Демонстрациялық тәжірибелерді жүргізу әдістемесі
Дәрістің жоспары:
1. Демонстрациялық тәжірибелерге қойылатын талаптар
2. Оттегі топшасы элементтеріне эксперименттік тәжірибе жүргізу
1. Демонстрациялық тәжірибелерге қойылатын талаптар
Демонстрациялық тәжірибелер төмендегі жағдайларда жүргізіледі:
1. Оқушылардың алған білімдері жеткіліксіз және зертханалық тәжірибелерді жүргізуге біліктілігі төмен болған жағдайда. Айырылу реакциясын өткенде электр тоғы арқылы судың айырылу тәжірибесі қарастырылады. Сегізінші сыныптың оқушылары бұл тәжірибені өз беттерімен жүргізе алмайды. Себебі тоқ көзіне байланысты түзеткіштермен (выпрямитель) жұмыс істеуді олар әлі меңгермеген. Сондықтан оларды түсіндіріп жатпай мұғалім өзі тәжірибені демонстрациялық түрде өткізеді. Сол сияқты эвдиометр арқылы судың синтезі де демонстрациялық түрде жүргізіледі.
2. Жүргізілетін тәжірибелер күрделі болған жағдайда, құрал-жабдықтар жетіспеген жағдайда. Мысалы, газометр арқылы оттегін жинау, Кипп аппараты арқылы сутегін алу тәжірибелері де демонстрациялық түрде жүргізіледі. Бұл құралдармен жұмыс істеуді оқушылар бірте –бірте уақыт өткен сайын үйренеді. Сол сияқты басқа да күрделі тәжірибелерді, мысалы хлорлы сутектің немесе аммиактың судағы ерітіндісін колбада фонтан арқылы көрсету демонстрациялық түрде көрсетіледі.
3. Уақытты үнемдеу үшін, кейбір зертханалық тәжірибелер демонстрациялық тәжірибелермен ауыстырылғанда. Оқушылар мұғалімнің демонстрациялық тәжірибеге жұмсаған уақытынан өздері жасаған тәжірибеге үш есе көп уақыттарын жібереді.Дегенмен де, зертханалық тәжірибелердің танымдық ерекшелігін ескере отырып, мұндай әдістерге көп жүгіне беруге болмайды.
4. Сақтандыру ережелеріне байланысты оқушыларға кейбір заттарды беруге болмайтын жағдайда. Бұған, мысалы броммен жұмыс істеу тәжірибесі,эфирдің судағы ерітіндісін көрсету арқылы оны жағу,сынап оксидінің айырылуы, мыс оксидін (ІІ) көміртегі оксиді (ІІ) арқылы тотықсыздандыру, күкірт қышқылын суда еріту және т.б.тәжірибелер.
5. Оқушылардың өздері жасаған тәжірибелерден демонстрациялық тәжірибенің артықшылығы анық болған жағдайда. Мысалы, фосфордың оттегінде жануын оқушылар кішентай ыдыста жасап көргеннен гөрі, егер оны мұғалім үлкен ыдыста жасап өзі көрсетсе тәжірибенің нәтижесі анағұрлым жоғары болған болар еді. Сол сияқты сутегінің ауамен қопарылысын пробиркада көрсеткеннен гөрі оны мұғалім демонстрациялық түрде көрсетсе оқушыларға ол бір ұмытылмайтын көрініс болар еді.
Кезкелген эксперементтің түрлеріне қойылатын талап –ол оған ұқыпты дайындалу және алдын ала тексеру.Кез келген тәжірибені мұғалім алдын ала өзі жасап көруі қажет.Кейбір жағдайларда белгісіз бір мәліметтерді мұғалім ескермеуі мүмкін. Ондай жағдайларда тәжірибелердің нәтижелі болуы екі талай. Мысалы, мұғалім азот қышқылы тұздарының қасиеттерін көрсету үшін калий нитраты тұзының орнына натрий нитраты тұзын алып, дайындалған қоспаны аузы нашар жабылған ыдыста қалдырып кетеді. Ал, натрий нитраты ылғал тартқыш, сондықтан ол ылғалданып демонстрация кезінде жанбайды. Басқа бір мысалдан мұғалім күміс фторидін күміс хлориді мен күміс бромидімен салыстыра отырып, суда еритінің көрсеткісі келіп тәжірибе жасайды. Ол үшін мұғалім күміс нитраты ерітіндісіне аммоний фториді ерітіндісі болмағандықтан оның орнына калий фториді ерітіндісін құйып тәжірибе жасайды:
АgNО3 + NН4F = АgF + NН4NО3
АgNО3 + КF = АgF + КNО3 (l)
Тәжірибе нәтижесінде суда еритін тұздар алудың орнына реакциядан кейін тұңба түзіледі. Оны қалай түсіндіруге болады. Мұғалім бұл жерде калий фторидінің сулы ерітіндіде күшті гидролизденетінің ескермеген. Мұндай ерітінділер сілтілік орта көрсетіп, ерітіндіде күміс нитратымен әрекеттесіп суда ерімейтін күміс оксидінің тұңбасын түзеді:
КF + Н2О = КОН + НF (2)
2КОН + 2АgNО3 = 2КNО3 + ↓Аg2О + Н2О (3)
Мұндай кездейсоқтық тәжірибенің нәтижесін аяқ астында оқушыларға түсіндіру мүмкін емес. Бұл жерде мұғалім тәжірибеге калий фториді ерітіндісінің орнына аммоний фториді ерітіндісін алу керек еді. Сонда мынадай реакция теңдеуі жүреді:
АgNО3 + NН4F = АgF + NН4NО3 (4)
Демонстрациялық тәжірибелерді жүргізгенде оған қажетті приборлардың барлығымен мұғалім таныс болуы керек. Жасалынатын тәжірибеге қажетті барлық заттарды демонстрациялық столға алдын ала дайындап қою керек. Дайындықсыз жасалынған демонстрациялық тәжірибелер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын төмендетеді. Кейде жасалынған тәжірибелер нәтижелі болмай жатады. Сондықтан да мұғалім демонстрациялық тәжірибеге алдын ала ұқыпты дайындалуы қажет.
Демонстрациялық тәжірибеге қойылатын талаптар:
- Ұқыпты дайындығы;
- Көрнектілігі;
- Қауыпсіздігі, қарапайымдылығы;
- Сенімділігі және экспериментті түсіну қажеттілігі.
Демонстрациялық тәжірибелерді мұғалім алдын-ала өзі істеп көруі керек. Керекті жабдықтарды алдын-ала дайындау қажет. Демонстрациялық столдың болуы шарт. Онда қосымша керекті құрал-жабдықтар болады (пышақ,қайшы,сүзгі қағазы т.б.). Тәжірибе көрсетілетін ыдыс үлкен болуы және ол бәріне көрінуі шарт. Кейде мұғалім индикаторлардың түсін көрсету үшін немесе тұңбалардың пайда болғаның көрсету үшін демонстрациялық тәжірибелерді пробиркаларда жасап, міне қарандар деп, кейде қолын жоғары көтеріп көрсетеді. Мұндай жағдайларда тәжірибелерді химиялық стакандарда жүргізіп, оны ақ немесе қара экрандық фонда ұстап көрсету анағұрлым тиімді болады. Ақ фонды экранда түсті ерітінділерді, ал қара фонды экранда ақ түсті тұңбаларды көрсетуге болады.
Демонстрациялық тяжірибелерді кей жағдайда жарық арқылы жарықтандырып да көрсетуге болады. Жарықты ыдыстың астынан немесе бүйірінен түсіріп те беруге болады. Сонда ыдыстың ішіндігі болып жатқан өзгерістер жақсы көрінетін болады. Демонстрациялық тәжірибелерді жүргізгенде мұғалім міңдетті түрде оны түсіңдіруі керек. Яғни мұғалім өзінің барлық іс-әрекетін сөзбен айтып отыруы шарт (Мысалы,колбаға мыстың ұнтағын саламыз, оны тамшы воронкасы бар тығынмен тығындаймыз. Колбаға тамшы воронкасы арқылы сұйытылған азот қышқылын құямыз. Әзірше сіздерге ештене көрінбейді. Енді міне, колбада қоңыр газы бөлініп жатыр...және т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |