1.2 Тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулер
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт тас ғасыры ескерткіштерін зерттеудің үшінші кезеңі болып табылады.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан Қазақстан археологиясы тарихының жаңа кезеңі басталды. Бұл кезең ғылыми-ұйымдастырушылық өзгерістермен, археологиялық зерттеулердің кең өрістеуімен, маңызды жетістіктермен және ең бастысы – Қазақстан археологиясының жалпыәлемдік проблематикаларды шешу деңгейіне көтерілуімен сипатталады.
Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 28 тамыздағы № 496 Қаулысы және Қазақ ССР ҒА Президиумының 1991 жылғы 6 қыркүйектегі Қаулысымен дербес Археология институты құрылып, оған көрнекті археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы ғалым академик Ә.Х.Марғұланның аты берілді. Академик К.М.Байпақов Археология институтының директоры болып тағайындалды және оны 1991-2010 жж. аралығында табысты басқарып келді.
1991 жылы археология саласындағы дербес Институттың құрылуы Қазақстандағы археология ғылымының жарты ғасырға жуық бүткіл даму үдерісінің нәтижесі еді. Институт еліміздегі археологиялық зерттеулерді ұйымдастырып отыратын басты орталыққа айналды.
Тәуелсіздік жылдары қазақстандық археология ғылымының зерттеу бағыттары мұнан әрі дамыды және әлемдік археология ғылымындағы жаңа беталыстарға байланысты жаңа өзекті бағыттар пайда болды. Әсіресе Қазақстан-Ресей біріккен археологиялық кешенді экспедициясының жүргізген жұмыстары айтарлықтай нәтижелер берді.
Қазақстан-Ресей біріккен археологиялық кешенді экспедициясының жүргізген жұмыстары Қазақстанның тас дәуірін зерттеу саласында елеулі нәтижелер берді. Экспедиция 1992 жылы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Археология және этнография институты мен ҚР ҰҒА Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірігіп құрылған болатын. Оған академик А.П. Деревянко, Қазақстан жағынан профессор Ж.Қ. Таймағамбетов жетекшілік етті [17]. Ол туралы мәліметтер А.2-суретте көрсетілген.
Сол зерттеулер арасында Қошқорған 1,2, Шоқтас 1,2,3 (Түркістан ауданы) бірегей ескерткіштердің маңызы ерекше [18]. Кешендерде еңбек құралдарымен бірге қатып-семіп жатқан төменгі плейстоцен кезінде өмір сүрген хайуанаттар сүйектері табылды. Далалық зерттеулерге басқа сала мамандарының – геолог, палеонтолог, палинолог, т.б. тартылуы ерте плейстоцен кезіндегі бұл өңірдің палеогеографиялық жағдайын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Артефактілерге техникалық-типологиялық сипаттама жасалып, қошқорған-шоқтастық ежелгі палеолит микроиндустриясы ажыратылды. Еңбек құралдарын даярлау әдісі (микриндустрия) бұл кешендердің өзіндік ерекшелігін анықтап береді. Ең ірі топтама Қошқорған 1 тұрағынан алынды. 1993-1994 жылдары және 1997 жылы барлығы 5144 тас артефактілер, одан басқа өндіріс қалдықтары – тас сынықтары, ұсақ отщептер, қабыршақтар жиналды [19 ].
1999-2001 жылдар аралығында экспедиция Оралдың жалғасы болып табылатын Мұғалжар тауларынан (Ембінің жоғары ағысы) палеолиттің әр түрлі кезеңіне жататын 59 тұрақ ашты [20].
Экспедицияның 2003 жылға дейін жүргізген далалық ізденістері Қазақстанның түрлі аудандарында – Маңғыстау өңірінде, Қаратауда және Жетісуда көптеген палеолит, мезолит және неолит дәуірлерінің тұрақтарын ашуға мүмкіндік берді. Экспедицияның зерттеу нәтижелері 2003 ж. баспадан шыққан ұжымдық «Каменный век Казахстана: Исследования Российско-Казахстанской археологической экспедиции в Казахстане (1998-2001)» еңбегінде көрініс тапты [21].
Археологиялық деректер бойынша қазақтардың этногенезін, Қазақстанның палеоэкономикасын, атап айтқанда, мал шаруашылығының, металл өндірудің генезисі мәселелерін зерттеуге байланысты ірі проблемалар талдап шешіле бастады. Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің жинағын, республика аумағындағы барлық ескерткіштердің ғылыми реестрін дайындау негізгі міндеттердің біріне айналды. Мұндай энциклопедиялық басылым археология саласында стратегиялық зерттеулер әзірлеу үшін база болуға, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау ісін жақсартуға тиіс еді. Қазақтардың этногенезі, культурогенезі, политогенезі мәселелеріне байланысты тақырыптар, урбанизация үдерістері, егіншілік және көшпелілер мәдениеттерінің өзара әсері негізгі зерттеу тақырыптарына айналды. Осы орайда антропогенезді, Қазақстандағы алғашқы адамдардың өмір сүруі мен ерте кезеңдегі мәдениетті зерттеу археология ғылымының алдында қойылған маңызды міндеттердің біріне айналды.
2003 ж. ҚР-ның Президенті халыққа жолдаған жыл сайынғы жолдауында ел алдында тұрған шұғыл міндеттер ішінде тарихи-мәдени мұрамызды зерттеу және сақтау шараларын анықтап берді. 2004 жылдың 13 қаңтарындағы жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» бағдарламасы еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамыту мүддесін көздеп, тарихи-мәдени сабақтастықты іске асыруға бағытталған болатын. Бағдарламада «оны жүзеге асыру қоғамның өзін-өзі тануына және ынтымағының нығаюына әсер етеді», - деп атап көрсетілген.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылу мерзімі деп 2004-2006 жж. белгіленді және мәдени мұраны сақтау мен дамытудың негізгі бағыттары көрсетілді. 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама Қазақстанның мәдени мұрасының сақталуын және одан тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді көздеді.
«Мәдени мұраның» археология саласындағы бағдарламасының әзірлеушісі болып ҚР ҰҒА академигі К.М. Байпақов бекітілді [22]. Ә. Марғұлан атындағы Археология институты бағдарламаның археология саласындағы орындаушысы әрі жетекшісі болып бекітілді. Ең маңызды жетістіктердің арасынан алғашқы археология саласындағы бірегей ашылымдар мен антропогенез және социогенез мәселелері бойынша жаңа тұжырымдарды бөліп көрсетуге болады.
Қошқорған-Шоқтас кешендері 2004 жылдан бастап Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта зерттеле бастады. Ол туралы мәліметтер А.3-суретте көрсетілген.
Ш. Уәлиханов атындағы тұрақта алдыңғы жылдардағы жұмыстарды қайта жалғастырды. 2003 жылдан бастап бұл ескерткіште Ж.Қ. Таймағамбетовтың жетекшілігімен Қазақстан тас ғасырын зерттеумен шұғылданатын археологиялық экспедиция зерттеулер жүргізіп келеді. 2004-2006 жылдары осы экспедиция кейінгі палеолитпен мерзімделінетін Майбұлақ тұрағында (Алматы облысы) қазба жұмыстарын жүргізді және Жетісу палеолиті туралы тың мәліметтер алды. Бұл ескерткіш Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы алғаш рет табылған стратиграфиялық кешен болып табылады. Нысанның тас коллекциясының жалпы саны 2 мың данадан асады [23].
Сонымен, соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанның тас дәуірі археологиясы маңызды жетістіктерге жетті. Осы уақыт ішінде тас дәуірін зерттеудің өзіндік әдістемесі қалыптасты. Арасында үзілістердің болып тұрғанына қарамастан қарастырылып жатқан дәуір бойынша маңызды факатологиялық деректер қоры жиналды, олардың көпшілігі жан-жақты зерттелді және көптеген өзекті мәселелер бойынша маңызды тұжырымдар жасалды, жоғарғы кәсіби деңгейде жазылған бірнеше еңбектер жарық көрді.
Көп жылдық археологиялық зерттеулер Қазақстан аумағында адамзаттың алғашқы қоныстануы бұдан 1 млн. жыл бұрын басталған деп айтуға мүмкіндік береді. Антропогенез саласында Қазақстан аймағын homo sapiens – алғашқы қәбілетті адамның қалыптасу орталықтарының қатарына жатқызуға мүмкіндік беруші мәліметтер алынды [24; 25].
Палеолитті зертеулердің нәтижелері, жаңа материалдар Қазақстан аумағына алғашқы қауым адамының қоныстанған уакытымен жолдары туралы мәселені жаңаша қоюға мүмкіндік береді. Палеолиттік мәдениеттердің эволюциялық жолдары мен аймақтағы ежелгі халықтың миграциялық үдерістерін анықтаған кезде Қазақстан аумағының географиялық жағдайы мен көлемі ерекше маңыз алды. Қаратаудың палеолиттік ескеркіштерімен шектес аумақтардың да, сондай-ақ тым шалғай жатқан аудандар – Орта Азияның, Қытайдың, Пәкістанның, Үндістанның, Монғолияның тұрақтарына ұқсастық байқалады. Бұл ұқсастық «ежелгі мәдениеттер дамуының жолы бір» деп болжауға негіз береді.
Қазақстан палеолитін одан әрі тереңдете зертеу, сенімді хронологиялық байлам жасау үшін Қошқорған, Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ (Оңтүстік Қазақстан), Шүлбе (Шығыс Қазақстан) сияқты стратификацияланған тұрақтардың зор маңызы бар.
2009 жылы Қазақстанның тас дәуірін зерттеумен шұғылданатын экспедиция (жетекшісі Ж.Қ.Таймағамбетов) мүшелері (Д.С.Байгунаков, Ғ.Т.Бексейітов, Ғ.Т.Искаков, Т.Мамиров) Мұғалжар өңірінде зерттеулер жүргізді де, 37 орыннан тас дәуіріне жататын жаңа ескерткіштер тобын тапты. Олардан жиыстырылған еңбек құралдарының арасында ашель заманына жататын үш бұрышты бифас, ондаған өзектастар, бифастар, сондай-ақ тас жаңқалары, т.б. бұйымдар саны мол. Табылған археологиялық нысандардың басым бөлігі палеолит дәуіріне жатады. Сөйтіп, бұрынғы зерттеулерді қоса есептегенде, Мұғалжар өңірінен 100 шақты палеолиттік орындар анықталған.
Тәуелсіздік жылдары жалпы отандық археология ғылымы жаңа ғылыми сатыға көтерілді. Тасдәуірі, соның ішінде палеолитті зерттеу саласында сан алуан мәліметтер жинақталды. Жоғарғы кәсіби деңгейде жазылған іргелі монографиялық еңбектер жарық көрді. Тас ғасыры археологиясының дамуына ерекше үлес қосқан ғалымдардан В.Ф. Зайбертті, Ж.Қ. Таймағамбетовты, В.К. Мерцті айрықша атап өту қажет. 1997 жылы профессор Ж.Қ. Таймағамбетов «Үздік ғалымдар үшін» Мемлекеттік стипендиясымен марапатталды. В.Ф. Зайберттің, Ж.Қ.Таймағамбетовтың қатысуымен 10-ға жақын ұжымдық монографиялар және көптеген мақалалар өзіндік ой-тұжырымдармен ерекшеленеді [28; 29].
Достарыңызбен бөлісу: |