Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


тақырып. Отандық философия



бет114/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   175
lektsii po filosofii

13 тақырып. Отандық философия
1.Қазақ руханиятының ерекшелiктерi
2.Орта ғасырдағы Отандық философия
3.Сопылық философия.

Көне гректердiң айтқанындай, философия дүниеге таңғалудан басталады. Ал оның өзi өмiрдегi күнбе-күн кездесетiн айқын да түсiнiктi құбылыстардан туындамайтыны баршаға мәлiм. Таңғалатын құбылыс сиқырлығы мен көпқырлығы, әсемдiлiгi мен орасан-зор күш-қуаты, я болмаса ерекше нәзiктiгiмен көрiнiп, адамның жан-дүниесiнде ерекше iз қалдырады.


Әрине, дүниеде таңғалатын нәрселер көп. Оған бiз жастық шағымызда тоймаймыз. Есейе келе, олардың көбi үйреншiктi нәрселерге айналып кетедi де, көп адамдар, өкiнiшке орай, сол ғажап қасиетiнен - дүниеге таңғалудан - айырылып қалып, өз руханиятын жүдетедi.
Философиялық деңгейге көтерiлсек, бұл дүниеде мәңгiлiк адам таңғалатын екi-ақ құбылыс бар. Оның бiрi - әлем, барлық, өмiр сүрiп жатқан Дүние болар болса, екiншiсi - өзiндiк сана-сезiмi, iшкi рухани өмiрi бар адам болмақ. Бiрiншiсi - құшаққа да, ой елiгiнiң ауқымына да симайтын шексiз де мәңгiлiк Әлем, Дүние, Ғарыш болатын болса, екiншiсi - ғарыштағы құбылыстармен салыстырғанда атом сияқты, бiрақ, өзiнiң нәзiк жан-дұниесi бар адам. Бiреуi - макрокосм, екiншiсi - микрокосм. Адам - кiшi әлем ретiнде ұлкен әлемге - Ғарышқа тең. Бұкiл ғарыштың барлық сиқыры мен талпынысы адамның табиғатында жиналған.
Мiне, философия, негiзiнен алғанда, осы екi құбылысты бiр-бiрiмен салыстырған кезде, адамның ғарыштағы орны мен рөлi жөнiнде ойланған кезде пайда болады. Ал, ол - саналы пенде - адамға тән нәрсе.
Сондықтан, көркемдеп айтсақ, осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмiр сұрген белгiсiз тұрiк бабамыз алдындағы жатқан дүниеге таңғалып, сол жөнiнде алғашқы рет ойланып, ондағы адамның орны қандай екен деген сұрақты өз алдына қойған кезде - сол сәтте отандық философия бұлағының көзi ашылды десек те болады. Өйткенi, әрбiр халық өз тiлiнiң негiзiнде өзiне тән дүниесезiм мен дүниетанымын қалыптастырады. Олай болса, жер бетiнде өз тiлiнiң негiзiнде қанша халық өмiр сүрiп жатса, соншалықты дүниесезiм, дүниетаным, философия болады.
Әрине, жер бетiндегi адамзатты қоршаған орта бiр, табиғаттың барлық заңдылықтары да бiр, оларды зерттейтiн ғылымдағы жетiстiктер де барлық халықтарға ортақ. Айталық, немiс физикасы, американ биологиясы, орыс химиясы т.с.с. жоқ. Ал, философияға келер болсақ, мұндағы жағдай басқаша. Өйткенi, ол толығынан ғылым емес, ол - метафизика, оның қойған сұрақтарын бiрде-бiр жаратылыстану ғылымдары шеше алмайды, өйткенi, ол сұрақтар “физиканың әржағында² жатыр. Сондықтан, әр халық оларға өзiнше жауап бередi. Сол себептi бiз “немiс², “орыс², “қазақ философиясы² т.с.с. деп аузымызды толтырып айта аламыз.
Екiншi үлкен мәселе - қазақ философиясының дүниежүзiлiк философиядағы алатын орны қандай, жалпы алғанда, оның сол өз орны бар ма? Бiздiң философиялық ой-өрiстiң шеңберiнде қалыптасқан қандай рухани құндылықтарды бiз мақтан етiп басқа халықтарға ұсына аламыз? Ал, бұл сұрақтар бiздi отандық философияның differencia specifica, яғни өзiне тән ерекшелiктерiн iздеп табуға ұмтылдырады.
Қазақ халқының дүниесезiмi мен дүниетанымының ерекшелiктерi, әрине, ол өмiр сұрген табиғаттың, соған бейiмделiп қалыптасқан шаруашылық формаларының, өмiр салтының жұйелерiмен тығыз байланысты болса керек. Оған уақытында Ш.Уалиханов та көңiл аударған болатын. Расында да, қазақ елi Бразилия, я болмаса Франция емес.
Жоғарыда айтылған тұрғыдан бұл мәселеге көз жiберсек, онда бiздiң ата бабаларымыз таңдап алып өз Отанына айналдырған жерлер мал өсiруге лайықты, табиғаты қатал, суға тапшы, сонымен қатар өрiсi кең, малдың соңында көшiп-қонуға мол мұмкiншiлiгi бар кеңiстiкте орналасқан болатын. Ал табиғаты жұмсақ, суы мол жерлерде (мысалы, Сыр-Дария, Шу өзендерiнiң т.с.с. бойларында) халық жерге тұрақтанып, егiн егiп, қол өнерiн дамытып, қалалар тұрғызды. Оған мысал ретiнде «Жiбек жолы» бойында орналасқан Орта ғасырдағы қалаларды айтуға болады (Отырар, Жүйнек, Мерке, Құлан, Талғар, Алматы т.с.с.)
Негiзiнен алғанда, Жаңа дәуiрге - машиналық индустрия пайда болғанға дейiн - қазақ жерiндегi ең тиiмдi шаруашылық формасы көшпендi мал шаруашылығы болды. Сондықтан, бiздiң арғы бабаларымыз мыңдаған жылдардың шеңберiнде осы iспен айналысты. Ол, бiрiншiден, табиғатқа бас июдi, оған табынуды талап еттi - қазақ халқы басқа да Шығыс халықтары сияқты ешқашанда табиғаттың патшасы болу, оны өз еркiне сай етiп қайта өзгерту мақсатын өз алдына қойған жоқ. Сондықтан, ежелден қазақ халқының қазiргi тiлмен айтқанда экологиялық санасы биiк деңгейде болған;
Екiншiден, бiздiң бабаларымыз тұрақты бiр жерге байланбағандықтан ерiктi болып бас бостандығын қатты сыйлаған. Қазақ жерiнде ешқашанда құлдық болмаған;
Үшiншiден, негiзiнен алғанда, көшпендiлiк теңдiктi талап етедi, оған тән саяси формалар - соғыс демократиясы, әрi кеткенде - алғашқы феодалдық қатынастар, дамыған феодализм қазақ жерiнде ешқашанда болған жоқ, ол көшпендiлiк шаруашылық формасының табиғатынан шығады;
Төртiншiден, көшпендi халықтың арасындағы әлеуметтiк айырмашылықтар аз болғандықтан теңдiкке негiзделген әдiлеттiлiк құндылығы. Сондықтан да бүгiнгi таңда жұрiп жатқан қайта әлеуметтiк топталу - рестратификация - (аса байлар мен қатар кедей, қайыршылардың пайда болуы) адамдардың жан-дүниесiнде ауыр жарақаттар қалдыруда;
Бесiншiден, байлыққа жетуден гөрi ар-намысты жоғары ұстау - бұл да халықтың қанына терең сiңген құндылық болып табылады. Онымен тығыз байланысты бар нәрсеге қанағат ету де қазаққа тән нәрсе;
Алтыншыдан, ұжымдық мүдденi жеке мүддеден гөрi жоғары ұстау - ол да көшпендiлiк өмiр салтынан шығатын құндылық;
Жетiншiден, өне бойы көшiп-қону барысында әрқашанда неше-түрлi қиындықтарды, қауып-қатерлердi бастан кешуге тура келедi - ол ерлiктi, батырлықты қасиет етудi талап еттi. Сондықтан, беске келгенде жылқының жалында ойнап, 14-15-ке келгенде батырлықты армандап, бiздiң бабаларымыздың көбi 20-25-iнде елiн аман сақтау жолында өмiрлерiн қия бiлген. Ұлы Отан соғысында қазақ азаматтары осы ұлттық қасиеттi бұкiл әлемге айқын көрсеттi. Қазақ халқының дербестiгiн көтере алмай жүрген кейбiр арам пиғылды саясатқорлар оны бiлуi қажет;
Сегiзiншiден, көшпендiнiң өмiрi қысқа, өне бойы қауып-қатерлерден, соқтығыстардан тұрғаннан кейiн ол күнбе-күнгi өмiрдi бағалап өмiрден алудан гөрi болуды жаратқан. Әрбiр күндi той-думанға айналдыру, өзiн шешен сөзбен, даналықпен көрсете бiлу, неше-тұрлi сайыстарға қатысу, “бiр сырлы, сегiз қырлы болу» - бабаларымызға тән нәрселер болған;
Тоғызыншыдан, дүниеге, басқа халықтарға деген ашықтық, қиналғандарға риясыз қол ұшын беру - бұл да бiздiң халықтың керемет қасиеттерiнiң бiрi;
Оныншыдан, көшпендiлердiң негiзгi құндылықтарының бiрi - ата-ананы, үлкендердi сыйлауы;
Әрине, халықтың мыңдаған жылдар шеңберiнде бойына жыйнаған көп қадыр-қасиеттерiнiң iшiнен бiз негiзгiлерiн ғана көрсеттiк. Ендi келесi мәселеге - қазақ философиясының ерекшелiктерiне тоқталуға мұмкiншiлiк пайда болды.
Бiрiншiден, қазақ философиясында онтологиялық (болмыс) және гносеологиялық (дүниетаным) мәселелерден гөрi адам мәселесiне көбiрек көңiл бөлiнедi;
Екiншiден, адам мәселесi, қазiргi тiлмен айтқанда, көбiне экзистенциалдық тұрғыдан қаралады және ол көшпендiлiк өмiр салтын еске түсiрсек, түсiнiктi де болар;
Үшiншiден, Отандық философияда абстрактылы- теоретикалық жүйелер жасау өте сирек кездесетiн құбылыс - философиялық iзденiс адамның нақтылы өмiрдегi жұрiс-тұрысын сараптауға, яғни практикалық мәселелерге көбiрек көңiл бөлiнедi;
Төртiншiден, адам болмысының этикалық жақтарына, жақсылық пен жамандық, iзгiлiк пен зұлымдық, ар-намыс, абырой, т.с.с. категорияларға терең талдаулар жасалады;
Бесiншiден, қоғам өмiрiнiң негiзгi мәселесi ретiнде әрқашанда әлеуметтiк әдiлеттiлiкке көбiрек назар аударылады;
Алтыншыдан, Отандық философияны аксиологиялық философия десек те болғаны, өйткенi, онда құндылық әлемiне зор көңiл бөлiнедi. Ендi мәселенi нақтылай тұсiп, Отандық философияның негiзгi сатыларына қысқаша көз жiберейiк.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет