Олай-бұлай боп кетсем,
Сансызбайға басшы боп
Елімізге келеді. (Батырлар жыры)
«...Иттің бірдемесі дәрі болса, дарияға бірдеме етеді» дегендей қорлығы өтті-ау мына Қосшығұлдың (С. Мұқанов)
Бұл мысалдардағы курсивпен берілген есімдіктер немесе есімдік аралас тіркестердің бәрі де эвфемистік мағына тудырып тұр. Өйткені, олай-бұлай боп кетсем – өліп кетсем деген суық ұғымды; бірдеме, бірдеме етеді дегендер тура айтуға ыңғайсыз кейбір ерсі ұғымдарды бүркемелейді.
Эвфемизм тудырудың басқа тәсілдері. Эвфемизмдердің жоғарыда аталған жасалу жолдарымен қатар тілге тиек боларлық басқа тәсілдері бар. Мәселен, солардың бірі – тыйым салынған немесе ашық қолдану ыңғайсыз саналатын сөздерді тігісі жатық эвфемизмдермен ауыстырмай-ақ, дәл сол сөздердің өздеріне аздаған өзгеріс енгізіп қолдану арқылы эвфемистік мағына тудыру. Мұны деформация, яғни бұзып айту тәсілі десе де болады. Өйткені, мұндайда эвфемистік мағына белгілі бір себеппен тура атауға болмайтын сөзді жорта бұзып айтудың нәтижесінде пайда болады. Мысалы, ертеректе қазақ әйелдерінің арасында қалыптасқан ат тергеу салтына байланысты, әйелдер өздері тура атай алмайтын кісі аттарын ыңғайлы эвфемизмдермен ауыстыруға мүмкіндік таппай қалған жағдайда ондай есімдердің бір әрпін өзгертіп жіберіп, Ахметті – Сахмет; Мәмбетті – Сәмбет; Әлиді – Сәли; Тұрсынды – Мұрсын; Жақыпты – Мақып деп бұрмалап немесе бұзып айтып, қысылтаң жағдайдан осылайша жол тауып жүре беретін бұл тәсіл бұрын жиі кездескенімен, қазір ескі салттың ұмытыла бастағанына байланысты сирегірек кездеседі.
Адам есімдерімен байланысты эвфемизмдердің және бір түрі де сыпайыгершіліктен туындайды. Қазақ арасында күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан дәстүр бойынша, әйел адам болсын, ер адам болсын, өзінен жасы үлкен кісінің атын тура атауды мін санайды. Сондықтан да жасы кіші адамдар үлкен кісілердің есімдерін тура атауға именіп, оларды ықшамдап, алғашқы буындарын ғана қалдырып, ендігі жерде сол буындарға -қа, -ке, -еке сияқты аффекстер жалғау арқылы эвфемистік мағыналы сыпайы есімдер тудырады. Мысалы, тура атауға қымсынған адам Асанды – Асеке, Мұхтарды – Мұқа, Жамбылды – Жәке деп атай береді. Өйткені бұлайша атау сый-құрмет, ізеттілік белгісі болып саналады. Күнделікті өмірден мұны жиі байқауға болады, әрі бұл адам есімдеріне байланысты эвфемизм тудырудың ең өнімді әдісі.
Табу мен эвфемизмдердің белсенділігі әр тілде әртүрлі дәрежеде. Кейбір тілдерде табу мен эвфемизмдердің салдарынан лексика айтарлықтай өзгеріске ұшырап, үздіксіз дамып отырады. Мысалы, Азия, Африка, Америка, Австралия материктерін мекендейтін байырғы халықтардың көпшілігі қайтыс болған адамдармен байланысты көптеген сөздерге тыйым салады. Тыйым тек дүние салған адамдардың есімімен шектелмей, олармен аттас жандардың аты-жөндерін өзгертуге себепші болады. Мұнымен тынбайды. Әдетте адам есімдері өлі табиғат пен тірі табиғатқа тән ұғымдардың атауларынан қойылатындықтан, тек қайтыс болған адам есімдері ғана өзгеріп қоймай, олармен үндес сөздер де түгел өзгеріп отырады. Дәл жоғарыдағыдай белсенді болмаса да, түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер – сөздік қордың лексикалық –семантикалық жағынан баюының бір көзі. Атап айтқанда, синонмдер мен омонимдердің пайда болуы табу мен эвфемизмдерге байланысты. Өйткені кез-келген ұғымның, заттың, құбылыстың немесе іс-әрекеттің белгілі себептермен тыйым салынған атауларының орнын басып, оларды басқаша атауға мүмкіндік беретін эвфемизмдер бірден тыйым салынған атаулардың баламасына, яғни синониміне айналады, ал бұл құбылыс өз кезегінде омонимдік қатарлардың да өсуіне ықпалын тигізеді.
Эвфемизм және қазіргі тіл мәдениеті. Табу мен эвфемизмдер адамның тілге, сөзге деген талғамынан туындап, оларды жүйесін тауып орнымен жұмсай білуді, сонымен қатар адамнан ізеттіліктің, сыпайыгершіліктің, кішіпейілділіктің, әдептілік пен сынықтықтың, бір сөзбен айтқанда, мәдениеттіліктің ең жоғары деңгейін де қоса талап етеді. Ал соңғы қасиеттердің адамның сөйлеген сөзінен немесе жазғанынан көрініп тұратынын ескерсек, тіліміздегі табу мен эвфемизмдердің де бұл саладағы үлесінің қаншалықты қызмет атқаратын елеулі факторлардың бірі екенін айқын аңғарамыз.
Басқа халықтар секілді түркі халықтары да тіл, сөз мәдениетін өте қастерлеп, бұған әлмисақтан-ақ зор мән беріп келген. Бұған ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұра, халық кемеңгерлерінің тобықтай түйіндері – мақал-мәтелдер бұлтартпас дәлел. Мәселен, әрбір сөзді орынды жұмсай немесе дұрыс сөз саптай білудің үлкен өнер, күшті құрал екенін бағалап, халық «Өнер алды – қызыл тіл», «Қаһарлы сөз қамал бұзар» десе, адамның көңіл-күйіне, сезіміне қаншалықты терең әсер ететінін дөп басып: «Бал тамған тілден у тамар», «Қотыр қолдан жұғады, пәле тілден жұғады», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сіз-біз деген жылы сөз – тірліктің ғанибеті», «Құлақтан кірген суық сөз көңілге барып мұз болар», «жаман сөз – жанға кірген тікен» т.с.с. дейді.
Бұл сияқты халықтың асыл қазынасы тіл мәдениетінің қалыптасуына, өсуіне үнемі өз себін тигізе бермек. Олар адам көңілін жығатын немесе жігерін құм ететін зәрлі, суық, кесапатты, дөрекң немесе былапыт сөздерден бойды аулақ ұстауға, сол сияқты ізеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке баулиды.
Ал соңғы қасиеттерді жоғалтып алмай, қандай болмасын өрескел немесе дөрекі сөздердің тігісін жатық етуге немесе кез келген ұғымды майдалап, жұмсақтап жеткізуге тіліміздің сөз байлығы жеткілікті. Осы тұрғыдан қарағанда, кез келген тіл лексикасының ерекше тобын құрайтын эвфемизмдердің рөлі өте күшті. Басқаша айтқанда, этникалық нормалардың негізінде қалыптасатын эвфемизмдердің бәрі де тіл мәдениеті үшін ғасырлар бойы қызмет ете бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |