16
Сүлеймен қарақшы
— Ұрлыққа барғанда да жетекке ат алып жүре ме, нағашы?
Жетектегi ат бiзге кедергi емес пе? — деп сұрады Сүлеймен
үшеуi далаға шыққан соң.
— Қазiр атқа мiнiп, ауылдан ұзайық. Бiзге жетектiң не үшiн
қажет болатынын содан соң айтамын.
III
Көбек баласы Оспан ерттеп қойған қасқа атының қасына келген
соң, “Атымды өзiм ерттемесем, ерге отырғандай болмаймын”,
— деп оның тартпасын босатты да ерiн сыпырып тастап, қайта
ерттедi. Шiркiн, қасқа ат — ат-ақ. Басы үлкен болғанымен мойны
жiңiшке. Есесiне қалың жалының астындағы желке етi дөңгелене
бұлтиып тұр. Кеудесi кең, аяқтары ұзын. Есiк пен төрдей созылған
денесiне басқа аттарға қарағанда, жайпаңдау болып бiткен арқасы
мен жамбас үстi жарасымды көрiнедi. Әдетте мұндай аттар ұзақ
жүрiске шыдамды немесе дода ортасынан көкпар алып шығуға
бейiмдi келедi. Бұл қасқа ат Көбекпен бiрге қай жерге бармады
дейсiң. Жануарға тiл бiтсе ғой, Көбектiң талай құпиясын ашып
берер едi...
— Қоржынды маған берiңдер де, екеуiң мiнгесiп алыңдар.
Құдай жолымызды берсе, аттанайық.
Сүлеймен қоржынды Көбекке берiп,
Әрiпбайдың артына
мiнгестi. Ол мiнгескенде Әрiпбайдың аты Сүлейменнiң салмағын
ауырсынғандай артқы екi аяғын қиқалаң еткiзiп, бүгiлiп барды
да, бойын әзер дегенде тiктеп алды.
— Ойбай, Көбек-ау, мына жиенiңе сенiкi секiлдi мықты ат керек
қой. Байқадың ба, маған мiнгескенде атымның белi шойырылып
қала жаздады, — деп күлдi Әрiпбай. — Бүгiн Кендiр жетектеп
келетiн шұбар ат осыған жүдә лайық болады екен.
— Кендiрiңiз кiм?
— Кендiр деген арамызда бiреу бар. Жасы сенен екi жас
үлкен. Жас болса да бөрi-ау. Қазiр Аққорғанға жеткенде өзiң
көресiң.
Екi атқа мiнген бұлар ауылдан әудем жердегi жота басына
шыққасын, Бiркөлiкке апаратын қос ат қатарласа жүретiн екi
тарам еңiс жолға түстi. Еңiс жол жота бетiн көлбей түседi екен.