Бақылау сұрақтары (кері байланыс):
-
Жас сәбилердегі жылу реттелісінің механизмі қандай?
«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
№ 12 Дәріс.
Дәріс тақырыбы: Сыртқа шығару физиологиясы.
Мақсаты: Шумақтық сүзу, шумақтық қайта сорылу мен түтікшелік секреция тегершігін түсіндіру, соңғы несеп пен қайта ағызу жүйесінің тетігін түсіндіру, соңғы несеп құрамын талдауға үйрету.
Дәріс тезисі:
-
Нефрон бүйректің құрылымды-қызметтік бірлігі.
-
Шумақтық сүзу, шумақтық қайта сорылу мен түтікшелік секреция туралы ұғым.
-
Несептің құрамы мен қасиеті.
Сыртқа шығару үрдістері
Сыртқа шығару ағзаларының негізгі қызметтері
Зат алмасу үрдісі пайда болған қалдық заттарды сыртқа шығарумен аяқталады. Күрделі диссимиляция (ыдырау) үрдістері нәтижесінде денеде зат алмасуының ең соңғы өнімдері - "қалдық зат" (шлак) пайда болады. Шлак организмде пайдаланылмайды, ал қор болып жиналып қалса оны уландырады, әсіресе белок алмасуы барысында түзілетін мочевина, несеп қышқылы, креатинин, аммоний тұздары сияқты заттар өте улы келеді. Олар сондай-ақ көмірсу мен май алмасуының соңғы ыдырау өнімі - көмір қышқылы мен су. Барлық зат алмасу үрдісінің нәтижесінде бөлінген қалдық заттар организмнен шығару мүшелері арқылы сыртқа шығады (экскреция).
Адам мен жануарлардың сыртқа шығару мүшелері: бүйрек, тер бездері, өкпе, ас қорыту түтігі.
Белок алмасуы кезінде пайда болатын қалдық заттар, су, тұздар және сырттан келіп түскен әртүрлі организмге жат заттар (түрлі дәрілер, бояулар т.б.) негізінен бүйрек, аздап тер бездері арқылы, ал су мен комір қышқылды газ, эфир, хлороформ, алкоголь сияқты кейбір үшқыш заттар окпе арқылы сыртқа шығады.
Бүйрек
Бүйректің негізгі қызметі - несеп түзу. Несеп түзілуі, оны сыртқа шығару үрдісі диурез (несеп шығару) деп аталады. Қалыпты жағдайда тәуліктік диурез мөлшері сыртқы қоршаған ортаның температурасына, желінген тамақтың құрамына, мөлшеріне және ішкен судың мөлшеріне байланысты. Әдетте, ересек адамда тәулігіне 1000-1800 мл (орта есеппен 1500 мл) несеп түзіледі. Ауруға шалдыққан кезде кейде тіпті сау адамда да диурез өзгеріп отырады. Физиологиялық жағдайда оның үш түрін байқауға болады: олигурия - тәуліктік диурездің азаюы; полиурия - тәуліктік диурездің көбеюі, анурия - несеп түзілуінің тоқтауы. Ауруға шалдыққан кездерде туатын өзгерістер -энурез "шыжың" немесе түнде несебін ұстай алмау, никтурия (түнде несептің шектен тыс көп болып түзілуі). Бүйректегі күрделі зәр жасалуды терең түсіну үшін несеп пен қан плазмасының құрамдарындағы әртүрлі заттардың өзара қатынасын салыстырып қарау керек, өйткені бүйрек арқылы зат алмасу үрдісінің ақырғы қалдықтары шығарылады.
Ересек адам несебінің құрамымен орта есеппен алғанда тәулігіне 30 г дейін мочевина (12 г-нан 36 г-ға дейін) шығарылады. Несеппен шығарылатын азоттың жалпы саны тәулікте 10 г-нан 18 г дейін өзгеріп отырады. Оның мөлшері белокқа бай тамақ ішкенде, ауырғанда, әсіресе белок көп ыдырайтын ауруларда жоғарылайды (мысалы, гипертиреоз, дене температурасы өзгергенде т.б.). Қалыпты жағдайда несеппен глюкоза, белок шығарылмайды.
Бүйрек жұп мүше, салмағы 120-200 г. Бүйректің негізгі морфофункциялық құрылымы - нефрон, ол мальпиги шумақтары мен бүйрек түтікшелерінен тұрады. Әрбір бүйректе 1 млн-ға жуық нефрон бар. Олар қан, лимфа тамырларымен жиі торланған және араларында интерстициальдық сүйықтық болады. Әрбір нефронда бір-біріне тәуелді аса күрделі үрдістер жүріп жатады. Соның нәтижесінде бүйректе несеп түзіледі.
Несеп түзілуі
Несеп түзілу жөніндегі қазіргі (сүзілу - қайта сіңу және сөлініс) теорияның негізін өткен ғасырда К. Людвиг, Боумен, К. Гейденгайн салды, осы ғасырдың 20-30-жылдарында А. Кешни, А. Ричарде, ал біздің тұсымызда Н. Вирц, А.Г. Гинецинский және т.б. ғалымдар толықтырды. Бұл теория бойынша несеп түзілуі - өте күрделі үрдіс. Ол негізінен шумақтағы сүзілу, түтікшелердегі қайта сіңу және кейбір түтікшелердегі сөлініс (секреция) үрдістерінен тұрады.
Бүйректегі қанайналымын, электрондық микроскоппен нефронның ультрақұрылысын зерттеу, микрофункция әдісімен нефрон бөлімдерінен (Шумлянский-Боумен капсуласынан, жоғарғы және төменгі түтікшелерден, Генле ілмешегінен т.б. жерлерден) кварц микропипеткасымен алынған сұйықтықтардың химиялық құрамын несеп құрамымен салыстыру арқылы бұл теорияның негізі дүрыс екені дәлелденді.
Бүйректің сөлініс қызметі
Бүйрек түтікшесінің эпителиі сөлініс қызмет те атқарады: түтікше қуысына шумақ эпителиінен өтпеген, алғашқы несепте болмаған коллоидты бояулар, пенициллин сияқты дәрілер соңғы несепте пайда болады.
Қазіргі ғылыми әдебиеттерде, бүйректің қызметіне тоқтағанда сөлініс деген сөзге екі түрлі мән беріледі. Бірінші түсінік - сөлініс -қандағы заттардың бүйрек түтікшелеріне өзгермеген күйде өтуі. Олар әртүрлі концентрациялық және электрохимиялық көрсеткіштеріне қарамастан белгілі бір "тасымалдаушылардың" көмегімен өтеді. Мұндай жағдайда олардың өту жылдамдығы артады. Екінші түсінік бойынша бүйрек түтікшелерінің жасушалары органикалық қышқылдар мен негіздерді ғана секрециялап қоймайды, олар кейбір бейорганикалық заттарды синтездеп шығарады. Мәселен су және калий ионы интерстициядан түтікшелерге жай өтеді (секрецияланады). Бүйректің шумақтық бөлімінен сүзілген калий ионы нефрондық проксимальдық бөлімінде қайта сіңеді. Егерде организмде калий ионының мөлшері шамадан тыс көп болса, бүйрек түтікшелерінің дистальдық бөлімі мен несеп жинайтын түтіктерінің ішіне қарай өтеді (секрецияланады), сөйтіп сонғы несептің құрамымен сыртқа шығарылады. Бүйректе креатинин синтезделіп, фосфаттар қайта пайда бола бастайды.
Академик Л.П. Орбелидің лабораториясында алынған деректерге қарағанда бүйрек түтікшелері қанда мочевина мөлшері көбейсе, осы мочевинаны сыртқа бөліп шығара алатыны анықталды. Бүйректе мұнымен қатар кейбір қанда жоқ заттар түзіледі. Мәселен, қанда бар гликол мен бензой қышқылынан түтікшелер эпителиінде гиппур қышқылы түзіледі, ал аммоний тұздары аммиактан синтезделеді. Бүйрек сілті-қышқыл тепе-теңдігін (гомеостазасын) бір қалыпта сақтайды. Сілті-қышқыл гомеостазасы негізінен организмде жүретін өте күрделі сөлініс және синтездеу үрдістеріне байланысты.
Несептің белсенді әсерленісі (РН ортасы) адамда әр уақыт өзгеріп тұрады. Ол адамның ішкен тамағының құрамына, қасиетіне, мөлшеріне, қызметіне, қимылына, ортаның температурасына т.б. жағдайларға байланысты. Кейде несептің әсерленісі (рН) 4,5-ге дейін төмендеуі немесе 0,8-ге дейін жоғарылауы мүмкін (басқаша айтқаңда, несептің рН әсерленісі - қышқыл немесе сілтілі болады). Бірақ қанның рН әсерленісі әр уақыт салыстырмалы тұрақты 7,36-7,40 (сәл сілтілі) деңгейде болады. Өйткені бүйрек артық сілті және қышқыл заттарды несеппен бірге сыртқа шығарып тұрады.
Бүйрек қанның (рН) әсерленісін тұрақты сақтауға да қатысады. Бұл жағдай бүйрек түтікшелерінің жасушасында жүретін ацидогенез және аммонигенез үрдістеріне өте тығыз байланысты.
Ацидогенез — күрделі иондардың алмасу әсерленісі арқылы карбоангидраза, фосфатаза және басқа ферменттердің қатысуымен, бүйрек түтікшелерінде бос су ионы, қышқылды және сілтілі фосфор қышқылының тұздары пайда болып әрі шығарылатын үрдіс.
Аммониегенез - глутамин, глутаминаза ферменттер жүйесінің қатысуымен түтікшелер жасушасында аммиактан (NH3) және аммоний тұзынан синтезделіп шығарылатын үрдіс. Бұл өте күрделі үрдіс, биохимия оқулықтарында жан-жақты әрі толық берілген.
Бүйрек функциясын зерттейтін әртүрлі әдістер, оның жұмысының сапасын, санын толық қарастырады.
Қазіргі кезде нефрология әдістері көп әрі санқилы. Бұл әдістер адамның бүйрек қызметін толық және жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Тәжірибе жүзінде де, клиникада да әртүрлі гемо-реналдық индекстер арқылы бүйректің, қызметтік жайы мен несеп түзілуін, тетіктерін зерттеуге болады. Бүйректегі қанайналымының ,деңгейін, шумақтағы сүзілу шамасын, түтікшелердегі қайта сіңу және сөлініс дәрежесін, бүйректің концентрация арқылы несеп жасау қызметін зерттеуге болады. Бүйректің түрлі қызметін зерттеу әдістерінің көбінің негізінде Мальпиги шумақтарында еркін сүзілетін, ал түтікшелерде түрлі өзгерістерге ұшырамайтын және қаннан несепке секрецияланбай түгелімен несепке өтетін заттарды енгізу жатыр. Қан плазмасына енгізілген түрлі сүзілетін заттардан тазалану көрсеткішін анықтайтын әдіс – клиренс тәсілі. Тазартылу көрсеткішін немесе клиренс деп бүйректен сүзілу үрдісі кезінде белгілі бір уақыт ішінде қанға енгізілген заттан тазартылған плазма мөлшерін айтады. Клиренс әдісімен бүйректің сүзілу дәрежесін анықтайды. Қанға инсулинмен және маннитол деген полисахаридтерді енгізеді, иттерде креатининді қолдануға болады. .
Бүйректегі қанағыс шамасын анықтау үшін қанға парааминогиппурлы қышқыл (ПАР) немесе диодрастты енгізеді. Қайта сіңу шамасы қанға бір затты (глюкоза, мочевина) енгізу, ол заттың қандағы, несептегі концентрациясын анықтау және шығарылатын несеп мөлшерін өлшеу жолымен анықталады. Түтікшелердің сөлініс қызметі диодраст, фенолды қызыл, парааминогиппур қышқылының натрий тұзы т.б. қанға енгізу арқылы тексеріледі. Бұл әдістердің негізінде енгізілген заттардың қандағы, несептегі мөлшерін өлшеп, салыстыру жатыр.
Бүйректің жасқа байланысты қызмет ерекшеліктері
Адамда бүйрек өз қызметін туа орындай бастайды. Бірақта, жас балаларда бүйрек қызметінің бірқатар көрсеткіштері көпшілік жағдайда төмен болады, тек бала екі жасқа таянғанда ғана ересек адам деңгейіне жақындайды. Бұл жағдай ең алдымен бүйрек тканінің жеткіліксіз дамып жетілуіне байланысты (мысалы, қабық қабаты, иірімді түтікшелер, тамырлар жүйесі т. б.).
Балалық шақтың ерте кезеңінде, бүйрек қызметін жүйке-гуморальдық жолмен реттелуін қамтамасыз ететін көпшілік құрылымдар жақсы жетілмеген күйде болады.
Бала өмірінің бірінші жылында гломерулалық сүзілу деңгейі өте төмен, сол сияқты кері сіңу және нефрон түтікшелерінде концентрация (қоюлану) үрдістері өте жеткіліксіз жүретіндігі дәлелденген. Осыған байланысты еметін бөбектерде несеп жасалу ересек адамдар мен салыстырғанда, барлық денесінің сыртқы көлеміне шаққанда 2-3 есе артық. Бала өмірінің алғашқы айының аяғында тәулігіне 300-350 мл, ал 1-2 жас шамасында 700-750 мл, 4-5 жаста 1 литрге жуық, 10 жаста 1,5 литрге жуық несеп жасалады. Жасалатын несеп көлемімен салыстырғанда, шығаруы жиі орындалады.
Жаңа туған бала несебінің құрамында белок іздері және сүт қанты болады. Мұндай физиологиялық альбуминурия мен лактозурия себебі, бүйрек қан шумақтары мен түтікшелерінің эпителий тканінің өткізгіштік қасиеті жоғары болуынан. Ересек балалардың несеп құрамында белок, қант болмайды. Ересек адамдармен салыстырғанда жаңа туған балалардың (әсіресе алғашқы айларында) несеп құрамында мочевина, хлорид және фосфат едәуір аз болады. Бұл бүйректің иірімді түтікшелерінде кері сіңу (реабсорбция) үрдісінің өте жоғары жүруінен. Еметін бөбектер несебінің құрамында хлорид он есе аз.
Бүйректің осмос және ион реттейтін қызметі баланың бірінші жылында пайда болып қалыптасады. Бұл кезеңде ересек адаммен салыстырғанда бүйрек қатысуымен сілті-қышқыл тепе-тендігі аз ауысады.
Бүйректің функциялдық даму жеткіліксіздігі, туғаннан кейінгі алғашқы айларда байқалады: егерде өте көп мөлшерде су енгізсе, судан улану пайда болуы мүмкін. Шамадан тыс ас тұзы да ісік пайда етеді, артық тамақтанудан қан құрамында белок алмасудың соңғы ыдырау өнімдері көбеюі мүмкін (азотемия). Сонымен, ересек адам бүйрегімен салыстырғанда жаңа туған бала бүйрегі даму ерекшелігіне байланысты гомеостазды толық камтамасыз ете алмайды.
Қартайған адамдардың бүйрегінің қызмет ерекшеліктері нашар зерттелген.
Жас ұлғайған кезеңде бүйрек қызметінің негізгі көрсеткіштері төмендейді, себебі бүйректің қанмен қамтамасыз етілу жүйесі бұзылып, қан тамырлар қабырғасы өзгереді, кейбір нефрон түтікшелері өзінен өзі жойылады, соның нәтижесінде бірте-бірте қан шумақтарының сүзу дәрежесі, несептің осмостық қоюлануы (судың кері сіңуі 30%-ке жуық азаяды) төмендейді.
Бүйрек қызметінің реттелісі
Бүйректің организмдегі ең негізгі қызметі - сыртқа шығару. Сонымен қатар ішкі орта тұрақтылығын, сілті-қышқыл тендігін, осмос қысымын, тамырындағы қан көлемін, басқа да ішкі сұйықтық ортаның
көрсеткіштерін қамтамасыз ететін бір топ қызметтік жүйе жұмысын орындатуға қатысады. Бүйрекпен шығарылатын несеп құрамы, қасиеті және мөлшері, ондағы пайда болған әртүрлі өзгерістерге байланысты. Осыған сәйкес, ішкі және сыртқы ортаның әртүрлі күрт өзгерістерінің әсерінен пайда болған информация орталық жүйке жүйесіне толып жатқан саны көп әртүрлі рецепторлардан мысалы, ноцицептивтік немесе ауру, қысым, хемо-, волюмо-, термо- тағы да басқа рецепторлардан барады. Осылардың көмегімен шығару мүшелерінің жүйкелік және гуморальдық реттелу тетігі іске қосылады. Реттелу тетігі жалпы диурезді (немесе тәуліктік несеп шығарылуды) өзгертумен қатар, зат алмасудың толып жатқан соңғы өнімдерін, тұздарды, дәрілерді, суды т.б. заттарды организмнен шығарады.
Бүйрек вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелерімен қамтамасыз етілген.
Л.А. Орбели лабораториясының зерттеу қорытындыларынан кезеген жүйкені тітіркендіргенде несеп құрамындағы хлорлы натрий азайғаны, ал осы жүйкені кескенде көбейгені байқалған. Парасимпатикалық жүйкенің мұндай әсері түтікшелердің кері сіңуінің өзгеруінен пайда болады.
Бүйректің симпатикалық жүйкесі кесілсе, несеппен хлорлы тұздардың шығарылу мөлшері көбейеді. Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде негізінен Мальпиги шумақтарының қан тамырлары тарылады да, бүйректе несеп жасалуы бір бағытта өзгермейді. Артериола тарылғанда, осы әсерге байланысты несеп шығарылу мөлшері едәуір азаяды. Ал егер де қанды алып кететін тамыр тарылса, сүзілу қысымы жоғарылап, несеп жасалу көбейеді.
Диурездің рефлекстік өзгеруі толып жатқан дене сыртында және ішкі ағзаларда, соның ішінде несеп бөлетін мүшелерде орналасқан рецепторлардың тітіркенуінен болады. Несепағардың несепте пайда болған таспен тығындалып қалуы, тек қана тығындалған бүйректе несеп шығарылуын тоқтатып қоймайды, сонымен бірге рефлекстік жолмен екінші бүйректе де несеп шығарылуын төмендетеді.
Несеп жасалу үрдісі вегетативтік жүйке арқылы орталық жүйке жүйесінің белгілі бір бөлімдерімен реттеледі.
Тәжірибелер жүргізіп, мидың қыртыс қабаты бөлімдерін - мидың төртінші қарынша түбін, сопақша ми, көру төмпешігіне мишықты т.б. әртүрлі әдістермен тітіркендіргенде несеп жасалу үрдісі өзгеретіні анықталған. Бүйрек қызметінің реттелуі вегетативті жүйке жүйесінің жоғары орталықтары (гипоталамустың) паравентрикулярлық, супраоптикалық ядролар және бас мидың қыртыс қабаты арқылы жүретіні дәлелденді. Орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімдері түскен мәліметтерге байланысты, реттелу тетіктеріне өте күрделі гормондық тізбекті (гипофиз, бүйрекүсті безі т. б. бездер) қосып бүйрек қызметін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде бүйрек өзінің шығару функциясын орындап гомеостазды қамтамасыз етеді.
Бүйректің жүйке гуморалдық реттелуінің маңызын, олардың өзара байланысын 1937 жылы А. Шпуга жүргізген өте қызықты дәлелді тәжірибеден көруге болады. Ол бүйректі өзінің табиғи орнынан ауыстырып тері астына, мойын аймағына тігіп, оның тамырларын сол жердегі қан тамырларымен жалғайды. Тәжірибеден бүйрек жүйкелері бұзылғанмен, жалғасқан қан тамырлары арқылы қан бүйрекке келе бастағаннан бастап несеп жасалу үрдісі жүре бастаған. Бірнеше күннен кейін осы бүйрек пен қалыпты жағдайдағы бүйректің несеп жасау қызметінде аса көп өзгеріс байқалмаған. Егер организмге су немесе ас тұзын көбірек енгізсе, орнын ауыстырмаған бүйрек сияқты, ауыстырып тіккен бүйректе де жасалатын несеп құрамында су, тұз көбейеді. Жүйкесі кесілген бүйрек қызметі жүйке жүйесінің арқасында әртүрлі тітіркендіргіштерге өзгереді. Ауырсыну тітіркендіргіштері әсер еткенде, жүйкесі кесілген бүйрек кесілмеген сияқты несеп шығаруды тоқтатады. Жүйкесі кесілген бүйректе тітіркендіргіштердің ауырсыну әсері гипоталамус арқылы, ал одан - гипофизге әсер етіп, антидиурездік гормон бөлінеді (АДГ).
Бұл гормон рефлекстік тетік қатысуымен бүйректе несептің жасалуын және оның құрамын реттейді.
Қанға шамадан көп мөлшерде тұз түссе, оның осмос қысымы жоғарылайды. Соның салдарынан толып жатқан қан тамырларының қабырғасында гипоталамуста орналасқан осморецепторлар тітіркенеді. Осморецепторларда пайда болған сигналдар гипоталамустың супраоптикалық және паравентрикулярлық ядросына беріледі де, АДГ жасалуын көбейтеді. Гипофиздің артқы бөлімінен қанға АДГ көп мөлшерде түседі де, несеп жинайтын түтік нефрондарында кері сіңуді күшейтіп, суды ұстап қалады. Соның нәтижесінде көлемі аз, бірақ құрамында тұзы көп несеп жасалады да организм артық тұзды несеппен шығарып, қажетті суды сақтап қалады. Егер де организмге мөлшерден тыс артық су енгізілсе, қанның осмос қысымы төмендейді. Мұндай жағдайда осморецепторлардың тітіркенуі нашарлап, АДГ бөлінуі рефлекстік жолменен төмендейді, ал ол диурезді жоғарылатып, организм артық судан құтылады, қанның осмос қысымы қалыпты жағдайына келеді.
А.Г. Гинецинскийдің көрсеткіштері бойынша, АДГ гиалуронидаза ферментінің белсенділігін арттырады, ал ол жинағыш түтіктердің жасушааралық заты гиалурон қышқылын ыдыратып, деполимеризациялайды. Соның нәтижесінде жинағыш түтіктердің қабырғасы суды жақсы өткізеді. Патология жағдайында, әсіресе гипоталамус-гипофиз жүйесінің дисфункциясында АДГ бөлінуі едәуір төмендейді. Мұндай жағдайда жинайтын түтіктерде судың қайта сіңуі күрт төмендеп, тәуліктік диурез 20-25 л жетуі мүмкін. Бұл қантсыз диабет ауруында байқалады. Бүйректің несеп жасалу қызметіне басқа да гормондар әсер етеді.
Адреналин қанды алып кететін артериолаларды тарылтып, шумақ нефрондарында сүзілу қысымын жоғарылатып, кәдімгі диурезді көбейтеді. Адреналин дозасы көп болса, несеп жасалуды едәуір төмендетеді, тұздардың шығарылуын жоғарылатады, эмоция уақытында АДГ бөлінуін төмендетеді. Бүйрек қызметіне, бүйрекүсті безінің гормондары да әсер етеді. Қабық қабаты бөлетін альдостерон, дезоксикартикостерон т.б. гормондар натрийдың, судың кері сіңуіне, ал калийдің шығуына жәрдемдеседі. Көпшілік кортикостерон гормондары айқын дизурияға (несеп көп жасалып, шығарылуы) әкеледі.
Гипофиздің алдыңғы бөлімінің соматотропты гормоны, организмдегі жалпы зат алмасу дәрежесіне әсер ету арқылы диурезді көбейтеді.
Диссимиляцияның, органикалық заттардың көпшілігі шумақтағы сүзілуді көбейтеді. Тироксин де бүйрекке осындай әсер етеді. Инсулин жасушааралық кеңістікте судың ұсталуына әсер етеді, ал ол олигурияға әкеліп соғуы мүмкін. Диабет уақытында байқалатын полиурия (несеп көп бөлінуі) зат алмасудың және ауру адам организміндегі сұйық ортаның осмос қысымының өзгерістеріне байланысты.
Жыныс гормондары бүйректегі сүзілу, кері сіңу үрдістеріне әсер ету арқылы судың және натрий тұзының организмде ұсталып қалуына жағдай жасайды.
Бүйректің несеп жасалуының реттелуі, организмнің басқа қызметтері сияқты, тек қана қыртыс қабатасты және гормондық тетіктерге байланысты емес. Бұл үрдіс мидың қыртыс кабатының қатысуымен шартты рефлекстік жолменен реттеледі. Адамға гипноз арқылы суды өте көп іштің деп сендірсе, несеп шығарылуы күрт көбейеді.
К.М. Быков лабораториясында жасалған тәжірибелер қорытындысында шартты диурез рефлексі анықталған. Ол үшін иттің несепағарына фистула қойып, сол арқылы қарнына бірнеше рет су енгізген. Су енгізер алдында оған қатысы жоқ, маңызы шамалы индифференттік (бөгде) тітіркендіргішті қоса береді (мысалы, шам жануы, қоңырау т.т.). Осыны бірнеше рет қайталағаннан кейін, су енгізбей-ақ бөгде тітіркендіргіштің өзін ғана берсе де диурез күшейеді. Бұл тәжірибе диурезді шартты рефлекстік жолмен де шақыруға болатынын көрсетеді. Шартты рефлекстік олиурияны, тіпті анурияны жасауға болады. Итті станокқа енгізіп байлап бірнеше рет қайталап артқы аяғының терісін ауыртқанша электр тітіркендіргішін қолданса, рефлекстік жолмен диурез төмендейді, тіпті тоқтап қалуы да мүмкін. Кейін итке ауыртқыш тітіркендіргіш қолданбай, станокқа енгізгенде диурездің азайғаны байқалған.
Бүйрекке шартты рефлекстік әсер мидың қыртыс қабатындағы жүйке орталықтарына гипоталамус және гипофиз арқылы беріліп, антидиурездік гормонның бөлінуін өзгертеді.
Несеп шығару
Несеп бүйректе көп немесе аз мөлшерде үздіксіз жасалады, бірақ оның организмнен шығарылуы белгілі бір уақыт арасында орындалады. Ересек адамдарда қалыпты жағдайда тәулігіне 2-3 рет, ал балаларда жас ерекшелігіне қарай жиі шығарылады. Несеп шығаратын мүшелерге несепағар, қуық және несеп шығаратын түтік жатады.
Бүйректе жасалынған несеп жинағыш түтіктерден тостағаншаларға өтеді, тостағаншалар толып жиырылуынан, бүйрек түбегі арқылы несепағарға ауысады. Несепағардың толқынды жиырылуынан аз көлемде несеп 2-3 мм/с жылдамдықпен қуыққа құйылады.
Қуық уақытша несеп жиналатын, іші қуыс, көлемді мүше. Несеп қуықта ешқандай өзгеріске ұшырамайды, кері сіңбейді, коюланбайды. Оның төменгі жағында несеп шығаратын түтікте сақина тәрізді бірыңғай салалы ет талшықтарынан тұратын ішкі жапқыш бар. Ішкі жапқышден сәл төменірек, көлденең жолақты ет талшықтарынан тұратын ерекше түрде жиырылатын сыртқы (екінші) жапқыш бар. Бұл қуық кернеуінен артық несеп жиналғанда, қатты жиырылып несеп ағуына кедергі жасайды.
Несеп шығару уақытында жапқыш рефлекстік жолмен босаңсып, еттері жиырылып, қуық босатылады. Бірыңғай салалы ет талшықтарынан жасалған ішкі қуыс мүшелері сияқты, несеп құйылып көлемі артқанмен қуық қабырғасының кернеуі аса өзгермейді. Бірыңғай салалы ет талшықтарынан тұратын еттердің бұл қасиетін пластикалық тонус (кернеу) деп атайды. Сондықтан да қуыққа түскен несеп мөлшері, оның кернеуі артуына дәлме-дәл емес. Қуыққа несеп толған сайын, оның алғашқы мезгілінде қысым өзгермейді. Одан әрі, ересек адам қуығына 250-300 мл шамасында несеп жиналғанда, қуық қабырғасындағы еттердің кернеуі артып, оның ішіндегі қысым 15-20 см су бағанасына дейін көтеріледі.
Мұндай жағдайда, қуық қабырғасында орналасқан баро-механорецепторлардың тітіркенуінен рефлекстік жолмен арнайы тетік арқылы бір уақытта қуық еттері жиырылып, ал несеп шығаратын түтіктің жапқыш еттері босаңсиды.
Несеп шығаратын мүшелердің эфференттік (орталықтан тебетін) нервтенуі негізінен вегетативтік, жартылай сомалық жүйке арқылы (мысалы, төменгі, сыртқы жапқыш уретрасы) орындалады.
Симпатикалық жүйке несеп ағардың перистатикалық жиырылуын күшейтіп, куық қабырғасы еттерін босаңсытады және несеп шығаратын түтік жапқышының тонусын жоғарылатады. Бұл жағдай қуықта несеп жиналуына мүмкіндік туғызады.
Парасимпатикалық жүйке әсерінен қуық еттері жиырылып, несеп шығаратын түтіктің жапқыш еттері босаңсиды, соның нәтижесінде қуық несептен босатылады.
Несеп шығару жұлынның бел және сегізкөз бөлімінде орналасқан жүйке орталықтары арқылы реттеледі. Ондай жүйке орталықтары ми бағанында (Варолий көпірі, артқы гипоталамус) және үлкен ми сыңарларының қыртыс қабатында да орналасады. Адам өз еркімен несеп шығаруды бастап немесе тоқтата алады, бұл несеп шығару ми қыртысымен реттелетіндігіне дәлел. Еріксіз түрде несеп шығару тек бөбектерде ғана болады. Онтогенезде жүйке құрылымдары жетілуіне байланысты шартсыз рефлекстік реттелумен қатар, несеп шығарудың шартты рефлекстік реттелуі дамиды.
Бала 1,5-2 жасқа келгенде несеп шығарудың шартты рефлекстік реттелуі күндіз ғана емес түнде де пайда болады. Кейде 12-13 жастағы балалардың 5%-інде түнде несеп ұстай алмауы байқалады -оны энурез деп атайды.
Терінің қызметі. Тердің бөлінуі
Тері өте күрделі құрылым адам мен жануарлар организмінің сыртқы жабыны.
Ересек адамда оның көлемі 1,5-2 м дене салмағының 4,5-5%, немесе 4-5%, немесе 4-5 кг. Тері қосалқы құрылымдармен бірге (май, тер бездері, түктер, тырнақ) толып жатқан әртүрлі қызмет атқарады. Ең алдымен тері организмнің ішкі ортасын сыртқы әсерлерден сақтап, қорғаныс қызметін атқарады. Бұл оның өте жоғары механикалық, беріктігіне, серпімділігіне байланысты ультракүлгін сәулелер, радиациялық, электрлік т.б. толып жатқан физикалық түрткілерге қарсы тұруы.
Терінің негізгі маңызды қорғаныс қызметіне оның бактерияларға тосқауыл болуы жатады. Тері организмнің иммундық (қорғаныс) жүйе қызметін арттырып, кейбір химиялық заттардың зиянды әсерін әлсіретеді. Ол тыныс алу, сіңіру (абсорбциялық), шығару қызметтерін да атқарады. Терінің қан және лимфа тамырларында қан мен лимфа уақытша іркіліп жиналуы мүмкін, бұл оның деполық қызметі. Тері энергия алмасуының реттелуіне қатысады.
Теріде толып жатқан әртүрлі қызмет атқаратын қабылдағыштар (қысым, жанасу, ауру, суық, жылуды қабылдайтын т.б.) орналасқан. Тері сезім мүшесінің өте маңызды бөлімі болып есептеледі, олар сырттан келген тітіркендіргіштерге шартсыз және шартты рефлекстік қорғаныс әсерленісін пайда етеді.
Тері өте көлемді рецептивтік алаң болып есептеледі. Одан шыққан серпіністер ішкі ағзалардың қызметіне айтарлықтай әсер етеді. Оның осы қызметіне рефлексотерапия (акупунктура - ине шаншу) арқылы емдеу негізделген.
Тері тер бездері арқасында организмдегі шығару мүшесінің бірі болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |