БОЛАШАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДАРДЫ ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРДЕ ТАЛДАНУЫ
Б.Ж.Бекжанова
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Білім саласы үшін мамандар дайындаудың мәні әлемдік білім беру стандарттарын ұлттық негізде және еліміздегі жоғары білім берудің мәдени-тарихи ерекшеліктерімен үйлесімді ету қажеттілігімен анықталады. Өйткені, бүгінгі ғаламдық аймаққа шығып кеткен кең ауқымды және жан-жақты мазмұнға ие экономикалық қарым-қатынастар ең алдымен жоғарыдан кейінгі басқышта білім алған, кәсіби тұрғыда дайындалған, әмбебап мамандарға деген сұранысты қалыптастырып отыр. Осыған орай, экономика мен әлеуметтік саладағы жаһандану беталыстары білім берудегі және ғылымдағы интеграциялық үдерістердің қарқындылығын айқындай отырып, республикадағы көп сатылы жоғары білім беру жүйесінің жаңғыртылуын талап етеді.
Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестің, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қаншалықты кең тараса да, бір қарағанға тұрақты болып көрінгенімен, «білім» түсінігі көп мəнділігімен ерекшеленеді. Əдетте, бұл термин мазмұны жағынан келесідей түсініктемелерге ие: білім – жалпы адамзаттық құбылыс; білім - əлеуметтік мəдени мұра; білім – жүйе; білім – педагогикалық үдеріс; білім – нəтиже.
Білім беру дамып келе жатқан адам үшін нақты шарттарды кепілдік етеді, жаңа ой-өрісті, өмір мәнінің жаңа көрінісін қалыптастырады. Адам үшін құндылықтың барлығын, оның әлеуетін, өмірлік күш-жігерін сақтай отырып, қоғамның өмір барысын қайта құрады және бағыттайды. Білім беру – адамның өзіндік күштерін ашуға және ол кез-келген қоғамның қозғаушы күші ретінде мемлекеттің барлық ниеттерін алдын-ала анықтап, даму бағыттарын табуға мүмкіндік береді.
Білімді ғылыммен ұштастырып тұрақты дамыту стратегиясын басшылыққа алған жоғары дамыған елдер, әсіресе, Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Сингапур сияқты Азия елдері жаһандану үдерісін, ақпараттық-коммуникациялық революцияны, инновациялық технологиялардың ендірілуін басқа елдермен белсенді және тиімді экономикалық қарым-қатынас орната отырып, жедел даму мүмкіндігі есебінде пайдаланса, екінші жағынан, өздерінің ұлттық рухани және экономикалық тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтаудың, ұлттық өркендеудегі бірден-бір кепілі ретінде өз елдерінің білім саласын реформалауға аса үлкен мән беріп, оны мемлекеттің басым саясатына айналдырып отыр.
Қазіргі ғасырды адамзат «ұтқырлық ғасыры», «кірігу ғасыры», «ақпарат ғасыры» деп бағалап жүр. Бұған «білім ғасыры» деген анықтаманы да қосуға болады. Өйткені, білімді болудың аса үлкен қажеттілік екендігін адам баласы осы ғасырда өте жақсы түсінді. Бұл ретте адам баласын білімдендіру ісімен айналысатын арнайы дайындалған мектеп мұғалімі, университет оқытушысы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан жандар. Өйткені ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында болса, жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себуші – ұстаздардың қолында. Демек ұстаз дайындау, оның бойында барлық адами қасиеттерді дарыту мен дамыту өте қасиетті іс. Бұл жайында ойшылдар кемеңгерлік пікірлер қалдырса, әр саланың белгілі ғалымдары ұрпаққа мұра болатын еңбектер жазды.
Cолардың бастауында тұрған ұлттың ұлы ұстазы әл-Фараби көрсеткен он екі қасиетті болашақ маманның бойында ұштастыра жетілдіру мінсіз адамды қалыптастыру идеясын жүзеге асырудың алтын арқауы деуге болады. Ол қасиеттер мыналар:
- адамның мүшелері мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер осы адам әлде бір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір істі істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады;
- жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жапсарына сәйкес ұғып алатын болуы керек;
- өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсе ұмытпайтын болуы керек;
- әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт;
- өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмаш болуы шарт;
- өнер-білімге құштар болу, ақыл үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек;
- тағамға, ішімдік ішуге келгенде қанағатшыл болуы керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт;
- шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік – жалған мен суайттарды жек көру керек, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт;
- oның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс;
- дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да төл нәрселеріне жирене қарап, жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көретін болуы керек, жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділдікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет;
- әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында қияс мінез көрсетіп қасарыспау керек;
- әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болуы шарт, өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанша шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болу керек [1] .
Бұған өз тарапымыздан қосарымыз оқытушы тұлғасының бойында осы он екі қасиет табылатын болса, кез келген іс-әрекетте нәтижелілік пайда болып, кемелдену жүзеге асады, яғни барлық жағынан ілгері жылжу орын алады.
Біз қарастырып отырған маманның кәсіби еңбекте шыңға жету мәселесі адамның жеке дара қасиеттерімен байланыста қарастырылады. Бұл ретте адам философиясының бастаушысы, негізін салушысы Сократтың ойынша, белгілі бір асыл қасиет туралы білім жинаған адам сол қасиетке жете алады, бәрі адамның өзіне байланысты, адам тәнін емес, рухын, жанын шыңдауға үнемі ұмтылуы тиіс, себебі, жаны бақытқа бөленген адам ғана бақытты деген пікір білдірсе [2], Аристотельдің ойынша, рахатқа бөлену - болмыстың жетілгендігі мен әдемілік болса, адам үшін бұл жетілгендік – өзінің адам ретіндегі іс-әрекетінің, қызметінің жетілгендігі. Ақыл-ой әрекеті дәл осындай адамды биікке бастайтын, оны рахат сезімге бөлейтін асыл қасиет болады, яғни адам үшін рахат – асыл қасиетке жетуде [3]. Біздің ойымызша кәсіп иесінің еңбекте биіктерге жетуі оны өмірдің ләззатын сезіну, қанағаттану сияқты сезімдерге бөлейді. Сондықтан да жоғарыда келтірілген ойлар педагогикадағы адамтану, оны жетілдірудегі тұлғаның күрделі әрі қызықты, шым-шытырығы мол ішкі әлеміне, рухани жан-дүниесіне
үңіле білу арқылы оқыту мен тәрбиелеуде табысты болуға қол жеткізетін жоғары мектеп оқытушылары үшін аса маңызды пікірлер деп санаймыз.
Cонымен қатар, қазақ зиялысы, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев адам тәрбиесіне, оның өсіп келе жатқан жас бала мен жастардың жетілуіне аса мән беру керектігін айтып, жеке адамның тұлға ретінде қалыптасуы үшін қажетті қасиеттерін дамыту туралы жазады: «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек; өзіңе сен, өзіңді алып шығар, енбегің мен ақылың екі жақтап» [4].
Жоғарыда келтірілген философиялық ойлардың қай қайсысында болмасын болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесіне деген жоғары талаптың болғандығы көрсетіледі, сондықтан олар бүгінгі болашақ маман дайындаумен айналысатын адамдар үшін бағдарламалық пікір болуы тиіс деп санаймыз.
Mаман дайындау мәселесі көптеген ғалымдардың назарын аударған психология мен педагогикаға, әлеуметтану мен ортақ мәселе болып табылады. Мысалы психологтар болашақ маман дайындауды тұлға қалыптастыру, әрекет теориясы тұрғысынан қарастырады. Енді сол бағыттағы еңбектерге талдау жасай кетейік.
Т.Тәжібаев [5], М.Мұқанов [6], Қ.Б. Жарықбаев [7] этнопсихологиялық теориялар негізінде тұлғаның іс-әрекетке дайындығын оның ұлттық психологиялық қасиеттері мен ерекшеліктерін дамыту тұрғысынан қарап жеке тұлғаны жан-жақты дамыту қажеттілігін атап көрсетсе, С.Қ. Бердібаева шығармашылық іс-әрекеттің этнопсихологиялық ерекшеліктерін [8] қарастырған. Бұл еңбектерді болашақ маман тұлғасын қалыптастырудың ұлттық ерекшеліктерін жалпы әлемдік мәселемен ұштастыра жүргізуде басшылыққа алуға болады.
Х.Т. Шерьязданова болашақ мамандарды психологиялық тұрғыда дайындаудың жеке үдеріс ретінде ұйымдастырылуына көңіл бөліп, оқыту мазмұны және әдістемелерінде білім алушылардың ерекшеліктерін ескеруді ұсынған. Ол болашақ педагог-психологтарды біртұтас жүйе тұрғысынан кәсіби дайындаудың алғаш рет психологиялық үлгісін жасаған ғалым. Бұл үлгі қарым-қатынас психологиясының теориялық және практикалық мәселелеріне негізделеді. Ғалымның пікірінше, психологиялық дайындау психодиагностикалық және психокоррекциялық бағыттағы жұмыстарды қамтиды. Психологиялық осы білімнің топтастырылған сипаттағы дәрістері және білім алушыларды меңгертілген психологиялық, академиялық білімді тәжірибеде қолдана білуі кәсіби дайындаудың басты шарты деген пікір білдіреді [9].
Болашақ мамандарды даярлауда С.М. Жақыповтың «бірлескен-диалогтік танымдық іс-әрекет» тұжырымдамасының маңызы зор. Ол педагогикалық психология саласы бойынша «оқу іс-әрекеті» және «оқыту іс-әрекеті» категорияларының психологиялық мазмұнын қарастыру барысында арнайы ұйымдастырылған оқыту жағдайларында адамның таным іс-әрекетінің бірыңғай жүйесіне таным үдерістерін синтездеудің шарттары мен тетіктерін анықтайды. Оның пікірінше, оқыту үдерісі ерекше психологиялық құбылыс ретінде таным үдерістерінің өзара әрекеттесуін және бұрынғы жинақталған жүйесіне жаңа білімнің қосылуын қамтамасыз ететін субъектінің когнитивтік тәжірибесін түрлендіру үшін қажетті жағдайларды жасайды [10]. Ғалымның бұл ойларын біз тарқата келе, таным тәжірибесін қайта құру индивидтің бүкіл өмірін қайта қарауды және оған тиісті қатынасының өзгеруін талап етеді, осылайша адамның тұлғалық қасиеттерінің өзгеруі іске асады деген болар едік. Ал тұлғаны тек тұлға ғана қалыптастырады.
Tұлғаның қалыптасуындағы субъектілік мәселелерін отандық ғалымдар Ж.Ы. Намазбаева [11], А.Р. Ерментаева [12] және ресей ғалымдары Б.Г. Ананьев [13], С.Л. Рубинштейн [14], Б.Ф. Ломов [15], К.А. Абульханова-Славская [16] қарастырған. Ол еңбектерді зерделеу бізге болашақ мамандардың акмеологиялық дайындығының мәнін ашуға ықпал етті.
A.Р. Ерментаева тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту мәселелерін жоғарыдан кейінгі білім беру саласы жағдайында қарастырудың маңыздылығын сөз етеді. Осыған байланысты ол «өзіндік даму», «өзіндік жетілу», «дербестік», «белсенділік» сияқты тұлғаның субъектілігін сипаттайтын ұғымдарды қолдану қажеттілігін айтады [17]. Ал Ресей ғалымы Б.Г. Ананьев «субъектілік қасиеттердің ең жоғарғы интеграциясы шығармашылық болып табылады» [18] деп, «субъектілік ұстаным болашақ мамандардың тіршілік әрекетінде инновациялық және шығармашылық әлеуеттерді жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады» деген тұжырымын айтқан.
Oсы тұрғыдан ресейдің психолог-зерттеушісі А.Н. Леонтьев «іс-әрекетке даярлық» категориясын тұлғаның бағыттылығын, білімдер мен біліктерді және қасиеттерді біріктіретін біртұтас құбылыс ретінде анықтап, іс-әрекет моделінің тұжырымдамасы негізінде тұлға іс-әрекетінің құрылымындағы өзара байланысты: қажеттілік, мотив, мақсат, әрекеттер, операциялар, шарттар сияқты компоненттерді айқындайды [19].
C.Л. Рубинштейн субъект категориясы үздіксіз, «жоғарыға қарай» үдемелі жетілуді, дамуды білдіретіндігін атап көрсетеді. Тұлғаның субъект дәрежесіне жету үшін үнемі әрекет жағдайында болуы, белсенділік көрсетуі қажет екендігі басты шарт ретінде алға шығарылады [20]. С.Л.Рубинштейннің еңбектерінде субъектіліктің өзектілену жағдайы мен тетіктері нақтыланған: адамның даму сатысына сай ішкі ахуалы сыртқы себептермен ғана анықталмайды, оның өзі сыртқы өзгерістердің негізі болатындығында. Oсыған орай, оның пайымдауынша, тұлғаның даму, тану, тұлғалық ерекшеліктеріне қарай психологиялық даярлығы: субъектілік –анықтауыш, психологиялық тетік және қажетті шарт сипаттарымен түсіндіріледі.
К.А. Абульханова іс-әрекет субъектісі бола алған тұлғаның сапалық өзгерістерін қарастырып, адам бойында өтетін өзгерістердің үш түрін ажыратып көрсетеді [21]:
- 1-ден, психикалық үдерістер, қасиеттер, қабілет, кейіп тұлғаның өмірдегі тірлігі мен іс-әрекетін қамтамасыз ету құралы ретінде қолданылады;
- 2-ден, психикалық үдерістер, қасиеттер, қабілет, кейіп тұлғаның іс-әрекетіне бағынышты болатын жеке-даралықтың композициясын құрайды;
- 3-ден, тұлға субъект болған соң бойындағы өз шамасына, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарамастан өмірдегі және іс-әрекеттегі өз стратегияларына өзін бағыттайды.
Ғалымның осы пікірінен, біз әрбір субъект шығармашылық іс-әрекетке даяр болып, өзін-өзі жетілдіруге, кемелденуге ұмтылуға тырысады, яғни үйлесімді тұлға болып қалыптасады деген қорытынды жасаймыз.
Жоғарыда қарастырылған субъектілік мәселелері туралы ғалымдар пікірлерінің ортақ ерекшелігі тұлғаның іс-әрекетке даярлығына субъектілік қасиеттердің ықпал етуімен түсіндіріледі. Білім алушылардың психологиялық даярлығын ерекше құрылымдық қасиет ретінде мақсатқа сай дамитыны, олардың психологиялық даярлығын қалыптастыруда негізгі құрал ретінде субъектілігін дамыту болып табылатыны біздің зерттеуіміз үшін маңызды тұжырым.
Cонымен бірге, кәсіби педагогтерді дайындау мәселесіне педагог-ғалымдар өздерінің көптеген еңбектерін арқау етті. Мысалы, ұлы педагог Я.А. Коменский, болашақ мұғалімдерді дайындауда ең бастысы олардың терең ойлауын дамыту, өзі ісін сүюге тәрбиелеу қажеттігін айтады. Оның пікірінше, болашақ мұғалімнің білім, білік-дағдылары, жалпы кәсіби дайындығы мектептегі оқыту және тәрбиелеу үдерістерінің сапасын қамтамасыз етеді [22].
К.Д. Ушинский мұғалімнің қоғамдағы орнын ерекше атап өтіп, оның бойында педагогикалық әдеп мәдениетінің болуы тиіс деген, ол әр кезеде өзін жетілдіріп, педагогика мен психологияны тиянақты түрде оқып, білуге ұмтылу керек. Болашақ педагогтерге қойылатын талаптарды К.Д. Ушинский «Мұғалімдер семинариясының жобасы» деп аталатын еңбегінде сипаттаған [23].
Aл өз заманында А.С. Макаренко мұғалімдерді даярлаудағы кәсіби жұмыстың сапасын көтеру үшін педагогикалық жоғары оқу орындары мен техникумдардың бағдарламасын қайта қарау керектігін мәлімдеген. Педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіруші білімдердің кең ауқымын игеруге тиіс, оның пікірінше; «жоғары оқу орындарында оқу барысында студент тек арнайы білім игеріп қоймай, сонымен бірге арнайы тәрбиелену керек, яғни мәдениетті, зиялы, ұйымдастыру қабілеті жоғары дамыған, өзін-өзі басқара білетін және өз ісіне баға бере алатын маман болып шығуы тиіс» [24].
Mінекей, қай заман болмасын, болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесі оларға деген жоғары талаптың болуымен сипатталынады.
Педагогика ғылымында мамандар дайындау мәселесі ХХ ғасырдың 40-50-ші жылдарынан бастап жан-жақты зерттеле бастап, үздіксіз білім теориясы тұрғысынан талданады. Болашақ мамандарды дайындаудағы тұтас педагогикалық үдерістің теориясы мен практикасы Н.Д. Хмель [25], А.А. Бейсенбаева [26], Қ.К. Жампеисова [27], Б.Ә. Әбдікәрімов [28] және т.б. еңбектерінде қарастырылады.
К.С. Мусин болашақ мұғалімдердің кәсіби дамуын [29], Г.К. Ахметова (магистрлік бағдарламалардың мазмұнын жүзеге асырудың ерекшеліктері) [30] педагогикалық білім берудің теориялық негіздерін жасап, үздіксіз білім беруді заманауи әрекеттегі білім беру мекемелерінің жүйесі ретінде қарастырып, ондағы білім беру мазмұны мен технологияларының сабақтастығын қамтамасыз ету мәселесін алға қояды.
Yздіксіз педагогикалық білім беру мәселесінің теориялық және әдіснамалық қырлары мен әр елдердегі үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің даму жолдарын А.К. Құсайынов [31], Б.К. Момынбаев [32], Ш.Т. Таубаева [33], Е.Ш. Қозыбаев [34] және т.б. салыстырмалы түрде жан-жақты талдайды.
Ғалымдардың зерттеулерінде үздіксіз білім беруге келесі сипаттама беріледі: қоғам мен жеке адамның қажеттіліктері мен тілектерін ескеретін, оларға жалпы білім беретін, кәсіби даярлаудың мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің шынайы әрекеттегі жүйесі. Яғни үздіксіз білім беру жүйесі тұлғаның өмір бойы оқуына, білімін өздігінен тәжірибемен тиімді ұштастыруға және өз өміріндегі әрекет субъектісі ретіндегі дамуына мүмкіндік беретін жүйе болып табылады.
Жоғары оқу орнының қызметі болашақ педагогты кәсіби әрекетке мақсатты даярлаумен қоса педагогикалық шығармашылық қызметке әзір болуға дайындаумен тікелей астасып жатуы тиіс. Ол болашақ мұғалімнің жалпы мәдени, әдіснамалық, әдістемелік пәндерді меңгеруі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандықты меңгеру барысында олардың ішкі ашылмаған мүмкіндіктері іске қосылып, жаңашыл педагог болуға қажетті таланттары, қабілеттері жетіледі. Бұл бағытта жүргізілген зерттеулер қатарына болашақ педагогтердің кәсіби дарындылығын дамыту мәселесіне арналған Л.М. Нәрікбаева [35], болашақ маманның біліктілігін, шығармашылық әлеуетін дамытуды қарастырған Б.А. Тұрғынбаева [36] еңбектерді жатқызамыз. Соңғысының пікірінше, педагогика маманы АКМЕ жағдайға бірден жоғарылай қоймайды. Ол алдымен шеберлік, кәсібилік, құзырлылық сияқты сатылардан өтуі тиіс.
Жоғарыдан кейінгі білім беру жағдайында магистранттар мақсатты түрде ғылыми-педагогикалық маман ретінде қалыптасады. Қоғамның ілгерілеуі ғылымның жетістігімен, ғылыми қызметкерлердің жасаған жетістіктері арқылы жүзеге асады десек, дәл осы саладағы мамандардың шығармашылығы жоғары болуы тиіс. Біртұтас педагогикалық үдеріс магистранттардың кәсіби дүниетанымын, кәсіби мәнді қасиеттерін және жалпы педагогикалық мәдениетінің дамуына, өз мүмкіндігін бағалай білуінің қалыптасуына, тұлғалық тұрғыда білімдену – даму траекториясын магистранттың өзінің ұйымдастыра білуіне мүмкіндік туғызуға бағытталады. Oсы бағытта Ш.Т. Таубаева педагогика магистрлерінің әдіснамалық даярлықтарының құралы ретінде логикалық-құрылымдық сұлбалар құрастырып, студенттер мен магистранттардың ғылыми-педагогикалық зерттеу тақырыбын негіздеу және оны бағалау туралы білімнің құрылымы мен мазмұнын ашып көрсетеді [37].
Жоғары оқу орнындарында мамандарды «дайындау» мәселесін отандық ғалым Г.К.Нұрғалиева зерделеп, қазіргі білім беру жүйесінде мамандарды дайындау сапасын арттыруды алға қояды [38].
Aкмеологиялық тұрғыдағы кәсіби әрекетке дайын маман бойында болуға тиісті тұлғалық қасиеттердің міндетті минимумына мына төмендегілер жатқызылады: өзге адамды оң қабылдау; серіктесті белсенді эмпатиялық тұрғысынан қабылдау; өз сезімдері мен эмоцияларын шынайы білдіру; ар-ұят; шыншылдық; толеранттылық; шығармашылық белсенділік; азаматтылық деген болар едік. Тек осындай ізгілік қасиеттері бар педагогтер басқаны төмендетпей, өз биігіне көтеріле алады, биікте тұрып басқаларға шарапатын шашады.
Бұл ойларымызды жоғарғы оқу орнында болашақ мамандарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселесін қарастырған Г.А. Омарова, Р.А. Mукажанова еңбектерінен де көруге болады. Олар білім беруді ізгілендіру тұрғысынан бес ұстанымды ұсынады:
-
жалпы адамзаттық құндылықтар ұстанымы;
-
ғылыми-зерттеу іс-әрекеті барысында тұлғаның өзін-өзі дамытуы ұстанымы;
-
бірыңғайлық ұстанымы;
-
әлеуметтік өзара-әрекеттесу немесе қоғамға қызмет ету ұстанымы;
-
мәдени тұрпаттылығы ұстанымы [39].
Oсы аталған ұстанымдар жоғары оқу орнынан кейінгі білім жағдайында рухани-адамгершіліктік және интеллектуалдық дамуын интеграциялауда басты назарға алынуы тиіс.
A.А. Бейсенбаеваның еңбектеріндегі негізгі түйінді ойлар жоғары оқу орны мен одан кейінгі білім беруде болашақ маманның тұлғалық сапаларын қалыптастыру мәселесін ізгіліктілік идеясына бағындыру және гуманистік қасиеттерді білім мазмұны арқылы оқу құралдарының тәрбиелік компоненті арқылы жүзеге асыру болып табылады [40].
Болашақ маманды кәсіби еңбекке дайындау олардың тұлғалық, зияткерлік және кәсіби маңызды қасиеттерін, шығармашылық қабілеттері мен құзырлылықтарын дамытумен анықталынады. Болашақ магистрлердің кәсіби дайындығының нәтижесі – бұл кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыруға қажетті білімдер мен біліктерді қамтитын бітірушінің құзырлылықтары болып табылады. Магистрдің құзырлылығы құрамында магистратура бітірушісінің дайындық сапасын қамтамасыз ететін зерттеушілік іс-әрекетке даярлығының қалыптасу деңгейімен анықталатын зерттеушілік құзырлылық қарастырылады. Магистрлік білім беру бағдарламаларында «зерттеушілік іс-әрекет» магистратура деңгейінде кең мағынадағы ұғым ретінде қарастырылып, оқу-зертеушілік және ғылыми-зерттеушілік іс-әрекеттердің синтезін құрайды.
Б.Ш. Баймухамбетова магистранттардың зерттеушілік іс-әрекетке даярлығын зерттеп, осы іс-әрекеттің тиімділігін қамтамасыз ететін, кәсіби-маңызды тұлғалық қасиеттер, мотивациялық-құндылықтық қатынасты қамтитын магистранттың ішкі интеллектуалдық және тұлғалық дамуының нәтижесі мен қатынасын бейнелейтін біртұтас тұлғалық жаңақұрылым - деп анықтайды. Ғалым магистранттардың «зерттеушілік іс-әрекетін» ғылыми танымның әдіснамасын игеру бойынша және зерттеуге қатысты ізденісін жүргізудегі арнайы ұйымдастырылған іс-әрекет – деп түсіндіреді [41]. Әрине, болашақ маман педагогикалық қызметкер ретінде жетістіктерге жетуі үшін туындаған мәселелердің шешімін табуда ғылыми еңбектерге ден қояды, оның зерттей алу қабілеті еңбекте табысты болуды қамтамасыз етеді.
Cонымен, педагогикалық теорияларда жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді ұйымдастырудың ерекшелігі оның мамандырылған сипатымен түсіндіріледі. Ең бастысы еліміздегі жоғары оқу орнынан кейінгі білім жағдайында білімнің, дағды - біліктің жиынтығын меңгеріп қана қоймай, білім алушыны субъектілік жағдайға қоятын, оның еркіндігі мен дербестігін есепке алатын, өз бетінше ізденіп, өзін-өзі жетілдіруге мол мүмкіндік беретін, шығармашылықпен жұмыс істей алатын оқытудың кредиттік жүйесі.
Жоғарыда қарастырылған ғалымдардың зерттеулерін талдай отырып, біз келесі тұжырым жасаймыз: магистранттардың өз бетіндік жұмыстары олардың қабілеттерін, ғылыми зерттеу жұмысын және шығармашылық іс-әрекеттерін дамыту арқылы ашылмаған мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жағдай жасауды көздейтін оқу үдерісін ұйымдастыру формасы болып табылады. Өз бетіндік жұмыстар олардың ойлау үдерісінің даму сипатымен, білім мен біліктердің деңгейімен, жұмыс қабілеттілігімен, танымдық және тәжірибелік ізденімпаздығымен, ерік жігерінің даму ерекшеліктерімен байланысты. Олай болса, магистратурада мамандар дайындау ісінде білім алушылардың өзіндік жұмыстарына басымдық беру оларды акме деңгейіне дейін дамытудың негізгі бағыты ретінде қарастыруға әбден болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Әл-Фараби. Әлеуметтік этикалық трактаттары. – Алматы: Ғылым, 1975. – 305 б.
-
Сократ. Новая философская энциклопедия // предс. научно-ред. совета В.С. Стёпин. - 2-е изд., испр. и допол. Ин-т философии РАН. Нац. обществ.-науч. фонд. - М.: Мысль, 2010. –2816 с.
-
Аристотель // Сочинения. - М.: Изд. Мысль, 1976. - Т. 1. – 550 с.
-
Абай. Шығармаларының 2 томдық жинағы. – Алматы: Жазушы, 1995. – 335 б.
-
Тәжібаев Т.Т. Қазақстанда халыққа білім берудің және педагогикалық ойлардың тарихы: научное издание. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 377 б.
-
Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология. – Алматы, 2000. – 247 б.
-
Жарықбаев Қ.Ж. Психология негіздері: оқулық. 6-бас. өнд., толық. – Алматы: ЭВЕРО, 2005. – 464 б.
-
Бердібаева С.Қ. Творчестволық іс-әрекеттің этнопсихологиясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 216 б.
-
Шерьязданова Х.Т. Психологические основы профессиональной подготовки педагогов и психологов дошкольного образования: автореф. ... док. психол. наук. – 1999. - 47 б.
-
Джакупов С.М. Психологическая структура процесса обучения. 2 изд. - Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 308 с.
-
Намазбаева Ж.Ы. Жалпы психология: оқулық ҚР білім және ғылым министрлігі. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ Психология институты, 2006. – 296 б.
-
Ерментаева А.Р. Жоғары мектеп психологиясы. - Алматы, 2014. – 489 б.
-
Ананьев Б.Г. Психофизиология студенческого возраста и усвоение знаний // Вестник ВШ. – 1972. - №7.- С. 17-26.
-
Рубинштейн С.Л. Избранные философско-психологические труды. – М., 1997. – 463 с.
-
Ломов Б.Ф. Методологические и теоретические проблемы психологии. – М., 1984. – 444 с.
-
Абульханова К.А. Мировозренческий смысл и научное значение катеогрии субъекта // Российский менталитет: вопросы психологической теории и практики. – М.: ИПРАН, 1997. - С. 56-75.
-
Ерментаева А.Р. Психологиялық даярлықты жетілдіру. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2012. - 412 б.
-
Ананьев Б.Г. Психология и проблемы человекознания. - МОДЭК, 2005. - 320 с.
-
Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. – М.: Политиздат, 1975. – 304 с.
-
Рубинштейн С.Л. Бытие и сознание. – М.: Изд-во АПН РФ, 1957. – 450 с.
-
Абульханова-Славская К.А., Кольцова В.А. Отечественная социальная психология. Психологическая наука в России ХХ столетия: проблемы теории и истории / под ред. А.В.Брушлинского. - М., 1997. – С. 385.
-
Коменский Я.А. Учитель учителей («Материнская школа», «Великая дидактика» и др. произв. с сокращ.). - М.: Карапуз, 2009. - 288 с.
-
Ушинский К. Людина как предмет воспитания // Избранные педагогические сочинения: в 2 т. - М., 1982. -Т.1. - 200 с.
-
Макаренко А.С. С любовью и тревогой. - Киев., 1989. - 268 с.
-
Менлибекова Г.Ж. Развитие педагогической науки в XXI веке: Теория целостного процесса – основа профессиональной подготовки будущего учителя // Международная научно-практическая конференция, посвященная 85-летию доктора педагогических наук, профессор Н.Д. Хмель. –Алматы: КазНПУ им. Абая, 2014. –С. 31-33.
-
Бейсенбаева А.А. Формирование гуманистической направленности учащихся с использованием межпредметных связей // Вестник высшей школы Казахстана. – 1997. - №4. - С. 125-128.
-
Жампеисова К.К. Самопознание – педагогика нового времени // «Самопознание: Педагогика любви и творчества»: материалы международных педагогических чтений.– Алматы, 2012, ноябрь 1. – С. 4-10.
-
Абдукаримов Б. Теория и практика развития профессионально – технического образования: дис. ... док. пед. наук: 13.00.01. – Алматы, 1996. – 330 с.
-
Мусин К.С. Методология профессиональной подготовки учителей: Основные направления и тенденции. – Алматы, 1999. – 172 с.
-
Ахметова Г.К. Образовательный идеал в теории и практике подготовки педагогических кадров. – Алматы: Қазақ университеті, 2000 – 124 с.
-
Құсайынов А.К. Развитие образование в Казахстане и Германии. – Алматы: Ғылым,1997. – 204 с.
-
Момынбаев Б.К. Теоретические основы профессональной подготовки инженера-педагога в селхоз вузе. – Екатеринбург, 2000.– 300 с.
-
Таубаева Ш.Т. Оқытуың қазіргі технологиялары //Бастауыш мектеп. -1999. №4. бб-5-12.
-
Қозыбаев Е.Ш. Научно – педагогические основы управления современной высшей школы на основе менеджмента в условиях многоуровнего образования: дис. ... док. пед.наук. - 2005. – 265 с.
-
Нарикбаева Л. М. Состояние работы с одаренными студентами в системе высшего образования Республики Казахстан // Білім = Образование. - 2010. - №3. - С. 88 – 91.
-
Тұрғынбаева Б.А. Ғылыми-педагогикалық мамандар дайындаудың жаңа формасы. Жоғарыдан кейінгі білімдегі акмеологиялық амал: теория және тәжірибе. - Алматы, 2013. - 236 б.
-
Таубаева Ш.Т., Таубаев С.З. Студенттер мен магистранттардың ғылыми-педагогикалық зерттеу тақырыбын негіздеу және оны бағалау туралы білімнің құрылымы мен мазмұны // Білім әлемінде=В мире образования. - 2010. - № 2. - Б. 3-7.
-
Нургалиева Г.К. Педагогические технологии информатизации образования. – Алматы: Алем, 2002. – С. 269.
-
Омарова Г.А., Мұқажанова Р.А. Принципы интеграции духовно-нравственного и интеллектуального развития личности в условиях послевузовского образования // «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жағдайында ғылыми-педагогикалық әлеуетті дайындаудың өзекті мәселері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. - Алматы, 2012, қараша - 28. – Б. 51-55.
-
Бейсенбаева А.А., Атемова Қ.Т. Жоғарыдан кейінгі білім беру мекемелеріндегі болашақ маманның тұлғалық сапаларын қылыптастырудың маңыздылығы // «Жоғары оқу орнывнан кейінгі білім беру жағдайында ғылыми-педагогикалық әлеуетті дайындаудың өзекті мәселері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы, 2012, қараша – 28. – Б. 24-25.
-
Баймухамбетова Б.Ш. Сущность и содержание магистерской подготовки // Сборник научных трудов магистрантов КГПИ. – 2009. – Вып. 2. – С. 17-22.
Достарыңызбен бөлісу: |