Диссертация Ғылыми жетекші филол. ғыл док., проф. Мәдібаева Қ.Қ


ХІХ ғасырдағы дара шығармашылық тұлғалар мұрасындағы діни арқау



бет14/35
Дата04.09.2024
өлшемі353.34 Kb.
#503363
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   35
sejsenbieva-eh-s-povtor-phd-s-sp

ХІХ ғасырдағы дара шығармашылық тұлғалар мұрасындағы діни арқау

ХІХ ғасыр ақындарының қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі бастауын арғы замандардағы мұсылмандық, түркілік негіздерден алатын адам баласының тіршілік мұраты, ізгілік, кісілік ұстанымдары аясындағы ғұмыр ғибраты; адамның балалық, жастық, есею, марқаю, қартаю кезеңдерінің қызық-қызуы, қымбат қимасы, кәріліктің сөніп бара жатқан әлсіз сәулесі болды адамның Алла алдындағы парызы ауқымында тоқтамдар айтылған толғауларда мазмұн ашты.
Кәрілік пен жастықтың ымыраға келмес, түбегейлі кетіскен қайшылықты қалыбы орта ғасыр поэзиясында озық шендестіру үлгілерінде ашылып, айтылған еді.
Оқтай түзу, қайыңдай тік едім мен,
Садақтай боп иілдім де егілдім («Құтты білік»).
Жас шама жайлы дәстүрлі толғамдар ХІХ ғасыр поэзиясының құнарлы бір бағыты болып саналады. Дүниенің өтпелілігін, аз күнгі қызықтың алдамшы екендігін дін уағызы, ғибрат, өнеге өлең үлгілері арқылы жеткізген бұл шығармалар әдебиет тарихындағы өзектес, желілес, сабақтас сарындарда өріс жайып отырды.
Шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі бір буында тағы бір ақынның қайталап, тың дастан туғызатын дәстүрі, бір тақырыпты бірнеше ақын жырлап өзара шабыт сынасуы, жырмен жарысуы, яғни назирагөйлік салты ғасырлар бойы өмір сүріп келгенін, ал назирамен жазылған шығармалар аударма да емес, еліктеу де емес, нағыз қолтума, тың туынды екенін Е.Э. Бертельс пен М.О. Әуезов айтқан [15].
Жүсіп Баласағұн жастық шақ пен кәріліктің, ғұмырдың таусылар сәтін Хақ алдындағы тілекпен айтады. Бұл мәндес мазмұн ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясындағы дара ақындар шығармашылығында қайта өріс ашып, өркен жаюының түп себебі осы дәуірдегі мақсатты түрде қайта жанданған мұсылмандық ағартушылықтың ықпалында жаңғырған болатын.
Ислам діні, ондағы тағдыр концепциясының көркем әдебиеттегі бір көрінісі жас шама, өмір мен өлім іліктестігі баяндалған туындыларда мазмұн түзді.
ХІХ ғасырдың, жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы ақындық өнер иесі Әбубәкір Кердерінің халыққа дін сөзімен жақындау мақсұты, негізінен, сол тұстағы шығармашылық тұлғалардың барлығына дерлік тән, ортақ ерекшелік болғандығын айқындай түсетін бір дерек есебінде де мәнді көрінеді.
«Ол өзі аңдаған мәселені бұқараға айта берді, жаза берді. Халық ұйыған дін жоралғысымен түсіндіруі, қара сөзбен айтты, назым сөзбен де жырлады, өйткені оның идеясы осы болатын. Сондықтан да Әбубәкір:
Кемелденген халықпыз,
Құдай деп бір Құранға.
Жүрісіміз ұқсайды,
Арқада киік құланға.
Қазақ, естек, ноғай залым.
Баршасы бірдей кіреді.
Мұсылман деген ұранға,
Жахан сарай тарылып,
Жеріміз кірді аралға
Жер тарылып су кетсе,
Заманымыз жарандар
Қалмаған-ды күманға, -деп болжам айтты [16].
Бұл мәндес өлең-жырлар, ХІХ ғасыр ақындарының діни- ағартушылық бағыттағы мол мұрасы, поэтикалық дәстүр өнегесі жеке тұлға шығармашылығындағы түбегейлі сарындардың түп-төркінімен сабақтасып жатқан аса ықпалды әдеби үдеріс түзген болатын.
Құлтума ақын былай деп айтыпты: «Шіркінде иманы жоқ өң болмайды». Соншалықты дөп айтылған, ауыр айтылған, үкімге бергісіз отты, ойлы тоқтам халық қастерлеп, сөзіне ұйыған ақындық өнердің әр тұлғасы осы негізде шығармашылық өріске шыққан сияқты.
Құлтума ақын енді бірде былай десе, ол да шынайы өнер рухын сіңірген әрбір ақындық тұлғаның ар тоқтамы.
Жаман туыс – бір масыл,
Арқалаған құммен тең.
Жақсылығың істеген
Елекке құйған сумен тең [16,б. 95].
Құлтума Самұратұлы (1840-1915) ежелгі, дәстүрлі желі, ғұмыр жас кездері, қайтусыз уақыт туралы былай деп толғайды:
Сол күнде мал іздедім, дүние қуып,
Тоқтадым жігіттіктен көңлім суып.
Жігіттер, тәубеге кел, қанағат тұт,
Өзге өтірік болса да, өлім жуық.

Болса да өзге өтірік, өлім рас,


Бұрынғы өткендерден қалған мирас.
Ғаламның он сегіз мың бәрі өзгеріп,
Бұл дүние болар бір күн жым-жылас [16,б. 97].
Тәуба, өзгермелі дүние, қанағат, өлімнің хақ екендігі айтылып, ғұмыр өткелдеріндегі кісі көтеретін жүк туралы тоқтамдар жасауда Құлтума дәстүрлі желінің жаңа, қайталанбас соқпақтарын салуға ынтығады.
Құлтума өлеңдерінде тұнып тұрған иман сөзі, оның ХІХ ғасырда кең етек жайып, өріс ашқан мұсылмандық-ағартушылық мұраттармен сабақтастығы туралы нақтылы мәнде ой қозғауда ақын мұрасының әлі қорытынды сөз күтіп жатқанын көреміз. «Билер жөнінде» атты өлеңінде ақын харам іске былғанған билерге ескерту айтады. Момынның малын жеу – исламда ауыр күнә. О дүниеде жауап берер, жүзі қара етер істен сақ бол дейді.
«Өмір туралы» толғауында дүниенің өтетіні, тәубенің жайы тағы қорытылады.
Елуде қол тапсырдым кәміл – пірге,
Болсын деп бір шапағат күнәмізге.
Күнәм көп, сауабым аз мен бір пақыр,
Қанағат айт деп қақсар қайран тілге.
...Өтерсің бұл дүниеден бай мен манап
Бес күндік қу жалғанға біз бір қонақ.
Дүние өз бергенін өзі ап қалар.
Шығарда жан тәсілім, жаудай тонап.
...Жалғанның жолдас еттік несін біліп
Бір жан жоқ тәубе қылған есін біліп [16,б. 105].
ХІХ ғасырдағы жыр дүлдүлінің бірі Қашаған Күржіманұлы – қазақ әдебиетінің тарихындағы үні заманаларға жалғасатын айтулы шығармашылық тұлға. Оның өлең, толғауларында өз дәуірінің өлмес күй сөз болды. Ақын адам баласының бір ауыр кеселі, сараңдық туралы Құран Кәрімде айыпталатын сараңның қайталанбас образын ашып, тұңғиықта бұққан мешеулік сырын ашып айтты. Мал десе өлуге бар, қызығын өзгеге де қимай, өзі де көрмей салпылдап күн кешетін, көже ішіп күн көретін қарау сараңның кейпін соншалықты кемсітіп суреттеп көрсету ХІХ ғасыр әдебиетінде кездесе беретін шеберлік тәсіл демес едік. «Оразалы байға айтқаны» өлеңі қанмен біткен сараңдыққа үкім айтқандай. Баяғы Һарун байдың, жерге кіріп кеткенше сараңдығын жеңе алмаған Һарунның қазақ ішіндегі туысы. Адамзат тарихындағы тап басып танымау мүмкін емес типтік әдеби образдардың сараңдық категориясы бітеқайнастырған бір тұқымы.
Оразалы тозған тоқпақ жастанып жатып көз шырымын алады. Қырық шоқпақ жамау жабуы – төсеніш.
«Байларға» өлеңінде ауқаттылардың арғы, түпбейнесіне ауыр әжуа бар.
Қашаған ақынның «Аралбайдың жұбатуы» атты көңіл-қос өлеңі өмірдің тоқтамы жайлы тоқтаусыз төгіп айтқан тапқыр сөз.
«Замана халі» өлеңінде замана аясындағы бағдарын бұзған адам, діннен безгендер, алысып, арпалысып, бітісе алмай бітіп жүрген ағайын, ибадан ада жас буын, көптің харамнан нәпақа табуға ынтық көр көңілі зор қауіппен термеленген. Ақын аумалы-төкпелі заман халін күн орнынан ауып кеткендей сұмдықпен астастырады. Ақын өз тұсындағы адам мінезінің осалдығына көндіге алмай шерленеді. Айтыс өлеңге де қайталанбас қолтаңба салған Қашаған ақын Нұрым ақынмен дін жұмбағын жасырып айтысқан екен. «Дүниенің басы неден жаралған» деген қарсыласының сұрағына қалжың қосып қойып, көсіліп жауап берген. Танымдық, тапқыштық, тағылымдық өрісі кең.
Қашаған астамшылық атты кеселдің зауалға кезікпей кетпесін айтуында арғыдан келе жатқан дін уағызынан құнар құяды.
Шөже деген бір торғай,
Ұясында жатқанда.
Көкті тіреп жатам деп,
Аяғын жатар көсіліп,
Қарға құсқа жолықса
Төрт бөлініп төс еті
Қанаты қалар кесіліп [17].
Астарлы шығарма. «Адай тегі» аңыз-хикаясында ақын дін тарихындағы ғайыптан жаралу желісіне ден қояды. Имандылық, ізгілік, Алланың құдіреті, мұсылмандық парыз туралы ой төгеді. «Топан» дастанындағы құтырған құрт, азған адам, ысырап, бұзық ниет – адам баласының қашанғы жан жегісі, рухани кесапаты. Ауызша таралып, ауызша сақталған әдебиеттің бір пәрменді күші дін үгіті, кісілік дағдыларын сіңіру өнегесі, жан сақтау, жан байыту жан дамытудағы имандылық негіздері, Хақ жолын, хадис тағылымын дәріптеу бағытында өрістеген басым сипаттарында болды [18].
«Есқали сұпыға айтқаны» шығармасын да дін тағылымы, дін ақиқаты.
Шарғы жолы ұстаған сұпы болсаң,
Мейман жайлы көрмеп пе ең Бақырғандай.
Тәубам көп деп мақтансаң,
Барсисаны да құдай қарғаған,
Азғырып шайтан алдаған.
Бізді күнәсі көп деп боқтасаң,
Жүз кісіні өлтірген,
Жасына қаза келтірген,
Насуханы да құдай оңдаған [17,б. 260].
Домбыраны мінеген, қу тақтай деп сөккен Есқали сұпыға Қашаған дүние дін тарихынан тірек қойып сөйлейді.
Пайғамбарлар туғанда,
Бесік болған бұл ағаш.
Ибраһим Қағба салғанда,
Есік болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде,
Мешіт болған бұл ағаш [17,б. 261].
Қашаған ислам тарихындағы дін астары, ислам шариғаты туралы кең тартып, кеңістік ашып, кең шолып төкті.
Бұрынғы өткен заманда,
Болған екен көп ұрыс
Көп ұрыстың кезінде
Жәбірейіл жәннеттен
Алып келген төрт қылыш.
...Қынабына солардың,
Қап та болған бұл ағаш
Домбыраны күнә десеңіз.
Жиын менен тойдікі.
Ішегін күнә десеңіз,
Жұмақтан келген қойдікі.
Пернесін күнә десеңіз,
Есебі ол – пәннің он екі.
Құлағын күнә десеңіз,
Хазреті Біләлдің
Құлағы екен деседі.
Тиегін күнә десеңіз,
Шиеленген сыр шертеді [17,б. 261-262].
Қолдарынан мал тайса, тоңқаңдап намаз оқи қалатын байлар бейнесіне қаратып айтылған ащы, астарлы ақыл сөзі қазірде де ғибратына ұйытады. Көп нәрсеге көкірек көзімен қараудың рахаты бұйырмаған пенделік кембағалдықтан арылуға тартады.
«Даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған, халықтың жан-жүрегін, арман-тілегін құмарпаздықпен, керемет өнерпаздықпен толқындата толғаған, «өнерден дәулет жинаған» азу тісі балғадай, тілі мірдің оғындай айтқыштардың айтулысы, «арлан бөрісі» Қашаған жырау еді», деп ғалым С.Негимов пайымдағандай, халықтың арман-тілегін, басынан өткен қиындығын айта отырып, қандай істе де Аллаға шүкіршілік етуді естен шығармай жырлаған [19].
Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласының маңында дүниеге келген. Ақын жастайынан жетімдіктің, жоқшылықтың тауқыметін тартып өскен. Ақын өз өлеңдерінде сол заманның надан, дін бұзар, дүмше молдалары мен сараң байларын аяусыз мысқылдап өлеңдеріне қосып айтты. «Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға», адамгершілік, ізгілік қасиеттерді ерекше дәріптеген, елдік пен ерлікті, халықтың мақсат-мұратын: «Ізім шайырмен айтысы», «Ізбасқа айтқаны», «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Қарасай-Қази» дастандарында халықтың көне шежіресі мен тарихын, халықтың басына түскен үлкен қайғы-қасірет әкелген табиғат апаты туралы айтқан.
ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары шығармашылығын зерттеуші ғалым Б.Омаров: «Оның «Топан» деген дастаны – асып-тасып, астамсу мен апатқа ұшыраудың ара қатынасын безбендеген шығарма. Топан суды қаптатқан бұл зауалдың себеп-салдары белгілі.
Қашағанның ақындық шешіміне ден қойсақ, «біреуді атадан, біреуді анадан, енді біреуді жалғыз қарадан айырған» топан судың басуы Алла тағаланың ескертпесі ғана» дегендей Қ.Күржіманұлы «Топан» атты дастанында табиғат апатын адамдардың жаман пиғылынан, Аллаға шүкіршілік, қанағат етпегеннен деп есептейді [20].
Бегім төре, нəніміз,
Сөзге құлақ салыңыз,
Айтқаныма менің наныңыз,
Тауқымет тартып тосыннан
Болмай отыр хəліміз [21].

  • деп дастанның басында халықтың басына түскен тауқыметін айтады.

Ақын одан кейін өткен тарихқа көз жүгіртіп, қазақтың бұрынғы батырлары мен хандарының өмірін баяндайды:
Жəне бір жайды айтайын:
…Ноғайлының елінде,
Үш қиянның жерінде,
Ұзын аққан Еділде,
Ақ Жайықтың кеңінде
Талай хандар шалқыған.
Басынан бақыт ауғанда,
Пошымы аумай ғаріптен,
Бұғалықты аттай бүгіліп,
Шалқыған хандар алқынған.
Дəреже тапқан ерлер бар
Саланың бойы салқыннан.
Менмендік тасқан шағында
Едіге ерді қорсынған
Тоқтамыс ханның елі де
Қапияда отқа шарпылған.
Бақыты баста тұрғанда
Кəпірдің жұрты қорықты
Орақ пен Мамай даңқынан [21].
الم نجعل الارض كفانا. احياء واموتا. وجعلنا فيها روسي شمخت واسقينكم ماء فراتا.انطلقوا الي ظل ذي ثلث شعب.
«Жер бетін Біз кең-байтақ қылып, тіршілік атаулының ғұмыр кешіп, өліммен кезігетін мекені етіп жаратпадық па? Берік те нық етіп асқар тауларды орнатып, кәусар таза суымен сендердің сусындарыңды қандырмадық па? Осы нығметтерді жалған дегендер ол күні қасірет шегеді» [22]. Құран Кәрімде Алла адамға табиғат тіршілігіндегі барлық өлі және тірі затты қажетіне пайдалану үшін жаратқанын айта келе, оны тек жақсы, игі істерге жұмсап, Аллаға шүкіршілік етуді ұмытпауды да ескертеді.
Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен, –
Бұл жетімдерге жем екен,
Жесірлерге кен екен,
Қасерлерге кең екен.
Шөбі малға май болар,
Аш-арыққа жəй болар,
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар –
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен [21].
Қашаған ақын дастанда қазақ жерінің көкорай шалғын, байтақтығын да Алланың берген сыйы деп, Аллаға күпіршілік етпей, тәубаға келуді айтады. Қашаған Күржіманұлы Аллаға шүкіршілік етпей, тәубаға келмеген хандардың басынан бағы тайғанын, айналасында болып жатқан келеңсіз жайларды былай деп жырлайды:
Алшы Ысмайыл, Қалусарыдан –
Бақыт бұлардан да арылған.
Басынан бақыт ауған күн
Патшалар да ауған тағынан,
Айырылған атақ-бағынан.
Мыңғырған малды байлардың
Қоңсысы кеткен жанынан.
Батырлар да өтті əруақты
Қанжығасы қанға малынған,
Бексауытын жамылған,
Дұшпаннан кегі алынған [21].
Ақын халықтың бақ-дәулетті өмір сүруінде Алланың бес парызын өтеп, құлшылық жасап, аузынан Алласын, қолынан тәспісін тастамай, барлық үлкен істерді ауылдың үлкен қарияларымен ақылдасып отырып атқарғанын айтады:
Аллаға жағып құлығы,
Ұрпақтары көп өскен.
Əруағы күнді жасқардай,
Абыройы асқардай, –
Не жақсымен теңескен.
Үлкен бір іске көшерде
Көшелі қарттай кеңескен.
Ғалымдары болыпты
Құраннан неше хат білген,
Көңілі танып Хақ білген,
Бір Алласын жад білген,
Жаңылмаған тəспі, тəкпірден [21].
Жерінің шүйгін, малға жайлы, халықтың жағдайының жақсы болуы Алланың берген сыйы деп түсіндіреді. Ақын «Бір Алласын жад білген», Алланы есінен шығармаған деген мағынада қолданып отыр. Ақын дастанда осындай мамыражай халықтың ішіне іріткі салып, оның азып-тозуына себепші болған құтырған құрт туралы сөз етеді.
Мынау бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық ханның елі толғанда,
Тай тулап талқан болғанда;
Үш қиянның жеріне
Ормамбет ханның елі тегіс қонғанда;
О да келіп бір күні
Бір құтырған құртқа жолықты.
Ормамбет хан сол күнде
Қайтерін білмей торықты.
Бүлдіруге көп елді
Сол құрт себеп болыпты [21].
Құтырған құртты жеген торғай – бүркіт – балық – халық. Ақын халықтың азғындап, Аллаға шүкіршілік етпей кетуінің басты себебін де осы құтырған құрттан болғанын, халықтың бұзылғанын, оның артының жақсылыққа апармайтынын меңзейді. Арша ағашқа келіп қонған бір бозторғай құтырған құртты қағып жеп, құтырып, шарықтап жүрген бүркітке шапқан екен. Бозторғайды жем қылған бүркіт қағынып желденеді. Шүйлігіп, жойқын суда жүзген нән балыққа түседі. Жан қармаған нән балық бүркітті жұтып құтылады. Енді балық құтырып суға сыймай сандалып, жағаға ұрынды. Қайырлаған балықты ел жейді. Құтырған елдер бірін-бірі жеп, көп халық сөйтіп азайған екен.
Арша деген ағашқа
Бір бозторғай келіп қоныпты.
Сол ағаштың бойынан
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырып торғай шырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды,
Көкке қарай зырлайды.
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке
Шапқан екен торғай тайсалмай.
Оқиға бұрын болған көп,
Ойласаң, шығар түрлі кеп.
Қара бүркіт құтырды,
Əлгі бозторғайды қағып жеп.
Құтырып бүркіт желденді,
Еділге қарай еңменді.
Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нəн балық –
Салған екен соған шеңгелді.
Нəн балық жанын қарманды,
Желігіп келген бүркітті
Жұтып салып жалманды.
Бір шəй ішім мұрсат болады,
Нəн балық та құтырып,
Суға сыймай сандалды.
Желігіп балық сандалып
Жағаға шықты қайырлап.
Қайырлап жатқан балықты
Су жағалап қыдырған
Көрген екен батыр Сайынжап.
Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырып,
Біреулерді біреу жеп
Азайған, сөйтіп, көп халық…[21].
Адам баласы имандылықтан кетіп, Алланың хақ жолынан тайып, күнәға бататын болса, ондай кесір-кеспаттың соңы ақырзаманға апаратынын Қашаған ақын дастанда құтырған құртпен сабақтастырады. Адам баласы қай уақытта, қай кезеңде болатынын болжай алмайтын ақырзаман туралы Құран Кәрімнің 77 «Мурсәләт» сүресінде айтылған.
واامرسلت عرفا. فالعصفت عصفا. والنشرت نشرا.فالفرقت فرقا.فالملقيت ذ كرا.
«Қайта-қайта жіберіліп жатқан аяттармен ант етемін! (Жалғанды жайпап өтетін орасан) дауылдай (жеңімпаз) аяттармен ант етемін! (Алланың әмірімен) бұлттарды (игілікке) айдаушы періштелердің атымен ант етемін! (Ақиқат пен жалғанды) ажыратушы періштелердің атымен ант етемін! (Алланың үндеуін) жеткізушілердің атымен ант етемін! [22,б. 1047-1048]. Құран Кәрімнің бұл аяттары Алла апаратын тура жол мен имансыздардың жасаған істерінің сұрауы бар екенін айтады.
Ақын әуел баста Жем мен Жайықтың зәмзәм судай тұнық, құтты жер екенін, сол киелі жерді сырттан келгендердің, орыс отарлаушыларының ылайлап жүргенін айтады.
Құдайдан, көптен қыңбады –
Көңілдің қара зынданы.
Бұл арадан мал тапқан
Бір шүкірлік қылмады [21].
Патша үкіметіне бағынған қазақтың ел басқарған билері қалаға барып ояздарға сый-құрметі мен парасын беріп отырды. Сонымен қатар, оларға еліктеп арақ ішіп, темекі тартуды үйреніп, халықтың жиған-терген малын түкке тұрғысызға шашты. Ел бұзылып, береке-бірлік кетті.
Қалаға келген билері
Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді,
Папиросы шегулі.
Рəсуа болып иен байлық,
Əкімдер болды жебірлі,
Ысырабына қылған шөлірді –
Кепиетінен қорықпай,
Қыйсапсыз дəулет төгілді.
Етпеді шүкір-қанағат,
Тап болмай қайтсін ғаламат?! [21].
Ақын жойқын табиғат апатының болуы ақырзаманның белгісі ретінде ой толғап, заманының азып-тозуын, алапат су тасқынының алуын халықтың пиғылының бұзылуынан, қанағатсыздықтан дейді. Осы тұрғыда ХІХ ғасырдағы ақындар шығармашылығын жан-жақты саралап, зерделеген М.Әуезов: «Баяғыдан құбылып, бұзылып келе жатқан заман, өзге заман емес, ақыр заман екен. Бұл арада дін ұғымы мен ескі қазақ көзқарасы бір араға қосылғандай болады», - деген [23].
«Алла» деген – артық бақ,
Бұрынғы өткен заманнан, [21].

  • деп ақын Қашаған Күржіманұлы заманының, адамның бұзылғанынан табиғаттың да өзгергенін айтады.

…Құтырынған бір құйын
Кетірді жаман ел күйін,
Қара дауыл соқты да,
Үй қирады бесінде.
«Келер, – деп – мұндай оқиға», –
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай,
Жұма-ақшамның кешінде.
Таудай биік сеңдерді
Бұлтпен бірге көшірді [21].
Ақын дастанда қасиетті жұма күні, намаз уақытысында топан су басқанын айтады.
Алланың хақ жолынан безінгендердің, ақиқатты жалған деушілерлердің қасіреті туралы «Мурсәләт» сүресінде былай дейді:
اءنما توعد ونلوقع.فاذا النجوم طمست.واذاالشماءفرجت.واذاالجبال نسفت.واذا الرسل اقثت.
«Шын мәнінде сендерге уәде етілген (Қиямет күні). Жұлдыздардың жарығы сөнген (күні). Аспан (күмбез) қақ жарылғанда. Таулар құлап, тозаңға айналып ұшқанда. (Алла) елшілеріне (үкімнің) дәл болатын күнін мәлімдегенде» [22,б. 1048-1049].
Құран Кәрімде көрсетілгендей, адам баласының есеп беретін күні болғанда, жақсылық пен жамандық ажырытылады.
Адамның алды жатқанда,
Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктеп келіп сең үйді,
Қызылды-жасыл су жүрді.
Сұрапылдың желі зулады,
Зілмəңкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай
Қол ұстасып жұрт шулады.
Садақа айтты сасқанда-ай,
Көкке суды шашқанда-ай,
Зілмəңкенің басынан
Мұз жапырып асқанда-ай.
Мылтықтың атқан оғынан
Бір де осал тимеді –
Құтылмады қашқандар
Екпінмен мұздар соққанда.
Кəршөндіктегі мастардың
Кеудесі кетіп, бас қалды,
Түкірігі жерге түспеген
Тəкаппарлар мұзды жастанды.
«Салих құлын бір Алла
От ішінде сақтар» деген сөз
Көнеден жеткен ақпар-ды.
Бітіне, бұзық көбейіп,
Хаққа қарсы іс қылғасын,
Қайсысын аман сақтар-ды?!
Ғаламат мұндай болғасын,
Тəңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім-жас қалды,
Талайлар мұзға тапталды [21].
«Салих құлын бір Алла От ішінде сақтар» деген сөз, көнеден жеткен ақпарды» деп, ақын Аллаға қарсы іс-әрекет жасаған халықтың бұрын да жазаланғанын айтып отыр. Қашаған Күржіманұлы «Топан» дастанында бүкіл бір ауылды жалмаған апаттың сырын, табиғаттың ғана күші емес, адамның өзіне-өзі жасаған жамандығы, Аллаға шүкіршілік, қанағат етпегеннен Алланың берген қатал жазасы деп түсіндіреді. Оны дастанның мына жолдарынан байқауға болады:
Тəкаппарлар да көп еді,
Төгілуге сірə дөп еді.
Парасат, парық жоқ еді,
Жетім елді панасыз
Бөрідей талап жеп еді.
Қазақтың дарқан жерінде
Қасиет бар демеді.

Ес бар деп елде білмеді,


Ерлерін көзге ілмеді.
Жазықсыз тартып қырсыққа,
Жəбірлеп текке тілдеді.

Құдайдан, көптен қыңбады –


Көңілдің қара зынданы.
Бұл арадан мал тапқан
Бір шүкірлік қылмады.
Жағынып жатқа жалбақтап
Жігіттің шықты мұндары.
Бетінің арын бес төгіп,
Кісінің қашты сындары.

...Өлмейтіндей көргенмен,


Ажалға адам жақын-ақ.
Өлерін адам білгесін,
Төсекке түнде кіргенде
Иманыңды айтпақ мақұл-ақ.
Алласы түспей аузына,
Сөйлемек жаман шатынап.
Тəубаға кел тірлікте,
Құдайға жылап аһылап.
Ақыреттің қайығын
Бір мінгесін ылаулап,
Келмегің қиын қатынап.
Ізіңді бағып шайтан жүр,
Қалт жібермей бақылап [21].
Қашаған Күржіманұлы дастанның бұл жерінде адам баласының бұл дүниеде жасаған әр бір ісінің ақ пен қарасын, ақиқатын дәлелдеп беретін, есеп беретін күннің барын ұмытпауды айтады. Топан су басып, елдің астан-кестенін шығарған, алапатты адам баласының қисапсыз дүние жиған қанағатсыздығынан дейді. Ақын бұл жерде беймәлім әрі мәлім адресатпен сөйлесіп отыр. «Диалог арқылы көркем дискурстың басқа түрлері сияқты автордың ниеті, мысалы, кейіпкер тұлғасы ашылады. Әдеби шығармаларда кейіпкерлік сөйлеу автордың мінезін ашудың бірден-бір жолы болуы мүмкін. Осылайша, кейіпкерлердің диалогы арқылы шығарманың мәні мен автордың ойын түсінуге болады. Қарым-қатынастың іске асуы ретінде диалогтың маңыздылығы айқын болады» [24].
Құран Кәрімнің «Мурсәләт» сүресінде пиығылы нашар, қанағатсыз адамның, Аллаға тәубе етпегені туралы былай дейді:
كلوا و تمثعوا قليلا انكم مجر مون. ويل يوميذ للمكذبين. واذا قيل لهم اركعوا لا يركعون.ويل يوميذ للمكذبين. فباي حدبديث بعده, يومنون.
«Әй кәпірлер! Фәни жалғанда ішіп-жеңдер, азғана уақыт болса да, рақаттаныңдар, өйткені сендер күнәкарсыңдар! – делінеді. Ақиқатты жалған дегендер үшін, қандай қасіретті күн десеңізші бұл! (Құдайға) құлшылық жасап бас иіңдер десе де, (олар қырсығып), сіріскен күйі қалды. Ақиқатты жалған деушілер (әлден-ақ) қасіретте. Олардың көздерін (шындыққа) жеткізу үшін қасиетті Құраннан басқа қандай үндеу керек екен?» [22,б. 1053].
Мұндай заман түс болды.
Құдайдың кəрі тап келіп,
Садақаға шалғандай
Іскен менен піскенді.
Түн ортасы болғанда
Желдің беті бұрылған,
Бəлеге қашқан ұрынған,
Малынан пайда көрмеген
Қанағатсыз Қарынбай,
Барын «жоқ» деп құрынған.
Табалап оны қайтейін, –
Құдайдың торы құрылған?!
Өнеге үшін айтамын,
Кейінгі туған жас бала
Таймағай деп жол мен ырымнан.
Жұлдызды жадқа санасақ,
Хисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға – бір тосқан» –
Бар емес пе еді бұрыннан? [21].
«Жұлдызды жадқа санасақ» деп ақын дастанның бұл тұсында қазақ халқының бұрын айға, жұлдызға қарап ауа-райын, тіптен халықтың өткені мен болашағын болжағанын да айтып отыр. Дастанда берілген «жад» сөз» араб сөзі –جاد аудармасы – ес. Яғни, естен шығармау керектігін айтып отыр. Дастанда ауылдың үлкен ақсақалдары топан судың алдын болжап, алты күн бұрын айтып, ескертеді. Бірақ, оны ешкім құлақ асып елеп, ескермейді.
«Су тасады жындай» деп,
«Байтақ жатқан халыққа
Бəле келед мұндай» деп. –
Қосқұлақ сұпы Аманбай
Алты күн бұрын өтулі
Елі-жұртын аралап,
Айтқан екен шамалап:
«Елді бүлгін шалад» деп,
«Топан су тасып ағад» деп.
«Бəле келед тұлданған
Кер заманға қырындап, –
Айдың басы қауіп» деп,
Білікті шалдар айтыпты
Оқиғадан бұрынды-ақ.
Тыңдаған бірақ жан бар ма,
Шалдардың сөзін ырымдап?! [21].
Құран Кәрімнің «Мурсәләт» сүресінде ақырзаманның болатыны туралы ескерту жасаған. Демек, ақиқатты, Алланы жалған деушілердің тартатын азабы мен жазасы бар деген сөз.
وما ادرنك ما يوم الفصل. ويل يوميذ للمكذ بين.الم نهلك الاولين. ثم نتبعهم الاخرين.كذ لك نفعل بالمجرمين, ويل سوميذ للمكذ بين.
«(Уа, Мұхаммед!) Ажыратушы күнге дейін деген (ұғым) саған нені білдіреді? Ол күні (ақиқатты) жалған дегендер үшін қасірет болады. (Осындай жауыздықтары үшін) бұрынғы қауымдарды жойып жіберіп едік. (Құдайдың құдіретіне күмән келтірсе), кейінгі ұрпақты да олардың соңынан жібереміз. Күнәкарлардың барлығын Бір осылай жазалаймыз. Сол бір (Қиямет) күні (ақиқатты) жалғанға шығарғандар қасірет шегеді» [22,б. 1049-1050].
Ақын дастанда ақирет күні болатынын да алдын-ала ескертетін үлкен қариялардың сөзін жеткізеді. Қашаған Күржіманұлы оған сенбегендердің барар жері тозақ екені, түбінде жазаланатынын Құранда айтылған сөзбен дәлелге ала отырып жеткізген. Алланың имансыздарға көрсетер азабының түрі – топан су екенін ашып, ажыратып айтқан. Топан су жайлаған елдің де, ердің де, жердің де жетім қалғанын баян етеді:
Біреулер қалды атасыз,
Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,
Біреулер қалды жалғыз қарасыз.
Аюдан мықты білекті,
Қабыландай батыр жүректі
«Кесті, – деп, – Алла тілекті» –
Ер айырылды елінен [21].
Құран Кәрімде ақырзаман болғанда, адам өзінің туған баласын да, бауырын да, анасы мен әкесін де тастап қашатыны айтылған. «Абаса» сүресі:
يوم يفرالمرء من اخيه. وامه, وابيه. و صحبثه و بنيه. لكل امرئ منهم يوميذ شلن يغنيه.
«Пенде баласы өзінің туған бауырын, анасы мен әкесін, жұбайы мен балаларын тастап қашады» [22,б. 1068].
Дастанда Алланың қаһарына ұшыраған пендесінің қасіреті жырланған.
Өтірік айтып, тайсалман,
Наданның сөзін айта алман,
Айырма, Аллам, тағаттан.
Хақ жолға баста, Жаратқан! –
Дəуіттің отыз ұлына
Əзірейіл құрық салғанда,
Бəрін жинап алғанда,
Арасы алыс болмапты
Анығы, жалғыз сағаттан [21].
Қашаған Күржіманұлы дастанның соңында топан судан аман қалған елін жұбатып, ертеңгі күннен, Алладан үміт үзбеуін айтады.
Кейіндегі бозбала,
Налымаңыз, шырағым,
Əлі де Құдай оңдаса,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай менен жарлы тең болса,
Суда – балық, қырда – елік,
Бəле-бəтер жоқ болса,
Диханшылық көп болса,
Талаптың күші сел болып –
Алладан болып кеңшілік,
Пендеден кетпей кемшілік,
Талабың еткен жөнделіп,
Кетерсіз-дағы ел болып…[21].
Құран Кәрімнің «Абаса» 80 сүресі мейірімді Алла барлық жаратушы иесіне барлық жағдай жасағанын яғни, ішуге тамақ, азық бергені туралы былай айтқан:
فلينظر الانسن الي طعامه. انا صبينا الماء صبا. ثم شققنا الارض شقا.فانبتنا فيها حبا. وعنبا و قضا. و زيتونا و نجلا. و حدايق غلبا. و فكهة وابا. مثنعا لكم ولانعمكم.
«Адам баласы қандай тағамдармен қоректеніп отырғанына назар салмай ма? Соларды өндіру үшін Біз мол етіп жауын жауғызамыз. Одан соң жыртылып тырмаланған жерге дәнді дақылдарды, жүзім мен көкөністі, зәйтүн мен құрма ағаштарын, мол етіп бау-бақшаларды, жемістер мен жемшөптерді, өздеріңе және малдарыңа қорек болсын деп өсірдік» [22,б.1067].
Ақын келер болашақтан үмітіңді үзбе дей келе, кешірімді Алланың рахымының мол екенін айтады.
Қашаған Күржіманұлы «Топан» атты дастанында елді топан су басып, ақырзаманның келуі, адамның жаман пиғылынан, Аллаға шүкіршілік етпеуінен деп толғайды. Алланың хақ жолынан кетіп, күнәға батып, имандылықтан безіну, адам баласын – ақырзаманға апаратын алапат апаттың бастауы орыс саясатының отаршылдық зорлық-зомбылығын көргені, елдің бұзылып, арақ ішуі, Алланың бар екенін мойындаймай, Исламның таза хақ жолынан бұрылуы деп түсінеді.
«Қашаған ақынның әдеби мұрасы – халқымыздың көркемдік-эстетикалық дүниетанымына негізделген рухани құндылықтарымыздың бірі. Бұл ақынның мұрасындағы ұлттық және көркемдік сипатты құрайтын басты ерекшелік. Қазақтың атақоныстарын, салт-дәстүрлерін, меймандос, жомарт көңіл байлығын мадақтап, сараңдарды, қайырымсыздарды сынап жырлағаны оның ұлттық діл болмысын даралайды. Атамекендерді, батырларды, әділ хандарды, би-шешендерді ардақтап, заман қайшылықтарын, болашақ бақытын саралап жырлағаны – ақын шығармаларындағы көркемдік сипатты құрайды» [25] деп ғалым Т.Тебегенов айтқандай сөзге шешен, шебер Қашаған Күржіманұлы Нұрыммен, Ізбаспен айтыста да діни сауаттылығын, айтыс өлеңінде де үздік, жүйріктігін көрсетеді. Ақынның Нұрыммен айтысы дін жұмбағына құрылған. Нұрыммен айтысында ақынның айтқыштығы, тапқыштығы ерекше жарқырай түседі. Нұрымның қиын діни сауалдарына қисынды жауап бере біледі. Қашаған мен Нұрым ақынның бұл айтысының танымдық мәні өз алдына, бұл айтыс тапқыштық, тапқырлық мәнінде аса көркем айтыс болып табылады. Жас ақын Қашаған елге танымал, атышулы Нұрым жыраудан бата алмақ болып, үш рет іздеп барып, таба алмай кетеді. Екі ақын бір тойда кездесіп, сөзді Нұрым бастайды:
Бір-екі сөз сұрайын
Ақылға кәміл данадан.
Бала, білсең хабар бер
Үдіргелі Хауа Анадан,
Қанша заман өтті арадан?
Дүниенің басы неден жаралған?
Жер мен аспан – бұл не зат?
Мақұлық қалай тараған?
Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы
Неден жаралған? [17,б. 54]
Дүлдүл ақындар айтыстың басынан-ақ Алланың құдіретін, Құран Кәрімнің хақтығын, Ислам тарихы мен дінінен сауаттылықтарын көрсетіп, жұмбақ айтысының тақырыбына арқау етіп, айтысты Нұрым ақын Қашағанға дүние мен адам қалай жаратылғаны туралы сұрақтан бастайды. Қашаған ақын сауалға Ислам дінін уағыздай, ұлықтай отырып былай деп жауап қайтарады:
Иманнан жарық болмайды
Таспихқа айтып санаған.
Жұмаққа барад дейді тергеусіз
Алласы анық қалаған.
Дүниенің басы әуелі
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт тас еріп су болған,
Судан түтін бу болған,
Аспан, жер содан жаралған.
Адам, лаухы, ғалам, абзал – баршасы
Сол заттан дейді жаралған.
Он сегіз мың ғалам болғанда,
Үш бөлім болып тараған.
Алтауы болар жәмәдәт,
Алтауы болар нәбәдәт,
Алтауы болар айуанат.
Үш алтыны қоса ғой,
Он сегіз мың жан болад,
Білмеген адам таң болад.
Шариғат жолы бойынша
Өлгенге – намаз, ысқат шарт [17,б. 55-56].
Қашаған ақын Алланың хақ, тура жолында жүрген адамның барар жері жұмақ екенін айта отырып, аспан мен жердің, он сегіз мың ғаламның яғни, тіршілік атаулының қалай жаратылғанын жіпке тізгендей етіп баяндап береді. Бұл жердегі «Лаухы» لوح – араб сөзі, сөздіктегі тура мағынасы тақта. Негізінде «Лаух» сөзі діни термин болғандықтан бұл жерде, Аллаһтың жаратқан мақұлықтарының тағдыры жазылған тақта деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінде бүкіл жаратылыс атаулының тағдыры жазылған тақта (Лаухы) Лаухул-Махфуз деп аталады. Жоғарыдағы айтыста екі ақынның атап өткен «Лаухы» терминін жұмбақ айтысында жәй ғана қолданып қоймаған, Ислам дінінен сауаттылықтары болғандықтан негізгі діни термин ретінде қолданған. Бұл терминді кез-келген адамның түсіне қоюы қиынға соғады. Нұрым ақын Қашағанның діни жауабына ризашылығын іштей білдіре отырып, одан әрі сұрақты қиындата түседі:
Екеуі жансыз, екі арам
Бейішке кім ед баратын?
Дүлділді мініп парлатқан.
Кәпірдің шәрін қандатқан
Шәһимәрдан Ғалиға
Жәбірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Неше қылыш келген екен жәннаттан?
Ніл дарияның көпірі
Болған екен не заттан?
Көлде жүрген күмпілдек,
Судан даусы шыққан әупілдек,
Бұл болған екен қай жақтан?
Суда жүрген итбалық,
Неден азған екен бұ халық? [17,б. 56-57].
Қашаған ақынның бұл сұрақтың да жауабын еш мүдірместен былай деп қайтарады:
Бірінші айтқан жұмбағың –
Хазіреті Мұса пайғамбар
Аршы ағланы кезгенде,
Екі арамы дегенің:
Еріп барған қасына,
Қытымыр деген қызыл ит
Жеті қазынаның бірі еді.
Екіншісін айтайын –
Астына мінген есегі.
Дүниенің бәрін сұрайсың,
Бар деп пе ең менде есебі.
Екі жансыз дегенің:
Біреуі Айсаның аса таяғы,
Біреуі – Ідірістің киген кебісі.
Естуіміз шын болса,
Сол төртеуі, Нұреке,
Тергеусіз барады дейді бейішке.
Дүлділді мініп парлатқан,
Кәпірдің шәһарын қандатқан,
Шәһимардан Ғалиға
Жәбірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Хамхам менен Сәмсамдай,
Зұлпықар мен Зұлқажжа –
Жәннеттен келген мәрт қылыш.
Ұрыс сайын әр жерге,
Заманда өткен баяғы,
Барған екен төрт қылыш,
Болмаса да аяғы.
Перғауын мен Мұсаның
Көп соғысы болғанда,
Ніл дарияға ұрғанда,
Көпір болған деседі
Мұсаның аса таяғы.
Көлде жүрген күмпілдек,
Суда жүрген әупілдек,
Қарсы болған бұйрыққа
Перғауынның дейді өзі.
Асасын тартып алғанда,
Перғауынның әскері
Суға болды бұ қарық.
Мұса қолын сілтепті,
Кетсін деп көрмей ол жарық.
Суда жүрген итбалық,
Перғауынның әскері,
Қарғаған соң Құдайым,
Осылай азған дейді бұ халық [17,б. 58-59].
Екі ақын да тіршілік атаулының адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалауды, дәріптеуді басты назарға алып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет