Cезім күші Көңілім көкте самғады, Сағыныш бойды тербеді. Жарқ еткен сәуле жандағы, Сезім боп маза бермеді



бет1/3
Дата15.06.2016
өлшемі280 Kb.
#138120
  1   2   3
Cезім күші

Көңілім көкте самғады,

Сағыныш бойды тербеді.

Жарқ еткен сәуле жандағы,

Сезім боп маза бермеді...

Арайлап атқан ақ таңда жайқалған бауды аралап қос ғашық келеді. Көктегі ай да көмескіленіп, жер бетіне таң шапағымен әр кіріп, қол ұстасқан екі жасты көріктендіре түсті.Неткен ынтық таза сезім... Ағаштың қос жапырағындай дір-дір еткен жігіт пен қыз, аққулардай бір-біріне иіліп, соншалықты бір-біріне ынтызар, соншалықты бір-біріне құштар. Түні бойы айтқан сырлары да, жігіт жүрегінен жеткізілген жырлары да тым аз сияқты.

-Аружан қарашы, қарашы, таң шапағының дәл сендей мөлдіреп тұрғанын қарашы...

-Көрдім Айдос аға сездім, сезіндім, сіздің жырларыңыздай шынайы да таза, пәк екен!

Жігіт жүрегі тулап сала берді. Көкірегін кернеген дүлей шабыт асау толқындай тербелтіп, өлең шумағы өзінен өзі төгіліп жатты...

Таң шапағы

Сен көрдің бе таң шапағын арайын,

Сұлулықтан нұр шашады маңайым.

Әсем әлем, сырлы сезім мөлдір сәт,

Тоқташы өмір, нәр алайын қарайын.
Шың басында сәуле болып жанайын,

Таза ауаға тойымсызбын, қанайын.

Тыңдашы өмір, сұлулық тұр сыр шертіп,

Бір бөлігі болып соның қалайын.

Тау жігітті күн сүйеді жарқырап,

Нұрлы сезім тарап жатыр қарқын ап.

Неткен шыдам, неткен төзім, сезгенге,

Сырлы дүние сыр бермейді салқын ақ..


Шынайылық, сабырлылық сап құрып,

Шұғыламен шашырады шат қылық.

Өмір неткен ғажап едің, тәтті едің,

Адам үшін оны сезу сәттілік.


Үміт таңы жақсылық бер әр күннен,

Сенім болса жан жадырап, жар күлген.

Ерекше бір қайталанбас таңымды,

Мейірім төккен сен екен деп қалдым мен.


Күн жарқырап сазды күйін төккені,

Самал соғып санамды жыр өпкені.

Жылылыққа толып кетіп жан дүнием,

Менің өмір сүргім келіп кеткені,

Менің өмір сүргім келіп кеткені.
Бір-біріне ынтық қос жүрек жіпсіз байланып, бір сәт үнсіз мұңды сәтке көшті.

Екі жастың мұңаюының себебі Аружан мектепті үздік бітіріп, ауылда аяулы анасына көмектесуге қалса,институтты үздік қызыл дипломмен бітірген Айдос алыс ауданның түкпіріне құрылыс жұмысына аттанғалы тұр. Серт байласқан қос ғашық алда қиын тағдыр күтіп тұрғанын, қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер боларын білмеді. Айдос мінген автобус артында шаң қалдырып, Аружанның қимастық сезімімен шыққан көзіндегі жаспен араласып, бұлдырай көрініп, көз ұшында кетіп бара жатты. Айдосқа демеу болған қыз қолынан тігілген бет орамал жүрек тұсына жайланып, дем бергендей.

Қоштасар сәтте ұсынылған хатты Аружан ашқанда оның «Бақыт-уайым» атты өлең екенін көріп, бейнебір Айдос дауысымен оқылғандай жан дүниесінде жаңғырып кетті...

Ару қыз-ау, күн шырайлы келбеттім,

Жаңбыр болып сезімімді селдеттің.

Көлге айналып аққу болып тербеліп,

Шөлге айналып ерініңе шөлдеттің.

Көктем болып жайнадың да жайлауда,

Қол ұстасып шыққым келді ойнауға.

Жүрек-жалын отқа орап кеудемді,

Асау аттай ауыздығын шайнауда.
Жаз болдың да тұнық түнге айналып,

Ай боп тұрдың жанарымда жайланып.

Келбетіңнің кереметін көре алмай,

Кете алмадым, жіпсіз қалдым байланып.


Күз болдың да жапырақша сарғайдым,

Сенсіз жүрсем мұңым да көп, бар қайғым.

Өзіңменен пәк сәбидей бала боп,

Өзіңменен дана болып қартайдым.


Қыс болдың да сезім қардай борады,

Мені бірдей бақыт-уайым орады.

Сезімімді селк еткізген сен едің,

Сол сезімді сақтап қалсақ жарады.

Сол сезімді сақтап қалсақ жарады.

Өмірдің асау толқыны Айдосты алыс ауданның ең түкпіріндегі тау түбіндегі таңғажайып ауылға жеткізді.

Бес жыл қалада өткен өмір мен табиғаты мен сұлулығы келіскен ауылдың айырмасы жер мен көктей.

Аз ғана ауылды ата-анасындай қорғап қос алып тау тұр. Таудан аққан бұлақтар күміс күлкісімен сыңғырлап, үлкен өзенді құраған. Тіл жетпес көркімен тоғайы жайнаса, тұяғы алтын асау тұлпарлар жалы мен құйрығы жерге тиіп, ерекше көрік беріп, жаныңды жадыратады.

Осы бір қасиетті де киелі өлкеге келіп, адамды тұлға ретінде қалыптастыратын өскен ортасы мен туған жерінің табиғаты екенін Айдос осы жерден ұққан.

Ауыл адамдарының да даладай пейілі кең, таудай ар намысы биік, бұлақтай жандарының таза екеніне тәнті болып, Айдос та сол елге

тартыла түсті. Еңбекқор, іскер, ақкөңіл Айдосты қариялар «баламыз» десе, ел «бауырымыз» деп құшағына тартты.

Құрылыс жұмыстарын басқарған Айдостың тасы өрге домалады. Бар ынта жігерін, жан жүрегін сала жұмыс атқарған жігіт елден ерте тұрып, елден кеш жатты. Сағыныш пен сезімге толы Аружанның хаты оған шаршамайтын күш берді. Ол таң шапағымен тұрып қос алып тауға қарап, өзен жағасына барып, мөлдір табиғат арасында өлең жазуды әдетке айналдырған.

Кеудесіне сағыныш толған ол қазір ғана жазып шыққан өлеңін оқи бастады:

Іздерсің мені...

Іздерсің мені , құйыла төккен жауыннан ,

Іздерсің мені , дамылсыз соққан дауылдан .

Табиғатымның танырсың түпкі тамырын ,

Жүрегі «Сен»-деп ауырған.
Іздерсің мені ,бақшадан , әсем баудан да ,

Күз келсін мейлі көңілдің бұлты ауғанда .

Жылжыса жылдар ,жүйіткісе жылдамдықпенен,

Санармын биік таудан да .


Алыстап кетсең танимын көзден күн күлген ,

Уайымды шексең , жарамас мұның тым мүлдем .

Жалынды жырым жаныңда жұлдыз жайнатсын ,

Өмірдің соңын кім білген ?

Өмірдің соңын кім білген ?

Сыршыл сезімге толы хаттар ақ көгершіндердей самғап ,жүректен жүрекке жетіп тұрды .

* * *

«Қырсық қыр астында» дегендей ойламаған жерден ауыл ортасындағы тұрғын үйден үлкен өрт шықты. Барлық жұмысын тастап,жан ұшыра жеткен Айдос қызуы мол жалынға бата алмай тұрған жұрттың арасынан қара түтінге толы үйге жүгіре енді. Ауа жетпей тұншыға бастаған ағалы інілі балаларды тауып ,сыртқа ала жөнелді. Жасөспірімдерді ауыл тұрғындарына қалдырып ,Айдос ерекше батылдықпен «Тағы ешкім жоқ па екен» деген үмітпен қапқара қою түтінде әр жерді сипалай берген. Еңкейіп жүріп ешқандай дыбыс естімеген Айдос енді қайта үйден шығамын дегенде үлкен ауыр зат үстіне құлап, қатты жараланып ,өмірге деген құштарлық оны екі қолымен алға сүйретіп, сыртқа алып шықты. Екі аяғы жансыз қалған ол сырттағы елді көріп, талықсып, талып бара жатты.



* * *

Айдос әрең дегенде кірпіктерін дірілдетіп ,көздерін зорға дегенде ашып, ауруханада жеке палатада есін жиды. Алғаш сәтте ешнәрсені түсіне алмай абдырап қалды . Бар есінде қалғаны лаулаған от ,құлағында шулаған дауыс .Айналаның бәрі ақ түсте .Бетіне ақ дәке ораған ,мейірімді көзімен қараған мейірбике жігіттің есін жинағанын байқап,қуанып кетті.

- Мен қайдамын,неге қозғала алмаймын, маған не болды ?

Айдостың үні өте баяу ,әлсіз есітілді .

- Біз сізді жедел жәрдем арқылы орталық ауруханаға жеткіздік .Сіз үлкен ерлік жасап ,екі азаматтың өмірін ажалдан арашалап қалдыңыз. Бір апта бойы ес түссіз жаттыңыз . анда санда ғана кірпіктеріңізді қимылдатып, «Аружан»атты қыздың есімін қайталаумен болдыңыз .Сіздің бел омыртқаңызға күрделі операция жасалды.Толық емделіп шығу үшін сізге кемінде алты ай үзіліссіз емделу қажет.

Айдос палатада жеке жатыр. Ойы ойран асыр .Бүкіл өмірін көз алдынан өткізуде .Өмірінің әрбір сәтін талдаса пәк,кіршіксіз,таза өткізіпті,ойы жақсылық жасау мен адамдарды қуанту екен .Әрбір жанға көмегін аямайтын оған бір ауыз жылы сөз бен жылы қабақ дәл қазір қажет-ақ. Тұңғыш рет жалғыздықты сезініп,ешқашан ұнжырғасы түспеген, беті қайтпаған, ер көңілді ержүрек жігіт мұң мен ой араласқан тұманда адасты .


* * *
Уақыт зымырап өте берді.Төсектен қоларбаға көшірілген Айдостың ермегі күні бойы ақ парақта Аружанның бейнесін суреттеп жазу болса, түнұзақ оны қиялында құшып ,жырларын дүниеге келтірді.Жаны таза ,рухы биік жігіт өзінің бейшара хәлін көрсеткісі келмей, Аружанға сездіргісі келмей қамықса да қырандық қалпын сақтап, хат жазуды да мүлдем тоқтатты.Өзегін өкініш өртесе де сүйгенінің бақытын тіледі. Қатты қиналған сәттерінде жүрегінен жарып шыққан жырын қайталаумен болды

Өзіңе өзің демеусің

Өзіңе өзің демеусің ,

Өзіңмен өзің сырлассың.

Алдыңнан шығар дереу сын ,

Сұңқардай сақ боп сынбассың.

Өзге емес өзің сенерің ,

Жақсылық жаса сауапты .

Басшысы «Өмір кеменің»

Сақшысы сенсің жауапты .

Жүрекке әмір жүрмейді ,

Бүйрегің бұрсын бірлікке .

Көңілден көңіл гүлдейді ,

Сыйласу керек тірлікте .

Жақсылық шығар алдыңнан ,

Жылы сөз жанды емдеген .

Айныма адам қалпыңнан ,

Әрбір шақ қайта келмеген .

Еңбекқор болғын шыдамды ,

Қадірлей білгін әр сәтті .

Ұмтылсаң іске ұнамды ,

Өмірің қызық мәні тәтті .
* * *

Сағынып жүрмін жүрекке жақын жанды іздеп ,

Қамығып жүрмін санамда уайым мың тізбек .

Жалындап жүрген ,жайраңдап күлген жан едім ,

Сарғайтты мені бір күз кеп,

Сарғайтты мені бір күз кеп.


* * *

Мен де бір күн бұл өмірден өтермін ,

Барлық уайым ,қайғы мұңым бітер-ау.

Арман қиял жеткізбесе не етермін ?

Қайран ару мені жоқтап күтеді-ау.

Қайран ару мені жоқтап күтеді-ау.


* * *

Хат хабар үзіліп, Аружан бүкіл әлемге сыймады, өзін қоярға жер таппады.Күндіз Айдостың жолына қарап сарыла күтсе, түндерде жігітінің тұншыға, жаңғыра шыққан жан айқай дауысы естілген түстерінен шошынып оянып жүрді. Айдостың шақырып көмек керек ететінін,аялы алақанға, жылы сөзге өте зәру екенін жан жүрегімен сезінді. «Шыдамның да шегі бар» дегендей шыдамы таусылып,жан сырын анасына ақтарып салды. Көзінің қарашығындай жақсы көретін жалғыз қызының таудай көңіліне қаяу түсіргісі келмей анасы үлкен жолға шығуға қызына келісім берді.


* * *

Күні бойы жол жүрген ,шаршап шалдыққан Аружан алыстағы облыс оталығына кеш бата жетті.Алдағы қою қара түнге қалып кету қаупі төнген қыз мүлдем әбігерленіп, ой орманда адасты. Жүрек соғысы жиілеп, әлденеге елеңдей берді. Жанымен сүйіп, бүкіл өмірін арнауға бар Айдосының осы облыс орталығындағы ауруханада екенін әрине білмеді. Автовокзалға келгенде өзінің баратын ауылына бір ғана автобус қатынайтынын, оның әлдеқашан кетіп қалғанын сұрап білді.

Кенет жеңіл көліктен түскен үш жігіт аялдамада алаңдаулы күй кешкен Аружанға жақындап келді. Ай сәулесімен нұрланған елік мүсінді ару қыз жігіттердің ауызын аштырып ,есін тандырды .

-«Қарындас,қайда жол тарттыңыз? Сізді әлемнің екінші шетіне жеткізуге дайынбыз»-деген жылы мейіріммен жымиған жігіт ағасына Аружан ризашылық сезіммен қарап, қамқорлықты сезініп, түкпірдегі ауылға бара жатқанын айтты. Қыздың байқағаны екі жігіт тым жеңіл мінезді де, қамқорлықпен сөйлеген жігіт ағасы мейірімді, салмақты да байыпты.Тағдыр дегеніңді қойшы. Қыз атаған түкпірдегі ауылда осы жігіттер өздері тұратынын айтып, мәз мейрам болып барлығы жолға шықты. Жол ұзақ. Қатты жылдамдықпен жүріп өткеннің өзінде таң ата ауылға жететінін,бірақ та тау тасты жердің жолы кейде ондай мүмкіндікті бермейтінін алда отырған екі жігіт жарыса әңгімелеп келеді .

Таныса келе жүргізуші жігіт Қалас,жанында отырған Жалғас, артқы орындықта жанында отырған Манас атты жігіт ағалары екенін ұққан.Күні бойы жол соққан, шаршаған Аружан қалжырап,қалың ұйқыға кетті.Жігіттердің бұл түнде суыт жүруінің себебі облыс орталығынан өткенде ғана ауылында тойда болған

құдаша қызды алып қашу болатын . Қырсық шалғанда қыз үйінен шыға қоймады. Салы суға кеткен жігіттер үріп ауызға салғандай ай десе ауызы, күн десе көзі бар ару қызға жолықты. Алып қашуға басында қарсы болған Манас құрдастарының қыршаңқы сөзінен, намысын қайраған қалжыңынан құтыла алмай келеді .

Қыздың ұйықтап қалғанын пайдаланып, әр жерде қайта-қайта тоқтап, қиянатқа жоқ Манасты құрдастары әзер көндірді. Күнді көкке жарқырата көтеріп, машина дыбысын барынша шығарып , шаңдатып ауыл ортасындағы Манастың үйіне де жетті.

-Алып қашу қаншама тағдырларды тәлкекке салып, өмірді гүлдей солдырып, өксікке әкелетінін көп адам білмес. Бұл істе қаншама уайым, қаншама төгілген көз жас бар. Әділетсіз өмір балапандай балбырап, мамыражай күйде ұйықтап жатқан Аружанға да тырнағын батырғалы тұр. Қыз тағдыры қандай қиын десеңізші...

Қатты дыбыстан шошына оянған Аружан олай да, былай да тартқыланып, қуатты қолдармен жұлқыланып, апа жеңгелердің арасында тұншығып, құмға сіңген судай жаңадан соғылған үйге еніп бара жатты.Жанұшыра жан жағына қарап байқағаны үй жанындағы үйдің өртеніп, тек қап қара дуалы ғана қалғанын көрген.

-Айдос аға қайдасыз?Құтқарыңыз, Айдос аға!-деп қайта шыңғыра шыққан жылау аралас жан айқайға ішкі төргі үлкен бөлмеден ақ шапанды сақал мұрт шаштарын ақ қырау басқан қария елең етті. Дүйім жұртқа тоқтау салып өрімдей жас кіршіксіз пәк қызға сұрау салды :

-Қызым жан жүйемді жылатқан жан айқайың жетті маған. Атап шақырғаның қай Айдос ?

-Ата, мен Айдос ағаны іздеп келдім ,алты ай болды осы жерде құрылыс жұмыстарын басқарып, сіздерге мектеп салдырған. Мен оның атастырған қызымын.

-Айналайын, бағыңнан, бақытыңнан айналдым. Айдосым маңдайы жарқыраған, жүрегімнің төрінен орын алған менің де ұлым. Ол бүкіл ауылдың сүйіктісі де. Ауылға келгелі аз уақыттың ішінде елімізге қазына, қуаныш әкелді, жас та болса береке бірлікке бастады, мол мереке тірлікке кенелтті. Әттең өмірмен өкініш қатар жүреді.Алтын ұям, балапандарым өртке оранғанда қасымнан табылып, мынау Асан менҮсенді ажалдан құтқарған да сол Айдосым еді... Балалар балалығын жасапты .Ел болып қариялық

жасыммен кешірім сұраймын. Айдос қазір облыс орталығындағы ауруханада .Күн түні күзетіп қасында отырмыз...

Қария дауысы кемсеңдей шықты. Ешқашан мұқалып,жасып көрмеген қыран қарт жас бәйшешектей қызды көріп, елжіреп тағдырына араша түсе алғанына шүкіршілік етті .

Өмірдің өзі қызық. Аружанды алып қашып келген жігіттер Айдостың осы жердегі құрдастары болса, байыпты да байсалды мейірімді жігіт Манас Айдостың жан досы болып шықты. Алғаш сәтте жалына жалбарына кешірім сұраған олар біраздан соң-ақ қайта әзілге басты .
* * *

Аурухана бөлмесі . Мұнтаздай таза бөлменің барлық қабырғалары ару қыздың бейнелері, терезе жақтауларында Аружанның табиғатпен үйлесе сомдалған бейне мүсіндері. Стол үстінде жыр шумақтарына толы жұмыс дәптері. Төсекте жатқан Айдос терезеден телміре қарап, көзін бұлттарға қадап, қиял әлеміне сүңгіді. Ауылдан келіп жатқан қаншама сәлемдеме, жылы сөз, жылы қабақ бір Аружанның күміс күлкісіне, ай дидарына жетпеді.Сүйіктісін хат хабарсыз қалдырғанына өкінетін сияқты .Ер болып езілмегеніне, жігіт болып жасымағанына,қыз алдында абыройын түсірмегеніне Құдай алдында тәубе етеді .



-Адам өзімен өзі қалғанда өзіне өзі сыншы ,өзіне өзі есеп бергіш .Шындығында өз мінімізді мойындамаймыз. «Сырт көз сыншыл»-дегендей, ал сын айтылса асау аттай арқырап, жолбарыстай жұлқынатынымыз тағы бар .

Намысшыл, ер мінезді, қыран текті Айдос та туылғаннан бір беткей, бір сөзді болып өсті. Оқуда озат, еңбекте алда, спортта биіктен көріну ол үшін бұлжымас заңдылық болатын . Жанын жегідей жейтіні: «Неден ұтты?, Неден ұтылды?» Жұрт қатарлы өмір сүрсе , барлық нәрсеге жанын алып , жанын сала бермегенде тар төсектің тұтқыны болмас па еді ? Әлде барлық істеген жақсылықтарының өтеу-сыйы қоларба болып қала ма ?

Айдосты бұдан да қатты қиналтқаны осы бір мүсәпір қалпын Аружан көрмесе екен, оны да босқа азапқа салмасам екен деген ой болды. Сүйгені үшін лажсыз бақытынан бас тартып, қоларбаның жанында бүкіл өмірін өткізіп, қор болғанша өзгемен өзгеше өмір сүрсін деген тұжырымға келді.

Жүрегі қан жылай, жанары жасаурап жатып, азаматтық қалпымен осы түйінге тірелді .Өмірдің мән мағынасы қалмағандай, аурухана тар қапасқа айналды. Өзіне өзі күбірлеп сөйлеп, сұрақ беріп, жауап алып түн бойы арпалыста болған Айдос таңды көз ілмей қарсы алды. Сүйгеніне деген сезімі «Сағынамын» атты әнімен өрілді.

Сағынамын, жабығамын,

Өзің едің жалын әнім .

Күн елесің, гүлденесің,

Отқа оранып жағыламын.


Сәби бейне, алау шырақ

Маза бермей мың бір сұрақ.

Көз алдымда жүре берші,

Бақытымның мәнін құрап.


Гүлдей нәзік, елік тұлғаң,

Бағым ба едің сеніп туған?

Жүрегі бір адамдарды

Тас қабырға бөліп тұрған .


-Қайран денсаулық. Бақыт та , байлық та, қызмет те, дүние жиһаз да, киім де,бұйым да денсаулықтың арқасында екен-ау. Денсаулықтың қасында басқа нәрсенің барлығы түкке тұрғысыз, баянсыз екенін Айдос әбден ұғып сезінді . «Денсаулық-терең байлық» деген сөзді қайталай берді, қайталай берді.

* * *


Қызға қамқор бола білген Мейірхан ақсақал Аружанға ерекше жағдай жасап,әлдендіріп,демалдырып, «Құдай алдындағы құрметім болсын»-деп шалғай қашықтағы Айдосқа өзі бастап баруға бекінді . Бұл ұсынысты қуана құптаған Манас,Қалас,Жалғас тез арада жеңіл көлік пен бірге апаратын базарлық заттарды лезде дайындады .

Кеуделерінде үміт пен арман , қуаныш пен сағыныш толы жастар аталарын алдарына ту етіп ,мөлдір тамшыдай нәзік ай дидар Аружанды орталарына алып тас жолды тілімдей тау шатқалындағы жалғыз жолмен облысты бетке алып, жеңіл көлікпен зымырап бара жатты.

Алаулап батқан күнге сұқтана қараған Айдос тау шыңынан байқалған мұндай керемет ғажайып құбылысты алғаш көргендей көзін алар емес. Мың түрлі түске боялған бұлттар таңқалдырып,

үлкен сезімге жетелейді. Әне бір ала бұлт бейнесі Аружанға айналып , назды көзін төңкеріп,мейірімін төгіп,қолын бұлғағандай .

Алты ай бойы аңсары ауған жігіт әрбір көріністен сұлу қызын көрді ,әрбір құбылыстан аруын сезінді .Жүрегін жібіткен , жан жылуымен үндескен табиғаттың үйлесімді сұлулығы өзімен үндестік тауып,сұлулықтан басы айналды .Ешкімге тәуелді емес әсем табиғатқа қызыға да,қызғана да ұзақ қарады.

Кенет оқыс шыққан дауыстан селк ете түсті.

- Ата , көп бөгелмеңізші, сіздерден де сұранатыным Айдос ағаны көп мазаламаңыздаршы-деген Айдосқа туған қарындасындай жақын болып кеткен мейірбике Меруерт көп адамдарды бастап келеді .

- Ассалаумағалайкүм ата !

Айдостың беті нұрланып , көзі жайнап ,атып тұруға талпынса да тұра алмады . Екі қолын ұсынып , кеудесіне толған қуанышын жасыра алмай , туған атасы келгендей балаша жайнап сала берді.

-Уағалайкүмсалам ұлым, жарығым,өркенің өссін, көсегең көгерсін! Кештетіп келгенімізді айып көрме ,кештете көңіл сұрағанымызды ойыңа алма , оның да орынды себебі бар. Қарлығаштай қалықтап жеткен аққудай аяулы, күндей көркем айдай аруың Аружанды бірге алып келдім .Бірің көзімнің ағы болсаң, бірің көзімнің қарасысың ,екеуің де маған бірдейсің, қарақтарым, шырақтарым-ау!

Айдос қуана шаттануға үлкен кісіден ұялды .Қамыға жылауға қастарындағы достарынан қысылып, жанарына лықсып келген жасты абырой болғанда жігіттік намыспен әзер дегенде тоқтатты. Қария қасындағы еріп келген немерелерімен қатар жастарды ертіп,сыртта тұрған Аружанды осы жаққа шақыруға кетті.

Айдостың жүрегі кеудесінен жарып шығардай дүрсілдеп, қуатты да салалы саусақтары кереуеттің темірлерін сындырып жіберердей қыса түсті. Бейнебір торға түскен қырандай көздері ұшқындап ,орға түскен жолбарыстай жүзінен жалын шашырады . «Сүйіктіме сұмпайы,сорлы, бейшара болып көріндім –ау»-деген жаман ой жанын жегідей жеп , миына мың ине кіргендей беймаза

күй кешті.Не де болса сыр бермеуге бекінді.Төсекте жайрап жатқанын көрсеткісі келмей жанұшыра қасындағы қоларбаға ұмтылған.Ышқына қимылға көшкен ол кереует жақтауынан қолы тайып кетіп,омақаса құлап,сырғып кеткен қоларбаға жер бауырлай

қол күшімен әзер дегенде жетіп, жансыз аяқтарын қолдарымен әрең дегенде жинап алды .Қарулы қолдарымен қоларбаны ұршықша иіріп ,терезе жаққа жетіп , қараңғылық басқан даладан көз алмады .

Қарияны күтіп,қолынан халат жамылып, бағыт бағдар алған Аружан үшінші қабатқа хирургия бөліміне оқша зуылдады.Текпешектерден әлденеше рет сүрініп ,құлауға шақ қалған ол сүйіктісі жатқан палатаға да жетті-ау әйтеуір.

-Саламатсыз ба Айдос аға ?!...

Қыз дауысы қуаныштан жаңғыра шықты . Терезе жаққа бетін бұрып тұрған Айдостан ешқандай жауап болмады . Бөлмені меңіреу үнсіздік басты . Тау көңілмен барған қыз алға да ,артқа да жүре алмай тас мүсінге айналды .Қараңғы түннен де сұсты ,өн бойынан ызғар шашып тұрғандай болған Айдос бар күш жігерін жинап, жаралы жүрегін қайта қансыратқалы тұр . Сабырлы кейіппен дауысы қарлыға үн қатты:

-Аружан,мен мың ойланып ,мың толғандым.Мендей денсаулығы жоқ мүгедек, масыл кімге керек? Бұрынғы қамқоршы бола білер Айдос ағаң енді саған жоқ .Бағыңды байлама, мені іздеме ,теңіңді тап! Жолың болсын ,бақытты бол ! Енді қайтып маған келуші болма!

Мыңдаған шақырым жерден жадап,жүдеп ,шаршап, шалдығып әзер жеткен бойжеткенге мұндай сөз өте ауыр тиді.

-Сіз жазыласыз аға, мен мәңгілік сізбен біргемін ! Сіз маған керексіз!Мен сізге керекпін! Мен сізді қиыншылықта қалдырып,тастап кете алмаймын!

Бөлмені суық үнсіздік жайлады .Қыз дауысы жарықшақтанып, көмейіне толған өксік бар сөзін айтқыздырмады. Үлкен демеу мен жылы сөз күтіп келген қыз жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп , теңселе талықсып ,талып ,құлап бара жатты.

Бар күш жігерін жұмсап , құламауына демеу боламын деген Айдос қоларбамен қанша талпынғанмен тез арада жете алмады.

Өте жылдам келіп бірден тоқтаған арба тепе-теңдігін сақтай алмай жігіт қос қолын алға жая аруын құлатпауға әрекет жасай еденге құлап түсті. Жер бауырлай жыланша сырғып, сүйіктісінің басын көтеріп, бауырына қысты, жанұшыра мейірбикені шақырды. Дәрігерлер Аружанға жедел көмек көрсетіп, бөлмеден алып кетті. Ешқашан беті қайтпаған, көзіне жас алып көрмеген жігіт қыз
алдындағы дәрменсіздігін сезініп, керуеттің темірлерін соққылап, өкіре жылап жатты...

* * *


Таң атпай науқастардың жағдайын тексеруге келген бас дәрігер барлық палаталарды аралап келіп, Айдосқа келгенде жағдайдың мұншалықты күрделеніп кеткенінен шошып кетті. Жігіттің өн бойы жалынға оранып, қызуы мүлдем көтеріліп, жанын қоярға жер таппай мазасыз күйге көшкен. Қаншама дәрі беріп, дәрі еккенмен дене қызуының түсуіне, жігіттің басылуына еш нәрсе әсер ете алмады.Қайта жігіт әлдебір сөздерді қайталап, сандырақтап, жан-жақты қарманып, үстіндегі киімдерін жыртып аласұрды. Ұзақ уақыт жан төзгісіз қиналыс, жан дүниесін жегідей жеген уайым- ойлар жігіт жүйкесін жұқартып, осындай тым ауыр күйзеліске алып келді. Алып тұлғалы жігіттің жүрегі мың жерден кесіліп, жаны тым жаралы еді. Бас дәрігер жағдайдың тым шиеленісіп бара жатқанын сезіп, түнгі кезекші мейірбикеден не жағдай болғанын, кімдер келгенін әбден сұрап білді. Тез шешім қабылдай білетін бас дәрігер шебер маман психолог еді. Істің түйінін тез аңғарған ол шешу жолын да байқады. Дәрігердің көмегімен көрші палатада бос бөлмеге жатқызылған Аружанды мейірбикеден қабылдау бөлмесіне келуін өтінді. Денсаулық парақтарын ақтарып танысып отырған бас дәрігер кабинетіне Аружан инабаттылықпен сәлем беріп, имене кіріп келгенде ай- мүсін елікті көргендей, таңғажайып бейнеден көз алмай бір сәт тұрып қалды. Дидарынан мейірімі төгілген, тал шыбықтай иілген,бота көз қазақ қызы қолаң шашы тілерсегіне жеткен қайталанбас сұлулық иесі, тым ерекше жаратылыс еді.Ақ маңдай, қою қалың қара қасты, қыр мұрынды оймақ ауыз, аққу мойын, қыпша бел ару қыз бүкіл әлемді жарықтандырып жібергендей. «Бүкіл әлемдегі сұлулық әйел сұлулығына жетпейді» деген қағиданың кейіпкері дәл алдында тұрғандай әсер қалдырды.

- Қарындасым, осынау қиын сәттерде Айдостың қасында болғаныңыз қандай жақсы болды .Оның жаны тым жаралы.Айдостың тәнін емес бірінші жанын емдеу керек.Жанында болғаныңыз игі әсер етіп, оң нәтиже беретініне сенімдімін.

- Ағай ,Айдос аға қашан жазылып шығады ?Қашан өз аяғымен жүріп кетеді ? Қашан ауылға бірге қайтқанша мен ағаның жанында боламын !...
Бар үмітін артып отырған бойжеткенге бас дәрігер ашыла ,іш тарта сөйледі.

-Аяғынан тік тұрып жүріп кетуіне қазір мүмкіндік өте азбоп тұр. Бірақ та аянып қалмаймыз.Бір ғана құдіретті күш ерекше әсер етіп, оңынан салса , бір-біріңе деген сезім күші ұлы күшке айналып бақтарыңның жанатынына күмән келтірмеймін .Бүкіл өмірін спортқа арнаған алып жігіт алыптығын көрсетуі керек.

* * *

Бас дәрігердің бөлмесінен қуана ,шаттана шыққан Аружан тіке Айдостың палатасына енді.Жан терге түскен ол қызы кіргеннен арпалысын қойып ,тынышталып , тәтті ұйқыға кетті.Тек анда-санда «Аружан ,менің бар жазығым сенің бақытыңды тілегенім» деген сөзді қайталаумен болды.



Аружан сүйікті адамының маңдайынан сорғалаған терін сүртумен әбігер . Жан жағына көз тастаған ол өзі туралы жасалған әсем көрмеде жүргендей қабырғалардағы әр бейнеге жеке –жеке тоқталып, өз бейнесінің дәл шеберлікпен түсірілгеніне таңдайын қаға таңырқады.Шкаф үстіндегі қолжазба естелік күнделіктің бірінші бетін ашқанда қанмен жазылған «Аружан сүйіктіме арнаймын» деген жазуды көріп ,кітапшаны кеудесіне қысып, бота көздерінен жас парлады . Ұзақ уақыт бойы жазылған күнделік дәптер адамның жан досы ,сырласы, мұңдасы іспеттес. Өткенде ғана жауған алғашқы қарды суреттеп жазған «Ақ махаббат» өлеңінде өмір философиясы табиғатпен суреттелгені ,жыл мезгілімен көрініс тапқаны Аружанға ерекше әсер етіп, үлкен

ойға шомдырды, сырлы сезімге бөлендірді.


Алғашқы қар қонақ болып келді де ,

Кеңпейіл жер ақ дастархан жайыпты .

Қарлы ағаштар құс ұйқыға енді де,

Басын иді болғандай бір айыпты .

Ағаш біткен қар салмағын сезініп ,

Кейбіреуі төзе алмай жер жастанды .

Табиғаттың мөлдіреген кезін ұқ ,

Сұлулықты суреттеуі басталды.


Аяз жігіт әйнектерге гүл салып ,

Көктем қызға сағынышын жазғандай .

Ыстық лебін сағына ма мұншалық ,

Сұлу көктем қолға түспес назданбай .


Әппақ қар да ақ шағала ақ үміт ,

Сонау көктен жерді аңсап келеді .

Заңдылық бар байқап тұрған көз тігіп ,

Бар әлемде «Ақ махаббат» жеңеді.

Бар әлемде «Ақ махаббат» жеңеді.
* * *

Күндіз түні жанынан табылған бойжеткеннің сөзі – шипа , жылы қабағы-ем, сұлу бейнесі жігітке таптырмас дәрі болды.Күннен күнге беті бері қараған Айдостың жүзіне қан жүгіріп, бойына әл бітті.Жан дүниесі қараңғы тамұққа айналған жігіттің өмірге деген құштарлығы қайта оянды. Бойжеткеннің жылы сөздері, сенім білдіре айтылған үміті оны жарыққа бастады.Томаға тұйық болып, томсырайып отыратын ол ашыла сөйлеп,күле бастады. Хатха иога, шығыс жекпе –жек өнерлерімен бала кезінен айналысып, жетік,шебер меңгерген ол киманосын қайта киіп , өнерлерімен қайта табысты . Аяқ жаттығуларын жасай алмағанмен қазірше дене, қол қимылдарымен шектелді. Қасынан бір елі ажырамайтын Аружан жігіттің кірпік қаққанына дейін байқап, барлық жағдайды жасады. Қоларбамен аурухана жанындағы әсем бауды аралатты.Өзіне арналған өлеңдерін бойжеткен шабыттана оқыды,әндерді беріле шырқады. Жастық қайраттары бойларында тасыған олар қармен атысып , бір-бірін қарға аунатты. Енді бірде екеуі қос ақ қала жасауға бір-бірін жарысқа шақырып, қарды домалатып әлекке түсті. Қос ғашықтың қылығына мейіріммен нұрын шашқан күн қимай,қия алмай мың қыр асып ,таудан көрінбей батып бара жатты...

* * *



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет