Бозарық биыл аяқталады



Дата21.10.2022
өлшемі38 Kb.
#463174
111-Бозарық биыл аяқталады


Бозарық биыл пайдалануға беріледі


Шымкентте айтыла-айтыла әбден жауыр болған Бозарық қосалқы станциясының құрылысы биыл аяқталатын болды.
Жалпы қаланы жарықпен қамтамасыз етуде өте маңызды нысан саналатын Бозарық станциясының «жыры» 2015 жылдан басталды. Осы жылы станцияның құрылысына мемелекеттік сатып алу өтіп, «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды. Бөлінген қаржының көлемі 6,5 миллиард теңгеден асады. Құрылыс 2016 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігер мойнына алған міндетін толық орындаған жоқ. Естеріңізде болса, 2017 жылдың басында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамауға алынды. Осы істе Қызылордадағы әйнек зауытына қатысты эпизод қаралған болатын. Ал әйнек зауытының құрылысын жоғарыдағы әңгіме еткен «Шымкентхиммонтаж» фирмасы жүргізген. Мердігер істі болған соң Бозарық қаңтарылып қалды. Сол жылдың наурызында Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігермен арадағы келісім шартты сот арқылы бұзды. Тендер қайта өткенімен, кейінгі мердігерлердің жұмысы да өнімді бола қойған жоқ.
2018 жылы Шымкенттің сол кездегі әкімі Нұрлан Сауранбаев халыққа берген есебінде «Бозарық қосалқы станциясы биыл бітеді» деп уәде берген болатын. Бірақ құрылыс бұл мерзімде аяқталған жоқ. 2019 жылы «Бозарықты биыл бітіреміз» деген сөз одан кейінгі әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың аузынан шықты. Алайда нысан былтыр да іске қосылмады.
Биыл ақпанда халыққа берген есебінде қаланың жаңа әкімі Мұрат Әйтенов «Бозарықты биыл пайдалануға береміз» деген сөзді айтқан еді. Осы сөз нақты іске асатын сияқты. Жуырда қалалық әкімдік нысан биыл іске қосылады деген мәлімет таратты.
-Мегаполистегі 81 елді мекеннің 46-ы сапалы электрмен қамтылған, 35-інде жарықтың сапасы төмен. Соңғы 3 жылдың ішінде 9,7 млрд.теңгеге 10 елді мекенге электр желісі және 2 подстанцияның құрылысы салынған. Қазіргі таңда, қаланың солүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспеуде. Осы мәселені шешу үшін қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясының құрылысы жүріп жатыр. Қосалқы станцияны қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда,-дейді қалалық әкімдіктің жауапты мамандары.
Осы жоба аяқталса, Тұран, Шымкент сити, Асар-2, Бозарық, Бозарық-1,2,3, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Қайнар-бұлақ шағын аудандары сапалы электр жарығымен қамтылады.
Жалпы үшінші мегаполисте жүзеге асып жатқан өнеркәсіптік, кәсіпкерлік, коммуналдық саладағы жобалар аз емес. Мәселен жуырда қалада 9 инвестициялық өндіріс орны іске қосылды. Іске қосылған жобалардың жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде жалпы 288 адам жұмыспен қамтылған. Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, іске қосылған жаңа кәсіпорындардың қатарында «QagazOrdasy» ЖШС –інің қағаз өндіру фабрикасы, «NURTAU distributioncompany» ЖШС-інің шоколадты кәмпит және сағыз шығаратын кондитерлік фабрикасы, «PROF AKS» ЖШС-інің шыны пакеттерге арналған алюминий дистанциялық жақтаулар өндірісі, «NEW TECHNOLOGY» ЖШС-інің - дизельдік генератор зауыты бар. Бұдан бөлек «Арман Агро» және «Зәуре» шаруа қожалықтарының өндірістік жылыжайлары, «Керемет Сапа» ЖШС-інің интенсивті алма бағы, «ККК» ЖШС-інің құс фермасы, «Нормухамедов» жеке кәсіпкерінің бал өндіру шаруашылығы бар.
Қазір қала аумағында құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, металлургия, мұнай-химия өндірісі және тағы басқа салаларда 600-ден аса өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. 426 гектар аумақта «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары орналасқан. Аймақтарда 6 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 125,6 млрд. теңгеге 124 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 69,1 млрд. теңгеге 81 жоба іске қосылып, бүгінде 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, 200 гектар аумақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеуде. Аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 90,1 млрд.теңгеге 42 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 30,8 млрд.теңгеге 17 жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Шымкентте өкпені жасанды желдету аппараты да шығарылмақ. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Айтенов Instagram парақшасында хабарлады.
Қала басшысы «Kazmedpribor Holding» ЖШСінің директоры Рахат Байзақовпен пандемиямен күрес мәселелерін талқылағанын, жақын арада әкімдіктің қолдауымен аталған серіктестіктің өкпені жасанды желдету аппаратын шығаратынын жеткізді.
«Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс жүргіздік. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен, қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін боламыз. Бүгінгі басты жағымды жаңалық осы», - деп жазған М.Әйтенов.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рахат Байзақов қала тұрғындарына 150 дана төсек-орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлады. Қазіргі таңда қаладағы медициналық мекемелерде 323 өкпені жасанды желдету аппараты, оның ішінде 130 портативті аппарат бар. Сондай-ақ, 250 «Бобров» тыныс алу аппараты, 10 монитормен қамтамасыз етілген.
Б.ЕРНАЗАР,
Шымкент қаласы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет