ІІІ тарау. «Ұлпан» романындағы образдар жүйесі.
Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиеттің ең басты және өзекті мәселесі – образ және образдылық. Бұны түсіну үшін, әдебиеттің объектісі - өмір, ал заты – адам екенін ескеруіміз қажет.
Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы дейік, бәрібір, осылардың бәрі – бір-ақ ұғым образ. Әдебиеттегі адам, сөздегі сурет, шығармада өмір шындығын жинақтау, адам мінезін дарлау, сайып келгенде, осылардың бәрінің сарқырап құяр сағасы біреу, ол – образ. Ал, «Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті. [10, 106].
Чернышевскийдің а йтуынша: «Сөз өнерінің шын мазмұны – тек адам өмірі» екенін айтады. «Кітап немесе симфония не туралы? Сурет не мүсін не туралы? Бәрі де адамға қатысты. Адам туралы, әсемдігі мен асылдығы, адам рухының көркем күші мен қасиеті жайлы... өнер туындысының бәріне ортақ – адамның ойы, арманы, мақсаты. Кез-келген әдеби шығарманы алсақ болғаны, іздеп табарымыз – адам тағдыры болып табылады.
Адам тағдыры жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірдегі адамдар туралы ойы қалыптасады, нәтижесінде шығарма жазылады. Әдеби шығармадағы адамның көркем образын алсақ, бай-тұлғасындағы, кескін-кейпіндегі, жүріс-тұрысындағы, қимыл-әрекетіндегі ойлау-сөйлеу әдетіндегі өзгеше сипат – белгілерді нақтылы суреттеу арқылы жазушы типтік қасіреттерді, яғни қоғамдық жағдай туғызған, басқаларға ортақ, жалпылық мәні бар ерекшеліктерді айқын танытады. Реалистік көркем образ типтендіру тәсілімен жасалады. Жазушы көптеген адамдарға тән қасиет сипаттарды жинастырып, екшеп іріктеп алып, бір адамның бойына алғызып бейнелейді. Сондай кейіптердің кескін тұлғасы,
характеріндегі жекешелік, көпке ортақ жалқылық қасиеттері де, жалқылық ерекшеліктермен қатар бедерленеді.
«Ұлпан» романына келетін болсақ, романның стилі байсалды, өмір шындығын кең қамтып, асықпай суреттеумен ерекшеленеді. Оқиға жанр талабына лайық бас кейіпкердің іс-әрекеті маңында өрбісе де, Ұлпанға қатысты біраз адамдар дараланып берілген. Әсіресе, Мүсіреп пен Шынар, олардың мінез-құлқы мен адамгершілік белгілері оқушысын риза етеді. Есеней – Мүсіреп, Ұлпан – Шынар араларындағы құрбының жарастықты әзілі мен силастығы халықтың жақсы әдет-ғұрып, салт-санасының әдемі көріністері есебінде де бағалы. Дәуір мен адамның диалектикалық байланысын ел өмірінің көп салалы шындығы арқылы жазушы эпикалық суреткерлікпен көркем бейнелейді. Тағы бір айтатын мәселе романның тілі, суреттеу, бейнелеу құралы әбден толысқанның куәсі боларлықтай. Суреткерлік те, авторлық түсіндірме де орын – орнында. Қазақтың сөз өнеріне жетік халық екенін, екі жақты қақтығыс, әзілдесудің өзімен-ақ көп нәрсені біріне-бірі айтып, түсіндіріп үлгеретін алғырлықтың үлгілерін де жазушы әдемі келтірген. Тұспалдап айту, бірді айтып отырып екінші нәрсені меңзеу де орынды қолданылады. Мұны және Ғабит Мүсірепов жалпы емес, кейіпкерлерді даралау мақсатында ақылды, аңдағыш, сөз сырына қанық би Есеней мен Ұлпан арасындағы сөз салмағын көтере түсу үшін пайдаланылады. [ 2, 128 ].
Жоғарыда айтып кеткендей, романда қырыққа жуық образдар бар. Олардың негізгілері: Есенейдің ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп және оның өмірлік серігі − Шынар; аңшы − Мүсіреп; Ұлпанның ата - анасы − Артықбай мен Несібелі; Есенейдің інісі − Еменалы және оның жары − Айтолқын; Есеней мен Ұлпаның қыздары − Біжікен (Бибіжиһан); тілмаш − Тілеміс және оның баласы − Торсан; ауылдың би-болыстары: Байдалы би, Тоқай би, Күзембай болыс, кәрі би Өтеміс; молда Хұсайынғази; ұры Қожық тағы басқалар.
Есеней бидің ең сенімді серігі – «түрікпен» Мүсіреп. Ол аздап сыбызғы тартады. «Бозінген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа көл», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары - бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірметен сақал - мұртын жарасымды қырқып ұстайды. Мүсіреп Ұлпанды өзінің туған қарындасындай жақсы көріп, оған әрқашан қол ұшын береді және бір-бірімен қалжыңдасып жүре береді. Есеней Мүсірепке «Артықбайға құда түсіп қайт», - дегенде, ол шошып кетті. Бір жағынан Мүсіреп ұрпақсыз қалған Есенейді аяса, бір жағынан бойжеткен Ұлпанды да аяды. Сол кезде айттырып барғанда Ұлпанның анасы, яғни Несібелі былай дейді:
- Мүсіреп, мен сені жиырма жылдан бері білемін. Адалдығыңнан басқа сырыңды көрген емспін.. Ұлпанмен өзің де сөйлес. Адал ақылыңды айт. Мүсіреп өте еңбекқор адам. Егін салуға, шөп шабуға келгенде мұнымен ешкім теңдесе алмайды! Екі үйдің егінін салатын да сол, шабатын да сол. Ағасы Әсірепке соқаны да ұстатпайды, бел орақты да ұстатпайды.
Мүсірептің сүйген жары, өмірлік серігі − Шынар. Шынардың әкесі етікші − Шақшақ. Шынар ақ жарқын, кішіпейіл, адамгершілігі мол жандардың бірі.
Романда Шынардың сыртқы келбеті былай суреттеледі:
Е, мына қыпша бел, сұңғақ бойлы, қызыл шырайлы торғылт келіншек Шынар болар. Аяғында кестелі етік... Ие, сол екен... күлімдеп, іші - бауырыңа кіріп бара жатқан көзқарасы қандай әдемі еді! Ашаң да, ашық жүзді. Көк қиығының құйрығы азғана көтеріңкі... Сол жақ бетінде "бармақ баттысы" бар... Мүсіреп ағай сүйгеніне тауып қосылған екен де...
Шынар Ұлпанның жан құрбысы әрі сырласы. Әрқашан бір-бірімен сырласып, кейде әзіл айтып қалжыңдаса береді.
Ал енді би-болыстарға келетін болсам, Байдалы би қандай жиылыста болмасын, қандай той - думандарда болмасын ең бірінші сөйлегенді ұнатады.
Би - болыстар Ұлпанның генерал - губернатордан мақтау қағаз алғанын көре алмай:
Құдай-ау, не деген қорлық! Бес болыстың би-болыстары көзіміз жаудырап тірі отырған бір қатын алды-ау! Қатын!.. Сыйлығы адыра қалсын, алтынмен жазылған, мөр басылған, екі басты самұрық құсы бар мақтау қағазды айтсайшы! Құдай осы қатынды біздің қолға бір бере ме,
жоқ па? Ай, ол күн алыс емес шығар... Есеней анау, оның күні санаулы... Жоқ, сен қатын біздің қолға бір түспей кете алмайсың!..
Міне, осы тұста кейбір би - болыстардың іштарлығы байқалады.
Ал енді Есеней бидің інісі - Еменалыға келетін болсақ, жазушы шебер әдіс - тәсілдермен Еменалының образын ашып көрсеткен. Мәселен:
Елден қасында үш жігіті бар өз інісі Еменалы келіп еді, олардан ет жеп, қымыз ішуден басқа пайда болар емес. Сөйлесіп, көңіл көтеруге де жарамайды. Аңға шықса далақтап шауып, айқайлап, шулап аңды күндік жерден үркітіп жібереді.
Еменалы ақымақ күні кеше "Мүзбел торы " атты ерттеп жатқан Ұлпанға:
- Әй, қыз, қоя бер атты Бұл атқа сендей он қыздың құны жетпейді. Қоя бер! - депті.
Ұлпан аттың жүгенін сыпырып алып қоя берген екен, Есеней жалынып - жалпайып қайтып алғыза алмай қойды.
Есеней бүгін інісі Еменалыны қуып жіберді, қоштасқан да жоқ. "Кет!" - деп ақырды да айдап тастады.
Міне, романның осы тұсынан Еменалының үлкендерді сыйламайтынын, адамгершілігі жоқ екенін оның іс-әрекетінен көріп тұрмыз. Анда-санда Еменалының айқайы бір шығып калады. Ол ылғи әлдекімдерге ұрсып, аузы - мұрнын боқтап жүреді. Сол сияқты ағасының әрбір ісіне келіспей, қарсы шығып отырғанын да аңғаруымызға болады.
Есенейдің кең бейіл отырғанын сезінген жұрт осылай қысқа - қысқа аңғартып, ризалық білдірді. Есенейдің өз інісі жалғыз Еменалы ғана жанжал шығарды:
- Қысқы үй деген қара түтінді салып аламыз ба, салмаймыз ба, ол әркімнің өз еркі ғой, маған оның керегі жоқ. Айға - бабамыз киіз үйде өлген...
- Саласың! - деді Есеней қысқа ғана. - Салмасаң өкпелеме, өзің өкінесің.
- Үй салсам Елтінжалға салам. Ол менің қорығым, менің жерім.
- Елтінжал - Елеман аулы мен Андарбай - Отарбайға берілді дедім ғой!
- Елтінжалды түрікпенге бергенше өртеп жіберсем болмай ма!
- Жоғал! - деді Есеней ақырып, - Сенің қырсығыңнан Сибанның қақ жартысы анда - мында қашып көшіп кетті. Жоғал!
Міне, ағасы мен інісінің арасындағы келіспеушіліктен Есеней қалшылдап, дірілдеп кетті. Аяқ - қолы түгел дірілдеп әрең басылды.
Бірде Шынар ұл босанып, шаңырақтары қуанышқа бөленіп, шілдехана жасағанда Еменалы келіп ағасына қорлық жасап кетеді.
Қыздар әнді енді көтере бергенде төрдегі терезенің ең жоғарғы шынысы салдыр - гүлдір сынып түсті де, қақ сойылдың шоқиар басы төрде отырған Есенейдің жауырын ортадан нұқып қалды.
- Әкеңнің көрін... түрікпен! — деді сырттан салған Еменалының айқайы. - Маған ағаш кестірмейтін сен кімсің осы? Мынаны көремісің? Төбеңде ойнайтын болады! - Сойылдың шоқпар басын екі жағына кезек -кезек үйіріп қойды.
Еңсесі төмен қарай солқ ете түскен Есеней: "Өлтірді-ау, ит!" -деп қалды.
Қасында отырған Ұлпан атып тұрып, сойылды ұстай алып, бар күшімен жұлқып қалып еді, Еменалы айырылып қалды.
- Жоғал, көргенсіз сотқар! - деді Ұлпан.
Сол сияқты Еменалы ағасына қастандық жасамақшы болып, тал түсте он жігіт ертіп әкеліп, биік өскен ақ қайыңдарды қамшысымен нұсқап:
- Бірін қалдырмай қырыңдар. - деді де үйіне қайтты.
Осыны көрген Мүсіреп былай дейді:
- Ау, жігіттер, бұларың не? Құдайдан қорықсаңдаршы! Отын керек болса осындай ағашты кесеме екен?
Жігіттер жөнін айтты.
- Біз емес құдайдан қорықпай жүрген... Еменалы ағаңыз... Ағаш үй салдырмақшы.
Ағасы өлген көл «Бай өлген көл» деп аталып кетеді. Еменалы осы көлдің жағасына қоныстанып, ағасына ас бермекші болады. Сонда Ұлпан мен Еменалы сөйлеседі.
- Оңаша қалғанымыз жақсы болды, - деді Ұлпан төрге шығып отыра беріп. - Мен сендерге қоныс қайырлы болсын деп айтуға келгенім жоқ, көшіріп әкетуге келдім. Сибан көшінен бір адам бұрылып келді ме, сендерге? Сибан сені Есенейдің алдында айыпты деп санайды. Сен Есенейдің өліміне де ортақсың. Есенейге ең соңғы тиген қара шоқпар сенікі болатын. Содан кейін Есеней бір күн төсектен тұра алды ма? Тұра алған жоқ. Енді сен сол Есенейдің қатыны Үлпанға әмеңгер болып Есенейдің төсегіне жатқың келетін көрінеді. Жасың алпыстан асты. Есің болса, енді Есенейдің төсегіне ешкім жақындамасын ден ағаңның аруағын қорғай жүрер едің-ау! Оны ойлаудың орнына озің жатқың келіпті. Ұялсаңшы! Есенейдің жалғыз мұрагері менмін деп дауласқалы отыр екенсің. Өзіңе керегі мал ма? Қанша керек өзіңе? Күні ертең үш балаңды ертіп кел де қанша мал керек болса, соншасын айдап жүре бер. Маған мал керек жоғын нағып түсінбейсің жүрсің? Биыл Есенейге мен ас беремін депсің. Беріп көрші, бір Сибан қатынасар ма екен! Сонда қандай масқараға ұшырайтыныңды білемісің! Есенейдің асын биыл өз үйі берді. Келер жылы сен бер. Ашпа аузыңды, жықтыр үйіңді! Көш жайлауға!
Бұдан кейін Еменалы үй ішімен көшіп кетті. Еменалының үш баласы да өзі сияқты сотқар, арампаз.
Кейіннен романның аяқ жағында Еменалының молда болып, таспиғын тырсылдатып отырғанын көреміз.
Ғабит Мүсірепов Еменалының әйелі − Айтолқынды былай суреттейді: Шымылдық алдында қос- қабат барқыт қамзолдың сыртынан көк жібек тысты пұшпақ ішік киген Айтолқын — Еменалының әйелі, бойы шарғылау, бөктеріншектілеу болған соң, бүгін жаулығын биігірек етіп салыпты.
Сонымен қатар Айтолқынның қандай екенін Ұлпанның ойы арқылы берілген. Мысалы;
Мынау жаулығы қақырайған Еменалының әйелі болар... қандай кержалқау екен? Табақтай бетінен сорғалаған тер жаулықтың алқымын қап - қара қылып жібергені сонша, сақалы бар ма деп қалғандай екенсің.
Айтолқын өзін бәрінен жоғары ұстайды, сондай-ақ көкіректеу. Барша адамды сынағанды ұнатады.
Айтолқын да Ұлпаннан көзін айыра алмай тұр. Қызық киіне береді екен-ау!.. басына ақ жібек шаршыны шәліге ұсатып жамыла салыпты да, үстінен сәукеле киіпті. Алқымы ашық... мойным әдемі, еркектерге көрініп тұрсын дегені ме?.. Көтек!.. Қына сары жібек көйлекке қызыл жібектен бүрме жаға салыпты. Жетпей қалған ғой! Үстіне жана -жалғыз қара көк барқыт қамзол... басқа несі бар дейсің, тәңірі. Бар болса киер еді ғой. Бір қос жылқы беріп алған сұлуымыз осы ма? Беті менің бетімнен ақ бола алмас. Үш ұл, екі қыз тапқаннан кейін көрерміз әлі, әуелі сол бес баланы тауып көрсін!.. ту сыртыңнан өтіп бара жатқан көзі қандай жаман еді! Жынды Мүсіреп несін мақтап жүрген?.. Аяғындағы кестелі етік қызыл шұбар болмай, көк шұбар болса, қандай жарасымды болар еді. Аш - арықтың қызы Шынар да соның біреуін киіп алыпты. Кедейдің кербезінен сақта деген осы-ау!..
Торсанға келер болсақ, ол Біжікеннің күйеуі, яғни Ұлпанның куйеу жігіті. Романда ол былай суреттеледі:
Қазақ денелі, кавказ көзді жас жігіт Торсан Ұлпан үйіне көптен бері дәмдес болып келе жатқан. Әкесі Тілеміс қайтыс болғалы Ұлпанның алыс базарларға жұмсап отыратыны осы Торсан еді. Ол Сипап қаласында орысша бастауыш мектеп бітірген, өзге замандастарынан өресі биік, білгір де ұтымды, ойын-сауықта жұмысы жоқ, іскер жігіт. Ірбіт, Тобыл, Қызылжар базарларына барғанда ылғи бір түсі - түгі келісімді бұйымдар әкеледі. Торсан алдамайтын, алданбайтын, адалдығына кір жұқтырмайтын адам болатын.
Торсан үй ішілік жайларда өте жұмсақ. Күнделікті шайды үшеуі ішетін. Сонда кешкі тамақтарына да Торсан Ұлпанның етін турап беріп: - Ішіңіз апа!.. Жеңіз апа!.. - дейді.
Біраздан кейін Ұлпан Есенейден қалған бар мал-мүлікті қызы -Біжікенге, күйеу жігіті — Торсанға және Еменалыға бермек болады. осы кезде Торсан:
- Апа, сіз, алып үйренбеген, беріп үйренген адамсыз... Біреу ат сұрап, біреу сауын сұрап келсе, балалардан сұра деп отыратын боласыз ба? Жоқ, апа, қақ жартысын бізге бергеніңізбен, бәрібір, бәрінің иесі сіз... Қағаз деген не тәңірі, әшейін айбар ғой...
Осындай іс-әрекетінен Ұлпан Торсан ана сыйлай білетін жігіт екен. Білімді де ақ көңіл адам болар. Байлыққа қызықпау деген екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлайтын.
Кейінен Біжікен дүниеден өтіп бара жатқанда шешесіне айтқан сыры мынау болды:
- Торсан бұзық адам екен... енді менің денеме... соның қолын... тигізе көрме, апа!
Біраз уақыттардан кейін Торсан Жәуке деген қызға үйленеді. Сонымен қатар Ұлпанның рұқсатынсыз Қаршығалыдағы бар жылқыларды Шәйгөз –
Уақ жеріне қарай аударып әкетеді. Міне, осы тұстарынан Торсанның шынайы мінезі ашылған.
Ұлпан өмірінің трагедиямен аяқталуы да заңды. Беймезгіл заманның қым-қуыт пәлеқор саясаты. Ұлпан үйіне Торсан болып кіреді де, оның байлығын да, беделін де өзіне пайдаланып, жалғыз әйелді шетқақпай жасайды. Біжікен өлімі оны тездете түседі. Сөйтіп қоғам мен адамның арасындағы қайшылықты күй кейіпкердің өлімімен бітіді. Әділетсіздік билеген феодалдық орталық шешімі басқаша болуы да мүмкін емес еді.
Ұлпан әулие атанған адам. Оның әулиелігін көрсететін романның «Сөз соңында» былай берілген:
- Ұлпан әулие адам болмаса айтқаны келер ме еді? Өмірінде Торсанды «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін!» деп қарғаған екен сол қарғысы келмеді ме? Бәріңде көрдіңдер.
Торсанның шаңырағы бір күннің ішінде құрып бітті ғой! Әуелі Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің бір ауыр зұлымдылығынан өзін-өзі пышақтан жарылып өлді. Содан кейін 1920 жылы Торсан өзі өліп еді, балалары бір күннің ішінде быт-шыт болып тарап кетті: екеуі – қайнына, біреуі – туысқан еліне. Торсан шаңырағы құлап, қыстауы аңырап қалды. Аяқтап келгенде бір кезде болыс болған, мырза атанған Торсан балалары қайыршылыққа ұшырап барып құрыды.Торсанның бейітіне ешкім келіп құран оқымайды екен. Бұл енді қорлаудың үлкені. Бейітінде тым болмаса бір шыбық шанышқан белгі де жоқ, бет тақтайлары көрініп опырылып жатыр. Балалары әкесін көмген күні, ұмытып та болған. Осының бәрі ел Сибан Ұлпанның қарғысынан деп есептейді. [6, 257].
Ғабит Мүсірепов бұл романдағы әрбір кейіпкердің өзіне тән болмысын, сыр-сипатын, сырт суретін, мінезін жан-жақты аша білген. Кейіпкерлердің сырт суретін, мінезін ашуда монологты, диалогты қолданғанын көреміз. Осы орайда «Ұлпан» романында Ғ. Мүсірепов шығарма құрылымын, бейнелер жүйесін, кейде тіпті сюжзеттік композициялық желіні де әдейі қиындататын,
күрделендіріп отыратын сияқты. Мәселен, шығарманың өң бойында бір-бірімен жұптасып, қосарланып отыратын егіз бейнелер бар. Ұлпан мен Шынар, екі Мүсіреп, Есеней мен Артықбай, Тілеміс пен Торсан, тіпті екі жас жігіт Кенжетай мен Мұстапа, екі әнші қыз Кәукәр мен Бикенге дейін осындай.
Кейде автор екі жұп бейнені контраст ретінде де алуы мүмкін. Айталық, алғашқы тарауларда ғана көрінетін аңшы Мүсіреп «түрікпен» Мүсірептің жақсы қасиеттерін салыстыра көрсететін немесе Есенейдің сыншыл, талапшыл, қатал табиғатын нақтырақ танытатын алаң ретінде алынды. Ал енді көп-көп жақсы мінездері де, тағдырлары да өте ұқсас Ұлпан мен Шынар ше? Сөз жоқ, бұл – бейнелерді даралауда, көркемдік құралдарын әркімге шақтап бөле пайдаланған.
Романда Ғ. Мүсірепов суреттеудің мынандай түрін қолданған.
«Кәукер – Бикен
Мұстапа – Кенжетай
Кенжетай – Бикен
Мұстапа – Кәукар
- Тойларың тойға ұлассын! – Ұлпан» [11, 431].
Бұл – екінші бөлімнің он бірінші тарауы. Бүкіл тараудағы айтылатын оқиға – осы. Сәл төменіректе бұған мынандай сілтеме беріледі:
«Дүниедегі ең қысқа әңгіме Индия топырағында туыпты. Не бары мынау ғана: «Екі жолбарыс, бір адам. Бір жолбарыс, бір адам. Бір жолбарыс»
- Түсінікті емес пе?
Осыған еліктеп бір тарау әңгімені мен де қысқа жаздым. Түсініксіз болып шықса, ол менің олақтығым» - дейді.
Ал енді Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» деп аталатын мемуарлық еңбектің I томымен салыстыратын болсақ, бұл романда Ұлпанды басқаша суреттеген. «Жаман шұбар» деп аталатын 5-тарауында былай суреттелген:
Есеней елу тоғызға шығар жылы, бір байдың Ұлпан атты жас қызына зорлықпен үйленеді. Намысы тапталған қыз, Есенейдің ордасын ойран етуді алдына мақсат қып қояды. Бұл мақсатына Ұлпан жетеді.
Ұлпан Біжікен атты жалғыз қыз туады. Қыз бойжеткен соң, Есенейдің ордасын бүлдіру, шаңырағын, мал-мүлкін жатқа иелендіру мақсатымен жас жігіт - Торсанды Ұлпан Біжікенге телиді.
Торсан аса көркем, пысық жэне орысша білетін жас жігіт боп өседі. Біжікен оған қызығады. Торсанның әкесі Тілеміс те, Біжікеннің шешесі Ұлпан да, екі жастың қосылуына тілеулес. Бірақ, олар, бұны Есенейге батып айта алмайды. Есеней кешікпей өледі. Ұлпан жұртқа айтпастан, қызын Торсанға қосады да, Есенейдің мал-мүлкіне ие қып үкімет орындарына бекіттіреді. Бұны білген Есенейдің руы қарсы жасамақ болады. Бірақ, кеш. Үкіметке сүйенген, заңды білетін Торсан, надан дұшпандарын бет қаратпайды.
Қорытынды.
Ғ.Мүсірепов − қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге бар күш-жігерін салған көркем сөздің асқан шебері. Оның ұшқыр қаламынан туған туындыларының қай-қайсысын алып қарасақ та идеялық мазмұнға толы, жазылу шеберлігі көз тартарлық әдемі де, мінсіз шығармалар ретінде танылып отырады. Ғабит жасаған көркем дүние, сөз жоқ, қазақ халқының тозбас рухани азығына айналды. Тіпті келшекті болжамай-ақ, қазір ғұмыр сүріп жатқан ұрпақтар көкірегінде жарқын талант иесінің салған ізі, қалдырған әсері бар. Ол − әсемдік әлемі, әдемілік ізі. Сонымен қатар Ғ.Мүсіреповті табиғи талғамы, талант мадениеті жоғары қаламгер деп бағалаймыз.
Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан" атты романын оқығанда, тарихи шындықты әдебиет бетінде бейнелей отырып, жазушы қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметін, оның феодалдық-патриархалдық ортадағы күресін нақты характерге сүйене, нанымды етіп суреттейді. Халық сүйіспеншілігіне бөленіп, ел анасы атанған күрескер қазақ әйелінің бейнесін кесек те, ірі образ дәрежесіне көтереді.
Осы күнге дейінгі кей халықтардың ұғымында қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі жайлы теріс түсініктер де жоқ емес еді. Бұл тақырыптағы ғылыми және көркем әдебиет қазақ әйелін қоғамның ешқашан теңдікке ие болып көрмеген, езгідегі мүшесі есебінде түсіндіріп келеді. Әйел заты болғаннан кейін тек қана ошақ қасында ғана қалу керек деген түсінік бұрыннан қалыптасқан. Ал біздің осы "Ұлпан" романын оқи отырып ұғатынымыз, әйел заты барлық биіктерден, яғни соның ішіндегі қоғамдық сатылардан көрінгеніне таңданамыз да қуанамыз. Қазақ қыздарының қалың топ алдында қасқая тұрып сөз сөйлегенін, билік айтқанын да, айтысқа түскенін немесе олардың қиын-қыстау кезеңде жауынгерлік жорық үстінде еркектермен бірдей ерлік көрсете білгенін анықтайтын дәлелдер тарихта көптеп кездеседі. Сондай-ақ қазақ аналарының жеке адамның ғана еиес,
сонымен бірге көптің анасы болғанын, өзінің жақсы қылық-әрекеттерімен елге жағып, халық анасы болрлық күйге жеткені өмірде жиі кездеседі. Қазақ даласында әйел атымен аталған жерлер (Ай, Таңсық, Айша-бибі, Болған ана, Баршы-кент, Баянауыл), аттарымен тараған рулар да (енең, қыздай т.б.) көп болған. Ұлпан аты құрметтеліп, көлді, станцияны Ұлпан атымен атаған. Мысалы, Ақ көңіл ел Ұлпан ызалығын ұмытқысы келмей, кіші Шалқарды бұдан бұлай "Ұлпан көлі" деп атайды. Елге қайтар алдында Ұлпан: Қайтып көрем бе, жоқ па, өзімнің көліме тағы бір түсіп қайтайыншы деп көп әйелдермен барып шомылып қайтты. Ер әйелдерінің ойында бұл да орнығып қалды.
Ұлпанмен қоштасарда нағашы жұрты:
− Ұлпан қарағым, мынау сенің көлің. "Ұлпан көл" деп атаса, осыдан жиырма жыл кейін, жиырмасыншы ғасырдың басында Орынбор- Ташкент темір жолы салынып, дәл сол "Ұлпан көлінің" басындағы темір жол станциясын "Ұлпан" деп атайды. Оның аты "Ұлпан" боларын әрине өзі де білген жоқ.
Ұлпан қазақтың әйелдер арасындағы бір туар ақылды да, дана да, тамаша адам. Ұлпан ел анасы болып, халықтың жағдайын аса бір ұқыптылықпен жайғастырған. Көшпелі қазақ ауылын отырықшылыққа үйреткен Ұлпан болтын. Ұлпан өмірде болған ел анасы бәріне қамқор болған ардақты ана. Өткен ғасырда көшпелі қазақ ауылында жасаған қарапайым әйел ақырында елге қамқор, ел анасы дәрежесіне көтерілді. Бір өзінің ғана емес, біршама әйелдердің бас бостандығын, тәуелсіздігін, еркіндігін арман етеді. Өз қолынан келгенше сол жолға бар күш-жігерін, өмірін арнайды. Сибан елінің бәрі аса құрметпен бас иіп, Есенейді адам еткен осы Ұлпан еді деп қадірлеген. Ауыл қариялары, ақсақалдары кейінгі ұрпаққа ерекше бір мақтанышпен Ұлпанның жомарттығын айтып көксеп отырған.
Қайраткер тұлға, әдебиетке іңкәр қазақ қыздарының бірі − Шәмша Беркімбаева:
«Ақын орны - қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе, биікте көп», - деген екен Ғабеңнің өзі. Қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, сөз зергері – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов - өзі айтқандай, қарымды қаламының қуатымен халық тудырған алыптармен қатар тұрар асқар биікке көтерілген, елінің шынайы құрметі мен шықтай таза махаббатына бөленген суреткер» [16].
Роман оқиғалары бірінен кейін бірі өріле отырып, қызықты да қайғылы оқиғаға толы. Ғ.Мүсірепов тек Ұлпан өмірін суреттеп қана қоймай, сол кездегі елдер басындағы оқиғалар мен жайларды қатар суреттеп көрсетті.
Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан романы» оқушы жұртшылықтың көңілін қатты елеңдетіп отырған елеулі құбылыс екені даусыз. Романда жақсылық пен жамандық проблемасы, қайғы мен қуаныш проблемасы, сонымен бірге адам өміріндегі толып жатқан оқиғалар мен тарихқа толы халық өміріндегі бейнелер молынан суреттелген. Бұл роман дәстүрлерінің жойылар алдындағы қазақ өмірі десек те болады.
Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов қазақ халқының әйелдер бейнесін жан-жақты бейнелеген жазушы. Кез-келген туындысын алып қарасақ та, мейлі ол әңгіме болсын, мейлі ол роман болсын, мейлі ол пъесасы болсын, әр қайсысының өзіндік тәлім- тәрбиелік мәні өте зор. Қай туындысын оқысақ та, адамзат баласы өзінің тұла бойына тек ізгі, игі қасиеттерді сіңіреді. Зейнолла Қабдоловтың айтуынша, біз Ғабит Мүсіреповті мақтамауымыз керек, біз Ғабит Мүсіреповпен мақтануымыз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Мүсірепов Ғ. Ана. Алматы: 1934ж
-
Бекбергенов М. Ғабит Мүсіреповтің прозасы. Алматы: Рауан, 1990ж.
-
Мүсірепов Ғ. Қазақ әйелі. Алматы: Жалын 1982ж. Ғылыми түсініктерді жазған филология ғылымының докторы. Әділхамит Нарымбетов.
-
Нарымбетов А. Ардақтаған аруларды, ананы [ Ғ. Мүсіреповтің туғанына – 90жыл]. // Алматы ақшамы – 1992ж – 18 наурыз – 19 наурыз.
-
Нарымбетов Ә. Қазақ әйелін бейнелеудің шебер мүсіншісі. [Социалистік Еңбек Ер, академик-жазушы Ғ.М. – 80 жаста] // Қазақстан әйелдері №3, 1982ж.
-
Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Алматы: Атамұра, 2003ж.
-
Ысмағұлов Ж. Ғабит Мүсірепов туралы тоғыз толғам. Алматы: Қазақстан, 2002ж.
-
Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Повесть пен әңгімелер. Алматы: 1975ж.
-
Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана тілі 1997ж.
-
Қабдалов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2007ж.
-
Мүсірепов Ғ. Таңдамалы шығармалар. ІІІ том, Алматы: 1980ж.
-
Ысмағұлов Ж. Егіз толғам [Ғ. Мүсірепов – 100ж] // Егемен Қазақстан 2002ж 17 мамыр
-
Жұмабеков С. Ғабит Мүсірепов. Алматы: Мектеп, 1989ж.
-
Есқали Ө. Прототип // Егемен Қазақстан -2008ж -30 сәуір -8б.
-
Кәкішұлы Т. Бойына сіңбеген тақырыпқа жарамаспайды. Жас Алаш 2002, 21 наурыз.
-
Беркімбаева Ш. Ғабеңнің сөзі қай ғасырда да өзекті әрі өтімді // Қазақ әдебиеті, 2002, №22
-
Бәкенов С. Ер еңсесі //Егемен Қазақстан- 1997ж 22 қаңтар
-
Танабаев Ө. Сегіз сері Бахрамұлы шығаралары. Шымкент, 1999ж
-
Дәдебаев Ш. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1992ж, №7
-
Бекбергенов М. Сөз зергері. Алматы: Жазушы, 1964ж
-
Мұқанов С. Өмір мектебі. Алматы: Жалын, 1977ж
-
Әдібаев Х. Талант, талғам, тағдыр. Алматы: Жазушы, 1971ж
-
Нұрғалиев Р. Телағыс. Алматы: Жазушы, 1989ж
-
Дәдебаев Ш. Ұлпан. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1992ж. №7
Достарыңызбен бөлісу: |