2.2.1 Ағаш дайындауды механикаландыру. Ағаш дайындау жұмыстары орман өсiмдiктеріне күштi ықпал етедi: өскiн мен орман астарының бөлiгi жойылады немесе зақымданады, топырақ нығыздалады, орман жамылғысы сыдырылады, орманның су күзету және қорғаныш қасиеттерi өзгередi. Өскiннiң және топырақтың зақымдану деңгейi, көбiнесе, кесу өндiрiсінің процесін ұйымдастырылуына, ағаш өңдеу технологиясына байланысты.
Ағаш кесу жұмыстары әр түрлi құрал-саймандарды қолдану арқылы орындалады, олардың құрамы қабылданған технологиялық процес сұлбасымен анықталады. Ағаш кесу жұмыстарының мынандай сұлбалары пайдаланылады:
1) ағашты кесіп құлату – тасымалдау – ағаштарды тиеу;
2) ағашты кесіп құлату – тасымалдау – ағаштарды бұтақтардан тазарту – тазартылған ағаштарды тиеу;
3) ағашты кесіп құлату – ағаштарды бұтақтардан тазарту – тасымалдау – тазартылған ағаштарды тиеу;
4) ағашты кесіп құлату – тасымалдау – ағаштарды бұтақтардан тазарту, бөлшектеп кесу – сұрыптау және текшелеп жинау – сортименттерді тиеу;
5) ағашты кесіп құлату – ағаштарды бұтақтардан тазарту – тасымалдау – бөлшектеп кесу – сұрыптау және текшелеп жинау – сортименттерді тиеу;
6) ағашты кесіп құлату – ағаштарды бұтақтардан тазарту – бөлшектеп кесу – тасымалдау – сұрыптау және текшелеп жинау – сортименттерді тиеу.
2.2.2 Ағаш кесу жұмыстарына арналған машиналар мен механизмдер жүйесi. Ағаш кесу жұмыстарына арналған машиналар жүйесi деп – техникалық параметрлері мен пайдаланылу көрсеткiштерi бойынша өзара байланыстырылған және ағаш кесу жұмыстарының технологиялық процесінің барлық операцияларын рет-ретiмен орындау үшiн тағайындалған машиналар және әр түрлi қызметтерге арналған жабдықтар кешенiн айтады.
Ағаш кесу жұмыстары үшiн арналған барлық машиналар жүйесiн шартты түрде төрт топқа бөлуге болады: бiрiншi топта, ағаш кесіп құлату машиналары пайдаланылады, екiншi, ағаш кесіп құлату-пакеттеу машиналары, үшiншi, ағаш кесіп құлату-тасымалдау машиналары, төртiншiде, ағашты кесіп құлату жылжымалы моторлы саймандармен атқарылады.
Қолданылатын машиналар жүйесiнiң казiргi тiзбесi мынандай:
1. бензинді-моторлы аралары жүйесі;
2. ағаш кесіп құлату машиналары жүйесі;
3. ағаш кесіп құлату – пакеттеу машиналары жүйесі;
4. ағаш кесіп құлату – тасымалдау машиналары жүйесі.
Бұл тiзбе нақты табиғи-өндiрiстiк жағдайларда машиналарды таңдауға және жүйенi қалыптастыруға негiз болып табылады.