DEVELOPMENT OF TRADITIONAL BIZKESTE ART IN KAZAKHSTAN, SPECIAL TEACHING METHODS AT ART WORK LESSONS
Kaldygulov Y.S.
7М01405-2nd year master`s student of the program in Visual arts, art work, graphics and design
Scientific supervisor Candidate of pedagogical Sicences, associate Professor, academican of the Kazakh National Academy of Designers – B.M.Momenov
(Aktobe regional university named K. Zhubanov) Kazakhstan, Aktobe,
Abstract: this article contains comprehensive information about traditional Bizkestin art, contains historical data and facts about the development of this art in our country. Information was also given about the peculiarities of teaching art at art work lessons in byskest. It was about how art influences the creative search of students, attention was paid to the development and popularization of national art. Also in the course of the article, students were introduced to the types of seams in the process of working with bisceste.
Keywords: bizkeste, artistic work, technologies, folk art, crafts
Қазақ халқының қолөнері бағзы заманнан бастау алған өте бағалы қазыналардың бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, аталмыш өнер түрі елімізде сонау сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн, қарлұқ және басқа да көне түрлі тайпалардан бастау алған деседі. Бұл сөзімізді бұрын-соңды жүргізілген археологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Мәселен, Андроновтықтар жүннен иірген жіптен киім тоқи білген. Андронов дәуірінен кейін сақтар заманында одан әрі дамытылған мәдениет мұралары кездеседі. Осылардың бәрі қазақ халқының қолөнерінде тамаша үлгі-іздерін қалдырғаны сөзсіз. Жалпы, бұл көріністердің бәрі еліміз ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің мұрагері, сондай-ақ, сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы екендігін айғақтайды.
Бүгінде қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнерінің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарап, күні бүгінге дейін өз құнын жоғалтпаған қолөнерінің бірі – бізкесте өнері. Біpкесте өнері тым ерте заманнан бастап-ақ, қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Жалпы, бізкесте дегеніміз – кестені көркемдеп тігу, яғни ою өрнектің барлық түрін әсемдеп қолдану. Дейтұрғанмен, аталмыш өнер кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл өнер түрі шыдамдылық пен қажымас төзімділікті талап етеді.
Жалпы, бізкесте – ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен серілердің бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы сияқты жол-жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін. Халық салтында мұндай өрнектеудің кейбіреулері күні бүгінге дейін сақталып келеді. Оның себебі әдемі ұнасымды кесте ою-өрнегінің барлық түріне бірдей қолдануға тиімді. Міне, осы сияқты бізбен тігілген кестені әшекейлеп кестелеу деп атайды. Өнер қазынасының сарқылмас мұхиты халық “адам өнерімен әсем, аң терісімен әсем”, -деп келіп, “кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды” деп қорытқан. Кесте өнері осы айтылғандай нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, баспа кесте, зер, моншақтап кестелеу, айқас тігу, қайып тігу. Ал, өз кезегінде біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар [1].
Негізінен бізкесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен кермелеп шалу арқылы кестеленеді. Ал, шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады.
Бізкесте де өрнектелетін материалды өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кере көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады.
Бізбен тігілетін кесте тігісінің асты мен үстінің не тартылып, не бос тастап сирек, жиі тігудің де мәні зор.
Ақын Абай:
“Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас,
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар баһра ала алмас”, - деп қолөнерінің кейбір детальдарын тіл өнерінің қасиетіне теңестіре айтады. Осындағы “Кестенің бізі” кәдімгі қазақ шеберлерінің пайдаланған құралы – қолөнер кестесінің бізі еді.
Ұлттық ою-өрнегі мен әшекейлеп тігу ісі туралы айтқанда бізбен кестелеу мен инемен көркемдеп тігудің екеуі де халық арасына кең тарағанын ұмытпаған жөн. Әйтседе түстері бірыңғай тұтас, ақ, көк, қара, сары, қызыл матадан неше түрлі өрнектелген әдемі бұйымдар жасаудың ең тиімді және жылдам әдісі – кестелеу өнері. Кесте қалаған көлемде үлкенді-кішілі маталарға тігіле береді. Сонымен қатар кесте былғары, шегірен, бөз, ақ тері, боялған тері, шұға, мауыт, шекпен, кенеп, брезент сияқты заттарға да тігіледі.
Бүгінде халықтың мәдени дәрежесі өсті. Соған орай, тұтыну бұйымдары мен жабдықтардың сапасына қатты талап қойылып, адамдар олардың әрі ұнамды, әрі сәнді болуын қалайды. Соған орай, киім-кешектің, жиһаздардың ою-өрнектері де талғамға қарай жаңа мәнер, жаңа түрлерін шығару талабы да арта түсті. Халық әлі де болса тұтынып келе жатқан ұлттық мүліктердің түрлері мен сапасы жаңарды. Бұл айтылғандардан қолөнер халық тұрмысында ежелгі маңызын жойды, ендігі жерде онымен шұғылданудың керегі жоқ деген ұғым әсте тумайды. Қайта халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптай отырып, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды ілгері дамыта беру керек. Мәселен, жеңіл күпі, қаптал шекпен, саптама етік, түлкі тымақ сияқты ұлттық киімдер қазір де қажет. Сонымен бірге қазіргі заманға лайықтап кескіндеме өнерін пайдаланып картинаға панно ретінде де орындауға болады.
Осы тұрғыда, аталмыш қолөнер түрлерін неге елімізде одан ары дамытпасқа деген сұрақ туындайды. Мәселен, көркем еңбек сабағында оқушыларды бізкесте тігуге үйретіп, қолөнерге баулу қажет-ақ. Өйткені, еліміздің ұлттылығы адамзат баласының білімімен, мәдениетімен ғана емес, ұлттық дәстүрлі өнерімізбен де айқындалады. Сол себепті, бабаларымыздан қалған мәдени мұраның ең асылы – ұлттық қолөнерді насихаттап, дамытуымыз керек. Себебі, қолөнер, оның ішінде бізкесте өнері – өресі биік, кең өнер.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында оқушылардың жалпы білімін көтеру, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастырып, бүгінгі оқушы, ертеңгі жас маман екенін ескере отырып, оларға кәсіби білім беріп, қабілетін, дарынын аша білу, шығармашылыққа бағыт-бағдар беру әр мұғалімнің мақсаты болып табылады. Бізкесте қолөнерінің тәрбиелік мәні арқылы оқыту кезеңінде өнерге, өзіне деген көзқарасын, білімін, біліктілігін арттырып, шығармашылыққа баулимыз. Әр оқу пәні оқушы алдында мүмкіндігінше еңбек пен мамандықтар әлемін ашады. Бұл мүмкіндік әсіресе көркем еңбек пәнінде жүзеге асырылады.
Көркем еңбек – шеберлік пен білгірліктің мектебі. Көркем еңбек сабағында оқушылардың жан-жақты дүниетанымы қалыптасып, болашақ өмірге, өндіріске қажетті мамандық алып шығады. Заман талабына сай өмірге бейімделген, еңбекті бағалайтын, үнемшіл ұрпақ тәрбиеленеді. Сол себепті, қолөнерге ұштастыра білім мен тәрбие берудің түрі – шығармашылыққа баулу. Ал қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның, туындының жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматтар берсек, қайталанбас ерекшеліктерге толы жасалу технологиясымен таныстырсақ, оқушы шығармашылықпен іске кіріседі.
Қазір бізге халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптап, заман талабына сай сапа, түр беру әдіс-тәсілдері арқылы бұл істі одан әрі дамыта беруіміз керек.
Жалпы, бізкесте өнері – өзіне тән әлемі мен өзіндік күші бар, өтпелі құндылықтарға бағынбайтын өміршең өнер. Сол себепті де, көркем еңбек сабағында оқушыларға біз кестемен тігудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйреткен жөн. Мәселен, көпіртіп тігу әдісі. Бұл кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі. Көпіртіп тігу кестесі әзірленген өрнек үлгісінің ізімен тігіледі. Мұнда материалдың үстіңгі бетіне бүлдіргеленген жіп түйіндер қалдырып отырады. Кестенің жібі бірнеше түрліі болуы мүмкін. Бедерлеп тігу әдісімен алма, жүзім, бүлдірген, қарақат, қауын-қарбыз түйнектері сияқты түрлі жемістерді салуға болады. Көпіртіп кестеленген бұйымдар жуыла да өтектеле де береді, бірақ өтектеп шыққан соң оларды қағып, сілкіп бүртіктерін тірілту керек [2].
Кестені түктеп тіккенде бізбен шалынған жіптің үстіңгі жағында (өң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей бүлдіргі қалып отырады. Оқушы немесе шебер кестені тігіп болғаннан кейін әлгі қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың түсірілген бүлдірге жіптері қырқылып тегістелген соң, кәдімгі кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады. Кейде бүлдіргілердің астына ширатқан жуан жіпті, ширатқан шүберекті, жұмсақ металл шыбықтарын мүйіздеп, ою өрнегіне келтіріп салып тігеді де, тігіп болған әлгі тігіс астына салынған заттарды үстінен тіліп алып тастайды. Мұндай әдіспен түктеп тігілген өрнектер мінсіз және түгінің биіктігі біркелкі шығады [2].
Үлгі бойынша сызылған өрнектің үстіне мәнеріне қарай тізіліп алынған әр түрлі ұсақ маржандар, моншақтар бастырып, тігуді маржандап кестелеу дейді. Мұндай әдістер тақия, сәукеле, өңір, қол дорба сияқты бір киер киім мен сән-салтанат бұйымдарына ғана қолданылады. Үнемі киілетін немесе жұмысқа ғана киілетін, сондай-ақ, арқан-жіптің тартуына түсетін заттарға бұл өнер қолданылмайды. Себебі ондай заттардағы маржандар тез сөгіліп кетуі мүмкін.
Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұнда кесте жіптерінің жуан-жіңішкелігіне қарай оған қолданатын біздің инесінің жуан, жіңішке түрлерін шебер өзі таңдайды. Бізбен тігілетін кесте тігісінің асты мен үстінің не тартылып, не бос тастап сирек, жиі тігудің де мәні зор.
Жалпы, қазақ халқының біз кесте өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталады. Мәселен, алтындап тігу, айқас тігу, батырып тігу, бедерлеп тігу, бүгіс тігіс, бүрме тігіс, есіп жөрмеу, жапсыру, жөрмеу, жара тігіс, көктеу, көпіртіп тігу, қабу, қусыру, қаю тігіс, маржан тігіс, өбістіру, сыру, сыздықтап тігу, тебе тігу, тепшу, түктеп тігу, тұмарша, торлау, шалып тігу, шанша тігу, шарбақтар тігу т.б.
Қазақтың әр алуан әдістермен, неше түрлі мәні бар тігістердің көптеген түрлерінің көп екенін көрдік. “Қабырға”, “Қаю”, “Таңдай”, “Тышқан із”, “Тұмарша”, “Бұзау тіс”, “Бедерлеп тігу” деп аталатын қазақтың тігіс мәнерлері қай халықтың тігіс өнерінен болса да кем түспейді. Мұндай бай мәнер, тиімді әдістермен тұрмыстық жиһаздарды, алтын, күміс, маржан, меруерт сияқты көрікті заттарды тізіп кестелеуге болады [3].
Бүгінгі таңда, елімізде бізтесте өнерін меңгерген, оның қыр-сырын жетік білетіндер саусақпен санарлық. Соның бірі – Зейнелхан Мұхамеджанұлы. Замана заңғары біЗкестені 30 жыл серік етіп, еуропалық абстракцияны ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен ұштастырған қолөнер шебері.
Қорытындылай келе, халықтың ғасырлар бойғы шығармашылық даналығын бойына жинақтаған аталмыш қолөнер түрі шын мәнісінде халықтың философиялық-эстетикалық мазмұнын айқын көрсетеді. Сол себепті, бізкесте өнерін көркем еңбек сабағында оқытып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарыту қажет-ақ. Итальяндық физик Галилео Галилей:- «Баланы бір нәрсеге қайталауға үйреткенше, жаңалық ашуға мүмкіндік бер!»- деген екен. Сондықтан әр педагог оқушының шығармашылық қабілетін ашып, оны дамыту үшін барлық жағдайды жасауы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1) Қазақ халқының қолөнері / С. Қасиманов ... – Алматы : Қазақстан, 1969. – 245 б.
2) Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы : оқулық / Асанова Сабыркүл Птицина Алла . – 2-бас. .. – Астана : Фолиант, 2011. - 160 б.
3) Ою-өрнек әлемі = The world Kazakh national ornaments / Б. Жұмабайұлы ... – Алматы : Үш Қиян, 2018. – 262 б.
4) Қазақ халқының қолөнері: ғылыми-зерттеу еңбек / X. Арғынбаев. - Алматы : Өнер, 1987. – 126 б.
5) Қолөнер үлгілері : (тұрмыстық-этнографиялық заттар) / ... – Астана : Елорда, 2005. - 20 б.
Достарыңызбен бөлісу: |