалпы алғанда, республикадағы қазақтан басқа халықтың 1 проценттейі (яғни 129405 адам) ұлттық-қазақ қостілділігін жақсы меңгерген [10, 133]
Ал біздің қолымызда бар деректерге сүйенсек, 1989 жылғы халық санағының мәліметі бойынша Қызылорда қаласындағы барлық халықтың 47,6 пайызы қостілді болса, 52,74 пайызы біртілді екен.
Қостілділердің ішінде өз ана тілімен қоса екінші тіл ретінде не қазақ тілін, не орыс тілін, не өзге этнос тілін меңгергендер бар. Кейбір этностарда өз ана тілін екінші тіл ретінде меңгеріп те қостілділер қатарына қосылғандар бар. Қызылордада қаласында ұлттық-қазақ қостілділігі жақсы дамыған. Мұның себебі неде дегенде өңірдегі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие екендігін және Қызылорда халқының жергілікті тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайтынын ескеруіміз керек. Яғни қандай да этнос өкілі болмасын қоғамдық өмірдің кез келген саласында қажеттілігін өтеу үшін қазақ тілін үйренуге мәжбүр. Осы санақтың мәліметі бойынша Қызылордадағы қостілдіктің жоғары пайызын көрсеткен этностарға қазақтар, кәрістер, украиндар, татарлар, белорустар, немістер, өзбектер т.б. жатады. Айталық, қазақтардың ішінде 57,55 пайызы қостілді, кәрістердің 57,00 пайызы, украиндардың 56,58 пайызы, татарлардың 73,91 пайызы, белорустардың 51,86 пайызы, немістердің 61,06 пайызы, өзбектердің 73,00 пайызы қостілді. Яғни, Қызылордада кәріс-қазақ, украин-қазақ, татар-қазақ, белорус-қазақ, неміс-қазақ, өзбек-қазақ т.б. қостілділік түрлері кең таралған.
Ал біртілділердің алдыңғы қатарында орыстар тұр (95,39 %). Және қазақтардың 42,45 пайызы, кәрістердің 43,00 пайызы, украиндардың 43,42 пайызы, белорустардың 48,14 пайызы, азербайжандардың 45,40 пайызы, грузиндердің 65,20 пайызы, армяндардың 42,71 пайызы, еврейлердің 44,98 пайызы, тәжіктердің 42,60 пайызы біртілді. Ал татар, өзбек, неміс, шешен, грек, молдаван, түрік, башқұрт, чуваш этностарында біртілділік төмен пайызды көрсетеді. Яғни бұл этностар тек бір тілді ғана емес, екінші тіл ретінде өзге ұлттардың тілін қатар меңгерген. Және аталған этностардың басым көпшілігі екінші тіл ретінде орыс тілін меңгерген. Мұның басты себебі ретінде орыс тілінің Кеңес үкіметі тұсында үстемдік құрғанын, яғни Кеңес Одағына қарасты республикалардағы тұрғындардың орыс тілін меңгеруге мәжбүр болғанын айтуымыз керек. Сонымен қатар аталған этностардың екінші тіл ретінде қазақ тілін меңгеруі де кездеседі. Бірақ олардың үлесі орыс тілін меңгергендерге қарағанда аздау. Орыс тілі қазір де біздің елімізде мемлекеттік тілмен қатар республиканың ресми тілі ретінде қолданылады. Сондықтан да елімізде мекендейтін қай этнос өкілі болмасын мемлекеттік тілмен қатар орыс тілін де екінші тіл ретінде меңгерген.
Көпұлттылық жағдайында тілді сақтап қалу мен оны дамытудың бір жолы - қостілділік яғни екі тілді қатар меңгеру. Ұлтаралық қатынас құралы мен ана тілді қатар не алма-кезек пайдалану екі тілдің өмір сүруін қамтамасыз етеді. Өйткені тілдің тіл болып қалуы мен дамуының бірден-бір шарты - оның іс жүзінде қолданылуы. Қолданысқа түспеген тіл құриды. Тіл о бастан қолдануға жаралған, қолдану үшін де дамиды, даму үшін де қолданылады. Өмірдің сан қилы саласында қай тіл жиі қолданылса, сол тілдің болашағы мол болмақ.
Қорытындыда диссертацияда қол жеткізілген ғылыми нәтижелер тұжырымдалып беріледі. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша Қызылорда қаласында мемлекеттік тіл және өзге тілдерді дамытуға нақтылы ұсыныстар жасалды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Абасилов А. Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы қызметі: социолингвистикалық проблемалары, оларды шешу жолдары: Фил.ғыл.канд.дисс. - Алматы, 1998. - 132 б.
2. Хасанулы Б. Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии развития (социопсихолингвистические аспекты).- Алматы: Арда, 2007.-384с.
3. Карлинский А.Е. Основы теории взаимодействия языков. - Алма-Ата: Ғылым, 1980.
4. Кумарова А.М. Социально-лингвистические проблемы формирования казахской языковой среды в Республике Казахстан. Дисс. канд. филол. наук. - Алматы, 1996. - 160 с.
5. Сыр елі: Қызылорда облысы: Энциклопедия. - Алматы, Қазақ энциклопедиясы, 2005 - 544б.
6. Досманбетов Б., Кереев М. Қызылорда. - Алматы, РИК,1999. - 222 б.
7. Айдосов А. Қызылорда // Айдосов А., Қалиев Ы., Кереев М. - Қызылорда: Тұмар, 2005. - 296 б.
8. Қазыналы Қызылорда: Кітап-альбом // Жайымбетов М., Жәлиев Н., Шынтасов Ж. т.б. - Қызылорда: Тұмар, 2011 - 240б.
9. Қызылорда облысы. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары. 2-том. Статистикалық жинақ.-Астана, 2011.-108 б.
10. Хасанұлы Б. Ана тілі - ат мұра. - Алматы: Жазушы, 1992, - 169б
11. Юридический энциклопедический словарь. - М., 1995.
12. Қазақстан Республикасы Конситуциясының түсіндірме сөздігі. - Алматы: 13. Хасанов Б. Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. - Автореф. дис. док. - Алматы, 1992
14. Дешериев Ю.Д. Проблемы функционального развития языков и задачи социолингвистики // Язык и общество. - М.: Наука, 1966.
15. Никольский Л.Б. Синхронная лингвистика (Теория и проблемы). - М.: Наука, 1976. - 168 с.
16. Аврорин В.А. Проблемы изучения функциональной стороны языка (К вопросу о предмете социолингвистики). - Л.: Наука, 1973. -276 с.
17. Дешериев Ю.Д. Социальная лингвистика (К основам общей теории). - М.: Наука, 1977. - 382 с.
18. Орусбаев А. Функциональная дистрибуция языков (на материале языковой практики в Киргизии). Дисс. док.филол.наук. - Фрунзе, 1990.
19. Копыленко М.М., Саина С.Т. Функционирование русского языка в различных слоях казахского населения. - Алматы: Наука, 1983. - 108 с.
20. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов.- Москва, 1956
РЕЗЮМЕ
автореферата диссертации на соискание академической степени
магистра филологических наук по специальности
6М020500 - Филология
Бодыковой Асель Амантаевны
Языковая ситуация города Кызылорды: социолингвистические проблемы
Актуальность исследования. Статус государственного языка зависит от квалифицированного управления, незная местную языковую ситуацию не можеть быть квалифицированное управление. Для соответствие казахского языка государственному статусу надо определить его положение в обществе, искать пути для испарвления ситуации.
Как показывает мировой опыт, правильное развитие и общественную роль языка определяет - социолингвист, а употребляет - парвительство. Актуальность исследования заключается в этой общественной необходимости.
Цель и задачи исследования. Цель работы исследование этнолингвистических и языковых ситуациий города Кызылорды, предложить точный план решения проблемы региона.
Для достижения поставленной цели необходимо решить следующие задачи:
- сделать анализ употребления в обществе и специфического содержания государственного языка, провести общий обзор положение казахского языка, как государственного;
- охарактеризовать языковую ситуацию города Кызылорды, область использования государственного языка, определить степень освоения, предложить точные реконструкций и пути для решения проблем
- анализировать проблемы двуязычия, многоязычия городе Кызылорда.
Научная новизна исследования. Этнолингвистическая и языковая ситуация города Кызылорды впервые исследуется в магистерской диссерации. В связи с этим нашли научное решение проблем:
- описание языковой ситуации города Кызылорды со стороны социолингвистики, формы жизнедеятельности казахского языка и исследован область использования, определены проблемы;
- составить программу по развитию государственного языка и других языков по городу Кызылорды.
Положения, выносимые на защиту:
- охарактеризовать языковую ситуацию города Кызылорды, указать влияющие социальные факторы, определить вид языковой ситуации;
- развитие языков и государственного языка, предложить местную программу и механизм освоения: это эффективный и правильный путь решения в развитии языка общегосударственной стратегии в Казахстане, в том числе в Кызылординской области.
Стуктура работы. Магистрская диссертация состоит из введения, двух глав, заключения и списка использованной литературы.
SUMMARY
Abstract of thesis for the competition of the master’s academic degree
of philological sciences on speciality
6M020500 - Philology
Bodykova Assel Amantaevna
The language situation of Kyzylorda City: sociolinguistic problems
The relevance of the study. The status of a State language depends on qualified management, without knowing local linguistic situation it can’t be qualified management. For conformity of Kazakh language as State status it must be defined it’s position in society and seek ways to correct the situation.
As it is known in the world practice, the correct development and public path of the language is identified by sociolinguist, and it is used by government. The relevance of the study is consisted in the public need.
The purpose and objectives of the study. The purpose of the study of ethno-linguistic and linguistic situation of the city of Kyzylorda, to offer the exact plan of action issues in the region.
In order to reach the put goal, it is necessary to solve the following tasks:
- to analyze the consumption in the community and specific content of the State language, conduct an overall review of the situation of the Kazakh language as State language;
- to describe the linguistic situation of the city of Kyzylorda, the use of the State language, to define the degree of development, offer exact reconstructions and ways to solve problems
- to analyze problems of bilingualism, multilingualism of the city of Kyzylorda.
Scientific novelty of the research. Ethno linguistic and linguistic situation of the city of Kyzylorda is studied in the master's thesis for the first time. Therefore, it’s been found scientific reflections of the following aspects:
- a description of the language situation of Kyzylorda city by social Linguistics, life forms of the Kazakh language and researched the area of use, identified the problems;
- a programme for the development of he official language and other languages spoken in the city of Kyzylorda.
The agreement and publishment of the work:
- describe the linguistic situation of the city of Kyzylorda, identify the influence of social factors, and determine the type of language situation;
- promotion of the languages and the State language, invite local programme and mechanism of development: it is an effective and correct way to address a national strategy for the development of language in Kazakhstan, including in Kyzylorda oblast.
The structure of the work. Magister thesis consists of introduction, two chapters, conclusions and the bibliography.
Достарыңызбен бөлісу: |