ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, әйел адамдардың құқықтары Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конститутциясынан бастау алып қорғалатын құқық болып табылады.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатының басымдығы ретінде әлемдік қоғамдастықпен интеграцияны анықтады. Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында да белгілі бір дәрежеде ілгеріледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан қосылған халықаралық актілерде жарияланған, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ олардың қоғам өмірінің барлық салаларына тең жағдайда қатысуы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығының басты мақсаты болып табылады.
Еңбек рыногында әйелдерге сұраныс аздау. Осыған орай, әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда жоғары.
Қазіргі кезде, жалдамалы жұмыспен қамтылған тұлғалардың ішінде әйелдер жартысынан көбін құрайды. Бірақ олардың жалақысы ерлердің жалақысының тек 66%-ын құрайды. Мұның себебі, әйелдер әдетте өздеріне тән денсаулық сақтау немесе білім беру салаларында болсын, төмен төленетін лауазымдарда жұмыс істеуіне байланысты қалыптасуда.
Ерлер мен әйелдердің гендерлік теңдігіне қол жеткізуге және жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікті жоюға бағытталған тұжырымдамаларды, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру мақсатында 2009 жылдың 8 желтоқсанында «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заңға сәйкес, ананы, баланы және әкені, әйелдерді жүктілігіне және босануына, сондай-ақ ерлердің өмір сүру жасының ұзақтығын ұлғайтуға байланысты қорғауға бағытталған шаралар жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік шаралары деп саналмайды.
Халықтың өмір сүруінің сапасы мен деңгейін арттыру негіздерінің бірі ана мен баланы лайықты әлеуметтік қолдау болып табылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, ана болуды қорғау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, ұрпақты болу жасындағы әйелдерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық тексеріп-қарау, оларды динамикалық байқау және сауықтыру, сонымен қатар 1 жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Халықты гигиеналық оқыту, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғау тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек деңгейінде және адам, отбасы және қоғам деңгейінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, әйелдің ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, өзі қаламайтын жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Әйелдердің және отбасылық міндеттері бар өзге адамдардың еңбегін реттеу ерекшеліктері Еңбек Кодексінің келесі нормаларды қарастыратын 17-тарауымен реттеледі:
1) жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек-баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша, ҚР заңнамалық актілерімен көзделген теріс жағдайларды қоспағанда, бұзуға жол берілмейді;
2) егер әйел еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі он екі апта және одан көп апта жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынса, жұмыс беруші оның жазбаша өтініші бойынша еңбек шартының мерзімін бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс аяқталған күнге дейін ұзартуға міндетті.
3) әйелдердің еңбегін ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда пайдалануға тыйым салынады;
4) әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын жүкті қолмен көтеруіне және жылжытуына тыйым салынады;
Еңбек Кодексінің нормаларына сәйкес, әйелдерге жүктілігіне және босануына байланысты қалыпты босану кезінде 126 күнтізбелік күнге, ал қиналып босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда 140 күнтізбелік күнге дейін демалыс беріледі. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес, қалыпты босану жағдайында 170 күнтізбелік күн және ауыр босанған жағдайда 184 күнтізбелік күн қарастырылған.
Республикадағы балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау кезегімен дамуда. 2006 жылы «Балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР Заңы қолданысқа енгізілді және оған сәйкес 2006 жылдан бастап бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен отбасының табысына байланыссыз бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейiнгі балаларға мемлекеттік жәрдемақылар төлеу қарастырылған.
“Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жанұядағы жан басына шаққандағы табысының мөлшеріне қарамастан бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар және марапатталған көп балалы аналарға мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап ана мен жаңа туған баланы қорғауға байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып жұмыс берушілердің және (немесе) өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз еткен тұлғалардың ай сайынғы әлеуметтік аударымдар төлеген еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар болып табылады. Осыған байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын еңбек ететін әйел жүктілігіне және босануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан кейін жұмыс орнында жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шығып, тұрғылықты жерінде орналасқан Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлімшесіне барып Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) тағайындалатын жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу жағдайына бір реттік әлеуметтік төлем алуға құжаттарын өткізе алады.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғау еңбек ететін әйелдермен қатар еңбек етпейтін әйелдерге де көрсетіледі. Бұл орайда, жүктілігіне және босануына байланысты тағайындалатын әлеуметтік төлемдерден басқа жәрдемақыларға жаңа туылған баланың әкесі немесе шешесі құжаттарын өткізе алады.
2005-2010 жылдары Қазақстанда балалардың туылу көрсеткіштерінің және МӘСҚ-дан жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу жағдайына бір реттік әлеуметтік төлем алушылардың санының өсу қарқыны байқалады.
2011 жылдың 1-ші желтоқсанына дейінгі МӘСҚ-дан төленген әлеуметтік төлемдердің 93%-ы жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу жағдайына бір реттік және бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайға ай сайынғы төленетін әлеуметтік төлемдер болып табылады
Сонымен қатар, егер бұрын декреттік демалыста болған әйелдерге зейнетақы жарналары жүргізілмесе, енді жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілігі, босануы және аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандырудың енгізілуіне байланысты әйелдің бала күтімі бойынша демалыста болған кезінде әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталынып, алушының жинақтаушы зейнетақы қорына жолданады.
Ана мен баланы қолдау халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін, мәдениетін, білімін, экономикалық жағдайын нақты баяндайтын көрсеткіш болып табылады. Сондықтан жүктілікті, босану мен аналықты міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу ана мен бала өмірі маңызды орын алатын қоғам құруға жетелейді.
Қазір адамды жынысына қарап емес, қабілетіне қарай бағалайтын заман. Сондықтан, қазақ әйелдеріне деген құрмет тек отбасы, ошақ қасы төңірегінде ұйысқан десек қателік болар еді. Қазірдің өзінде әйелдер саясатқа, билікке ұмтылып жатыр. Бірақ, олардың талпыныстарын жоғарыдағылар оң бағалап отырған жоқ. Парламент депутаттарының 17 пайызы ғана нәзік жандылар, мәслихаттарда саны одан да аз. Қайта, денсаулық сақтау және білім беру саласында, шағын және орта бизнесте әйелдер жүр. Гендерлік тең құқық болуы үшін билік басында қоғамға үн қататын, өжет, қайсар ханымдардың болғаны маңызды. Әйелдер ақыл-парасаты жағынан да, білімі, кәсіби шеберлігі мен қабілеті жағынан да ер адамдардан еш қалыспайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қыз-келіншектердің еңбектегі және интеллектуалдық потенциалын билікте де пайдалану керек.
Гендерлік саясатқа келетін болсақ бәзбіреулер әйелді атқа мінгізіп, басын төрге сүйреу, еркекті көлеңкеде қалдыру деп түсінеді. Бұл – мүлдем олай емес! Гендерлік саясат әйелден еркек жасамайды. Бұл дегеніңіз, екі жұптың теңдігін қалыптастыру, басшылық, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелдерге қолдау көрсету деген сөз. Қайта Елбасымыздың «гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2016 жылдарға арналған» Жарлығында ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылған. Ал біздің ұйым бұл бағытта көптеген жетістіктерге жетті. Он жылдың ішінде Парламент мінберінен өз орнымызды айқындадық. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Билік басында министр мен депутат әйелдер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Шындығына келгенде қазақ әйелдері — біздің қоғамдағы ең жинақы, ең серпінді күш. Біздің бойымызға шығыстық икемділік пен батыстық ынталылық қасиеттер қатар қонған. Содан болар қазақ әйелдері қоғамдық - саяси жұмысқа араласқанда, алдымен жұртшылыққа пайда әкелуге ұмтылады. Бір ғана мысал, бүгінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 80 пайызын әйелдер басқарады. Өз басым (егер қолыма билік берсе), шағын несиені нақ әйелдерге берудің тиімділігін дәлелдеп берер едім.
Ф.Ницше айтқандай, әйел – қоғамның қозғаушы күші. Қазақтың қыз-келіншектері табысқа қол жеткізуге, еліне пайдасын тигізуге, жақсы өмір сүруге қабілетті. Қазақ әйелінің табиғатында әлеуметтік жауапкершілік басым. Бұл – дәлелденген шындық. Оны бүгінгі өмір қатынастарынан көріп жүрміз. Елбасының нақты тапсырмасы негізінде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік гендерлік саясатқа орай, бүгінде қоғамымыздың қай саласында да әйелдердің рөлі артып келеді. Өз басым әйелдер мәселесінің гендерлік саясатпен үндесуі, бұл – демократиялық дамудың ең басты шарттарының бірі деп есептеймін. Егер қазіргі биліктің басқару ісіне қазақ әйелі етене араласса, тұрақтылық пен мұқияттылық барынша сақталар еді. Сөзіме дәлел ретінде айта кетейін, билік құрылымдарындағы әйелдер 30-40 пайызды құрайтын жерлерде әлеуметтік бағдар да тұрақты дамиды екен.
Қазақстан Республикасының әйелдер қауымдастығы әйел құқығын қорғауда көптеген қызметтер атқаруда бұндағы басты мақсат – әйелдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату. Әзірге бұл одаққа әйелдер басқаратын 18 үкіметтік емес ұйым мүше. Ендігі жерде біз саяси, әлеуметтік, мәдени, барлық салаларда бірге әрекет ететін боламыз. Сонымен бірге, үкіметтік емес қоғамдық ұйым болғандықтан, мемлекеттен де, демеушілерден де көмек күтеміз. Әйелдердің жобаларына серпін беру үшін оған өз идеяларын, күш-жігерді салып келеді. Алдағы уақытта әйелдерді жұмыспен қамтуға баса назар аударылмақ. Осы мақсатта Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жұмыссыз әйелдерді оқыту және қайта даярлауға бағытталған әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды қолға алды. Қазақстан экономикасын алға жылжыту үшін жұмыссыз әйелдердің азайғаны маңызды. Бүгінгі күні Қазақстанда жұмыссыз жүргендердің 55 пайызы әйел адамдар. Бір Алматы қаласында жұмыссыз қалғандардың 60 пайызы – нәзік жандылар ретінде тіркеліпті. Оның үстіне ер адамдардың еңбекақыларымен салыстырғанда әйелдердің жалақылары біршама төмен. Бұл аз десеңіз, әйелдердің қызмет бабында жүріп, аналық борышын өтеуіне, өмірге сәби әкелуіне тура келеді
Шындық сол, әйелдер мен ер адамдардың жалақысын салыстыруға келмейді. Бұған себеп не? Өйткені, атқарушы және заң шығарушы билік басында отырғандардың басым көпшілігі ер адамдар. Содан болар өңкей ер адамдардан құралған Үкіметте әйелдердің мүддесі ескеріле бермейді. Айталық, мұнай, кен өндіру салаларында қазақ әйелдері жоқтың қасы. Керісінше, орта және шағын бизнес әйелдерге қалған. Әйелдер денсаулығы да биліктің басты назарында емес. Рас, соңғы жылдары, еліміздегі ана өлімі екі есеге төмендегенімен, Еуроодақпен салыстырғанда әлі күнге 4 есеге жоғары. Оның үстіне Қазақстанда әрбір 20-шы нәресте мезгілінен бұрын дүниеге келеді екен. Түсік жасау мәселесінің де түйіні әлі тарқаған жоқ. Былтыр шамамен осындай 113 мың ота жасалған. Біздің ұйым бұл орайда ана денсаулығын жақсарту жайында нақты қарар қабылдаған болатын. Сонымен қатар бала көтеру, туу, ұрпақ өсіруді «еңбек» деп бағалауымыз керек.
Тақырыпты саралай келе, әйел адамның құқығы әрбір жеке адамның құқығы сияқты Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында орнықтырылған құқықтық мәртебесі адамдармен азаматтардың құқықтары тұжырымдамасына негізделген және халықаралық-құқықтық құжаттардың негізгі қағидаларынан туындайды деп тұжырымдаймыз.
Тақырыпты талқылауға қатысты әйел азаматтардың құқықтарын қорғайтын бірыңғай халықаралық нормативтік актілер жүйесі бар деп әбден айтуға болады. Қазақстан Республикасының Конституциясы әйел азаматтарға мейлінше кең құқықтар мен бостандықтар беріп, мемлекеттің азаматшаларына деген ерекше қатынастарына орай оған айрықша міндет жүктейді. Міне, осы негізде Қазақстан Республикасының Конституциясы әйел адамдарға тең құқықтар мен бостандықтарын қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |